Педагогикалық ұжымды дамытуға қажетті өзгерістер. Кез-келген ұйым, соның ішінде білім беру ұйымы институционалдық сипатта болғандықтан, сондықтан оған қажет болатын өзгерістер деңгейі ұжымда қалыптасқан қарым - қатынастарға байланысты жасалады. Педагогикалық ұжымға қатысты қарастырсақ, ондағы ұйымдастырушылық өзгерістерді білдіретін, біріншіден, ұжымның өзіндік ерекшеліктері, білім беруді ұйымдастыру тәжірибесі, педагогикалық дәстүрлері, әлеуметтік-психологиялық жағдайлары, т.б., екіншіден, ұжымның ішкі ұйымдастырылу тәртібі, педагогтардың кәсібилігі және жалпы деңгейі, ұжымның құрылымы, ондағы қарым - қатынастар, т.б.
Қалыптасқан ұжымдық құндылықтар ұйымның мүшелеріне белгілі бір дәрежеде еркіндік пен сенімділік береді. Білім беру ұйымдарын дамыту өзгерістері қалыптасқан құндылықтардың өзгеруіне әкелетіндіктен, оларды енгізу ұйым мүшелерінің мақұлдауын қажет етеді. Сондықтан, ұйымдастырушылық өзгерістердің табысты жүзеге асырылуы оны ең әуелі сол ұжымдағы адамдардың дайындығын қамтамасыз еткен жағдайда ғана мүмкін болады.
Педагогикалық ұжымның жаңа талаптарға сай өзгерістерін қамтамасыз ету, ұйымдастырудың жобалауға негізделген жаңа моделін жасауды қажет етеді. Өйткені, педагогтарды бірлескен шығармашылық жұмыстарға тарту, олардың мүмкіндіктерін анықтай білу және пайдалану, өзгелермен қарым – қатынас жасау, мәселелерді талдау мен шеше білу жолдарын меңгеруде жобалау әрекеттерін ұйымдастыру тиімді болады.
Педагогикалық ұжымда жүзеге асырылатын жобалау әрекеті ең алдымен, педагогтардың құзыреттілігін дамытуға бағытталса, олар оқыту барысында білім алушылармен жаңа субъектаралық қарым-қатынастар орнату арқылы білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етеді деп күтіледі.
Білім беру ұйымдарын дамытуда жобалауды жүзеге асыру тәжірибеде әлі де аз кездеседі, бүгінде бұл жұмыс педагогтарды дамыту қызметі негізінен әдістемелік семинарлар арқылы жүргізіліп отыр. Соған байланысты, педагогтарды жобалау қызметіне тарту олардың нақты іс - әрекетін жобалау арқылы өз тәжірибелері негізінде жүргізілуі тиіс.
Осылайша, педагогикалық ұжымдарда жаңа құзыреттілік нәтижелеріне сай мақсаттық-бағдарлы өзгерістерді жүзеге асыру үшін педагогтармен жобалау қызметін ұйымдастыру қажеттілігі және осы мақсатта ұжым мүшелерінің арнайы құзыреттіліктерін қалыптастыру міндеттері отыр.
Педагогикалық ұжымды жобалау әрекетіне тікелей қатыстыру арқылы оқытудың негіздемелері:
жобалау барысында негізгі міндеттер қатысушылардың ойлау және іс - әрекеттерінің нәтижесі ретіндегі жобалар арқылы жүзеге асырылады;
жобалауға қатысушылардың ойлау әрекеттері мен тәсілдерін өзгертуге мүмкіндік беріп, өзара тиімді қарым–қатынастар қалыптастыруға ықпал етеді, ал өзара түсіністік жағдайында ұжымды жаңарту жұмыстары нәтижелі болады;
жобалау ұжымның әрбір мүшесі үшін құндылықтары мен қабілеттерінің, дағдылары мен ішкі сенімдерінің өзгеруіне ықпал етеді;
жобалау педагогтарға жаңа іс - әрекет түрлеріне қатысуға, оларды игеруге мүмкіндік береді, сонда - ғана олардың бойында өзгерістер жасауға қабілеттілік пайда болады;
Сөйтіп, қазіргі заман талаптарына сай болу үшін білім беру жүйелеріне қажет іс-әрекеттер: оқытудың жаңа идеялары, әдістері мен технологиялары, білім беру инфраструктурасының жаңартылуы, т.б. жобалауды игеру нәтижесінде мүмкін болатын өзгерістер.
Педагогикалық ұжымдағы адам ресурстарының жаңа сапасын қалыптастыру мақсатындағы өзгерістер ең әуелі, педагогтардың инновациялық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталса, оның нәтижесі білім берушілермен қарым - қатынастың өзгеруіне әкеледі.
Осылайша, педагогикалық ұжымды арнайы дайындау арқылы олардың педагогикалық қызметін жаңаша ұйымдастыруына қажетті құзыреттілік сапалары қалыптасады деуге болады.
Жобалау әрекетін жүзеге асыру оны ұйымдастыратын адамдардың құзыреттілігінің жоғары болуын талап етеді, өйткені, ұйымдағы педагогтардың жобалауды өз тәжірибелеріне ендіруі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажет.
Педагогтардың құзыреттілігін дамыту олардың оқытудағы жобалаудың мазмұны мен әдістерін, оның тиімділігін, бағалау көрсеткіштері мен өлшемдерін жасай білуді меңгеруімен тығыз байланысты.
Ол үшін, алдымен, педагогтардың жоба жетекшілері ретіндегі арнайы құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған бағдарламасының мазмұнын, соған орай, күтілетін нәтижесін құрастыру керек. Олар төмендегі құзыреттіліктер болып анықталады:
жаңа нәтижелерге бағытталған оқыту үдерісін жобалай білу және оны жүзеге асыру жолдарын жасай білуі;
оқушылардың жобалау қызметін ұйымдастыра білу;
жобалардың тиімділігін бағалай білуі;
Одан кейін, бағдарлама бойынша жоспарланған оқыту мен тәжірибені ұштастыру барысында жобалау әдістерін игерген педагогтардың аталған құзыреттіліктерінің қалыптасу деңгейі олардың жұмыс өнімдері немесе, күтілетін нәтижелері - жасалған жобаларға сараптама беріледі. Сараптама бірнеше деңгейлерде ұйымдастырыла алады: берілген өлшемдерге сәйкес өзіндік сараптама, жобалау қызметін ұйымдастырушы сараптамасы немесе, басқа ұйымнан шақырылған тәуелсіз сараптамашы маман бағасы.
Жобаларды бағалаудың бүгінгі күні бірнеше өлшемдері мен көрсеткіштері қалыптасып отыр, олардың ең көп пайдаланылатыны төмендегі бағалау картасы:
Өзектілігін бағалау. Жобалау оқытуда белгілі бір қиындықтар туғызып отырған мәселелерді анықтап, оны тиімді шешуге бағытталған болуы тиіс. Осындай мәселелік бағыттарды айқындау, талдау жасау арқылы негіздеу және шешу жолдарын ұсыну, жобалау маңызды мәселеге бағытталғанын көрсетеді.
Өлшемдері болуын бағалау. Жобалау нәтижесі қалыптасқан жағдайды өзгертетін, не жетілдіретін болуы керек. Ол үшін алдын ала анықтау алуды қажет ететін сұрақтар: 1) жобаның қандай көрсеткіштері нәтижелер деп есептеледі; 2) оларды қандай параметрлер арқылы өлшеуге болады және олар немен өлшенеді?
Қолжетімдігін бағалау. Жобалаудың қолжетімдік стратегиясын жүзеге асыру оның күтілетін нәтижелерінің алдын ала анықталуы және оны орындау жолдары мен механизмдерінің нақты кезеңдері мен алгоритмінің жасалуынан белгілі болады.
Шынайылығын бағалау. Жобалауды іске асыратын лайықты адамдар тобының белгіленуі, жобалаудың мазмұны мен технологиясы, қажетті ресурстарының анықталуы. Осы әрекеттердің болуы жобалаудың шын мәнінде жүзеге асырылуына мүмкіндік жасайды.
Уақыт шектеулерінің белгіленуін бағалау. Бұл жобалау қызметінің басталу және аяқталу мерзімдерін, орындау барысындағы аралық кезеңдерді және әрбір аралық кезеңнің мақсаты мен күтілетін нәтижелерінің нақты белгіленуінен көрінеді.
Болуы мүмкін күтілетін кедергілермен тәуекелелдік дәрежесінің анықталуы. Жобалау барысында осыған ұқсас тәжірибелерді зерттеу және талдау арқылы алдын ала болжау әрекеттеріне сүйене отырып, болуы мүмкін кедергілер мен қиындықтардың, одан шығатын жолдардың алдын ала белгіленуі.
Жобаның өміршеңдігін бағалау. Оның мәнісі жоба жетекшілерінің алдына қойылған міндеттерді орындап, жобаны жасағаннан кейінгі жағдайын анықтау болып табылады. Бұл жоба әрі қарай жалғасуы мүмкін бе, ол үшін қандай ресурстар бар, қандай ресурстар қажет? Міне, осы талдаулардың болуы жобаның өміршеңдігін көрсетеді.
Берілген талаптарға сай педагогикалық ұжымның дамуын қамтамасыз ететін мақсаттық-бағдарлы жобаларды ұйымдастыру және оның тиімділігін аталған көрсеткіштер арқылы бағалау жобалаудың тиімділігін қамтамасыз етеді.
Қорыта келе, жаңа білім беру нәтижелері мазмұны жағынан білім, білік, дағдыларға бағытталған дәстүрлі білім беру шеңберінен шығып, адамның тұлғалық сапаларын әрекеттік тұрғыдан қалыптастыруды көздейтін жаңа талаптар білім беру ұйымдарының өзгерістерін қажет ететіні белгілі болды. Сондықтан, педагогикалық ұжымдарда болашақ өзгерістерге алдын ала дайындық жүргізілуі тиіс. Өзгерістерге алдын ала дайындық дегеніміз-қол жеткен нәтижелерді талдау барысында болашақ жағдайды ілгері көре білу, соған сай жүйенің дамуын қамтамасыз ететін ресурстарды алдын – ала даярлай білу дегенді білдіреді.
Алдын ала даярлық педагогикалық ұжымның тұрақты дамуына мүмкіндік береді, өйткені, бұл жағдайда төмендегі қызметтер жүзеге асырылады: педагогикалық ұжымды дамытудағы нақты жаңа өзгерістер алдын ала белгіленеді; ұжым мүшелерінің бірлескен әрекеттері барысында аталған өзгерістерді қамтамасыз етуге қажетті құзыреттіліктер анықталады; педагогтар бойында жүзеге асыруға қажетті кәсіби құзыреттіліктерін арттыратын жобалау арқылы оқыту бағдарламасы құрастырылады және жүзеге асырылады. Сөйтіп, жобалау негізінде педагогтар құзыреттіліктерін қалыптастыру олардың өзгерістер жағдайында нәтижелі жұмыс жасауына қажетті инновациялық мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |