Математикалық жұмбақ есептер
Математикадан логикалық тапсырмалар:
Алғы сөз
Бұл әдістемелік көмекші құрал бастауыш сынып мұғалімдері мен ата-аналарға арналған. Оқу құралында 2-сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, логикалық есептердің үлгілері берілген.
Балалардың танымдық қабілетін дамытып, пәнге қызығушылығын арттырудың негізгі бір жолы – логикалық есептер мен тапсырмалар болып табылады. Бұл тапсырмаларды мұғалім баланың ойлау іс-әрекетін жандандыруға арналған әдістемелік тәсіл ретінде қолданады. Жаңа тақырыпты түсіндіру, оны пысықтау үшін жаттығулар орындау баланың логикалық ойлау қабілетін арттыруға көп көмегін тигізеді.
Сабақта және сабақтан тыс уақытта дидактикалық ойындармен қатар математикалық тапсырмаларды орындап, сөзжұмбақтарды шешу, қызықты әзіл-есептерді шығару, логикалық жаттығуларды орындау – баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытудың бірден-бір ұтымды тәсілі.
Құралда жүйелі жұмыс бойынша ұсыныстар беріліп қана қоймай, көптеген математикалық шараларға дайындауға, балаларды танымдық әрекеттерін ұйымдастыруға болатын ауызша жаттығулар ұсынылады.
МАЗМҰНЫ
Алғы сөз
Қызықты логикалық тапсырмалар
Сөзжұмбақтар
Кілттер
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Логикалық тапсырмалар
1. Адам тамақ істерде ең бірінші қазанға не салады?
2. Тауық 1 аяқпен тұрғанда 3 кг, екі аяқпен тұрғанда неше кг болады?
3. 1 жұмыртқа пісу үшін 5 минут қажет. 4 жұмыртқа пісіру үшін неше минут уақыт кетеді?
4. Қасқыр мен түлкі олжаларына түскен 1 себет балықты бөліп жемекші болды. Есепті нашар білетін қасқыр ол балықтарды бөле алмаған соң, түлкіге бөлуді тапсырды. Сонда түлкі былай бөлді:
1-еуі саған, 2-еуі маған,
3-еуі саған, 4-еуі маған,
5-еуі саған, 6-ауы маған,
7-еуі саған, 8-і маған,
9-ы саған, 10-ы маған.
Қасқырда неше балық болды? Түлкіде неше балық болды?
5. «Сенбі» сөзі аптасына қанша рет кездеседі?
6. Отбасында 7 ағайынды ұлдың бір-бірден қарындасы бар. Отбасында барлығы неше бала бар?
7. Бес бұтақты ағашта
Бұтақ сайын екі алма.
Біреуін бер Қанатқа,
Сонда қалмақ неше алма?
8. Бір үйде екі әке, екі бала тұрады. Сонда бір үйде қанша жан тұрады?
9. Тал басында тізіліп,
Он жапырақ тұр еді.
Жел соқты да үзіліп,
Ұшып кетті біреуі.
Ізінше оның үзіліп
Түсті тағы бесеуі.
Тұр әлі де ілініп
Жапырақтың нешеуі?
10. Қырсық 10 км жол жүруі керек еді. Ол күніне 2 км алға, 1 км артқа жүріп отырды. Сонда ол жолды неше күнде жүріп бітеді?
11. Әлихан сыныпқа қуана кіріп, ертеңгі мереке күніне 1 күн демалатындарын 8 оқушыға сыбырлап айтты. Ал олардың әрқайсысы бір-бір оқушыға, олардың әрқайсысы екі-екі оқушыға жеткізді. Сонда сыныптағы барлық оқушы қуана шуласты. Сыныпта барлығы қанша оқушы болғаны?
12. Атасы немересіне бос бөшкені көрсетіп: «Мына бөшкенің ішінде не бар?» - деп сұрады. Немересі үңіле қарап:
- Еш нәрсе жоқ, бос қой, - дейді.
- Жоқ, балам, қателесесің, анықтап қарашы, ең керекті зат бар, - деді.
Атасы нені айтып тұр? Ол қандай керекті зат?
13. Мына сандар қандай тәртіппен орналасқан?
1 2 3 4 5 6 7 8 9 9 8 7 6 5 4 3 2 1
14. Мына сандар қандай тәртіппен орналасқан?
1 4 7 10 10 7 4 1
15. Сенбіден кейін үш күннен соң аптаның нешінші күні болады?
16. Үстел үстінде 3 қияр, 2 сәбіз және 5 алма тұрған. Үстел үстіндегі барлық көкөністер қанша?
17. Сағат 2 минутқа алда, қазір ол таңғы сағат 1000-ды көрсетіп тұр. Шын мәнінде сағат неше?
18. Әлияның 8 ойыншығы бар. Олардың ішінде алтауы қуыршақтар, қалғандары қояндар мен қонжықтар. Әлияда неше қоян бар екенін тап.
19. Қазір таңғы сегіз жарым. Бұл неше сағат, неше минут деген сөз?
20. Себетте 3 алма мен 7 алмұрт жатты. Кешкі аста барлық алма және сонша алмұрт желінді. Демек, қанша алмұрт қалуы керек?
21. Айдос 10 есепті шығарды. Соның ішінде 3 қате болды. Неше есеп дұрыс болуы мүмкін?
22. Мәди бағдаршамды біраз уақыт бақылады. Сонда бағдарщамның қызыл шамы 6 рет жанды. Демек, осы уақытта сары шам неше рет жанады?
23. Ақ мысық сары мысықтан ақырын мияулайды, бірақ ала мысықтан қаттырақ мияулайды. Кім бәрінен қатты мияулайды?
24. Нұрланда бірнеше иті бар. Даладан қыцдырып келген соң Нұрлан иттерінің 12 аяқтарын жуды. Сонда Нұрланда неше ит болғаны?
25. Апта күндерінің қайсысы «ма» буынымен аяқталады? Ондай күндер нешеу? Реттік санмен санағанда олар нешінші күндер?
26. Апта күндерін буындарға бөліп жаз.
27. Сыныптағы 32 оқушының жартысының жартысы футболға, қалған оқушылардың жартысының жартысы және 2 оқушы музыка мектебіне, қалған оқушылардың жартысының жартысы және 3 оқушы шахматқа, қалған оқушылардың 3-еуі суға жүзуге, одан кейінгі қалған оқушылардың жартысы және 3-еуі биге қатысады. Әр үйірмеге неше бала қатысады?
28. Бір жанұядағы екі қыздың әрқайсысының бес-бесеуден ағасы бар. Жанұяда барлығы неше бала?
29. 11 адам кездесіп қол алысты. Олар барлығы неше рет қол алысты?
30. Асханаға тамақтануға келген балаларды екі-екеуден отырғызсақ, бір үстел жетпей қалады. Ал үш-үшеуден отырғызса, екі үстел артылып қалады. Асханадағы балалар саны нешеу және үстел саны нешеу?
31. Екі адам төрт сағат жол жүрді. Олардың әрқайсысы неше сағат жол жүрді?
32. Үш аю қыста үш ай ұйықтады. Әр аю неше уақыт ұйықтаған?
33. Аулада жүрген бұзаулар мен тауықтардың аяқтарының саны – он. Аулада неше тауық, неше бұзау болуы мүмкін?
34. Аулада тұрған әртүрлі көліктердің (жеңіл машина, мотоцикл, велосипед) дөңгелектерінің саны – он болды. Аулада неше жеңіл машина, мотоцикл, велосипед тұр?
35. Самат, Қанат, Маратты орындыққа әртүрлі ретпен қалай отырғызуға болады?
36. Ағаш басында екі балық отыр еді. Оларға тағы екі балық ұшып келді. Барлығы неше балық болды?
37. Алма ағашында 10 алма, ал үйеңкі ағашында одан 2 алма аз өсіп тұр. Үйеңкі ағашында неше алма өсіп тұр?
38. Тақта алдында үш бала тұр. Олар: Самат, Марат, Қанат. Марат ортасында тұр. Маратты қозғамай қалай шетке тұрғызуға болады?
39. Қалаға қарай 3 жеңіл машина бара жатыр, оған қарсы 2 жеңіл, 3 жүк машинасы келе жатыр. Қалаға қарай неше машина бара жатыр?
40. Үш ағайынды жолда кетіп барады. Біреуі алда, екеуі артта. Артындағы екеуі алдыңғыға жете алмайды. Неге?
41. Торғай бір жылда неше қадам аттайды?
42. Екі адам тоғызқұмалақты екі сағат ойнады. Әрқайсысы неше сағаттан ойнады?
43. 4 жұмыртқа 4 минутта піседі. Бір жұмыртқа пісу үшін неше минут уақыт керек?
44. Бір килограмм темір мен бір килограмм мақтаның қайсысы ауыр?
45. Болат сенбі күні кешкі 9-да ұйықтауға жатты. Ол сағаттың қоңырауын келесі күнгі таңертеңгі 10-ға қойды. Болат сағат шырылдағанға дейін неше сағат ұйықтады?
46. Дорбадағы 10 асықты 10 бала бір-бірлеп алды. Сол кезде бір асық дорбада қалды. Сонда қалай?
47. Қосарлап жегілген үш ат бір сағаттың ішінде 12 км жол жүрді. Осы уақыттың ішінде бір ат қанша жол жүрген?
48. Бір торда үш қоян отыр еді. Үш оқушы оларды бір-бірден таратып алды. Сонда торда әлі де бір қоян қалып қойды. Ол қалай?
49. Сызбада неше үшбұрыш сызылып көрсетілген?
50. Бауыржанның, Мәдидің және Ерланның әкелері – дәрігер, мұғалім және ұшқыш. Бауыржанның әкесі ұшқыш емес, ал Мәдидің әкесі дәрігер де, мұғалім де емес. Ерланның әкесі дәрігер емес. Әр қайсысының әкесінің мамандығын тап.
51. Мараттың айтуынша, оның жасы 10-нан көп емес, және 10-нан аз емес. Мараттың жасы нешеде?
52. 4 минуттың ішінде бөренені жартыметрлік дөңбектерге кесті. Әр метрге 1 минут кетсе, бөрененің ұзындығы қанша метр болғаны?
53. Әжесі мен немересінің жастарын қосқанда 65 жыл. Немересіне неше ай болсма, әжесіне сонша жас болады. Әжесі нешеге толды, немересі нешеге толды?
54. Сөзжұмбақтар
Көлденеңінен:
1. Азайтудың компоненті
Тігінен:
1. Арифметикалық амал
2. Бір таңбалы сан
3. Геометриялық фигура
55.
Көлденеңінен:
1. Азайтудың компоненті
2. Екі таңбалы сан
Тігінен:
1. Бір таңбалы сан
2. 81 – 81
3. Белгісіз саны әріппен белгіленген теңдік
56.
Көлденеңінен:
1. 12 жыл
2. 7 күн
Тігінен:
1. Уақыттың өлшем бірлігі
2. 24 сағат
57.
Көлденеңінен:
1. Биік емес
2. Оқу жылының басы
Тігінен:
1. Оқу жылының соңғы айы
2. 12 жыл
3. 92 – 87
58.
Көлденеңінен:
1. Тез
Тігінен:
1. Азайтудың нәтижесі
2. Ақырын
59.
Көлденеңінен:
1. 10 см
Тігінен:
1. 80 – 75
2. Санды бейнелейтін таңба
3. Артық ұғымына қарама-қарсы ұғым
4. 10 дм
60.
Көлденеңінен:
1. Таңба
2. Көпбұрыштың қабырғаларының қосындысы
3. Сынық
Тігінен:
1. Ұзындықтың өлшем бірлігі
КІЛТТЕР
1. Көз салады
2. 3 кг)
3. 5 минут қажет
4. Қасқырда 25 балық, түлкіде 30 балық болды
5. 6 рет
6. 8 бала бар)
7. 9 алма қалады)
8. 3 жан тұрады
9. 4 жапырақ тұр
10. 9 күнде
11. Сыныпта 33 оқушы бар
12 . Ауа
13. Санау және кері қарай санау тәртібімен
14. 3-ті қосу, 3-ті азайту арқылы
15. Сәрсенбі
16. Барлығы 5 көкөніс, өйткені алмұрт жеміске жатады
17. 9сағат 58 минут
18. 1 қоян
19. 8-ден 30 минут кетті
20. 4 алмұрт
21. 7, 8 не 9 есеп дұрыс болуы мүмкін
22. Сары шам 10 рет жанады
23.Сары мысық
24. 3 ит
25. Жұма. Бесінші күн
26. Дүй-сен-бі, сей-сен-бі, сәр-сен-бі, бей-сен-бі, жұ-ма, сен-бі, жек-сен-бі.
27. Футболға - 8 бала, музыка мектебіне – 8 бала, шахматқа – 7 бала, суға жүзуге – 3 бала, биге – 6 бала қатысады
28. 7 бала бар
29. 110 рет қол алысты
30. 18 бала, 8 үстел
31. Әрқайсысы 4 сағат жүрді
32. Әр аю 3 ай ұйықтаған
33. бір бұзау, үш тауық немесе екі бұзау, бір тауық
34. Бір жеңіл машина, бір мотоцикл, бір ввелосипед
35. 6 түрлі нұсқамен отырғызуға болады
36. Балық ұшпайды
37. Үйеңкі ағашында алма өспейді
38. Не Саматты, не Қанатты ортаға тұрғызу керек
39. Қалаға қарай 3 жеңіл машина кетіп барады
40. Өйткені арбаға жегілген атпен кетіп барады
41. Бірде-бір қадам аттамайды
42. Әрқайсысы 2сағат ойнады
43. 1 жұмыртқа 4 минутта піседі
44. Екеуі тең
45. 13 сағат ұйықтады
46. Дорбаны ұстап тұрған баланың асығы дорбада қалады
47. Бір ат 12 км жол жүрді
48. Торды ұстап тұрған оқушының қояны
49. 8 үшбұрыш
50. Бауыржанның әкесі –дәрігер , Мәдидікі – ұшқыш, Ерландікі –мұғалім
51. Мараттың жасы 10-да
52. Бөрененің ұзындығы 2м
53. Немересі 5 жаста (60 ай), әжесі 60 жаста
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Саматова Р.Е.Дидактикалық ойындар. – Астана, 2011
2. Ш.Х.Құрманалина, С.Ш.Сәрсенбаева, Р.Қ.Өміртаева. Математикадан дидактикалық ойындар және қызықты тапсырмалар. – Алматы, 1997
3. Үсенова Г.Ж. Логикалық есептер. – Шымкент, 2001
4. Бөкенбаева З.Қ. Логикалық есептер. – Астана, 2005
5. Математика пәні бойынша бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау және есептеу дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар жинағы (2, 3, 4 сыныптар ) Құрастырған Л.Л.Глазырина / аударған Ж.Б.Сейтмағанбетова – Көкшетау: «Келешек -2030», 2010 – 108б.
Достарыңызбен бөлісу: |