Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің
2016 жылғы «___» ____________
№ ___ бұйрығына
1-қосымша
Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің
жұмыс орны стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Осы кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жұмыс орны стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы стандарт кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедекке арналған жұмыс орнына қойылатын талаптарды белгілейді.
3. Осы стандартта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
мүгедек – тiршiлiк-тынысының шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын аурулардан, мертігуден (жараланудан, жарақаттан, контузиядан), олардың салдарынан, кемiстiктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
пандус – жолдың көлденең бетінің бір деңгейінен екіншісіне, оның ішінде кресло-арбамен ауысуға арналған қозғалыс бағыты бойынша тегіс көлбеуі бар құрылыс.
2. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жұмыс орнына қойылатын талаптар
4. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жұмыс орны негізгі антропометриялық және эргономикалық талаптарға жауап беретін басты және қосалқы жабдықты қамтиды.
5. Жұмыс орнын жарақтандыру кезінде кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жеке талаптары мен шектеулері ескеріледі.
6. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жұмыс орнын ұйымдастыру кезінде пайдаланылатын және ескерілетін негізгі элементтер:
кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің антропометриялық және анатомиялық-морфологиялық шектеулерінің орнын толтыруға арналған арнайы жабдық пен құрылғылар;
кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің антропометриялық және анатомиялық-морфологиялық ерекшеліктерін ескере отырып қосымша арнайы әзірленген қол құралын жасау, оны пайдалану тиімділігін барынша арттырады;
кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедек организмінің антропометриялық және анатомиялық-морфологиялық ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс кезінде пайдаланылатын материалдар, бөлшектер технологиялық жабдықты басқарудың негізгі элементтері жұмыс аймағының шегінде болады;
жұмыс аймағындағы барлық элементтер еңбек ету кезінде зақым алуды болдырмау үшін берік бекітіледі;
қажет болған жағдайда мүгедекке қосымша кеңістік ұсынылады (мысалы, кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедек үшін бұрылу алаңын ұлғайту);
қажет болған жағдайда жұмыс орнын қосымша жарықтандыру көзделеді.
7. Өндірістік жабдықты, жиһазды орналастыру кезінде кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің кіру, бұрылу және кедергісіз өту мүмкіндіктерін қамтамасыз ету ескеріледі.
Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедек пайдаланатын барлық жабдық, жиһаз қолжетімді аймақта орналастырылады.
8. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жұмыс орнындағы жабдық пен жиһаздың орналастырылуы, жұмыс орнын жарақтандыру еңбек қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.
9. Адамдар тұрақты келетін өндірістік объектілер табиғи және жасанды жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Орташа дәлдіктегі жұмысты орындау кезінде жұмыс орнындағы аралас жарықтандыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес кемінде 500 люксті, төменгі дәлдік пен өрескел жұмыстар кезінде кемінде 300 люксті көздейді.
10. Жарық көздері жеткілікті жарық бере алады, жарық шекарасын нақты белгілей отырып, жарық ағынын толыққанды бөледі. Жұмыс орны мен қоршаған заттар элементтерінің үстіңгі беті жылтырамайды.
11. Үй-жайдың ауданы кресло-арбамен жүріп-тұратын бір мүгедекке 7,65 шаршы метр есебінен келеді. Үй-жайдың көлемі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 125 бұйрығымен бекітілген Тұрғын үйді және басқа да үй-жайларды, қоғамдық ғимараттарды күтіп-ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға (Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiнде 2015 жылы 8 ақпанда № 10637 болып тіркелген) сәйкес микроклимат бойынша нормативтер талаптарын қамтамасыз ету қажеттілігіне қарай, бірақ 15 текше метрден кем болмайтындай етіп есептеу арқылы айқындалады.
12. Мүгедектің үй-жайдағы жұмыс орнын орналастыру кезінде организмге қарсы көрсетілген процестер туындайтын жекелеген учаскелерде мүгедектің жұмыс аймағында өндірістік орта параметрлері реттеледі. Бұл ретте адамға әсер ететін физикалық факторлардың гигиеналық нормативтері ескеріледі.
13. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектер үшін жабдықтың, жұмыс аймағының, жиһаздың элементтерін міндетті түрде жеке, қажет болған жағдайда оны трансформациялауды қамтамасыз ете отырып орындау қажет.
14. Ұйымдастырушылық-техникалық жабдықтау өзінің өлшемдері бойынша антропометриялық деректерге сәйкес келеді, ол төзімділік қасиетке ие, пайдалану жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
15. Жұмыс үстелі мынадай сипаттамалар мен мүмкіндіктерге ие:
- үстел бетінің биіктігі мен еңісін өзгерту;
- қосымша жергілікті жарықтандыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі;
- қосалқы жабдықты қосымша бекіту мүмкіндігін қамтамасыз ету;
- жылжымалы жәшіктердің, заттар мен бөлшектерді қармау және ұстау құрылғысының болуы.
Жұмыс орындығы мынадай сипаттамалар мен мүмкіндіктерге ие:
- орындықтың және арқалықтың биіктігі мен еңісін өзгерту;
- қосымша басқыштарды қондыру (қажеттілігіне қарай);
- қосымша шынтақтірегіштерді орнату;
- қозғалысты жеңілдету үшін қосымша тірегіштер мен тұтқаларды орнату.
16. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедек үшін жұмыс орнын жабдықтау кезінде жұмыс жабдығын, жиһазды таңдау және орналастыру кресло-арбадағы қызметкерге қатысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің халықтың баяу қимылдайтын топтарына арналған талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) осы стандартқа қосымшаға сәйкес кресло-арбаның вертикальді осінде айналу кезінде алатын аймағының габариттері: 1400х1400 миллиметр;
2) қоршаған орта элементтерінің қолжетімділігі:
жанында орналасқанда: 1300 миллиметрден аспайды және 250 миллиметрден төмен болмайды;
фронтальды күйде: 1200 миллиметрден аспайды.
17. Компьютермен жұмыс істеуді көздейтін жұмыс орны қажет болған жағдайда арнайы пернетақтамен, арнайы компьютерлік тышқанмен жабдықталады.
18. Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жүріп-тұруына қойылатын талаптар:
1) ғимаратта кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдарға лайықталған кіреберіс қарастырылады. Сыртқы баспалдақтар мен пандустардың тұтқалары болады. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес пандустың еңісі 8 %-дан аспайтын кезде оның ең жоғары бір көтерілу биіктігі (марш) 0,8 метрден аспайды. Қозғалыс жолындағы еден биіктігінің алмасуы 0,2 метр және одан төмен болса пандустың еңісі 10 %-ға дейін ұлғайтылады. Ерекше жағдайларда бұрандалы пандустар қарастырылады;
2) қозғалыс жолы:
кабинеттердің есіктері ашық болғанда қозғалыс жолағының ені – 90 сантиметрден кем болмайды;
есік жақтауларының ені – 90 сантиметрден кем болмайды;
табалдырықтардың биіктігі – 2,5 сантиметрден аспайды;
қажет болған жағдайда ғимаратта ені 90 сантиметрден кем болмайтын тайғанамайтын жабуы бар, тұтқасының биіктіктігі 70-90 сантиметр болатын пандус монтаждалады;
жұмыс орнын орналастыру жүріп-тұрудың ең төменгі қажеттілігін қамтамасыз етеді;
қозғалыс жолында аспалы жабдық жоқ, орын ауыстыруға кедергі болмайды;
3) жұмыс орнын екінші және жоғарғы қабаттарда орналастыру:
жұмыс орындары екінші және жоғарғы қабаттарда орналасқан жағдайда, кабинасы 140х110 сантиметрден кем болмайтын, есік жақтауларының ені 90 сантиметрден кем болмайтын жолаушы лифтілері жабдықталады;
лифт болмаған жағдайда баспалдақты жеке көтеру құрылғысы болады.
19. Мүгедектерге санитариялық-тұрмыстық қызмет көрсету сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Қоғамдық дәретханаларда азаматтардың барлық санаттарына, оның ішінде кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдарға қолжетімді болатын кемінде бір әмбебап кабина қарастырылады.
Әмбебап кабинаның өлшемдері: ені – 1,65 метр, тереңдігі – 1,8 метр. Кабинада:
- кресло-арбаны қоюға арналған кеңістік, сондай-ақ киімге, балдақтар мен басқа да қажеттіліктерге арналған ілгіштер;
- қажет болған жағдайда тұтқалар, айналмалы немесе қайырмалы отырғыштарды орнату мүмкіндігі қарастырылады.
Кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектің жұмыс орны стандартына
қосымша
Кресло-арбаның вертикальді осінде айналу
кезінде алатын аймағының габариттері
миллиметр
Достарыңызбен бөлісу: |