Ес
Жоспар:
1 Естің физиологиялық сипаты
2 Есте сақтаудың тиімді әдісі
3 Есте қалдыру
Ес— адамның бұрын көрген, естіген, білген нәрселері мен бейнелерін ойында ұзақ уақыт сақтап, қажет кезінде қайта жаңғырту қабілеті, жүйке жүйесінің негізгі қызметтерінің бірі. Адамның есте сақтау қабілеті үнемі дамып, жетіліп отырады. Ертедегі грек философы Аристотель әр түрлі нәрселер мен бейнелердің есте әсерлену (яғни сақталу) сипаттарын үш топқа бөледі:
әсерленген нысанның белгілі бір кеңістік пен уақытқа ұштаса қабылдануы;
әсерленген нысанның басқа бір нысанға өзара ұқсастығы;
олардың бір-бірінен айырмашылығы мен қарама-қарсылығы.
Осыған орай ол нәрселер мен бейнелердің есте ассоциациялануы түрлерін алғаш зерттеп тұжырымдады:
аралас не іргелес ассоциациялар (мысалы, түс — сары);
ұқсас ассоциациялар (мысалы, қарындаш, дәптер);
қарама-қарсы ассоциациялар (мысалы, ақ — қара; ұзын — қысқа).
Естің физиологиялық сипатын орыс физиологы И.П. Павлов зерттеді. Ол ассоциацияларды шартты рефлекс теориясымен түсіндіріп, ми қабығындағы екі қозу процесінің қабаттасып келуінен пайда болып, сан рет қайталау нәтижесінде бекіп отыратын уақытша байланыстар деп атады. Қазақ ғұламасы Абай ес туралы “Отыз бірінші сөзінде”: “Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: бірінші — көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде иә көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші — ой кеселді нәрселерден қашық болу керек”, — дейді. Ес адамның әр алуан іс-әрекеттерімен байланысты болып, тіршілікте аса маңызды қызмет атқаратын болғандықтан, оның түрлері мен көріністері де әр қилы. Психикалық белсенділік сипатына байланысты ол қимыл-қозғалыс есі, эмоциялық-сезімдік ес, бейнелі-көрнекілік ес және сөздік-мағыналық (логикалық) ес болып бөлінеді. Іс-әрекеттің мақсат сипатына қарай ерікті ес, еріксіз ес болып бөлінеді. Адамның ақпаратты қанша уақытқа дейін есте сақтай алатындығына қарай қысқа ес және ұзақ мерзімді (түпкілікті) ес, сондай-ақ, шұғыл ес болып бөлінеді. Естің кейбір түрлері арнайы аспап — мнемометр арқылы өлшенеді. Қимыл-қозғалыс есі дегеніміз — ойын, спорт, еңбек, оқу әрекеттеріне байланысты әр түрлі қимыл-қозғалыстар мен әрекеттерді есте қалдырып, оларды қайта жаңғыртып отыру. Эмоциялық ес бойынша адам басынан кешіргендерін еске түсіргенде бозарады не қызарады. ґйткені, оның басынан өткен әр алуан жағдайлар оған күшті әсер етіп, эмоциялық күйге ұшыратады. Бейнелі-көрнекілік ес заттар мен құбылыстардың қасиеттерін, нақты бейнесін ойда қалдырып, қайта жаңғыртуда айқын көрініс береді. Естің бұл түрі арқылы табиғат көрінісі, бастан кешкен оқиғалар, дыбыс, иіс, дәм жаңғыртылады. Егер қалыпты дамыған адамдар үшін есту есі мен көру есінің маңызы зор болса, ал соқыр, саңырау адамдарда мұның есесіне сипау, иіс, дәм естері өте жақсы дамып, басқа естердің кемістіктерін толықтырады. Бейнелі ес, әсіресе, көркемөнер кәсібімен шұғылданатын адамдарда жоғары әрі өте нәзік түрде дамыған. Сөздік-мағыналық (логикалық) ес ұғым, пікір, ой қорытындылары сияқты түрлі пішімдер арқылы із қалдырып отырады. Ойдың қандай формасы болса да тілмен, сөзбен байланысты. Естің бұл түрінің сөздік-мағыналық (логикалық) деп аталуы да сондықтан. Сөздік-мағыналық ес оқушылардың білім жүйесі мен оқу материалдарын есте сақтауында жетекші мәнге ие. Естерді ерікті ес және еріксіз ес деп бөлу орындалуға тиісті әрекеттердің маңыздылығы мен қажеттілігіне байланысты. Белгілі мақсат қоймай-ақ, арнайы есте қалдырмай-ақ есте сақтау мен жаңғырту, еске түсіру еріксіз ес деп аталады. Егер мақсат қоятын болсақ, онда бұл ерікті ес болады. Қажетті материалдар мен нәрселерді есте сақтау үшін адам тиісті әдіс-тәсілдер қолданып, оны қалай да жадында қалдыруды мақсат етеді. Бұл сол әсер еткен нәрселер ізінің есте берік қалуы деп аталады. Мұндай жағдайда осыдан біршама уақыт бұрын қабылдаған нәрселердің бейнесі адамның көз алдына елестеп, құлағына дауысы естіледі. Естің бұл түрі қысқа мерзімді ес деп аталады. Психология ғылымында қысқа мерзімді ес “шұғыл” ес (түрлі амал-тәсілдер есі) деп аталады. Ал түпкілікті ес қабылдаған нәрселерді, құбылыстарды олардың белгі-қасиеттерін ұзақ уақыт бойы есте қалдырады. Түпкілікті есте қалдырудың тағы бір ерекшелігі — әсер еткен нәрселердің ұзақ мерзімге созылуына және адамның арнайы мақсатына да қатысты болуы. Ес түрлері бір-бірімен өзара байланысты. Мысалы, сөздік-мағыналық ес мағыналы болумен бірге еріксіз не ерікті де болады. Сондай-ақ, ол қысқа мерзімді не түпкілікті болуы да мүмкін. Ес бірнеше дара процестерден тұрады. Олардың негізгілері: есте қалдыру, қайта жаңғырту, ұмыту. Есте қалдыру дегеніміз жаңадан қабылданған бейнелер мен материалдарды, олардың мәнін есте бұрынғы сақталғандармен байланыстырып отыру. Есте қалдыру арнайы есте қалдыру, еріксіз есте қалдыру болып екіге бөлінеді. Еріксіз есте қалдыруда адам алдына арнайы мақсат қоймайды. Ал арнайы есте қалдыру үшін мынадай шарттар қажет:
арнайы мақсат қою, оны меңгеруге ұмтылу;
Есте қалдырудың қоғамдық, тәжірибелік мәнінің адам қажетіне байланысты болуы;
Есте қалдыруды жоспарлап, оқыған материалдардың ішінен еске түсерлік түйінді мәселелердің мәнін білу;
сол мән-мағыналарды түсіну үшін оларды ойлау процесімен тығыз ұштастыру;
қабылдаған нәрселерді өз сөзімен құрастыру, сөйтіп, қажетті материалдарды есте қалдыруды жеңілдету.
Есте сақтаудың тиімді әдісі қажетті материалдарды жаттап алу. Ғылымда есті дамытуға арналған жаттау тәсілін мнемоника (жаттап алу амалы) деп атайды. Қайта жаңғырту еріксіз және арнайы болып екіге бөлінеді. Еріксіз қайта жаңғырту — мақсатсыз жүзеге асады. Мысалы, музыканттың белгілі ән-күйлерді күнде орындауы. Арнайы қайта жаңғыртуда белгілі мақсат болады. Адам оған өзінің ерік-күшін жұмсайды, арнайы әдіс-тәсілдер қолданып, бұрынғы қабылдағандарын қайта жаңғыртады. Ұмыту дегеніміз — қабылдағанды, есте қалдырғанды қажет болған кезде еске түсіре алмау, танымау. Ұмыту жүйке қызметінің күйіне байланысты. Жүйке жүйесі әбден шаршағанда не ауруға ұшырағанда адамда ұмытшақтық пайда болады. Мұндай құбылыс психологияда амнезия деп аталады. Бұл құбылыстар мидағы тежелу, өшу заңдылықтарына байланысты. Бірақ ұмытылған нәрсе бір кезде жаңғырып, еске түседі. Бұл ес процесінде реминисценция делінеді. Есті дамытып, жетілдіріп отырудың басты шарты — адамның әр түрлі іс-әрекеттері. Ақыл-ойды тарих жасаған білім қорымен үнемі байытып отыруға ұмтылу естің мән-мазмұнын тереңдете түспек. Қазіргі кезде ес туралы түрлі анықтамалар мен теориялық болжамдар бар. Осы орайда, бүгінде естің механизмі мен оның заңдылықтары жайында қалыптасқан психология және нейропсихология бағыттарға қосымша үшінші бағыт — биохимиялық тұрғыдан зерттеу қосылып отыр. Сондай-ақ, есті бұлармен қатар кибернетика ғылымы тұрғысынан зерттеуде де едәуір қалыптасқан жүйелер бар. Соңғы жылдары ес психологиядан басқа ғылым салалары арқылы да қарастырылуда.
Ес түрлері үш негізгі белгіге байланысты бөлінеді:
Достарыңызбен бөлісу: |