188
тәсіл, синтаксистік тәсіл және калькалау тәсілі. Аталып отырған
тәсілдің бәрі де негізінен, екі түрлі арнадан туындайды. ... Оның
бірі – тілімізде бұрыннан бар сөздерді терминдік мәнде қолдану
болса, екіншісі – жаңа терминдерді қазақ тілінің сөзжасам
мүмкіндіктерінен пайдалана отырып жасау» [53].
Академик Ә.Т.Қайдаров «Қазақ тілі терминологиясына жаңаша
көзқарас» деген ғылыми мақаласында қазіргі терминжасамның
мынадай 11 принципін ұсынады [52, 15-б.]:
1. Мемлекеттік тіл тірегі – терминологияға мемлекеттік
қамқорлық;
2. Терминжасам ісінде көрініс беріп жатқан бұқаралық
процестің жақсы үлгілерін орнықтыру;
3. Байырғы лексикалық
байлығымызды сарқа пайдалану;
4. Туысқан түркі тілдері тәжірибесін іске қосу;
5. Интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фоно-
морфологиялық
ерекшеліктеріне икемдеп алу;
6. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік
атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану,
аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық
ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау;
7. Салалық күрделі терминдер мен атауларды қазақ тілінің өз
негізінде алғашқы әріптері мен буындары бойынша қысқартып
пайдалануды
заңдастыру;
8. Көп жылғы тәжірибе арқылы қалыптасқан дәстүр мен
шарттылық заңдылығын мойындау;
9. Лексикалық байлығымызды салалық жүйе
бойынша жіктеп,
саралап пайдалану;
10. Тіліміздегі ұлттық және интернационалдық термин
атаулардың сандық, сапалық салмағын табиғи қалпында сақтаудың
жолдарын
іздестіру;
11. Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу
дәстүріне сәйкес реттеу.
Жалпы терминжасам процесінің нәтижесінде жасалған
терминдік бірліктерді тұтас құрылымды және көп құрылымды
деп бөліп көрсетуге болады. Осы ретте терминжасам процесінің
барысында туындайтын терминдердің басым көпшілігі тұтас
құрылымды терминдер болып келеді.
189
Туынды терминдерді жасау барысында терминжасам
процесінің семантикалық нәтижелері төменде келтірілген бір
түрде болуы тиіс:
1) таза транспозиция (сөздің бір сөз табынан басқа сөз табына
ауысып, мағынасының ешбір өзгеріссіз қалуы):
аударылған
мәтін→ аударма мәтіні;
2) транспозиция (туынды сөздің синтаксистік сипаты мен
мағынасының өзгеруі):
жеткізу → жеткізілім, түсу → түсім;
3) модификация (бір сөз табына жататын сөз тудырушы және
туынды сөздер терминдері арасындағы айырмашылықтар):
тіл →
тілші, аударма → аудармашы; анықтама → анықтамалық;
4) мутация (бір сөз табы терминдерінің грамматикалық және
мағыналық ерекшеліктері):
төраға → төрайым.
Осы орайда, біздің ойымызша, семантикалық өзгерістердің ең
алғашқысы синтаксистік деривация, екінші және үшінші типтері
– лексикалық деривация, ал төртінші тип – терминдік деривация
ұғымдарына сәйкес келеді.
Терминжасам тәсілдерінің мәселесіне тоқталатын болсақ,
онда көптеген ғалымдардың пікірі бойынша, жалпы қазақ
тілінің сөзжасам тәсілдерінің қай-қайсысы да терминжасам
процесінде өнімді қызмет атқара алады. Алайда, ең өнімді тәсіл
арқылы жасалған терминдер аффиксті тұлғалар болып табылады.
Аффиксті тәсіл уәждеуіш сөздің негізіне аффикстің жалғануы
дегенді білдіреді. Терминологиялық сөзжасам актісінің нәтижесі
терминсөз белгілі бір ұғымның атауын айқындап, сол ұғымның
мазмұнын да көрсетеді.
Әрбір тілдің сөздік қор ерекшелігі, ең алдымен, сол тілдің
аталымдық қызмет атқара алатын тілдік бірліктер жасалымындағы
техникалық
мүмкіндіктерімен
айқындалады.
Дегенмен,
аталымның негізгі тәсілдері (деривация, сөз тіркесі, сөздердің
семантикалық өзгеріске түсуі, басқа тілдерден кірме сөздер
қабылдау) кез келген тілдің аталымдық құралдар жүйесінде басты
орын алып, универсалдық тәсілдер болып табылады. Осыған
орай, түрлі тілдердің сөздік қор өзгешелігі атаулану тәсілдер
түрлілігімен емес, олардың өнімді-өнімсіз қасиеті тұрғысынан
өлшенеді. Мәселен, қазіргі таңда орыс тілінде ең жоғары өнімділік
танытып жүрген аббревиация құбылысының кейбір түрлері қазақ
тілінде байқалмайды.