Бақылаусұрақтары:
1.
ХІІІ ғ. ортасы мен ХІV ғ. ортасына дейінгі Дешті Қыпшақ аумағындағы
қып шақтану үрдісіне әсер еткен факторларды атап көрсетіңіз.
2. Мемлекеттегі саяси тұрақтылықтың этноүдерістерге тигізген оң ықпалдарын
ашып көрсетіңіз.
3. Хандар саясаты этноүдерістерге қалай әсер етті?
4. Этноүдерістер барысындағы қыпшақ тілінің рөлін көрсетіңіз.
5. Бір типті шаруашылықтың этноүдерістерге тигізген рөлін көрсетіңіз.
§3.Қыпшақтануүрдісіндегіисламныңрөлі
ХІІІ ғ. басынан ХІV ғ. ортасына дейінгі Жошы ұлысындағы этникалық
процестерге саяси, тілдік, шаруашылық, мәдени факторлармен қатар ислам
діні де маңызды рөл атқарады. Тіпті, ислам дінінің ықпалынсыз бұл процесс
өзінің мәресіне дейін жетпеген болар еді. Жалпы алғанда, ХІІІ-ХV ғ. қазақ
халқының қалыптасуының аяқталу кезеңінде исламның атқарған рөлі зор.
Ислам діні рухани өмірде қандай маңызға ие болса, руханилық дамуда да
дәл сондай маңызға ие. Руханилықтың негізгі өзегі, тірегі, діңгегі ислам діні
болып табылатындықтан, ол этникалық процестерде ең басты орындардың
бірін иеленеді. Этникалық процестерге қолайлы жағдайлар мен қажетті
шарттар жасаған әрбір фактор өздеріне тән ғана белгілі бір функциялар-
ды атқарса, руханилық фактор бұлардың бәріне ортақ руханилық кеңістікті
қалыптастырады, этнопроцестерге қатысушы этноэлементтерді рухани
жағынан біріктіреді, ынтымақтастырады, әрбір этноэлементтің сана-сезімін
жоймай-ақ, барлық этноэлементтердің сана-сезімдерінің жиынтығынан,
бірлігінен одан да жоғары деңгейдегі сана-сезімді, жаңа этносқа ортақ –
халықтық сана-сезімді туғызады, қалыптастырады.
Қазақ жеріне исламның алғаш келуі VІІІ ғасырдан басталса, оның бүкіл
Дешті Қыпшақ аумағында ресми дін мәртебесін алуы ХІV ғасырдың басы-
на, Өзбек ханның билігінің басына сай келеді. Міне, осы 600 жылдық тари-
хи дәуірді исламның таралуына қарай бірнеше кезеңге бөліп қарастырсақ,
ХІІІ-ХІV ғ. аралығы соңғы тарихи кезеңге жатады. Осы соңғы кезеңде
ислам діні Жошы Ұлысында оның шінде қазіргі Қазақстан аумағында әр
түрлітарихи жағдайларға байланысты ХІІІ ғасырға дейін орын тепкен басқа
діндер мен ағымдарды жеңіп шығады.
Түрік тайпаларының ертеден бергі келе жатқан діні – тәңіршілдік
екендігі баршаға мәлім. Ертедегі түрік тайпаларының дінінің негізі Көкке
– Тәңірге және Жер-Суға сыйыну болды. Одан кейінгі тұрған әйел тәңірі –
Ұмай Ана – от басы мен бала-шағаны қорғаушы болған. Бұл наным-сенім
Орталық Азиядағы барлық түрік тілдес тайпаларға оның ішінде оғыздарға,
қарлұқтарға, қимақтарға, қыпшақтарға бірдей болған.
VIІ тарау. XIII-XV ғ. алғашқы жартысындағы этноүдерістер және Қазақ халқының ...
139
Орта Азия мен Қазақстан аумағында діннің таралуын, оның басқа дін-
дерге қарағанда жетекшілік рөл атқаруына көп жағдайда билеуші әулеттің
сол дінге деген көзқарасы, оны қолдауы не қолдамауы көп рөл атқарады.
Моңғолдар жаулауы аяқталып, ұлыстар құрылып болғаннан кейін Жошы
Ұлысының алғашқы билеушілері (Бату, Берке хандар) Қарақорымдағы
моңғолқағандарына тәуелді болып саналғанымен де, іс жүзінде Ұлыстың
ішкі өмірінде дербес саясат жүргізеді. Дербестік ұлыс билеушілерінің дін
саясатынан анық байқалады. Моңғол қағаны Гүйіктің ұстанған діни бағыты
туралы Рашид ад-Дин былай деп жазады: «Гүйік хан тұсында атабек лауа-
зымын жас кезінен христиан болған Қадақ атқарғандықтан, бұл оның [Гүйік
ханның] мінезінде өз ізін қалдырады. Ал одан кейін болған Чинай да оны
жалғастырады, сол себепті де [Гүйік хан] священниктердің іліміне және
христианға жақын болды. Бұл жағдай жан-жаққа таралып кеткенде, Шам,
Руми, Ос және Орыс елдерінен оның астанасына христиан священниктері
ағыла бастады. Кадак пен Чикайдың арқасында ... Гүйік ханның билігі
тұсында христиандардың ісі оңға басты, бірде бір мұсылман оларға қарсы
дауыс көтере алмады». Осы жерде айта кетуіміз керек, Рашид ад-Диннің
«бұл жағдай жан-жаққа таралып кетті» дегенін, 1245 жылы Рим папасы
І
Инокентийдің ұсынысымен Лионда өткен собордың шешімдерінен
көреміз. Онда «ол жаулап алушыларға (моңғолдарға – Б.К.) бейбітшілікті
ұсыну, христиан дінін қабылдауға көндіру, және олардың қаруын Түріктер
мен Арабтарға қарсы бағыттау үшін» елшілік аттандыру қажет деген ше-
шім қабылданады. Және де сол шешімге сай Моңғолияға Плано Карпини-
дың басшылығымен 6 монах жіберіледі. Плано Карпини өз серіктерімен
1246 жылы Қарақорымға келген кезінде Гүйіктің қаған ретінде таққа
отырғызылу рәсіміне қатынасады және ол рәсімге жан-жақтан 4000 адам
келгенін, оның ішінде Суздаль герцогы Ярослав, Грузин патшасының екі
ұлы, Қытай мен Солоннан (Манчжур), араб елдерінен және тағы басқа ел-
дерден адамдардың келгенін айтады.
Ұлы қаған Гүйіктің діни ұстанымына қарамастан Жошы ұлысының ханы
Бату қол астындағы және тәуелді халықтар мен елдерге қатысты өзіндік сая-
сат, оның ішінде діни саясат ұстанады. Батудың саясаты жөнінде сол дәуірдің
тарихшылары былай деп сипаттама береді: «Ол (Бату) өте әділетті адам және
мұсылмандардың досы болды, оның қамқорлығы арқасында мұсылмандар
өздерін еркін сезінді. Оның ордасы мен жанында мешіт салынып, имамы, му-
эззины, намазға жығылатын қауымы болды. Оның патшалығы тұсында және
оның тірі кезінде мұсылман елдеріне ол жағынан, оның қоластындағылар та-
рапынан, оның әскері тарапынан ешқандай жаманшылық болған жоқ. Түр -
кістан мұсылмандары оның қорғаштауы арқасында тыныштық пен қауіп-
сіздікте өмір сүрді». Ал келесі бір араб авторы Бату туралы былай деп жаза-
ды: «Ол ешбір дінге, ешбір сектаға кірмеген билеуші еді, ол оларды тек құ-
дайшылықты танудың жолы деп түсінді, сөйтіп, ешбір секта мен дін ағымының
жолын қумады». Ал ХІІІ ғасырдағы армян тарихшысы Киракос Гандзакеций
өз дерегінде Батудың тек мұсылмандарға ғана емес, сонымен ірге басқа да
діндегі адамдарға, оның ішінде саудагерлерге жақсы қарағандығын айтады.
І бөлім. Еуразия аумағындағы XIII-XVIII ғасырлардағы ұлыстар мен ордалар
140
Бұл келтірілген деректер Алтын Орданың негізін қалаушы әрі алғашқы ханы
Бату ханның дінге қатысты көзқарасы мен ұстанымын көрсетеді. Егер де
Қарақорымда Ұлы қаған Гүйік христиан дініне бет бұрып, мұсылмандарға
қолдау көрсетпесе, Сарайда, керісінше, мұсылмандар хан тарапынан қы-
сым шылықтар көрмейді. Дәл сол секілді басқа діндегілер де ешқандай шет-
қақпау көрмейді. Бұл Батудың нақты бір дінді қабылдамаса да оның діни
сабырлылығын, шыдамдылығын көрсетеді Жазба деректер Бату ханның әкесі
Жошының жаулап алушы болса да, діни ұстанымдар жағынан келгенде, оның
«мұсылмандарға көмек көрсетуді қолдайтынын» жазған болатын.
Алтын Ордада Бату хан тұсында діни еркіндіктің болғандығын ханның
ұлдары мен інілерінің әр түрлі дінге кіргендігінен көруге болады. Мыса-
лы, Батудың үлкен ұлы – Сартақ христиан дініне енсе, туған інісі Берке,
мұсылман дінінде болады.
Алтын Ордада Бату ханнан кейін христиандық жолды ұстанған оның
ұлдары Сартақ пен Ұлақшыны Қарақорым қолдаса да, билікке келе алмау-
ын, ең алдыменен Сарайдағы басқарушы топ арасында мұсылмандық топты
күшейгенінен деп түсінеміз.
Алтын Орданың билеуші тобы арасында мұсылмандық топтың күшеюі
нәтижесінде билікке Берке хан келеді. Оның тақты иеленуіне басқа да
факторлар әсер етуі мүмкін, бірақ та біз ислам факторын солардың ішінде
алдыңғы қатарлардың біріне қоямыз.
Беркенің Сарайда хан болуымен исламның бүкіл Алтын Орда аумағында
кең түрде таралуына, билеуші тап арасында оның ықпалының күшеюіне
жол ашылады. Берке ханның жеке басының мұсылманшылдығы туралы сол
заманның тарихшылары мен ХVІІ ғасырға дейінгі авторлар тек жағымды
пікірлер айтады. Солардың бірнешеуінің пікірлеріне назар аударып көрсек.
1279-1333 ж. өмір сүрген араб тарихшысы ан-Нувейри былай деп жаза-
ды: «Ол Солтүстік мемлекетінің (Алтын Орданың – ред.) төртінші билеушісі.
Берке мұсылмандықты қабылдады және оның мұсылманшылдығы керемет
болатын. Ол сенім туын жоғары ұстап, мұсылмандық дәстүрді енгізді,
дін басыларына құрмет көрсетті, оларды өзіне жақын тартып, жанында
ұстады, олармен достасты, мемлекетінде мешіттер мен медреселер салдыр-
ды. Ол Шыңғысхан ұрпақтары ішінде бірінші болып исламды қабылдады,
олардың ішінде исламды оған дейін қабылдаған адам туралы ешкім ештеңе
айтқан жоқ. Ол мұсылман болғанда, оның халқының көп бөлігі де ислам-
ды қабылдады. Оның әйелі Джиджек-хатун да мұсылман болды, ол өзіне
шатырдан мешіт салдырып, өзімен бірге алып жүрді». 1245-1325 ж. өмір
сүрген келесі бір араб тарихшысы Рукнеддин Бейбарс мынадай дерек бе -
реді: «661 жылы (1262 ж. 15 қараша – 1263 ж. қараша) Таттар патшасы
Бер кенің елшілері, (Египетке) келіп, оның исламды қабылдағандығы жө-
нінде хабар әкеледі». Одан ары деректе Беркенің хаты туралы айтылып,
онда мұсылман дінін қабылдаған адамдардың аты-жөндері, ру-тай пала-
ры, олардың бала-шағаларымен, қызметкерлері мен қарауындағы адам дар -
мен исламды қабылдағаны, мысалы Кутлугтимур, Аджи өзінің балалары-
мен, Дурбай және Хорасанға аттанған 10 мыңдық әскер бәрі түгелімен
VIІ тарау. XIII-XV ғ. алғашқы жартысындағы этноүдерістер және Қазақ халқының ...
141
мұсылмандыққа өтіп, өздері исламның заңдары мен ережелерін қабылда-
ғандығы баяндалады. Сондай-ақ осы деректің келесі бір жерінде Беркенің
жақтастарының алғашында Хулагудың қарамағында болып, екі ел билеу-
шісі арасындағы қарым-қатынас бұзылғаннан кейін олардың Египетке
қашып барып, исламға бой ұрғандығы айтылады. Ибнабдеззахр 1263 жы-
лы Берке ханның араб елшілігін қабылдау және Берке ханның 50-60-тай
әмірлері туралы айта келе, «Оның (жанындағы) әрбір әмірдің муэззині мен
имамы, әрбір хатунның да муэззині, имамы болды. Балалар медреселерде
қа сиетті Құранды оқиды», – деп жазады. Джузджанидың Берке ханның
мұсылманшылығы туралы деректерін төмендегіше топтастырып беруге
болады: 1) Берке туылғанда әкесі оның кіндігін мұсылман әйелге кестіріп,
мұсылман әйелдің сүтін ішкізген, 2) Берке жас кезінен имамның тәрбиесінде
болып, Құранды оқыған, Ходжентте діни оқуда дәріс алған; 3) Ер жетіп,
қол бастағанда, оның әскері тек мұсылмандардан тұрған; оның әскерінде
30.000 мұсылман болған; әскерде жұма намаз енгізілген; 4) Беркенің жа-
нында Құранды, хадистерді, мұсылман ережелері мен заңдарын жақсы
білетін адамдар үнемі болған, кітапханасы бай болып, сарайда үнемі шари-
ат заңына байланысты пікір айтыстар үнемі болып тұрған.
Өтеміс қажының еңбегінде де Берке хан және оның мұсылманшылдығы
туралы көп айтылады. Берке хан халифпен де қатынас орнатып, Батудың
тірі кезінде одан қымбат бағалы киімдерді сыйға алған.
Ислам дінінің Дешті Қыпшақ аумағында күшеюі оның құндылықтары-
ның басқа рухани құндылықтардан жоғары тұруына, оның басқалардан үстем
болуына алып келді. Үстемдікке жеткен ислам діні бүкіл Дешті Қыпшақ
аумағындағы барлық тұрғындар үшін, көшпелі тайпалар үшін де, қалалық
тұрғындар үшін де ортақ, біртұтас рухани кеңістік қалыптастырады. Бұл
рухани кеңістіктің ортақ құндылықтарына: Аллах, Мұхаммед пайғамбар,
Құран, шариат, хадистер, Мекке, Медине, Қағба және тағы басқа ислам
дініндегі қасиетті ұғымдар жатты. Мұсылмандықты қабылдау арқылы
көп теген тайпалар бұрынғы шамандық негіздегі дүниетанымынан, этика-
дан, моральдан ажырап, жаңа ислам өркениетіндегі құндылықтарға ие бо-
лады. Географиялық жағынан алғанда, ХІІІ ғасырдағы Жошы Ұлысының
шығысы мен батысы аралығында өмір сүрген тайпалар жалпылама атау-
мен қыпшақтар деп аталса да, шаруашылық, аймақтық, тілдік-диалектілік,
ерекшеліктерге сай өзіндік, өздеріне ғана тән, дүниетаныммен өмір сүрген
болатын. Оған Моңғолия аумағынан келген түрік тілдес және моңғолтілдес
тайпалардың рухани дүниетанымы, рухани өмірі келіп қосылса, сонда ис-
лам діні орныққанға дейінгі Жошы Ұлысындағы тайпалардың рухани өмірін
ала-құла затпен, әр түстегі нәрсемен салыстыруға болады. Этникалық
жағынан алғанда барлық тайпалар үшін қыпшақтану процесі белең алып
жатса да, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында осы процестің исламдық
фактордың ықпалымен жүруі, рухани өмірде исламның жетекші орынға
шығуы, барлық тайпалар үшін бір ғана рухани кеңістіктің қалыптаса бас-
тауы – міне, осылардың бәрі ХІV ғасырдың басында қыпшақтану процесін
өзінің мәресіне дейін жеткізеді. Берке хан тұсында Алтын Ордада ислам
І бөлім. Еуразия аумағындағы XIII-XVIII ғасырлардағы ұлыстар мен ордалар
142
дінінің осылайша, биліктің ең жоғарғы тұрғысынан қолдау табуы – ислам-
ның бұл мемлекетте ең басты дінге айналуына негіз қалап, жергілікті
қыпшақ этносының жаңадан келген этноэлементтерді өз бойына сіңіруінде
маңызды рөл атқарады.
1266 жылы Берке хан қайтыс болғаннан Алтын Ордада Өзбек хан таққа
келгенге дейінгі уақыт ішінде исламға Берке хандай қолдау көрсеткен хан
болмады. 1266-1282 ж. хан болған Мөңке Темірдің (Менгу Темір) діни
көзқарасы жөнінде араб деректері ешқандай мәлімет бермейді. Бірақ та
Берке хан тұсында кең дамыған Алтын Орда мен Египет арасындағы қа-
рым-қатынастар жалғаса береді. Араб деректерінің Мөңке Темір хан ту-
ралы өте аз мәліметтер беруін біз, оның мұсылман дініне кірмегендігінен
деп білеміз. Сондай-ақ деректер Мөңке Темір ханның мұсылмандар қарсы
жасаған іс-әрекеттері жөнінде ештеңе айтпайды. Рукнаддин Бейбарыста
Мөңке Темірдің мұсылман болмағандығын көрсететін мынадай бір дерек
кездеседі. Берке хан тұсынан бері Алтын Ордада тұтқында жатқан Румның
сұлтаны Иззеддин Кейкаус 1278-1279 жылы қайтыс болғанда Мөңке Темір
оның ұлы Масуд сұлтанды әкесінің әйелі Урбай хатунға үйлендірмек бо-
лады. Бірақ Масуд мұны адамгершілікке жатпайтыны, ешбір ережеге сай
келмейтін ұсыныс деп одан қашуға мәжбүр болады. Мұсылмандық тұрғы-
дан ханның бұл ұсынысы өте ұятты, өте жабайы, ешбір ақылға сыймайтын
болса, дінсіздер тұрғысынан алғанда ол кәдімгі, қарапайым шаруа секілді
болып көрінеді. Мөңке Темір ханның бұл әрекеті оның қандай дінді ұстанса
да, тек мұсылман болмағандығын көрсетеді.
Одан кейін билікке келген Туда Менгу ханның мұсылмандықты қа-
былдағанын араб тарихшысы Рукнеддин Бейбарс хабарлайды. Бес жыл хан
болып, сопылық жолға түсуіне байланысты ол биліктен өз еркімен бас тар-
тады да орнына Тула Бұқаны қалдырады.
Осылайша, 1312 жылы тақ билігіне Өзбек хан келгенше дейін Алтын
Ордада ислам діні жоғарғы билік тарапынан кең қолдауға ие болмаса да,
жекелеген билеуші әулет өкілдерінің ықпал етуімен тарала береді, өзінің
рухани өмірдегі маңызын арттыра түседі.
Алтын Ордада исламның толығымен және түпкілікті түрде жеңіске
жетіп, мемлекеттің ресми дініне айналуы – тікелей Өзбек ханның есімімен
байланысты. Бұл туралы араб және парсы тілдеріндегі деректердің көбі жа-
зады. Өзбектің билікке келер қарсаңында Сарайдағы билеуші топ арасын-
да діни мәселелер бойынша екі топ болған секілді. М.Г. Сафаргалиевтың
дәлелдеуі бойынша бірінші топ – шамандықты ту еткен дін басылары мен
қалалық саудагерлер тобының өкілдері болған. Рашид ад-Диннің «Жыл-
намалар жинағының» жалғасының анонимді авторының жазуы бойынша
Өзбектің билікке келуі былайша баяндалады: «Сол кезде Дешті Қыпшақтың,
Хорезмнің және басқа да өлкелердің билігі Өзбек ханға ауысты. Ол былай
болған еді. Сол елдің ханы Тоқтай болатын. ...ол (9.VІІІ.1312) жылы Са-
рай маңында Еділ өзенінде кемеде қайтыс болды. ...әмірлер мен нойандар
билік мәселесіне келгенде дауласа бастады. Сарай әмірлерінің бірі Кутлук
Темір: «Таққа Тоқтайдың ұлы отыруы тиіс, бірақ ол үшін Өзбекті ұстап
VIІ тарау. XIII-XV ғ. алғашқы жартысындағы этноүдерістер және Қазақ халқының ...
143
алуы керек, өйткені ол (біздің) жауымыз, ал содан кейін ғана Тоқтайдың
ұлын билікке әкелуге болады», – деп айтады. Ол (әмірлер) мұнымен
келіседі. Тоқтайдың өлімін естіген Өзбек Сарайға келеді, ол әмірлердің жа-
сырын әрекеттерінен хабарсыз болатын. Сол әмірлердің арасында Құтлұқ
Темір деген тағы бір әмір (болып), ол әмірлердің ойын Өзбекке білдіреді.
Әмірлердің Өзбекке жаулығының себебі мынада болатын. Өзбек үнемі
оларды ислам дінін қабылдауға үгіттеуші еді. Ал әмірлер болса: «Сен бізден
бағыну мен жарлыққа құлақ асуды күт, ал біздің сенімімізге, қандай дінге
қарайтынымызға шаруаң болмасын, қалайша біз Шыңғыс ханның заңы
(тура) мен жарғысынан (ясак) бас тартып, арабтар дініне кіреміз?» – деп
жауап қайтаратын. Ол (Өзбек) өз дегенінен қайтпайтын, соған байланы-
сты әмірлер оны жек көріп, оның көзін құртпақ болды. Сол мақсатпен ол
той ұйымдастырып, сонда оны өлтіруді ойластырады. Өзбек тойға кел-
генде, сол баяғы әмірлердің жоспарын естірткен Құтлық Темір оған белгі
береді. Өзбек (қауіпті) сезіп, дәрет алуды сылтауратып, далаға шығады.
Сол әмір (Құтлұқ Темір) ере шығып, әмірлердің жоспарын айтып береді.
Өзбек бірден атына мініп, қашып кетеді. Әскерін жиып әкеліп, (оларды)
жеңіп шығады. Тоқтайдың ұлын және Шыңғыс хан ұрпақтарының 120-
сын өлтіреді... Өзбек Дешті Қыпшақтың тағына келіп, өте күшті билеуші
болады. Ол сыртқы сұлулығы мен адамгершілігін, діншілдігін бір өзіне
ұштастыра білген, мұсылмандықты нығайтқан ханзада болды».
Сонымен деректерде Өзбек хан билікке келгеннен соң, оның жүргізген
діни саясаты туралы «әмірлер мен қызметкерлерді, көптеген ұйғырларды,
яғни ламалар мен сиқыршыларды өлтіріп, исламды көтергендігі», «көп-
теген әмірлер мен сиқыршыларды өлтіргендігі», «өз жеріне исламды жа-
риялап дінсіз болған көптеген әмірлерді өлтіргендігі, исламды басқа дін-
дерден жоғары қойғандығы», «Аллахтың жауларының көзін құртушы, дін
жолындағы күрескер екендігі», «өзіне қарсы шыққандардың көзін жойған-
дығы» жөнінде айтылады. Ибн Кесирдің «Мұхаммедтің заңы басқа заңдар-
дан жоғары тұрды» деген дерегі Өзбек ханның исламды мемлекеттің ресми
діні етіп жариялағанын білдіреді.
Ислам дінінің этникалық процестерге ықпалын Жошы ұлысының сол
қанатындағы тарихи дамулардан да байқауға болады. Орда Ежен ұлысының
билеушілері Орда Еженнің, Күнқыранның, Қонышаны (Куйнджи), Баянның
қандай дінде болып, қай дінге қолдау көрсеткенін дерек мәліметтері атап
айтпайды. Дегенмен де ол, Бату, Мөңкетемір, Тоқтай хандар секілді ислам
дінін қабылдамас бұрын да, мұсылмандарға қолдау көрсеткен деуге бо-
лады. Оған ұлыстың Жошы ұлысының бір бөлігі бола тұрып, Сарайдағы
хандардың билігіне толық мойынсұнуы және ХІІІ ғасырдың екінші жар-
тысынан бастап, ұлыстың құрамындағы Сыр бойы қалаларының қайтадан
қалпына келтіріліп, гүлдене бастауы жатады. Бұған дейін айтылғандай,
Батудың мұсылман саудагерлеріне қолдау көрсетуі, Беркенің исламға өтіп,
оған кең қолдау жасауы тек Алтын Орданың батыс бөлігіне ғана емес,
бүкіл Алтын Ордаға қатысты болды. Ал Сыр бойындағы қалалардың қал-
пына келтіріліп, гүлдене бастауы – ұлыс билеушілерінің сол өңірдегі
І бөлім. Еуразия аумағындағы XIII-XVIII ғасырлардағы ұлыстар мен ордалар
144
тұрғындарға қамқорлығынан деп түсінуге болады. Өңір тұрғындары моң-
ғол жаулап алушылығына дейін мұсылмандар болғандықтан, өңірдің гүл-
денуіне ордаежендіктердің дінді қолдауының да қатысы бар дейміз. Ал-
тын Ордадағы Тоқтай мен Өзбек хандардың тұсында Орда Ежен ұлысын
басқарған Сасы Бұқа ханның (1320-1321 ж. қайтыс болған) Сыр бойындағы
әскери, әкімшілік және діни орталық болған қала – Сауранда жерленуі, оның
ислам дініне өте жақын болғандығын көрсетеді. Ал оның ұлы Ерзен хан ту-
ралы Муин ад-дин Натанзи былай деп сипаттама береді: «Ол өте ақылды,
діндар, алғыр және дінді құрметтейтін патша болды. Отырар, Сауран, Женд
және Баршынкенттегі медреселердің, ханакалардың, мешіттердің басқа да
қайырымдылық ғимараттардың көбін ол салғызды. ... Ол 745 жылы (1344-
1345) қайтыс болып, денесі Сығанақ қаласында жерленген». Ерзен ханның
ислам дініне қолдау ретінде жүргізген бұл іс-әрекеттеріне қарап, оны Орда
Ежен ұлысының «Өзбегі» деуге болады.
ХІV ғасырдың ортасынан бастап билеуші әулет өкілдері арасында мұ-
сылманша есімдердің өте көп ұшырасуы ислам дінінің, шариаттың, мұ сыл-
мандық әдет-ғұрыптардың, Жошы ұлысы аумағында толығымен жеңіске
жеткендігін көрсететін факт. Билеуші әулет арасында мұсылманша есімдер
қою дәстүрін жергілікті қарапайым халық та тез қабылдайды. Өйткені жаңа
әдет-ғұрыптардың билеуші әулет арасында тез сіңісуі қарапайым халыққа да
қатты әсер етіп, олар да бұл әдет-ғұрыптарды тез қабылдайды.
Орда Ежен ұлысындағы ХІІІ-ХІV ғасырдың басындағы тарихи даму-
ды Алтын Ордадан бөліп қарамаймыз. Осы кезеңде Алтын Ордада болған
барлық процестер, оның ішінде ислам дініне қатысты мәселелер де Орда
Ежен ұлысына да ортақ болады.
Жалпы, Өзбек ханның Алтын Ордадағы 30 жылдық билігі тұсында ис-
лам дініне қатысты бірнеше маңызды мәселелер шешімін табады. Олар:
– ислам діні түпкілікті және толығымен Қыпшақ даласында жеңіске
жетеді;
– қыпшақтар арасында моңғолдық элементтердің сіңісуі аяқталады,
яғни қыпшақтану үрдісі өз мәресіне жетеді.
Қорыта келе, ислам дінінің Алтын Ордада толық жеңіске жетіп, рес-
ми дін мәртебесін алуы моңғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтануы
процесінің аяқталуымен қатар жүзеге асады. Нәтижесінде бұл үрдіс қыпшақ
тайпалары негізін қалаған және рухани негізі ислам діні болған жаңа
этникалық қауымдастық – «өзбек» қауымдастығының қалыптасқандығын
көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |