23
- құрылымдық бөлімшелерге қызмет көрсететін басқа құрылымдардың (көмекші
өндірістер мен қосалқы өндірістердің) қызметі
дер кезінде есепке алынуы тиіс;
- құрылымдық бөлімшелерде өндіріс құралдарының, еңбек ақы қорының дұрыс
пайдалануын, отырғызылатын материалдар, жем-шөп және басқа да материалдық
ресурстардың мөлшерге сәйкесті жұмсалуын жедел бақылауды қамтамасыз етуі қажет.
Ауыл шаруашылығы ұйымдарында жедел басқару үшін алғашқы құжаттарды дер
кезінде әрі толық рәсімдеумен қатар, ұйымдағы материалдық жауапты тұлғалардың есеп
бөліміне дер кезінде есеп берулерді тапсыруы маңызды әсер етеді. Жалпы ауыл
шаруашылығына бағытталған кішігірім фермерлер мен серіктестіктерде бұл мәселеге
жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келеді. Оның негізгі себептерінің бірі – бүгінгі күнге дейін
ауыл шаруашылығы үшін шығындар есебі мен өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау және
бақылауға байланысты арнайы қабылданған нормативтік актілердің немесе әдістемелік
ережелердің жоқтығы болып отыр. Сонымен қатар, көптеген ауыл шаруашылығы
кәсіпорындарының басшылары есептің өндірісті басқарудағы қажеттілігін және
маңыздылығын әлі де болса бағаламай келеді.
Бухгалтерлік есепті ұтымды ұйымдастырудың алғышарттары болып мыналар
саналады:
1) Ауыл шаруашылығындағы меншік түрлерінің ұйымдық-құқықтық әрекет ету
ерекшеліктеріне байланысты бухгалтерлік есепті жүргізудің арнайы ережелерін
дайындау;
2) Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының есеп тәжірибесін қазіргі ұлттық және
халықаралық есеп стандарттарына сәйкестендіру;
3) Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін алғашқы есеп құжаттары мен есеп
регистерлерінің үлгілерін дайындау;
4) Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін есеп берудің тиімді нысандарын
дайындау;
5) Агроөнеркәсіп саласына бағытталған білікті есеп және қаржылық басқару
қызметкерлерін дайындау.
3. Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шығындар және оларды жіктеу
Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда өндірістік шығындардың
жіктемесін беру үшін, алдыменен мына жағдайларға жете назар аудару қажет деп санаймыз:
- ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиялық-ұйымдық ерекшелігіне;
- әртүрлі меншік нысанында ішкі шаруашылық байланыстар мен шаруашылық
субъектісін басқарудағы ұйымдық-құқықтық құрылымға.
Өндіріс көлеміне қатысы бойынша шығындар өзгермелі және тұрақты болып бөлінеді.
Өзгермелі шығындар өнім көлемінің өзгерісіне байланысты пропорционалды өзгеріп
отыратын шығындар болатын болса, ал тұрақты шығындар өндіріс көлемінің өзгерісі кезінде
өзгермейтін немесе маңызсыз өзгеретін
шығындар болып табылады
Демек, өндіріс шығындарының жіктемесіне қарай толық анықтама беру үшін оларды
төмендегі белгілеріне қарай жіктеп көрсетуге болады:
өндіріс процесіндегі экономикалық рөліне қарай – негізгі және үстеме;
құрамы бойынша – бір элементті және кешенді;
өндіріс көлеміне қатысты - өзгермелі және тұрақты; шартты-өзгермелі және шартты-
тұрақты;
әрбір өнімнің өзіндік құнына қосылу тәсіліне қарай – тікелей және жанама;
пайда болу жиілігіне қарай –
ағымдағы және бір реттік;
өндіріс процесіне қатысуына қарай - өндірістік және өндірістен тыс (кезең
шығындары);
жұмсалу маңыздылығына, тиімділігіне қарай - өндірімді және өндірімсіз;
24
жоспарды қамту мүмкіндігіне қарай – жоспарланатын және жоспарланбайтын.
Негізгі шығындарға өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісі немесе технологиялық
процеске байланысты шығындар жатады. Оларға шикізат, материалдар, өндірістік
жұмысшылардың
еңбек ақылары, технологиялық мақсатқа отын және т.б. шығындар жатады.
Үстеме шығындарға өндірісті ұйымдастыру мен қызмет көрсету шығындары атап
айтқанда өндірістік бөлімшелердегі әкімшілік-шаруашылық қызметкерлердің еңбек
ақылары, жарықтандыру, өндірістік ғимараттарды жылыту, өндірістік негізгі құралдарды
жөндеу және т.б. шығындар жатады.
Бір элементті шығындар деп – бір типті экономикалық элементтен құралған және
құрамдас бөліктерге бөлуге келмейтін шығындар жатады.
Кешенді шығындарға бірнеше экономикалық элементтен тұратын шығындар жатады.
Оларға үстеме шығындар, кезең шығындарын жатқызуға болады.
Өзгермелі шығындар деп өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісінің көлеміне тікелей
қатысы бар шығындарды айтамыз. Оларға шикізаттар мен материалдар, технологиялық
мақсатқа отын мен жылыту шығындары, жұмысшылардың кесімді еңбек ақылары және т.б.
шығындар жатады.
Тұрақты шығындар өндіріс көлемінің өзгерісіне байланысты өзгермейтін немесе
маңызсыз өзгеретін яғни шартты-тұрақты шығындар жатады. Оларға үстеме шығындар және
әкімшілік шығындарды енгізуге болады.
Демек, қаржылық есептіліктің халықаралық және ұлттық стандарттары бойынша
экономикалық элементтеріне қарай шығындар төмендегідей топтастырылады:
-
материалдық шығындар;
- еңбекке ақы төлеу шығындары;
- әлеуметтік аударымдар;
-
құралдардың тозуы;
- басқа да шығындар.
Қаржылық есептіліктің халықаралық және ұлттық стандарттары бойынша өндірістік
шығындар есебі мен өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау төмендегі шығын баптары
бойынша жүзеге асырылады:
- материалдар;
- өндірістік жұмысшылардың еңбек ақылары;
-
еңбек ақыдан аударымдар;
- үстеме шығындар.
Бақылау сұрақтары:
1. Ауыл шаруашылығы саласының технологиялық ерекшеліктеріне сипаттама беріңіздер
және олардың бухгалтерлік есепті ұйымдастыруға тигізетін әсері қандай?
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі және қолданылып жүрген заңдар мен
заңдылықтарға сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ұйымдық-құқықтық
нысандарына сипаттама беріңіздер.
3. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бухгалтерлік есептің негізгізгі міндеттеріне
шолу жасаңыздар.
4. Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі «шығындар», «шығыстар» «өндіріске жұмсалынған
шығындар» түсініктерінің бір-бірінен айырмашылықтары қандай?
5. Өндіріс процесіндегі экономикалық рөліне қарай бөлінетін негізгі және үстеме
шығындарға сипаттама беріңіздер.
6. Құрамы бойынша бір элементті және кешенді шығындарға сипаттама беріңіздер.
7. Өндіріс көлеміне қатысты өзгермелі және тұрақт, шартты-өзгермелі және шартты-
тұрақты шығындарға сипаттама беріңіздер.
8. Өнімнің өзіндік құнына қосылу тәсіліне қарай тікелей және жанама шығындарға
сипаттама беріңіздер.