Бордақылайтын шошқаларға арналған қораларда да топтап ұстайтын станоктармен 2-4 қатарлы қылып жабдықталады (сурет 6). Әр станоктың сиымдылығы 25-30 басқа дейін болады. Азық науаларының ұзындығы әр басқа шаққанда 30-32 см кем келмеуі керек. Бірақ, бордақы малдарын станокта 12-15 бастан артық топтамаған жағдайда, олар бір-бірін жиі мазаламай, жақсы дем алып, қоң жинап, сақталу пайызы жоғарлайды және малдардың ауруы азайып, лажсыз сою кемиді.
Станоктардың қабырғаларының биіктігі 1,1 м кем болмай, екі тіркелес станоктардың бөлігі тұтас, ал азықтанатын бөлігінде, көң түсетін арықтың үстіндегі қабырға тор көзді болып 10-12 см саңылау размері жасалады. Бордақылаудағы жас шошқалар үшін станоктың ауданы бір басқа 0,5, ересектерге 0,7-0,8 шаршы метр есептеледі. Станоктың ені мен ұзындығы 3,5 м артық болмайды.
Бордақыда тұрған шошқалардың қораларының ауасының температурасын малдардың өсуіне байланыстырып қалыптап отырады.
Бордақыдағы малдардың ауа температурасының тәуліктік тосын ауытқуына жол бермеу керек. Ондай температураның ауытқуы кезінде бордақыдағы шошқалар оған тек қосымша азық пайдалану арқылы ғана бейімделеді. Төменгі температура кезінде шошқалар бейімделіп үлгере алмай, салмағын төмендетеді. Ауа температурасы 10ºС төмендегенде шошқаның әр киллограмм қосқан салмағына азық шығыны 20-30 % артады. Шошқаларды бордақылайтын қораларда әр центнер салмағына шаққанда алмастыратын ауаның сағат сайынғы мөлшері қыс айларында – 35-45 куб.м., ал жазда – 60 куб.м. болуы керек. Сондықтан жазғы айларда қорада бордақылайтын шошқалар тығыз орналасқан кездерде ауа температурасы 28-30ºС көтеріліп, дұрыс ауа алмастырылмаған жағдайда, малдардың жылу алмасу жүйесінің жұмысы бұзылып, тыныс алу, ас қорыту органдарының аурулары пайда болып, соның нәтижесінде малдардың өсуі тежеліп, салмағы төмендейді. Бордақыдағы шошқалардың организмдерінде зат алмасу процесстерінің жүруі жоғары болады да, қораның ауасына жылу көп бөлініп, температурасын жоғарлатып жібермеу үшін қораның ауа алмастыруын арттыру қажет. Ол үшін көбінесе есік терезелерді ашып, өтпе жел (свозняк) туғызбай желдету жүйесінің жұмысын механикалық түрде арттырып, қорадағы ауа қозғалысының жылдамдығын жаз айларында 1 м/сек, одан да жоғарлатады.
Бордақылау аяқталғаннан соң, қораны шошқаларды шығарып, тазалап және дезинфекциялаудан өткізеді де, 5-7 тәулікке, қора бөлшектерінің беттеріне дезинфекциялау ертінділерін толықтай сіңіп, микроорганизмдерді залалсыздандыру үшін, қораға мал қамамайды. Содан кейін келесі партия бордақылау шошқаларын кіргізбес бұрын қораның микроклиматын қалыпқа келтіріп алады. Бордақылау малдарын қабылдауға қораны дайындағаннан кейін бір тәулік ішінде станоктарды толтырып, өте ұсақ шошқаларды бөлек күтімге алу үшін жеке станокқа қамайды да, алғашқы 2-3 күн қосымша құрама азықтармен құрғақ сүт, балық майын және антибиотиктер береді.
Азықтандыру кезінде малдардың азық жеуін қадағалайды. Азықтан бас тартып, жемеген шошқаларды мал дәргерлік қараудан өткізіп шараларын жүргізеді.
Еркін серуендетіп ұстауға арналған қоралар, көбінесе ауа райы қолайлы, жылы аймақтарда салынады. Бұл тәсілмен әртүрлі жастағы мен жынысты шошқалар, әсіресе аналық мегежіндер ұсталады. Шошқаларды еркін серуендету тәсілімен ұстау үшін арнайы қоралар салынады да, серуен алаңына қараған ұзын қабырғаларынан, шошқалардың еркін кіріп – шығып жүруі үшін арнайы тесіктер (лаз) қалдырады. Әрбір тесікке шаққандағы келетін малдар саны: енесінен айырған торайлар мен жас шошқалар – 30 , үлкен шошқалар (мегежіндер) – 20, ересек бордақы бағытындағы шошқалар – 30 -50 бастан есептеп қаралады. Қалдырылатын тесіктердің размерлері (ені × биіктігі, м): енесінен айырған торайларға – 0,3 × 0,4 м, өнімдік және еттік жас шошқаларға – 0,5 × 0,8 м, ірі үлкен шошқаларға – 0,6 × 0,9 м қаралып жасалады. Тесіктердің табалдырығы болмай, еден мен бірдей жасап шошқалар жүретін жол-пандус салады. Тесіктерді топсада айналып тұратын (мал сүйкенгенде ашылатын) есіктермен қамтамасыз етеді. Сыртқы ауаның орташа температурасы минус 25ºС төмен аймақтарда тесіктер алдына қалқандар (тамбурлар) жасалады.
Шошқа қораларының ық жағынан серуен алаңдары қаралып, оның едендері қатты материалдардан бетонданған болуы керек. Серуен алаңының едені 3-4 см әр 1 метрге су ағар бір жағына құлама болуы керек. Серуен алаңын қоршап, әр шошқалар тобы бірігіп, қосылып кетпес үшін бірнеше бөліктерге (секцияларға) бөледі. Оңтүстік аймақтарда серуен алаңында күннен қорғайтын көлеңке – күрке жасалады. Серуен алаңдарының ауданы әр басқа шаққанда енесінен айырған торайлар үшін 0,8 м², өнімдік және еттік жас шошқаларға – 1,2 м², буаз мегежіндерге – 2,0-2,5 м² қаралады.
Шошқа қораларының ішінен әлсіз және жұқпайтын аурулармен ауырған малдарды ұстау үшін ауданы 2-3 % (барлық ауданынан есептегенде) санитарлық станоктар қаралады. Онда тұрған малдарға жеке күтім жасап, дәрігерлік көмек көрсетіп отырады.
Қораның көлемі (кубатурасы) ондағы орналасқан малдардың жасы, салмағы және бағытына байланысты болып, қабандар мен мегежіндерге 10-25 м³, өнімдік және еттік жас шошқаларға – 2-6 м³ болады. Малдарды жеткілікті таза ауамен қамтамасыз ету үшін шошқа қораларына табиғи немесе механикалық ауа алмастыру жүйелері қаралып, қыста ауаны жылтып кіргізетін электр колориферлерін орнатады.
Тұқымды және өнімдік шошқаларға арналған жазғы лагерлер, олардың қозғалыстары шектелмей және күн сәулелерінің пайдалы әсерлерін алып, таза ауада жүріп, құнарлы протеиінді, витаминдермен минералды заттарға бай азықтармен көректеніп, малдар шынығып, резистентілігі жоғарлап, өнімі артып, әртүрлі ауруларға төзімді болып, сақталу пайызы жоғары болады.
Жазғы лагерді орналастыру үшін құрғақ, сәл дөңес су өткізгіштігі жоғары және су көздерінен, тоғай, шалғынды жайлымдардан қашық емес жерлерден таңдайды. Лагерлер мал өлекселерінің қоймаларына, ірі қатынас жолдарға таяу орналастырылмай, төменгі ойпаң сулы жерлер болмауы керек. Лагерлердің территориясын қоршап, секцияларға (загондар), бөлінеді. Малдардың күн сәулелерінен және жауын шашындардан қорғану үшін жаппа күркелер жасалып, оның жанынан құрама, сулы азықтарға науалар және су құбырларын орнатады. Торайлы мегежіндер мен ауыр буаз шошқаларға арнап, жаппа-күркенің астына жекелеме станоктар қаралады. Басқа қалған малдарды лагерде 30-40 бастан топтап ұстайды. Лагерге қажет болған жағдайда азықтарды суды жеткізу үшін және территорияны тазалау үшін арнайы автокөліктерді пайдаланады.
Шошқаларды карантинде ұстауға арналған қоралар шаруашылыққа сырттан келген малдардың аурулардан сауылығын дәлелдеу кезінде ұстаға салынады. Ірі комплекстерде 300-400 бас жас шошқаларды ұстауға қоралар салып, ішінен екі қатар станоктар орналастырып, оларда 15-20 бастан топтайды да, әр басқа 0,6-0,7 м² аудан есептеп, ішіне азық науасының ұзындығын бір басқа 0,3-0,55 м алады. Малдарды карантиндеу 30 тәулікке созылады. Карантиндеу қораларында малдарға күтіп-бағу және азықтандыру санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жүргізілуі керек. Карантиндеу кезінде малдарды жаңадан топтап, бір жерден бір жерге ауыстыруға болмайды. Жасалған аурулардан сақтандыру жоспары бойынша диогностикалық және профилактикалық зерттеулер жасалады.
Жаңа малдар мен толтырудың алдында карантиндеу қораларын мұқият тазалап, жуып, дезинфекциялаудан өткізіп және кептіріп алады.
Шошқа малдарының едендермен қатысы ұзақ уақыттай болғандықтан, олардың денелерінің жылуының көбі (30-40 %) сол еден бойы мен тарап, көбінесе суыққа ұрынып, ауырға шалдығады және азық шығынын жоғарлатады.
Шаруашылықтардың мүмкіншілігімен аймақтардың ауа-райының ерекшеліктеріне байланысты шошқа қораларының едендерін әртүрлі материалдардан жасайды да, көбінесе, керамзитті бетонды, кірпішті, ағашты т.б. едендерді пайдаланады. Бордақы шошқалардың қорасында жатар орындарын ағашты, азық және көң жолдарын бетонды едендермен жабдықтайды. Ағаш едендері сыртқы әсерлерге төзімсіз болып келеді де, көбінесе бетонға жалпағынан орналастырған силикат кірпіштерінен жасалады.
Кәзіргі кезде шошқа қораларында жатар орындарда тұтас, көң жолдарында тор көзді аралас едендерді пайдаланады.
Дәріс №9-10. Қой малын ұстаудағы орындарға қойылатын санитарлық-гигиеналық нормалары
Қой қораларының және технологиялық бөлшектерінің размерлері (өлшемдері).
Ірілендірілген қой шаруашылықтарында бірнеше қоралардың түрлерін жобалап – тұрғызады. Оларға қысқы және ерте көктемде қоздайтын аналықтарға арналған жылыланған төл үйшігі бар қоралар: негізгі қошарларды (тұқымды) ұстайтын, әртүрлі жастағы және жынысты қойларға арналған қоралар, қаракул шаруашылықтарында төл үйшік және мал сою пункті қаралады. Қой қораларымен біріктіріліп немесе жеке ұрықтандыру пункті, қой қырқу орындары қаралады. Қой фермаларының территориясында ветеринариялық және мал өлшенетін орындар, су, жылу көздерінің ғимараттары, азық дайындайтын, сақтайтын, малдар тұратын ашық алаңдар т.б. болады.
Қой қоралар табиғи жасанды жайылымдардың маңайында орналастырылуы керек. Қой қоралардың сиымдылығы 1500 басқа дейін орналастыруға арналады. Кең тараған қой қоралардың сиымдылығы 600-800 басқа болады. Қой қораларды сол түстік және орталық аймақтарда көбінесе «Г» типті, ал оңтүстікте «П» тәрізді тұрғызылады (сызба 12). Бұл қоралардың сыртқы бұрышы жел өтін азайтып және қора ішінің суып кетпеуін қамтамасыз ету үшін, желдің басым соғатын жағына қаратып орналастырады. Ал ық жағынан биіктігі 1,5 м дейін қоршау жасап, малдардың серуендеп азықтанатын алаңын қалдырады. Олардың ішіне қатаң азықтарға және жемге арналған науалар қойылады (кесте 11). Қорадағы әр басқа арналған орындардың размері әртүрлі болып, олардың жасына, жынысына, ұстау тәсіліне, өніміне және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты болады (кесте 12).
Әр түрлі типті қораларында қойларды орналастыру кезінде бір басқа шаққандағы еденнің ауданы саулықтарға көктемде қоздағанда – 1,0-1,2 м², қошқарларға жекелеме ұстағанда – 3-4 м², топта – 1,5-1,7 м².
Жартылай ашық күрке базаларда жас тоқты-түсақтарға – 0,3 - 0,4 м², ірі қойларға 0,5 м², тұрақты төл үйшіктер үшін – 2,0-2,5 м², ал роман тұқымды саулықтарға – 3,0 м² кем қаралмайды. Төл үйшік үшін қой қораның ортасынан, жылы жерден орын бөлінеді. Қой төлдеген кезде қосымша жылжымалы бөлгіштер мен (тор көзді щиттер) барлық қоздайтын саулықтың 30 % есептеп бірнеше бөліктерге бөлінген төл үйшіктер жасайды. Саулық саны 500 бастан артық болса, жеке төл үйшік қаралады. Сыртқы орта ауа температурасы - 30ºС төмен болса, төл үйшіктерді қосымша жылылайды. Еліміздің кей ауа райы жұмсақ аймақтарында жеңіл типті, жергілікті арзан материалдардан катондар-шатырлы немесе қазақ үй тәріздес қоралар тұрғызады. Катонның екі типі болады: читинді (шатырлы) және (қазақ үй тәріздес) орынборлы. Катондарды биіктігі 4 м ағаш тіреуіштерден (сырықтар) жасап, сыртын қалың қабатпен солома немесе қамыспен жауып жылылайды. 650 бас ірі қойларға арналған катондардың еденнің диаметірі 16 м, үстіңгі тесігі – 2 м, болып әрбір ірі қойға – 0,4 м², жас тоқтыларға – 0,25 м² қаралып, ені – 2,0-2,5 м қақпа қалдырады.
Мұндай катондарға төбедегі тесіктен таза ауа алмасып, ішінде улы газдар болмайды. Ауаның ең суық күндерінде де катон ішінің температурасы 2-7ºС болып, мал организміне пайдалы әсерін тигізеді. Қой фермаларында өндірістік және шаруашылық объектілерге мал тұратын қоралардан басқа изолятор (ауру малдарға) және жасанды ұрықтандыру пункті жатады. Ұрықтандыру пунктінің ауданы – 16 м², лабораториясы – 7,6 м², қошқарлар тұратын орын – 8м² және екі бөлме – 16,6м²-тан әрқайсысы ұрықтанған және ұрықтануға дайындалған саулықтарға арналады.
Қышыма, қотыр ауруларының алдын алып, сақтандыру үшін жайылымда немесе жайлауда малдарды ұстаған кездерде, жеңілдетілген, жинамалы, брезент немесе басқа су өтпейтін материалдардан қой тоғыту ваннасы купка жасалады.
Ірілендірген қой фермаларында тоғыту ванналарының орнына арнайы жасалған жанбырлататын құрылымдар пайдаланады.
Қойларды азықтандыру және күтіп-бағудың гигиенасы
Қойларды биологиялық құнарлы азықтар мен қамтамасыз ету, олардың аман сақталуы мен өнімінің молаюының бірде-бір кепілі болып саналады. Рационда неғұрлым күкірті бар аминқышқылдары (цистеин, цистин, метионин) көп болса, солғұрлым қой жүні өседі. Азықтағы протейннің мөлшері емес, сапасы мал өніміне айтарлықтай әсерін тигізеді. Басқа малдармен салыстырғанда, қойлардың қатаң азықтың түрі, құрамы мен сапасына сезімталдығы жоғары болады. Мысалы, қойларды тарының соломымен көректендіру олардың жүннің түсуіне соғады. Сол сияқты, қойлардың жүнінің сапасы оларды қыша (горчица) шөптері мен және ірі сабақты, қышқылдары дәнді шалғындар мен азықтандырғанда төмендейді.
Биязы және жартылай биязы жүнді қойларды селеулі шөптер мен көректендіруге болмайды, әсіресе дәні піскеннен кейін, селеудің басы қатайып, жүн арасына кіреді де, біртіндеп теріні, тесіп етке өтіп, кейде тіпті ішкі өкпе, жүрекке дейін жетеді де, малды жүдетіп, ауруға ұрындырады. Сол сияқты түйе ошаған (репей) араласқан шөппен де азықтандыруға болмайды.
Қойлардың рациондарында минералдық заттардың жетіспеушілігіде олардың денсаулығына үлкен әсерін тигізеді. Әсіресе, қыс айларында, қозыларда минералды заттар мен витаминдердің жетіспеушілігінен бірін-бірі еміп, жүнін сорып, соның салдарынан ұлтабарының аузына жеке ішек жолына жүн-жұрқа жиылып, ауруға ұшырап, кейде жаппай өлім-жітімге шалдығады. Бұдан сақтандыру үшін саулықтар мен қозыларға арналған азықтарға сәбіз, сүйек ұны, тұз қосып береді. Қойлардың арасындағы арық, әлсіз малдарды іріктеп бөліп алып, жеке күтім жасау қажет. Қыс аяғында, көктемнің басында азықтың тапшылығынан, немесе құнарсыздығынан қойлардың жүнінің жіңішкеруі, сынауы көбейіп, экономикалық шығынды арттырады. Қойларды арнайы азық науаларын пайдаланып, ашық жерлерде – аландарда көректендірген дұрыс болады. Ондай жағдайда қатаң, құрама және сулы азықтар үшін екі жақты немесе бір жақты науалармен қамтамасыз етіледі.
Екі жақты азық науаларын қораның, алаңның ортасына қояды да екі жағында малдардың еркін келіп тұруына мүмкіндік жасалады. Мұндай науалардың жалпы ұзындығы 2-3 м болып, әр ірі малға – 0,25 м, қозыларға – 0,15 орын қаралады. Рештак-науаны тақтайдан төрт бұрышты жасап, 30-40 см биіктікте аяққа орнатып, енін – 25-30 см, тереңдігін – 10-12 см жасап, екінші қабатына қатаң азық салынатын сирек сырықшалардан, төбесі ашық, науа қалдырады.
Ұрықтандырудың алдында 1,5-2 ай бұрын арпа жармасы, жүгері, сұлы ұнтақтары т.б. құнарлы азықтармен көректендіру (протейндері мол) қоздауын 10-30 % арттырады. Күйлі саулықтар ірі қозылар туып, сүті мол болады. Сол сияқты қойларды сүрлеммен азықтандырған сүтін 15-22 %, жүнін – 20 % жоғарлатады.
Буаз саулықтар минералды заттарға сұранысы жоғары болып, туардың алдында, әсіресе кальции және фосфорға тәуліктік сұранысы 10 есе артады. Рационда кальций, фосфор, кобальт, мыс, йод, жез, темір, марганец және витаминдер А, Д, Е жетіспеушілігі өте әлсіз қозылардың тууына және саулықтың сүтінің кемуіне апарып соғады.
Қойларға арналған азықтар сапалы болып, ас қорту жүйелерінің ауруларына ұшыратпайтын, әсіресе ұнтақты азықтар тыныс жолдарына тұрып, өкпесіне кетіп, әртүрлі ауру тудырмас үшін дымқылдап берген дұрыс. Ас тұзы мен зат алмасу процесстерінің жұмысын бұзып уланбас үшін, тәуліктік мөлшерін ірі қойлар үшін – 10-15 г, қозыларға – 5-8 г аспауы керек.
Қойларды таза сумен қамтамасыз ету керек, әсіресе олардың жаз айларында суға сұранысы жоғары болады да тәулігіне кем дегенде екі рет, таңертең және кешке суарылуы қажет.
Қойлардың күтімі жақсы болып, таза жерлерде ұстаған жағдайда жүннің өсуі жақсарып, сапасы артады, іші таза емес, ылғалдығы жоғары, асты сыз жерлерде ұстағанда, олардың жүндерінде, әсіресе бауыр жүндеріне нәжістер қатып, оның түсін сарғайтып, серпінділігі төмендеп, сыңғыш болып, сапасы нашарлайды. Қойлардың жүндерінің сапасын төмендетпеу жолында, сол сияқты оларды тікенек шөптердің ішіне жібермей маяларды қоршап қояды.
Қойлардың басқа малдардан артық биологиялық ерекшеліктері, олардың ірі топтармен жайылып, көптеген жерлерде жыл бойына, қар астынан керек көректерді тауып жейді (тебіндеп). Олар тауылы, шөлейт, жартылай шөлейт жерлерде жайылып көректенеді, әсіресе жаз айларында шөбі қысқа қыратты жерлерде жайылса, қысқы кездерде шөбі қалың, шалғынды аймақтарда қар астынан тебіндеп азықтанады.
Егер ауа құрғақ болса, ірі қойлар суықтан қорықпайды, бірақ қатты желді, ылғалды-жауынды күндері суыққа төзімсіз болады. Буаз сулықтарды мұздақ қарлы жерлерге жаюға болмайды. Ондай жағдайда олардың тұяқтары қыйылып, мұз қабыршақтарын жұтып, іш тастауға апарып соғады.
Буаз саулықтарды қоздар алдында 20-30 күн бұрын, және туғаннан соң 5-7 күндер бойы жайылымға шығармай қолда тұрғызып күтеді. Саулықтарды қозыларымен бірге 20-30 күннен кейін құрғақ, шөбі мол жерлерге жаяды.
Қойларды көбінесе 0º дейінгі температурада, бірақ ауа құрғақ кездерінде 5-6ºС жоғары болмаған жөн. Жылы сызды қораларда ұстағанда олардың тұяқтары ауруға ұшырап (айырма болып), жүні нашар өсіп, түсіп өнімі төмендетеді. Сондықтан қой қоралар құрғақ, ауа температурасы 5-6ºС, ылғалдығы 80 % және газдардың, әсіресе аммиактың концентрациясының көбейіп кетпес үшін қалыпты желдетілуі керек, қой қоралардың микроклимат көрсеткіштерінің нормасы 13 кестеде берілген.
Қойларға арналған қораларға құрылыс материалдарын әрбір аймақтың жер орайы, ауа райына байланыстырып алады.
Қойлар өте қорқақ болып, әрбір тосын жағдайлардан үркіп, қаты күйзеліске ұшырағыш келеді. Әсіресе қорада, шарбақ қорғандарда қамауда тұрғанда үріксе бір-бірінің үстіне шығып кетіп, бастығырылып өлім-жітімге ұшырайды. Үріккен қойлар күйзелісті жағдайдан өте жай (1-2 ай) шығады да, күйін төмендетіп, өнімін азайтады.
Саулықтарды ұстау және азықтандыру гигиенасы. Саулықтарды және қошқарларды шағылысуға дайындау. Қозылату гигиенасы.
Саулықтардың жатырындағы төлдің эмбрионалдық өсуі және туғаннан соң мол, сапалы жас төлді жарытатын уызы болуы үшін оларды күтіп-бағу және азықтандыруына аса көңіл бөлу қажет.
Аналық қойларды азықтандырудағы жіберілген кемшіліктер, әсіресе буаздықтың екінші жартысында, төлдің дені сау туына үлкен әсерін тигізеді.
Саулықтың буаздық мерзімі 150 тәулікке созылады. Бұл мезгіл аралығында ұрықтың өсіп-дамуына және аналықтың денесінде көректі заттардың қоры жиналуға ерекше күтім қажет болады. Сондықтан саулықтардың осы мерзімде рационындағы құнарлы заттардың жетіспеушілігі, оларда зат алмасу процесстерінің бұзылуына байланысты көптеген аурулардың (кетоздар, гиповитаминдер; макро-микро элементтерден туатын аурулар т.б.) шығуына себепші болады да, көбінесе аналықтардың қысыр қалуына, әлсіз, шала төлдер тууына (тірі салмағы 3,5 ег кем), кейде саулықтардың буаздығының екінші жартысында көтерем болып, өлім-жітімге ұшырауына апарып соғады. Буаз саулықтардың зат алмасу процесстерін бақылау үшін, олардың қандарын биохимиялық зерттеуден өткізеді.
Әр аймақтардың ерекшеліктеріне (биогеохимиялық) байланысты сауылқтардың рационына макро-микроэлементтердің (йод, кабольт, темір, цинк, мыс т.б.) және витаминдердің жинағын қосады. Буаз саулықтардың, әсіресе азыққа қосып, ұнтақтап берген ас тұзына сұранысы жоғары болады (15-20 г тәулігіне), ал кесек жалауға қойылған тұздан тәулігіне 5 г, яғни сұранысының 30 % ғана қамтамасыз ете алады.
Саулықтардың буаздығының екінші жартысында, олардың рационындағы сүрлемнің мөлшерін азайтады (0,1-0,5 кг дейін), ал тууына 30-40 күн қалғанда толықтай рацонның құрамынан сүрлемді шығарып тастайды. Қозылы саулықтардың рационына туғаннан соң 20 тәулік өткеннен кейін ғана кіргізеді. Саулықтарды серуен алаңдарында азықтандырып, олардың қозғалыстарын шектемеу қажет.
Туған төлдің алғашқы айда өсіп-дамуы, оның енесінің сүттілігіне тікелей бойланысты болады. Сондықтан қозылы аналықтар орта және ортадан жоғары күйі болу үшін толық құнарлы азықтармен көректендіру керек. Әр саулықты азықтандыру, бауырындағы қозысының санына байланысты, жеке жүргізіледі.
Ұзақ уақыт қозылардың саулықтың бауырында болып (4-5 ай) еміп жүруі аналықтың салмағының төмендеп, арып, жүнінің өсуі нашарлауына апарып соғады.
Дәріс №11-12. Жылқы малын ұстаудағы орындарға қойылатын санитарлық-гигиеналық нормалары
1. Жылқыларды жұмысқа пайдаланудың гигиенасы
Жылқыларды негізгі үш түрлі шаруашылық жұмыстарына пайдаланады: міну, жеңіл-орташа және ауыр жұмыстарға жегу және теңдеу.
Жылқыларды мініп, көбінесе малдарды жайғанда, бір жерден бір жерге айдағанда (көшкенде, етке айдағанда), ауыл аралық қатынастарда және спорт ойындарында (бәйге, жорға, кедергілерден секіру т.б.) пайдаланады.
Жеңіл жұмыстарға жегіп пайдалану кезінде жылқыға өз салмағының 10 % ауыр жүк тартпауы керек және жұмыс уақыты 4 сағаттан аспай, барлық жүретін жолының қашықтығы 15 км артық болмауы керек. Мұндай жеңіл жегу жұмыстарына жас тай, құнандарды, кәрі (14 жастан асқан) жылқыларды, құлынды биелерді, тууына екі ай қалғанға дейін буаз биелерді пайдаланады.
Құлындағаннан кейін екі айдан соңғы биелерді, орташа жеңіл жұмыстарға (тасымалдау, жырту, тырмалау, шөп шабу т.б.) жегіп, ауырлығы өз салмағынан 13-15 % аспайтын жүктерді 25 шақырым жол жүргізіп, жалпы жұмыс күннің ұзақтығын 6 сағаттан асырамай пайдаланады.
Ауыр жұмыстарға аттарды, айғырларды, қысыр биелерді пайдаланып, тәулігіне 9 сағат, 35 шақырым жол қашықтығы, жүгінің ауырлығы өз салмағының 20 % асырмауын қадағалап отырады.
Жылқыларды тең артып пайдалану таулы, жол қатынасы нашар жерлерде кездеседі. Жылқы үстіне теңделген жүктің ең жоғарғы салмағы өз массасының үштен бір бөлігінен артпауға тиіс. Тиелген теңнің салмағының 75 % жылқының қабырға жағына, ал 25 % арқасына түсуі керек. Тиелген жүк ілгері-кейін жылжып және бір жағына қарай ауып кетпейтіндей етіп, мықты бекітілген болуы қажет. Әсіресе тау ішінде біресе өрге, біресе еңіске қарай жүргенде, жүк қозғалса, жылқының арқасын жарақаттап, жауыр жасап, мазасын кетіріп, төзімділігін төмендетеді. Жылқыға жүк дұрыс тиелген болса, сағатына 2-5 км, күніне 16-36 км дейін жол жүреді.
Жылқының жұмыс күші және төзімділігіне, оның денсаулығы, жасы, салмағы, жұмыс режимі, күндік реті, азықтандыру жағдайы, қолданылған жабдықтар, хамыт-саймандардың дәлдігі т.б. елеулі әсер етеді.
Жылқылардың тиісті функционалды дайындығы жеткіліксіз болса, олар ауыр жұмыстардың кезінде тез шаршап, қозғалыс жүйелерінің қызметтері бұзылып, денесінен артық мүшелерде терімен бірге тұз шығып, демігіп, жүрек соғысы, қан айналысы бұзылады.
Жас жылқыларды мініске, жегінге жұмыстың мөлшері мен ауырлығын біртіндеп асыра отырып үйреткен жөн. Жылқыны мініспен жегінге үйретудің негізі организмнің физиологиялық мүмкіншіліктерін біртіндеп кеңейте келе, олардың қан айналысы, тыныс алу, қозғалыс рефлекстерін ретке келтіре отырып, жұмысқа деген күшін жоғарғы шамада пайдалану болып саналады.
Жылқыларды үйрету жыл бойына тұрақты түрде жасалып, олардың конституциялық ерекшеліктерін, тұқымын, жасын, жынысын, физиологиялық жағдайын салыстыра отырып, белгілі бір мезгілдерде жүргізу керек.
Жұмыс жылқыларын пайдалану кездерінде оның физиологиялық шамасынан артық жүк салып, ұзақ жол жүріп, әсіресе ауа райының қолайсыз өте суық немесе ыстық мезгілдерінде, қинауға болмайды.
Жылқылардың денсаулығының қалыпты жағдайда екендігін көрсететін белгісі – дене температурасы болып саналады. Жылқының қалыпты жағдайдағы дене температурасы 37,5-38,5ºС болса, жұмыс кездерінде 39ºС дейін жоғарлайды, ал ауыр салмақ түскенде одан жоғары көтеріледі. Сондықтан олардың дене температурасы 40 ºС дейін көтерілсе, жылқылардың денсаулығының бұзылып, нормадан ауытқығандығын көрсетеді де, ондай жағдайда жұмыстан босатып, тиісті шара жасау қажет. Жұмыстан шаршаған жылқылардың белгісі болып, олардың айдауға, бұрылуға, айғай-шуға жауабының (реакциясының) төмендеп, селқос жағдайда болып, терлеп, тыныс алуы жиілеп, қан тамырларының соғысы шапшаңдап, дене температурасы жоғарлап, жүрісі шатқаяқтап, аяқ, иық бұлшық еттері дірілдеп, азықтан бас тартып т.б. саналады.
Жылқылардың жоғарғы жұмыс қабілеттері оларға арналған хамыт-саймандар, ертоқымдардың дұрыс таңдалып, белгілуіне байланысты болады. Бекітілген хамыт-саймандар жұмыс атына размерлері бойынша сәйкес келмесе, олардың денесіне жарақат түсіріп, тынысын тарылтып, жұмысқа қабілетін төмендетіп, кейде ауруға шалдығуының себебі болады.
Сондықтан жұмысқа пайдаланатын жылқыларға хамыт-саймандармен ер-тоқымдарды олардың физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, таңдап, дұрыс жегіп, дұрыс міну ең басты мәселе болып есептеледі. Ол кездерде негізгі көңіл аударатын бөлшектерге мыналар жатады: жүген, хамыт, шлея, доға т.б. Осылардың ішінде жылқының денсаулығына және жұмыс қабілетіне елеулі әсерін тигізетін бөлшек – хамыт боп саналады. Жылқының мойнына киіліп тұрған кезде, асты кеуде алдында алақан жалпағынан өтетіндей, ал үстіңгі жағы шоқтығынан 1-2 см жоғары тұруы керек (астына екі саусақ кіретіндей).
Достарыңызбен бөлісу: |