1 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУ. МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚ СЫНЫПТАРЫНДА ЖӘНЕ ТОПТАРЫНДА ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУ ПРОЦЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту баланы жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес жан-жақты дамытуға, әлеуметтік дағдыларға қол жеткізуді қамтамасыз ететін адамгершілік нормаларын қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесінің негізі.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – БҒДМБ) аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басты міндеті балаларды мектепке сапалы дайындауға бағытталған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту.
Балаларды мектепке сапалы дайындауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі басым бағыттары айқындалған:
- білім беру ұйымдарында педагог кадрлардың сапалық құрамын жақсарту және мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту педагогі кәсібінің беделін көтеру;
- демографиялық жағдайды ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымдардың желісін ұлғайту;
- балаларды мектепке сапалы дайындауға бағытталған мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мазмұнын жаңарту.
2017-2018 оқу жылында меншік нысанына қарамастан мектепалды даярлық сыныптарының (топтарының) барлық түрлері мен нысандарында білім беру процесі ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 13 мамырдағы № 292 қаулысымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартына (бұдан әрі – МТОМЖБС), ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына (бұдан әрі –Үлгілік бағдарлама), ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 22 маусымдағы № 391 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарына (1 қосыша) және Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына арналған әдістемелік нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес ұйымдастырылады.
Үлгілік бағдарламаның мазмұнын игеру балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеріп оларды жан-жақты дамытуға бағытталған «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық» және «Әлеумет» білім беру салаларын кіріктіру арқылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізуді қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын енгізу білім беру ұйымдарында білім беру процесін жетілдіруге ықпал ететін жаңа тәсілдерді талап етеді.
Ұйымдастырылған оқу қызметтері Перспективалық жоспар мен Үлгілік оқу жоспарына сәйкес іске асырылады.
Нұсқаулықта мектепалды даярлық сыныптарының (топтарының) педагогтеріне білім беру әрекетін жоспарлы және жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін перспективалық ортақ жоспарлау ұсынылған.
Перспективалық жоспар білім беру салалары бойынша ортақ тақырыптар арқылы балалардың күтілетін нәтижелерге жететін көрсеткіштері оқу жылының әрбір айына жасалады:
6-кесте – Перспективалық жоспар білім беру салалары бойынша ортақ тақырыптар арқылы балалардың күтілетін нәтижелерге жететін көрсеткіштері
№
|
Тақырыптардың атаулары
|
Айы
|
1
|
«Балабақша»
|
Қыркүйек
|
2
|
«Менің отбасым»
|
Қазан
|
3
|
«Дені саудың жаны сау»
|
Қараша
|
4
|
«Менің Қазақстаным»
|
Желтоқсан
|
5
|
«Табиғат әлемі»
|
Қаңтар
|
6
|
«Бізді қоршаған әлем»
|
Ақпан
|
7
|
«Салт-дәстүрлер мен фольклор»
|
Наурыз
|
8
|
«Біз еңбекқор баламыз»
|
Сәуір
|
9
|
«Әрқашан күн сөнбесін!»
|
Мамыр
|
Кіріктіру принципіне сәйкес бір саланың білім беру әрекеті барысында басқа білім беру салаларының міндеттерін бір мезгілде шешу қажет. «Денсаулық» білім беру саласының міндеттерін іске асыру кезінде бір мезгілде «Әлеумет», «Таным», «Коммуникация» білім беру салаларына қатысты дағдылары қалыптасады. Білім беру салалары мазмұнын кіріктіру балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес олардың міндеттерін біріктіру әдістерімен жүзеге асырылады. Кіріктіру принципін іске асыру балалардың танымдық белсенділігін дамытудың тұтас жүйесін құруға мүмкіндік береді, оның табиғатына сәйкес қоршаған ортаны тұтастай қабылдауды қамтамасыз етеді.
Білім беру процесін құру балалардың жастарына сәйкес жұмыстың түрлері мен әдістеріне негізделуі қажет. Жұмыстың түрлері мен әдістерін таңдауды педагог өздігінен және білім беру ұйымы бағытының ерекшелігіне, оның жабдықталуына (материалдық-техникалық база), мәдени және аймақтық ерекшеліктеріне, педагогикалық процеске қатысушылардың жұмыс тәжірибесі мен педагогтердің шығармашылық әлеуетіне байланысты таңдайды.
Мысалы, «Табиғат әлемі» тақырыбын оқу кезінде педагог ұйымдастырылған оқу қызметі барысында, сондай-ақ басқа білім беру салаларымен кіріктіре отырып, балалардың табиғат, жануарлар мен өсімдіктер туралы түсініктерін кеңейтеді.
7-кесте – «Табиғат әлемі» тақырыбы
Тақырып: Табиғат әлемі
|
«Денсаулық»
|
«Коммуника-ция»
|
«Таным»
|
«Шығарма-шылық»
|
«Әлеумет»
|
Табиғат жағдайларын-да тұрмыста, көшеде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру;
табиғат туралы алған білімдерін ойын әрекетінде (түрлі қимылды ойындарды ұйымдастыру және өткізу) бейнелеу.
|
«Жәндіктер. Қосмекенділер», «Аялайық, гүлдерді», «Жануарлар әлемі», «Құстар - біздің досымыз», «Жыл мезгілдері» және т.б. тақырыптық топтар бойынша балалар шығармашылығы арқылы сөздік қорды байыту.
|
Өсімдіктер мен жануарлар
дың тірі табиғат бөлігі екендігін анықтау, байқаған заңдылық-тарды айта білу және қорытынды жасау;
адам өміріне өсімдіктің маңызын түсіндіру.
|
Ішкі жан-дүниесін табиғат туралы өнер құралдары-мен байыту. Көркем және музыкалық әрекет арқылы табиғаттың күрделі емес суретін бейнелеу.
|
Әлеуметтік ортаға бейімделе білуін қалыптастыру, экологиялық мәдениет негіздерін дамытуға ықпал ету; табиғат сұлулығы өте құнды, сондықтан оны қорғау қажет екенін түсіндіру
|
Мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг ұйымдастыру және өткізу
Мектепке дейінгі білім беру саласындағы БҒДМБ негізгі бағыттарының бірі – мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын қадағалау бойынша индикаторлар жүйесін жетілдіру болып табылады.
«Индикатор» түсінігі МТОМЖБС-да баланың даму деңгейінің көрсеткіші ретінде айқындалған. Баланың даму деңгейлерінің көрсеткіштері Үлгілік бағдарламада жартыжылдықтар бойынша білім беру салаларының күтілетін нәтижелері ретінде қарастырылған.
МТОМЖБС сәйкес балалардың даму деңгейлерін қадағалау бала жетістіктерінің мониторингі негізінде жүзеге асырылады және 3 деңгейде ұсынылады:
1-ші деңгей – бала белгілі бір қимыл мен біліктерді қайталай алады;
2-ші деңгей – бала не істеп жатқанын түсінеді, белгілі бір білім қорына ие;
3-ші деңгей – бала өзінің білетінін жасай алады, білімін өз бетінше және шығармашылықпен қолданады.
Мектепалды даярлық сыныптарының (топтарының) педагогтеріне «Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын игеру бойынша балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізу» әдістемелік ұсынымдамасын басшылыққа ала отырып, диагностика жүргізу ұсынылады ( құрал «Мектепке дейінгі балалық шақ» ММ сайтына орналастырылған).
Диагностиканы оқу жылының басында, ортасында және соңында жүргізу ұсынылады (бастапқы бақылау – 1-10 қыркүйек, аралық – 10-20 қаңтар, қорытынды – 20-30 мамыр). Нәтижелері Бақылау парағына толтырылады. Алынған деректер негізінде Баланың жеке даму картасы толтырылады.
Бастапқы бақылау ересек топтың қорытынды бақылауы нәтижелері
(ІІ жартыжылдықтың күтілетін нәтижелері) бойынша жүргізіледі. Осы диагностиканың негізінде педагог-психолог және педагог-мамандармен бірлесе отырып, баланың жеке даму деңгейін анықтайды, сондай-ақ, бір жыл бойына балаға педагогикалық қолдау қажет ететін жұмыстың міндеттерін анықтайды.
І жартыжылдық қорытындысы бойынша аралық диагностика (қаңтарда) жүргізіледі. Педагогикалық аралық диагностика жүргізудің мақсаты білім беру стратегиясында балаға қатысты дұрыс таңдалған бағалау және даму динамикасын анықтау болып табылады. Диагностиканың бұл түрінің нәтижесі бойынша педагогтер қажет болған жағдайда педагогикалық процеске түзетулер енгізуі мүмкін.
Қорытынды диагностика ІІ жартыжылдықтың күтілетін нәтижесі негізінде оқу жылының соңында (мамырда) жүргізіледі. Мониторинг нәтижелері бойынша Үлгілік оқу бағдарламасы мазмұнын игеру деңгейі бағаланады және баланы дамытудың жаңа міндеттерін ескере отырып, бұдан әрі педагогикалық процестің перспективасын анықтайды.
Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мониторингісі оның дамуының түрлі кезеңдерінде өзгерісті белгілеуге, балалардың жеке дамуына сауатты педагогикалық қолдау көрсетуге және балалармен одан әрі түзету жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді.
Мектепке дейінгі білім берудің жаңартылған мазмұнын іске асыру барысында балаларда мектепалды даярлық сыныбы (тобы) түлегінің моделін сомдайтын мынадай дағдылар қалыптасады:
1) дене бітімі дамыған;
2) білуге құмар;
3) белсенді;
4) эмоциялық елгезек;
5) үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасау құралдары мен өзара іс-қимыл тәсілдерін меңгерген;
6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (елі), әлем және табиғат туралы алғашқы түсініктері бар;
7) мектепте оқуға қажетті біліктер мен дағдыларды игерген.
Педагогикалық процесті ұйымдастыруға қойылатын талаптар
МТОМЖБС талаптарын іске асыру үшін әрбір мектепалды даярлық сыныбында (тобында) әр балаға оның жас ерекшелік мүмкіндіктері мен жеке қабілеттерін неғұрлым толықтай ашуға жағдай жасау ұсынылады.
Психологиялық-педагогикалық жағдайларға қойылатын талаптар:
тәрбиелік, дамытушылық және білімдік мақсаттары мен міндеттерінің бірлігін қамтамасыз етуі тиіс;
– білім беру процесі перспективалық жоспарлау негізінде ортақ тақырыптарға сәйкес білім беру салаларын кіріктіру принциптерін ескере отырып құрылады (аталған тәсіл тәрбие мен оқыту жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етеді және және практика, эксперимент жүргізу үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді, ұғымдық ойлаудың негізгі дағдыларын дамытады);
- ақпараттық ресурстарды қолданады (масс-медиа, интернет және т.б.);
- жобалау міндетті түрде балалардың жас ерекшеліктерін, қызығушылықтарын, ұйымдастырылған оқу әрекетіндегі (ҰОӘ) өңірлік компонентті және балалардың бірлескен және дербес әрекеттеріндегі режимдік сәттерін ескере отырып, жүзеге асырады;
- балаларға шамадан тыс жүктеме жүктеуге болмайды, нақты жүктемемен қамтамасыз ету;
- тәрбиеленушілерде түрлі іс-әрекеттерге қатысуға деген ынта қалыптасады;
- Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын игеру және балалармен түзету жұмысын жүргізу бойынша диагностика уақытында жүргізіледі;
- балалар мен олардың ата-аналары үшін білім беру процесінің қолжетімділігі, ашықтылығы мен тартымдылығы қамтамасыз етіледі.
Заттық-кеңістік дамытушы ортаға қойылатын талаптар:
Мектепалды даярлық сыныптары (топтары) өз қызметінде «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларын (ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 17 наурыздағы № 217 бұйрығы) басшылыққа алады.
- мазмұны қауіпсіздік, вариативтілік, қол жетімділік, ашықтық және икемділік принциптеріне, гендерлік ерекшеліктерге, баланың қажеттіліктеріне сәйкес келуі тиіс;
- мазмұны «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жалпы адами құндылықтарға, патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеуге ықпал етуі тиіс;
- оқу жылы бойына өзгермейтін аймақтарды қатаң реттеуден бас тарту қажет;
- қоршаған орта баланың жеке тұлғасын дамытуға, балаға зерттеушілік бағытты игеруге, алған білімдерін өмірде қолдана білуге ықпал етуі тиіс;
- аймақтардың көркем безендірілуі және дизайны эстетикалық талғамға сәйкес және әдемі болуы тиіс.
Педагогикалық процестің мазмұнына қойылатын талаптар:
Мектепалды даярлық сыныптарында (топтарында) оқу процесі бес күндік жұмыс аптасы бойынша жүзеге асырылады.
Мектепалды даярлық сыныптарының (топтарының) педагог қызметкерлері білім беру процесін ұйымдастыру төмендегі құжаттарды басшылыққа алады:
- перспективалық жоспарлау;
- циклограмма;
- мониторинг (Бақылау парақтары мен Баланың жеке даму картасы).
Педагог перспективалық жоспардың негізінде ортақ тақырыптарға сәйкес бір аптаға циклограмма жасайды.
Педагог перспективалық жоспарды негізге ала отырып (айлық ортақ тақырыптар, апталық тақырыпшалар) циклограмма құрастыру кезінде алға қойылған мақсаттарды іске асыру үшін ҰОӘ бойынша әдебиеттерді, оқу-әдістемелік құралдарды, тақырып бойынша иллюстрацияларды, өлеңдер, жұмбақтар, ойындарды және т.б. таңдайды. Одан әрі ол ҰОӘ ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің құралдарын, әдістерін және тәсілдерін анықтайды.
ҰОӘ мазмұнын педагог құрастырады, ол:
І. Кіріспе бөлім (тақырыпқа ену: балалардың өткен материалдарды қалай игергенін білу үшін жетелеуші сұрақтар, жаңа тақырыпқа біртіндеп көшу);
II. Негізгі бөлім (жаңа материал (ойын түрінде); жаңа материалды бекіту сұрақтары (ойын түрінде);
III. Қорытынды бөлімнен (сабақ бойы не өткенін, есте сақтағанын, не ұнағанын балалармен есіне түсіру, бекіту сұрақтары, жаңа материалды бекіту ойындары) тұрады.
ҰОӘ барысында оқу қызметі, ойын әрекеті, күн тәртібінің сәттері барысында педагог балалардың дамуын бақылап, мәселелерді анықтайды. Бақылау мәліметтері диагностиканы жүргізуге негіз бола алады.
Педагог Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру бойынша балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдамаларға сәйкес әрбір баланың даму динамикасы мен болашағын Баланың жеке даму картасында және Бақылау парағында белгілейді.
Мектепалды даярлық сыныптарында (топтарында) жұмыс істейтін педагогтердің қызметін ұйымдастыру
БҒДМБ сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басты міндеттерінің бірі педагог кадрлардың сапалық құрамын жақсарту мен педагог кәсібінің беделін көтеру болып табылады.
Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің құқығы мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары (07.04.2017 жылғы өзгерістер мен толықтыруларымен), Білім беру ұйымдарының жарғысымен және басқа да нормативтік актілермен реттеледі.
Педагогикалық қызметке білім деңгейі мен біліктілігін тиісті деңгейдегі мемлекеттік үлгідегі құжаттармен растайтын тиісті бейіні бойынша арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі.
Білім беру процесінің тиімділігін арттыру мақсатында мектепалды даярлық сыныптарында (топтарында) жұмыс істейтін педагогтерге:
- тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктері мен даму мақсатына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің технологияларын таңдау;
- тәрбиеленушілерге педагогикалық қолдау көрсету тәсілдерін әзірлеу, кедергілер мен қиыншылықтарды жеңе білуге көмектесу;
- ақпараттық ресурстарды (масс-медиа, интернет және т.б.) қолдану;
- вариативтік бөлімдегі баламалы авторлық бағдарламаларды, МДТОМЖС талаптарын сақтау барысында тәрбиелеудің, оқытудың және сауықтырудың жаңа технологияларын өздігінен таңдау және қолдану;
- өз қызметіне талдау жасау;
- білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің, ата-аналары мен қызметкерлерінің қарым-қатынасы ынтымақтастық, өзара сыйластық негізінде және жеке басының ерекшеліктеріне сәйкес тәрбиеленушіні еркін дамытуды ұсынуды ескере отырып құру ұсынылады.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының негізінде мектепалды сыныптарда апталық нормативтік оқу жүктемесі 24 сағатты құрайды (мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартының бес білім беру саласының мазмұнын іске асыруға бағытталған негізгі оқу жүктемесіне 20 сағат, мектепке дейінгі ұйымның күн тәртібіне сәйкес жүзеге асырылатын басқа да іс-әрекет түрлеріне (ойын, өзіндік, шығармашылық, жеке жұмыс және т.б.) 4 сағат көзделген.
Мектепалды даярлық топтары мен сыныптарда ұзақтығы 25-30 минут болатын сабақтардың саны бестен артық болмауы керек. Бірқалыпты қарқында қимылды ойындар ұйымдастырылатын сабақтардың арасындағы үзілістердің ұзақтығы 10-12 минут болуы тиіс.
Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық құжаттар тізбесі
1. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (27.07.2007ж. № 319-III, 13.01.2015 жылғы өзерістер және толықтыруларымен).
2. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (11.07.1997 ж. № 151, 30.01.2014 жылғы өзерістер және толықтыруларымен).
3. «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2012 жылғы 28 маусымдағы № 23-V).
4. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2007 жылғы 21 шілдедегі №306).
5. «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2002 жылғы 11 шілдедегі № 343).
6. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (ҚР Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығы).
7. «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 17 наурыздағы № 217 бұйрығы).
8. «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 172 қаулысы).
9. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы (ҚР БҒМ 2015 жылғы 7 сәуірдегі № 172 бұйрығы).
10. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 13 мамырдағы № 292 қаулысы).
11. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығы.)
12. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидалары (07.04.2017 жылғы өзгерістер және толықтыруларымен).
13. Ойыншықтарды психологиялық-педагогикалық сараптамадан өткізу ережесі (ҚР БҒМ 2008 жылғы 10 маусымдағы № 337 бұйрығы).
14. Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 7 тамыздағы № 323 бұйрығы)
15. Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарлары (ҚР БҒМ 2016 жылғы 22 маусымдағы № 391 бұйрығының 1-қосымшасы)
16. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасына әдістемелік нұсқаулық. – «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы. - Астана, 2017 ж.
17. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын меңгеру бойынша балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар. «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы . – Астана, 2017 ж.
2 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі – еліміздің болашағының біртұтас іргетасын және жалпыазаматтық біріктіруші мақсат жүйесінің негізін құратын жаңа идеологиялық тұжырымдама «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен Патриоттық Актісін жүзеге асыру болып табылады.
«Мәңгілік Ел» – ұлттық сана-сезім мен отаншылдықтың дамуының жоғары деңгейіндегі, инновациялық экономика жағдайында табысты еңбек ететін, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының қоғамдық санада, білім беру және тәрбие жүйесінде бекуін қамтамасыз ету керек.
Осы мақсатта мектеп басшылары мен тәрбие жұмысын ұйымдастырушыларға көмек ретінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыруды әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «2016-2017 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік-нұсқау хат» әзірлеп, оған «Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі» тарауын енгізді.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы» тарауы қосылған Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері әзірленіп, бекітілді.
«Мәңгілік Ел» Патриоттық Актісі аясында 2016 жылғы 1 қыркүйек – Білім күні «Мен елімнің патриотымын» атты Бірыңғай сабақ өткізу бойынша барлық аумақтарға әдістемелік құрал жіберілді. 2017 жылғы 1 қыркүйекте өтетін Бірыңғай сабақ бойынша әдістемелік ұсынымдар осы Әдістемелік-нұсқау хатта беріліп отыр.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы 2017 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының, ҚР Білім және ғылым министрлігі, өңірлік білім басқармалары өкілдері, еліміздің барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан педагогикалық жұртшылықтың қатысуымен білім беру ұйымдарында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізгі принциптерін іске асыру бойынша республикалық онлайн-конференция өткізді.
«Мәңгілік Ел» идеясы мектеп мазмұнына академиялық пәндер, зерттеушілік және сабақтан тыс іс-әрекет, қосымша білім, элективті курстар арқылы енеді.
Бастауыш білім деңгейінің 1-4-сынып пәндері бойынша Үлгілік оқу бағдарламаларының «Оқу процесін ұйымдастыруға педагогикалық тәсілдер» 3-бөлімінде «Орыс тілі» (оқыту орыс тілінде емес мектептер үшін), «Жаратылыстану», «Дүниетану», «Музыка», «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру» пәндері бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтары енгізілген. Бастауыш білім деңгейінің 1-4-сыныптарына арналған «Дүниетану» пәнінің Үлгілік оқу бағдарламасында оқыту мақсаттарының ішінде – Қазақстанның ресми емес рәміздерінің маңызын түсіндіру («Алтын адам», «Бәйтерек» монументтері, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы).
Осындай жұмыстар негізгі және жоғары мектеп пәндерінің Үлгілік оқу бағдарламаларында да жалғасады.
Мектептердің 2017-2018 оқу жылындағы тәрбие жұмысының тағы бір ерекшелігі Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерді терең зерделеу және білім алушылар арасында таратуды ұйымдастыру болып табылады. Елбасы: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев бағдарламалық құжаттың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» 1- бөлімінде тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |