Физикалық процесс – жүйенің бір күйден екінші күйге өтуі.
Детальдың тепе – теңдік принципінің мәні мынада: тепе-теңдіктік макрожүйедегі кез келген микропроцесс оған кері процестің жылдамдығындай жылдамдықпен өтеді.
Механикалық жүйенің еркіндік дәрежелер саны деп жүйенің кеңістіктегі орнын анықтайтын тәуелсіз шамалардың санын айтады.
Бірінші текті мәңгі қозғалтқыш деп сыртттан алған энергиядан артық жұмыс жасайтын, периодты әрекет ететін қозғалтқышты айтады.
Политроптық процесс деп дененің жылу сыйымдылығы тұрақты болып қалатын процесті айтады.
Жылу сыйымдылық деп дененің температурасын бір кельвинге арттыру үшін оған жұмсалатын жылу мөлшеріне тең шаманы айтады.
Барометрлік формула деп, атмосфералық қысымның биіктікке байланысты экспоненциалды кемуін өрнектейтін формуланы айтады.
Еркін жүріс жолының ұзындығы деп газ молекуласының кезектес екі соқтығысуларының арасындағы уақыт ішінде жүріп өтетін өтетін жолын айтады.
Электростатика деп қозғалмайтын зарядтардың кеңістікте туғызған электр өрістерінің қасиеттерін зерттейтін физиканың бөлімін айтады.
Электр өрісі деп көмегімен кеңістікте зарядтар арасындағы өзара әсерлесу жүзеге асатын материалдық ортаны айтады.
Электр өрісінің кернеулігі деп өрістің берілген нүктесіндегі бірлік оң зарядқа әсер ететін күшпен анықталатын шаманы айтады.
Электр өрісінің потенциалы деп өрістің берілген нүктесіндегі бірлік оң зарядтың потенциалдық энергиясымен анықталатын шаманы айтады.
Электр өрістерінің суперпозиция принциптерінің мәні электр зарядтары жүйесінің қорытқы өрісінің кернеулігі әрбір жеке заряд туғызған өріс кернеуліктерінің векторлық (геометриялық) қосындысына тең болатындығымен байланысты.
Электрлік диполь деп бір-бірінен белгілі бір ара қашықтықта орналасқан шамалары тең, таңбалары қарама-қарсы екі зарядтың жүйесін айтады.
Электр тогы деп зарядтың қандай да бір бет арқылы өтуін айтады.
Сименс – электрлік кедергіге кері шама заттың электр өткізгіштігінің бірлігі.
Тізбектің әр текті бөлігі деп электростатикалық күштермен бірге бөгде күштер әсер ететін бөлікті айтады.
Тұрақты электр тогы деп шамасы мен бағыты уақыт бойынша өзгермейтін электр тогын айтады.
Магнит өрісі құйынды өріс, себебі магнит өрісі индукциясының циркуляциясы нольден өзгеше.
Магнит индукциясы векторының дивергенциясы әрқашан нольге тең, себебі табиғатта магнит зарядтары жоқ.
Ортаның магниттік өтімділігі ортадағы магнит өрісінің индукциясы вакуумдағымен салыстырғанда неше есе артық екендігін көрсетеді.
Кюри нүктесі деп температураның одан жоғары мәнінде заттың ферромагнетиктік қасиеттері жойылып, ол парамагнетикке айналатын мәнін айтады.
Электромагниттік индукция құбылысы деп тұйықталған өткізгішконтурмен шектелген магнит ағыны өзгергенде осы контурда индукциялық электр тогы деп аталатын электр тогының пайда болу құбылысын айтады.
Генри – контур индуктивтілігінің бірлігі.
Тербеліс деп белгілі бір қайталану дәрежесімен сипатталатын процесті айтады.
Тербеліс периоды – толық бір тербеліс уақыты.
Герц (Гц) – уақыт бірлігі ішіндегі бір тербеліске сәйкес тербелістер жиілігінің бірлігі.
Гармоникалық тербеліс деп синустық немесе косинустық заң бойынша өтетін тербелісті айтады.
Математикалық маятник – салмақсыз. Созылмайтын жіпке ілінген және ауырлық күшінің әсерінен тербеле алатын материалдық нүкте.
Толқын ұзындығы деп 2-ге тең фазалар айырымымен тербелетін екі нүктенің ара қашықтығын айтады.
Жылулық сәуле деп денелердің ішкі энергиясы есебінен шығатын электромагниттік сәулені айтады.
Дененің энергетикалық жарқырауы (немесе сәуле шығарғыштығы) деп дененің бірлік бетінен барлық бағытта шығатын энергия ағынын айтады.
Абсолют қара дене деп кез келген температурада өзіне түскен жарықты оның жиілігіне, поляризациясы мен таралу бағытына байланыссыз жұтатын денені айтады.
Планк гипотезасы электромагниттік сәуле жиілігіне пропорционал энергияның жеке үлестері (кванттары) түрінде шығады.
«Ультракүлгін күйреуі» деп классикалық физиканың Кирхгоф функциясына арналған қара дененің сәуле шығарғыштығының жиілікке тәуелділігінің тәжірибелік мәліметтерін қанағаттандыратын өрнегін классикалық физика әдісімен іздеудің мүмкін еместігін айтады.
Сыртқы фотоэффект (немесе фотоэлектрондық эмиссия) деп қатты және сұйық денелердің электромагниттік сәуле әсерінен электрондар шығаруын айтады.
де Бройль гипотезасының мәні мынада: бөлшектердің корпускулалық қасиеттерімен бірге толқындық қасиеттері де болады.
де Бройль толқыны – классикалық физикадағы толқындармен ұқсастығы жоқ, ерекше кванттық табиғаты бар толқын.
Гейзенбергтің анықталмағандық принципінің мәні мынада: микробөлшектің координаталары мен оларға сәйкес импульстерінің анықталмағандықтарының көбейтіндісі Планк тұрақтысынан кем болмайды.
Шредингер теңдеуі – микробөлшектер қозғалысының заңдарын сипаттайтын релятивистік емес кванттық механиканың негізгі теңдеуі.
Толқындық функция - микробөлшектің күйін сипаттайтын функция.
Достарыңызбен бөлісу: |