Мазмұны
Кіріспе
Оңтүстік Қазақстанда мақта шаруашылығының даму тарихы
Мақта шаруашылығының Республика шаруашылығындағы маңызы.
Мақта шаруашылығының Республика экономикасында алатын орны
Мақта өндірісінің қазіргі жағдайы мен болашағы
Мақта шаруашылығының бәсекелестігін арттыру.
3 Қазақстанда мақта өндірудің өзекті мәселелері.
3.1 Нарықтық экономика жағдайында мақта шаруашылығының дамуы
3.2 Оңтүстік Қазақстан экономикалық аймағының дамуындағы мақта шаруашылығының ролі
Облыс территориясында жеңіл өнеркәсіп салаларын орналастыру.
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі: Қазақстанның Оңтүстігінде өсетін ауыл шаруашылығының негізгі дақылдарының бірі – мақта. Бұл аймақ мақта өндіру жөнінен Республикадағы ең ірі өңірдің бірі болып табылады. Соңғы жылдары мақта талшығы еліміздің маңызды экспорттық тауарына айналды. Қазақстан жылына мақтаның 90 % - тін шикізат ретінде шет елдерге өткізіп келеді. Мәселен, 130 мың тонна мақта өндіріп, одан 150 мың АҚШ доллары көлемінде ғана табыс алады. Ендеше мақтаның өндірісін дамытып, оның құнын арттыру керек. Оның жолы - кластерлік жүйе.
Облыс орталығында іске қосылған «Қазақ-орыс тоқыма альянсы» ЖШС кластерлік жүйенің негізгі тармағының бірі ашылды. Сонымен қатар, әлемдегі озық технологиямен жасақталған «Ютекс» кәсіпорны да толық қанды жұмыс істеуде.
Еліміз егемендігімізді алғалы бері мақта шаруашылығының Қазақстан Республикасының экономикасында алатын орны ерекше. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мақта шаруашылығын одан әрі дамытуға көптеген жағдайлар жасауда. 2005 жылдың 6 –шы шілдесінде «Арнайы экономикалық аймақты» аштырды және осы аймаққа байланысты мақтаның заң жобасына да ұсыныстар жасалынды. Сонымен қоса «Арнайы экономикалық аймақты» дамытуға инвестициялық қызметті ұйымдастыру жөніндегі шаралар мен ережелердің жобасы жасалынған.
Қазіргі таңда өзіміздің өңірімізде мақта тұқымының элиталық тұқымын шығарып отыр. Оған мемлекет тарапынан көптеп қаржы бөлініп, арнайы ғылыми тәжірибелік станциялар ашылды. Соның ішінде Мақтаарал ауыл шаруашылық тәжірибе станциясында алғашқы отандық жаңа және келешектік жоғары өнімді: ПА – 3031, ПА – 3044, МА – 3047, М – 4003, М - 4005, М – 4007 және М – 4011 мақта сорттары шығарылды. Бұл жаңа сорттар аудандастырылған. Оңтүстік Қазақстанның күлгін түсті топырақтарының жағдайларына бейімделген және де олардың жаңа сорттық баптау технологиялары жетілдірілген. Мақта шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оларды атап өтетін болсақ: Үмбетаев И.Ү., Көпешов Ш., Болғанбаев Е., Серғазиев А., Майлыбаев М., Батькаев Ж.Я., Мұстафаев А.Б., Биғараев О., Сыдықов Д.А.
Жұмыстың мақсаты: Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның даму келешегін және республиканың экономикасының дамуындағы орнына талдау жасау.
Жұмыстың міндеті:
- Оңтүстік Қазақстанда мақта шаруашылығының даму тарихын қарастыру.
- Мақта шаруашылығының республика шаруашылығындағы маңызы.
- Қазақстанда мақта өндірудің өзекті мәселелері.
1 Оңтүстік Қазақстанда мақта шаруашылығының даму тарихы
Мақтаның тарихын В. И. Лениннің Түркістанды суландыру үшін ирригациаллар басқармасын құру туралы 1918 жылы 17 мамырдағы шешімімен шектейтіндер қатты қателеседі. Қазақстан даласындағы мақтаның тарихы ХІІ – ХІV ғасырлардан басталады.
Замандар әфсанасы, деректер Шыңғысхан шапқыншылығы суырған топырақтың астында қалған ежелгі Отырар мақтаның, жүзімнің отаны болғанын көрсетеді. Отырар қаласының орнынан табылған суландыру жүйелері , мақта шиті, жүзім тұқымдары мұнда өркендеген мақта, жүзім шаруашылықтары болғанын дәлелдейді.
Он мыңдаған шақырымды алып жататын Мырзашөлдің ұзақ жазы, ыстық ауа райы ғана емес, құмдауышты топырақты, тақтайдай тегіс даласы ежелден мақта өсіруге сұранып тұрғандай екен. Сол кезеңдерде басым Мырзашөлден алатын Сырдариядан тартылған 70 шақырымдық, алғаш “Орынбайарық” деп аталған каналды қазу басталған екен. Бұл канал қазақ жерінде мақта өсірудің алғашқы өркениетті қадамының басы, алғашқы жоралғысы дейді тарихи деректер.
Осылай канал қазып, Мырзашөлде жайқалтып мақта өсірген бабаларымыз салған сол соқпаққа түскен мақта тарихының іздері бірде айқын, бірде көмескі болғанымен, өзіліп қалмаған. 1913 жылы аталарымыз 15 мың гектарға егілген мақталықтан 9,9 мың тонна өнім алады.
Ақшаның қайда жатқанын қазақтың байлары да білді. Олар да бұл жолда қарап жатпай, 1917 жылы Байбота бай атамыз К- 15 деп аталған каналды қаздырды. 1926 жылы К – 26 каналы қазылды. Каналдар қазылған соң “Байботарығының” жағасындағы жерлер тегіс суландырылып, мақта егістігінің көлемі ұлғая бастады, тағы басқа егіншілік түрлері дамыды.
Орыстың көзіне түспеген қазақтың байлығы барма. Қазақ даласында мақта өсіруге оларда ерекше ықылас танытпапты. 1896 жылдары КНЯЗЬ Константин Мырзашөлге келіп, мақта өсіруге ат салысқан. Ол Мырзашөлді суландыру үшін әлгі “Орынбай” каналдың ұзындығы 90 шақырымға жеткізуді көздейді. 1939 –40 жылдары бұл канал тағы да 14,5 шақырымға ұзартылды.
Кеңес өкіметі бұл каналдың “Орынбайарық” атын алып тастады. Каналға күйіс-түйісі жоқ С. М. Киров ақсақалдың атын берді. Біз кіммен де дос болуға дайын халық емеспіз бе? Ол каналдың аты кейін “Достық” деп көрсетілді.
Қадамын енді бастаған кеңес үкіметі бірден Мырзашөл, Түркістан аймақтар суландыруға ден қойды. В. И. Ленин қол қойған үкіметтің алғашқы декреттерінің бірінде Түркістанды суландыру жұмыстары үшін 50 млн. сом қаржы бөлуге қаулы қабылданады.
Міне мақтаны, мақтаның аралы – Мырзашөлді игеру осылай басталған апаларымыз бен аталарымыздың сол дәстүрі жылдан жылға сабақтасып, жалғасып дамуда. Тіпті соғысқа киім-кешек, қорғанысқа қажеттілігіне байланысты Ұлы Отан соғысы жылдары бір ғана Мырзашөл емес, бүкіл Қазақстан халқы мақта өсірді.
Облыста қазірде мақтаның денін – 100 мың гектардан астамын мақта шаруашылығының қалыптасқан отаны ежелгі Мырзашөл - Мақтаарал ауданы өсіреді. Одан кейінгі орынды Шардара, Түркістан, Сарыағаш, Келес өңірі, Ордабасы, Түркістан, Арыс аудандары алады. Соңғы жылдары облыстың барлық аудандары дерлік мақта өсіруге қадам жасауда. Бірақ көпшілігі бұрын егіп көрмеген әрі жер, су, климат жағдайына байланысты жасақтайды.
Оңтүстік Қазақстанда суармалы егіншілік ерте заманда дамыған. Сырдария, Келес, Арыс өзендерінің бойын мекендеген халықтар біздің эрамызға дейінгі 4-3 ғасырларда диқаншылықпен айналысқан. Археологтар Б.И. Вайнберг, Л. И. Левиналардың зерттеулеріне қарағанда, біздің эрамыздың бірінші ғасырында Келес пен Шардара аудандарының маңында мақта, бидай, тары және т.б. дақылдар өсірілген. Белгілі ғалым, профессор В. И. Юферов өзінің “Түркістанның мақта шаруашылығы” деген кітабында қазіргі Жамбыл қаласының тұрғындары VIІ ғасырда мақтадан тоқылған киім кигендерін жазса, академик В.В. Бартольд Х ғасырда Шымкент қаласынан сыртқы саудаға арналып мақта шығарылғанын баяндайды.
Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы мақта шаруашылығымен 1888 жылдан бастап айналысқан. Бұған 1877-1906 жылдар арасында салынған Орынбор Ташкент темір жолы үлкен ықпал жасаған. Мәселен, 1885 жылы Шымкент облысының территориясында небары 432,2 гектар мақта егілген болса, 1910 жылы 3631,6 гектар, ал 1913 жылы 20,8 мың гектар мақта егілген. Бірақ ол кезде мақта қарапайым тәсілмен өсірілді. Егістік ағаш соқамен жыртылып, кетпенмен қазылған арықтан суарылды. Суармалы егістіктің 80% -тен астамы бай-кулактардың қолында болды. Мақтаның шығындылығы гектарына 3-4 центнерден аспайтын еді.
Ұлы Октябрь Социалистік революциясынан кейін Совет үкіметі Орта Азиямен Қазақстанның Оңтүстігінде мақта шаруашылығын дамыту жөнінде нақты шаралар белгілеп, оны қысқа мерзім ішінде жүзеге асырды. Түркістан мен Азербайжанда мақта шаруашылығын дамыту жөнінде 1920 жылы В. И. Ленин қол қойған аса маңызды документ мақта шаруашылығын онан әрі дамытуға, халық шаруашылығы ғана аса қажетті маңызды дақыл – мақтаны өндіруге кеңінен жол ашты.
1921 жылдан бастап мақта өсірілетін аудандарда бұрын мақта егілген суармалы егістік қалпына келтірумен бірге тың жерлерді игеру, суару жүйелерін кеңейту, мелиорациялық, ирригациялық құрылыстар салу қолға алынды. Соның нәтижесінде республикамызда 1925 жылы мақта егісінің көлемі 30 мың гектарға таяу болды. 1927 жылы мақтаның әр гектарынан 8 центнерден өнім жиналып, небары 49,3 мың тонна мақта өндірілді. Бұған суармалы егістік жерлерді қайта бөлу әсерін тигізді.
Елімізде халық шаруашылығының басты саласы өнеркәсіптің жедел дамуына байланысты шитті мақтаға деген қажет күн санап арта түсті. Осыған орай 1935 жылы наурыз айында Шымкент қаласында мақташылардың республикалық ІІ съезі болды. Съезде озат калхозшылар көтеріңкі міндеттемелер қабылдап, облыс бойынша жоспарланған 58,7 мың тонна мақтаның орнына мемлекет қоймасына 73,0 мың тонна мақта тапсыруға серт берді.
Облыс диқандары белгіленген межеден шығып бұл жылы алғашқы жеңіске ие болды. Көптеген шаруалықтар жоспарлы тапсырманы екі еседей асыра орындап, еңбектің тамаша өнегесін көрсетті. Мәселен, Келес ауданына қарасты “Қызыл әскер” колхозы сол жылы мақтаның әр гектарынан 25 центнерден өнім алды, ал Сарыағаш ауданындағы “Красный Восток” колхозынан мақтаның әр гектарынан 46 центнерден өнім жинап рекорттық көрсеткішке жетті.
Республика мақташыларының тәжірибесі артқан сайын мақтаның әр гектарынан 11,3 центнерден өнім алынды. Ол жылдарда мұның өзі елеулі жетістік екені даусыз.
Ұлы Отан соғысы жылдарында республикада мақта егісінің көлемі біраз азайып, шығындылығы төмендеп кетті. Бұған ең алдымен соғыстың зардабы әсерін тигізді. Техника жетіспеді, суландыру жүйелері жаңартылмады, бұрын басталған ирригациялық құрылыстардың жұмыстары тоқтап қалды. Қолда бар техниканың бір бөлігі майданға жіберілді. Осының барлығы мақта егісінен төмен өнім жиналуына себепші болды. 1944 жылы 37,5 мың гектарға егілген мақтаның әр гектарынан 5,3 центінерден ғана өнім жиналды. Әрине бұл көрсеткіш соғыстың алдындағы жылдармен салыстырғанда екі есе кем.
Соғыстан кейінгі уақытта республика мақташыларының алдында мақта өндіруді соғысқа дейінгі дәрежесіне жеткізу, сонымен қатар мақта шаруашылығы онан әрі міндетте тұрды.
Комунистік партиямен совет үкіметі соғыстан кейін мақта шаруашылығын жедел дамытуға ерекше көңіл бөлді. КПСС орталық комитетінің 1965 жылғы наурыз Пленумының және онан кейінгі Пленумдарының шешімдерінде мақта өндірудің нақты жолдары көрсетілді. СССР Министрлік Советі 1965 жылғы 5 тамызда колхоздар мен совхоздардың шитті мақта өндіруді және мемлекетке сатуды молайтуға материалдық ынталылығын арттыру туралы арнайы қаулы қабылдады.
Партия мен үкіметтің жасап отырған қамқорлығына облыстың мақташылары қажырлы да жемісті ісімен жауап берді. Партия мен үкімет мақташылардың еңбектерін жоғары бағалады. 18 мақташыға социолистік еңбек ері атағы берілді. Жүздеген диқандар ауыл шаруашылығы мамандары Совет Одағының ордендерімен, медальдармен наградталды. 8-ші бес жылдықта оның алдындағы бес жылмен салыстырғанда облыста шитті мақта өндіру 29 процент артты. 9-шы бес жылдықтың үш жылында ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің еңбегі тіпті жемісті болды, үш жылда олар мемлекетке жоспардағы 75 тоннаның орнына 902 мың тонна мақта сатты. Сөйтіп жоспар 120 процент болып орындалды. 151 мың тонна мақта жоспардан артық сатылды. Бұдан облыс шаруашылықтары қыруар пайда келтірді.
.ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Америкадағы азамат соғысы нәтижесінде мақта жөнінде болған дүние жүзілік дағдарыс, Орта Азияның Ресейге қосылуы, Каспиий теңізі - Самарқанд (1881-1889)жж Орынбор – Ташкент (1877 – 1906)жж темір жолдарының салынуы Орта Азиямен Оңтүстік Қазақстанда тауарлы мақта шаруашылығының өркендеуіне көп әсер етті.
Осыған орай, қазіргі Шымкент облысы территориясына кіретін жерлерде мақта өсіру кәсібі кең етек ала бастады. Бұрын дәнді дақылдар егіліп келген суармалы жерлердің едәуір бөлігіне енді мақта егілетін болды, одан жиналатын мақтаның көлемі де жылдан – жылға ұлғая түсті. Мысалы 1888 жылы Шымкент уезіне қарасты жерлерде қоза бар болғаны 408,18 гектар жерге егілген болса, 1910 жылы оның көлемі 3631,6 гектарға жетті. Сөйтіп, Қазақстанда мақта шаруашылығы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың алғашқы кезінен бастап даму жолына түсті.
Мақта өсіру кәсібі алдымен Оңтүстік Қазақстанның Ташкент қаласына жапсарлас Келес және Сарыағаш аудандарында, ал ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында, Ташкент-Орынбор темір жолы салынып біткеннен кейін, Түркістан және Шымкент қалаларына жақын аудандарда өнім алды. Мысалы Арыс өзенінің бойында 1910 жылы 2075 гектар, 1911 жылы – 32,35 гектар, 1912 жылы – 4226 гектар жерге мақта егілді. 1910 – 1913 жылдары Мырзашөлде суландыру жұмысы жүргізумен байланысты Мақтаарал ауданының территориясындағы жаңадан игерілген жерлерге де мақта егіле бастады. Сонымен, Қазақстанның қазіргі территориясында қоза егісінің жалпы аумағы 1913 жылы 20,8 мың гектарға жетті.
Әрине, ол кезде қоза қозадүрсін тәсілдермен жүйектеп немесе қолмен шашылып егілетін Мақташылар ауыл шаруашылық машиналар мен минералдық тыңайтқыштарды білмейтін. Олардың және өңдейтін құралдары тек жерағаш пен кетпен ғана болатын. Мақта егілген суармалы жерлер, негізінен алғанда, мақта егісін өңдеу үшін көп батырақтар ұстап отырған ірі жер иелері – байлардың қармағында болатын. Олар жерлерінің едәуір бөлігін, қатаң шарттар қойып, кедейлерге жалға беріп отырды. Ал, кедейлер болса, одан өнген өнімнің тек төрттен бірін ғана алып келді. Оның үстіне мақтаның өнімі ол кезде гектарынан 3 – 4 центнерден аспайтын еді. Ал өндірілген мақта өнімі мақта өңдейтін қарапайым шағын заводтарда майдагерлік жолмен ғана тазартылатын .
Дүние жүзілік бірініші империалистік соғыс кезінде Қазақстан аудандарында шұғыл азайып кеткен мақта егісі тек совет үкіметі жылдарында ғана қайтадан қолға алынды. Совет үкіметі өзінің алғашқы жылдарынан бастап – ақ Орта Азияда, Закавказье аймағында және Оңтүстік Қазақстан аудандарында мақта шаруашылығын қайтадан өркендету жөнінде бір қатар нақты шараларды іске асырды. РСФСР Халық комиссарлары Советінің Түркістан мен Азербайжан мақта шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру туралы 1920 жылға желтоқсанның шенінде В. И. Ленин қол қойған декреттері мақта шаруашылығын қалпына келтіріп өркендетуге негіз қалады.
Бұрын мақта өсірумен шұғылданған аудандарда шаруашылықтың бұл саласын қайтадан қалпына келтірумен қатар, Мырзашөлдің жаңа тың жерлерін суландыру үшін ирригациялық құрылыстар салу кең өріс алды. 1924 жылы жаңа жерлерде 11 мың га суармалы жері бар “Мақтаарал” совхозы құрылды.
1925 жылға қарай Қазақстанда қоза егісінің аумағы дүние жүзілік бірікелкі империалистік соғысқа дейінгі дәрежесінен асып түсіп, 29 900 га жетті.
Мақталы ауданда 1925 – 1926 жылдарда жүргізілген жер – су реформасы мақта шаруашылығын одан әрі өркендете түсуде қозғаушы күш болды. Өйткені ірі бай, манап, алпауыттардың қармағындағы жерлерін кесіп алу есебінен мыңдаған батырақтар жерсіз және жері аз мақташылар жерге ие болды.
Қазақстанның мақта шаруашылығында бірінші бес жылдық бүкіл Советтер Одағындағы сияқты елдің мақта жөніндегі тәуелсіздігі үшін күрес ұранымен өтті, өйткені бұл кезде СССР –дың тоқыма өнеркәсібі жыл сайын 50 % - ке жуығы шет елдерден әкелінген мақтамен жұмыс істейтін. Елімізде жүзеге асырылған индустрияландыру шаруалардың бытыраңқы шаруашылықтарын коллективтендіру шаралары бұл ең маңызды міндетті ойдағыдай орындап шығуға берік негіз қалады. Мақта шаруашылығында машиналар мен минералдық тыңайтқыштарды кеңінен қолдану қоза егісінің аумағын тез ұлғайтуға және шитті мақтаның жалпы өнімін арттыруға мүмкіндік жасады.
1932 ж бастап мақта шаруашылығы Республиканың Оңтүстік Қазақстан облысынан басқа оңтүстік - шығыс облыстарында да тарады. Қоза егісі Алматы облысының Панфилов және басқа аудандарында, Қызылорда облысының Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында, Жамбыл облысының Шу, Талас, Луговой, Свердлов, Жамбыл және Сарысу аудандарында да егілетін болды. Сөйтіп сол жылы мақта егісінің аумағы 133,8 мың гектарға жетті. 1935 жылы шитті мақтаның жалпы өнімі 72,6 мың тонна болды.
Алайда, осы тұста жер – су жағдайы мақта өсіруге қолайсыз аудандарда бұл дақылдың егіс көлемі орынсыз ұлғаюы салдарынан оның өнімі шұғыл төмендеп кетті.
1934 жылдарда және Мақтаарал ауданының территорияларында шитті мақтаны өсіруді кеңінен өріс алды.
Дүние жүзілік империалистік соғыс кезінде Қазақстан аудандарында шұғыл азайып кеткен мақта егісі тек совет өкіметі жылдарында ғана қайтадан қолға алынды. Совет өкіметі өзінің алғашқы жылдарынан бастап – ақ Орта Азияда, Закавказье аймағында және Оңтүстік Қазақстан аудандарында мақта шаруашылығын қайтадан өркендету жөнінде бірқатар нақты шараларды іске асырды.
ХІХ ғасырдың 32 жылдарында мақта шаруашылығы республикамыздың оңтүстік облысынан басқа оңтүстік шығыс облыстарына да тарады. Мақта шаруашылығы Алматы облысының Панфилов және басқа аудандарында, Қызылорда облысының Сырдария , Шиелі және Жаңақорған аудандарында, Жамбыл облысының Шу, Талас, Луговой, Свердлов, Жамбыл және Сарысу аудандарында өркендей түсті.
Алайда, кейіннен жер – су жағдайы мақта өсіруге қолайсыз аудандарында бұл дақылдың егіс көлемі орынсыз ұлғайюы салдарынан оның өнімі шұғыл төмендеп кетті. Сондықтан ХІХ ғасырдың 34 жылдарынан бастап республиканың мақта егуге ауа райы қолайсыз Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарында мақта егісі бірте- бірте азайтылып, кейін мүлдем егілмейтін болды.
Республикамызда мақта шаруашылығын өркендетуде мақтаның отандық ең жоғары сапалы сорттарын егудің, мақтаның аудандастырылған сорттарын оқтын – оқтын жаңа, неғұрлым бітік өсетін сорттармен алмастырып отырудың маңызы зор. Мақта сортының жаңартылуын өзі мақта түсімділігін едәуір арттырып, мақта торқасының сапасын жақсартуға көмектеседі.
Соңғы жылдары облыстың мақта өсіретін барлық аудандары мақтаның мол өнім беретін сорттары – С – 4727, 108 – Ф , “Қырғыз – З”, “Мақтаарал” сорты облысымызда 2000 жылдан бастап егіле бастады. Қазіргі кезде бұл “Мақтаарал” жаңа сортының жеті түрі шығарылып келеді. Мұның үшеуі Оңтүстік Қазақстанда аудандастырылған. Биылдың өзінде “Мақтаарал - 4005” жаңа сорты мемлекеттік сорттық сынақ инспекциясының шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысының мақталы алқаптарында аудандастырылды. Әрине, бұл тұқым сорттарының жоғары дамығанын көрсетеді.
Алайда, жақсы тұқым қозадан мол өнім алу мәселесін толық шеше қоймайды. Оңтүстік Қазақстанның әр түрлі шаруашылықтарында бір тұқымнан өнген мақтаның өзі де әр түрлі өнім береді. Демек, әр ауданда мақтаны жергілікті топырақ, ауа райы ерекшеліктеріне қарай бейімдеп егіп өсіру керек. Сондықтан да Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсірілетін жерлерінің топырағы, ауа райы, жауын – шашыны және басқа жағдайларына қарай төрт түрлі табиғи – экономикалық аймаққа бөлуге болады.
1. Бетпақдала аймағы.
2. Келес аймағы.
3. Түркістан аймағы.
4. Шымкент аймағы.
Бетпақдала аймағы – бұл көлбеу жазық болып келеді. Топырағы ашық сұр түсті. Оңтүстік батысының топырағы сульфатты сор, ал оңтүстік шығысының топырағы сульфатты, хлоридті – сульфатты сор. Жер асты суы тайызда жатады. Суда еритін тұздар бұл ауданда жердің жоғарғы қабатынан жарты метр тереңдікте 0,8 – 1,5 %, ал одан тереңде 2 % - ке дейін көбейе түседі. Бетпақдаланың жері жазық болғанымен оның релефінде ойпаттарда көп кездеседі. Бетпақдала аймағын – Мақтаарал ауданы қамтиды.
Келес аймағы. Бұл - жер бедері төбелі – жонды, ойлы – қырлы болып келетін Сарыағаш, Шардара аудандарын қамтиды. Мұнда жер қыртысы сұр топырақтан құралған. Келес, Құркелес және басқа алқаптарда сортаңды сұр топырақ, сондай – ақ шалғындық және шалғындық – батпақтық топырақ басым келеді. Өзен аралықтарында сарғылт саздақ топырақ көбірек кездеседі.
Түркістан аймағы – бір ғана Түркістан ауданын қамтиды, оның жер бедері, бірақ тегіс, 1-2 метр тереңде малта тастары бар ашық сұр топырақты болып келеді. Мұнда малта тас астындағы ұсақ топырақ ұнтағы шамалы сұр топырақты жер көбірек кездеседі. Бұл аймақтың шығыс бөлігінде әр түрлі дәрежеде сортаңданған сарғылт саздақ сұр топырақты жерлер басым.
Шымкент аймағы – Сайрам, Бөген аудандарын қамтиды. Жер бедері жонды - төбелі болып келіп, бірте – бірте тау етегіне және тауға ұласады.
Мұнда сорланбаған ашық сұр топырақ ыза суы тереңірек жататын жерде болады. Онша биік емес бөктерлерде қара – қоңыр саздақ, кейде сазды сұр топырақ басымдау. Сай – жыралары мен өзен салалары көп бел – белестерде , тау етегіндегі саздақ ұсақ тасты көшкін топырақты жерде боз – қызыл қоңыр саздақ қиыршық топырақты қыртыстар көбірек ұшырайды.
Бетпақдала, келес, Түркістан аймақтарының ерекшелігі сол – бұларда жылу көбірек те, жауын – шашын азырақ, ал Шымкент аймағында, мұның керісінше, жауын – шашын көбірек те, жылу азырақ.
Топырақ, ауа райы жағдайы жағынан мақтаның өсіп өркендеуіне Бетпақдала , Келес, Түркістан аймақтары өте қолайлы, мақта өсіретін шаруашылықтардың көбісі де осы аудандарда орналасқан, мақтаның неғұрлым көп алынып жүрген жерлері де осы аймақтар болып саналады
2 Мақта шаруашылығының Республика шаруашылығындағы маңызы
2.1 Мақта шаруашылығының Республика экономикасында алатын орны
Қазақстанның оңтүстігінде өсетін ауыл шаруашылығының негізгі дақылдарының бірі – мақта. Мақтаның халық шаруашалығында алатын маңызы орасан зор. Қазіргі адамзат қоғамына астық пен металл қандай қажет болса, мақта да сондай қажет болып отыр.
Оңтүстік Қазақстан – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөнінен республикадағы ең ірі өңірдің бірі болып табылады. Мұнда мақта өсіруші шаруашылықтар табысының негізгі көзі болып табылатын мақта егістері шоғырланған. Соңғы жылдары мақта талшығы еліміздің маңызды экспорттық тауарына айналды. Сонымен қатар ол өсімдік майына деген сұранысты толықтырудың маңызды қоры болып табылады. Сондықтанда Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2001-2003 жж. Арналған мемлекеттік бағдарламасында: “өсімдік майы мен қант тапшылығын жою және нарық жағдайында мақта талшығы жағдайында, өндірісті ұлғайту үшін майлы дақылдар, қант қызылшасы және мақта өнімділігін арттыру қажет”-деп көрсетілген.
Мақта мәдени өсімдіктердің ішіндегі ең бағалы дақыл болып табылады. Біздің елімізде ол халық шаруашылығы үшін өндіріледі. Бұл өсімдіктің, сабағынан әр түрлі өнім алуға болады. Бір түр мақта орта есеппен 33% шитті мақта, 22% жапырақ, 24% сабақ, 12% шикі көсек және 9% тамыр береді.
Мақта шаруашылығының негізгі өнімі – шитті мақта. Оны халық “ақ алтын” деп атайды. Шитті мақтаны заводтарда тазалағанда салмағының бөлегіндей талшық бөлегіндей тамыр береді.
Мақта талшығы ең алдымен мата тоқуға және жіп иіруге жұмсалады. Киім тігу мен тұрмыс қажетін өтеудің сыртында соңғы кездерде химияның көмегімен оттан қорғайтын, су өткізбейтін, қышқылға төзімді материалдар, кирза және басқа да бұйымдар жасалады. Сонымен қатар мақта талшығынан автомобиль және авиация өнеркәсібі үшін техникалық маталар тоқылады.
Талшықтан неше түрлі заттар, әр түрлі ваталар, мақта целлюлозасын,жасанды тері, фибра т.б. алуға болады. Мақтаның әрбір центнерінен (мақтаның сортына қарай) орта есеппен 34-33 кг таза талшық және 62-66 кг тұқым алынады.
Мақта талшығын және басқа бөліктерін химиялық жолмен өңдеу арқылы жоғарыда аталған бұйымдардан басқа сынбайтын әйнек, фотопленка, каллойдтар, лактар, қағаз, пироксилин, сірке және лимон қышқылын, сондай-ақ т.б. көптеген өнім алуға болады яғни, 700-ден астам бұйым жасалады. 100 кг талшықтан 2000 м барқыт немесе 1200 м сиса, 2 болмаса, 500 м бөз тоқылады.
Мақтаның түбіті – оның сапасыз талшығы деп есептеледі. Түбіттің құрамында 90-91% целлюлоза, 1,5-2,0% метазон, 2-3% литник, 1% күл және 4-5% басқа заттар болады. Бұдан мақта түбітінде целлюлоза өзге өсімдік материалдарына қарағанда көбірек екені байқалады. Мәселен, ағашта 50-58% қана целлюлоза бар. Сондықтан целлюлоза өндіру үшін мақта жасанды талшықтар мен пластмасса жасауға қажетті аса берік қасиеті бар.
Целлюлоза суда, спирт пен эфирде ерімейтіні мәлім. Халық шаруашылығында одан азот қышқылымен өңдеу арқылы нитроцеллюлоза алынады. Оны спирт пен ацетонда еріткенде хирургияда кеңінен қолданылатын желімдік затқа айналады. Азот қышқылында өңделген целлюлозадан өте күшті қопарғыш зат пироксилин жасалады.
Мақта заводтарында 60-65% шитті мақтаны өңдеген кезде одан 32-33 проценттен астам торқа алынады. Осы торқадан тоқыма өнеркәсібі әсем және мықты мақта –шыт, сәтен, бәтес, шифон, крепдешин, жасанды, жібек, әртүрлі барқыт мата мен бұйым жасап шығарады. Бір тонна шитті мақтаның торқасынан орта есеппен 4000 метрдей әртүрлі мата тоқуға болады. Сонымен қатар, фабрикаларда өңделген мақта торқасы тек мата жасауға қажетті шикізат қана емес, одан техникаға керекті сан алуан заттар да істеп шығарылады. Мақта торқасынан сүзгілер, мотор арасына салынатын заттар, электрлік орауыштар, белдіктер және басқа да бұйымдар жасалады.
Май заводтарында мақта шитін өңдегенде, одан 20-25 процентке дейін май алынады. Ол майды тамақ үшін пайдалануға да, одан глицерин, сондай-ақ басқа да арнаулы май істеп шығаруға болады. Мақта шитін тазартқанда 3 процентке жуық өте бағалы мақта мамығы алынады. Ондай мамықтан жасанды былғары, авиация өнеркәсібі мен автомобильдер үшін сыр, жасанды жібек және басқа бұйымдар істеледі. Май алу үшін өңделген әрбір тонна мақта шитінен 400-420 кг күнжара, 380-400 кг қабық шығады. Бұлар малға құнарлы азық ретінде пайдаланылады.
Мақта тұқымының эндоспермінде орта есеппен 35,5% белок заты, 6,5% су, 1,8% госсипол, т.б. бар екені ғылыми тұрғыдан анықталған. Эндоспермнің негізгі бөлегі белок пен углевод қосылысынан және фосфор заттарынан тұрады. Мақта майының құрамында 40-45% линолин қышқылы бар, ол архидон қышқылымен қосылып, адам организміне аса қажетті С витаминінің ролін атқарады. Мақта майынан, сондай-ақ, маргарин өндірісінде кеңінен қолданылатын тағамдық сапалас, таза глицерин мен май қышқылы алынады.
Мақта тұқымынан алынатын күнжара мол азығына аз қосылады, өйткені, оның құрамында мол организміне зиянды госсипол бар. Госсипол ауыл шаруашылығында өсімдік зиянкестеріне қарсы қолданылатын препараттар дайындауға, ал өнеркәсіпте – смола мен пластмасса т .б., медицинада бірқатар ауруларды емдеуге және медикаменттер әзірлеуге пайдаланылады.
Мақта тұқымының эндоспермінен бөлінген қабаты қауыз деп аталады. Оның құрамында 40-41% целлюлоза, 18-22% центоз, 30-31% литник және 3-7% тері илейтін заттар бар. Гидролиздік заводтарда тұқым қауыздарынан глюкоза мен қышқыл алынады.
Мақта өсімдігінің жапырақтарынан лимон және алма қышқылдары, ал сабақтарынан – спиртпен құрылыс материалдары (картон, шифер, престелген тақтайлар, фанера, әртүрлі плиталар), т.б. жасалады. Еліміздің экономикасы Қазақстанның оңтүстігіндегі жергілікті қарапайым тұрғындарына мақта шаруашылығының маңызы өте зор. Халықтар мақтаның қозасын отын қылады. Ол отынды күнделікті үй пешіне немесе ошағына қолданады. Мақтадан шығатын отынды қозаның паясы делінеді. Бұл отын мақтаның қозасынан алынады. Тағы айта кететін маңыздылығы мақта заводтарында мақтаны өңдегенде, одан талшығынан бөлек линт, пух, қауашақ және қоқымы қалады. Линтті өңдеп одан порох шығарады. Бұл линтті көбіне Қытай Республикасы Қазақстаннан сатып алып, оны өңдеп порох шығарады. Ал пухты халықтар мал шаруашылығына қолданады. Пух малдың азығы болып саналады. Қауашағы бұл мақтаның қауызы. Қауашақтыда мал шаруашылығында қолданады. Қауашақты суға салып жібітіп, оны малдарға жем есебінде беріледі. Мақтадан өңделген қоқымына келетін болсақ, бұл қоқымды зауыттардан шығарылып, егістік жерлерге қайтадан сеуіп шығады. Бұл қоқым жердің құнарлығын арттырады. Яғни, қоқымды тыңайтқыш ретінде қолданылады.
Мақта шаруашылығында мақтаны қол мен немесе машинамен жинайды. Жиналған мақтаны адамдар алып оны күнделікті қолданыста жүрген көрпе жастық, көрпешеге және т.б. заттарға қолданылады. Мақтаны көрпеге, көрпешеге, жастыққа салмастан бұрын, мақтаны шиттеп, шиті мен мақтасын бөлек алып, жоғарыда аталған заттарға салады. Мақтаны салмастан бұрын, оны арнайы машинаға салып, өңдеп алады.
Мақта шаруашылығының Республика экономикасында алатын орны қазіргі таңда қарастырылып отырған ең басты мәселелердің бірі болып отыр. Мұнай мен металл халық шаруашылығына қандай керек болса, мақта да дәл солай керек болып отыр. Бұл мақта шаруашылығы ХІХ ғ бас кезінен – ақ осы Қазақстан Республикасында егіле бастады. Өзіміздің тәуелсіздігімізді алғалы бері мақта шаруашылығының Қазақстан Республикасының экономикасында алатын орны ерекше болып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде бірден – бір мақта өндіруші өлке. Бұл өлкеде жыл сайын 400 – 500 мың тонна мақта шикізаты өндіріледі, орташа өнімділік - 18 – 22 ц/га құрайды. Бұл өңірде мақта шаруашылығы ежелден мықты дамыған. Республикамыздағы суармалы жердің төрттен бірін осы өлкеде алып жатыр. Бұл - үлкен байлық, зор табыс көзі оны ұқыптылықпен, жанашырлықпен пайдалануымыз керек. Қазақстан Республикасының жері қазақтың пейіліндей кең ғой, бірақ мақта Оңтүстік Қазақстанда ғана өсіріледі. Мақта дақылы өніміне халықаралық сұраныс жоғары. Алайда, осы сұраныстың толық дәрежеде пайдаланылмай келе жатқанын айту керек. Қазір мұнда мақта майы ғана өндіріледі деуге болады. Шикізаттың негізгі бөлігі сыртқы, экспортқа шығарылады. Терең өңделмеген өнім бағасы арзан.
Егер шикізат өзімізде өңделіп, одан мүмкін болатын барлық дайын өнім түрлері шығарылса, табыста қазіргіден әлдеқайда жоғары болар еді.
Қазақстан экспортқа 3 – 3,5 млн. тонна астық шығарып, оны сатудан 300-350 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы түсірсе, 150 мың тонна мақта талшығын экспорттау 165 млн. АҚШ доллары мөлшерінде пайда әкеледі. Демек, мақта дақылының мүмкіндігін толық пайдалану – кезек күттірмейтін міндет. Сол міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде және өңдеуде кластерлік жүйені белсенді пайдалану. Солардың алғашқылары – тамақ және тоқыма өнеркәсібі кластерлері. Аталған кластерлерді өркендетуде мақта шаруашылығы аса зор маңызға ие.
Жалпы алғанда мақта – Отанымыздың халық шаруашылығында алатын орны ерекше. Сондықтан мақта шаруашылығының маңызы өте зор.
2.2 Мақта өндірісінің қазіргі жағдайы мен болашағы
Шитті мақтаның облыс экономикасында, ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде алатын орны ерекше. Ауыл шаруашылығынан алынатын табыстың 1/3 осы дақылдан түседі. Ауылда жұмыс істейтіндердің де 1/3 шитті мақта өсірумен айналысады.
Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдірушілері ауа райының қолайсыздығына қарамастан біршама жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Масақты дақылдар мен мақсарыдан басқа барлық дақыл түрлерінің өнімі 1999 жылға қарағанда артық болды.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша барлық өңдірілген өнім 2000 жылы 49,1 млрд. теңгені, ал егіншіліктің өнімі 31,5 млрд. теңгені құрады. Оның 46,6 пайызы немесе 14,7 млрд. теңгесі мақта өнімінің еншісіне тиеді.
Мақтаарал ауданында барлық өндірілген 15,1 млрд. теңге өнімнің 9,9 млрд. теңгесі немесе 65 пайызы мақтадан түсті. Шардарада бұл көрсеткіш барлығы 3,7 млрд. теңге, оның ішінде мақта 2,1 млрд. теңгені кұрайды. Бұл ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің 57 пайызы, Түркістанда — табыстың 34, Ордабасыда — 28, Арыс, Отырарда — 12, Сарыағаш аудандарында - 7 пайызы мақтадан алынды.
2000 жылдың ауа райы мақташылар үшін онша қолайлы болмады. Көктем айының құрғақ болуына байланысты мақта егісін сумен қамтамасыз етуде көптеген қиыншылықтар кездесті. Дегенмен, мақташылар бұл қиындықты жеңе отырып үлкен табысқа қол жеткізді. Облыс бойынша 153,3 мың гектарға егілген мақтаның түсімділігі 18,7 центнерге, өнімі 287,1 мың тоннаға жеткізілді. Сөйтіп 1999 жылдан 38 мың тоннаға артық өнім алынды. Тапқан табыстары да жаман болған жоқ. Бұл — ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген реформаның алғашқы нәтижелері. Әр гектар жер өз иесін тауып, жерге жанашырлық көзқарастар қалыптаса бастады деп айтуымызға болады.
Мақтаарал өңірінің диқандары 2000 жылы әр гектардан 20,2 центнерден, барлығы 192,8 мың тонна, яғни 1999 жылдан 8,8 мың тоннаға көп шитті мақта дайындады.
Шардара ауданында мақта дақылының егіс көлемі 1999 жылға қарағанда 6,2 мың гектарға артық егіліп, 20,7 мың гектарға орналастырылды. Гектар түсімділігі 20,2 центнер немесе 4,6 центнер арттырылды.
Жалпы, облыста гектар берекелілігін арттыруға деген құлшыныс бар. Осы дақылмен айналысатын аудандардың барлығында дерлік 2000 жылы 1999 жылға карағандаа бұл жөнінде ілгерілеушілік сезілді. Тек объективті, субъективті себептермен Түркістан қаласының шаруашылықтарында былтыр, алдыңғы жылмен салыстырғанда әр гектардың өнімділігі 2,4 центнерге кеміп кетті. Дегенмен, өткен жылдың жағдайында көптеген тауар өндірушілер агротехникалық шараларды дұрыс сақтау нәтижесінде мақтадан жоғары өнімге қол жеткізе алды. Мәселен, Шардара ауданы Қазақстан ауыл округінің "Сеңгірбай" шаруа қожалығында 72 гектар мақталықтың гектар түсімділігі 58 центнерден, Мақтаарал ауданының "Иіржар" ауыл округіне қарасты "Захид" шаруа қожалығында 50 гектардан 43 центнерден, Казыбек би округіндегі "Жұлдыз" шаруа қожалығында 40 га мақталықтан 40 центнерден, "Арай" ауыл округіндегі "Ақ нұр" өндірістік кооперативінің мүшелері 160 гектардың әр гектарынан 38 центнерден өнім алды. Ордабасы ауданы "Төрткүл" ауыл әкімшілігіне қарасты "Арыстанды" өңдірістік кооперативі 120 гектардан 32 центнерден, Түркістандағы Ескі Иқан ауыл әкімшілігіндегі Камалов атындағы шаруа қожалығы 60 гектардан 26 центнерден, Сарыағаш ауданындағы Қошқар ата ауыл әкімшілігіндегі "Балауса" шаруа қожалығы 40 гектардан 37 центнерден, Арыс қаласындағы Жиделі ауыл әкімшілігіндегі "Өмірзақ и К" шаруашылығы гектарынан 35 центнерден өнім жинады.
Мақта шаруашылығындағы табыс аз емес. Сонымен қатар пайдаланылмай келе жаткан резервтер де баршылық. Мәселен, мақта өсіру технологиясын бұзып, "шитті сеуіп қойсаң болды, өнімді құдайдың өзі береді" дейтін шаруашылықтар да аз емес.
2000 жылдың қорытындысына қарағанда, кейбір аудандағы ауыл әкімшіліктерінде жұмысқа деген талаптың төмендеп кеткені және жоғарыда айтқанымыз айқын байкалады. Айтайық, Мақтаарал ауданындағы 20 ауыл әкімшілігінде әр түрлі жағдай қалыптасқан. 10 ауыл әкімшілігінде гектар түсімі 20 центнердің үстінде болса, қалған 10 ауыл әкімшілігінде бұл көрсеткіш оған жетпейді. Егер де барлық аудан әкімшіліктері әр гектардан 25 центнерден өнім алғанда, былтыр 220-230 мың тонна шитті мақта жинаған болар еді.
Шардарадағы Қоссейіт ауыл әкімшілігі бойынша гектар түсімі 24,2 центнерден келсе, Казақстанда 23,4-тен, Достықта 20,7-ден өнім алынды. Оның есесіне Жаушыкұм - 15,2, Шардара — 15, Сүткент — 13,8 центнерді місе тұтты.
Түркістан каласы бойынша ең жоғары түсім көрсеткіші Ескі Иқан ауыл әкімшілігінде — 15,5. Бұл — аудандағы ең биік көрсеткіш болып табылады. Қарашық - 12,9, Жүйнек — 13,1 центнерден алды. Гектар түсімі 10 центнерге жетпеген ауыл әкімшіліктері де бар. Мәселен, Үшқайық — 8,3, Сауран — 8,7, Бабайқорған - 5,4 центнерден берді. Ал, 1004 гектар жерге 4 есе кем қоза еккен Жаңа Иқанда әр гектардан небәрі 4-ақ центнерден шитті мақта алынды.
Ордабасыдағы мақтамен айналысатын 9 әкімшіліктің екеуі ғана (Қараспан мен Қажымұқан) 16 центнердің үстінде өнім алды. Сарыағаш ауданы бойынша әр гектар 18,1 центнерден өнім берсе, Біртілек — 18,6, Тегісшіл — 18,9, Қапланбек - 20, Қызылжар — 22 центнерден алды. Аудан озаттарының көшін "Ұшқын" ауыл әкімшілігі (27,5) бастап отыр. "Жібек жолында" 20 гектарға мақта егіліп, оның айналымы 12-ақ центнерді құрады.
Облыста шитті мақта өнімділігі гектар түсімділігінен емес, егіс көлемін арттыру есебінен, экстенсивті тәсілді қолданудың негізінде алынып отыр. Мәселен, облыста 1997 жылы 104 мың гектардың түсімі гектарынан 19,0 центнерді құраса, 2000 жылы онан 49 мың гектарға көп егілген алқаптың бергені — гектарына 18,7 ц болды.
Мақта өсірудің ғылымда дәлелденген, тәжірибеде сыналған өзіндік ерекше агротехникалық тәсілдері бар. Өкінішке орай, бізде мақта өсірудің агротехникалық шаралары қатаң сақталмайды. Баяғы диқан бабаларымыз "Жер айдасаң күз айда, күз айдамасаң жүз айда" деп бекер айтпаған. Ал сүдігер айдау жұмысы көптеген аудан шаруашылықтарында мүлде орындалмайды.
Жалпы, біз мақтаны еккенде одан табыс табамыз деп егеміз. Негізінде оны өндірудің тиімділігі — гектар түсімділігіне тікелей байланысты екендігі әрбір диқанға, маманға өз-өзінен түсінікті. Мәселен, гектарынан 15 центнерден шитті мақта алсақ, тиімділік бар-жоғы 3 пайызды құрайды, ал 20 центнерден алынса, 29 пайыз.
Мақта өсірудегі негізгі мәселелердің бірі элиталық тұқым шаруашылығын дамыту болып табылады. Бұрынғы жылдары облыста элита тұқымын өндіретін 7 тұқым шаруашылығымен айналысатын 18-20 шаруашылық болатын. Жоғары репродукциялы тұқымдар арнайы элита тұкым өндіретін шаруашылықтарда өңдіріліп, олар тұқым шаруашылықтарында көбейтіліп, басқа шаруашылықтарға 2-4-репродукциясы тұқымдар таратылатын. Тұқым дайындалатын танаптар бекітіліп, зауыттарда бөлек сақталынып, өңделінетін.
Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық жүргізілмейді. Зауыттарда дайындалған тұқымның сапасы төмен, кей ұжымдар тапқан тұқымын ғана себеді. Өткен жылы облыс бойынша егіске жұмсалған 5,0 мың тоннадан артық тұкымның 3,5 мыңы немесе 70 пайызы 2-класқа жатқызылған. "Мырзакент", "Ақ алтын", "Иассы" акционерлік қоғамдары арқылы тек 2-кластық тұқым таратылған. Оның үстіне тұқымның сапасын қадағалайтын "Казагроэкспертиза" мемлекеттік-қазыналық кәсіпорнының облыстық бөлімшесі мақта тұқымының сапасын тексеру, қадағалау және шара көру жұмыстарын өз дәрежесінде ұйымдастыра алмай келеді.
2001 жылы облыста мақта тұқымын жақсарту мақсатында элита тұқым өндіретін 6 шаруашылық ашылды. Оның 3-і Мақтааралда, ал Шардара, Түркістан мен Сарыағаш аудандарында бір-бірден.
Өндірілген тұқымды көбейтіп, тарату үшін облыс бойынша мамандандырылған 11 тұқым шаруашылығы айналыспақшы. Осы ұжымдардың дұрыс жұмыс істеп кетуін ұйымдастыру аудан басшылары және аймақтық басқарманың, оңың тұқым инспекторлары мен ауыл шаруашылығы департаментінің міндеттері. Міне, осындай кемшіліктерге қоса гектар түсімінің төмен болуы себептерінің бірі — ауыспалы егістің сақталмауы.
Ауыспалы егістікті тиянақты игеру мол өнім алуға әсерін тигізетін басқа да проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда:
Өсімдік зиянкестері мен ауруларының резервациясын жоюға көмектеседі. Ал ол өз кезегінде қымбат бағалы улы химикаттарға жұмсалатын қаржы шығынын үнемдеуге, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Топырақ құнарлылығын арттыруға, жердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға және мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын жасауға ықпал етеді.
Бұрынғы жылдары ауыспалы егісті толық сақтаған облыс мақташылары жыл сайын мол өнім алатын. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 116,5 мың гектарға егілген мақталықтың түсімі 24,9 центнерден келген болса, 2000 жылы 153,3 мың гектарға егілген мақталықтың түсімділігі 18,7 центнерден келді немесе 6,1 центнерге азайды. Өйткені ауыспалы егістің қажеттілігін диқандар біле тұра, бұл мәселеге соңғы кезде тіпті көңіл бөлмей келеді. Өткен жылы облыс бойынша мақта 153,3 мың гектарға, оның ішінде Мақтааралда 96,7 мың гектарға, яғни егістіктің 80 пайызына орналастырылды. Жоңышқаның егіс көлемі аталмыш ауданда 8,8, мың гектардан немесе егістіктің 7 пайызынан аспады. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында 2000 жылы 12,5 мың гектар мақталықтың түсімі 15 центнерден, 28,0 мың гектардан 18 центнерден, 42,5 мың гектардан 20 центнерден төмен болды.
Осындай жағдай басқа да өңірлерде орын алып отыр. Сарыағаш ауданында жоңышқалық суармалы егістіктің бар-жоғы 10 пайызын құрайды. Шардарада — 12, Түркістанда — 13,5, Ордабасыда 17 пайызға тең келеді;
2001 жылы да аудандарда ауыспалы егіс енгізу қолға алынбады. Алдын-ала берген есеп жобалары бойынша Мақтаарал ауданында 2001 жылы мақта 92,0 мың гектарға, ал жоңышка 9,4 мың гектарға немесе егістіктің тиісінше 75 және 8 пайызына орналастыру көзделген. Шардарада жоңышқаны — 13 пайызға, Түркістанда — 17 пайызға егу межеленген.
Мақта шаруашылығын дамытудың облыстық бағдарламасында ауыспалы егістікті игеру үшін үстіміздегі жылы облыс бойынша мақта 133 мың гектарға орналастырылып, оның әр гектарынан 23 центнерден түсім алу межеленген. Оның ішінде Мақтаарал ауданында 84 мың га мақталықтың гектар түсімділігін 25 центнерге жеткізу көзделген. Сондықтан аудан және ауыл әкімдері 2001 жылға ауыл шаруашылығы дақылдарының орналастыруын қайта қарап, ауыспалы егістікті игеруді ұйымдастырулары қажет.
Шитті мақта өсіруде келесі бір аландататыны - ағын су мәселесі. Ол өткен жылы тапшы болды. Сарыағаш, Шардара аудандарынан басқа барлық өңірдің диқандары қиыншылық көрді. Су мөлшерінің көлемі жылдан-жылға азайып барады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жаңа суару жобасын жасап отыр. Соған сәйкес, 2001 жылы Мақтаарал ауданындағы "Достық" каналы арқылы берілетін 720 млн. текше метр су ресми түрде 600 млн. текше метр ғана берілмекші. Сол себептен суарудың үнемді тәсілдерін қолданып, су жүйелерін тазалау, оларды мезгілінде жөндеуден өткізу маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
2000 жылы облыстық бюджеттен су жүйелерін жөндеп, тазартуға 20 млн. қаржы бөлінді. Оған Сарыағаш, Отырар, Төлеби аудандарында тиісті жұмыстар атқарылды. 2001 жылғы облыс бюджетінде осы мақсатқа 63 млн. теңге қаралған.
Одан басқа Мақтаарал ауданында суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмысына дүние жүзілік және Азия даму банкілері өз көмектерін көрсетуде. Азия даму банкінің несиесі бойынша жалпы құны 55,12 млн.АҚШ долларына 32,5 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіру іс-шараларының жобасы жасалынуда. Ал дүние жүзілік даму банкінің қаражаты бойынша 9,6 мың гектарда бұл жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекетаралық "Зах", "Ханым", "Үлкен Келес" және "Ашынау" каналдарында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Республикалық бюджет есебінен осы іске 2000 жылы 100 млн.теңге бөлініп, каналдарды жөндеу жұмыстары басталды. Ендігі міндет — барлық су шаруашылықтары және су пайдаланушылар бірлесе отырып су жүйелерін жөндеу, тазалау жұмыстарын мезгілінде, көңілдегідей ұйымдастыра білу.
Кейінгі жылдары облыс мақташыларына "Қазақстан мақтасы" компаниясы, "Нимекс" корпорациясы, "Интекс" фирмасы тағы да 9 мақта өндеу зауыттары арқылы фьючер негізінде қаржылай көмек көрсетуде.
2000 жылы мақта өндірісіне облыс бойынша 2.343 млрд.теңге қаржы жұмсалды. Бұл — ауыл шаруашылығы саласына берілген инвестицияның 79 пайызы. Алайда, соңғы кезде тауар өндірушілер мен мақта өндейтін зауыттар, компаниялар арасында келіспеушіліктер жиі орын алып отыр. Көп жағдайда мақта зауыттары, компаниялар өз үстемдігін пайдалана отырып шаруашылықтарға қажетті қаржылай және заттай несиелерді жоғары өсіммен береді деп мақта өндірушілер ренжиді. Ал, өз кезегінде "біздің тікелей көмегімізбен өсірілеген мақтаны шаруалар бес-алты теңге артығына қызығып, басқа фирмаларға сатып жібереді" деп зауыт өкілдері отыр. Соңдықтан қазіргі заман талабына сай, өзара тиімді қарым-қатынастың өркениетті әдісіне көшетін кез келді. Әріптесті сазға отырғызу, алдап кету еш жақсылық әпермейтіні аян.
Мүмкін, ел экономикасы үшін стратегиясы мол, шет елге шығатын дақыл екендігін есепке ала отырып, мақта өсіруші, қайта өндеп, ұқсатушы, су берушілер, инвестиция салушылар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін арнайы "Мақта туралы Заң" немесе нормалық акт қабылдау керек шығар? Мұны да ойланып көргеніміз жөн.
Облыста шитті мақтаны өңдеп, ұқсатумен айналысатын өндіріс орындары, инфрақұрылымдар жеткілікті. Өкініштісі сол, өзіміз шығарған мақта талшығы линт шикізат күйінде сатылып кетіп жатыр. Егер осынау жартылай дайын өнімдерді одан әрі өндіріске түсіріп, жіп иірсе немесе мата шығарып, киім тіксе, жергілікті халықтың талай мұқтажы өтелген болар еді. Біздің өңірде қосымша мындаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туары да сөзсіз. Соның нәтижесінде жергілікті бюджетке миллиондаған теңге түсері анық.
Бұл кәсіпорындар мемлекеттік болып кұрылмайды. Сол себепті Нимекс, Мақта коорпорациялары, Мырзакент, Мақтаарал, Ақ Алтын, Яссы АҚ, облыс әкімшілігі бірлесе осы үлкен, облыс халқы үшін маңызды мәселеге ат салысуымыз қажет. Бұл мәселеде облыс әкімінің араласуымен үкіметтің тиымды тобы болса, Мемлекеттік инвестиция бағдарламасына енгізуге келісімі де бар.
Мақта — біздің мақтанышымыз. Әлгінде айтылғандай, мақта — халықтың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетін және бюджет қорын көбейтуде жоғары орын алатын сала. Олай болса, сол дақылды өсіретін диқандарға қолдан келген жәрдемімізді аямай, облыс халқы үшін шынында "ақ алтын" болып есептелінетін осы өсімдіктің өнімін одан әрі көбейту үшін жұмыс жасайық.
Мақта шаруашылығының бәсекелестігін арттыру.
Қазақстан Республикасы бүкіл әлемдік сауда ұйымына кіргелі отыр. Әлемдік рынокта мақтаға деген сұраныс қазіргі таңда өте жоғары болып отыр. Қазақстанда жер кең. Бірақ мақта өсіретін аймақ оңтүстік қана. Бұл өңір бүкіл Қазақстандағы суармалы жердің ¼ бөлігін алып жатқанын ескерсек, осынау байлықтың бағасы мен мақтаның мүмкіндігін тиімді пайдалана білуіміз керек. Мақта саласы бойынша Қазақстан Республикасына көршілес жатқан Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттері т.б. көптеген шет елдік мемлекеттер, бәсекелес болып отыр. Өз еліміздің дүние жүзілік рыноктағы мақта талшығының дәрежесі төмендеп кеткен сияқты. Өйткені, мақта сортының төмен болуы, яғни өзіміздің елден шыққан мақта тұқымының элиталық сортын пайдаланбауымыздың әсері.
Соңғы жылдары мақтадан мақтанарлықтай өнім алып жатырмыз. Ол дұрыс. Бірақ осы өнімнің сапасы қандай, сатып алушысы кім, ол жағына тереңдемей диқандар “өндіре берсек болды, қалғаны менің шаруам емеске” бет қойған сыңайы бар.
Дүниежүзі халықтары жылына 20млн. 800 мың тонна мақта талшығын тұтынады екен. Әлемнің осындай сұранысына ие, ол сұраныстың жыл сайын 3% -ға өсіп отырғанын ескерсек сапасы жоғары талшыққа қашанда тапсырысшы табылуға тиіс. Ал, олай болса әлемдік рынокта бұрын-соңды жоғары бағаланған Қазақстан мақтасына деген құштарлық соңғы жылдары неге бәсеңсіп кетті?
Міне, саланың мақта үшін жаны ауыратын мамандарының, ғалымдардың, өнімді сатып алушылардың жанына бататын, көп жылдан бері көкірекке тағылған, түтіні қалың, салмағы ауыр осындай қадау-қадау, көкейтесті проблемалар көп. Оның шешімі табылғанша әлемдік рыноктағы орнымызды жоғалтып алмаймыз ба деген қауіп те жоқ емес. Бұл саланың мәселелері – тез арада элиталық тұқым шаруашылықтарын құру, қалпына келтіру ісін бірінші кезекке шығарып, жүзеге асырғанда ғана шешімін таппақ. Қазіргі кезде мақта шаруашылығының диқандары Өзбекстанның арзан шитіне ұмтылушылары, Қазақстан Республикасы мақтасының дүние жүзілік рынокта өз беделін түсіріп, рыноктағы өтімдігіне нұқсан келтіріп отыр.
Маңдай терлетіп мақта егіп жатқан диқандарды кемітпек ой жоқ. Бірақ, қолдың сыртқа емес, ішке бүгілетінін ескерсек, әркімге өз аузы жақын емес пе? Бұл орайда мақташының “неғұрлым мол ексем, көп алсам, көп тапсам” дейтіні заңды. Өйткені, олар оның өтіміне, сатуына басын ауыртып жатпайтындар көптеп кездеседі.
Осы мақта талшығының сортының төмендеуі контрабандалық жолмен Өзбекстан республикасынан арзан бағамен келген мақта тұқымының шиттері егіліп отыр. Осының нәтижесінде Қазақстан Республикасының мақта талшығының төмен болуының бірден-бір себебі болып отыр.
Қазіргі таңда өзіміздің өңірімізде мақта тұқымының элиталық тұқымын шығарып отыр. Оған мемлекет тарапынан көптеп қаржы бөлініп, арнайы ғылыми тәжірибелік станциялар ашылды. Арнайы мақта тұқымы шаруашылықтарын ұйымдастыру барысында методикалық және өсіру экологиясы тұрғысынан ғылыми кеңес беріп келеді. Шаруа қожалықтары мен ірі өндіріс кооперативтеріне жаңа мақта сорттары технлогиясы және агротехникасы жөнінде ғылыми кеңес беріп, іс жүзінде көмек көрсетеді. Мұнымен қоса дүние жүзіндегі рынокта Қазақстан өзінің бәсекелестігін арттыру үшін мақта – жоңышқа ауыспалы егіс құрылымын ұсынады. Отандық мақта сортының түпнұсқалық (элиталық) тұқымдық шитін өндіріп, элиталық шарушылықтарға жеткізеді. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарының енгізілу нормаларын әр жердің құнарлығына қарай анықтап ұсынады.
Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында аудандастырылған үш мақта сорты егіліп келді. Мысалы, мақталық жердің 45 пайызына –С- 4727,5 пайызына –108-Ф, шамамен 3 пайыз жерге Қырғыз-3 сорты егілді, ал қалған мақталық жердің 47 пайызына белгісіз, контрабандалық жолмен әкелінген сорттары егілді. Бұл өз кезегінде мақтаның өнімін күрт төмендетті, ал мақта талшығының сапасы әлемдік талапқа жауап бере алмады. Аталған барлық кемшілікті ретке келтіру мақсатында “Мақтаарал” отандық жаңа сорты облысымызда 2000 жылдан бастап алғаш рет Мақтаарал ауыл шаруашылығының тәжірибе станциясында 70га жерде егіле бастады. Алғашқы жылдың өзінде –ақ 30 тонна элиталық тұқымдық шит алынып, шаруашылықтарға таратыла бастады. Тек 2003 жылы Мақтаарал ауданында 50 мың гектардан астам жерге “Мақтаарал” сорты егілді. Ғалымдардың зерттеулері бойынша мұның әр гектарынан орташа 27-35 центнер өнім алынған, тіпті кейбір жерлерде гектар көрсеткіші 38-43 центнерге жеткен.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мақтаарал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында жоғары сапалы дүние жүзілік талапқа жауап беретін жаңа отандық жеті Мақтаарал сорты шығарылып, оның үшеуі Оңтүстік Қазақстан облысында аудандастырылды.
Биыл “Мақтаарал-4005” жаңа сорты мемлекеттік сорттық сынақ инспекциясының шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысының мақталы алқабында аудандастырылды. Мұндай табыстар республикамыздың мақта шарушылығында бұрын-соңды болып көрмеген.
Оңтүстік Қазақстан облысында Кеңес одағынан бері мақта егісінде жүрген С-4727 сортын егіп жүрміз. Ал бұл С-4727 сортының оригинаторы көрші Өзбекстан республикасында, бұл сорт біраздан бері ол жақта егілмейді. Сонда заңды сұрақ туады, сонда біз егіп жүрген С-4727 қандай сорт, элиталық, түпнұсқалық шит қайдан алынады? Оның құжаты бар ма, сапалық сертификаты қайда, карантиндік құжаты бар ма? Осы сұрақтарға жауап жоқ. Сондықтан біз өзімзіді - өзіміз алдап жүрген сияқтымыз. Ешкім басқа біреуге ең жақсы тұқымын бермейді, өйткені жақсы элиталық шит бізге тұқым сатқысы келіп отырған көршілердің өзінде жетіспейді.
Бізде өзіміздің отандық жаңа, дүние жүзілік, халықаралық талапқа жауап беретін сорт жеткілікті . Егерде облыста, ауданда тұқым дайындау жұмысы дұрыс ұйымдастырылса, 3 жылдың ішінде барлық мақталық жерге жаңа отандық сорт егілер еді. Өз кезінде мақтаның өнімділігі 3-5 центнерге жаңа есебінен артар еді. Қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан экономикасы мақта талшығын өңдеу мәселелерін тез шешуге мүмкіндік береді. Мақта кластеріндегі шикізат өндірушілердің алдына негізгі мақсат - әлемдік талапқа сай жоғары сапалы мақта талшығын өндіру болып табылады.
Егерде Қазақстанда өндірелетін мақта талшығы сапасыз болып, жаңадан салынған жіп иіретін фабрика шикізатты Греция, Туркия немесе Өзбекстаннан алатын болса, онда Қазақстандық мақта кластері болмайды, ал біз өндірген сапасыз өнімді ешкім алмайды, өнім қоймада тұрып шіриді. Сондықтан мақта шикізатын өндіруші фермерлер сапалы өнім шығаруы қажет. Жоғары сапалы мақта шикізатын өндірудің бірден-бір жолы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты. Мақтаарал ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы шығарған ғылыми негізделген ұсыныстар болып табылады. Ал мақта өндірудегі проблемаларды шешу мәселесі еш уақытта күн тәртібінен алынған емес, қайта жылдан жылға мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау көлемі ұлғайып келеді. Осы қолдаудың нәтижесінде Қазақстан Республикасының мақтасы дүние жүзілік рынокта өз бәсекелестігін жоғалтпас.
Оңтүстік Қазақстан облысында “арнайы экономикалық аймағын” ашып, кластерлік жүйені қолдап отыр. Осы “Мақта кластерін” дамытуда елімізбен көршілес жатқан, бәсекелес елдің бірі Өзбекстан Республикасынан үйренетін тірлік көп. Көрші Өзбекстан мемлекеті экономикасының негізгі тірегінің бірі – мақта. Біз сияқты ол мемлекет талшықты су тегін шет елге сатып отырған жоқ. Тоқыма, тігін өндірісі ерекше дамыған. 1994-2004 жылдардың аралығында тоқыма тігін өндірісі мақтадан халық тұтынатын тауарлар өндіру көлемі 27,8 миллиард сумнан 473,4 миллиард сумға өскен. Республиканың қазіргі жағдайы мақтанарлықтай болғанымен қандай қиын жылдарда да олар мақтаныштары –мақтасының бетіне, беделіне дақ түсірмей келеді. Мақта шаруашылығының тірегі, сапалы талшықтың негізі-шит шаруашылығын біздегідей шашыратып алмаған. Тұқымдық элита – сапалы шитінен айрылмаған көршілер қазір мақта өндіріп, өңдеуге экспорттауда әлемде алғашқы ондықтың –Қытай, Үндістан сияқты мемлекеттердің қатарында келеді.
Осы көрші мемлекетіміз былтырдан бері биыл екінші жыл “жеңіл өнеркәсіп үшін тоқыма, технолог және жабдық – “Textile EXPO-2005” деген атпен халықаралық көрме өткізіп келеді. Өзбекстан мемлекетінің негізгі саясаты мақта болған соң олардың мұндай көрмені ұйымдастыруы, өткізуі заңды. “Тесктиль ЭКСПО Өзбекстан 2005” көрмесін тоқыма өндірісі, жалпы жеңіл өнеркәсіп үшін технологиялар мен жабдықтардың бүкіл Орталық Азиядағы мамандандырылған көрмесі деп санауға болады. Халықаралық көрме өткізудің жобасын жасаған, ұйымдастырған Өзбекстанның өзі мен Ұлыбритания мемлекеттері екен. Көрмеге 25 мемлекеттен делегация қатысып келеді. Ал Қазақстандағы мақта өсіретін бірден –бір аймақ болғандықтан мұндай көрмеге қатысудың біз үшін қажеттігі, маңыздылығы ерекше болып отыр. Мақта кластерін дамытуда қолға ала бастаған мемлекет, осы бағытта 15-16 жеңіл өнеркәсіпорнын іске қосуды жоспарлап отырған біздің облыс делегациясының мақсаты да осы болашақ үлкен іске көрші мемлкетіміз Өзбекстан Республикасынан үйренуге және көрмеден қандай жоғымызды табуға болады деген мәселе. Осы бағыт арқасында Қазақстан Республикасыда өзінің экономикасын, саяси қоғамдық өмірін, әлеуметтік жағдайын және әлемдік рынокта да өзінің бәсекелестігін арттыра алады.
Барлық мақтаны бір адам сатып ала ма, жоқ жиырма адам бөліп сатып алама, біз үшін екі жағы да бірдей. Біздің алаңдайтынымыз-мақта шаруашылығының өркениетті келешегін, диқандардың бақуат тұрмысын, оның өңдеуші кәсіпорындарының өркендеуінен бөліп қарауға болмайтыны. Мақта өндірісі саласының көтерілуі, дамуы, озық технологиялар енгізіліп, агротехниканың тереңдетілуі, өнім өңдеудің жетілдірілуі мен өркендеуі осы кәсіпорындардың келешегіне байланысты. Салада бәсекелестер көп болған сайын аталған жұмыс бір-бірімен жарысып, қалыспай дамитын болады. Қазақстанда бізде ғана бар, байлық-әлемдік рынокта құны мұнай, уран тағы басқа да бағалы металдармен бірдей бағаланатын, стратегиялық маңызы аса зор дақыл-мақта шарушылығының өркениетті келешегі оның өңдеуші кәсіпорындарының бұл жолда бір-бірін жауап алуға, бағамен ұрып алуға ұмтылмай бірігіп, ынтымақпен, бірлікпен, еңбек етуімен тығыз байланысты болғандықтан да осы жағдайды айтуға тиіспіз.
Сонымен қатар мақта шаруашылығының бәсекелестігі Өзбекстан Республикасы ғана емес, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан, Азербайжан, Армения мемлекеттеріменде тығыз байланысты болғандықтан да өз ықпалымызды жоғалтып алмауымыз керек. Әрине, бұл аталған елдермен саяси, экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынаста болғандықтан, ол мемлекеттердің біздің мақта шарушылығымызға көңіл бөлетіні де ерекше. Аталған мемлекеттерде жеңіл өнеркәсіпорындары, мақта-мата тоқыма өндірісінің өнеркәсіптері жақсы дамыған. Оларда мата тоқу, жіпті иіру, трикотаж шығару жақсы дамыған. Бұл мемлекеттер біздің Қазақстан Республикасы ұқсап, мақтаны шикізат ретінде шығармайды. Өздерінде жеңіл өнеркәсіпорындары жақсы дамығандықтан, тауарды шикізат ретінде емес, халық тұтынатын дайын өнімді шығарады.
Тағы бір айта кететін жәйт, ішкі рыноктағы мақта бағасының бәсекелестігі болып отыр. Облысымызда арнайы экономикалық аймақ ашылды. Кластерлік жүйе барынша күш салып, қолға алынып отыр. Бұл жерде мақтадан жаңа саладағы Қазақстандық өнім шығарылатын болады. Осы аймақта Қазақстандық инвестор жұмыс істей ме, әлде шетелдік инвестор ма? – Үкімет басшылары үшін оның айырмашылығы жоқ. Себебі бұл өңірде бәсекелестікке жол ашылмай келеді. Ірі мақта өңдеу зауыттарының иелері мақтаға монополистік үстемдік орнатып, оған өте төмен баға белгілеп,шаруаларды шаршатып отыр. Сондықтан биыл 2006ж мақта зауыттары иелерінің монополистік үстемдігін жойып, осы ашылған аймаққа шетелдік инвесторларды көптеп тартып, ішкі рынокта да мақта бағасын 40 теңгеден емес, 60 теңгеден жоғарылату мақсаты көзделіп отыр. Бұл жәйт орындалса Оңтүстік Қазақстандық шаруалардың мақтаға деген құлшынысы артып, мақта сапасы артып,дүние жүзілік рыноктада Қазақстандық мақтаның дәрежесі жоғары болар еді.
Міне, біздің осы аталмыш мемлекеттерден үйренетін тірліктеріміз көп. Біз қазіргі кластерлік жүйені жақсылап қолға алып, келешекте бізде өзге мемлекеттер ұқсап, тауарды халық тұтынатындай дәрежеге жеткізсек, онда біздің экономикамыздың,әлеуметтік ахуалымыздың жақсаратыны сөзсіз.
Жалпы алғанда, мақта шаруашылығының бәсекелестігін арттыру үшін, кластерлік жүйені тез дамыта алсақ, сонда біздің мемлекетіміз әлемдік рынокта да өзінің бәсекелестік үстемдігін орнатар еді.
3 Қазақстанда мақта өңдеудің өзекті мәселелері
3.1 Нарықтық экономика жағдайында мақта шаруашылығының дамуы
Елімізде 1999 жылдан бастап ауыл шаруашылығында біршама алға ілгерілеу тенденциялары орын алды. Себебі, біріншіден, бұл салада түрлі меншікті экономика тұрақты сипатқа ие болды. Қазақстанның барлық өңірлерінде жеке шаруа қожалықтары (фермерлер), түрлі шаруашылықтар мен кәсіпорындардың өндірістік кооперативтері, акционерлік қоғамдар, шаруашылық серіктестігі сияқты кооператив түрлерінің ішінде тиімді тепе-теңдік қалыптасты. Екіншіден, ауылдық жерлерде фермерлермен екі жаққа бірдей тиімді заң — құқықтық база ауылда шаруа жүргізуге қажетті жағдайлар туғызуға әбден сәйкестендірілген. Жер мен жұмыс жасауға, сол сияқты өндірген өнімді сатуға шектеудің жоқтығы — ынталы фермерлер мен дарынды шаруашылық басшыларына өндіріс ауқымын өсіруге, пайда көзін молайтуға көп мүмкіндіктер беріп отыр.
Үй іргелік аз ғана жерден өндіретін өнімді молайтып, шағын тауарлық шаруа ұйымдастыру мүмкіндіктері — халықтың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуіне оң нәтиже беретін бірден-бір қолайлы тенденция екендігі мәлім.
Сонымен қатар маркетинг қызметтері, көтерме азық-түлік базарлары сияқты инфра құрылымдардың пайда бола бастауы да бізді үміттендіретін жақсылық нышаны іспетті.
Республикалық статистика Агенттігінің бағалауынша, 2000 жылы ауа-райының онша қолайлы болмағандығына қарамастан (кейбір өңірлерде қатты кұрғақшылық болды) ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 399 млрд.теңге құраған. Бұл дегеніміз, ауа-райы қолайлы болған 1999 жылмен салыстырғанда, тек 3,3 пайызға ғана төменірек болды деген сөз. Жалпы өнімнің кемуі негізінен алғанда астық өндірудің 19 пайызға, қант қызылшасын өндірудың 8 пайызға төмендеуі салдарынан болды.
Ал мал шаруашылығы саласының өнімі керісінше 1,3 пайызға өсті. Кейінгі 2 жылда мал санының біршама тұрақтануы, тіпті көтерілуі байқалады. 2000 жылы 1999 жылмен салыстырғанда ірі қара саны 3, қой-ешкі -4, шошқа -8, құс —9%-ға көбейді. Соның нәтижесіңде сүт өндіруді 6, жұмыртқаны —12, жұн өндіруді — 3% арттырып, ет өндірудегі құлдырауды тоқтауға мүмкіндіктер туды. Фермерлер мен шаруашылықтардың қаржы жағдайы да біршама жақсарды деуге негіз бар.
Оңтүстік Қазақстанда да ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 7% көтерілді, көкөніс өндіру үштен біріне өссе, мақта өндіру 15% артты. Дұрысын айтатын болсақ, аграрлық салада түбегейлі реформалар жүргізуді бастағаннан бері ауыл шаруашылығы өндірісі шаруашылық жүргізудің жаңа бағыттағы өзгерістеріне енді ғана бейімделіп келе жатқандай түрі бар. Ол қандай өзгерістер: баға жүйесін босату (либерализациялау), төлем өтеу сұранымының көлемі мен құрылымы, ішкі рыноктың ашықтығы, сыртқы рыноктардың сұраныс деңгейі мен конъюктурасы және т.б. Бір сөзбен айтканда, ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақтандырудың объективті алғы шарттары қалыптасты деуге болады. Дегенмен, өтпелі кезеңнің кейбір қиыншылықтарының салдарынан азық-түліктің негізгі түрлері бойынша өндіріс ауқымы реформаға дейінгі деңгейге әлі де жете қойған жоқ. Нақты есептерге жүгінсек, Қазақстанда өңдіріліп отырған азық-түліктің қазіргі мөлшері қажетті көрсеткіштің ең төменгі санымен алғанда 14,2% төмен, ол еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету көлемінің 70 пайызын ғана құрайды. Бірақ, біздің ойымызша, көп ұзамай бұл жетіспеушіліктерді толық жоюға негіздер бар.
Ал құнды дақыл — мақтаның біздің еліміз бен Оңтүстік Қазақстан облысы үшін экономикалық және әлеуметтік маңызының өте зор екендігі белгілі. Мақта өндірумен және оны өңдеумен айналысатын әрбір адам, бұл еңбегінің қайтарымын толық сезіне біледі. Өйткені әрбір отбасының бюджеті еңбектің осы түрімен тікелей сабақтас. Бұл — бағамдаудың негізгі басты критерийі болса керек.
1999 жылдың аяғында Қазақстан Республикасының Үкіметі ауыл шаруашылығын дамытудың 2000-2002 жылдарға арналған Бағдарламасын бекіткен болатын. Мақтаның бәсекелестік қабілетінің зор екендігіне, оны экспортқа шығару әлеуетінің жоғарылығына орай, бұл дақыл Қазақстанда ауыл экономикасын өркендетудің негізгі көзі ретінде астық пен қатар стратегиялық маңызды сала статусына ие болып отыр. Мақта өндіру мен оны өңдеу Оңтүстік Казақстан облысында ғана орын тепкендіктен, бұл дақыл осы облыстың ауыл экономикасын дамытудың өзегі екендігі дәлелдеп жатуды қажет етпейтін қағида. Ал Мақтаарал ауданын алатын болсақ, бұл дақыл осы аудан экономикасын бірден-бір анықтаушы өнім түрі. Көп жылдар бойына мақта шаруашылығы ауданның ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жерінің 70 пайызын иемденіп келді. Ал соңға жылдары Мақтаарал ауданы тек мақта өсірумен ғана айналысады десек, артық айтпаған болар едік.
Мақта өнімдерін өндіру проблемалары егіншілік жүйесімен, өсіру технологиясымен, өнімді өңдеумен, экономикалық механизмдермен, экологиямен және т.б. факторлармен сабақтас, соларға тікелей байланысты. Осы проблемаларды белгілеп, оларды шешу жолдарына да тоқталмай болмайды.
Мақта өсірумен айналысатын шаруашылық субъектілері қазіргі күні негізінен шаруа шаруашылықтары, шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар мен өндірістік кооперативтерден тұрады.
Мақта өндіруде шағын шаруашылықтар басым. Әлемдік Банктің өтініш бойынша жүргізілген зертеулердің көрсеткеніндей, шаруашылықтардың жалпы санының 20,3% 5-10 га, 40% 10-50 га, тек 11,8% -50 гектардан артық жерді меншіктенген екен. Шаруашылықтар фрагментациясының осындай жоғары болуы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің технологиясына, әсіресе техникаға деген сұранысқа, сол сияқты су көздерін пайдалануға өз әсерін тигізбей қоймайды. Ал бүгінгі жағдай су көздерін басқару мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сату мақсатында мықты фермерлік шаруашылық ұйымдарын құруды талап етеді. Жер көлемі бойынша әр түрлі шаруашылықтардың өндіріс тиімділігінің экономикалық талдауына сүйене келіп біз төмендегідей тоқтамға келдік: жер көлемі 50 гектардан жоғары шаруашылықтардың өнім түсімі майда шаруашылықтармен салыстырғанда 30%, ал отбасының бір адамына шаққандағы табыс мөлшері 7 есеге жоғары. Осыдан біздің майда шаруашылықтарды кооперативтер, ассосияциялар немесе су тұтынушылар бірлестіктері сияқты ірі-ірі құрылымдарға біріктірген дұрыс деген бірінші ұсынысымыз туындайды.
Шаруашылықтардың ұйымдастыру-құрылымының өзгеруі егіншілік жүйесін түбегейлі қайта құру қажеттігін туғызады. 70-80-ші жылдары колхоздар мен совхоздар үшін жасақталған егіншілік жүйесі қазіргі нарықтық экономика жағдайына сәйкес келмейді (мал шаруашылығы жүйесі бойынша да осылай).
Егіншілік жүйесі дегеніміз — ол жергілікті табиғи және экологиялық жағдайларын ескере отырып жеке фермерлер мен кәсіпорындардың жерді барынша тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін агротехникалық және ұйымдастырушылық шараларының жиынтық кешені. Егіншілік жүйесі арнайы ауыспалы егіс танаптарын, топырақ өңдеудің дұрыс жүйесін, егін суарудың өте тиімді деген әдістерін, топырақ эрозиясын болдырмау және өңдірістің қажетті деңгейін қамтамасыз ету мен айнала қоршаған ортаны барынша қорғауды біріктіріп, жинақтайды. Бүгінгі күні мақта шаруашылығында егіншілік жүйесінің көптеген шаралары дұрыс ескеріліп, іске аспайды. Бұл өз кезегінде өндіріс деңгейін едәуір төмендетеді. Бұрындары әрбір шаруашылықта ауылдағы елді мекендердің, мал фермаларының даму жоспарын, жолдарын, ауыспалы егіс жүйелерін қамтитын жер пайдаланудың шаруашылықтық ішкі жоспарлары болатын. Сонымен қатар, шаруашылықтар алдағы 20 жылға арналған шаруашылық-ұйымдастыру жоспарларын да жасайтын. Шаруашылықтарды жекешелендіргеннен соң олардың бұрынғы жер пайдалану құрылымдары жойылды. Енді бұрын 10-15 шаруашылығы бар аудандардың көлемінде 10 мың және одан да көп жер пайдаланушылар дүниеге келді. Сөйтіп, әрбір жер пайдаланушы, әрбір елді мекен үшін аймақтық және жерге орналастыру шараларын алуға тура келіп отыр. Бұл жұмыстарға бірте-бірте қаражат бөлініп, фермерлердің үй-жайлары мен елді мекендерін әлемдік үлгіге сай көркейту қажет.
Мақта дәстүрлі түрде 3 танапты жоңышқа мен 7 танаты мақта егістерінен тұратын 10 танапты егіншілік жүйесінде өсіріліп келеді. Мақтаның алдында жоңышқа егілетіндігі сөзсіз. Жоңышқадан басқа мақтадан бұрын егуге жүгері, бидай және бұршақ дақылдары қолайлы. Өз кезегінде мақта астық тұқымдас өсімдіктер үшін жақсы алғы дақыл болып табылады. Өкінішке орай соңғы жылдары ғалымдардың ұсынымдарына қарамай ауыспалы егіс жүйесі бұзылды. Мақтаарал ауданы бойынша атқарылған ізденіс жұмыстарының нәтижесі мыналарды көрсетті: фермерлердің 93% тек қана мақта егеді екен, ал шаруашылықтардың 5% ғана мақтаны жүгері, көкөніс, бақша, жоңышқа дақылдарымен алмастырып пайдаланады. Жалғыз ең ірі — 1200 га жерді пайдаланатын шаруашылық — "Кетебай" өндірістік кооперативі ғана тиімді ауыспалы егіс жүйесін қолдануда. Осы шаруашылық мақтадан тыс 165 га жерге жоңышқа, 50 гектарға бидай, 45 гектарға көк балаусаға арналған жүгері танаптарын қолдануды іске асырған. Бұл өте тиімді, дұрыс іс дер едік. Егін суару жүйесі мен дренаждардың техникалық тиімділігі артпайынша, фермерлердің несиеге қолдары жетпейінше, тиімді ауыспалы егіс жүйесіне қайта оралу қиын мәселе.
Топырақ өндеу. Мақтадан тұрақты да мол өнім алу үшін тұқым себердің алдындағы топырақ өңдеудің маңызы өте зор. Бұл шара мыналарды қамтиды:
- сүдігер айдау алдында топыраққа гектарына 600-800 кг суперфосфат және 30-40 т көң енгізу;
- топырақ шаю;
- ылғал жабу мақсатында ерте көктемде тырмалау;
- топырақты аудармай терең өндеу;
- танапты тегістеу және тұқым себер алдында тырмалау.
Осы технологиялық шараларды нақты метеорологиялық жағдайды ескере отырып, дер кезінде атқарған жағдайда мақта түсімін 7% дейін көтеруге болады. Солай бола тұрса да, шаруашылық техникасының нашарлығынан, жанар-жағар май мен тыңайтқыштар сатып алуға қажет қаражат көзінің тапшылығынан көп жағдайда фермерлер қажетті агротехниқалық шараларды іске асыра алмай келеді Сүдігер көтеруді іске асыра алмау салдарынан жер жырту жұмыстары көбіне көктемде атқарылады. Егіске берілетін су көлемінің тұрақсыздығы салдарынан егіс алкаптарының 50 пайызында топырақ шаю жұмыстары атқарылмайды. Ерте көктемде жер кеш тырмаланатындықтан тұқым себер қарсаңында топырақтың беткі қабаты құрғап, кеберсіп қалады. Мақта егудің оңтайлы кезеңі — 15 сәуір мен 5 мамыр аралығы. Бірқатар фермерлер тұқым себу кезеңін 20 мамырға дейін соған мақтаның өскін алуы мен соңғы нәтиже - гектар түсімі күрт төмендейді. Шаруашылықтар өскін сирету жұмыстарын кейде мүлде атқармайды. Қатараралықты өндеу және өсімдік санын қолмен сирету дер кезінде жасалмай жатады. Міне, осының бәрі түпкі нәтиже — өнім алуға теріс әсерін тигізеді.
Тынайтқыш пайдалану. Осы күні фермерлер сүдігер айдау кезінде не көң, не фосфор тыңайтқыштарын пайдаланбайтын болды. Азот тыңайтқыштары, әдетте, мақтаны қатараралық өңдеу барысында пайдаланылады. Ал калий тыңайтқыштары мүлдем қолданылмайды. 628 фермердің 438- і ғана 6963 га жерге, онда да мардымсыз мөлшерде тыңайтқыштар пайдаланады екен. Тыңайтақыш қолданудың орташа мөлшері 1-дәуірде 171 кг/га, 2-ші дәуірде 195 кг/га.
Өсімдік қорғау. Мақта алқаптары трипс, өсімдік биті, күздік және мақта көбелегі сияқты зиянкестерден қатты зардап шегеді. Бірақ химиялық препараттардың қымбатшылығына байланысты фермерлердің көп жағдайда оларды пайдалану мүмкіндіктері жоқ.
Фермерлердің тек 8 пайызы ғана ниссоран, децис, суми-альфа сияқты химикаттарды пайдаланған, ал гербицидтер мүлдем қолданылмайды. Арам шөп қолмен ғана оталады. Зерттелген шаруашылықтардың тек 19 пайызы ғана дефолианттар пайдаланған екен. Дефолианттарды мақта жинайтын техникалары бар ірі шаруашылықтар ғана пайдаланады. Бұл мақташылардың тыңайтқыштар мен өсімдік қорғауға қажетті химикаттарды пайдалана отырып, мақта өнімділігін едәуір арттыруға айтарлықтай резервтері бар деген сөз.
Мақта селекциясы мен тұқым шаруашылығы. Шаруашылыктарды жекешелендіргенге дейін Оңтүстік Қазақтан облысында 6 элита және 12 тұқым өндіруші шаруашылық болған. Қазіргі кезде элита тұқымын өндіру тек С-4727 сорты бойынша Қазақстан мақта коорпорациясы учаскесінде және Мақтаарал-3044 сорты бойынша Мақтаарал тәжірибе станциясында ғана сақталып қалып отыр.
Тұқым шаруашылығы жүйесінің күйреуіне орай:
— шаруа қожалықтары мен басқа да жекеменшік құрылымдарда
мақтаның аудандастырылмаған сорттарының тұқымдары себілуде. Бұл шикізаттық мақта түрлерінің араласып кетуіне, мақта талшығы сапасының кемуіне және аудандастырылған мол өнімді мақта сорттарының мезгілінен бұрын жойылып кетуіне әкеліп соғады;
— мақта өндеу зауыттары тұқымдық материалдарды өсімдік майын алу технологиясымен өңдеуде;
- аудандастырылған сорттарды орналастыру жоспарлары бұзылды;
- облысқа мақтамен айналысатын басқа елдерден биологиялық
ерекшеліктері белгісіз, күмәнді сорттар әкелінуде.
Бұл облыста мақта дақылының селекциясымен Мақтаарал тәжірибе станциясы айналысады. Соңғы жылдары станция селекционерлері солдырмаға (вилт) төзімді, талшығының жақсы технологиялық сапа көрсеткіштерімен сипатталатын Мақтаарал-3044 және Мақтаарал-3031 сорттарын шығарды. Бұл сорттар түсімінің әлеуеттік мүмкіншілігі 30-35 ц/га қарайды.
Шикізаттық мақтаға деген сұранымның өсуі мақта егістігі танаптары мен оның өнімділігін арттыруға меңзейді. Бұл орайда мақтаның аудандастырылған жақсы сорттары мен элита тұқымдарын пайдалану арқылы оның өнімін 25-30 пайызға дейін көбейтуге болатындығын ғалымдар да, практиканттар да дәлелдеп отыр.
Оңтүстік Қазақстан ғылыми зерттеу институты бүгінгі танда қалыптасқан нақты жағдайды ескере отырып, мақта тұқымын өндірудің тиімді схемасын әзірледі. Осыған орай тұқым шаруашылығы жүйесіне Мақтаарал-3044 және С-4727 сорттары бойынша элита және тұкымның 1-ұрпағын (1-рецродукция) қалыптастыру жұмыстарымен тікелей айналысатын орын ретінде Мақтаарал тәжірибе станциясы және "Қазақстан мақтасы" элита тұқым өңдіру коорпорациясының тұқым шаруашылығы, екінші топқа элита-тұқым шаруашылықтары енген. Олар 2 жыл бойына мақта тұқымының 2- және 3-ұрпақтарын көбейтумен айналысады. Бұл топ онша дамымаған. Ал үшінші топты тұқымның IV ұрпағын көбейтумен айналысатын тұқым шаруашылықтары құрайды. Тұқым шаруашылығының бұл тобы қазіргі таңда жоқтың қасында. Ұсынылып отырған тұқым шаруашылығы жүйесін тезірек іске асыру— мақта өндірісін өркендетудің бірден-бір кепілі екендігін айтқан дұрыс.
Техникамен жабдықтау. Қазіргі кезде техниканың басым көпшлігі тозған, оларды жөндеу үшін көптеген шығындар жұмсау қажет. Соңғы 5-7 жылда фермерлер жаңа техника сатып ала-алмады. Бір машинаға шаққандағы өңделетін жер көлемі өте көп. Мысалы: шынжыр табанды трактор үшін — 123, доңғалақты трактор үшін - 48 га.
Машина-технологиялық станциялардан техника жалдап алу фермерлер үшін өте қымбатқа түседі. Мысал үшін, "Центр-Сервис Сельхозмеханизация" өндірістік кооперативінің есептеулері бойынша 1 гектар жерді мақта жинайтын комбайнмен жинау 13297 теңгеге түседі екен. Бұл фермерлердің жұмсайтын барлық шығынының 30-40 пайызын құрайды деген сөз. Ал кооперативтен ақылы қызмет сатылатын болса, онда шығын көлемі, фермердің өзінде мақта жинайтын техника болған жағдаймен салыстырғанда 50-60 пайызға көбейеді екен. Себебі кооператив тікелей өз шығындарына 38% үстеме шығындар, 30% көлемінде мекеменің даму, қорына аударылатын қаражатын және 20% қосымша құн салығын қосады.
Техниканың басқа да түрлерін арзан бағаға жалға алу фермерлер үшін өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан да олар техника жалдаудың түрлі жолдарын қарастыруда: көршілерден таныстарынан, ағайындарынан уақытша пайдалануға алу және т.б. Бірақ бұл мәселені шешудің уақытша ғана шаралары екендігі әркімге де мәлім. Техникамен сенімді тұрде қамтамасыз ету үшін фермерлер ірірек құрылымдарға біріккендері жөн.
Мақта өңдеу және сату мәселелері. Оңүстік Қазақстан облысында мақта өңдейтін кәсіпорындар желісі бар. 10 мақта зауытының алтауы Мақтаарал ауданында орналасқан, бір-бірден Шымкент, Түркістан қалаларында бар. 1999 жылы Шардара ауданында 1 жаңа мақта зауыты іске берілген. Бұл мақта өңдеу кәсіпорындарының құқықтық ұйымдастыру формалары ашық және жабық акционерлік қоғамдар түрінде құрылған. Шикізаттық мақтаны өңдеу барысында оның өсімдік майын алуға жаратылатын дәні (май шығымы 17%), түбіт, линт, улюк сияқты қосымша жанама өнімдер алынады. Май өндірумен "Шымкентмай" акционерлік коғамы айналысады. Ал сонғы жылдары осы май шығаратын зауытпен бәсекелес мақта дәнін өндейтін шағын кәсіпорындар пайда бола бастады.
Облыстың макта зауыттарының жалпы өнім өндіру қуаты бір кезеңде (жылына) 370000 тонна мақта шикізатын өңдеуге есептелінген. Зауыттардың бұл қуаты бізде нақты бар және жобадағы мақта көлемдерін өңдеуге толық мүмкіндіктер береді. Фермерлер мақтаны сатып алушыларды өз таңдаулары бойынша белгілеуге құқылы. Шынын айтқанда, фермерлер өздеріне жақын орналасқан кәсіпорындармен келісім-шартқа отырғанды дұрыс көреді. Кейбір зауыттар фермерлерге ақшалай несие немесе тұқым, жанар-жағар май, химикаттар түрінде материалдық ресурстарды мақтамен өтейтіндей тұрғыда алдын-ала береді. Ал іс жүзінде фермерлер өз мақтасын қымбаттау бағаға сатып алушыларға бергенді дұрыс көреді. Ондай сатып алушылар Қазақстанның әр жерінен немесе Ресейден, Белорустан, Балтық жағалауы мемлекеттерінен келген коммерсанттар болуы мүмкін. Әрине, фермерлерге алдын-ала қаражат немесе материалдық ресурстар берген зауыттар фермерлердің мақтамен емес ақшамен есептескендерін жақтыра қоймайды. Сол себептен де өткен жылы Мақтаарал ауданы бойынша мақтаны ауданнан тысқары жерге шығаруға тиым салынған болатын.
Жергілікті басқару орындарының мұндай тиым салу шаралары құқықтық тұрғыдан алғанда орынсыздау, мәселені біздің ойымызша басқаша шешкен дұрыс болар. Ол үшін бұл мәселеге мұқият талдау жасап, орынды шешім кабылдау қажет.
Бұл жерде жасалған келісімнің нақты шарттарына дұрыс көңіл аудару керек. Шындығын айтқанда, фермерлер мен зауыттардың арасында жасалатын келісім, әсіресе олардың бір-бірімен есептесулері жағынан күрделілеу. Мысалы "Мырзакент" акционерлік қоғамы мақта шикізатына қойылатын бағаны анықтағанда төмендегідей формуланы қолданады:
Ц= (L-26%)-ПхН,
Бұл жерде:
Ц — 1 тонна шикізаттық мақтаның бағасы;
L — Ливерпуль Мақта Ассоциациясының мақта талшығына белгілеген бағасы;
П — 1 тонна мақта талшығын алу үшін жұмсалатын еңбектің бағасы;
Н — мақтаның сортына мүдделі мақта талшығының нормалық шығымы.
Төменгі сапалы мақта тапсырғанда 1 тонна мақтаның бағасы төмендегідей мөлшерге кемиді: 2 сортты — 5%, 3 сортты — 10%, 4 сортты — 20%, 5 сортты — 45%.
Бұл келтірілген формула бойынша есеп-қисап жасау, әрине, әрбір фермердің қолынан келе бермес, өйткені олардың қолында Ливерпуль мақта ассоцияциясының мақта шикізатына қойылған нақты бағасы қажетті мезгілде болмайды ғой. Екіншіден, мақтаны өңдеуге қажетті қызметтерге қандай жорамал бағаның қойылатындығын фермер біле алмайды. Үшіншіден, шикізаттық мақтаның сапа көрсеткіштері сатып алушының, яғни зауыт зертханасында анықталады. Сондықтан да сот орындарына жүгінетіндей карама-қайшылық туған шақта фермердің істі жеңіп шығуы екіталай, өйткені ол өзіне кажетті ақпараттармен қаруланбаған.
Келісім-шарттар жасалған сәтте тек фермерлер жағының жауапкершілігі басым көрсетіледі. Өз тарапынан шартты бұзған фермерге катаң айып төлеу талабы қойылған. Ол несие сомасын, негізгі қарыздың 15% мөлшерінде айып пұл және тауарлай немесе ақшалай 35% жылдық несие төлемін төлеуге тиісті. Онымен қоймай барлық шығындарды өтегенмен фермерлер келісім-шартты орындаудан босатылмайды. Ал келісім-шартта мақта зауытының нақты қай уақытта материалдық ресурстар немесе қаражат беретіндігі көрсетілмеген. Осы мәселелер дұрыс шешілсе, фермерлер зауыттармен тұрақты түрде жұмыс жасауға, мақталарын тек соларға тапсыруға мүдделі болған болар еді деген ойдамыз.
Мақта зауыттарының арасында үлкен бәсекелестік бар екендігі де мәлім. Баға жөнінде де көп қарама-қайшылық бар. 1999 жылы шикізатттық мақтаның 1 тоннасы үшін 25000-32000 теңге (180-225 американ доллары) көлемінде сату бағасы белгіленген болатын. Ал 2000 жылы бұл баға 45000 теңгеге (315 долл.) дейін көтерілді. Кейбір ірі шаруашылықтар мақта талшығын зауыттарда сақтауға қалдырып, нарық конъюнктурасына, бағаның өзгеруінен кейінірек сатуға шешім қабылдауда. Мысалы "Ақтөбе" өндірістік кооперативі 2000 жылдың қаңтар айында 1 тонна мақтаны 800 долларға сатса, ал 2000 жылдың ақпан-маусым айларында 1100-1200 доллар есебінен өткізген.
Мақта зауыттары мақта талшықтарын ішкі рынокта сатқан және алыс шет елдер мен ТМД елдеріне жіберген. Осыған орай бұл зауыттардың пайда көзінің басым бөлігін мақтаны шетелдерге сатудан түскен қаражаттар құрайды. Республика ішкі рыногында мақтаға деген сұранымның өте үлкен болуына қарамастан, зауыттар үшін оны шет елдерге экспортқа шығару тиімдірек болып отыр. Өйткені бұл жағдайда қосымша құннан алынатын салық деген біраз жеңілдіктер бар көрінеді.
Несие беру. Жердің кепілдікке берілмеуі, сол сияқты фермерлердің жерден басқа дүние-мүліктерінің жоқтығы салдарынан коммерциялық банктер ауыл шаруашылығына несие беруге аса құштар емес. Қазақстанда ауыл шаруашылығы үшін пайдаланатын жер жеке меншікке берілмейді. Суармалы жерлер өте құнды бола болса да, банктер ондай жерлерді шаруашылық қарызынан құтыла алмайтын жағдайда (цефольт) ол жерлердің бағасын анықтап, сата алмайтындықтан, суармалы жерді де кепілдікке алудан сескенеді. Мақта шаруашылшықтарына несие беру көзі — Қазақстан Мақта Коорпорациясы (ҚМК) және мақта өндеу зауыттары. Мақтаарал ауданы шаруашылықтарына жылда берілетін несие көлемі 10-12 млн.АҚШ доллары есебінде.
Мақта өсірушілерге қарыз беруші — "Қазақстан Мақта Коорпорациясы" жабық акционерлік қоғамы. Бұл компания 50000 гектар жерге мақта егетін 20 мыңға жуық фермерді несиелендіреді. Кейбір шаруашылықтар несиені ақшалай және материалдық ресурстар түрінде алады. 50 агроном мақта өсіру технологиясының сақталуын және танаптарға минералдық тыңайтқыштар берілуін қадағалайды.
Фермерлер осы компаниямен әлемдік бағадан 30% кем сатамыз деп келісім шартқа отырады. Ал өңдеуден түсетін қосалқы жанама өнімдер фермерлерге қайтарылады. Өз кезегінде ҚМК-сы каражаттық көмекті шетелдік инвесторлардан және Казкоммерц банктен алады. Дейтұрғанмен ҚМК-сы ауыл шаруашылшына несие беруден секемденеді, сол себептен де жерді кепілдікке алуды жөн санайды. Дефольт болған жағдайда фермер өз жерін ҚМК-сына уақытша — 5 жылға пайдалануға береді, шаруашылықты басқару құқығын да береді. Қарызды өтегеннен соң жер фермерге кері қайтарылады. Міне, мақта өндірушілер мен оны өңдеуші мекемелер және банктер арасындағы осындай қарым-қатынас схемасы, біздің ойымызша ең дұрыс схема болып табылады.
Мақта өндірудің тиімділігі, пайдалылығы. Біз мақта өсіру аймағында өндірілетін бірқатар дақылдардың өндіріс тиімділігіне талдау жасап байқадық. Осы жұмыстардың нәтижесіне сүйенсек— бұл аймақта мақта өсіруге балама бола алатындай басқа дақыл жоқ. Жер көлемі 5, 5-10, 10-50 және 50-ден жоғары гектарлы шаруашылықтардың бюджетіне есеп жүргізіп көрдік. Сол деректердің көрсеткеніндей, шаруашылық тиімділігіне жер көлемінің мөлшері тікелей әсер етеді екен. Өйткені ірі шаруашылықтардың техникамен жақсы жабдықталуына орай, агротехникалық шараларды барынша толық атқара алады. Ал шағын шаруашылықтар көбінесе техниканы нақты қаражатына жалдайды. Нақты қаражаттың жетіспеушілігі салдарынан мұндай шаруашылықтар технологиялық схемадан кейбір маңызды шараларды алып тастауға, оларды орындамауға мәжбүр болады немесе ол шараларды дер кезінде атқаруға мүмкіндіктері болмай жатады. Міне, осының салдарынан шаруашылықтар мақта өсірудің интенсивті технологияларын пайдалана алмайды. Ал, экстенсивті шаруашылық жүргізгенде мақтаның түсімі гектарына 17-18 центнерден аспайды.
Шаруашылықтардың өндірістік шығандары 190-260 американ доллары көлемінде ауытқып отырады. Ірі шаруашылыктар шығымды көп жұмсайды. Өйткені олар техниканы кеңірек пайдаланады және олардың үстеме шығындары да біршама көбірек болады. Шаруашылықтың қай түрі болмасын гербицидтер мен пестицидтерді мүмкіндігінше пайдаланбауға тырысып бағады. Азот тыңайтқыштарын кеңірек пайдаланғандарымен оның өзі ғалымдар ұстанған деңгейден әлде қайда төмен. Шаруашылықтардың тиімділігін анықтаушы маңызды фактор ретінде мақта талшығына белгіленген әлемдік айтқан дұрыс. Соңғы 7 жыл төңірегінде басқа мемлекеттерде мақта егу көлемінің өсуіне орай және басқа себептерге байланысты мақта талшығына деген әлемдік баға төмен деңгейде болды, 2000 жылдың қазан айына есептегенде мақта талшығына белгіленген әлемдік баға 1993-1994 жылдардағы 1750 доллардан 1300 долларға дейін кеміді. Мақташылардың көпшілігі несиені қайтару мақсатында мақтасын күзде — өнім жинаған бойда сатуға тырысады. 1999 жылы 1 тонна мақтаның сату бағасы 270 доллар құрады. Мақта түсімділігі 10 ц/га болған жағдайда шаруашылықтың тапқан пайдасы 270 доллар, ал түсім 16 ц/га болғанда — пайда 430 доллар құрайды. Таза пайда көлемі майда шаруашылық үшін — 170 доллар болды. Жер көлемі 5 га болатын шаруашылықтар жерінің 90 пайызын мақта өсіруге пайдаланады десек, оның мақта өндіруден табатын жалпы пайдасы 360 доллар, ал жер көлемі 50 га шаруашылықтардың жалпы табысы 7650 доллар болады екен. Табыс көлеміндегі мұндай айырмашылықтар нені білдіреді? Ол шаруашылықта пайдаланатын жер көлемінің өте маңызды фактор екендігін дәлелдейді. Жер көлемі 50 га болатын шаруашылықтардың жер көлемі 5 га шаруашылықтарға қарағанда сатылу қабілеті көбірек. Шаруашылық өнімділігінің бүгінгі таңдағы мөлшеріне қарасақ, шағын шаруашылықтардың оларға көрсетілген инвестициялық шығындарды кері кайтару мүмкіндіктерінің төмен екендігін айтқан жөн.
Мақтаға белгіленген баға өткен жылы фермерлер үшін өте-мөте қолайлы да тиімді болды. Фермерлер қарыздарымен есептесті, сол сияқты 2001 жылғы егін науқанында аздап та болса өзін-өзі каржыландыра алатындай мүмкіндіктерді иеленді. Бұл жағдай көңілге мақтадан алынатын табысты бірте-бірте көбейтуге болады деген үміт ұялатады.
3.1 Мақтаны – өндіру, қайта өңдеу және оны өткізу мәселелерін бүгінгі нарықтық экономика талаптарына сай ұйымдастыру үшін осы процестерді реттейтін Заң қабылдау қажеттілігі туындады. “Мақта туралы” Қазақстан Республикасының жақында мақтаны өндіру, қайта өңдеу, сақтау және сату әрекеттерінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздерін анықтайды және сол процесс кезінде туындайтын қатынастарды реттейді. Осы “Мақта туралы” заң жобасында 9-тарау, 41 – бап бар. Осы заң жобасындағы 2-тарау,3,4,6,-баптарға тоқталатын болсақ.
3-бап. Мақта рыногын мемлекеттік реттеудің мақсаты. Мақта рыногын мемлекеттік реттеудің негізгі мақсаты негізделген технологияларды енгізу мен тоқыма және мақта шараушылығын индустризациялау, оны тоқыма және тамақ өнеркәсібімен бірлестіру негізінде мақтаның бәсекеге бейімділігін арттыру болып табылады.
4-бап. Мақта рыногын мемлекеттік реттеудің нысандары.
Мақта рыногын мемлекеттік реттеу;
Мақта шаруашылығын мемлекеттік қолдау;
Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуын кепілдік жүйесін дамыту;
Кластерлік даму принціптері негізінде мақта шаруашылығының тоқыма және тамақ өнеркәсібімен бірлесуін ынталандыру.
Шитті мақтаны мақта талшығына бастапқы қайта өңдеу жөніндегі қызметті лицензиялау және мақтаны қайта өңдеу кәсіпорындарының қызметін бақылау.
Достарыңызбен бөлісу: |