Адам, қоғам, тарих мәселелері
В.С.Соловьев адамзат өмірінің мән-мағынасын жер бетінде «Құдайдың патшалығын» орнатуға бағытталған іс-әрекеттен көреді. Ал енді жеке адамға келер болсақ, ол - екіжақты пенде. Бір жағынан, ол дене ретінде айнала қоршаған дүниемен, екінші жағынан, рух ретінде Құдаймен байланысты. Соңғы адамды табиғаттағы ерекше пенде ретінде көрсетеді - ол мәңгі, өлместікке ие болған. Адам - Құдай мен материалдық дүниені бір-бірімен байланыстыратын, ғарышты тәртіпке келтіріп, ұйымдастыратын пенде.
Адам өзін тұлға ретінде тек қана қоғам шеңберінде іске асыра алады. «Қоғам — толықтырылған, кеңейтілген тұлға болса, онда тұлға - нүктеленген, қысылған қоғам». Қоғамға бағынып, адам жоғарыға өрлейді, ал оның өзіндік ерікті іс-әрекеті коғамды әрі қарай дамытады.
В.С.Соловьев қоғамның тарихи дамуын үш сатыға бөледі. Олар: рулық, ұлттык, рухани-ғарыштық. соңғыға әлі жету қажет. Ол үшін тек отбасын ғана емес, сонымен қатар экономика мен саясатты да моральдық тұрғыдан кайта өзгерту кажет.
Адамның табиғатпен қарым-қатынасына келер болсақ, ол да үш сатыдан өтеді: бірінші сатысьшда адам табиғаттың куштеріңе тәуелді, олардан зардап шегеді, екінші сатыда - неше түрлі іс-әрекет жасап, олармен күреседі, ақырында табиғатты игеріп, өз еркіне көндіреді. Үшінші, болашақ тарихта, адамзат табиғаттың идеалдық жағдайына өтуіне көмектесуі қажет.
Адамзат тарихына көз жіберіп, В.С.Соловьев халықтардың әртүрлі сатыда екенін, адамдардың бір-бірінен алшақтанып, жаттанғанын, шынайы өмірдегі материалдыктың басымдылығын байқайды. Олай болса, негізгі мақсат - адамзаттың басын рухани жағынан біріктіру кажет.
Адамның рухани жетілуі тек қана дінмен емес, сонымен қатар адамгершілік, өнегелілікпен байланысты. Этиканың негізгі ұғымы ретінде ойшыл «ізгілік», «жақсылықты» келтіреді. Осымен қатар, ол моральдың «ұят», «аяу», «пір тұту» сезімдеріне көп көңіл бөледі. Бұл кісінің мынандай ғажап сөздерін келтірейік: «Мен ұяламын, олай болса, тек қана табиғи емес, сонымен қатар рухани өмір сүремін, өйткені мен өзімнің хайуандығымнан ұяламын, олай болса, мен адаммын». Аяу дегеніміз - басқа адамға деген адами қатынас, оның өзіндік кұндылығын мойындау, осы сезім әділеттілікті тудырады (өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама). Соңғы пір тұту адамның әке-шешесі алдындағы сезімін көрсетеді.
В.С. Соловьевтің адам мәселесіндегі негізгі идеясы ешқашанда адамға құрал ретінде қарамау, оны әрқашанда мақсат ретінде тұту.
Достарыңызбен бөлісу: |