8. Мәдениет
Мәдениет әлеуметтану үшін маңызы қоғамнан кем емес түсінік. Егер қоғам – адамдар жиынтығы болса, мәдениет – олардың іс-әрекеті қорытындысының жиынтығы.
Анықталуы.
XVIII ғ. еуропалықтар үшін мәдениет рухани, ақсүйектік (аристократия) белгіге ие болды. Бұл сөз адам сапасының жетілуін көрсетті. Мәдениетті деп оқыған, мінез-құлқы инабатты адамды атады. Осы дәуірдің өзінде-ақ мәдениетті біз сөз сөйлей білумен, картина галереясымен, опера театрымен, жақсы тәрбиемен байланыстырамыз.
XX ғ. жабайы халықтарды зерттеген антропологтар бұл түсінікке жаңа мән берді. Мыс: австралия аборигендерінде опера театры не картина галереясы жоқ, бірақ оларды біріктіріп тұрған құндылықтар жүйесі бар. Бұл құндылық жүйесі тіл, ән, би, дәстүр, мінез-құлық түрі арқылы бейнеленеді. Өз жиынтығында ол сол қоғамның өмір сүру үлгісін көрсетеді. Ал мұндай белгілер өркениетті халықтарға да тән. Сөйтіп мәдениет түсінігі қоғамның рухани және материалдық жетістіктерін бейнелейтін жаңа мазмұнға ие болды.
Мәдениет құрамы
Әлеуметтанушылық көзқарас тұрғысынан мәдениетте оның негізгі екі бөлігі бөлінеді: мәдени статика және мәдени динамика. Мәдени статикаға мәдениеттің ішкі құрылымын, яғни оның элементтерін және мәдениет нысандарын жатқызады.
Мәдени динамикаға мәдениет өзгеруін сипаттайтын механизмдер мен үрдістерді жатқызады.
Мәдени статика
Мәдениет элементтері екі түрге бөлінеді: рухани және материалдық. Бірінші элементтер жиынтығы рухани мәдениетті құрайды: нормалар, ережелер, үлгілер, эталондар, мінез-құлық моделдері, заңдар, құндылықтар, символдар, ритуалдар, аңыздар, білім, идея, дәстүр, салт, тіл. Олар адам іс-әрекетінің қорытындысы, тек олар сана мен сезім арқылы істелінген. Рухани мәдениет объектілері біздің санамызда өмір сүреді.
Екінші элементтер жиынтығы материалдық мәдениетті құрайды: кітап, храм, еңбек құрамы, тұрғын үй, галстук, сәндік бұйымдар және т.б. Бұлар адам қолымен жасалынған объектілер. Материалдық мәдениет элементтерін артефакталар деп атайды. Артефакталар белгілі бір символикалық мәнге ие, нақты бір қызмет атқарады және қоғам немесе белгілі бір адамдар тобы үшін айрықша құндылыққа ие.
Мәдени статика элементтері кеңістік арқылы шектелген. Басты бейнелері сәйкес бірнеше мәдениет шоғырланған географиялық аудан - мәдени ареал деп аталады. Мәдени ареал шекарасы мемлекет шекарасымен немесе бір қоғам шеңберімен шектелмейді. Мыс: славян мәдениеті – орыс, украин, белорус, болгар және т.б. ұлттық мәдениеттерді қосады.
Мәдени мұра - өткен ұрпақ қалдырған, келесі ұрпаққа құнды, қасиетті нәрсе ретіндегі өткен рухани немесе материалдық мәдениеттің бір бөлігі. Адам қолымен немесе санасымен жасалынған мәдениет элементтерінің бәрі бірдей мәдени мұра бола бермейді. Мыс: ұлттық киім – мәдени мұра, ал күнделікті ауысып жатқан мода – ол мәдени мұра емес. Мәдени мұра әрқашан да ерекше беделмен қорғалады, қасиетті ореалға ие. Сөйтіп мәдени мұра ұлт бірлігінің факторы болып табылады.
Бүкіл адамзат масштабында, барлығына бірдей мәдениет элементтерін мәдени универсалдар деп атайды. Олардың болу себебі барлық адамдар дене құрылысы жағынан бірдей, яғни бірдей биологиялық тұтынысқа ие, сол сияқты қоршаған орта жалпы адамзатқа бірдей проблемалар қояды.
1959 жылы Дж.Мердок 70-тен аса универсал бөліп шығарды: спорт, сәндік бұйымдар, фольклор, этикет, күнтізбе (календарь), еңбек бөлінісі, медицина, магия, неке, музыка, сан, жазалау шаралары, үкімет, жеке есім, полиция, меншік құқығы, қонаққа бару, ауа райын бақылау, жерлеу ритуалдары, декоративті өнер және т.б.
а) Өмір үлгісі
Мәдениеттің қазіргі өмірге қатысты жағын даралықтың, топтың, қоғамның өмір үлгісі мінездейді. Өмір үлгісі сол қоғамды басқалардан ерекшелендіретін мәдени қатынастар жүйесі. Өмір үлгісіне жататын бірнеше элементтер мыналар:
Әдет. Өмір үлгісі негізінен адамдардың күнделікті әрекеттерінен тұрады. Олар өте көп және санасыз, автоматты түрде сақталады. Әдеттердің топтық, ұжымдық түрлері бар. Мыс: жатып ұйықтау, сынатын заттарды ақырын қою. Сол сияқты даралыққа тән әдеттер де өте көп. Мыс.: ерте тұру, гимнастикамен айналысу, жылы киіну және т.б. Әдеттер тәжірибе негізінде пайда болады және күнделікті қайталау қорытындысында бекітіледі. Көптеген әдеттер сырттан не қолдау не ұялту таппайды. Бірақ даралық бойында кейбір жаман әдеттер де болады. Мыс.: қатты сөйлеу, тамақ үстінде оқу, тырнағын шайнау, мұрнын шұқу және т.б. Мұндай әдеттер көпшілік алдында көрінсе, әрине, сырттан қолдау таппайды.
Мәнер. Қоршаған адамдардың не оң, не теріс бағасына ие болатын адам мінез-құлқының сыртқы нысаны. Мәнер ақсүйекті қарапайым адамнан, тәрбиеліні тәрбиесізден айырып тұрады. Егер жаман мәнер стихиялы түрде пайда болатын болса, жақсы мәнерді тәрбиелеу қажет. Мәнердің зиялы қауым мәнері және күнделікті мәнер сияқты түрлері бар. Мыс.: әйел адамның қолын сүю не бас киімді алып амандасу зиялы қауым мәнеріне жатады.
Этикет. Жақсы мәнерлер, әдеттер этикет деп аталатын мәдени комплексті құрайды. Этикет – ерекше бір әлеуметтік шеңберде қабылданған мінез-құлық ережелерінің жүйесі. Король сарайларында, зайырлылар салонында ерекше этикет болды. Кезінде ол қоғамның жоғарғы топтарына тән болды және элитарлы мәдениетті құрады. Бүгінде ол тәрбиелі адамға тән мінез-құлық ерекшелігі. Этикет – адамдарға деген ішкі көзқарастың сыртқы көрінісі болып табылады.
Салт. Мәнерге қарағанда салт адамдардың ширек тобына тән. Салт-дәстүрлі қалыптасқан мінез-құлық тәртібі, ол ұжымдық, топтық әдет болып табылады. Мыс.: қонақжайлық салты, жаңа жылды қарсы алу салты, үлкендерді сыйлау – ұжымдық құндылық болып табылады. Салт - қоғам мақұлдаған, орындалуға міндеттелетін іс-әрекет үлгісі. Бұзғандарға неформалды жазалау шаралары (санкция) қолданылады. Мыс.: сөз қылу, ол адамнан аулақ жүру және т.б.
Церемония және ритуал рәсімі. Олар тек қана діни аймақта өмір сүрмейді. Символикалық әрекет адамзат мәдениетінің барлық аймақтарын қамтиды.
Церемония – белгілі бір оқиғаны, адамдарды не датаны атқаруға арналған символикалық мазмұндағы әрекет. Оның қызметі – атқарылып жатқан оқиғаның қоғам немесе белгілі бір әлеуметтік топ үшін аса құндылығын баса көрсету. Мыс.: Президент инаугурациясы - қоғам үшін маңызды церемония.
Ритуал. – осы үшін әдейі таңдап алынған және әзірленген тұлғалар арқылы орындалатын, мықтап жоспарланған сөздер мен қимыл-әрекеттер жиынтығы. Ритуал символикалық мазмұнға ие. Ол сол оқиғаны драмалауға, көрушілер көңіліне қорқыныш пен сенім ұялатуға арналған.
Ритуал діни, саяси (халықаралық шарттарға қол қою) және тұрмыстық аймақтарда да кең таралған.
Құлық. Моралдық мазмұнға ие салт. Бұл категория астына, сол қоғамда бар және адамгершілік бағаға ие мінез-құлық нысандары жатады. Мыс.: көптеген қоғамдарда көшеде жалаңаш жүру құлыққа жат болып саналады, ал кейбір қоғамдарда (негізінен Африка континентінде) ол құлыққа жат болып саналмайды. Сондықтан нені құлыққа жат деп санау - сол қоғам мәдениетіне байланысты болады. Бірақ мүгедек адамға күлу, әлсізді қорлау сияқты жалпы адамзат құлқына жат көріністер де болады.
Құлықтың ерекше нысаны – табу. Табу – белгілі бір әрекетке, сөзге, затқа салынатын абсолютті шектеу. Қазіргі қоғамда қан араласушылыққа (инцеста), каннибализмге, моланы қорлауға табу қойылған.
Заңдар. Парламент не Үкімет құжатымен бекітілген және сөзсіз орындалуды талап ететін мінез-құлық нормалары. Заңдардың екі түрі болады. Жәй құқық - дәстүрлі қоғамда мемлекет рұқсат еткен, жазылмаған мінез-құлық ережелері. Қазір олар өте сирек кездеседі. Жәй құқықтан формалды құқық өсіп шықты, яғни конституция негізінде бекітілген юридициялық заңдар. Заңдарды бұзу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Заңдар арқылы қоғам ең қымбатты құндылықтарды қорғайды: адам өмірі, мемлекеттік құпия, адам құқығы мен бостандығы, меншік.
Ұнам, сән және қызығушылық. Салт немесе дәстүрді адам өз еркінен тыс игереді. Бұл жерде таңдау бостандығы жоқ. Ал керісінше ұнам, сән, қызығушылық сияқты мәдениет элементтері адамның таңдау бостандығының куәсі болып табылады.
Ұнам – бір нәрсеге бейімділік, құмарлық, әдетте сұлулықты тану мен түсіне білуді білдіреді. Киімге деген ұнамдылық, киіне білудің жеке стилін қалыптастырады. Ұнам даралықтандырылған, себебі ол адамның жалпы қабылданған нормалардан қаншаға ауытқығанын көрсетеді. Қызығушылық - аз уақытқа созылатын, сезімдік құмарлық. Әр ұрпақтың өз қызығушылығы болады: джаз немесе рок және т.б. Өте көп адамдар тобын қамтыған қызығушылық мода, яғни сән деп аталады.
Сән – мәдени үлгілер мен нормалардың ауысуы, бір қызығушылықтың екіншімен алмасуы. Егер ұнам адамда өмір бойы сақталса, сән мен қызығушылық жиі өзгеріп отырады.
Сәннің жәй қызығушылықтан артықшылығы, ол әлеуметтік символ болып табылады. Сәнге құмарлық қалалық жерлерге тән, себебі, қалада адам мәртебесі еңбексүйгіштік пен мінез арқылы емес өмір стилі, материалдық жағдайы және ең бастысы киіне білу мәнері арқылы белгіленеді.
Құндылықтар. Мәдениет өз негізінде құндылықтар жүйесіне сүйенеді. Құндылықтар – көпшілік адам қолдаған және бөлісетін қайырымдылық, әділеттілік, достық, Отан сүйгіштік және т.б. туралы түсініктер. Құндылықтар ешқандай күдік-күмән тудырмайды, олар барлық адамдар үшін үлгі, эталон болып табылады. Адалдық құндылық болып табылады, ал одан ауытқу сатқындық болып саналады. Құндылықтарсыз ешқандай қоғам өмір сүре алмайды. Ал даралықтар, сол құндылықтарды таңдау бостандығына ие. Біреулер үшін ең жоғары құндылық - ақша, ал біреулер үшін моралдық тазалық. Кез-келген жеке адам қандай құндылыққа бағытталғанын анықтау үшін социологтар құндылықтық бағдар түсінігін ғылыми айналымға енгізді. Ол нақты бір құндылықты мінез-құлық нормасы ретінде таңдаудағы жеке қатынасты білдіреді.
Сөйтіп құндылықтар қоғамға, ал құндылықтық бағдар жеке адамға тиесілі.
Білім, аңыздар және сенім. Білім – бір нәрсе туралы нақты, дәлелденген хабар. Білім – таным қорытындысы. Таным - әдейі дайындалған адамдар іске асыратын арнайы әрекет. Білім деп аталуы үшін хабардың шын немесе жалған екендігі тексеріледі. Жалған хабар тасталынады, ал шындыққа сәйкесі ғылыми білім ретінде танылады. Бүгінде білім мәдениеттің ең маңызды элементі.
Білімге қарама-қарсы бағытта аңыздар тұр. Аңыз - әлемнің және ондағы қоғам мен адам өмірінің ойдан, қиялдан тудырылған картинасы. Әлеуметтану, саясаттану ғылымдарында саяси аңыз деген термин бар. Мыс: қазіргі өркениетті қоғам мүшелерінің өзі мүмкіндіктер теңдігі дегенге сенеді, ал шын мәнінде ол ешқандай мүмкін емес нәрсе.
Сенім – белгілі бір идеяға деген сезімдік (эмоция) көзқарас. Сенімге алу – ешқандай дәлелдеусіз-ақ шындық деп тану, себебі сенім ешқандай дәлелдеуді талап етпейді. Мыс.: орта ғасырлық адамдар жердің жазық екендігіне және оны үш киттің ұстап тұрғанына сенді және оны дәлелденген шындық деп қабылдады. Қандай парадоксалды болса да, сенімге тек аңыздар ғана емес білім де сүйенеді. Мыс.: кез-келген ғалым өз теориясының нағыз шындық екендігіне сенімді. Сөйтіп сенім аңыз бен білімді бір-бірінен ажыратпайды.
Ар-ұждан кодексі. Адамдар мінез-құлқын реттейтін ережелер ішінде ұждан түсінігіне негізделген ерекше ережелер бар. Ол этикалық мазмұнға ие және адам өз есімін, беделін қорламау үшін өзін қалай ұстау керектігін көрсетеді. Олардың барлығының да шыққан тегі әлеуметтік. Ар-ұждан рулық, отбасылық, тектік және даралық болады. Рулық ар-ұждан әлеуметтік символды толықтырушы моралдық символ.
Еуропалық ақсүйектік (аристократия) мәдениетте ар-ұждан түсінігі оның ең ортаңғы элементі болып табылды. Ар-ұждан үшін ең қымбат баға - өз өмірін төледі. Кейбір қазіргі халықтарда, қанға-қан түсінігі бар, яғни өз руының не отбасының, не тегінің, не дара өзінің ар-ұжданып қорғауға бағытталған түсінік.
Достарыңызбен бөлісу: |