Фабрикалық-зауыттық өнеркәсіп. XIX ғ. аяғындағы Ресейдің орталық губернияларында өнеркәсіптің дамуы малшаруашылғы шикізатына сұраныстың өсуіне себепші болып, Шығыс Қазақстан қалаларындағы жергілікті өнеркәсіптің дамуына ықпал етті. Біріншіден, шикізатты бастапқы өндеу кәсіпорындары пайда болды. Бірақ олар дайын өнім шығармайтын, ал өңделген шикізатты Ресейдің өнеркәсіпті орталықтарына жіберетін. Шикізатпен қамтамасыз етушілер көбінесе ауқатты қазақтар болды. Олар жүн мен теріден басқа киіз, қыл, жүннен иірілген жіп, жабағы, дәстүрлі қазақ қолөнер өнімдерін әкелетін. Осы және басқа тауарлар базарларға қала жәрмеңкелерінің дүкендеріне, өңдеуші өнеркәсіп орындарына өткізілді.
XX ғасырдың басында ірі ресей фирмалары мен шұға фабрикалары өздерінің делдал-агенттері арқылы Жетісу облысынан, Солтүстік-Батыс Қытай мен Моңғолиядан келетін тері мен жүнді Семей облысында жинақтады. Семей жүн саудасында монополист болған «Стукен және К0» сауда үйі Семейде алыс-беріс шикізатты: жабағыны, ешкі түбітін, түйе жүнін сатып алатын. Кәсіпкер В.П.Злоказов әскери мекемелерге жұмыс істейтін Перм облысындағы шұға фабрикаларын ұстады, оларға Семейде жүн жуатын кәсіпорындар қызмет етті. Әскери мекемелерге ағайынды Асеевтардың үш жүн жуатын кәсіпорындары да жұмыс істеді. Біреуі Семейдің қасында, қалған екеуі Зайсан қаласына жақын орналасты. 1908 жылы аймақта алты жүн жуатын және түтетін зауыттар жұмыс істеп, әр кәсіпорында 80-нен 100 дейін жұмысшылар еңбек етті.
Мал шаруашылығымен байланысты шикізат өндірісінің тобында жетекші орынды былғары жасау ісі алды.
Былғары шеберханалары мен зауыттары судың бойларында салынды, тері өңдеу ісі ій беретін және нан-квас құрамдарын қолдану арқылы жүргізілді. Қапырық бөлмелерде жұмыс істейтін тері илеушінің еңбегі ауыр еді, тері өңдейтін зиянды қоспалар олардың қолдарын «жеп» қоятын.
Бірақ, тері илеу пайдасы мол еңбек болатын, 300 теріні өңдеуден ұсақ кәсіпкер 270 рубльге дейін пайда көрді. XIX ғ. аяғында П.Ф.Плещеев жартылай жер асты үйде майдагерлік негізде шағын тері өндірісін ұйымдастырды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тері өнімдеріне қажеттілік өсе түсті. Сондықтан ол 1915 жылы соғыс кезіндегі тапсырыстарды орындау үшін былғары зауытын ашты.
Басқа ірі зауыттар «П.Плещеев және Ко серіктестігі» мен «Ағайынды Трапезниковтар серіктестігі» тек соғыс тапсырыстарына жұмыс істеді.
Өлкенің суық қысы жылы киімді қажет ететін, сондықтан шикізаттың бар болуы қой терісі-тон өндірісінің дамуына себепші болды. Семей облысында қой терісі–тон өндірісінде жұмыс істейтін 54-ке дейін жалдамалы жұмысшысы бар 13 кәсіпорын болды. Мұнда жұмыстардың көбі қол еңбегімен атқарылатын, кәсіпорындардың көбі қолөнер деңгейінде ғана болды.
XIX ғ. соңына таман егіншіліктің кеңеюіне байланысты астық өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп дами бастады.
Ұн тарту ісі маңызды салаға айналды. Диірмендер барлық қалаларда, ірі кенттер мен өлкенің станицаларында болды. Олардың көпшілігі қарапайым жабдықталған, жел, су, жылқының күшіне негізделген ұсақ диірменге ұқсайтын еді. 1889 жылы Семей өңірінде 700 диірмен болды. 1890 жылы көпес Мусин Семейде алғашқы бу диірменін салды, ал 1913 жылы олардың саны 11-ге жетті. Бу диірмендері көпқабатты болып салынды. Өнімдер бір өндірістік үрдістен келесісіне жартылай автоматты өту үшін машиналар қабаттарға ыңғайластырылып орналастырылды. Бидайды жіберуді қамтамасыз ету үшін үстінгі жағына элеваторлар салынды.
1908 жылы Семейдің ірі ұн тартушылары, «П.Плещеев және Ко», «М.Красильников және Ко», «Мұхамед Мусин-Садық және Ко» сауда үйлері өздерінің диірмендерін негізгі капиталы 1,8 млн. руб. тұратын бір акционерлік қоғамға біріктірді. Акционерлік қоғамның басында Семей қала басы Прокопий Федорович Плещеев тұрды. Бәсекелестері жоқ болғандықтан, олар бидай мен ұнға бағаны өз қалауларынша белгіледі. Ұнды Омбыда, Петропавлда, Тюменде және т.б. қалаларда жоғары бағамен сатып, үлкен пайдаға кенелді.
Бұлардың диірмендерінде бидайдың қатты сұрыпынан ұн тартып шығаратын. Мұндай ұнды мамандар жоғары бағалайтын. Тартылған ұнның жоғары сапасы үшін «Семей бу диірмендерінің акционерлік қоғамы» 1900 жылы Парижде өткен көрмеде бірінші жүлдені, ал 1905 жылы – Брюссель көрмесінде медаль мен құрмет кресін, Бірінші Бүкілресейлік ұн тарту көрмесінде (1909 ж.) – алтын медальді, 1911 жылы Италиядағы Турин қаласында – бидай экспонаттары үшін құрмет дипломы мен алтын медалін иеленді.
1911 жылы өлкеде 21 май шайқайтын кәсіпорын болды. Жыл сайын облыстан 400 мың пұт май сыртқа жіберіліп тұрды. Бірнеше шетел сауда кеңсесі шетелге шығарып сату үшін Семейден май сатып алатын. Шығыс Қазақстанда сонымен бірге, арақ шығару, сыра қайнату және жеміс суларын дайындау өндірісі дамыды. 1862 жылы түмендік арақпен сауда жасайтын Поклевский аймақта бірінші болып, Каштак ауылында (Семейдің жанындағы) арақ шығаратын зауыт салды. 20 жылдан соң көпес, әрі кәсіпкер П.Плещеев «П.Плещеев және Ко» сауда үйінің қамқорлығымен XIX ғасырдың аяғында Қазақстан мен Орта Азиядағы ең ірі арақ зауытын салды. Зауыт сыра мен жеміс шырындарын өндірді. «И.Васильев және Ко», «Бавария» және т.б. серіктестіктер жеміс шырындары зауыттарының ұйымдастырды. Соғыс басталғанда спирттік ішімдіктерге тиым салынды, соған байланысты арақ, сыра шығаратын зауыттар жабылды.
Қоныс аударғандар селоларында темір ұсталығы жақсы дамыды. Біртіндеп ауылшаруашылығы жабдықтары өндірісімен айналысатын (астық бастырғыштар, ұшырғыштар, соқалар жинайтын) ұсақ артельдер пайда бола бастады.
XX ғ. басында аймақтың экономикалық өмірінде тұз шығаратын кәсіптер маңызды рөлге ие болды. Тұз жергілікті мұқтаждықтарға және шетке шығарып сату үшін өндірілді. Бұлардың ең ірілері Семей облысының Павлодар уезіндегі Коряков, Қарабаш орындары болды. Тұз өндірісі артельдерге, серіктестіктерге, қоғамдарға жалға берілді.
Тау-кен өнеркәсібі. Алтайдың кен байлығы тау-кен өндірісінің тез дамуына әсерін тигізді. Кенді Алтай бүкіл Қазақстанның пайдалы қазбаларға бай аудандарының арасында бірінші болып игеріле бастады. XVIII ғасырда полиметалл кендерінің (Зырян (1791 ж.), Риддер (1786 ж.), Белоусовск, Крюковск, Таловск, Глубокое және т.б.) ошақтары ашылды. Риддер кендерінің айырықша ерекшеліктері туралы мамандар пікірі әлденеше рет айтылды. Ол Ресейден тыс жерлерге де кеңінен танылды. 1850 жылы риддер кендері өнімдері Бүкіләлемдік Лондон көрмесінде ең жоғары бағаға ие болды, ал 1879 жылы оның үлгілері Стокгольм корольдық техникалық институтының мұражайының топтамасына енді.
Өлкедегі тау-кен өнеркәсібінің өркендеуіне жол қатынасының дамуы үлкен ықпал етті. Біртіндеп тас көмір өндіру де көбейе бастады. Екібастұз кендері Павлодарды, Өскеменді, Семейді тас көмірмен қамтамасыз етті. Қырғыз тау-кен акционерлік қоғамы мен Шығыс Қазақстан қалаларына, Том губерниясының ауылдарына көмір апаратындардың арасында Павлодар агенствосы делдал болды.
Риддер кен ошақтары тобына оннан астам кен және қазба орындары кірді. Онда қорғасын мен мыстан басқа алтын және күміс болды. Кен облыстың зауыттарында өңделіп, күміс Монета сарайына тапсырылды. ХХ ғасыр басында мыстың өндірісі арта түсті. Бірақ, сол кезде қорғасын өндірісі күрт түсіп кетті. Күміс өндірісі де сондай жағдайда болды: өндіру минимумға дейін қысқарды.
XX ғ. басында өлкедегі тау-кен өндірісінің басты саласы алтын өндірісі болды. Алтын қазу өнеркәсібіне негізінен Орталық Ресей, Сібір қалаларының ірі кәсіпкерлері өз капиталдарын құятын, олардың арасында П.Ф.Плещеев, М.С.Мусин, М.В.Хамитов сияқты семей және өскемен кәсіпкерлері де болды. Алтын өндірушілердің серіктестіктері пайда бола бастайды. Осы серіктестіктерге кәсіпкер қазақтар да мүше болған.
1904 жылы Өскемен уезінің 8 кен орындары негізінде «Алтай алтын өнеркәсіп компаниясы» пайда болды, ал 1905 жылы Зайсан уезінің 5 кен және қазба орындары «Марқакөл алтын өнеркәсіп серіктестігі» құрамына енді, 1912 жылы Өскемен уезіндегі алтын сүзетін фабрика мен 9 кен орыны «Оңтүстік-Сібір алтын өнеркәсіп серіктестігіне» кірді. Өскеменнің түсті металдар өндірісінің ірі орталығы ретіндегі, экономикалық маңызының күшейуіне 1917 жылы осы қалада ақпан мен мамар айларында өткен алтын өндірушілердің съездері дәлел болады.
XX ғ. басында мыс, алтын, көмір және т.б. өндіретін өнеркәсіп орындары шетел акционерлік қоғамдарының қолына ауысты. 1905 жылы кендердің Риддерлік тобы «Турн мен Таксис» австриялық қоғамына берілді. 1914 жылы Риддер, АҚШ-тың болашақ президенті Герберт Гувердің, ағылшын қаржыгері Лесли Уркварттың капиталдары салынған «Орыс-Азиялық корпорациясы» концессиясына ауысты.
1904 жылы Лондонда пайда болған Спасс мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спасс-Успенск мыс кені мен зауытын, Саран және Қарағанды тас көмір кендерін, темір кендерін сатып алды. Қоғам акцияларын американдықтар, немістер, шведтер, австриялықтар ұстады. 1914 жылы Риддер кенінің, Екібастұз мырыш-қорғасын зауытының құрылысы басталды.
Сұрақтар мен тапсырмалар
XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басындағы Шығыс Қазақстандағы мал және егін шаруашылықтарының дамуына не себеп болды?
Қандай факторлар мал және егін шаруашылықтарының өсуіне бөгет жасады?
Аймақтағы өнеркәсіп салаларының қайсысы және не себептен басқаларына қарағанда жақсырақ дамыған?
Облыста өндірілген өнімнің жоғары сапалы болғандығын қандай фактілер дәлелдейді?
Дәріс 6. Шығыс Қазақстандағы азаматтық қарсылық жылдарында.
Кеңес өкіметінің Семейде орнауы. Кеңес өкіметінің Семей облысында орнауы аса қиын жағдайда өтті.
Сібірдің ірі қалаларындағы Кеңес өкіметі жеңісінің және Ресейден өлкеге большевик-солдаттардың келуінің ықпалымен 1918 жылы 1 қаңтарда Семей большевиктері дербес ұйымға айналды. Олар қала мен облыста Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің нақты билігі орнатылуы үшін күреске шықты.
Көпшіліктің көмегіне сүйеніп, 1918 жылы 27 қаңтарда большевиктер 300 адамнан тұратын Семейдегі митингте, Кеңес басшылығынан эсерлер мен меньшевиктерді шығаруды талап етті. 31 қаңтарда кәсіподақтардың жалпықалалық жиналысы саяси партиялардың өкілдерінің қатысуымен, дауыстың көпшілігімен жаңа Кеңестің таңдауы және бүкіл биліктің оған берілуі туралы қаулы шығарды. Сол күні кеште жұмысшылар, солдаттар, қызметкерлер өкілдерінің жалпықалалық жиналысында Кеңес қайта сайланды. Кеңестің атқару комитетінің құрамына И.Морозов, П.Салов, М.Трусов және т.б. кірді. Төраға болып большевик Кузьма Андреевич Шугаев сайланды.
16-нан 17 ақпанға дейін түнде қарулы төңкеріс жасап, Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі қала мен облыста билікті қолына алды.
1918 жылы 17 ақпанда Жұмысшы және солдат депутаттары Семей облыстық кеңесінің атқарушы комитетінің пленумы Ресей Республикасының Семей облыстық Уақытша комиссариатын құрды. Семейдегі Кеңес өкіметінің құрылуы ақпанда облыстың барлық уездеріндегі Кеңес өкіметі үшін күрестің нәтижесін болжады.
Комиссариат, біріншіден, контрреволюциялық күштерді ығыстыруға бағытталған шараларды қолданды. Эсер-меньшевиктік «Свободная речь» және кадеттік «Дело» газеттерінің басып шығарылуына тиым салынды, Қалалық дума мен Қалалық басқарманы таратып жіберді, оның орнына Қалалық халық шаруашылығының кеңесі құрылды.
Кәсіподақтар бюросы, еңбек және өнеркәсіп комиссариаты, Халық мемлекеттік банкі құрылды, акционерлік капитал тәркіленді.
Уездерде, алғашында бір-бірінен бөлек болған Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесін Шаруа депутаттары кеңесімен біріктіру жөнінде үлкен жұмыс өткізілді.
1918 жылы 10 наурызда Семейде өзекті мәселелер қатарын талқылаған жұмысшы, солдат, шаруа, қырғыз (қазақ), казак депуттары кеңесінің біріккен облыстық съезі ашылды. Съез Кеңес өкіметін мойындау, жерді, ірі өнеркәсіп пен банкттерді национализациялау, кәсіпорындарға жұмысшы бақылауын енгізу, қызыл армия бөлімдерін құру, земстволық басқарманы тарату, сот және шарушылық органдарын ұйымдастыру туралы сұрақтарды қарастырды.
Кеңес өкіметінің қарсыластыры билікті өз еркімен бермеді. Олардың қолдарында әлі де елеулі саяси және экономикалық күш болды. Эсерлер мен меньшевиктердің ықпалында ірі кәсіподақтар – кеме жасау жұмысшыларының, сауда қызметкерлерінің одақтары қалып қойды. Контрреволюциялық элементтер қала тұрғындары арасында «қызылдар қауіпі» туралы үрей тудыратын, Кеңес өкімдеріне қасақаналық жасайтын сөздерді таратты. Қалалар мен уездерде кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған бірнеше көтерілістер болып, олар күшпен басылды. Сондықтан, қала мен облыс әскери жағдайға көшірілді. Жұмысшы және қала кедейлерінен тұратын әскери жасақтар құрыла бастады. Осындай отрядтар өлкенің барлық ірі қалаларында құрыла бастады.
Өкіметтің толықтай халық қолына өту жоспарының дайындалған және оны іс жүзіне асыру орталығы Бостандық үйі (қазіргі өлкетану мұражайының ғимараты) болды.
1918 жылы наурыз-сәуір айларында өлкеде Кеңес өкіметі орнықты.
Алашорда 1918 жыл. Кеңес өкіметінің жариялауынан бастап, Алаш қозғалысы қайраткерлері жариялаған Қазақ автономиясының тағдыры туралы сұрақ күн тәртібіне шықты. 1918 жылы 31 қаңтарда Семейде облыстық земство жиналысы облыс тұрғындарын, ішіне Семей облысы да кіретін бүкіл қырғыз өлкесінің өзін-өзі басқару туралы 2-ші жалпықазақ съезінің шешімін қолдауға шақырды. Бірақ съездің бұл шешімін өлке тұрғындары бірдей қабылдаған жоқ. Пікірлер алшақтығы Алаш қаласына жеке статус беру туралы мәселені көтергенде байқалды. 2 ақпанда Алаш қаласында (бұрыңғы Заречная слобода) митинг өтті, онда орыс тұрғындары Алаш қалалық басқармасын, қазақ милициясын жоюды талап етті, ал қазақтардың пікірі керсінше болды. Қаладағы жағдайдың одан әрі ұшығуына, қала басшылығының осы қалыптасқан жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін білмеулері де әсер етті.
Кеңес өкіметіне қарсы соғыс қимылдарының басталуына байланысты Алаш қаласында қазақтың әскери ұйымы құрыла бастады. 1918 жылы 5 маусымда қалаға далалық өңірден офицер-нұсқаушысы бар 500 адамнан тұратын атты әскер қосыны келіп кірді. Олармен бірге Алашорданың төрағасы Ә.Н.Бөкейханов та бірге келді. Оған қала тұрғындарының өкілдері Никольск шіркеуінің жанында салтанатты қабылдау рәсімін жасады. Кездесуге әскери штабтың өкілдері де қатысты. Әскери өнерге үйретілген осы қосын жауынгерлерінің ұлттық мәнердегі былғары жағасы бар камзол түріндегі әскери киімдері болды. Қосын қалаға, ортасында «Қазақ» газетінің бетіндегідей, киіз үйдің бейнесі салынған ақ туды желбіретіп кірді.
Кеңес өкіметін мойындаудан бас тартқан Алашорда еріксізден өлкедегі бірден-бір әскери күш – генерал А.Н.Дутовтың казак армиясына сүйенуге мәжбүр болды. 1918 жылы 4 қарашада «Сібір үкіметінің» қазақ автономиясын қолдай алмайтындығы туралы ресми мәлімдемесі жағдайды бүтіндей өзгертіп жіберді.
1918 жылы желтоқсанның алғашқы күндерінде подполковник Хамит Тохтамышев екінші алаш полкін құруға кірісті. Содан кейін келешекте жаңа ашылып жатқан прапорщиктер мектебіне оқуға түседі деген оймен уездерден жастарды оқу командасында қызмет жасауға шақыруға болжамдалды.
Семей облысы азамат соғысы жылдарында. 1918 жылы контрреволюциялық күштердің жас Кеңес республикасына ашық шабуыл басталды. Кеңес өкіметінің қарсыластарының негізгі екпінді күші ақгвардия армиясы болды. Мамырда ақчехтар мен ақгвардияшылар Новониколаевскіні (Новосібірді), Петропавловскіні басып алды. Маусымның басына таман ақ гвардия ертіс өзені бойымен Алтайға қарай қозғалды – Ертіс бойына қауіп төнді.
Өлкені қорғаудың шұғыл шаралары жүзеге асырылды. Семей Бостандық үйінде еріктілер Қызыл Армияға жазылатын штаб ашылды. Өз ықтиярымен келген шаруалардан уездерде, болыстарда, ауылдарда Қызыл Армияның қосындары мен өзін-өзі қорғау жасақтары құрылды.
Ақгвардияшылар Сібірдің үлкен бөлігін басып алды, олардың отрядтары Ертіс бойын өрлей жылжыды. Олар Зайсанды, Үржарды, Бақтыны, Үлкеннарынды, Бұқтырманы, Бийскіні, Каменьді жаулап алып, Барнаулға қарай жылжи бастады. 1918 жылы 10 маусымның түнінде Өскеменде жоғары Ертіс казактарының көтерілісі болды, олар отряды қаланы басып алды.
1918 жылғы 10 маусым күні түстен кейін контрреволюцияшылар Семейді де алды. Ертіс бойында ақгвардияшылардың ашық әскери диктатурасы орнады.
Сібірдің барлық жерлеріндегідей, Семейде және уездерде Сібір Уақытша үкіметінің губерниялық, уездік комисссарлары тағайындалып, Қалалық дума, уездік және болыстық басқармалар қалпына келтірілді. Патша үкіметінің саясатын жалғастыра отырып, Сібірдің Уақытша үкіметі жергілікті тұрғындар қазақтардан және переселендерден Семей облысының переселен қорына жалпы көлемі 1 300 000 десятина болатын 300 жер телімдерін тартып алды. Семейден Жетісуға қарай шабуылға көшкен ақтар армиясын траспортпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге және сол сияқты шаруалардың күш-көліктерінен тұратын арбалы керуен батальонын құруға бұйрық берілді. Жаңадан алым-салықтар және міндеткерлік түрлері енгізілді. Семейден Сергиопольге дейін тар табанды темір жол құрылысын жүргізуге 3 ай мерзімге 1000 астам қазақтар мобилизацияланды.
1918 жылы қарашада Антантаның билеуші топтарының тікелей араласыуымен Омбыдағы Сібір үкіметінің эсер-меньшевиктік билігі өзін Ресейдің «жоғарғы билеушісі» деп жариялаған адмирал А.В.Колчактың әскери-монархиялық диктатурысымен ауыстырылды.
Антантаның айтқандарын орындай отырып, адмирал Колчак жұмысшы және шаруа мемлекетіне қарсы кең көлемдегі қарулы күресін бастады. Ол Семей облысы сияқты, Сібір аймағының және Далалық өлкенің басқа да аудандарын армияға қажетті адам және материалдық ресурстарды беретін сенімді көзге айналдыруды көздеді. Верный мен Ташкентті алып, Закаспийдің контрреволюциялық күштерімен қосылу үшін Семей облысы Ақтар армиясының сенімді тылына айналуы қажет болды. Мұның өзі антибольшевиктік коалицияның ыдырауына әкелді. Алашорданың әдәуір бөлігі Қазақстанға кеңестік болса да автономия беруге уәде берген Москвамен қатынас орнатуды бастады.
Семей облысында «қатаң тәртіпті» орнату үшін Омбыдағы әскери билік аймаққа атаман Б.В.Анненковты жіберді. Алғашқы күннен бастап анненковшылар Кеңес өкіметінің жақтастарын, қызыләскерлерді, белсенді жұмысшыларды құрта бастады. Олардың кейбіреулерін тұтқындаған кезде өлтірсе, басқаларын собор жанындағы Жазғы бақта, Ертіс жағасында, қала сыртындағы құм шағылдарда атты, пристаньдағы темір жол тұйығында тұрған «өлім вагондарына»қамалды, артынан олар да өлтірілді. Құрбан болғандардың ішінде Семейдегі Кеңес өкіметінің жетекшілері К.Шугаев, комиссарлар П.П.Салов, Өскемен уездік Кеңесінің төрағасы Я.В.Ушанов, Павлодар уездік Кеңесінің төрағасы – В.Теплов және т.б. болды.
Өлкедегі көтерілістер мен партизандық қозғалыстар. Ақгвардиялық террордың алғашқы күндерінен-ақ жасырын большевиктік топтар құрыла бастады. Семейдегі сондай орталықтардың бірі қаланың жұмысшы ауданы – Затон болды. Бір уақытта қалада тағы екі жасырын топ жұмыс істеді. Жасырын топтар облыстың көптеген болыстарында құрылды.
Орнатылған тәртіпке қарсы ұйымдастырылған қимылдарға шаруалар да қосыла бастады. 1918 жылы тамызда Шемонаихада ірі көтеріліс болып өтті. Мұндай көтерілістер Шығыс Қазақстанның оншақты елді мекендерінде болды. Көтеріліс басында поселкілерде құрылған ревкомдар мен әскери штабтар болды. Көтерілісшілер 5 кавалерия, 5 жаяу әскер қосынын құрды. Олардың құрамында мыңға тарта жауынгер болды. Ақгвардия командованиесі көтерілісшілерге қарсы ірі әскери күштерді жіберді, олар көтерілісті аяусыз басты.
Азамат соғысы тарихының әйгілі беттерінің бірі болып Шеркеш (Черкасск) қорғанысы саналады. Шеркеш қорғанысы қорғаушыларының қатарында Үржар мен Сергиополь өңірлерінің қонысаударушылары мен шаруаларының партизан отрядтары ерлікпен күресті. Партизандар гарнизондарға шабуыл жасап, қару-жарақтармен арбалы керуендерді ұстап алып, байланыс құралдарын жоятын. 1919 жылы сәуірде жеке жасақтар «Тарбағатайдың қызыл тау қырандары» аталып, ірі қосынға бірікті. Қосын комиссары болып Е.С.Алексеев, ал, ол шайқаста қаза тапқаннан кейін А.Ф.Нестеренко сайланды. Тарбағатай тау жотасының баурайындағы елді мекендерде Кеңес өкіметі қайта орнады. Ақгвардияшылар өз қатарларын күшейтіп, партизандарға тірек база болған бірнеше елді мекендерді алды. Партизандар мен тұрғындардың үлкен бөлігі тауға шығып кетті. Бірақ қақаған қыстың қиын жағдайында «Тарбағатайдың қызыл тау қырандары» отряды күресін жалғастырып, Сергиополь-Үржар-Бақты трактын бақылауда ұстап тұрды.
Партизан қозғалысы Семей облысының Бұқтырма, Өскемен, Зайсан уездерінде өріс алды. Облыстағы партизан қозғалысы мен халық көтерілістері ақгвардияшыларді жеңуде маңызды рөл ойнады.
Өлкедегі Кеңес өкіметінің түпкілікті жеңісі. Қызыл Армияның колчакшыларға қарсы сәтті жүргізілген белсенді әскери әрекеттерінің нәтижесінде Павлодар қаласы, Рубцовск және Ауыл станцалары босатылды. Қызыл Армия мен партизандық құрамалар Семейге жақындай түсті.
Семей қаласының жасырын орталығы әскери жұмысшы жасақтары мен гарнизонның бірнеше бөлімшелерінің көмегіне сүйеніп, 1919 жылы 30 қарашада қарулы көтеріліс бастады. Анненковшылар, біршама қарсылықтан кейін, Семейді қалдырып, Ертістің сол жағалауына, кейіннен Сергиопольға шегінді.
1 желтоқсанда Семейде Кеңес өкіметі Әскери-Революциялық штаб түрінде қайтадан орнады. 16 желтоқсанда Семейге қызылармиялық бөлімдер кірді.
Қызыл Армияның негізгі күштерінің шабуылдаушы бөлімдері 1920 жылы 12 қаңтарда Сергиопольді, ал 22 қаңтарда Үржар станицасын босатып, партизандар отрядымен қосылды.
Біртіндеп барлық облыс ақгвардияшылардан босатылды, жаппай Кеңес өкіметі орнатылды.
Сұрақтар мен тапсырмалар
Облыста кеңес билігі қалай орнады?
1918 жылы жергілікті халық пен Алашорда арасында қандай қайшылықтар туындады?
Азамат соғысында жеңіске жету үшін қарсылас жақтар арасында қандай шаралар жасалынды?
Азамат соғысы жылдарындағы ұлттық келісім саясатының себептері қандай?
Өлкедегі көтерілістер мен партизандық қозғалыстардың пайда болу себептері неде?
Өлкеде кеңес билігінің жеңіске жетуіне қандай факторлар әсер етті?
Азамат соғысы жылдарында өзіңіз тұратын жерде қандай оқиғалар орын алғандығын біліңіз.
Дәріс 7. Шығыс Қазақстан ХХғасыр 20-30-шы жылдарында
Өлкенің әкімшілік-территориялық бөлінісі. Аймақтың әкімшілік-территориялық құрылымының негізі РКФСР ХКК-нің (СНК) «Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару туралы революциялық комитетінің 10 шілде 1920 жылғы Ережесінде» белгіленді. Семей облысы Казревкомның басқаруына берілді. РКФСР БОАК (Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитететі) мен ХКК-нің 26 август 1920 жылғы «Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы» туралы декрет бойынша Семей облысы Зайсан, Қарқаралы, Семей, Өскемен уездерімен бірге Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің құрамына енді. Жаңа құрылған үкіметке мұндай үлкен аумақты басқару алғашқы кезде қиынға түсті, сондықтан Семей облысы 1921жылдың сәуір айына дейін іс жүзінде Сібір ревкомының басқаруында болып, губернияға айналды.
Қырғыз ОАК-нің Декретімен 19 сәуір 1921 жылғы «Сібір казактары әскерінен өзенді бойлай оншақырымдық жерлерді жалға алып, бұрыннан бері тұрып келе жатқан еңбекші қырғыз халқына» мынадай жерлер: Семей губерниясының Өскемен, Семей, Павлодар уездеріндегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы жерлер берілді. Омбы губерниясынан Павлодар уезі, Алтай губерниясынан уезд құқымен Бұқтырма ауданы және Змейногорск уезінің бір бөлігі Семей облысына берілді.
1928 жылы республиканың губернияларға, уездер мен болыстарға бөлінуі жойылды да, округтар мен аудандарға бөліну енгізілді. Қайтадан құрылған Семей округінің құрамына 23 аудан енді. 1930 жылы Қазақстанда қайтадан облыстық бөлініс енгізілді. Семей қаласы Шығыс Қазақстан облысының орталығы болды. 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына бөлінді. Ал 1939 жылы Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Семей облысы бөлініп шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |