11-бап. Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары
1. Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтары (бұдан әрi – Орталық):
1) ата-аналарын немесе басқа да заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған;
2) уақтылы орналастыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ олардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қауiп төнген кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе оларды қамқорлыққа алған басқа да адамдардан алып қойған;
3) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберілетін кәмелетке толмағандарды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететiн, білім беру органдарының қарамағындағы ұйымдар болып табылады.
2. Кәмелетке толмағандарды Орталыққа орналастыруға:
1) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген кәмелетке толмағандарға қатысты - соттың қаулысы;
2) осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген кәмелетке толмағандарға қатысты - қорғаншылық және қамқоршылық органының қаулысы негiз болып табылады.
3. Түнгi уақытта, демалыс немесе мереке күндерi, сондай-ақ өзге де ерекше жағдайларда кәмелетке толмағандар Орталық әкімшілігі актісінің негiзiнде Орталыққа орналастырылуы мүмкiн, бұл туралы жиырма төрт сағат iшiнде Орталық әкiмшiлiгi прокурорды жазбаша түрде хабардар етедi. Кәмелетке толмағандарға қатысты материалдар оларды одан әрi ұстау не орналастыру туралы мәселенi шешу үшiн Орталыққа орналастырылған кезден бастап үш тәулiктiң iшiнде қорғаншылық және қамқоршылық органына ұсынылады.
4. Кәмелетке толмағандарды Орталыққа орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинақтауды iшкi iстер органдары немесе қорғаншылық және қамқоршылық органдары қамтамасыз етедi.
5. Кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмi үш айдан аспауға тиiс.
6. Кәмелетке толмағандардың Орталықта болу мерзiмiне денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган жариялаған карантин кезеңi, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ауруына байланысты стационарлық медициналық мекемеде болу уақыты кірмейдi.
7. Орталыққа алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан масаң күйiндегi кәмелетке толмағандар, сондай-ақ психикалық аурудың айқын белгiлерi бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды.
8. Кәмелетке толмағандарды Орталықта ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы бекiткен қағидаларда айқындалады.
12-бап. Бiлiм беру органдарының құзыретi
Бiлiм беру органдары өз құзыретi шегiнде:
1) девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарға арналған арнаулы бiлiм беру ұйымдарының және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарының, сондай-ақ бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын өзге де ұйымдар жүйесiн дамыту жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
2) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
3) дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтайды және есепке алады, олармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкiлдерiмен жеке профилактикасы шаралары жүргiзедi;
4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын қалыптастыруға, олардың бойына имандылық пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлеп, бiлiм беру ұйымдарының жұмыс тәжiрибесiне енгiзедi;
5) дамуында немесе мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарды анықтайтын психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларды құрады, олардың кешендi түрде тексерiлуiн жүргiзедi және оларды одан әрi оқыту және тәрбиелеу нысандарын анықтау жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;
6) девиантты мiнез-құлықты кәмелетке толмағандарды, тұрмысы қолайсыз отбасыларын анықтауға, оларды iшкi iстер органдарында есепке алуға және олармен жеке профилактикасы шаралары жүргiзуге қатысады;
7) жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында қол жетерлiк спорт секцияларын, техникалық және өзге де үйiрмелер, клубтар ұйымдастыруды қамтамасыз етедi және оларға кәмелетке толмағандарды тартады;
8) үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандарды, ата-аналарының немесе оларды алмастырушы адамдардың қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілетін кәмелетке толмағандарды заңда белгіленген тәртіппен Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында ұстайды;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары
1. Арнаулы бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелерi болып табылады және әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасайтын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм алудан қасақана жалтаратын, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан үнемi кетiп қалатын, өзге де қоғамға жат iс-әрекеттер жасайтын он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтiк оңалту мақсатында құрылады.
2. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның ұсынысы бойынша кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберудiң орындылығы туралы шешiмдi сот қабылдайды. Алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдары мен психотроптық заттарды құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде мiндеттi түрде оларға нашақорлық аурулардан емделу курсынан өтудi белгiлеудiң орындылығы зерттеледi.
3. Кәмелетке толмаған бала арнаулы бiлiм беру ұйымына бiр айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
4. Кәмелетке толмағанның арнаулы бiлiм беру ұйымында болуы оның кәмелеттiк жасқа толуына байланысты, сондай-ақ мекеме әкiмшiлiгiнiң не кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi аумақтық комиссияның ұсыныстары негiзiнде арнаулы білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот кәмелетке толмаған бала өзiнiң түзелуi үшiн бұл шараны қолдануды бұдан әрi қажет етпейдi деген қорытындыға келген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
5. Кәмелетке толмағандардың арнаулы бiлiм беру ұйымдарында болуының сот белгіленген мерзімін осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген тәртіппен, тек қана мына жағдайларда:
1) кәмелетке толмаған баланың жалпы бiлiмiн немесе кәсiби даярлығын аяқтау қажет болған, бiрақ ол кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн;
2) әкiмшiлiк жазалау шараларына әкелiп соғатын құқық бұзушылықтарды жүйелi түрде жасаған, орта бiлiм алудан қасақана жалтарған, арнаулы бiлiм беру ұйымынан өз еркiмен кетiп қалған, өзге де қоғамға жат ic-әрекеттер арнаулы білім беру ұйымы орналасқан жердегі сот ұзартуы мүмкін.
6. Арнаулы бiлiм беру ұйымының тәрбиеленушiсi қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жасқа дейiн қылмыс белгiлерi бар қоғамдық қауiптi әрекет жасаған жағдайда, ол осы Заңның 14-бабында белгiленген тәртiппен ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымына жiберiлуi мүмкiн.
7. Кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарау кезiнде прокурордың қатысуы мiндеттi болады.
8. Осы баптың 1-тармағында аталған кәмелетке толмағандарды анықтауды және есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар кәмелетке толмағандарды арнаулы бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды қамтамасыз етедi.
8-1. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде айқындалады.
9. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
1) кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң, аталған мекеменiң аумағын күзетудi, тәрбиеленушiлердiң жеке қауiпсiздiгiн және олардың терiс әсерден барынша қорғалуын, аталған мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiруiн және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетуiн шектеудi, кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға бөлiнген уақытта қадағалау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен тынығатын бөлмелерiн тексерiп қарауды қамтитын арнайы жағдайларын қамтамасыз етедi;
2) аталған мекеменiң орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiрiп, қайтаруға тiкелей қатысады;
3) кәмелетке толмаған баланы аталған мекемеден шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мiнездеменi және онымен алдағы уақытта жеке профилактикасы шаралары жүргiзудiң, жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы нұсқауларды кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жерiндегi кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға олардың болу мерзiмi аяқталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей жiбередi.
10. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына өздерiн аталған мекемелерде бағып-күтуге және оқытуға кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
11. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қызметiн ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң шарттары Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
12. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдi жергiлiктi атқарушы органдар қабылдайды.
14-бап. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары
1. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелері болып табылады және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудің, оқытудың және әлеуметтік оңалтудың ерекше жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
2. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына тәрбиелеудің, оқытудың ерекше жағдайларын қажет ететін және арнаулы педагогикалық тәсілді талап ететін он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мынадай жағдайларда, егер олар:
1) оларға қатысты қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту немесе қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылғаннан кейін қоғамға кауіпті әрекетті қайтадан жасаса;
2) орташа ауыр немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталса және сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 81-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатса, орналастырылады.
3. Қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберудің орындылығы туралы шешімді ішкі істер органының ұсынысы бойынша сот қабылдайды.
Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы ұсынысты ішкі істер органдары аталған кәмелетке толмаған балаға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы немесе оны қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап отыз тәулік ішінде сотқа жібереді.
Ерекше жағдайларда бұл мерзім ішкі істер органы бастығының немесе прокурордың қаулысы негізінде отыз тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген материалдар оларды сотқа жіберу алдында кәмелетке толмаған балаға және оның заңды өкілдеріне танысу үшін ұсынылады.
Мүдделі адамдар көрсетілген материалдармен танысқандығы туралы ұсынылған материалда тиісті жазба жасайды.
5. Кәмелетке толмаған бала ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге жіберілуі мүмкін.
Кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында ұстауға:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – сот қаулысы;
2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған адамдарға қатысты – сот үкімі негіз болып табылады.
Кәмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуы адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ егер ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы әкімшілігінің ұсынысы негізінде сот кәмелетке толмаған бала өзінің түзелуі үшін осы шараны қолдануды бұдан былай қажет етпейді деген қорытындыға келген болса, мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
7. Кәмелетке толмаған баланың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуының сот айқындаған мерзімі осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен, тек қана мынадай:
1) кәмелетке толмаған баланың жалпы білім алу немесе кәсіби даярлығын аяқтау қажет болған жағдайда, бірақ ол кәмелетке толғанға дейін;
2) қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толғанға дейін қылмыстық белгілері бар қоғамға қауіпті әрекет жасаған жағдайда ұзартылуы мүмкін.
8. Кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу туралы мәселені қарау кезінде прокурордың қатысуы міндетті.
9. Кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыру үшін қажетті құжаттарды жинауды ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.
10. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде айқындалады.
Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген кәмелетке толмағандарды жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде айқындалады.
11. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарының әкімшілігі:
1) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының аумағын күзетуді, тәрбиеленушілердің жеке қауіпсіздігін және олардың теріс әсерден барынша қорғалуын, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының аумағына бөгде адамдардың еркін кіруін және одан тәрбиеленушілердің өз еркімен кетіп қалуын шектеуді, кәмелетке толмағандарды тәулік бойы, оның ішінде ұйқыға бөлінген уақытта байқау мен бақылауды, кәмелетке толмағандардың өздерін, олардың заттары мен ұйықтайтын үй-жайларын тексеріп қарауды қамтитын кәмелетке толмағандарды ұстаудың арнаулы жағдайларын қамтамасыз етеді;
2) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының орналасқан жері бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына олардың өз еркімен кетіп қалу фактілері туралы хабарлайды және оларды іздестіру мен қайтаруға тікелей қатысады;
3) кәмелетке толмаған баланы ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымынан онда болу мерзімі аяқталғанға дейін бір айдан кешіктірмей шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаға мінездемені және онымен жеке профилактикалық жұмысты одан әрі жүргізудің, оның жұмысқа орналасуына және тұрмыстық жағдайын жасауға көмек көрсетудің қажеттілігі туралы ұсынысты кәмелетке толмаған баланың тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жібереді.
12. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына өздерін көрсетілген ұйымдарда ұстауға және оқытуға кедергі болатын аурулары бар кәмелетке толмағандарды орналастыруға болмайды. Мұндай аурулардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
13. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарын құру, олардың қызметін ұйымдастыру тәртібі және оларда кәмелетке толмағандарды ұстаудың шарттары Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органы бекіткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.
14. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар қабылдайды.
14-1-бап. Кәмелетке толмағандарды арнаулы мекемелер мен ұйымдардан шығару (босату) негіздері
1. Кәмелетке толмағандар арнаулы білім беру ұйымдарынан мынадай жағдайда:
1) сот айқындаған мерзім аяқталғанда;
2) кәмелеттік жасқа толуына байланысты мерзімінен бұрын;
3) мерзімінен бұрын, егер сот мекеме әкімшілігінің не кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссия ұсынысының негізінде кәмелетке толмағанға осы шараны одан әрі қолданудың қажеті жоқ деген қорытындыға келсе;
4) кәмелетке толмаған ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымына жіберілгенде;
5) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын мән-жайлар туындағанда шығарылады.
2. Кәмелетке толмағандар ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарынан мынадай жағдайда:
1) сот айқындаған мерзім аяқталғанда;
2) кәмелетке толуына байланысты мерзімінен бұрын;
3) мерзімінен бұрын, егер сот мекеме әкімшілігінің немесе кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссия ұсынысының негізінде кәмелетке толмаған осы шараны өзін түзеуге одан әрі қолдануды қажет етпейді деген қорытындыға келсе;
4) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын мән-жайлар туындағанда шығарылады.
3. Кәмелетке толмағандар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарынан мынадай жағдайда:
1) ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері анықталғанда;
2) арнаулы білім беру ұйымдарына, ерекше ұстау режиміндегі білім беру ұйымдарына орналастырылғанда;
3) балалар үйіне (интернатқа) орналастырылғанда;
4) сот үкімі заңды күшіне енгенде;
5) осы Заңға сәйкес аталған мекемеде кәмелетке толмағанның болуы мүмкін болмайтын мән-жайлар туындағанда босатылады.
15-бап. Денсаулық сақтау органдары
Денсаулық сақтау органдары өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң арасында санитарлық-гигиеналық бiлiмдi таратуды, сондай-ақ салауатты өмiр салтын насихаттауды;
2) кәмелетке толмағандар арасындағы маскүнемдiк, нашақорлық пен уытқұмарлық және осыған байланысты олардың мiнез-құлқындағы ауытқушылықтардың профилактикасы жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеп, iске асыруды;
3) ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған үш жасқа дейiнгi адасқан, тастанды және басқа да балалардың тәулiк бойы қабылдануын және бағып-күтiлуiн;
4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемлекеттiк органдары мен мекемелерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне консультациялық көмек көрсетудi;
5) алкогольдiк, есiрткiлiк және уытқұмарлық мас болу күйiндегi кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы қабылдауды және оларға медициналық көмек көрсетудi;
6) мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мамандандырылған диагностикалық және емдеу-қалпына келтiру көмегiн көрсетудi;
7) белгiленген тәртiппен арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандардың денсаулық жағдайы туралы қорытындылар әзiрлеудi;
8) алкогольдік ішімдіктерді, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның психикасына және дене мүшесiнiң функциялары мен мiнез-құлқына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де күштi әсер ететiн заттарды құмарлықпен салынып пайдаланатын кәмелетке толмағандарды анықтауды, есепке алуды, тексеруден өткiзудi және медициналық әлеуметтiк оңалтуды;
9) жыныстық жолмен берiлетiн аурулардың көздерiн анықтауды, осындай аурулармен ауыратын кәмелетке толмағандарды тексеруден өткiзудi және емдеудi;
10) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларға кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың, уытқұмарлықтың және маскүнемдiктiң таралуы, сондай-ақ осы бапта аталған функцияларды жүзеге асыратын денсаулық сақтау мекемелерiнiң орналасқан жерi, олардың қызметтерiнiң мүмкiндiктерi мен нәтижелерi туралы хабарлауды;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруды ұйымдастырады.
16-бап. Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды үйлестiретiн мемлекеттiк орган
Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды үйлестiретiн мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандардың еңбек шарттарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
17-бап. Әдiлет органдары
1. Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекциялары қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандардың өмiр салты мен мiнез-құлқын бақылауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ олармен жеке профилактикасы шараларын жүзеге асырады.
2. Әдiлет министрлiгi қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiндегi кәмелетке толмағандармен жеке профилактикасы шараларын аталған мекемелердiң әкiмшiлiгi өз құзыретi шегiнде жүргiзедi.
18-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасына қатысушы өзге де мемлекеттiк органдар
1. Мәдениет, ақпарат, дене шынықтыру, спорт және туризм органдары өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қадағалаусыз және панасыз қалуының профилактикасы жөнiндегi нысаналы бағдарламаларды әзiрлеп, iске асыруға қатысады;
2) қызметтерi кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары, қадағалаусыз және панасыз қалуы профилактикасының шараларын жүзеге асыруға байланысты балалар мен жастардың қоғамдық бiрлестiктерiне, әлеуметтiк мекемелерге, қорларға және өзге де мекемелер мен ұйымдарға жәрдемдеседi;
3) кәмелетке толмағандардың демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
4) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсұнушылық мiнез-құлқын және салауатты өмiр салтын насихаттау мен қалыптастыру жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
2. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары өз құзыретi шегiнде
Достарыңызбен бөлісу: |