Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы «__» ____________ №___ бұйрығына 1-қосымша
Мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау қағидалары
Жалпы ережелер
Осы Мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9-12) тармақшасына, 7-бабы 5-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеудің жалпы тәртібін, мөлшерін және шарттарын белгілейді.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
мүгедек – тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота (бұдан әрі - квота) – ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындар санының пайыздық көрсетілімінде мүгедектер жұмыс істейтін жұмыс орындарының санын қоса алғанда, жұмыс беруші жұмысқа орналастыруға міндетті мүгедектерді жұмысқа қабылдау үшін жұмыс орындарының ең аз саны;
мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау – жергілікті атқарушы органдар белгілеген квотаға сәйкес мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс берушілердің жұмыс орындарын ұсынуы;
жұмыс берушi – қызметкер онымен еңбек қатынастарында тұрған жеке немесе заңды тұлға;
уәкiлеттi орган – халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді және жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауды өңірлік деңгейде қамтамасыз ететiн жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi.
2. Мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау тәртібі
Квотаны аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары ұйымдық-құқықтық нысанына және меншік нысанына қарамастан ұйымдар үшін ұйымның тізімдік санының пайыздық көрсетілімінде белгілейді және жыл сайын қайта қарайды.
Квота шеңберінде медициналық-әлеуметтік сараптама нәтижелері бойынша және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының ұсынымдары негізінде еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруға қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектер жұмысқа орналастырылады.
Қазақстан Республикасының Заңдарында қызметкерлердің еңбегін реттеудің айрықша тәртібі айқындалған жағдайларда квота белгіленбейді.
Квота белгілеу жөніндегі ұсыныстарды:
«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және осы Қағидалардың;
тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі еңбек нарығында мүмкіндігі шектеулі адамдар санынан жұмыс күшіне ағымдағы сұраныс пен ұсынысты талдаудың, болжаудың;
өңірдегі қолданыстағы ұйымдар санының;
осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес ұйымдар қызметкерлерінің тізімдік санының;
мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс беруші ұсынған қолданыстағы жұмыс орындарының саны туралы мәліметтер талдауының;
квотадан тыс жұмыс берушілер мен мүгедектер арасында жасалған қолданыстағы еңбек шарттарының саны туралы мәліметтер талдауының;
халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз ретінде тіркеген және квота бойынша жұмысқа орналасқысы келетін мүгедектер тізімінің;
жұмысқа орналастыруға мұқтаж мүгедектердің және мүгедектер үшін бос жұмыс орындарының деректер базасын жүргізудің негізінде уәкілетті орган әзірлейді.
6. Қызметкерлердің тізімдік саны ұйымдардағы қызметкерлердің штаттық саны және бос жұмыс орындарының саны туралы жұмыс берушілердің мәліметтері негізінде қалыптастырылады. Белгіленген квота көбірек бүтін санды құраған жағдайда, санды жуықтау бүтін мәнге азайту жағына қарай жүргізіледі.
Еңбек жағдайлары ауыр, зиянды және (немесе) қауіпті санатқа жатқызылған ұйымдар үшін қызметкерлердің тізімдік санына еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша еңбек жағдайлары ауыр, зиянды және (немесе) қауіпті санатқа жатқызылған қызметкерлер кірмейді.
7. Уәкілетті орган осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс берушілер ұсынатын «Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасын орындау үшін жұмыс орындарының саны, бос лауазымдар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтердің бар болуы туралы мәліметтер» әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанның негізінде ұйымдар бөлінісінде жұмысқа орналастыруға мұқтаж мүгедектер үшін жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарының саны туралы деректер базасын қалыптастырады.
8. Уәкілетті орган ұсынған ұсыныстардың негізінде республикалық маңызы бар қаланың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы тиісті нормативтік құқықтық актімен ұйымдар бөлінісінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота бекітеді және жұмыс берушілердің назарына күнтізбелік жыл басталғанға дейін бір ай ішінде жеткізеді.
Жергілікті атқарушы органдар мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы нормативтік құқықтық актіні өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ ресми интернет сайттарда орналастырады.
10. Жұмыс берушілер белгіленген квотаға сәйкес квота енгізілген күннен бастап күнтізбелік 1 ай ішінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын ұсынады.
11. Жұмыс берушілер есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей тоқсан сайын уәкілетті органға:
белгіленген квотаға сәйкес мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін ұсынылған жұмыс орындары туралы;
мүгедектер қатарындағы қызметкерлердің орташа жалақысы, еңбек және қызмет жағдайы (толық емес жұмыс күні және икемді график) туралы;
квота шеңберінде бөлінген босатылатын жұмыс орындары туралы;
осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін квотаны орындау туралы мәліметтер» әкімшілік деректерді жинауға арналған нысан бойынша мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін квотаны орындау туралы мәліметтер ұсынады.
12. Үш айдан кем емес мерзімге жасалған еңбек шартымен расталған жұмыс берушінің бос немесе белгіленген квота шеңберінде ұсынылған жұмыс орындарына мүгедектерді жұмысқа орналастыруы квотаны орындау болып табылады.
13. Квота есебінен жұмысқа орналастырылған қызметкерлерді жұмыс берушінің бастамасы бойынша және (немесе) қызметкерді өз еркімен жұмыстан босату жұмыстан босатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша уәкілетті органға мiндетті түрде хабарлай отырып жүзеге асырылады.
3. Мүгедектер үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеу мөлшері мен шарттары
14. Қызметкерлерінің тізімдік саны елу адамнан асатын ұйымдарға квота алдағы күнтізбелік жылға күнтізбелік жылдың бірінші желтоқсанына дейін белгіленеді.
15. Жалпы тізімдік саннан квота белгілеу үшін қызметкерлердің тізімдік санын айқындау кезінде мүгедектер санатына жатқызылған қызметкерлер алынып тасталады.
16. Квота ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, қызметкерлердің тізімдік санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Елді мекендерде еңбек етуге қабілетті жастағы мүгедектер болмаған жағдайда, ұйымдарда квота белгіленбейді.
17. Қызметкерлерінің мынадай тізімдік саны бар ұйымдарға:
1) елуден жүз адамға дейін - квота қызметкерлердің тізімдік санының екі пайызы мөлшерінде белгіленеді;
2) жүзден екі жүз елу адамға дейін – квота қызметкерлердің тізімдік санының үш пайызы мөлшерінде белгіленеді;
3) екі жүз елуден артық адам – квота қызметкерлердің тізімдік санының төрт пайызы мөлшерінде белгіленеді.
18. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ қызметкерлердің тізімдік санының жиырма пайыздан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
19. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша квотаның орындалуына мониторинг жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |