уақыты есепке алынуға тиіс.
3. Жұмыс істелген уақыт құрамында нақты жұмыс істелген жұмыс уақыты және
жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдері есепке алынуға тиіс. Бұл ретте
үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндердегі жұмыстар,
іссапар күндері бөлек есептеледі.
4. Жұмыс істелмеген уақыт құрамында ақы төленетін және ақы төленбейтін уақыт,
сондай-ақ қызметкердің және (немесе) жұмыс берушінің кінәсінен жоғалтылған жұмыс
уақыты есепке алынуға тиіс.
5. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі.
6. Қызметкердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде
орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты уақытпен тіркей алмайтын
кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында
еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.
8-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
92-бап. Тынығу уақытының түрлері
Тынығу уақытының түрлері:
1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер - тынығуға және тамақтануға
арналған үзіліс; ауысымішілік және арнаулы үзілістер;
2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндері (апта сайынғы үздіксіз тынығу);
4) мереке күндері;
5) демалыстар болып табылады.
93-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс
1. Қызметкерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және
тамақтануға арналған ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге
тиіс.
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тынығуға және
тамақтануға арналған үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде
үш сағат өткеннен кейін және төрт сағаттан кешіктірілмей белгіленуге тиіс.
3. Ұзақтығы 8 сағаттан асатын күнделікті жұмыста (жұмыс ауысымында) жұмыс
уақытының икемді жиынтық есебі режимі кезінде тынығуға және тамақтануға арналған
үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде төрт сағат өткеннен
кейін белгіленуі мүмкін.
4. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы еңбек
тәртіптемесі ережелерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.
5. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына
қосылмайды. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін болмайтын жұмыстарда
жұмыс беруші қызметкерді жұмыс уақытында арнаулы жабдықталған орында тынығу және
тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі,
тынығудың және тамақтанудың тәртібі мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің
қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып шығарылған актілерінде белгіленеді.
94-бап. Ауысымішілік және арнаулы үзілістер
1. Жұмыстың жекелеген түрлерінде қызметкерлерге технологияға және өндіріс пен
еңбекті ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын ауысымішілік үзілістер
беріледі. Бұл жұмыс түрлері, мұндай үзілістер берудің ұзақтығы мен тәртібі ұжымдық
шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған
актілерінде белгіленеді.
2. Жылдың суық мезгілінде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-жайларда
жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін қызметкерлерге жылыну
және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнаулы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші
қызметкерлердің жылынуы мен тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз
етуге міндетті.
3. Бір жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс істейтін әйелдерге тынығуға
және тамақтануға арналған үзілістен бөлек, осы Кодекстің 188-бабына сәйкес баланы
тамақтандыруға арналған қосымша үзілістер беріледі.
95-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы
Қызметкердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы)
арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем
болмауға тиіс.
96-бап. Демалыс күндері
1. Қызметкерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.
2. Бес күндік жұмыс аптасында қызметкерлерге аптасына екі демалыс күні, ал
алты күндік жұмыс аптасында - бір күн беріледі.
3. Бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні
болып табылады. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні жұмыс берушінің
актісінде немесе ауысым кестесінде белгіленеді. Егер ұжымдық шартта, еңбек шартында
өзгеше белгіленбесе, екі демалыс күні қатар беріледі.
4. Мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7
қаңтар - православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.
5. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша
немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет ету қажеттігі салдарынан демалыс күндері
жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін қызметкерлерге демалыс
күндері жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған
актілерінде бекітілген ауысымдық кестеге сәйкес қызметкерлерге (қызметкерлер
тобына) аптаның әр күндері кезекпен беріледі.
6. Іссапарда жүрген қызметкер демалыс күндерін өзі жіберілген жұмыс берушінің
еңбек тәртіптемесіне сәйкес пайдаланады.
97-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс
1. Осы Кодекстің 98-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің
бастамасы бойынша демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қызметкердің жазбаша
келісімімен жол беріледі.
2. Демалыс және мереке күндерінде қызметкердің бастамасы бойынша жұмысқа
жұмыс берушінің рұқсаты негізінде жол беріледі.
3. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс кезінде қызметкердің қалауы бойынша
оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 128-бабында көрсетілген
мөлшерде ақы төленеді.
98-бап. Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке
күндері жұмысқа тартудың ерекше жағдайлары
Қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай
жағдайларда:
1) төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау
не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2) жазатайым оқиғаларды, мүліктің опат болуын немесе бүлінуін болдырмау және
оларға тексеру жүргізу үшін;
3) жалпы ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмысы
осылардың жедел орындалуына тәуелді болатын шұғыл, бұрын көзделмеген жұмыстарды
орындау үшін жол беріледі.
99-бап. Қызметкерлерді демалыс және мереке күндері
жұмысқа тартуды ресімдеу
Қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тарту жұмыс берушінің
актісімен ресімделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |