Жоғары дамыған елдердің өзін 3 негізгі топшаға жіктейді:
Басты капиталистік елдер – “Үлкен Жетілік” деп аталатын жоғары деңгейде дамыған жеті ел (АҚШ, Канада, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия), Бұл елдерде жан басына шаққандағы жиынтық ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші 25 мың доллар шамасында, экономикасының ауқымы өте үлкен және құрылымы күрделі. Бұл топтағы елдерді “өркениет локомотивтері” деп те атайды. Әлемдегі “500-дің клубы” аталған аса ірі 500 ұлтаралық бірлестіктің 400-ден астамы осы елдерде орналасқан, олардың үлесіне жалпы жылдық сату көлемінің 90%-ы тиесілі болады.
Батыс Еуропаның шағын капиталистік елдері: Бельгия, Нидерланд, Австрия, Швейцария, Норвегия, Швеция, Дания, Финляндия.ЖІӨ көрсеткіші 20-25 мың доллар. Бұл елдер әлемдік экономикада елеулі орын алады, маманданған салалары бар: Халықаралық географиялық еңбек бөлінісінде Бельгия мен Нидерланд порт шаруашылығымен (Роттердам, Антверпен), электр техникасы өндірісімен; Норвегия халықаралық теңіз тасымалына мамандануымен; Швейцария қаржы орталықтарымен және станок, сағат өндірісімен; Финляндия целлюлоза-қағаз өндірісімен; Швеция машина жасау және металлургия өнеркәсібімен ерекшеленеді. Бұл елдердің халықаралық деңгейде мамандануын мына мысалдардан көруге болады: кішігірім Швейцарияда 620 банк бар, ал Нидерланд гүл өсірушілері әлемдік гүл нарығының жартысынан астамын “жаулап алған”.
Қазіргі кезде дүние жүзілік саясатта да шағын елдердің ролі артып отыр. Бірқатар халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері осы елдерде орналасуы – осының дәлелі. Мысалы, Брюссель қаласында НАТО мен Еуропалық Одақтың, ал Венада МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік), және ОПЕК (сыртқа мұнай шығаратын елдер ұйымы) сияқты ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Бейтарап саясат ұстанатын Швейцарияда Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына енетін Бүкіл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Халықаралық еңбек ұйымының, Дүниежүзілік Метеорологиялық ұйымның және Халықаралық пошта одағының штаб-пәтерлері шоғырланған.
“Қоныс аударған капитализм” елдері. Дамыған капиталистік елдердегі капиталистік қатынастардың (өндірісті ұйымдастырудың технологиясы, нарықтық шаруашылық үлгісі, өмір салты және т.б.) “дайын” үлгісінің бұрын капиталистік жүйе тән болмаған елдерге енгізілуін ғалымдар “капитализмнің қоныс аударуы” деп атайды. Осыған сәйкес, әлемде “қоныс аударған капитализм елдері” деген айрықша елдер тобы ажыратылады. Мұндай елдер тобына бұрын Ұлыбританияның отары болған Аустралия Одағы, Израиль, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка Республикасы жатады. Экономикасының даму ерекшелігіне байланысты бұл топқа “үлкен жетілікке” енетін Канада да жақын келеді. Аталған елдердің экономикасында әлемдік деңгейдегі экономика алпауыттары жетекші роль атқарады. Басқа дамыған елдерге қарағанда бұл елдерде тау-кен өнеркәсібінің үлесі жоғары, экспортында шикізат пен ауыл шаруашылық өнімдері басым.
Лекция 4
Тақырыбы: Дамушы елдердің қазіргі дүниедегі орны (2 сағат)
Мақсаты – Дамушы елдердің негізгі топшаларының географиялық ерекшеліктерімен таныстыру және олардың қазіргі дүниедегі орнын ашып көрсету.
Жоспары
Дамушы елдердің негізгі топтары.
Жетекші дамушы елдер.
Жаңа индустриялық елдер.
Мұнай экспорттаушы елдер. «Жалға пәтер беруші» елдер.
Дамушы елдердің қазіргі дүниедегі орны.
Дамушы елдер саны жағынан көп, алып жатқан аумағы, халқының саны жөнінен де ауқымды. Бұл елдер тобына мынадай белгілер тән болады:
Әлемдегі ірі ұлтаралық бірлестіктердің пайдасы ретінде елден қайтымсыз әкетіліп жатқан қаржының болуы;
Шаруашылықтың көп укладтылығы, яғни капитализмнің бұрынғы жүйе сарқыншақтарымен ұштаса дамуы;
Жергілікті капиталдың салыстырмалы түрде нашар дамуы, оның әлемдік қана емес, ұлттық экономикадағы үлесінің де төмен болуы;
Экономикада мемлекеттік сектор үлесінің басым болуы;
Жоғары дамыған елдерге ғылыми-техникалық жағынан тәуелді болу, оларда ескіріп қалған технологияларды өндірісте пайдалану;
Әлеуметтік қарама-қайшылықтар.
Осы жалпы белгілеріне қарамастан, дамуышы елдер даму деңгейіне, экономикасының құрылымы мен ұйымдасу деңгейіне, әлемдегі орнына қарай әрқилы болады. Оларды осы ішкі айырмашылықтарына қарай мынадай негізгі топшаларға бөледі.
Жетекші дамушы елдер (Қытай, Үндістан, Бразилия, Мексика): Халық санының көптігі; арзан еңбек ресурстары; экономикалық әлеуетінің жоғарылығы; жан басына шаққандағы экономикалық көрсеткіштердің төмен болуы; шаруашылық құрылымының күрделілігі; бай мәдени қор.
Жаңа индустриялық елдер (Корея Республикасы, Малайзия, Сингапур, Тайвань, Таиланд, Аргентина): Шетел инвестициясы мен жоғары технологиялар, арзан жұмыс күші есебінен экономиканың, әсіресе өнеркәсіптің жоғары қарқынмен дамуы.
Плантациялық шаруашылық елдері (Гватемала, Гондурас, Коста-Рика, Куба, Никарагуа, Сальвадор, Доминика Республикасы, Гаити, Гана, Кот-д”Ивуар, Шри-Ланка): Агроклиматтық жағдайлардың қолайлылығы; шетел қаржысының басымдылығы; саяси жағдайдың тұрақсыздығы; халықтың әл-ауқатының төмендігі.
Мұнай экспорттаушы елдер (Парсы шығанағы елдері, Ливия, Венесуэла және т.б.): Жан басына шаққандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жоғары болуы; жаңа технологиялардың енгізілуі; қаржы экспорты.
“Жалға пәтер беруші” елдер (Мальта, Кипр, Бахрейн, Либерия, Багам аралдары, Барбадос, Панама): Халықаралық маңызды көлік жолдары тоғысында орналасуы; салық жеңілдігі; рекреациялық ресурстар; қаржы және қызмет көрсету орталықтарының қалыптасуы.
Кейбір алдыңғы қатарлы дамушы елдер жиынтық ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші мен әлеуметтік даму деңгейі, өнеркәсіптің даму қарқыны жөнінен жоғары дамыған елдерге жақындайды. Әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі төмен дамушы елдердің көпшілігінде демографиялық, экологиялық жағдайдың асқынуы байқалып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты проблемалар туындауда.
Соңғы жылдары алдыңғы қатарлы елдерде ақпараттық экономиканың басым бола бастауы дамыған елдер мен дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі айырмашылықтарды одан әрі тереңдете түсті. Дамушы елдердің басты артықшылығы болып есептелетін шикізат қоры мен арзан еңбек ресурстарына сұраныс азаюда; бұл дамыған елдерде шикізатты аз қажетсінетін және ақыл-ой еңбегіне негізделген экономиканы дамытумен байланысты түсіндіріледі.
Лекция 5
Тақырыбы: Мешеу елдер, олардың артта қалушылығының себептері (2 сағат)
Мақсаты – Қазіргі заманғы дамудың төмен сатысындағы мешеу елдердің экономикалық-географиялық ерекшеліктерімен таныстыру.
Жоспары
Мешеу елдер ұғымы, олардың артта қалушылығының себептері.
Азия мен Африкадағы мешеу елдер.
Мешеу елдердің экономикалық құрылымындағы ерекшеліктер.
Демографиялық проблемалар.
Мешеу елдер ұғымына әлеуметтік және экономикалық даму деңгейі өте төмен, осы себепті қаржылық, экономикалық және гуманитарлық көмекке мұқтаж елдер қамтылады. Мешеу елдерге тән мынадай белгілер бар:
Экономикалық даму деңгейінің және жан басына шаққандағы табыстың өте төмендігі;
табиғи өсудің жоғарылығы;
аграрлық сектордың басымдылығы;
әлеуметтік жағдайдың нашарлығы
адамның өмір жасының қысқалығы, сәбилер өлімінің көптігі.
Мешеу елдердің қатарына Мұхит Аралдары, Африка, Азияда орналасқан 48 ел жатады. Олардың қатарында сыртқы қарыз мөлшері шамадан тыс көп болып отырған Африка елдері, экономикасының құрылымы өте қарапайым, ресурстарға өте кедей Мұхиттық аралдардағы мемлекеттер, халық саны көп, ауыл шаруашылығының басымдылығы жағдайында дамуы тежеліп отырған Азия елдері бар.
Мешеу елдердің экономикалық құрылымындағы ерекшеліктері:
экономиканың монокультуралық сипаты (көптеген мешеу елдерде экономика құрылымы өте қарапайым, онда бір немесе бірнеше ғана сала басым болады, ол саланың дамуы көбінесе шетелдік инвестиция мен әлемдік нарықтағы бағамдарға тәуелді болады);
экономиканың көп укладтылығы (мұндай елдерде экспортқа бағдарланған бір немесе бірнеше сала ғана ірі капиталистік шаруашылық деңгейінде болады, сонымен қатар натуралды, бытыраңқы шаруашылық укладтары сақталған).
Экономиканың бір орталықта ғана шоғырлануы (әдетте ел астанасында немесе басты портты қалада).
Мешеу елдерде демографиялық проблемалар да көп. Олардың қатарына туудың шамадан тыс көп болуы, сәбилер өлімінің жоғары деңгейі, адамның өмір жасының қысқалығы және балалар үлесінің жоғарылығы.
Лекция 6
Тақырыбы: Өтпелі экономика елдерінің дүниежүзілік шаруашылықтағы орны (2 сағат)
Мақсаты – Өтпелі экономика елдерінің дүниежүзілік шаруашылықтағы орнымен және осы елдердің экономикалық-географиялық ерекшеліктерімен таныстыру.
Жоспары
Өтпелі экономика тән елдер және олардың басты ерекшеліктері.
Өтпелі экономика тән елдердің дүниежүзілік шаруашылықтағы орны.
Өтпелі экономика тән елдер тобына енетін елдер саны онша көп емес. Бұл топтағы елдерді ғалымдар негізгі екі топшаға жіктейді:
Шығыс Еуропадағы өтпелі экономика елдері. Бұл топты кезінде социалистік даму жолында болған елдер (Польша, Чехия, Словакия, Венгрия, Румыния, Болгария, Сербия, Черногория, Словения, Хорватия, Босния және Герцеговина, Македония, Албания, Балтық бойы елдері – Латвия, Литва, Эстония) құрайды. Экономиканың өтпелі сипаты бұл елдерде айқын көрінеді; оларда орталықтан жоспарланатын социалистік экономикадан нарықтық экономикаға өту жүзеге асырылуда. Жекелеген елдердің дүние жүзілік шаруашылық пен еңбек бөлінісіндегі бағыт-бағдарының өзгеруі де өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Соған қарамастан аймақ шаруашылығының дамуында ғылыми-техникалық прогрестің тигізген әсері айқын байқалады. Әсіресе электр энергетикасы, машина жасау, химия өнеркәсіптері қарқынды дамуда және ол өндіріс орындары елдердің неғұрлым артта қалған аудандарының деңгейін көтеруге бағытталған. Аталған елдерде ЖІӨ көрсеткіші 10 мың долларға дейін.
ТМД елдері. ТМД елдерінің құрамы. ТМД одағының құрылу жағдайлары мен қазіргі даму тенденциялары. ТМД елдері экономикасының даму бағыттары, олардың әртүрлілігі. Ресей экономикасындағы қазіргі даму тенденциялары, әлеуметтік және саяси жағдай. Украина мен Беларусь Республикаларындағы қазіргі экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдай. Қазақстан Респбликасының ТМД одағындағы орны. ТМД құрамындағы даму қарқыны баяу елдер. Әлеуметтік жағдайдың әркелкілігі. Саяси тұрақсыздық байқалатын аумақтар.
Лекция 7
Тақырыбы: Дүние жүзіндегі ынтымақтастық ұйымдары (2 сағат)
Жоспары
Дүние жүзіндегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызы.
Біріккен Ұлттары Ұйымы
Елдердің ынтымақтасу типтері.
Кедендік одақтар. Сауда ұйымдары.
Халықаралық ұйымдар дегеніміз – халықаралық келісімдер (жарғы, статут немесе басқа құжаттар) негізінде құрылған, тұрақты түрде жұмыс істейтін үкімет аралық және үкіметтік емес ұйымдар. Олар өзінің қызметін жарғылық құжаттарына сай, көп жақты келіссөздер мен проблемаларды талқылау, дауыс беру арқылы немесе консенсус негізінде шешім қабылдауға құрады.
1919 жылы құрылған Ұлттар Лигасы деп аталатын халықаралық ұйым 1939 жылы өз жұмысын тоқтатты. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, 1945 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрылды. Штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында (АҚШ) орналасқан. Ұйымға 191 мемлекет (2007 ж) мүше.
Бұл ұйымның алға қойған негізгі мақсаттары оның Жарғысында көрініс тапқан. Олардың қатарына әлемдегі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейбір өмірге төнген қауіптің алдын алу немесе бетін қайтару, халықаралық даулы мәселелер мен шиеленістерді реттеу жатады. Бұл Жарғыда мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі мен ынтымақтастығының басты принциптері, оның барлық мүшелерінің теңдігі, халықаралық көлемдегі ынтымақтастық пен өзге мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау принциптері бекітілген.
Кейбір жағдайда БҰҰ халықаралық саяси жанжалдарды реттеудің бейбіт құралдарынан басқа, әскери жолын да пайдалануына тура келеді. БҰҰ қарамағындағы әскери күштер мен қаржы оған мүше елдердің жарнасы есебінен түзіледі.
БҰҰ-ның басты органдары – Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, Халықаралық сот, Қамқорлық жөніндегі кеңес, Хатшылық. БҰҰ-ның Бас хатшысын Бас Ассамблея 5 жыл мерзімге тағайындайды. Сондай ақ, БҰҰ-ның халықаралық деңгейдегі қызметін ұйымдастыруда оның құрамындағы Атом энергетикасы жөніндегі агеттік (МАГАТЭ), Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымның (ЮНЕСКО, штаб-пәтері Парижде орналасқан), Халықаралық еңбек ұйымының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Азық-түлік пен ауыл шаруашылық жөніндегі ұйымның (ФАО), Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) маңызы зор.
Достарыңызбен бөлісу: |