МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.................................................................................................................6
І ТАРАУ ДЕНЕ МӘДЕНИЕТІНІҢ ПАЙДА БОЛУЫ.
1.1. Дене мәдениетінің алғашқы дамуы................................................................9
1.2. Тайпалық қоғамдағы дене тәрбиесі..............................................................10
1.3. Алғашқы олимпиадалық ойындар................................................................12
1.4. Дене мәдениетінің даму ерекшеліктері........................................................16
ІІ ТАРАУ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ МЕН СПОРТТЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ
2.1. Спорттың даму кезеңдері..............................................................................16
2.2. Жоғарғы оқу орындарындағы дене тәрбиесі...............................................17
2.3. Спорттың халықаралық ареналарға шығуы.................................................19
2.4. Дене мәдениеті халықтар тұрмысында........................................................24
2.5. Кеңес үкіметінің дене мәдениеті...................................................................27
ІІI ТАРАУ ШЕТЕЛДЕРДЕГІ ДЕНЕ МӘДЕНИЕТІ МЕН СПОРТТЫҢ ЖАҒДАЙЛАРЫ.
3.1. Жұмысшы спорттық-гимнастикалық қозғалыстары туралы.....................37
3.2. Кәсіпқой спорттың пайда болуы...................................................................38
3.3. Буржуаздық спорт қозғалысы туралы..........................................................40
3.4. Соғыстан кейінгі дене шынықтыру........................................ .....................43
3.5. Орта ғасырдағы спорттың дамуы..................................................................47
3.6. Қайта өрлеу дәуіріндегі дене тәрбиесі.........................................................50
3.7. Жаңа тарихтың-кезеңіндегі дене мәдениеті.................................................51
ҚОРЫТЫНДЫ....................................................................................................63
Пайдаланған әдебиеттер....................................................................................65
КІРІСПЕ
Дене шынықтыру тарихы педагогикалық және тарихи білімдердің арнайы саласын қамти отырып, дене шынықтыру туралы ғылымның маңызды бөлігі болып табылады. Оның оқыту пәніне – адам қоғамының өмір сүруінің әртүрлі кезеңдерінде дене шынықтыру мен спорттың пайда болуының, орнығуының және дамуының жалпы заңдылықтары жатады.
Алайда, тарихтан білетініміздей, ХХ-ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында, 30-шы жылдарының басында басталған КСРО Компартиясының сол кездегі І-хатшысы (шынтуайтқа келгенде, елдің билеушісі болған) И.В. Сталиннің жеке басына табынушылығының әсерінен ғылым жолы да идеологиялық тұрғыда айни бастады. Көптеген тарихи қазба жұмыстарының, ғылыми жаңалықтардың т.б. жетістіктердің нәтижелері, бағыттары, соның ішінде, дене мәдениетінің даму сатыларына деген көзқарастар бұрмалаушылықтарға ұшырай бастады. Еңбекші таптың жағдайын ойлап, сөзін сөйлейтін дүние жүзіне белгілі ғалымдардың еңбектері аталынып, басқа көзқарастағы, бірақ, ғылыми еңбектері объективті түрде дұрыс деп саналатын ғалымдардың еңбектері жоққа шығарыла бастады.
Алғашқы қоғамдық дәуір құрылымы кезеңінде дене шынықтыру өзінің таптық қоғам кезінде жоғалып кеткен ерекшеліктері болды. Өз кезегінде, таптық қоғамда тек сол қоғамдық-экономикалық формацияға тән дене шынықтырудың түрлері пайда бола бастады (құл иеленушілер, феодалдық, капиталистік дәуірлер).
Капиталистік дәуір кезінде дене тәрбиесі жүйесінің қоғамдық әртүрлі тап өкілдерінің қоғамдық өмірімен тығыз байланысын арттыра түсті. Бірі-біріне қарсы тап өкілдерінің дене тәрбиесі саласында қызығушылығы бір сияқты көрінді. Бірақ, бұл тек алдамшы көрініс еді: капиталистік қоғамда дене тәрбиесі таптық жағдайда еді. Үстем таптың қанаушылығын көрген бұл қоғамда әлі жеңіске қолы жетпеген жаңа таптың мәдениеті, соның ішінде, дене мәдениеті дами бастады. Сонымен, капитализм кезінде жұмысшы спорттық қозғалысында жаңа дене тәрбиесі жүйесінің алғашқы нышандары пайда бола бастады.
Пәннің мазмұнына дене шынықтыру амалдарын, түрлерін, әдістерін, ой-сапалылығының ілімі мен жүйелерін оқу кіреді. Дене шынықтыру бүкіл адамзат мәдениетінің, тәрбиесінің, адамдардың білімдерінің, олардың еңбек және әскери іс-қызметтеріне дайындығының органикалық бір бөлімі ретінде қарастырылады. Дене шынықтыру тарихы дене шынықтыру мен спорттың ежелгі дүниедегі пайда болуынан қазіргі кездегі дамуы мен жетілу эволюциясын оқытып, үйретеді.
Кеңестік кезеңде бұл пәнді диалектикалық және тарихи материализм тұрғысынан қараған. Ол кездегі қағида бойынша дене шынықтырудың даму жолы қоғамның басқа да өмір сүру жақтарымен өзара байланысқан еді. Дене шынықтырудың дамуын тоқтаусыз қозғалыс, өзгеріс ретінде көрсете отырып, тарих оның жетілуін жаңа көзқарас пен ескі көзқарастың күресінің нәтижесі ретінде қарастырылады. Диалектикалық заңдылықтар қоғамның бүкіл тарихының барысында дене шынықтырудың дамуын ғылыми көзқараста көрсетіп береді.
Тарихи материализм заңдылықтары негізінде дамыған дене шынықтыру нақты қоғамдық-экономикалық формацияға, географиялық ортаға, ұлттық ерекшеліктерге байланысты қарастырылады. Тарихи материализм дене шынықтырудың таптық жағдаяттарын ашуға көмектеседі, оның жасап шығарушылары кейбір тұлғалар емес, халық екенін дәлелдейді. Дене шынықтырудың даму деңгейі, оның адамдар өміріндегі орны өндірістің нақты түрлеріне, қоғамдық қатынастарға, саясатқа, ғылым мен мәдениеттің жағдайларына әрқашан да тәуелді болған және бола береді де.
Нақты анықталған тарихи шарттар мен жағдайлар әртүрлі дене тәрбиесі жүйелерінің пайда болуына әкеп соқты. Таптық қоғамның пайда болуынан бастап, дене тәрбиесінің жүйесі күресуші таптардың мүдделерін қорғайтын таптық жағдайға көшті. Құл иеленушілер дәуіріндегі дене тәрбиесінде құл иеленушілер құлдарды зорлық пен зомбылықтың айуандық түрлерін көрсете отырып, қорқытып-үркітіп және бас июшілікте ұстап, қару алып, өз мемлекетінің мүддесін қорғауға күштеп итермелейтін.
Дене тәрбиесі жүйесіндегі әскери бағыттама феодалдық қоғамда да орын алды. Бұл жүйе үшін феодалдық қоғамдағы барлық таптар үшін тән еді. Жұмыс күші ғана ретінде қолданылған, малға теңестірілген, өзінің дене тәрбиесінің мәдениеті түгіл, жалпы мәдениеті жоқ құлдардың кезіндегі құл иеленушілер дәуірінен феодалдық қоғамның айырмашылығы – феодалдық қоғам кезіндегі қолөнершілер мен еркін шаруалардың өз мәдениеті, соның ішінде, дене мәдениеті болды. Ыңғайлы жағдайлары болмағанның әсерінен оншалықты дамымаса да, еңбекшілердің дене тәрбиесінің жүйесі қалыптаса бастады.
Бұл тұрғыда дене мәдениеті тарихына кеңестік көзқарас қалыптасып, сол кездегі осы саламен айналысатын ғалымдардың еңбектерінде де өз көріністерін таба бастады. Кеңестік ғылым барлық салаларда жетекші орындарға шыға бастады. Бұндай жетістіктер дене шынықтыру мен спорт саласында да болып жатты.
Дегенмен, қанша бұрмалаушылықтар болса да, кеңестік кездегі жетістіктерді атап өткен жөн. Көптеген ғылыми жаңалықтар, ашылулар, соның ішінде, дене мәдениеті, дене тәрбиесі, спорт салаларында да үлкен жетістіктер болды. Оны атап өткен жөн, деп айтып жатқан себебіміз – ол қалай айтса да, біздің тарихымыз. Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз да қанша кеңестік жүйенің кемшілік тұстарын батыра айтқанымен, қазіргі жетіп отырған жетістігіміз де, кемшілігіміз де сол жүйенің арқасында болды.
Тақырыптың көкейтестілігі:
Қазіргі кезде тарихшы, лингвист ғалымдар да ежелгі қазақ елінің пайдаланылған заттары немесе жазулары жер жүзіндегі кейбір халықтардың (мысалы, үндістер, эскимостар, якут, чукот, Енисей бойын жайлаған кейбір халықтардың) көне жазуларымен ұқсас, кейбір қолданылып жүрген сөздерінің, түсініктерінің бірдейлігін айтып жүр.
Сол сияқты, ежелгі қазақ даласындағы болған ойын түрлері мен әскери жаттығулардың жақсы жетілгендігі сонша, басқа елдердің әскери күштеріне, хандарына, билеушілеріне үлкен өнеге, мысал бола алған еді (сақтардың кезіндегі сақ патшайымы Томирис, оның әскери қолбасшысы Рүстем батыр).
Әр тақырыпта көрсетілген мағлұматтар дүние жүзі халықтарының дене мәдениеті, дене тәрбиесі, спорты қалай дамығанын сатылап талдап береді. Сол дәуірлердегі дене мәдениетінің, дене тәрбиесінің, спортының пайда болуын, дамуын және жетілдіруін оқып білу арқылы Қазақстандағы дене мәдениетінің, дене тәрбиесінің, спортының жағдайларымен салыстыра отырып, оқып білгендері құба-құп.
Ежелгі дәуірдегі Еуропа, Шығыс елдерінің дене мәдениетінің дамуын көне қолжазбалар арқылы оқып білуге болатын болса және де көптеген тарихи оқиғалар, мысалы, Ежелгі Грециядағы көне Олимпиадалық ойындардың жылнамасы секілді, қолжазбалар нақты фактілермен дәлелденген.
Ал, ежелгі қазақ жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың дене мәдениетінің хал-ахуалын археологиялық қазбалардың нәтижелеріне сүйеніп, ғылыми болжаулар арқылы біліп жүрміз. Сол кездегі тайпалардағы, мемлекеттердегі болған көне жазулардың аудармасы жоқтың қасы. Бұған қоса, көптеген қолжазбалар жаугершілік заманында, әсіресе, қанқұйлы Шыңғысхан жорығының кесірінен жойылып, өртеніп кетті (мысалы, сол замандағы әйгілі Отырар кітапханасы).
Сондықтан да, ежелгі қазақ жерін мекендеген тайпалар мен халықтардың тұрмыс-тіршілігі, соның ішінде, дене мәдениетінің хал-ахуалы соғыс өртінен аман қалған қолжазбалардың, археологиялық қазбалардың ғылыми жорамалдарына сүйеніп жасалған. Бұл туралы еліміздің белгілі қайраткері, ғалым М. Тәнікеевтің «Қазақстандағы дене шынықтыру және спорт тарихы» еңбегінде мағлұматтар берілген.
Мәселенің өңделуі: Қазақстан Республикасының ақпарат көздері мен Қазақстанда жарық көрген мәліметтерге, ақпарат көздеріне сүйенеді.
Диплом жұмысының мақсаты:
- Дене тәрбиесі және спорт туралы ғылымның дамуы
- Оқу орындарындағы дене тәрбиесі мен спорт ерекшелігі
- Кеңес спортының халықаралық ареналарға шығуының маңызы.
Зерттеу нысаны: жалпы білім беретін мектептегі оқыту процесі.
Тәрбиелік құндылығы: Ғылыми-зерттеу материалдары мектепте спорттық ойындық жүйелердің дамуына жан-жақты сипаттама беріп, оқытудың кешендік бағдарламаларын ұсынады.
Диплом жұмысының құрылымы: Кіріспеден, 3 бөлімнен, қортындыдан, пайданылған әдебиеттер тізімінен.
І ТАРАУ ДЕНЕ МӘДЕНИЕТІНІҢ ПАЙДА БОЛУЫ.
1.1. Дене мәдениетінің алғашқы дамуы.
Ойындар мен дене қимылы жаттығуларының шығу тарихының мәселелері көп елдердің ғалымдарының назарын аударып жүрген. Біреулері оны материалистік, ал біреулері – идеалистік тұрғыдан білдіріп жүрген. XIX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың басында Бюхер мен Грос (Германия), Спенсер (Англия), Летурно (Франция) секілді ғалымдар еңбек процесі жануар-аңдардың ойынынан алынған деп, аң мен адамның ойынын бірдей көріп, айырмашылық жасамаған. Олардың ойынша қоғамдағы «Ойын еңбектен үлкен», «Еңбек ойынның баласы» деген өздерінің жорамалдарын айтты. Осы тұжырымдарды осы күнгі буржуазиялық философ, тарихшы, социологтар қолдайды [1].
В. Кербс, К. Дим (Германия), Б. Жиллет (Франция) және де бірқатар буржуаздық ғалымдармен қоса, Фридрих Энгельстің «Маймылдан адамға айналудағы еңбек процесінің ролі» еңбегіндегі ойларда «Адамды адам қылған еңбек» деген өз сөзін айтты. Қайта осы еңбек процесінде және еңбектің және аң аулаудың арқасында адам ең керекті дене қимылы жаттығуларын - жүгіру, секіру, лақтыру сияқты керекті іс-қимылдарды үйренді. Аң аулау ол кезде өмір сүрудің ең негізгі құралы болып саналатын. Аң аулауға шығар алдында оның суретін жартасқа немесе жерге салып, соған садақтан атып немесе жебе лақтырып жаттығатын. Әртүрлі магиялық (сиқырлық) іс-әрекеттер істей отырып, сол кездегі адам сонымен бірге, аң аулау кезінде керек болатын өз күш-еркін шыңдап, көз мергендігі мен қол ұшқырлығын, ептілігін машықтандыратын.
Дене жаттығулары мен ойындардың ана немесе мына түрлерінің шығу тегіне, сол кездегі ежелгі адамдар өмір сүрген географиялық орта мен климаттық шарттарға байланысты еді. Солтүстік адамдары шаңғы істеп, үйреніп аңға, соғысқа шаңғымен шығатын болды. Су жағалауында тұратын тайпалар жүзу, ескек есу, ал қысқы уақыттарда аң сүйектерінен жасалған конькилермен мұзда әртүрлі ойындар ойнайтын. Ал жылы аймақтарда ит үйретіп, ат ұстап, аттардың арқасында көшіп-қонып, аң аулап, өздерінің сана-сезімдерін дамыта бастады. Көне дәуірлік адамның сана-сезімінің, ой-қабілетінің дамуы сол кездегі қоғамда дене тәрбиесінің пайда болуының субъективті алғы шарттары болып табылуында еді.
Адам - өзіне тән іс-қимыл белсенділігі бар әлеуметтік-биологиялық түр. Адамның іс-қимыл белсенділігі оның ағза мүшелерінің жаттығуына әкеледі. Көрнекі кеңес зерттеушісі М.О. Косвен өзінің «Көне дәуір мәдениетінің тарихы туралы очерктері» еңбегінде: «...күні бойы жұмыс істеп шаршаған көнедәуірлік адам, кешке қарай демалып, ағзасын, дене мүшелерін бой жазу арқылы өзінің табиғи физиологиялық қажеттіліктерін керек етеді. Дене шынықтыру-жаттықтырушылық немесе эмоционалдық іс-қимылдар аңға немесе жорыққа шығар алдында орындалатын аңшылық және әскери билерге оң әсерін тигізетін...». Діннің пайда болуынан бастап, дене жаттығуларының элементтері діни салт-дәстүрлермен байланыстырыла бастады. Осылайша, діни тұрғыдағы билер, ойындар пайда болды. Дегенімен, дене қимылы жаттығуларының, ойындардың және билердің шығу тегі діннің пайда болуынан бұрын адамзат тарихында пайда болған [2].
1.2. Тайпалық қоғамдағы дене тәрбиесі.
Рулық, тайпалық қоғамда адамның сана сезімі дами бастады. Енді ірі аңдар ұстау үшін, соғысқа аттану үшін, жерін елін жаулардан қорғау үшін адамдарға жайлап біріге бастады. Өндіруші күштердің, еңбек тәжірибесінің ендеуі тәрбиенің күрделенуіне алып келді, оның ішінде дене тәрбиесі де көп өзгерістерге ұшырады. Дене тәрбиесі бұл жағдайларда тек еңбек жолына ғана емес, әскери тәрбиеге де ауа бастады. Себебі: ішкі, сыртқы жаулармен қатар, табиғаттың дүлей күштерінен де өз тұқымын аман алып қалу үшін, қарсы тұру амалдарын жасай бастады. Әскери тәрбиеде көне австралиялық балалар садақ атуда, әртүрлі заттарды лақтыруда жаттыққан, үлкендермен қосылып аң аулауға, балық ұстауға барған. Тәрбие негіздеріне бумеранг лақтыру да жатқан. Орыс этнографы Н. Миклухо-Маклай Жаңа Гвинея папуастарымен біраз уақыт бірге тұрған. Ол жүгіру, доп лақтыру, садақ ату, секіру, әртүрлі биге ұқсас қимылдарын өзіне жазып алған. Ал, Американың алғашқы адамдары (үндістер, эскимостар) допты нысанаға тастау, үлкен қашықтықтарға жүгіру, ауыр заттарды (тастарды) көтеру секілді, ойындарды ойнайтын. Африканың тайпалары балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу үшін таяқта семсерлесу, садақ ату, лиананың бұтақтарында тербетіліп секіру секілді жаттығу-ойындарын кеңінен қолданған. Бушмен тайпалары жылдамдықпен, төзімділікпен көзге түскен. Олар да жарыстар өткізіп тұрды. Бір жастан екінші жас кезеніне өткенше: инициация - арнау, бастау педагогикалық бағыттамалары болды. Инициация мақсаты жасөспірімді еркектер қатарына қосылу үшін алынатын емтихан секілді, ойын жаттығу түрлерін орындау болды. Тайпалық қоғамда ұл мен қызды бөлек тәрбиелеу пайда болды. Балалар аңшылық, әскери ойындарды ойнаса, қыздар би билеу, әйелдердің тұрмысы мен еңбегін көрсетті [3].
Дене жаттығулары мен ойындар бірте-бірте өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің маңызды амалдарына айнала бастады. Дене тәрбиесі рулық-тайпалық қоғамның басты қызмет түрлерінің біріне айналды.
Темір рудасын өңдеуін игеру, егіншілік пен мал шаруашылығының бөліне бастауы, жеке меншіктің пайда болуына байланысты өндіруші күштердің дамуы - қоғамдық құрылымның ыдырауына әкелді. Өз алдына жеке бөлінген ру-тайпалардың әскери көсемдері мен ақсақалдары енді өз ортасының әскери дене дайындығына көптеп көңіл бөле бастады. Бұл жаугершілік жағдайында я өз жерін-елін ішкі немесе сыртқы жаудан аман алып қалу әрекеттері, я бөтен жерлерді басып алу үшін керекті амалдар еді. Дене тәрбиесі біртіндеп әскери сипат ала бастады. Қоғамдық өмір, былайша айтқанда, ерлер үйлерінде өтетін, онда жастар үйі болатын. Рулық-тайпалық ұйымдастырудың бұл түрі тәрбиелік мақсаттарда еді. Онда жасөспірімдердің әскери-дене қимылы дайындығына айрықша көңіл бөлетін. Бұл құпия одаққа ру мен тайпаның барлық ерлері кіретін. Бұнымен қоса, бір бір жастық топтан екінші жастық топқа өту үшін, міндетті түрде инициация болатын. Рулық-тайпалық қоғам ыдыраған сайын, құпия одақтың ролі өзгеріп отырды. Әскери және рулық аристократияның бөліне бастауы, оларды қарудың жаңа түрлерімен қамтамасыз етуі, бай-мырзалардың бос уақыттарының көп болуы және олардың дене еңбегін менсінбей, бағаламауы - дене тәрбиесінің таптық жағдайға әкелуіне себепкер болды. Бай-манаптар өз биліктерін ең жақсы әскери-дене қимылы дайындығымен және жарыстардағы жеңістерімен одан бетер бекіте бастады. Ру-тайпалардың қатардағы мүшелері қоғамдық өмірден және ойындар мен дене жаттығуларынан біртіндеп шеттетіле бастады. Оларға енді ауыр қара жұмыс пен биліктегілерге қызмет ету қалды. Бұндай жағдайда дене тәрбиесі мен еңбек тәрбиесінің арасы алшақтай бастады.
Рулық-тайпалық қоғамның ыдырап, таптық құл иеленушілер дәуірінің пайда бола бастаған кезеңінде дене жаттығулары мен ойындар аристократ-тардың әскери-дене қимылы дайындығының амалдары ретінде публикалық қоғамдық сайыстар түрлерінде өтетін. Эгей теңізіндегі Крит аралында және Пелопоннесс жағалауындағы Микены қаласының археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген кезде, әртүрлі ойындар мен сайыстардың, жаттығу-лардың кескіндері мен суреттері табылған. Крит көсемдері дене жаттығулары мен ойындарды сарбаздардың әскери-дене қимылы дайындығын арттыратын амалдар ретінде қолданған. Гомердің «Илиада» және «Одиссей» эпикалық жырларында гректік ру-тайпалық аристократтарының біздің дәуірге дейінгі ХІІ-ІХ ғасырларға жататын жүгіру, күрес, жұдырықтасу, найза және диск лақтыру, садақ ату, күймелерде ат жарыстары секілді қоғамдық сайыстарды бейнелеген. Ру-тайпалық қоғамның ыдырауы басталған кезеңдерде ежелгі германдықтарда, Океания тұрғындарында, үндіс (майя, ацтек, инктер) тайпаларында дене қимылы жаттығулары мен ойындардың дамуы шамамен осы бағыттарда болды. Майя тайпасында каучуктан істелінген допты пайдаланып ойнайтын командалық ойын кең таралған еді. Ойынның мәнісі мынадай - бір команда әлгі допты кәрзеңкеге тастауға тырысса, екінші команда оған жол бермеуге тырысатын. Бұл ойынды кейін американдық Джон Нейсмит деген адам баскетбол ойыны етіп, дүние жүзіне әйгілі қылды. Ежелгі Перуде дене тәрбиесімен айналысқан жастар, кейінгі жағдайда міндетті түрде әскери қызметке өтуі тиіс болатын [4].
Осылайша, ру-тайпалық қоғамның ыдырауы кезеңіндегі дене тәрбиесі өзінің еңбекпен тікелей байланысын жоғалтты, яғни, әскерилендіріле бастады, таптық бағытқа өтті.
Құл иеленушілер қоғамы 4-3 мың жыл біздің ғасырымызға дейін бұрын пайда болды. Ол адамзаттың дамуының заңды құбылысы ретінде болды. Құл иеленушілер қоғамындағы қоғам қатынасының негізгісі болды. Қоғамдағы осы өзгерістер сол кездегі рухани мәдениеттілік, материалдық дене тәрбиесі салаларында әсетін тигізді. Құл иеленушілер жұмыс еңбегімен айналыспай дене қимылы жаттығуларын ойын ретінде әскери дайындық ретінде пайдаланды. Дене тәрбиесі Ежелгі Шығыс пен Греция, Рим ежелгі елдерінде барынша дамыды.
1.3. Алғашқы олимпиадалық ойындар
Дене тәрбиесінің дене қимылы жаттығуларының көп түрлілігін Қытай, Египет, Индия, Парсы, Вавилон, Ассирия елдеріндегі ежелгі қолтаңбалар мен мәдениет ескерткіштері куә болады. Құл иеленушілер дене мәдениеті көп жаттығуларды халықтан алды. Индия халқының кейбір ойындары мен дене қимылы жаттығулары ежелгінің тереңіне кетіп қалады. Мұнда аң аулау атта шабу, семсерлесу, күймелерде жарысу, садақ ату, таяқ қолданатын доппен ойнау сияқты ойындарды қолданатын. Сол ойындардың қазірге дейін аттағы поло, хатха-йога, шахмат, көгалдағы хоккей т.б. секілді түрлері жеткен. Ежелгі Парсыда атта шабу, садақ ату, дротик лақтыру секілді ойын түрлерін үйрететін мектептер болған. Бірақ, мұнда тек байлардың балалары ғана оқыған. Біршетінен, мұндай мектептерде ержүрек батыр нояндар дайындап отырған. Ежелгі Египетте фараондар моласын қазу кезінде Бе Гассан деген жерде көмбелері табылған ғалымдардың зерттеуінше бұл шамамен б.д.д. ХҮІІІ-ХҮІІ ғасырлар бұрын сурет фрескаларда 400-ден аса ойын мен дене қимылы түрлері табылды. Онда аң аулау, садақ ату, күрес, арбада атпен жарысу сияқты түрлері болған. Б.д.д. ҮІ-Ү ғасырларда Египетте сондай жарыстарды өткізетін арнайы ғимараттардың қалдығы табылған. Ол кезде қарапайым халық ойындар, күрес, акробатикалық жаттығулар, жүгіру, секіру, лақтыру, садақ ату, ауыр зат көтеру секілді дене қимылы жаттығуларымен айналысатын. Байлар дене тәрбиесі мектепте, тұрмыста, әскери қызметте өтетін. Олар халық арасында ойындар мен жаттығуларынан алатын, бірақ, тұқымы таза деп күймеде аң аулау, садақ ату, атпен жарыс т.б. түрлері мен айналысатын. Археологтар тастарда суреттердің кескіндерін тапқан. Онда Вавилонда - жұдырықтасу мен күрестің, Ассирияда - садақ ату мен жүзудің кең қанат жайғанын мәлімдейді. Байлар өзара семсерлесу, күймеде жарыс түрлерімен айналысатын. Қытай - каратэ, яғни, қару-жарақсыз, жалаң қол-аяқпен қарулы жасаққа қарсы тұра алу өнерімен белгілі [5].
Ежелгі Шығыс елдеріндегі құл иеленушілердің билігі күшейген сайын, халықтың дене қимылы жаттығулары мен ойындары шектеле бастады. Бұған себеп - халық осындай ойындар мен дене қимылы жаттығулары арқылы күшейіп кетсе, билік басындағылардың ертеңгі күні әлдері келмей қалатын еді. Сондықтан да, қарапайым халыққа шектеулер қойыла бастады.
Ежелгі Грек дене мәдениетінің күшейюі құл иеленушілер дәуірінде өркендеді. Өнеркәсіп пен жер егіншілігі еңбегінің бөлінуі, сауданың өркендеуі біршетінен, екінші шетінен қоғамның ерікті мүшелерінің еріксізденуі, құлдарды аямай қанау - сол кездегі Грецияның қоғамдық қатынасы мен мәдениетінің өмірін қатты өзгертіп жіберді, сол кездегі соғыстар саяси ахуалдарға қатты кері әсерін тигізді. Сол кездегі қалалар арасындағы соғыстар байлардың одан бетер баюына, олардың байлық пен еріксіз құлдарға кенеліп қалуына әкеп соқты. Экономикалық, саяси, мәдени дамуға, әскери ұйымдастыруға және тәрбие жүйесіне байланысты, ана немесе мына грек мемлекетінде дене тәрбиесінің міндеттері, амалдары, түрлері және әдістері анықталып жатты. Дене тәрбиесінің бір мемлекеттен екінші мемлекетке мақсат-міндеттері, амалдар мен формалары ауысып отырды. Бұл жерде Спарта, Афина мектептерін айтуға болады. Ол екі түрлі мақсатта-бағытта жұмыс істеді. Мысалы, афиналықтар ептілік пен күштілікті қатар дәріптесе, спартандықтар тек күштілікті, төзімділікті, тікелей дене қимылы жаттығуларын дәріптеді.
Спартаның басты қаласы - Лаконика біздің эрамызға дейін ІХ ғасырда пайда болды. Спартаның өзінің шаруашылығы болғандықтан, ешқандай сыртқы саудамен айналыспайтын. Оншақты мың құл иеленушілер (спартиаттар) 250 мыңдай құлдарды (илоттарды) қанайтын. Спартиаттар құлдардың көтерілісінен қорқып және басқа мемлекеттермен соғыса отырып, тәрбиенің мейлінше қатал жүйесін енгізген. Жеті жасқа дейін балалар жанұяда тәрбиеленетін. Осы жаста-ақ балаларды қараңғы түннен қорықпау, бет алды жыламау, тамақ таңдамау, шынықтыру секілді түрлерімен айналыс-тыра бастайтын. Жетіден он сегіз жасқа дейін жас спартиаттар мемлекеттік тәрбие мекемелерінде тек дене қимылы жаттығуларымен ғана айналысатын. Оларды суыққа, аштыққа, шөлге, төзімділікке, ауруға қарсы шыдамдылыққа шынықтыратын. Жасөспірімдердің тәрбиесінде диск пен найза лақтыру, жүгіру, күресу, секіру, сонымен бірге, әскери ойындар, жабайы аңдар аулау секілді, жаттығуларға үлкен көңіл бөлінетін. Ой-сана тәрбиесіне көңілді тіптен бөлмейтін. Биге, музыкаға, хор өлеңдеріне көп уақыт бөлетін. Жас спартиаттардың жетекшілігіне (педономдар) мемлекет тарпынан тағайындалатын. Еркектік қасиеттердің тәрбиесіне, ерлікке, әскери, жауынгерлік қасиеттерге, құлдарға деген жек көрушілікті бойына сіңіру секілді, тәрбие жүйелеріне өте көп көңіл бөлінетін. Осы мақсатта құлдарды түнде аң секілді аулау жақсы жолға қойылған [6].
18-20 жасар жасөспірімдер эфебтер жасақтарына кіретін. Онда олар дене қимылы және әскери дайындықты одан әрі жетілдіретін. Одан кейін оларды жауынгерлер қатарына өткізіп, олар қартайғанша әскери қызметпен айналысатын. Тағы бір ерекшелігі - Спартада қыздардың дене тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінетін. Ежелгі жазушылар Ксенофонт, Павсаний, Плутархтың айтуы бойынша - қыздар дене пішінін үнемі жақсарту мақсатында жүгіру, күрес, найза мен диск лақтыру секілді, жаттығуларды орындай алулары, олардың болашақ балалары дені сау болып туылуына көп көңіл бөлетіні жайлы жазылған. Көп жағдайда спарталық әйелдер қарумен жасақталып, құлдарды қатаң бақылайтын болған. Осының нәтижесінде спартандық мемлекеттік тәрбие жүйесі мен әскери ұйымы сол кездегі Грецияның күшті әскерлерінің бірі екенін дәлелдеді. Спарта атлеттері сол кездегі көптеген Олимпиадалық, Пифиялық ойындардың жеңімпаздары қатарында болды.
Аттикада (орталығы - Афины) дене тәрбиесінің жүйесі мүлдем басқаша болды. Біздің эрамызға дейін Ү-ІҮ ғасырларда Афины - қоғамдағы таптық сипаты өте қатты білінетін құл иеленушілер республикасы болды. Сауданың, қолөнердің, мәдениеттің және ғылымның қатты дамуы Афины қаласын грек мәдениетінің орталығы етті. Бұл қоғамдағы тәрбие және білім беру жүйесі Спартадағыдай тек әскери-дене қимылы жаттығуларымен ғана шектеліп қалған жоқ, сонымен бірге, афиндықтар (аттика мектебі) дене қимылы жаттығуларымен қатар, этика, эстетика, философия т.б. гуманитарлық пәндерді оқып жетілді. Афиныда мусикалық гимнастикалық мектептерде оқыды. Музыкалық мектепте - ғылым, ілім, эстетика, т.б. ғылымдар оқыды. Ал гимнастикалық мектепте палестрикалық - жүгіру, секіру, диск және найза лақтыру, күрес т.б. түрлері өтсе, орхестикалық - музыкалық аспаппен ойнау, билеу болып бөлінді. Афиныда балалар 7 жасынан бастап, жанұяда құлдың бақылауында өсетін. Одан кейін балалар мектепке кетсе, қыздар үйде ары қарай тәрбиелене беретін. 7 жасынан 16 жасқа дейін жасөспірімдер мемлекеттік немесе жеке мектепке баратын. Олар мусикалық («Муза» ғылым мен өнер құдайы, рухани және эстетикалық тәрбиемен қатар, ой-саналық тәрбие берді) мектептер мен гимнастикалық («гимнос» - жалаңаштанған сөзінен шыққан. Гректер ол кежде біраз жасқа дейін дене қимылы жаттығу-ларын ешқандай киім кимей айналысатын) мектептерде айналысатын.
Гимнастикалық мектептерді палестра деп атады («пале» - күрес, деген сөзден шыққан) оған жасөспірімдер 12-14 жасынан қатысатын. 14 жастан бастап, мусикалық мектептердегі сабақтар одан кейінгі орынға қалдырылып, бірінші орынға гимнастикалық мектептер шықты [7].
Грек гимнастикасы жаттығулар жүйесі ретінде үш негізгі бөлімдерден тұрды: палестрика, орхестрика және ойындар. Палестрикаға жаттығулардың негізгі түрлері кірді: жүгіру, секіру, найза және диск лақтыру, күрес. Пентатлоннан (бессайыс) басқа, палестрикаға панкратион (күрес пен жұдырықтасудың қосылған түрі), жүзу, жұдырықтасу, атта шабу, садақ ату және басқа да дене қимылы жаттығулары енгізілді. Орхестрика негізінде музыканы қойып орындалатын би билеу жаттығуларынан тұрды. Ойындар гимнастиканың бөлімдерінен тұрды. Оған таяқтармен, шеңбермен, клюшкамен (доп немесе шайбаны ұратын арнайы таяқ), шармен, доппен және басқа да құрал-жабдықтармен орындалатын жаттығулар кірді.
16 жасында әке-шешесі ауқатты жасөспірімдер мусикалық және гимнастикалық мектептерде сабақтар біткеннен кейін, гимнасийлерге оқуға түсті. Афиныда мемлекеттік қаржы есебінен жұмыс істейтін үш гимнасий болды: Академия, Ликей, Киносарг. Гимнасийлерде жас құл иеленушілер саясатты, фәлсапаны, әдебиетті оқып үйренді.
Платон, Аристотель, Демокрит, Сократ, Гиппократ т.б. грек ғалым-ойшылдары дене қимылы жаттығулары туралы көп еңбектер жазған.
Ежелгі Грецияда дене қимылы жаттығуларын қолданудың екі әдісі қолданылатын: гимнастика немесе жалпы дене тәрбиесі және агонистика - сайыстарға қатысу үшін арнайы дайындық. Агонистика - гимнастикалық ойындар мен жарыстар және мусикалық (музыка, би, өлең, поэзия саласында) болып бөлінетін. Олимпиадалық ойындардан басқа сол уақытта Немей, Истмий, Пифий, Панафинейлік ойындары болды, бірақ олар мәні мен маңызы жағынан Олимпиадалық ойындарға жетпеді. Барлық елдердің ғалымдарын осы Ойындар қызықтырып, әрқайсысы әртүрлі ой айтатын. Нәтижесінде, көне Олимпиадалық ойындар Ежелгі Грецияда рулық қатынастардың тозуы, және таптық құл иеленушілер қоғамының пайда болуы кезіндегі пайда болған экономикалық, саяси, әскери және мәдени алғышарттарға байланысты қалыптасты. Сондықтан, ең бірінше белгілі болған ойындар б.э.д. 776 жылы болған деседі. Зевс, Геракл, Гермес құдайлары туралы аңыздар т.б. ал, одан басқа мәліметтер - ол 776 жылға дейін ХХҮІІІ олимпиадалық ойындар Олимпия деген жерде өткен деп дәлелдейді. Ол жерде храмдардан басқа гимнасий, палестра, стадион, ипподром болды. 4 жылда 1 рет болатын Олимпиадалық ойындар өткен уақытта соғыс тоқтап, елдің экономикалық, саяси, мәдени өмірі гүлденіп кететін. Осы ойындардың арқасында гректер жыл санауды жүргізген. 1-ші уақыттағы бағдарламада тек 1 стадияға (192 м, 27 см) жүгіру ғана болатын. Кейін пентатлон, қарумен жүгіру (семсер мен қалқан), панкратион, бокс түрі, күймелер жарысы, ат жарысы секілді түрлері қосыла берді. 67 (37-ші) ойындардан бастап, балалар, сонан соң әйелдер, құлдар да қатыса бастады. Алдында тек ерікті гректер ғана қатысатын. Салтанатты түрде өтетін бұл жарысқа 10 ай бұрын дайындалатын. Бәрі де ант беріп, жеңімпаздарды лавр веногімен марапаттап, өлең шығаратын. 45-50 мыңдай көрермен жиналатын. Сол кездегі Лукиан, Геродот сияқты ақын-ойшылдар да қатысатын. Уақыт өте келе, лавр веногінің орнына қымбат бағалы сыйлықтар беріле бастады.
Бұл Ойындардың пайда болуының тағы бір себебі, дене қимылы қасиеттері жақсы дамыған, күшті де, епті жауынгерлер өте қажет болды. Оның үстіне, әскери және аристократ байшыкештердің әскери-дене қимылы дайындығы саласында өздерінің артықшылығын бірі-бірінің алдында көрсетуге құштарлық болды. Бұл қажеттілік ежелгі грек қоғамында кейбір тайпалар, одан соң полис-қалалар арасында жақсы жерлер, әскери мүліктер, құлдар және дүние үшін тынымсыз соғыстар болып тұрды. Құл иеленушілер қатынастарының дамуымен Ежелгі Грецияның мәдени өмірінде де жақсы өзгерістер болды. Тайпалар арасында, кейіннен қалалар арасында тығыз байланыстар орнады. Қоғамдық ойындар әртүрлі аңыздар мен мифтер шықпай тұрып пайда болды. Көп жылдар бойы агондар өткізіліп тұрды [6].
Экономикалық, саяси және мәдени өмірдегі үлкен өзгерістер гимнастикалық агондар мен Олимпиадалық ойындарды өткізуге қатты теріс әсерін тигізді. Олимпиадалық ойындарға грек емес атлеттер де қатысуға мүмкіндік алды. Ойындарға кәсіпқой балуандар, жұдырықтасушылар, панкратистер қатыса бастады. Ойындардың бағдарламасында музыка, би билеу, ән айту салаларындағы мусикалық агондар көбейді.
Рим консулдары мен императорлары Нерон, Сулла т.б. бұл ойындарды Римде өткізуге тырысып бақты, алайда, олардың әрекеттерінен ештеңе шықпады. Біздің д.д. IV ғасырда құл иеленушілер жүйесі тоза бастағанда антикалық мәдениет те құлдырай бастады, сөйтіп басқа діндер пайда бола бастағанда, 394 жылы Рим императоры Феодосий І ойындарды тоқтату туралы бұйрық берді.
Біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ-ші ғасырдан бастап, Грецияда құл иеленушілер қатынастары құлдырай бастады. Грек мәдениеті, оның артынша онымен бірге дене шынықтыру мен спорт құлдырай бастады. Эллинизм дәуірінде мусикалық білім беру гимнастикалық білім берудің есебінен күшейді. Эфебиялар мен гимнасияларда дене тәрбиесінің сипаты өзгерді. Бұл Грецияны Македонияның, одан кейін Ежелгі Римнің жаулап алып, тәуелсіздігінен айырғаннан, әскерге мұқтаждықтың қажеті болмай қалғаннан кейінгі тұрқы еді. Ескі палестралар, гимнасийлер, эфебиялар беретін әбден жетілген жаттықтырудың қажеттілігі болмай қалды. Жоғарыда аталған оқу орындарында гимнастикамен және әскери жаттығулармен айналысу жалғаса бергенімен, айналысу көлемдері азайды.
Достарыңызбен бөлісу: |