***
Дүниенің бар қызығы ақылда,
Ақыл болса ардақталар атың да.
***
Дәулет бітсе мекерленіп, таспағын,
Жақсылық қыл, жамандыққа баспағын.
***
Ақыл –шырақ, қара түнді ашатын,
Білім –жарық, нұрын саған шашатын.
***
Тілесең сен есендікте жүруді,
Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді.
40
***
Сөз, өсиет – мұра өліден тіріге,
Мирас тұтса, пайда өзіне, діліне.
***
Тілмен адам өң береді сөзіне,
Жақсы сөзбен нұр береді өңіне.
***
Сөз сұраса – айтқын сөздің шындығын,
Жарлық берсе – қаз-қалпында тындырғын.
***
Ішпе ішімдік, жүрме бекер, тасыма,
Қаш, жолама жарамсыз іс қасына.
***
Лауазымға жақындатсаң наданды,
Бүлдірер де, бегіне ашар араны.
***
Келістіріп айтыпты әкім ақылды:
«Тексіз жанға берме ісің мен асыңды!»
***
Тексіз жанды дәрежелеп, сенбегін.
***
Ақылсыздар білім сорын қайнатар,
Білімсіздер халықты кеп жайратар.
***
Білімсізді биіктетсе, өзі егер,
Бек жазықты, бекке күдік көбейер.
***
Ұлықтыққа жетсе егер надандар,
Иесінің басын жұтар, қараңдар.
***
Бектер қанша жақын тұтсын, құнықпа,
Түзу жүргін, өзіңді әсте ұмытпа.
***
Ашу қысққан бекке жақын бармағын,
Бардың екен – бір бәлеге қалғаның.
***
Сұраса –айт, шақырса - кір барып,
Сау- саламат, қадірлесіп тұр бағып.
***
Сөз көп. Білсең – таза естімей қоя сал,
Көзің көрсе, көрмегенге сая сал.
***
Үш нәрседен алыс жүр, сақ, байқағын,
Бірі – қатты, қырсық болма, айтарым.
41
Бірі - жалған, сұғанақтық – үшінші,
Үшеуінің түбі қорлық, түсінші.
***
Кісі сөгіп, ұсақ сөзге берілме,
Тура сөйле, сөзді терме, тегінде!
***
Адал болғын, біл, адалдық – киелі,
Бектер – адал, адалдықты сүйеді!
***
Отырғанда өз орныңды білгейсің,
Кішік болып, жұртты көзге ілгейсің.
***
Жөткірінбе, қақырынып, түкірме,
Надандық бұл, қадіріңді түсірме.
***
Өзіңнен де зорлар сөзін қозғаса,
Құлағың сал, сөйлеп әуре болма аса.
***
Түзу сөйле, жүзің жарық болады,
Ізгілікке ашылсын сөз орамы.
***
Ұста өзіңді, ішіп кірме сарайға,
Мастық – настық, қор боласың қалайда.
***
Егер өзің төрде отырсаң жайланып,
Кісі кірсе, тұр ізетке сайланып.
***
Тоқ болсаң да, бектің асын қайтарма,
Бектің асы – ізет басы, найқалма.
***
Не істесең де пейіліңді қасыңа ал,
Жаныңды сал, сонда көзің ашылар.
***
Егер бектік тисе, өсіп беделің,
Білікпенен ісіңді атқар, ей, ерім!
***
Уәзірлік тисе, қолың ұзарып,
Саясатты түзу, таза жүр алып.
***
Кеңесшілік тисе, кеңес ақыл тос,
Жаңылса бек, жол көрсетіп, ақыл қос.
***
Әскер басы әрі ел басы... білерсіз –
Көз-құлақты бағып, тура жүрерсіз.
42
***
Қазынаға қазынашы қылып жіберсе,
Тура, шыншыл жүріп, оны үнемде.
***
Хатшылыққа алса, сақ бол бұдан да,
Құпия, сырды сақтап, сөзді шығарма!
***
Тілесең сен дәйім құрмет өзіңе,
Құрметте елді, қара кісі көңіліне.
***
Ұлықтарды ұлы көріп, қадірле,
Ұлы берер бақыт, ырыс, бәрін де.
***
Не депті қарт, көпті көрген басы бар,
Қария сөзін естісең – көз ашылар.
***
Жаһан заңы – құрмет тұту үлкенге,
Үлкен келсе, тік тұрып күт, іркілме!
***
Бектер сені жақын тұтса қаншалық,
Қызметшілермен жақындау бол соншалық!
***
Білмей жатып ерді өзіңе жау қылма,
Шаттық болмас, жауы бардың алдында.
***
Дұшпанның аз болса да, бар залалы,
Дұшпан әркез дұшпан болып қалады.
***
Құрбы –досты туысқандай елегін,
Тең-тұстасың, қатарың һәм сенерің.
***
Ес көрме, аулақ жүр ессіздің маңынан,
Ессіз доспен адам жолдан жаңылар.
***
Қалам десең сақтап ізгі атыңды,
Жаманнан без, бол жинақы, қатулы.
***
Достассаңдар Тәңірді алып ортаға,
Жүгін бөліс, ашуланба, шаршама.
***
Өсекшіге араласпа жақындап,
Өсекшінің өртер тілі лапылдап.
Әлем содан бүлінер һәм ашынар,
Мәртебелім, ғайбатшының басын ал.
***
43
Дүниеқоңыз шетін көрсе пайданың,
Сенен кетпес «шеше», «әке» деп, айналып.
***
Дос, туыс сол қуанышта қуанар,
Қайғы келсе, қасыңда боп уатар.
***
Сүйсін десең көп достарың өзіңді,
Тұз-нан ұсын, жарқын ұста жүзіңді.
***
Ісіңді атқар, көбейтпе жау-қасыңды,
Жаулық қуып дауға салма басыңды.
***
Білімді адам ізгі білім беріпті,
Білікті ұқса, ғұмырына серікті.
***
Әй, жақсы ер, қосылма сен жаманға,
Айналарсың құлқы жаман адамға.
***
Жақындаспа жауыздарға, ей, сара,
Атың кірлеп, дақ қалдырар бейшара...
***
Жақын жүрме пенделерге жарамсыз,
Жағадан ап, жетер саған, нанарсыз.
***
Талай көрдім ізгі, атақты жандарды,
Жамандармен жаманатқа қалғанды.
***
Жақсылық қыл, шамаң келсе баршаға,
Шүбәланба, қайтар қырым қаншама.
***
Кімге шаттық келсе, бірге қуан сен,
Кімге қайғы төнсе, бірге жұбан сен.
***
Жау көбейтпе, аш қабақты, уысты,
Көбейт, жина қаншама дос, туысты.
***
Дос жау болса, қас қылады жаныңа,
Көзін тігер жиған, терген малыңа.
***
Десең өзің қадір-құрмет табайын,
Кісілерді қадірлей біл, ағайын.
***
Білгің келсе кісі әсілін анықтап,
Көңіл, қылық, тіл – бұл істі танытпақ.
44
***
Ызақормен жақын болма, асылы,
Достық қақын бұзар қысса ашуы.
***
Көңіл сырын аша берме тектен-тек,
Ашсаң егер, шегерсің сен тек бейнет.
***
Қайда дәулет бас көтерсе, ей ізгі ер,
Болысқын сен қолдап оны пейілмен.
***
Шақпа жұртты, сөз болмасын ермегің,
Кек сақтама, ұсақ сөзді термегін.
***
Ұлығыңды қадірле де, құрмет тұт,
Ұлықтық та келер саған қонып құт.
***
Күллі ізгіге арна ізгілік жолыңды,
Жамандыққа жамандық қыл, орынды.
***
Тілді қысқарт өз бегіңе келгенде,
Қисық-қыңыр айтпа жауап бергенде.
***
Көп сөйлеме, тілді бағып, аралас,
Көп сөйлегн сөзде қадір қалар аз.
***
Білімсізді жіберме тым жақынға,
Қылмағанды қылар жүріп қасыңда.
Дана кісі жақсы айтыпты бұдан да,
Біліммен кел әр іске қол ұрарда.
***
Тірлік емес, ізгі ат тіле – тілесең,
Ізгі атың – тірлігің ол, білесің!
***
Ай маңдайлы ұл-қыз туса алдыңда,
Үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма.
***
Тәрбиеші ал ізгілікті, көшелі,
Ұл-қыз жақсы, таза болып өседі.
***
Ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім бер,
Қос жалғанды нәсіп көріп, күлімдер.
***
Ұлды үйрет күллі өнер-білімге,
Ол өнермен дүние табар түбінде.
***
45
Ұлыңды бақ, бекерге бос жүрмесін,
Бейбастық боп кетер бекер жүргесін.
***
Қызыңды үйде бексіз ұзақ ұстама,
Ауырмай-ақ өлерсің сен құсадан.
***
Үлкен жолға жақын салма үйіңді,
Қатер-қауіп кетіреді күйіңді.
***
Үй іздесең көрші жайын сынарсың,
Жер іздесең – судың жайын сұрарсың.
***
Қайғы келмес – сөзді ойлап сөйлесең,
Өкінбессің күнді зая бермесең.
Асқақтама – бір тосқауыл табарсың,
Сараң болма сөгіс алып қаларсың.
***
Кісілікке кісілік еткен – ер кісі.
***
Пайдалы ер – кісілердің данасы,
Қайырымды ер –ол елінің сарасы.
***
Тілектессе – жақын болар алысың,
Жүз көріссе – жаныңды ұғар танысың!
***
Күн еңкейіп басын жерге тигізді,
Жарық жалған жүзін түнге сүйгізді.
***
Қай сөз лайық тұндыр нәрін тіліңе,
Қай іс қажет тындыр бәрін тіріде.
***
Алтын-күміс көріп өскен жасынан,
Аулақ жүрер сұғанақтық насынан.
***
Шыншыл болсын: көңіл, тілің, қылығың,
Дүние, дәулет келер, берер шырынын.
***
Сенімді адам үмітіңді ақтайды,
Бек ырысын тасытады, баптайды.
***
Дана ойы жолыңды ашып дұрыстар,
Ақылды сөз астарында ырыс бар.
***
Екі нәрсе даңқты өсірер тегінде
46
Есікте – Ту, тартылған ас төріңде.
***
Жаны ашымас қандастан без алысқа,
Жәйіңді ұғар сен адал дос, танысқа.
***
Берекесіз туыстан без, тозарсың,
Жаны таза досыңды сүй, озарсың.
***
Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,
Сөз қалады, таяқ табы кетеді.
***
Бір ауыз сөз елдің атын өсірер,
Бір ауыз сөз ердің атын өшірер.
***
Бектер қанша білімді болғанымен,
Сөзін жазар жан керек толғауымен.
***
Жақсы сөз тас бұлақтай нұр береді,
Қайда ақса, жер жайнап гүлденеді.
***
Сөз бен жазу жарасса табындырар,
Кереметтей хат тілі бағындырар.
***
Қалдырмаса даналар хатқа жазып,
Кім айырар өткенді ақ, қара ғып?
***
Ақылдыдан адамшылық қалады,
Біліктілер – адамдардың адамы.
***
Ақылды-есті – кісілердің кісісі,
Білімділер – кісілердің кішісі.
***
Білім керек, ақыл керек кісіге,
Ақыл бастар адамшылық ісіне.
Екі күндік қонақтыққа тарылма,
Зорықпа өзің, күймесін құр жаның да.
***
Егер ізгі болса бектер қылығы,
Күллі жұртқа тиер мейір, жылуы.
***
Сый берерде –тез бер, созып қашыртпа,
Жазаларда таяқтауға асықпа.
***
Бір күншілік рақатқа малданба,
О дүние жәннатын бақ, арманда...
47
Өтер жалған, ештеңе жоқ көшпейтін,
Жақсылық қыл, өзің кетсең өшпейтін.
***
Қалар дүние, туған өлер ақыры,
Жақсы-жаман атың қалар ақыры.
Достарыңызбен бөлісу: |