© Национальная академия образованияим.И.Алтынсарина,2014.
Кіріспе
Ақпараттық кеңістікті кеңейту және әлемдік қоғамдастыққа ену, адами ресурстарды қалыптастырудағы білім берудің рөлін арттыру жағдайында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің өлшемі ретінде білім беру жүйесін жаңа тәсілдерге бағдарлау маңызды.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарына сәйкес 2015 жылығы Оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) рәсімі аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығы бағаланатын болады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеруге арналған тапсырмалар алғаш рет 2014 жылғы ОЖСБ-ның тест тапсырмаларына енгізілген [1].
Функционалдық сауаттылықты «адами іс-әрекеттің әртүрлі жағдайларында өмірлік міндеттердің кең ауқымын шешу үшін мектепте алған білім, білік жіне дағдыны пайдалана білу қабілеті» деп түсіну қажет.
Оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау аясында ҚР-да бағаланатын функционалдық сауаттылықтың түрлері: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылстану сауаттылығы.
Білім сапасын сырттай бағалаудың маңызды құралы PISA, TIMSS халықаралық мониторингтік зерттеулері болып табылады. Халықаралық салыстырмалы зерттеулер аспектісінде оқушылардың білім мен білік сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі - функционалдық сауаттылық. Аталған зерттеулерге қазақстандық мектеп оқушыларының қатысу нәтижесі функционалдық сауаттылықты жеткіліксіз деңгейде қалыптастыру екенін көрсетіп отыр.
2015 жылы Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері PISA (математикалық және жаратылыстану сауаттылығын салыстырмалы бағалау, сондай-ақ 15 жастағы оқушылардың әртүрлі типтегі мәтіндерді түсіне білуі) және TIMSS (4-ші және 8-ші сынып оқушыларының математикалық және жаратылыстану сауаттылығын салыстырмалы бағалау) халықаралық зерттеулеріне қатысады.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында және Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012 - 2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында белгіленгендей PISA және TIMSS халықаралық салыстырмалы зерттеулерінде қазақстандық мектеп оқушыларының нәтижелерін жақсарту қажет.
Осыған байланысты, қазақстандық білім балалардың әртүрлі оқу және өмірлік жағдаяттарда, тұлғааралық қарым-қатынаста және әлеуметтік қатынаста алған білімдерін пайдалану дағдыларын дамытуға бағдарлануы тиіс.
Аталған құрал PISA, TIMSS халықаралық зерттеулеріне дайындалу мақсатында пән мұғалімдеріне, оқушыларға арналған. Онда халықаралық зерттеулердің тапсырмаларын шешу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар мен нұсқаулықтар, сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту жөніндегі тапсырмалардың нұсқалары берілген және оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық зерттеулерінде пайдаланылған үлгілік тапсырмалар енгізілген.
Достарыңызбен бөлісу: |