127
А.Байтұрсынұлы адамды күлкі ететін сөзге ерекше мән берген. Ғалымның
пайымдауынша: «Екі түрлі күліс бар. 1. Шын күлкі – шаттық үстінде, көңіл қоштағанда
келетін күлкі. 2. Сын күлкі – нәрсе көңілге күдікті, ерсі көрінген уақытта келетін күлкі. Күлкі
сөз – адамға эмоциялық жағынан әсер ететін, көңіл-күйдің құбылуына елеулі ықпал ететін
сөз қолданысы. Адамның арына тию жағынан күлкі сөз бірнеше түрге бөлінеді. Адам
ауырлайтын да, ауырламайтын да күлкі бар. Ауыр күлкінің аты мазақ, мысқыл болады да,
жеңіл күлкінің аты сықақ, қулық болады. Ең жеңілі – ойын сөз, оны әзіл деп айтамыз.
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» – деп дана халқымыз айтқандай, көтеріңкі көңіл, жадыраңқы
күлкі сыйлайтын бұл – қалжың (сөз). Қалжың күлкі адамдар арасында жеңіл әзіл,
қалжақтасудан туындайды. Мұндай күлкі көп жағдайда зиянсыз, керісінше, пайдалы, көңіл-
күйді көтереді. Мысалы:
- Сен семізсің, суық майыңнан өткенше көктем шығады-ау, - деп қалжыңдады
Нұржан. Үшеуі айызы қана тағы күлді (О.Бөкей «Қар қызы»). Немесе:
Бақытжан: - Өле қалсақ бір-бірімізге топырақ та сала алмайтын болдық-ау.
Аманжан: - Ничего, қар саламыз ха-ха-ха... Не деген сорлы пенде деген... (О.Бөкей
«Қар қызы»).
а) Мазақ қылу біреудің кемшілігін, мінін айтып күлу болады. Әдебиет жүзінде мазақ
қылу кемшілік пен мінді әшкерелеп, жұртқа жаю болады. Мазақ түрінде күлудің ауыр
болатын себебі осыдан. ә) Мысқылдау сөздің өңін теріс айналдырып айту. Бұлай айту
кекесін болады. Кекесін сөз зілді болады. Мысқыл сөздің ауыр тиетін себебі осы. б) Сықақ
пен қулық күлкі сөздің, асылында, ауырламайтын түрлері. Бұлар ауырлайтын түрге айналса,
онда олар сықақ та, қулық та болмай, мазақ пен мысқылдың бірінің түріне түсіп кетеді» [4,
174]. Адам жүзіндегі күлкі бүгінде Голливуд жұлдыздарының бір «белгісіне» айналған.
Сонымен қатар, өмірде сәтті, бақытты адамдарды да әдемі күлкісіз елестете алмайсыз.
Дегенмен, күлкінің де шегін ұмытпаған абзал. Мәселен, орынсыз және шамадан тыс күлкінің
ұяты мен зияны да мол. Қазақта мөлдір күлкі, теңгедей сыңғырлаған күміс күлкі бар. Ол
сұлуларымызды одан да ажарландыра түседі. Ал халқымыздың «Қыздың күлгені – өлгені,
жымиғаны – күлгені» дегені қыз баласының ибасы мен ізетін көрсетеді [5].
Жалпы күлкінің мынандай түрлері болады:
1) Кесапат күлкі – дұшпаның қызметінен босап қалса немесе парақорлықпен ұсталса,
бәсекелесіңіздің қызы тұрмысқа шықпай жатып, көтеріп қойса т.б. жағдайдан туындайтын
күлкінің түрі.
2) Аңқау күлкі мән-жайды түсінбей жатып күлу немесе күлемін деп, бір жерінің
ашылып кеткенін байқамай қалу.
3) Арам күлкі – көбінесе шенді-шекпенділерге жағымпазданудан болатын күлкінің
ерекше түрі.
4) Сайқал күлкі – жасанды күлкі, күлкің келмей тұрса да өтірік күлген болып ілтипат
таныту немесе біреуді өзіне қарату. Мысалы: Шарапат жаңағы бір кезде іргеге таман қат-
қабат жайылған көрпенің үстіне тасталған жастықпен бірге өзі де құлай кеткен еді,
сықылықтай күліп қайта түрекелді (Ә.Әбішев «Найзағай», 241-б.).
5) Мысқыл күлкі – біреуді кемсіту я болмаса кемшілігіне күлу. Мысалы: Упрай кеңк
етіп күлді. Күлді де: - Мүмкін іштәнім мен іш көйлегімді қоса аларсың... – деп мысқылдаған
(О.Бөкей «Қар қызы»). Немесе: - Ең алдымен қоян атып үйренсең еді, ұлым. – Қоңқай
мысқылдап күлді. Сасар емес (О.Бөкей «Қар қызы»).
6) Еріксіз күлкі – күлкінің ең жағымды түрі, қоғамдық орындарда жүргенде есіңізге
бірдеңе түсіп кетсе немесе болмашы бір әрекетке қатысты болуы мүмкін, еріксіз (кейде
дауыс қатты шығып) күліп барып, ауызыңызды баса қоятын күлкінің түрі. Мысалы: Нұржан
еріксіз күліп жіберді. Күліп жіберді де: - Демек, ағасы, сау желіп тұрған техникамен
Айыртаудан пішен алып келу, тіпті де трактористің «маңдай алды» механизаторлығына
байланысты емес. Кез келгеннің қолынан келер шаруа бұл (О.Бөкей «Қар қызы»).
7) Зілсіз күлкі – зияны жоқ жеңіл күлкі. Мысалы: Мұрнына атқан насыбайды сіңбіріп,
түшкіріп-пысқырған Аманжанға бәрі мазақтай зілсіз күлді (О.Бөкей «Қар қызы»).
128
8) Тоқ күлкі – уайым-қайғысы жоқ, ештеңемен басын ауыртқысы келмейтін адамдарға
тән күлкі.
9) Өтірік күлкі – күлкің келмесе де, көңіл үшін күле салу немесе белгілі бір
тыныштықты бұзу үшін күлу, қорқынышты жеңу үшін күлу. Мысалы:
Сол бір айлы түнде тараған жат үнді Бақытжан да естіп, елегізіді білем,
қорқыныштан қалжыңға айналдырды.
- Тракторды қасқыр жеп кетпесін, - деп жырқ етіп өзі күлді - өп-өтірік күлді
(О.Бөкей «Қар қызы»).
10) Шеккен күлкі – есірткінің күшінен туған күлкі. Бұл көбіне санасыз түрде болады
[6].
Ғалымдардың зерттеуінше, темпераментіне байланысты адамдар әртүрлі күледі.
Күлкінің өзі адамның қасиеттерін айқындайды. Мысалы: Айғайлап күлу. Мұндай адамдар
көбіне ашық мінезді, дені сау, көпшіл болып келеді. Дыбыс шығармай, ақырын күлу. Мұндай
адамдардың мінезі тұйық болады. Адамдармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын мінезі
жұмсақ, көнбіс адамдар да осылай күледі. Мысалы: Әйгерім Үмітейге қарап, қысыла
қызарып:
- Қой, қалқам. Қой, лайығы жоқ... – деп, тартынып қана ақырын күліп еді.
Әйгерімнің жылы жүзді күлкісі, инабаттылығы, жаңа түскен келінекендігі осы
жерден көрінеді (М.Әуезов «Абай жолы»).
Қысқа күлу. Күштің, ақылдың, құпиялықтың белгісі. Мұндай адамдар үлкен
қиындықтарды оңай жеңе алады. Үзіп-үзіп күлу. Көбіне жүйке жүйесі сыр берген күйгелек
адамдар осылай күледі.
Дөрекілікпен күлу. Мұндай адамдар жабайы, билікке ұмтылғыш, эгоист болып келеді.
Бояма күлкі – адамның күлкіні меңгеруінің нәтижесі, өзінше бір санауға, өлшеуге келмейтін
субстанция және сонымен қоса әлем. Бояу көп түстерден құралғандықтан бояма күлкіні
меңгерген майталмандардың күлкісін түсіне алмай, адасып қалушылық жиі кездесіп қалады.
Ғалым, саясаткер Ғарифолла Есім бояма күлкіні көбінесе саяси өмірмен байланыстырады
және бояма күлкінің екі аспектісін атап көрсетеді. Біріншісі – психологиялық аспекте:
«ұялған тек тұрмас» дегендей, қысылған сәттерде күлу; сен өзің сыйлайтын немесе жақсы
көретін адамыңның сәтсіз және мүлде күлкілі емес әзілдеріне күлу; ұнайтпайтын, сақтанатын
адамға сыр бермеу үшін күлу; моральдік қасиеттеріне байланысты «арқасына пышақ салу»
үшін күдік туғызбау мақсатындағы күлу; бір адамның көңіліне кірбің түскенде көңілін
жадырату үшін күлу; адам қуанған кезіндегі реакциясынан болатын күлу, сондықтан да
психолог мамандардың кеңесі бойынша көңіл болмаған сәттерде адам жымиып, бет әлпетін
күлкі формасына үйіргенде көңіл көтеріледі екен.
Екіншісі – экономикалық аспектте, іскерлік қатынас жағынан қарастырғандағы бояма
күлкі түрлері. Бұл көбінесе жұмыстың жүріп, пайда табу мақсатындағы күлу: бастықтың
сөздеріне күлу; сатушының сатып алушыға тауар өткізу үшін күлуі немесе керісінше сатып
алушының баға түсіру үшін күлуі. Қытайда ірі автосалон сатушысы, тіпті қарапайым
дүкендегі сатушының өзі күлкі маскасын тақпай жұмысын бастамайды екен. Себебі күлкі –
табысқа жету кепілі ғана емес, өмір, заман және бизнес талабы [7].
Күлудің бірнеше белгілері бар.
1. Күлудің физикалық белгісі: а) дыбыстың күшіне байланысты жай күлкі (дыбысын
шығармай күлу, ақырын күлу, жымию) және қатты күлкі (айғайлап күлу, қарқылдап күлу); ә)
Мерзіміне қарай күлкі қысқа және ұзақ мерзімді болады.
Қысқа күлу – сол сәтте ғана орын алатын және тез ұмытылып кететін күлудің түрі.
Ұзақ күлу – тоқтай алмай, есіне сол сәт түскен сайын ұзақ уақыт бойы күле беру. Кейде біз
ондай адамға «үсіп кеткенсің бе?» дейміз. Мысалы: Нұржан ішегін басып ұзақ күлді. Қар
тынымсыз жауып тұр. Қарсы бөлме – қарқ-қарқ күліп жатыр. Упрай бұдан соң күлкісін
тыя алмай отырған Нұржанға ақыл үйрете бастады (О.Бөкей «Қар қызы»).
2. Күлудің психологиялық белгісі: жағымды (қуанышты күлкі), жағымсыз (ызалы
күлкі) күлкі.
Достарыңызбен бөлісу: |