сындарлы оқыту теориясы мен тәрбиенің 12 бағытын ықпалдастыра отырып, адами құндылықтары дамыған оқушы тәрбиелеу
1 сәуір 2014 - ӘСЕЛ
Мұғалім педагогика, технолгия әлеміндегі жаңалықтарға үңіліп, оны зерттеп, зерделеп, іс-тәжірибеде пайдаланып, өзінің технологиясын қалыптастыруы, заман талабы мен ағымына ілесуі қажет.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты- терең білім, кәсіби дағдылар негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамыту және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» делінген. Ал ұстаздың міндеті – жеке тұлғаның өзіне, қоғамға қажетті қабілеттерін қалыптастыру, дамыту және өз бетімен білім алуына, өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда былтырдан бастап жаңа форматта оқыту мен оқудың Кэмбридждік әдіс-тәсілін қазақстандық мұғалімдерге меңгертуді қолға алғаны белгілі. Себебі, ақпараттық қоғамның негізгі талабы- оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық ойлау-құрылымдық қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны дағдыларын қалыптастыру және оқушы әлеуметінің ақпараттық сауатты болып өсуі мен ғасыр ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу, яғни ақпараттық қоғамға бейімдеу. Ал ағылшындардың озық тәжірибесі осыған сәйкес келеді.
Бағдарламаның оқушыға қаншалықты тиімді боларын, оның білім мен тәрбие берудегі үлесінің зорын сездім. Себебі, оқыта отырып тәрбиелеуді қатар алып жүрудің қыр-сырын ағылшындар терең меңгеріпті. Мәселен, зерттеуші-психолог ШУЛЬМАННЫҢ «Мұғалімнің үш көмекшісі» деп атаған қасиеттері айтылады. БАС- кәсіби түсінік, қол- оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек- кәсіби-өнегелік тұтастық. Бұдан біздің түсінетініміз, әр мұғалім теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, шын ынта- ықыласымен оқушыларға мейірімділік, жанашырлық, құрмет көрсете білуі тиіс. Яғни, біздің біліктілігіміз бен рухани құндылығымыз мықты болу керек деген сөз.
Біліктілікті арттыру бағдарламасынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда сауаттылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды.
Мен қазақ тілі мен әдебиеті сабағында және тәрбие сағаттарында Бағдарламаның 7 модулі мен тәрбиенің 12 бағытын ықпалдастыра отырып, адами құндылықтары дамыған жеке тұлға қалыптастыруға болады деп ойлаймын:
«Оқыту мен оқуда ақпараттық–коммуникациялық технологияларды пайдалану» модулін қолдану
Қазіргі таңда заманауи техниканың дамуымен компьютер, ұялы телефон, ғаламтор – бұлардың бәрі жасөспірімдердің көңілін жаулап алды. Оқушылардың кітап, газет-журнал оқу, рухани құндылықтарды бойына сіңіру сияқты дағдыларының қалыптаспауы танымының, көзқарасының тарылуына әкеліп соғуда. Рухани құндылығымыз ада болып, адамгершілік қасиетіміз алшақтап, білімді механикалық тұрғыдан меңгерсек, біздің құлтемірден айырмамыз қайсы?! Мен бұл жерде қоғамда барлығы осындай дей алмаймын, көпшілік жасөспірімдеріміз өз уақыттарын тиімді пайдаланбайтыны белгілі.
Қазіргі таңда жоғарыда айтылған компьютер, ұялы телефон, ғаламтор сықылды заманауи техниканы жасөспірімдердің рухани қүндылық үшін пайдалануын жүзеге асыруымыз қажет. Ол үшін не істеуге болады? Ғылым мен техниканың шапшаң дамыған заманында, компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болған жасөспірімдердің қолына оқулық ұстатып, шебер тәрбиелей оқыту мұғалім алдындағы үлкен бір мәселе. Дегенмен, қандай да бір қиыншылықтан шығудың жолдары болатыны белгілі. Бұл тұрғыда маған Бағдарламаның төртінші «Оқыту мен оқуда ақпараттық–коммуникациялық технологияларды пайдалану» көмегін тигізді. Өткізілген сабақтар мен тәрбие сағаттарында ғаламтор желісін мақсатты пайдалану арқылы оқушылардың ізденімпаздық қабілеттері артты. «Құрбан Айт қабыл болсын!», «Төл теңге», «Қазақстанның тұңғыш президенті» тақырыптарында өткізілген тәрбие сағаттарында оқушыларға алдын-ала тақырыптар беріліп мәліметтер жинап келу тапсырылған болатын. Нәтижесінде оқушылар өздері тапқан материалдарды жүйелеп, нақтылап орындап, ортаға салды.
Рухани – адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру
Бағдарламаның «Оқудың ынталандырушы және аффективті теориларына» негізделген Авраам Маслоудың ынтаның иерархиялық моделіне сүйенсек, төменгі деңгейге психологиялық қажеттіліктерді орналастырса, жоғары деңгейге-өзін-өзі көрсете, таныта білуді қойды. Бұл дегеніміз- тән азығы мен жан азығы. Тән азығына азы-түлік, киім-кешек, баспана, көлік сияқты адамның күнделікті материалдық тіршілігін қамтамасыз ететіндер жатады. Ішкі жанымызбен, түйсігімізбен сезінетін рухани дүние- жан азығы. Басқаша айтсақ, жан азығы- рухани құндылықтар. Қазіргі таңда рухани құндылықтардан гөрі материалдық құндылықтың бірінші орынға шыққанын жасыра алмаймыз. Бұл жас ұрпақтың білі мен тәрбиесіне кері әсер ететіні белгілі. Егер рухани құндылығымыздан айырылсақ, табиғатты сүю, бірге туған бауырды сүю, жалпы адамзатты сүю, өз Отанын, ұлтын сүю деген қасиеттерден қол үзіп қалуымыз мүмкін.
www.jospar.kz Барлық пәннен күнделікті сабақ жоспарлар орта және қысқа мерзімді сабақ жоспарлар
Рухани – эстетикалық тәрбие беруде «Ана тілім — ардағым», «Ұстаздар – ұлы жандар», «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», «Имандылық жарасады ұл-қызға», «Алтын емес-салтым қымбат, жалқың емес-жалпың қымбат» тақырыптарында тәрбие сағаттарын өткіздім.
Отбасы тәрбиесі
Отбасының қоғам мен мемлекет, тіпті күллі адамзат алдындағы атқаратын қажеті сан қырлы. «Отан отбасынан басталады» десек, адам тәрбиесі –Отанды сүю, өмірге құштарлық, сұлулықты тану бала бала кезден жанұяда басталатыны баршаға аян.
А.С. Макаренко: «Тәрбие –баламен сөйлесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді.Тәрбие-тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі -өнеге көрсетуінде»,-деген ғой.Баланы жас кезінен бастап сыйлап,қадір-қасиетін, ар-намысын бағалап, дұрыс сөйлеп, дұрыс қарым-қатынас жасаған абзал.
Ата-ана отбасындағы үлкендерді сыйлап, құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады.Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол екені белгілі. Осы орайда, сыныбымда ата-аналар арасында түрлі тренингтер ұйымдастырып, отбасылық сайыс, тәрбие сағаттарын өткіздім.
Шығармашылық қабілетті дамыту
Өзін-өзі тану мен өзіне өзі даму қажеттілігін қалыптастыру
Оқушының шығармашылықпен еңбектенуі үшін оған қозғау салып, оның белгілі бір дәрежеде білім қорын жинауына мұғалімнің шеберлігі қажет. О.Бальзактың “ұдай еңбек ету — өнердің де, өмірдің де заңы” дегеніндей, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыруда мұғалімге үнемі ізденуге, тұрақты еңбек етуді міндеттейді. Сондықтан, білім сапасын арттыру, оқушылардың біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми — ізденіс қабілеттерін қалыптастырып, бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.
Бұл жөнінде деңгейлік бағдарламаның «Талантты және дарынды балаларды оқыту» модулін басшылыққа алдым.
Жетекшілік ететін сыныбымда шығармашылықпен айналысатын талантты және дарынды балалардан құрылған шығармашылық топ құрылды.
Мақсаты – шығармашылықтарын шыңдау, бөлісу, ортаға салу, шыңдалу. Топ құрамы :
Зейнуллақызы Рахима – ақын жанды, шығармашыл оқушы. Бұл оқушының өлеңдерін «Жыр жауқазын» деп жинақтап, сынып оқушыларына тараттық.
Есемуратова Фарида — ғылыми жұмыспен айналысады. Аудандық «Жарқын болашақ» VI қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасында «Маңғыстаудың жер-су атауларының морфологиялық құрылымы» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғап ІІ орын иеленді.
Жумашов Қалымжан– ақын жанды, шығармашыл оқушы.
Жандаулетова Жансая– көркем сөз шебері. Мектепішілік іс-шараларға белсене атсалысады.
Абижанов Жандаулет– қазақша күреспен айналысады.
Якья Мирас — қазақша күрестен облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері.
Исенбаев Нұртай — көркем сөз шебері, актерлік қабілеті бар.
Жеткербаев Бақтығали — қолөнермен айналысады. Шебер қолдар үйірмесінің мүшесі. Қолынан шыққан бұйымдары мектептің «Шебер қолдар» бұрышында көрмеге қойылды.
ҚР “Білім туралы” заңының 41 бабында “Педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандарттарында көзделген деңгейден төмен емес білім, білік, дағдыны қамтамасыз етуге, шығармашылық қабілеттерінің дамуы үшін жағдай жасауы міндетті”- делінген. Сондықтан оқушыларды шығармашылыққа баулып, олардың белсенділігін, қызығушылығын арттыра түсу үшін сыныптан тыс жұмыстардың рөлі зор.
Коммуникативтік мәдениетті қалыптастыру.
Коммуникативтік мәдениет-қажетті тілдерді, қоршаған адамдармен және оқиғалармен әрекеттестікте болу тәсілдерін білуді, топта жұмыс жасау дағдыларын, ұжымдағы әр түрлі әлеуметтік рөлдерді меңгеруді қамтиды. Оқушы хат жазып, сауалнама толтырып, арыз жаза білуі тиіс, сұрақ қойып, пікір таластыра алуы қажет. Бағдарламаның оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулінің «Диалог арқылы оқыту» әдісін басшылыққа алдым. Бұл тұрғыда сыныпта «Имандылық – инабаттылық негізі», «Сөйлесе білу де өнер» тақырыптарында тәрбие сағаттарын өткіздім. Сонымен қатар диалог барысында оқушылар ( сонымен қатар олардың мұғалімдері де) келісілген нәтижеге қол жеткізу үшін күш-жігерін жұмсайтынын және Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады. Осы тұжырымды басшылыққа ала отырып, сыныпта түрлі тақырыптарда пікір алмасу, пікірсайыс өткіздім. «Мен елімнің ертеңімін» тақырыбында пікір алмасу, «Сабырлы болу қиын ба?» тақырыптарында тәрбие сағаттарын өткіздім. Ата –аналар мен оқушылар арасында «Мен және отбасым» тақырыбында сынып сағаты ұйымдастырылып, оқушы-ата-ана- мектеп байланысын нығайту мақсатында түрлі тренингтер ұйымдастырылды.
Нәтижесінде топта жұмыс жасай алатын, ойын, пікірін ашық, еркін жеткізе білетін, қоршаған ортамен байланыс жасай алатын, ойын қорытып, өзіндік пікір қалыптастыра алатын оқушы тәрбиеленеді.
Оқушыны өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландырып, жеке тұлға етіп қалыптастыру
Әлеуметтік –мәнді және жеке қасиеттерін қалыптастыру
Бүгінгі таңда білім саласының алдында дайын білімді, дағдыларды меңгеріп, қайталайтын ғана емес, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Аталған Бағдарламадағы сындарлы оқытудың мақсаты да- оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалан білуін қамтамасыз ету. Бұл,әрине, оқушылардың шығармашылық әрекетін дамытуда маңызды мәселе.
Ол үшін білім мен тәрбие беру барысында мынандай дағдыларды қалыптастыру қажет:
- Өз бетімен жұмыс істеуді ұйымдастыру;
- Оқудан тыс алған білімдерін пайдалана білуге баулу;
- Өзінің білгенін өзгелерге үйрету дағдысын қалыптастыру;
- Жан-жақты алған білімін үйлестіре алу;
- Бағдарламаның «Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулін басшылыққа ала отырып, өзін де, өзгені де бағалай білуге үйрету қажет.
Бұл тұрғыда тәрбие процесінде жасалған жұмыстарым :
- Сынып секторлары апта, ай сайынғы сынып, оқушылар, тәртіп туралы мәліметтерді беріп отыру;
- Қыздар ұйымы мен ұлдар ұйымы аптаның белгіленген күнінде өзара жиналыс өткізу;
- Бір –бірін мадақтап, қолпаштап отыру;
- Өздері құрастырған сыныптың «Алтын ережесіне» бағыну
Оқу-танымдық белсенділіктерін дамыту
Кәсіби-шығармашылық тәрбиесі
Интеллектуалды мәдениетті қалыптастыру тәрбиесі
Озық технологияларды қолдана отырып оқыту- бұл таным әрекетін ұйымдастыру.
Бұл тұрғыда Бағдарламаның «Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету» модулін басшылыққа ала отырып, оқушыларға «Ар-намыс керек адамға», «Ақша қайдан келеді?», «Кім болғым келеді?», «Адамгершілік – асыл қасиет» тақырыптарында тәрбие сағаттарын өткіздім.
Қорыта келгенде оқыту мен оқудағы 7 модульді басшылыққа ала отырып сабақ өтудің тиімділігі: оқушылар өзара бағалауды, дарындылықты анықтауды, сыни тұрғыдан ойлауды да, шығармашылықпен айналысуды да тереңінен түсінуге бағыт алды. Топтасып жұмыс жасауда ойларын еркін айта алуын, дәлелдемелер арқылы постер қорғап, білімдерін кеңейтетінін ұқты. Бағалауда мұғалімге тәуелді болмайтынын, өз білімдерін өздері бағалауға болатынын көрді.
Жеті модульді сабаққа кіріктіріп, бағдарламамен жұмыс жасағанда тапсырманы бірлесіп жасаудың тиімділігін түсіндім. Өз бетімен жұмыс жасауына сенім артып, тапсырманы қызықты етіп берсе, оқушылар қажеттілігін алуға тиімді бағдарлама екенін ұқтым. Білім берудегі Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін басшылыққа ала отырып, оқыту үдерісінде және тәжірибеде жеті модульді ықпалдастырып сабақ өткізудің нәтижелі болатынына көз жеткіздім.
Әрбір мұғалім жаңару үдерісін жатырқамай қарсы алып, оны өзінің іс тәжірибесіне енгізуге асығуы тиіс. Өйткені әр бала қай сыныпта оқыса да, қай жаста болса да өзінің кім болатынын армандайды және өмірден өз орнын табуды басты мақсатым деп санайды, сондай –ақ өз айналасынан дұрыс бағдар беретін ақыл-кеңес күтеді. Сондықтан әрбір мұғалім оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын жаңалықтарды да қабылдауға дайын болуы тиіс деп ойымды тұжырымдаймын.
Достарыңызбен бөлісу: |