7. Қ о ғ а м
Ең әуелі бір-біріне ұқсас үш түсінікті ажыратып алу қажет «ел», «мемлекет» және «қоғам». Ел - өз шекарасы бар және саяси егемендікті пайдаланатын әлемнің не белгілі бір территорияның бір бөлігі. Мемлекет – сол елдің саяси ұйымдастырылуы, өзіне белгілі бір билік режимін (монархия, республика) және басқару органдары мен құрылымын (Үкімет, Парламент) қосады. Қоғам – сол елдің әлеуметтік ұйымдастырылуы, оның негізі әлеуметтік құрылым болып табылады. Елді – жағырафия, мемлекетті – саясаттану, қоғамды – социология зерттейді.
Анықталуы.
Әлеуметтанудағы негізгі түсінік - қоғам. Адамзат қоғамы әрқашан өзгеріс үстінде. Қоғам – тек елдің емес, сол сияқты - ұлттың, ұлыстың, тайпаның да әлеуметтік ұйымдастырылуы. Себебі бір елді екінші елден нақты мемлекеттің шекара арқылы бөліп тұрмаған кездері де болды, тіпті біздің қазіргі түсінігіміздегі ел де болған жоқ. Осындай жағдайда жер бетінде емін-еркін жүрген ұлыстар мен тайпалардың да өз қоғамдары болды. Қоғам түсінігін кез-келген тарихи кезеңде, кез-келген адамдар бірлестігіне қатысты қолдануға болды. Ол үшін ол бірлестік мынадай негіздерге сай болуы қажет:
Бірлестік басқа бір өзінен ірі жүйенің (қоғамның) бөлігі болып табылмаса.
Неке негізінен осы бірлестік өкілдері арасында жасалады.
Ол негізінен өз өкілдері болып табылатын адамдардың балалары есебінен толығып отырады.
Өз меншігінде территориясы бар.
Оның өз тарихы, өз аты бар.
Оның өз басқару жүйесі бар.
Оны мәдениет деп аталатын жалпы құндылықтар жүйесі біріктіреді.
Американдық социолог Шилз қоғамның негізгі белгілері осылар деп анықтайды. Мұндай критерийлерге жүздеген миллион азаматы бар қазіргі державалар да, жүздеген ғана мүшесі бар тайпалар да сәйкес келіп тұрғанын көруге болады.
Қоғамдар жіктелісі (типология).
Социологтар барлық өмір сүріп тұрған және өмір сүрген қоғамдарды түрлерге бөледі. Сәйкес белгілері не негіздері арқылы біріктірілген түрлер – типологияны құрайды. Әлеуметтануда бірнеше типология бөлінген.
Егер басты негіз ретінде жазу мәдениеті алынса, онда қоғамдар жазуға дейінгі және жазу мәдениеті бар қоғамдар деп бөлінеді. Жазуға дейінгі – сөз мәдениеті бар, бірақ жаза алмайтын қоғамдар. Жазба қоғамдар – алфавиті бар және дыбысты материалдық құралдарға (пергамент, кітап, газет, компьютер) тіркейтін қоғамдар. Жазба мәдениет 10 мың жыл бұрын пайда болса да, американдық социолог М.Мид зерттеулері көрсеткендей Джунгли мен Аравия құмдарында әлі күнге жазудан хабары жоқ тайпалар бар.
Басқа типология қоғамдарды жәй және күрделі деп бөледі. Бұл жерде критерий басқару деңгейі мен әлеуметтік теңсіздік деңгейі болып табылады. Жәй қоғамда бір не екі басқару деңгейі және сол шамалас әлеуметтік теңсіздік деңгейі болады.
Күрделі қоғамдарда мемлекеттік-бюрократиялық аппаратқа сүйенген бірнеше басқару деңгейі және кіріс шамаларының орналасуына қарай бірнеше әлеуметтік айырма деңгейі болады. Кезінде стихиялы пайда болған әлеуметтік теңсіздік енді заңдық, экономикалық, діни және саяси тұрғыдан бекітіледі.
Үшінші типология негізінде өмір сүру қажеттілігін табу тәсілдері жатыр. Ең ерте тәсілдер – аң аулау және терімшілдік, яғни осыған сәйкес ерте дүние қоғамы бөлінеді. Ол қоғам шағын туыс топтардан (трибтер) тұрды және бұл трибтерді бір-бірінен зор кеңістік бөлді. Бұл қоғам жүз мыңдаған жылдар өмір сүрді. Бұл қоғамның орнына басқа тәсілдерге, яғни мал шаруашылығы мен жер шаруашылығына негізделген қоғам келді. Мал шаруашылығы – жабайы аңдарды қолға үйретуге негізделген, өмір сүру қажеттілігін табу тәсілі. Адамдар аңды аулағаннан гөрі, оны қолға үйрету тиімділігін түсінгеннен кейін аң аулау қоғамынан мал шаруашылығы қоғамы өсіп шықты. Ал терімшілдіктен жер шаруашылығы қоғамы өсіп шықты. Жер шаруашылығымен айналысқан қоғамдар отырықшы өмірге көшті. Мемлекет, қалалар, жазба мәдениеті, яғни өркениеттің негізгі белгілері пайда болды.
Жер шаруашылығын 2 ғасырдан артық уақыт бұрын өнеркәсіп алмастырды. Өнеркәсіпті қоғам дәуірі туды. Бұл қоғам белгілері: зауыт трубалары, уланған қала кварталдары, зор көмір бассейндері және т.б. Көптеген мамандар пікірінше XX ғ. 80-ші жылдары өнеркәсіпті қоғамды постөнеркәсіпті қоғам алмастырды. Бұл барлық жерде емес, тек белгілі бір елдерде, мысалы, АҚШ, Еуропа елдерінде және Жапонияда ғана. Постөнеркәсіптік қоғамда басты орынға ақпарат алу мен тарату және қызмет көрсету аймағы шығады. Постөнеркәсіптік қоғам белгілері: роботталған өнеркәсіп, зор супермаркеттер, космос станциялары.
Қазіргі әлеуметтану берілген типологиялардың барлығын да қолданады. Тек әлеуметтану оларды синтетикалық моделге біріктірген. Оның төлиесі американдық социолог Д.Белл. Ол әлем тарихын үш кезеңге бөлді: өнеркәсіпке дейінгі, өнеркәсіпті және ақпараттық қоғам. Бір кезеңнен екіншіге өткен кезде технология, өнеркәсіп тәсілі, меншік нысаны, әлеуметтік институттар, саяси режим, мәдениет, өмір үлгісі, тұрғындар саны, қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгеріске ұшырайды.
Өнеркәсіпке дейінгі немесе дәстүрлі қоғамда дамудың шешуші факторы – ауыл шаруашылығы, ал негізгі институттар әскер мен діни институттар болды.
Өнеркәсіпті қоғамда - өнеркәсіп, ал негізгі институттар корпорациялар мен фирмалар.
Ақпараттық қоғамда – теоретикалық білім мен ақпарат, ал негізгі институттар осы білім өнеркәсібі болып табылатын университеттер мен зерттеу институттары және бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады.
Өнеркәсіпті қоғамнан ақпаратты қоғамға өткен кезде тауар өндіруші экономика қызмет көрсетуші экономикаға айналады. Әлеуметтік құрылым да өзгереді, топтық бөлініс кәсіпкерлік бөлініске айналады. Меншік – теңсіздік критериі ретінде өз маңызын жоғалтады, теңсіздіктің шешуші факторына білім мен ғылым деңгейі айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |