Республиканское государственное учреждение «национальный банк республики казахстан»



жүктеу 435 Kb.
Дата16.04.2020
өлшемі435 Kb.
#29831



«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ҰЛТТЫҚ БАНКІ»
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ





РЕСПУБЛИКАНСКОЕ

ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ
«НАЦИОНАЛЬНЫЙ БАНК

РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН»


БАСҚАРМАСЫНЫҢ

ҚАУЛЫСЫ




ПОСТАНОВЛЕНИЕ

ПРАВЛЕНИЯ

2015 жылғы 31 желтоқсан


Алматы қаласы



№ 262
город Алматы





Банкаралық клиринг

жүйесінің жұмыс істеу

қағидаларын бекіту

туралы

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 15 ақпанда № 13068 тіркелген





«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, банкаралық клиринг жүйесінің жұмыс істеу тәртібін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Банкаралық клиринг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

3. Төлем жүйелерін дамыту және басқару департаменті (Мұсаев Р.Н.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.



Ұлттық Банк

Төрағасы Д. Ақышев

Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банкі Басқармасының

2015 жылғы 31 желтоқсандағы

№ 262 қаулысына

қосымша
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының



күші жойылған қаулыларының тізбесі
1. «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорынның клиринг жүйесінде операциялар жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 1999 жылғы 3 шілдедегі № 157 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 905 тіркелген).

2. «Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігінде № 905 тiркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргiзу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсiпорнының клиринг жүйесiнде операциялар жүргiзу ережесін бекіту туралы» 1999 жылғы 3 шiлдедегi № 157 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 мамырдағы № 160 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2368 тіркелген, 2003 жылғы 1 шілдеде «Егемен Қазақстан» газетінде № 188-189 жарияланған).

3. «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 905 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргiзу құқығы бар Республикалық мемлекеттік кәсiпорынның клиринг жүйесiнде операциялар жүргiзу ережесін бекіту туралы» 1999 жылғы 3 шілдедегі № 157 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 27 қазандағы № 369 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2590 тіркелген, 2003 жылғы 14 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде № 325 (23624) жарияланған).

4. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргiзу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсiпорнының клиринг жүйесiнде операциялар жүргiзу ережесін бекіту туралы» 1999 жылғы 3 шілдедегі № 157 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 193 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3406 тіркелген).

5. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бөлімшелерінің арасында функцияларды бөлуге байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2005 жылғы 17 қарашадағы № 147 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3993 тіркелген).

6. «Қазақстан Республикасында банкаралық клирингті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі
Басқармасының 2000 жылғы 16 маусымдағы № 273 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1212 тіркелген).

7. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 1212 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасында клирингті жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 16 маусымдағы № 273 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 27 ақпандағы № 27 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2796 тіркелген, 2004 жылғы 6 тамызда «Егемен Қазақстан» газетінде № 198-199 (23834) жарияланған).

8. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтiк құқықтық актілеріне лицензиялау мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Басқармасының 2005 жылғы 27 тамыздағы № 93 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3847 тіркелген) Қосымшаның 2-тармағы.

9. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне лицензиялау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2007 жылғы 28 мамырдағы № 57 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4780 тіркелген, 2007 жылғы 1 тамызда «Заң газеті» газетінде № 116 (1145) жарияланған) 1-тармағы.

Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банкі Басқармасының

2015 жылғы 31 желтоқсандағы

№ 262 қаулысымен

бекітілген


Банкаралық клиринг жүйесінің жұмыс істеу

қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Осы Банкаралық клиринг жүйесінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы заң), «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және операторы «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Орталық) болып табылатын банкаралық клиринг жүйесінің (бұдан әрі – жүйе) жұмыс істеу тәртібін белгілейді.

2. Жүйе пайдаланушылардың нұсқауларын көпжақты клирингтеу жолымен оның қатысушылары (пайдаланушылары) арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға арналған төлем жүйесі болып табылады.

Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жүйеде оның пайдаланушыларының банкаралық ақша аудару жүйесінде (бұдан әрі – банкаралық жүйе) ақшаны пайдалануы арқылы жүзеге асырылады.

3. Қағидаларда Төлемдер туралы заңда, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) аудиторлық iз – жүйеде электрондық хабарларды өңдеу жөніндегі оқиғаларды жүйелі тіркеу, жүйе бойынша ақпаратты Орталық және жүйе пайдаланушылары сақтайды;

2) аутентификация – төлем және ақпараттық хабарлар алмасу кезінде жүйе пайдаланушыларының тұпнұсқалығын растау үшін шаралар кешені;

3) бағдарламалық-техникалық жүйе кешені – жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін, ақпараттық жүйеден, серверден және жүйе терминалынан, коммуникация құралдарынан (деректерді беруден) тұратын техникалық, бағдарламалық немесе басқа да құралдар;

4) басымдық коды – жүйеде төлем хабарларын өңдеу кезектілігін айқындайтын код. Төлем хабарына басымдық кодын пайдаланушы-жөнелтуші тағайындайды;

5) дебеттік аударым – пайдаланушы-бастама жасаушы пайдаланушы-бенефициар болып табылатын ақша аударымы;

6) дебеттік төлем хабары – пайдаланушы-ақша жөнелтушіге белгілі бір ақша сомасын төлеу туралы талаптан тұратын, дебеттік аударымға бастама жасайтын төлем хабары;

7) жүйелік тәуекел бір немесе бірнеше пайдаланушының міндеттерін орындамауынан туындаған, бір немесе бірнеше ақша аударымы бойынша бір немесе бірнеше пайдаланушы міндеттемелерінің орындалмау тәуекелі;

8) жүйенің операциялық күні (бұдан әрі – операциялық күн) – төлем хабарларын қабылдау, өңдеу әрі беру және олар бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін жүйе ашық болатын уақыт кезеңі;

9) жүйенiң пайдаланушысы (бұдан әрі – пайдаланушы) – Орталықпен жүйеде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан заңды тұлға;

10) кредиттік аударым – пайдаланушы-бастама жасаушы пайдаланушы-ақша жөнелтуші болып табылатын ақша аударымы;

11) кредиттік тәуекел қарсы агенттің өз міндеттемелерін толық көлемде уақтылы орындамауының (орындамауының) мүмкін болуымен байланысты тәуекел;

12) операциялық тәуекел – ақпараттық жүйелердің немесе ішкі процестердің кемшіліктерімен, адамдардың қателіктерімен, жүйені басқарудағы, оның ішінде сыртқы оқиғалардың салдарынан болатын іркілістермен немесе бұзушылықтармен байланысты тәуекел;

13) өтімділік тәуекелі пайдаланушы-ақша жөнелтушінің ақша аудару жөніндегі өз міндеттемелерін толық көлемде уақтылы орындамауының (орындамауының) мүмкін болуымен байланысты тәуекелі;

14) пайдаланушының дебеттік кезегі – осы пайдаланушының басқа пайдаланушыға қатысты ақшалай міндеттемелері бойынша белгілі бір күнге жүйедегі орындалмаған төлем хабарларының жүйелі қатары;

15) пайдаланушының кредиттік кезегі – басқа пайдаланушылардың осы пайдаланушыға қатысты ақшалай міндеттемелері бойынша белгілі бір күнгі жүйедегі орындалмаған төлем хабарларының жүйелі қатары;

16) пайдаланушы-ақша жөнелтуші – позициясынан ақша аударылатын (есептен шығарылатын) пайдаланушы;

17) пайдаланушы-бастама жасаушы – төлем хабарын жүйеге жіберген пайдаланушы. Пайдаланушы-бастама жасаушы пайдаланушы-ақша жөнелтуші немесе пайдаланушы-бенефициар болып табылады;

18) пайдаланушы-бенефициар – позициясына ақша аударылатын пайдаланушы;

19) таза позиция – жүйеде есеп айырысулар пайдаланушылардың нұсқауларын клирингтеу жолымен жүзеге асырылатын жағдайда барлық пайдаланушылардың бір пайдаланушының пайдасына жіберген нұсқауларының сомасы мен осы пайдаланушының қалған пайдаланушылар пайдасына жіберген нұсқауларының сомасы арасындағы айырманың мәні. Таза позиция мәні теріс болған кезде пайдаланушының дебеттік таза позициясы, оң болған кезде кредиттік таза позициясы болады;

20) төлем күні – төлем хабарын орындау күні;

21) электрондық ақпараттық хабар (бұдан әрі – ақпараттық хабар) – электрондық цифрлық қолтаңбасы бар, төлем хабарларына жатпайтын және ақпараттық сипаттағы, оның ішінде үзінді-көшірмелер бар электрондық хабар;

22) электрондық төлем хабары (бұдан әрі – төлем хабары) – жүйедегі пайдаланушылардың позициялары бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға негіз болатын, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар электрондық хабар;

23) электрондық хабар – Орталық әзірлеген форматтағы электрондық түрдегі ақпарат жиынтығы.

Қағидаларда пайдаланылатын тәуекелдер ұғымы Қағидалар шеңберіндегі жүйеге қатысты қолданылады және Халықаралық есеп айырысу банкінің Төлемдер мен нарықтық инфрақұрылымдар жөніндегі комитеті (Базель, Швейцария, 2003 жылғы наурыз) әзірлеген төлем және есеп айырысу жүйелерінде пайдаланылатын Терминдер глоссарийіне сәйкес жазылған.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) жүйенің жұмыс істеуін және басқаруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

5. Операциялық және технологиялық функцияларды, сондай-ақ пайдаланушылармен жүйеде қызмет көрсету және жүйенің жұмыс істеуі үшін қызметтер көрсететін үшінші тұлғалармен шарттар жасасуды Орталық жүзеге асырады.

Операциялық функциялар клиринг нәтижелері бойынша жүйеде ақша аударуды жүргізуді, пайдаланушылардың (пайдаланушыларға) төлемдік және ақпараттық хабарларын өңдеуді және беруді қамтиды.

Технологиялық функциялар жүйенің инфрақұрылымының жұмыс істеуін, жүйенің ақпараттық қауіпсіздігі және қызметінің үздіксіздігі шараларының сақталуын қамтамасыз етуді қамтиды.



2. Жүйеге қатысу талаптары
6. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9247 тіркелген «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арасында корреспонденттік қатынастарды орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 14 қаулысында (бұдан әрі – № 14 қаулы) белгіленген тәртіппен пайдаланушының Ұлттық Банкте ашылған теңгедегі корреспонденттік шотының болуы және пайдаланушының банкаралық жүйеге қатысуы пайдаланушының мәртебе алуы үшін міндетті талап болып табылады.

7. Қағидалардың 6-тармағында көзделген талаптарды орындау кезінде заңды тұлға Орталықпен жүйеде қызметтер көрсету туралы шарт жасайды.

8. Жүйеде қызметтер көрсету туралы шарт жасасу үшін заңды тұлға Орталыққа мынадай құжаттар ұсынады:

1) жүйеге қосуға арналған еркін нысандағы өтініш;

2) жарғының көшірмесі не клиенттің үлгі жарғы негізінде қызметті жүзеге асыру фактісін растайтын құжат;

3) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті органның лицензиясысыз банктік операцияларды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, банк операцияларын жасауға берілген лицензияның көшірмесі;

4) пайдаланушының Ұлттық Банкпен теңгедегі корреспонденттік шотты ашуға жасалған корреспонденттік шот шартының (бұдан әрі – корреспонденттік шот шарты) көшірмесі.

Заңды тұлғаның жүйеде қызметтер көрсету туралы шартты жасасу үшін ұсынған құжаттары Орталықта әрбір пайдаланушы бойынша жеке ашылған арнайы істе сақталады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды пайдаланушымен банкаралық жүйеде қызметтер көрсету туралы шарт жасасу кезінде оның бұған дейін қалыптастырылған ісінде олар болған жағдайда ұсыну талап етілмейді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшалары шет мемлекеттің орталық (ұлттық) банкі, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі (Қазақстан Республикасының бейрезидент-банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымы) Орталықпен жүйеде қызметтер көрсету туралы шартты жасасуы кезінде қолданылмайды.

9. Заңды тұлғалар Орталықпен жүйеде қызметтер көрсету туралы шарт жасағаннан кейін пайдаланушы мәртебесін иеленеді. Жүйеде қызметтер көрсету туралы шартты бұзу заңды тұлғаның пайдаланушы мәртебесін жоғалтуына әкеп соғады.

10. Ұлттық Банк Орталықпен жүйеде қызметтер көрсету туралы жасасқан шарт негізінде пайдаланушы мәртебесін алады.

3. Жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негізі
11. Төлемдер туралы заң, Қағидалар, пайдаланушылар мен Орталық арасында жасалған жүйеде қызметтер көрсету туралы шарттар жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негізін құрайды.

12. Жүйедегі қызмет көрсету туралы шарт мыналарды қамтиды:

1) шарттың мәні;

2) пайдаланушының және Орталықтың құқықтары мен міндеттері;

3) Орталықтың қызметтеріне ақы төлеу тәртібі;

4) пайдаланушы мен Орталықтың шарттың талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілігі;

5) ақпараттық қауіпсіздік және конфиденциалдылық режімінің сақталуы, банк құпиясының сақталуы және дербес деректерді қорғау;

6) шарттың талаптарын өзгерту және бұзу тәртібі;

7) дауларды шешу тәртібі;

8) тараптардың келісуі бойынша басқа талаптар.

13. Жүйеде қызметтер көрсету туралы шарттың жекелеген ережелерінің қолданылуы № 14 қаулыда және (немесе) корреспонденттік шот шартында көзделген негіздемелер бойынша пайдаланушының шығыс операцияларын тоқтату туралы Ұлттық Банктің хабарламасы негізінде уақытша тоқтатыла тұрады.

Ұлттық Банктің пайдаланушының шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы хабарламасы заңды тұлғаны пайдаланушы мәртебесінен айырмайды.



4. Орталықтың жүйеде көрсететін қызметтері және операциялар түрлері
14. Орталықтың жүйедегі пайдаланушыға көрсететін қызметтерінің құнын (тарифтерін) Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 25-тармағы екінші бөлігінің 12) тармақшасына сәйкес Орталықтың келісе отырып бекітеді.

15. Орталық жүйеде пайдаланушыға:

1) төлем хабарларын қабылдау мен өңдеу бойынша;

2) жасалған операциялар бойынша пайдаланушыларға ақпараттық хабарларды қабылдау, өңдеу және ұсыну бойынша;

3) жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етуде операциялық және технологиялық функцияларды орындау бойынша қызметтер көрсетеді.

16. Жүйе арқылы пайдаланушылардың төлем хабарлары негізінде дебеттік және кредиттік аударымдар жүзеге асырылады.

17. Жүйеде ағымдағы және болашақ төлем күндері бар төлем хабарлары қолданылады. Пайдаланушы-бастама жасаушы төлем хабарын Орталыққа беру күнін қоспағанда, төлем күнін ағымдағы күннен 3 (үш) операциялық күнге дейін белгілейді. Болашақ төлем күні бар төлем хабарлары төлем хабарында көрсетілген төлем күні басталғанға дейін жүйеде сақталады.

18. Орталыққа берілген ағымдағы немесе болашақ валюталау күні бар төлем хабарын пайдаланушы Орталыққа төлем хабарын кері қайтару туралы ақпараттық хабарды жіберу жолымен кері қайтарады.

19. Кері қайтарылған төлем хабарлары күші жойылған деп саналады және оларды Орталық пен пайдаланушы электрондық нысанда тіркейді. Пайдаланушының төлем күніне сәйкес келетін операциялық күн өткеннен кейін жүйеден төлем хабарларын кері қайтаруына жол берілмейді.

20. Пайдаланушы-бенефициар жүйенің операциялық күнінің ағымдағы күнінен кемінде 2 (екі) операциялық күнге асатын төлем күнімен белгілі бір пайдаланушы-ақша жөнелтушінің мекенжайына жүйеге дебеттік төлем хабарын жібереді. Дебеттік төлем хабарын қою туралы талап пайдаланушы-ақша жөнелтуші мен пайдаланушы-бенефициар арасындағы шартта көзделеді.

21. Пайдаланушы-ақша жөнелтуші мен пайдаланушы-бенефициар арасындағы шартқа қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде пайдаланушы-ақша жөнелтуші Орталыққа мынадай мәліметтерді жібереді:

1) пайдаланушы-ақша жөнелтушінің атауы, оның банктік сәйкестендіру коды;

2) пайдаланушы-бенефициардың атауы, оның банктік сәйкестендіру коды;

3) шарттың нөмірі мен күні, оның қолданылу мерзімі;

4) бенефициардың атауы және жеке сәйкестендіру коды;

5) пайдаланушы-ақша жөнелтуші мен пайдаланушы-бенефициар арасындағы шартта тараптар келіскен өзге де мәліметтер.

Дебеттік төлем хабарлары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қазынашылық органдарының пайдасына жіберілмейді.

22. Орталыққа жіберілген, төлем күні кемінде 2 (екі) операциялық күн болатын дебеттік төлем хабары пайдаланушы-бенефициардың кредиттік кезегіне және пайдаланушы-ақша жөнелтушінің дебеттік кезегіне келіп түседі, оған осы төлемді орындау күніне белгілі бір ақша сомасын төлеу туралы талап қойылады.

23. Орталық дебеттік төлем хабарын алған күннен бастап операциялық күннен кешіктірмей оны пайдаланушы-ақша жөнелтушіге жібереді.

24. Пайдаланушы-ақша жөнелтуші Орталықтың дебеттік төлем хабарын өңдеуіне және ол бойынша төлем жасауына келіспеген жағдайда, пайдаланушы-ақша жөнелтуші Орталыққа пайдаланушының дебеттік кезегінен дебеттік төлем хабарының күшін жою туралы хабар жібереді.

25. Егер дебеттік төлем хабары бойынша төлемді орындау мерзімі басталғанға дейін Орталық пайдаланушы-ақша жөнелтушінің оның дебеттік кезегінен дебеттік төлем хабарының күшін жою туралы хабарын алмаса, дебеттік төлем хабарын Орталық орындайды.

26. Дебеттік төлем хабарын кері қайтару оны Орталық орындағанға дейін жүзеге асырылады.

27. Дебеттік төлем хабары кері қайтарылғаннан не күші жойылғаннан кейін Орталық бұл туралы пайдаланушы-бенефициарға және пайдаланушы-ақша жөнелтушіге хабарлайды.

5. Жүйенің жұмыс істеу және жүйеде электрондық хабарлармен алмасу тәртібі
28. Пайдаланушылар Орталық әзірлеген және жүйеде қолданылатын алмасу рәсімдеріне және форматтарына (бұдан әрі – Рәсімдер) сәйкес электрондық хабарлармен алмасады.

29. Рәсімдерді Орталық жүйеде қызметтер көрсету туралы шартта белгіленген мерзімдерде пайдаланушыларға жібереді.

30. Электрондық хабарларды беру фактісін айқындау және оларды берген кезде қателерді анықтау үшін жүйеде Орталық белгілеген ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету рәсімдері сақталады.

31. Орталық электрондық хабарларды аутентификациялау тәртібін әзірлейді.

32. Төлемдік және ақпараттық хабарларды, оның ішінде төлем хабарларын кері қайтару туралы ақпараттық хабарларды беру және қабылдау жүйеде электрондық тәсілмен Ұлттық Банк Орталықтың төлем жүйелерінде төлем құжаттарын қабылдау және өңдеу кестесіне сәйкес айқындаған операциялық күн ішінде жүзеге асырылады.

33. Егер төлем хабарын немесе ақпараттық хабарды Орталық операциялық күн аяқталғаннан кейін алса, оларды Орталық келесі операциялық күннің басында алды деп есептеледі. Орталық бастама жасаушы пайдаланушыға төлем хабарын өткізбеу туралы себебі көрсетілген ақпараттық хабарды жібере отырып Орталыққа өткен операциялық күннің төлем күнімен келіп түскен төлем хабарын орындаудан бас тартады.

34. Егер пайдаланушы жүйе үшін операциялық күн болып табылатын жұмыс күні жүйеде операцияларды жүзеге асырмаса, Орталық осы пайдаланушының пайдасына келіп түсетін төлем хабарларын қабылдайды, оның таза позициясын айқындайды және клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымын жүзеге асырады.

35. Орталық және пайдаланушылар ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді және жіберілетін және алынатын электрондық хабарларының мониторингін жүзеге асырады. Орталық және пайдаланушылар өңдеген барлық электрондық хабарлардың Орталықтың және пайдаланушылардың ішкі бағдарламалық жүйелерінде аудиторлық ізі қалады.

36. Орталық төлем хабарларын өңдеген кезде оларды өзгертуге жол бермейді.

6. Клиринг рәсімі
37. Операциялық күн аяқталғаннан кейін Орталық аяқталған операциялық күні төлем хабарларын қабылдауды тоқтатады, қабылданған төлем хабарларының клирингін жүргізеді және әрбір пайдаланушының таза позициясын айқындайды.

38. Клиринг рәсімі басымдық кодтарына сәйкес жүргізіледі. Басымдықтың бір кодының шегінде бір кезекке жатқызылған төлем хабарлары олардың жүйеге келіп түсу тәртібімен өңделеді.

39. Басымдық кодтарын Орталық Ұлттық Банкпен келісу бойынша әзірлейді.

40. Кезекте тұрған төлем хабарының басымдығын өзгертуді пайдаланушы-бастама жасаушы жүйеге төлем хабарын кері қайтармай басымдықты өзгерту туралы ақпараттық хабарды жіберу арқылы жүзеге асырады.

41. Әрбір пайдаланушының таза позициясын айқындағаннан кейін Орталық дебеттік таза позициясы бар пайдаланушылардан осы пайдаланушының дебеттік таза позициясына тең ақша сомасын банкаралық жүйеде резервтейді.

42. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару банкаралық жүйедегі жүйе позициясы (бұдан әрі – жүйе позициясы) арқылы жүзеге асырылады.

43. Банкаралық жүйедегі клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару Қағидалардың 41-тармағына сәйкес резервтелген ақша сомасын пайдалана отырып әрбір пайдаланушының таза позициясына сәйкес жүргізіледі. Ақша аудару Орталықтың әрбір пайдаланушының таза позициясы сомасына ақшаны есептен шығару (есептеу) туралы нұсқаулары негізінде жүргізіледі.

44. Орталық банкаралық жүйеде клиринг нәтижелері бойынша дебеттік таза позициясы бар пайдаланушылардың позициялары тұрғысынан ақша аударуды жүйе позициясына жүзеге асырады, одан кейін банкаралық жүйедегі жүйе позициясынан клиринг нәтижелері бойынша кредиттік таза позициясы бар пайдаланушылардың позицияларына ақша аударуды жүзеге асырады. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару аяқталғаннан кейін жүйенің банкаралық жүйедегі позицияларына қалдық 0-ге (нөлге) тең болады.



7. Операциялық күннің ішінде және соңында

ақпараттық хабарларды ұсыну
45. Операциялық күн ішінде пайдаланушының сұратуы бойынша Орталық пайдаланушыға:

1) осы пайдаланушының Орталыққа берген және осы пайдаланушының пайдасына келіп түскен төлем хабарларының тізбесін қамтитын пайдаланушы позициясының жай-күйі туралы үзінді-көшірме түріндегі ақпараттық хабар;

2) әрбір төлем хабарын өткізбеу себептерін көрсете отырып өткізілмеген төлем хабарларының тізбесін қамтитын өткізілмеген төлем хабарлары туралы ақпараттық хабар жібереді.

46. Орталық пайдаланушыларға ағымдағы, сол сияқты болашақ төлем күні бар төлем хабарлары туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық хабарларды ұсынады. Пайдаланушының үзінді-көшірме түріндегі ақпараттық хабарды алуға арналған сұратуында пайдаланушының үзінді-көшірме түріндегі ақпараттық хабарын алуды сұратқан күні көрсетіледі.

47. Орталық ақша аударымын аяқтағаннан кейін пайдаланушыға үзінді-көшірме түрінде, жүйеде өңделген төлем хабарлары туралы ақпаратты және пайдаланушының клиринг нәтижелері бойынша таза позициясы туралы ақпаратты қамтитын соңғы ақпараттық хабарды, сондай-ақ өткізілмеген төлем хабарларының ведомосын және осы пайдаланушының пайдасына келіп түскен және соңғы ақпараттық хабарда үзінді-көшірме түрінде көрсетілген барлық төлем хабарларын жібереді.

48. Егер пайдаланушының жүйедегі позициясының жай-күйі туралы үзінді-көшірме түріндегі ақпараттық хабарында пайдаланушының Орталыққа берген электрондық хабары туралы ақпарат болмаса, пайдаланушы бұл туралы Орталыққа хабарлайды және Орталықпен бірлесіп келесі операциялық күннен кешіктірмей электрондық хабарды жоғалту себебін анықтайды.



Электрондық хабарларды уақтылы алмаған немесе олар болмаған жағдайда пайдаланушы Орталыққа хабарлайды.

8. Жүйедегі тәуекелдерді басқару
49. Жүйенің бағдарламалық-техникалық кешенінің жұмыс істеу ерекшеліктері Орталықтың құжаттарымен белгіленеді.

50. Пайдаланушының таза позициясын (пайдаланушылардың таза позицияларын) есептеу үшін банкаралық жүйеде ақша жеткіліксіз болған кезде өтімділік тәуекелін, кредиттік және жүйелік тәуекелдерді басқару мақсатында жүйе қажетті сомаға төлем хабарларының күшін жояды және пайдаланушылардың таза позицияларын қайта есептейді (кезекті тарқату әдісі).

51. Ұлттық Банк операциялық тәуекелді басқару үшін Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес жүйенің ұйымдастырылуын және жұмыс істеуін, пайдаланушылардың қызметін тексеруді жүзеге асырады.

52. Ұлттық Банк Орталықпен және пайдаланушылармен бірлесіп тәуекелдерді басқарудың пайдаланылатын әдістеріне 2 (екі) жыл ішінде кемінде 1 (бір) рет талдау жүргізеді. Талдау нәтижелері бойынша тәуекелдерді басқару әдістерін сақтау немесе өзгерту туралы шешім қабылданады.

9. Жүйенің мониторингі және қадағалау (оверсайт)
53. Ұлттық Банк жүйеге нақты уақыт режімінде мониторингті және жүйеге қадағалауды (оверсайт) жүзеге асырады.

54. Жүйеге нақты уақыт режіміндегі мониторингті Ұлттық Банк операциялық күн ішіндегі жүйе пайдаланушыларының позицияларын қадағалау жолымен жүзеге асырады.

55. Жүйені қадағалау (оверсайт) Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес жүзеге асырылады.

56. Пайдаланушылар өздерінің жүйедегі позициясының жай-күйіне, оның ішінде, Орталықтан үзінді-көшірмелер алу жолымен мониторинг жүргізеді.


жүктеу 435 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау