Таным мәселелері
Ф.Бэконның ойынша, ғылым салаларында ғасырлар бойы қалыптасып, адамның дүние тануына кеселін тигізетін нәрселер бар. Ең алдымен оларды сыртқа шығарып әшкерелеу қажет. Сонда ғана жаңа әдістерге жол ашылып, зерттеулердің тиімділігі артады. Сол ғылымдағы кедергілерді Ф.Бэкон «идолдар», я болмаса «елестер» дейді. Олар - төртеу.
Бірінші елес - тектік идолдар (idola tribus). Олар адамның жаратылысынан, жалпы табиғатынан шығады. Оны біз қазіргі тілмен «антропоморфизациялау» деп айтар едік. Ол сонау көне заманда пайда болған мифологияға келіп тіреледі. Адам табиғаттағы сырлы кұбылыстарды танып-білуге бағытталған кезде, оларды «өзіне ұқсатып» түсіндіруге тырысады. Текті елестер ең тұрақты, оларды толығынан жою мүмкін емес. Ф.Бэконның бұл айтқан ойларын растау үшін мынандай мысал келтірейік. Адамдардың мыңдаған жылдар бойы арман еткен баска Дүниелердегі ақыл-оймен, рухпен кездесу киялы XX ғасырда ғарыштан ұшып келген тарелкалар жөніндегі неше түрлі аңыздарды тудырды. Ол қазіргі заманның тудырған мифтері бойынша, ұшып келген тарелкалардың ішінен шыққан пенделер нақ жердегі адамдар сиякты екі аяқты, қолды, екі көзді, тек олардың түсі көкшіл екен т.с.с.
Әрине, кең ғарыштың кеңістігінде басқа жұлдыздар аясындағы планеталарда өмір және сол өмірдің биік ғажап шыңы - рух пайда болуы мұмкін. Бірақ ол рухтың иесі тек адам сияқты болуы тіпті қажетті емес. Бірақ адам оны өзіне ұқсатып көргісі келеді... Ал бізге ең жақын орналаскан жұлдыздың қашықтығы 5 сәулелік жыл екенін ескерсек (яғни секундына 360 мың км. жылдамдықпен ұдайы 5 жыл ұшу қажет !!!) және А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясына сай ондай жылдамдықтың шеңберінде заттың салмағы күрт өсіп, кеңістіктегі алатын орны қысқарып, уақыт баяуласа, онда қайсыбір тіршілік түрі мұндай кашықтықты өте алмайтындығына көзіміз жетеді. Сонымен ғылыми тұрғыдан қарағанда, «тарелка мифінің» орынсыз екенін көруге болады. Міне, бұл - Ф.Бэконның айткан тектік идолдарының бүгінгі таңдағы бір көрінісі ғана.
Екінші елес - ол үңгір идолы (idola specus). «Әрбір адам белгілі бір отбасында, белгілі бір жерде дүниеге келіп, тәрбиеленеді, ересек адамға айналады. Біреу адам түгіл құдай да ұмытқан ауылда, екіншісі аудан орталығында, үшіншісі астанада, ия болмаса үлкен қалада туып - тәрбиеленеді. Біреу кедей, екінші аукатты отбасында өсіп-өнеді, көбінесе соған сәйкес білім алуға, өмірде өз орнын табуға мумкіндіктер ашылады. Ол адамның болашақ тағдырына өзінің зор ықпалын тигізбей коймайды. Ол сол өзін қалыптастырған «үңгірден» дүниеге қарайды, ал оның өзі «табиғаттың сәулесін әлсіретіп бұрмалайды», - дейді ұлы ойшыл. Ал бұл елестен құтылу жолы - дүниеден алған жеке тәжірибені жалпыхалықтық тәжірибемен ұштастыру болмақ.
Үшінші - алаң, ия болмаса базар елестері (idola fori ). Олар қарапайым адамдар жиналған жерлерде пайда болады. Оның қайнар көзі - зат пен соны көрсететін, бейнелейтін сөзді толығынан теңеу. Ал шынына келсек, сөз - затқа қойылған ат қана. Сөз көбіне заттың не екенін емес, оның адамдарға деген маңызын ғана көрсетеді, -дейді ұлы ойшыл. Егер сөзді затқа теңесек, онда көбіне біз «жалған даналық» жолына түсіп кетеміз. Бұл елеске берген сыннан біз схоластикалық философияға қарсы бағытталған Ф.Бэконның көзқарасын болжаймыз.
Төртінші, соңғы елес - ол театрлар идолы (idola theatri). Олардың дүниеге келу себебі - тарихтағы өмір сүрген даналарға, ұлы тұлғаларға толығынан сену, солардың уақытында жасаған ғылыми тұжырымдамаларын «соңғы өзгермейтін мәңгі ақиқат» ретінде түсіну. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша Аристотель былай деп айтқан, ал сіз Аристотельден де ақылдысыз ба? - деген даудамайдан сол адамның «театр елесінің» шеңберінде екенін байқаймыз. «Ақикат беделдің емес, тек өз заманындағы уақыттың қызы», - деп корытады Ф.Бэкон. Жаңада ғана келмеске кеткен Кеңес заманының негізгі елесі осы «театр елесі» болды емес пе? Тек беделділердің аттары ғана өзгерген жоқ па? Олар К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Ленин т.с.с. болды. Бүгінгі таңдағы қоғамды демократизациялау, көппікірлік принципке көшу бұл елестің өмірден кетуіне себеп болуда.
Сонымен жоғарыда көрсетілген идолдар қандай күшті бол-ғанмен, ғылым жолына түскен адам өзінің ақыл-ойын, дүниесезімін олардан тазарту керек деп қорытады ұлы ойшыл. Бұл пікірге толығынан қосылуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |