ІІ
Сапарғали Бегалин – қазақ жазушыларының бүгінгі буынының
ішінде жасы сексенге келіп, халқының ортасында той-тойлаған бірінші
қаламгер. Бұл шежіре адамның өмірі қандай қызық болса,
шығармашылығы да сондай қызық.
231
Ол – еліміздің ғасырлар бойы ауызша тараған әңгіме-аңыздарын,
айтыс-өлеңдерін, шешендік толғауларын жатқа білетін ескінің көзі,
оның үстіне этнограф, әрі тарихшы.
Сапарғали - әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында
тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер, көп
жылдар шаршамай шапқан жүйрік.
“Қазақ бозбалаларына” деген тырнақ алды өлеңі 1914 жылы
“Айқап” журналында басылған С.Бегалиннің қазіргі оқушы қолына
тиген соңғы көлемді еңбегі – “Замана белестері” атты күрделі роман.
Осы 65 жылдық ұзақ қаламгерлік сапарда суреткер жиырманың үстінде
поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз шағын пьеса, бір
роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар жазған.
Әдебиеттегі жолын өлеңнен бастаған Бегалин алғашқы
жырларында туған ауылдың көркін бейнеледі; ескі ортадағы
олқылықтарды сынады; жаналықты, жақсылықты шығармаларына
арқау етті. Бірінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан, сол кезде бұратана
ел саналған халықтың өкілі – Сапарғали Петроград түбінде жер қазып,
ауыр жұмыс істеп жүріп, көп жұртпен танысып, сана-сезімі өсіп, жаңа
заманды емірене қарсы алды.
Сапарғалидің өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам
оның сазды лирик, сыршыл ақын екеніне анық көз жеткізеді. Халық
әдебиетінен алынған ою-өрнектер Абай поэзиясының ырғақ-
өлшемдері, классикалық туындылардың ықпал-әсері. С.Бегалин
лирикасын құлпыртып, жарасты сипатқа ендіріп нәрлендіре түскен.
Ақынның “Жаз лебі”, “Көктем бұлты”, “Нөсер артынан”,
“Сарыжайлау” секілді өлеңдері – сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері.
“Кавказ аңыздары”, “Бұқара – Самарқанд сапары” циклдарында тосын
бейне, әдемі деталь, есте қалар суреттер мол. Абайға, Мұхтарға,
Қалыбекке, Қасымға арналған өлеңдерге жүректің тереңінен
шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген.
Жинақылық, әуезділік, қарапайымдылық, нұсқалылық, сонылық
С.Бегалиннің балаларға арнаған тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ
өлеңдеріне тән қасиеттер. Ата мекеніне барған бір сапарынан:
Көрістік аман, көңіл шат.
Аттанам бүгін айтып хош.
Көңілге түрлі ойлар сап,
Асықпа, ауылым, мені тос!
Мен келермін сан рет
Самалды желді төске ала,
Аунармын талай саған кеп,
Керім иық, кер дала! –
232
деп жырлап қайтқан ақынның лирикасындағы басты сарын, негізгі
мотив – Отанға, туған жерге деген махаббат, өмірге, тіршілікке деген
ынтықтық.
Достарыңызбен бөлісу: |