Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру қағидасын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 18 шiлдедегi № 818 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 27 маусымдағы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы» 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350, «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын бекiту туралы» 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру қағидасы бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) облыстардың жергiлiктi атқарушы органдарымен кредиттiк шарттар жасасуды;
2) кредиттердiң мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақтылы қайтарылуын бақылауды қамтамасыз етсiн.
3. Облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары тоқсан сайын, есептi кезеңнен кейiнгi айдың 10-күнiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiне және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне кредиттердiң игерiлуi туралы ақпарат берсiн.
4. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiмен бiрлесiп, Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде 2011 жылға тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға бөлiнген бюджет қаражатын пайдалану мониторингiн қамтамасыз етсiн.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiне жүктелсiн.
6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi К. Мәсiмов
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2011 жылғы 18 шiлдедегi
№ 818 қаулысымен
бекiтiлген
Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының
шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға
2011 жылға кредит беру қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру қағидасы (бұдан әрi – Қағида) Қазақстан Республикасының «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2010 жылғы 29 қарашадағы, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жұмыспен қамту және халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2011 жылғы 27 маусымдағы заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «2011 – 2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы» 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350, «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын бекiту туралы» 2011 жылғы 31 наурыздағы № 316 қаулыларына сәйкес әзiрлендi және облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредит беру тәртiбiн айқындайды.
2. Облыстық бюджеттерге Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының
шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға
2011 жылға кредит беру тәртiбi
2. Облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрi – қарыз алушылар) тиiстi мәслихаттар 2011 жылға арналған облыстық бюджеттерде тиiстi түсiмдердi көздейтiн шешiмдер қабылдағаннан кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне (бұдан әрi – кредитор) мәслихаттардың көрсетiлген шешiмдерiн ұсынады.
3. Кредитор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Қағиданың 2-тармағы орындалғаннан кейiн «2011–2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1350 қаулысының 3-қосымшасына сәйкес қарыз алушыларға кредиттiк шарттар жасасу арқылы жалпы сомасы 11 538 220 000 (он бiр миллиард бес жүз отыз сегiз миллион екi жүз жиырма мың) теңгеге бюджеттiк кредиттер (бұдан әрi – кредиттер) бередi.
4. Қарыз алушыларға кредиттер берудiң мынадай негiзгi шарттары белгiленедi:
1) Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының шеңберiнде тұрғын үй салуға және (немесе) сатып алуға 2011 жылға кредиттер қарыз алушыларға 7 (жетi) жыл мерзiмге 0,01 % сыйақы ставкасы бойынша теңгемен берiледi;
2) кредиттердi игеру кезеңi кредитордың шотынан кредиттер аударылған сәттен бастап есептеледi және 2013 жылғы 25 желтоқсанда аяқталады.
5. Кредиттердi беру, өтеу және қызмет көрсету жөнiндегi қосымша шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес кредиттiк шартта белгiленедi.
Достарыңызбен бөлісу: |