|
Реферат Тақырыбы: Микроорганизмдерді бояудың тәсіліМикробтардың таяқша тәріздес формалары. Бояудың күрделі тәсілдері
|
бет | 2/3 | Дата | 21.09.2023 | өлшемі | 99,44 Kb. | | #43488 | түрі | Реферат |
| реферат-м,бояуМикробтардың таяқша тәріздес формалары. Бояудың күрделі тәсілдері
Сабақтың мақсаты. Микроорганизмдердің таяқша тәріздес формалы өкілдерінің тәуліктік дақылдарынан жағындыларды жасап, оларды Грам тәсілімен бояу. Боялған препараттарды микроскоппен қарап, олардың суретін салу. Жабдықтар мен материалдар. Ішек таяқшасының (Escherichia coli) және капуста бациласының (Bac.megatereum) тәуліктік дақылдары – өсірілген шыны түтіктер, стерилді физиологиялық ерітінді. Микробиологиялық ілмектер. Фенолды геницианвиолет, Пфейффер фуксині, Циль фуксині және басқа бояулардың ерітінділері бар тамызғыштар. Люголь ерітіндісі. Синев тәсілі бойынша фенолды генцианвиолетпен боялған сүзгіш қағаздар. Этил спирті. Жуынды төгетін шыны аяқтар, «көпіршіктер». Жағынды бояуларын жууға арналған су. Шыныға жазатын қарындаштар. Анатомиялық пинцеттер. Спирт шамдары. Микроскоптар. Бал қарағай майы. Кестелер. Таяқша немесе цилиндр тәріздес микроорганизмдердің формалары, ұзындығы мен жуандығы әр түрлі болады. Олардың формалары сопақ цилиндрлі, ұршық тәрізді болуы мүмкін. Таяқшалардың ұшы жұмыр немесе үшкір болып келеді. Таяқша тәріздес микробтар екі топқа бөлінеді: спора түзушілер (бациллалар) және спора түзгіштік қабілеттері жоқ микроорганизмдер (бактериялар). Бациллалар лимонның, ракетаның, барабан таяқшасының және басқа заттардың формаларына ұқсас келеді. Олар жеке-жеке (монобактериялар), қос-қостан (диплобактериялар мен диплобациллалар) немесе тізбектеліп (стрептобактериялар мен стрептобациллалар) орналасады. Кейбір микробтардың ұзындығы олардың жуандығынан сәл ғана үлкен болып, формасы жағынан кокктарға ұқсас болып келеді. Мұндай микробтарды коккобактериялар деп атайды. Бояғыштар. Жағындыны бояу кезінде бояулар микроб клеткасына енетіндіктен, тек сыртқы белгілерін ғана емес, сонымен қатар ішкі құрылысының кейбір ерекшеліктерін (спорасын) де байқауға болады. Микробиология практикасында негізгі және қышқылды бояғыштар қолданылады. Микроб клеткаларының ядросы негізгі бояғыштармен де боялады. (кейде нейтарльды бояғыштармен де боялады). Қышқылды бояғыштар препараттың аясын құрып, боялмаған формалардың айырмашылығын айқындата түседі. Негізгі (ядролық) бояғыштар ретінде Циль фуксині, сафранин, нейтральды қызыл (қызыл бояғыштар); метилді күлгін, генцианвиолет, кристалды күлгін (күлгін бояғыштар); метилен көгі, азур ІІ (көк бояғыштар): малахитті жасыл (жасыл бояғыш); везувин, хризоидин (сары-қоңыр бояғыштар), ал қышқыл бояғыштардың ішінен қышқыл фуксин, эозин, эритрозин, қызыл конго (қызыл бояғыштар), пикрин қышқылы (сары бояғыш), нитрозин (қара бояғыш) және т.б. қолданылады. Бояғыштардың ерітінділері спиртте немесе суда дайындалады. Бояғыштардың спирттегі ерітінділері тұрақты болып келетіндіктен, олар алдын ала дайындалады. Бұл үшін бояу ұнтағына 96%-дық этил спиртін 1:10 ара қатынасында құяды. Қаныққан бояу ерітінділерді тығыз тығыны бар ыдыстарда сақтайды. Бояғыштардың судағы ерітінділері тұрақсыз және препаратты баяу бояйды. Бояғыштардың әрекетін күшейту үшін оларға ерітінділердің тұрақтылығын ұзартатын, клетка қабығын жұмсартып, микробтардың жақсы бояуларына себебін тигізетін улағыш заттарды қосады. Үлағыш заттар ретінде спирт, формалин, фенол, сілтілерді пайдаланады. Тәжірибеде көбінесе келесі бояғыштар мен ерітінділер жиі қолданылады. Циль фуксині 10 мл негізгі фуксиннің қаныққан спиртті ерітіндісі мен 100 мл 5%-дық фенол ерітіндісін араластыру арқылы дайындалады. Негізгі фуксиннің қаныққан ерітіндісін дайындау үшін 10 г негізгі фуксин ұнтағын 100 мл 96%-дық этил спиртін қосып араластырады. Пфейффер фуксинін дайындау үшін 1 мл Циль фуксиніне 9 мл дистилденген су қосады. Бұл бояғыш тек қолданар алдында ғана дайындалады, өйткені ол тұрақсыз (тез өзгеріп немесе бұзылып кетеді). Метилен көгі (Леффлер бойынша). 30 мл метилен көгінің 10%-дық қаныққан ерітіндісіне 1 мл 1%-ды калий гидрототяғы мен 100 мл дистилденген су қосу арқылы дайындайды. Бұл қоспаны тәулік бойы ұстағаннан кейін сүзгіден өткізеді. Бояғыш тұрақты және микробтарды жақсы бояйды. Фенолды генцианвиолет. 1 г кристалды генцианвиолетті 10 мл 96%- дық этил спиртінде ерітіп, оған 100 мл 2%-ды фенолдың судағы ерітіндісін қосады. Сафранин. 2 г бояу ұнтағын 96%-ды этил спирті мен дистилденген судың 1:1 ара қатынасында дайындалған қоспасында немесе қайнап жатқан судың 100 мл-інде ерітіліп, сүзіледі. Малахитті жасыл. 1 г малахитті жасыл ұнтағын 100 мл дистилденген суда ерітіп, сүзеді. Қызыл конго. 3г бояуға 100 мл дистилденген су қосу арқылы дайындайды. Бұл бояғыш препаратты негативті (теріс) тәсілмен бояу кезінде қолданылады. Люголь ерітіндісі препараттарды Грам тәсілімен бояу үрдісінде қоданылады. 2 г калий йодидін 25 мл дистилденген суға ерітеді. Сонан соң ерітіндіге кристалды йодтың 1 г қосып, оның мөлшерін 300 мл-ге дейін дистилденген сумен жеткізіп, ерітіндіні сүзеді. Бояудың күрделі тәсілдері. Микробтар клеткасы қабырғасының химиялық құрамы мен құрылысы біркелкі емес, сондықтан олар бір бояғышпен әр түрлі боялып, кейін спиртпен, қышқылдармен және басқа реактивтермен әрекет еткенде бірдей түссіздендірілмейді. Микроб жасушасының бөлімдері де бояғыш ерітінділермен біркелкі боялмайды. Бояудың күрделі (дифференциалды) тәсілдері микроб клеткасының осы қаситтеріне негізделген. Күрделі тәсілмен бояу процесінде бірнеше бояғыштар қолданылады. Зертхана тәжірибесінде Грам, Циль-Нильсен, Козловский, Меллер, Злоттогорова және басқа тәсілдер қолданылады. Грам тәсілі. Бекітілген препараттың үстінде фенолды күлгін генцианвиолет сіндірілген сүзгіш қағаздың тілімін 2-3 минут ұстайды. Сонан соң қағазды алып, жағындыны Люголь ерітіндісімен 2-3 минут өңдейді. Бояудың келесі кезеңінде жағынды 96%-дық этил спиртімен 30-40 секунд өңделеді де жақсылап сумен жуылады. Препарат Пфейффердің фуксинімен қосымша 1 минут боялады. Сумен жуылған соң, сүзгіш қағазбен кептіріліп, микроскопияланады. Осы тәсіл бойынша бояу нәтижесінде микробтар күлгін немесе қызғылт түстерге боялады. Спирттің әрекетіне қарамастан бастапқы күлгін түсін сақтайтындар Грам оң микробтар тобына жатқызылады (топалаңның, шошқа тілмесінің, қатерлі ісіктің қоздырғыштары, стафилококктар және т.б.), ал спиртпен өңсізденіп фуксинмен қызғылт қызыл түске қосымша боялатындар Грам теріс микробтар тобына жатқызылады (ішек таяқшасы, сальмонеллалар, пастереллалар және т.б.). Зертханада Грам тәсілімен бояу үшін А.В. Синевтің модификациясы жиі қолданылады. Бұл модификация бойынша сұйық бояудың орнына алдын ала фенолды күлгін генцианфиолетпен дымқылдандырылып, кептірілген сүзгіш қағаздар қолданылады. Бояғыш бұл жағдайда мына рецепт бойынша дайындалады: 1 г генцианфиолет + 100 мл 96%-дық этил спирті. Бояғыш тұрақты және оны ұзақ уақыт бойы қолдануға болады. Сүзгіш қағаздар осы бояғышпен дымқылдандырылған соң кептіріледі де, жамылғы шыны көлемі бойынша қиылып, тығыз тығыны бар ыдыста сақталады. Жағындыны бояу үшін осындай сүзгіш қағаздың бір тілімін зат шынысының үстіне қойып бетіне дистилденген судың бірнеше тамшысын тамызады. Бояудың кейінгі кезеңдері жоғарыда жазылғандай орындалады. Грам тәсілінің мәні. Бұл тәсілді 1884 жылы дат ғалымы Христиан Иоким Грам ұсынған болатын. Грам-теріс және Грам-оң бактериялардың әр түрлі боялуы олардың клетка қабырғалары құрылымының өзгешеліктеріне байланысты. Грам-оң бактериялардың клетка қабырғасы грам-теріс микробтардікіне қарағанда қалың және көптеген пептидогликан полимерін иемденген. Сондықтан олар генцианвиолетпен тығыз байланысып, спиртпен әрекет жасағанда түссізденбейді. Грам-теріс бактериялардың клетка қабырғасы жұқа және оның құрамында пептидогликан аз мөлшерде болады. Осы себептен олар бояумен әлсіз боялып, спиртпен өңсізденеді. Грам-оң микробтар дақылынан жасалған препараттарда грам-теріс клеткалардың болуы мүмкін. Бұлар өлі немесе қабығы зақымдалған клеткалар. Грам тәсілі бойынша бояу үшін студенттер Escherichia coli және Bac.megatereum дақылдарының қоспасынан жағынды жасйды. Ішек таяқшасы грам-теріс, ал капсула бацилласы грам-оң бактериялардың өкілдері.
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|