Жеткіншектер мен жасөспірімдердің дамуы мен тәрбиесінің ерекшеліктері.
Жеткіншектік шақта балалардың денесі тез өседі, бұлшық еттері жетіліп, дене қаңқасында сүйектену процесі жүреді. Бұл жастағы балаларды кейде өткінші кезеңдегі немесе қиын жастағы балалар деп атаудың өзі де кездейсоқтық емес. Жеткіншек шақ – ең қиын, ең тынышсыз, ұшқалақ шақ, балалардың қоғамдық белсенділігі дамиды, саяси ой-өрісі кеңиді, өздерінің жауапкершіліктерін түсініп, терең білім алуға талаптанады. Үлкендермен қарым-қатынас, мүмкіншіліктерін ескермей, ойланбай асығыс шешім қабылдау орын алып жатады.
Жасөспірімділік шақта жастардың ағзасы – қаңқасы мен бұлшық еттері, ішкі ағзалары тегіс дамиды. Бұлшық еттері мен жұмыс қабілеті үлкендердің нормасына жақындайды. Бұл кезеңде жастар Отан, қоғам алдында тұрған әлеуметтік-саяси және мемлекеттік міндеттерді шешудегі күреске белсене қатысады. Кәмелеттік жасқа жеткен балалар өмір жолына көз жібереді, өздерінің болашақ мамандығын саналы түрде таңдап алуға тырысады. Олардың мамандыққа ықыласының бірте-бірте қалыптасуы түрлі іс-әрекеттеріне жауапкершілігін арттырады.
Белсенділік адамның іс-әрекеті барысында қоғаммен жеке адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы барысында, өзін-өзі тәрбиелеуде, сонымен қатар әлеуметтік қоғамдық еңбек процесінде айқын көрінеді. Бала белсенділігінің ең алғашқы формасының бірі – қарым-қатыныс жасау белсенділігі.
Бұл белсенділік – баланың білім алу, еңбек ету, әртүрлі қоғамдық жұмысқа қатысу барысында және өзін-өзі тәрбиелеуде бүкіл өмір сүруі барысында дамитын белсенділік. Жеткіншек жаста бала тәрбиенің обьектісі болып қана қоймай, ол тәрбиенің субьектісіне де айналуы керек. Бала тәрбиенің субьектісі болатын себебі: ол, бір жағынан, өзін қоршаған ортаны - обьектіні танушы, білуші, екіншіден, өзінің белсенді іс- әрекеті арқылы сол өзі танып, ортаға өз тарапынан ықпал жасаушы.
Мақсатты, саналы, белсенді іс-әрекет баланың өзін-өзі тәрбиелеумен байланысты. Бала өзін қоршаған ортада қоғам талабына сай өмір сүреді, еңбек ететін белсенді жеке адам ретінде қалыптасуы керек.
Педагогикалық процестегі оқушылардың іс-әрекеттерін қарастыра отырып, педагогикалық мақсатты ұйымдастырған іс-әрекет олардың шығармашылық белсенділігін қалыптастыру жағдайы болады. Іс-әрекет түрлері (қарым-қатынас, ойын, еңбек) жеке тұлғаның белгілі бір қасиеттерін дамытуға бағытталады.
48-суретте жеке тұлға дамуының көпқырлылығының мәні ашылды.
Жеке тұлғаның дамуының қозғаушы күші мен оның көзі – тұлғаның сол кезге дейінгі жинақталған интеллектуалдық, адамгершілік және рухани әлеуетін пайдалана отырып, өзін-өзі жетілдіру мен жеке дамуға бағытталған қажеттілігі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |