2.
Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары
Партияның 1925 жылы (18-31 желтоқсан) өткен XIV съезі елді соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер одағының экономикалық тәуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін камтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді индустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып жетіп, елді индустриялды державаға айналдыру міндетін қойды. Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл материалдық және өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп шешті.
Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік индустрияландырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, әдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тән болып келетін кәсіпорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады.
Кеңестік тарихнамаға партияның 15-съезі елді индустрияландыру съезі болып енді. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде лениндік индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде, әсіресе, Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды.
Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты қандай болу керек деген мәселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес және партия қызметкерлері көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып табылады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның осы ұлттық ерекшелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, яғни "уклонистер" деп айыптады.
Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркәсіптің дамуы қазақ халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығының құлдырауына әкеледі деп есептеді. Бірақ, ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге болмайды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркәсіптерді көптеп салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.
Қазақстанға өнеркәсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Олардың пікірінше артта қалған көшпелі халық индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе алмайды. Сонымен қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп тарту, яғни жергіліктендіру (коренизация) саясаты өндірісті өте-мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды, олар бәрібір даланы аңсайды деген көзқарас та болды. Мұндай пікір айтушы топты большевиктер "ұлыдержавалық шовинистер" деп айыптады.
Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға әртүрлі айдар тақты. Ал өздері белгілеген елді "социалистік индустрияландыру" бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды. Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия ұйымының басшылығына тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республика өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық жүйесіндегі ерекшелікті мойындамады.
Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы елдің орталық аудандарымен салыстырғанда өте құрделі жағдайда жүргізілді. Біріншіден, өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы Ресейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта қалған еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру шаралары созылып кетті. Яғни, ол уақыт жағынан бірінші бесжылдықпен сәйкес келді.
Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев-Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта кұру үшін тек 1933—34 жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды. Республиканың сол кездегі экономикалық ресурстары мұндай құрделі құрылыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда соған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен дамыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез дамыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал сол кездегі елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз ете алмады. Осыған байланысты большевиктер төтенше жағдайда Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін жұмылдыруға тырысты.
Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-түсті металдарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түрлі-түсті металдар шығарудан одақ көлемінде 2 орынға шығарды.
Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3 орынға шықты. Ембі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары мұнай орындары ашылды.
Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды. 1928—1940 жж. темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км-ге жетті.
Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Большевиктер өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы қарқынмен жүргізді. Мысалы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926—1940 жж. 3 есе көбейсе, Қазақстанда — 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын өндіру Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда — 486 есе артқан, яғни одақтық көлемнен 20 еемде және жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті. Әсіресе, 1933—1934 жылдары өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, машиналармен қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман кадрлар қажет болды. Бұл мәселені шешу үшін қысқа мерзімді курстар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық минимум үйірмелері ашылды. Өнеркәсіп орындары шоғырланған қалаларда орта мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары дәрежедегі маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары оқу орындары ашылды. 1933—1937 жылдары жоғары оқу орындары мен техникумдар 13 мың маман кадрларды даярлады. Сонымен қатар республиканың өндіріс орындары үшін маман кадрларды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында даярлады. Алайда айта кететін бір жәй, Кеңес үкіметі өте құрделі инженер-техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын республикада ашпады. Бұл мәселеде республика орталыққа тәуелді болды.
Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.
Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру саясатының қазақ халқы үшін салдары да болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық дәстүрі толық өзгерді, өнеркәсіп саласының өркендетілуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркәсіп өнімдері үлесінің көбеюіне әкелді. Екіншіден, қала халқы санының артуына, қалалардың урбанизациялануы мен күшеюіне әкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан астам халқы бар қалаларда жинақталды. 1928—1939 жж. Қазақстан қалалары тұрғындарының санының көші-қонымның нәтижесіндегі механикалық өсуі 1,8 млн адамнан асты. Үшіншіден, көші-қонымның нәтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін әкелді деуге болмайды. Себебі, кеңес үкіметі әртүрлі қылмысы үшін сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Сонымен қатар индустрияландыру саясаты республикада жергілікті ұлт өкілдерінің санының азаюына да әсер етті. Төртіншіден, индустрияландыру саясаты нәтижесінде өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті. Оның себебі, Орталықтан әкелінген еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан партия, кеңес қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері мен жұмысшыларына менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай көзқарас туралы фактілерді құжаттардан көруге болады. Большевиктер, сонымен қатар ірі өндіріс орындарының басшылығына жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты. Орталық үкіметтің нұсқауын бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан жіберіп отырды.
Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын жүзеге асыру нәтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне толық өзгеріс әкелді. Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл шаруашылығы, әсіресе, көшпелі мал шаруашылығы және оның өнімдері әрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Оның себебі, большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің экономикалық дамуының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының жетекші саласы етіп өнеркәсіп өндірісін белгіледі және оның қарқынын жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының барлық саласы әкімшіл-әміршіл большевиктік басқару әдісіне бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркәсіп өндірісінің дамуы шын мәніндегі индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды. Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық тұрғыдан отарлау саясатын одан әрі жалғастырды.
Достарыңызбен бөлісу: |