Қоғамдық-саяси өмірдегі келеңсіз құбылыстар. ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ.
1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны пайдалана алмады.
Түрі ұлттық мәдениет, оқу мен тәрбие іс жүзінде аударма болды. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою үдерісі жүрді.
Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді.
Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың «АзиЯ» деген кітабының идеологиялық бағыты мен мақсатына күмән келтіріп, ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа қарсы жазылған деп айыпталды.
Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тиым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар ұжымы даярлаған «Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы» деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог О.Исмағұловтың «Қазақстанның этностық геногеографиясы» деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға методологиялық қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бәрі алынып тасталды.
1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы қарама-қайшылықтар еді. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андроповтың ықпалы болған. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді.
Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілінде «Қазақстан бөлінбейді!», «Неміс автономиясы болмасын!» және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті.
КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұл шешіміне республикада тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар «Қазақстаннан шаңырақ сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту тікпек жері Еділ бойы, автономия алсақ, о бастағы «ата» қоныстан ірге көтереміз», - деп отырып алды. Бұл жерде еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарының аумағында неміс автономиялық облысы бар болатын. Республика халқының наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды.
Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірілді. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателіктер, жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркәсібінен тұтастай айырылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Адам өлімі, әсіресе, балалардың шетінеуі көбейді.
Экологиялық дағдарыс жағдай Семей өңірінде де орын алды. Семей және басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мәліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның сәулесіне ұшырады, әсіресе, онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты. 1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру және өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа әр жылдарда Республика территориясында 27 жерде қуаты әртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, әсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді.
70-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді.
1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 бағдарламалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді.
Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді.
1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.
ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ әдебиеті І. Есенберлиннің, Ә.Нұршайықовтың, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М.Шахановтың, Қ.Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ә.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қалдаяқовтың, Л.Хамидидің, Н.Тлендиевтің, Ә.Еспаевтың, І.Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді.
«Ботагөз», «Аққан жұлдыз», «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір експресі», «Бейбарыс сұлтан» кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н.Жантуриннің, Ы.Ноғайбаевтың, А.Әшімовтың, Ә.Боранбаевтың, режиссерлар Ш.Аймановтың, М.Бегалиннің, С.Ходжиковтың, А.Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың, т.б. шығармашылық қызметтерімен байланысты. Ә.Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті.
70-80-ші жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ә.Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Осы жылдары бес томдық «Қазақ КСР тарихы», он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», он бір томдық «Қазақстанның металлогениясы», тоғыз кітаптан тұратын «Қазақстанның сүт қоректілері», тоғыз томдық «Қазақстанның өсімдіктері» және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Әл-Фарабидің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды. Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшылықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталауына әкеп соқты.
Достарыңызбен бөлісу: |