«Экономика және құқықтану» колледжі
22-БҚЕ-4ҚБ
Реферат
Орындаған:Кенжибай Тамерлан
Қабылдаған:Қуантқан Әден
Тақырыбы:Қоғамдық-саяси
ойдың бастауы
және дамуы
Қоғамдық-саяси ойдың бастауы және дамуы
1. Ежелгі және орта ғасырларда әлеуметтік-саяси ойдың қалыптасуы мен дамуының алғышарттары. Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымды б.з.б. VІІІ–ІІІ ғасырларда сақ тайпалық одақтары қалыптастырды. Сақтардың мәдениеті адамзат өркениетінің ғажайып жетістіктеріне жатады. Есік обасынан табылған тостағандағы жазу сақтардың әліпбиі болғандығынан мәлімет береді. Табиғатты ерекше құрметтеген сақтар жануарларды «аң стилі» деп аталатын зергерлік бұйымдарда тамаша шеберлікпен бейнелеген. Сақтар туралы деректер ежелгі грек, көне парсы жазбалары арқылы жеткен. Деректерде сақтар ержүрек дала тұрғындары ретінде суреттеледі.
Б.з.-дың VІ ғасырынан Түркі кезеңі басталады. Ұлы далада 552 жылы Түрік қағанаты құрылды. Түрік қағанаты ыдыраса да Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттары, Оғыз, Қарахан мемлекеттері мен Қыпшақ хандығы дәуірледі. Моңғол шапқыншылығынан соң Қазақстан аумағында негізін Шыңғысханның ұрпақтары қалаған Алтын Орда, ол ыдырағаннан кейін Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандықтары өмір сүрді. Аталған мемлекеттік бірлестіктердің негізінде қазақ халқы қалыптасып, Қазақ хандығы құрылды.
Мыңдаған жылдар бойы Ұлы далада Қазақ мемлекеттілігі прототүркі, түркі тайпалары негізінде қалыптасты. Сақтардан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасына дейінгі түрлі тарихи дәуірлерде өмір сүрген дербес мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталып келді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өзіне тән тілі, антропологиялық ерекшелігі, салт-дәстүрлері тұрақты, өзгеріссіз сақталынып қалды. Дала тұрғындары қоршаған ортаның табиғи-климаттық жағдайына икемделген шаруашылық жүргізді.
Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміз, тіліміз және мәдениетіміз, ұлттық өзегіміздің сабақтастығын сақтап қалдық. Келешекте оны ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы көздің қарашығындай сақтап, «Мәңгілік Ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз. Әлемдік деңгейдегі тұлғалардың ұрпаққа аманат етіп қалдырған ой-пікірлерінің адамзат үшін маңызы зор.
2. Анахарсис, Мөде, Күлтегін, Қорқыт Ата. Мемлекеттік идеологияны әйгілі билеушілер, кемеңгер ойшылдар, қоғам қайраткерлері қалыптастырады. Тарихта «Скиф Анахарсис» деген атпен белгілі сақ ғұламасы қоғамдық құрылыс мәселесімен айналысқан. Ол әділ өмір үшін жақсы заңдардың болуы жеткіліксіз, заңды әділ қорғаушылар керек деп есептеген. Әлеуметтік жағдайы мен қызметіне қарамастан, адамдардың заң алдында бірдей екендігін айтқан. Анахарсистен «қызғаныш пен қорқыныш – адамның ең жаман қасиеттері» деген сөз қалған.
Ғұндардың атақты билеушісі Мөде б.з.б. 209 жылы билікке келді. Ол ел басқару жүйесінде бірқатар реформалар жүргізіп, ғұн мемлекетін бір орталыққа біріктірді. Қытай деректеріне қарағанда, Мөде 300 мыңдық тұрақты әскер құрды. Ғұн әскерінің ұйымдастырылуы ондық жүйеге негізделді. Мөде мемлекет пен халықтың құнды байлығы ең алдымен оның жері екендігін жұртына терең ұқтырып: «…Жер – ол мемлекеттің негізі. Оны қалай береміз?» – деп атқа қонып, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпаққа аманат еткен.
Асыл текті түркі жұртының ұрпағы, атақты мемлекет басшыларының бірі – Күлтегін. Күлтегін жазуы ежелгі түркі жазба ескерткішінің ғажайып үлгісі саналады. 1893 жылы даниялық ғалым В. Томсен Моңғолияда табылған руналық ескерткіштердің түркі тіліндегі мағынасын анықтап, жазулар осы билеушімен байланысты деген қорытынды жасады.
Күлтегін құрметіне оның айтқан сөздері тасқа қашап жазылған. «Өлімші халықты тірілттім, жалаңаш халық тонды, кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым. Тату елге жақсылық қылдым», – деген жолдардан Күлтегіннің түпкі мұраты – ел бірлігі мен оның бақытты өмірін аңсауы қазіргі мемлекет басшыларының үлгісіне айналып отыр. Күлтегін батыр – Түрік қағанатының құдіретті тұлғасы. Оның билігі кезінде қағанаттың күш-қуаты артты, жері барынша кеңейді, ел тұрмысы түзелді. «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым. Күш-қуатымды аямадым», – деген Күлтегін сөздері оның түркі елі үшін аянбай қызмет еткенін айшықтайды.
Ортағасырлық ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт Ата ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін қалаған ғұлама ретінде белгілі. Қорқыт Ата халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ол уақытты қадірлеуге шақырды, ұрпағына өлмес күйлерін қалдырды.
3. Әбу Насыр әл-Фараби және оның мұрасы. Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы. Оның еңбектері Шығыс пен Батыстың ғылыми ойының дамуына ықпал етті.
Әл-Фараби грек ойшылдары Платон мен Аристотельдің саяси және этикалық көзқарастарына сүйенді және ежелгі Шығыстың әлеуметтік идеяларын одан әрі жетілдіріп, қоғам туралы құнды қағидасын ұсынды.
Достарыңызбен бөлісу: |