194-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторларының міндеттері
Мемлекеттік еңбек инспекторлары:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын тексеруді уақтылы және
сапалы жүргізуге;
3) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою
жөніндегі шараларды қабылдау мақсатында осындай бұзушылықтар
туралы жұмыс берушілерді
(олардың өкілдерін) хабардар етуге;
4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша
жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін уақтылы қарауға;
5) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына әкеп соғатын себептер мен
мән-жайларды анықтауға, оларды жою және бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру
жөнінде ұсынымдар беруге;
6) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысуға;
7) еңбек заңнамасының бұзылу себептерін жинауды, талдауды және қорытуды жүзеге
асыруға, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алу жөніндегі
жұмысты күшейтуге бағытталған шараларды әзірлеу мен қабылдауға қатысуға;
8) еңбек міндеттерін орындауға байланысты өзіне мәлім болған мемлекеттік құпияны,
қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді
жария етпеуге;
9) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша түсіндіру
жұмысын жүргізуге міндетті.
195-бап. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері
1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарына қарай
мемлекеттік еңбек инспекторы төмендегідей актілер шығарады (жасайды):
1) мыналар:
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы;
жарақаттану қаупі бар және авариялық ахуалдардың туындауын болғызбау үшін
өндірістік объектілер мен жабдықтардағы, сондай-ақ өндірістік процестердегі еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі профилактикалық жұмыстарды жүргізу туралы;
жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындары мен жабдықтардың
пайдаланылуына және тұтас алғанда ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы
нұсқама.
Бұл ретте ұйым қызметіне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы акт сот шешімі
шығарылғанға дейін қолданылады.
2) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама;
3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы;
5) мемлекеттік еңбек инспекторының қорытындысы.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері жұмыс берушілер мен лауазымды
адамдардың Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарына ықпал
етудің құқықтық шаралары болып табылады. Актілер екі данада жасалады, оның біреуі қол
қойғызылып, жұмыс берушіге тапсырылады.
3. Мемлекеттік еңбек инспекторының актілері лауазымды адамдардың, жеке және заңды
тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
4. Мемлекеттік еңбек инспекторы актілерінің нысанын еңбек жөніндегі уәкілетті
мемлекеттік орган бекітеді.
196-бап. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басқа
мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара
іс-қимыл жасасуы
1. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өз қызметін басқа мемлекеттік қадағалау және
бақылау органдарымен, жұмыскерлердің
өкілдерімен, қоғамдық бірлестіктермен, басқа да
ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік еңбек инспекторына Қазақстан Республикасы
еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін орындауына
жәрдемдесуге міндетті.
197-бап. Бақылау субъектісіне бару арқылы жүргізілетін
бақылаудың өзге де нысандары
1. Бақылау субъектісіне бару – Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын
бақылаудың өзге нысаны.
2. Мемлекеттік еңбек инспекторы бақылау субъектісіне барған кезде:
1) қызметтік куәлігін;
2) қажет болған кезде құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған
рұқсатын;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен берілген,
объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсатты көрсетуге міндетті.
3. Бақылау субъектілері мемлекеттік еңбек инспекторы барған кезде:
1) мемлекеттік еңбек инспекторының баратын бақылау субъектісінің аумағына және үй-
жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай
отырып, барудың міндеттері мен нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштердегі
құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін бару нәтижелері туралы актіге қоса
тіркеу үшін беруге;
3) бару нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі соғуға;
4) объектіге бару үшін келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге
сәйкес әсер етудің зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторларынан қауіпсіздігін
қамтамасыз етуге міндетті.
4. Мемлекеттік еңбек инспекторының кіруіне кедергі келтірілген жағдайда, баруды
жүзеге асыратын мемлекеттік еңбек инспекторы және бақылау субъектісінің
уәкілетті адамы
қол қоятын хаттама жасалады.
5. Бару ішкі еңбек тәртіптемесінің қағидаларында белгіленген бақылау субъектісінің
жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
6. Бақылау субъектісіне бару мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.
7. Мемлекеттік еңбек инспекторы бақылау субъектісіне бару нәтижелері бойынша бару
нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, бару
нәтижелері туралы екі данада акт жасайды.
Бару нәтижелері туралы актіде:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) бақылау органының атауы;
3) баруды жүргізген мемлекеттік еңбек инспекторының тегі,
аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);
4) баратын бақылау субъектісінің атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (егер ол
жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), барған кезде қатысқан жеке немесе заңды
тұлға өкілінің лауазымы;
5) бару күні, орны және кезеңі;
6) бару нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың
сипаты туралы мәліметтер;