4-тарау. Ұлттық алдын алу тетiгi
Ескерту. Заң 4-тараумен толықтырылды - ҚР 02.07.2013 № 111-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
26-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi
1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметi арқылы жұмыс iстейтiн, азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесi түрiнде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары өз қызметi шеңберiнде кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған арнаулы мекемелер мен ұйымдарда (кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарында, арнаулы бiлiм беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында) және осы қатысушылардың болуы (бұдан әрi – алдын ала болу) үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де ұйымдарда болады.
3. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестiру кеңесi iрiктейтiн, азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын қоғамдық байқаушы комиссиялардың және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтiк қызметкерлер, дәрiгерлер ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары болып табылады.
4. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметiн үйлестiредi, ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажеттi әлеуетi мен кәсiптiк бiлiмiн қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
27-бап. Үйлестiру кеңесi
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қызметiн тиiмдi үйлестiрудi қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң жанынан Үйлестiру кеңесi құрылады.
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдi қоспағанда, Үйлестiру кеңесiнiң мүшелерiн Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл құратын комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан сайлайды.
2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл:
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң жанындағы Үйлестiру кеңесi туралы ереженi;
ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушыларын iрiктеу тәртiбiн;
алдын ала болу үшiн ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушыларынан топтар құру тәртiбiн;
алдын ала болу жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды;
алдын ала болу қорытындылары бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртiбiн бекiтедi.
3. Үйлестiру кеңесi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетiнiң Азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жөнiндегi кiшi комитетiмен өзара iс-қимыл жасайды.
28-бап. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушыларына
қойылатын талаптар
1. Мынадай:
1) заңда белгiленген тәртiппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыс жасады деп күдiк келтiрiлген немесе айыпталған;
3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер және әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдар қызметкерлерi;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұратын адамдар ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары бола алмайды.
2. Қасақана қылмыс жасағаны үшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестiк кодексiнiң 35-бабының бiрiншi бөлiгi 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылған; терiс себептер бойынша мемлекеттiк немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттiк органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары бола алмайды.
Ескерту. 28-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
29-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушысы:
1) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай мекемелер мен ұйымдардың саны және олардың орналасқан жерi туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткiзе алуға;
3) алдын ала болуды құрылған топтардың құрамында белгiленген тәртiппен жүзеге асыруға;
4) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкiлдерiмен куәларсыз, жеке өзi немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгiмелесулер өткiзуге;
5) алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарды кедергiсiз таңдауға және оларда болуға;
6) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң қолданылғаны туралы хабарламалар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушысы заңды қызметiн жүзеге асырған кезде тәуелсiз болып табылады.
30-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының мiндеттерi
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары өз өкiлеттiктерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға мiндеттi.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың қызметiне араласуына жол берiлмейдi.
3. Алдын ала болу жөнiндегi топқа кiретiн ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының турашылдығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде, ол алдын ала болуға қатысудан бас тартуға мiндеттi.
4. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң қолданылғаны туралы қабылданатын хабарламалар мен шағымдарды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл айқындайтын тәртiппен тiркеуге мiндеттi.
Қабылданған хабарламалар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң қарауына берiледi.
Қабылданған және берiлген хабарламалар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала болу нәтижелерi жөнiндегi есепке енгiзiледi.
5. Осы Заңның ережелерiн бұзған ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
31-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының
өкiлеттiктерiн тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкiлеттiктерi:
1) осы Заңның ережелерi бұзылған;
2) өз өкiлеттiктерiн доғару туралы жазбаша өтiнiш берiлген;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
32-бап. Алдын ала болудың түрлерi мен кезеңдiлiгi
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болуы мыналарға бөлiнедi:
1) төрт жылда кемiнде бiр рет, ұдайы негiзде жүргiзiлетiн кезеңдiк алдын ала болу;
2) алдыңғы кезеңдiк алдын ала болу нәтижелерi бойынша ұсынымдарды iске асыру мониторингi, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары әңгiмелесулер өткiзген адамдарды алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiктерi тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында кезеңдiк алдын ала болулар аралығындағы кезеңде жүргiзiлетiн аралық алдын ала болу;
3) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң қолданылғаны туралы келiп түскен хабарламалардың негiзiнде жүргiзiлетiн арнаулы алдын ала болу.
2. Үйлестiру кеңесi бөлiнген бюджет қаражаты шегiнде алдын ала болу мерзiмдерiн және алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың тiзбесiн айқындайды.
33-бап. Алдын ала болу тәртiбi
1. Алдын ала болуды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң келiсуi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн қағидаларға сәйкес Үйлестiру кеңесi ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушыларынан құратын топтар жүргiзедi.
2. Алдын ала болу үшiн топтар құру кезiнде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне қатысты себептер бойынша немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бiр кемсiтуге болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгiне жүктеледi. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттерi орын алған жағдайда, алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдар әкiмшiлiгiнiң басшысы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдi жазбаша хабардар етедi.
4. Әрбiр алдын ала болудың нәтижелерi бойынша топтың атынан Үйлестiру кеңесi бекiткен нысанда жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала болуды жүзеге асырған топтың барлық мүшелерi қол қояды. Ерекше пiкiрi бар топ мүшесi оны жазбаша түрде ресiмдейдi және есепке қоса бередi.
34-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл
сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестiру кеңесi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала болу нәтижелерi бойынша есептерiн ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына:
уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу бойынша ұсынымдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiру бойынша ұсыныстар да енгiзiледi.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала болу жөнiндегi қаржылық есеп қоса берiледi.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға жiберiледi және оны Үйлестiру кеңесi бекiткен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмейтiн мерзiмде Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң интернет-ресурсында орналастырылады.
35-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушылары алдын ала болу барысында адамның жеке өмiрi туралы өздерiне белгiлi болған мәлiметтердi осы адамның келiсуiнсiз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу барысында адамның жеке өмiрi туралы өздерiне белгiлi болған мәлiметтердi осы адамның келiсуiнсiз жария етуi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
36-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың ұлттық
алдын алу тетiгiнiң қатысушыларымен өзара
iс-қимылы
1. Мемлекеттiк органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушыларына өздерiнiң заңды қызметiн жүзеге асыруына жәрдем көрсетедi.
Бiрде-бiр мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам азаптауды және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiн қолдану фактiлерi туралы ұлттық алдын алу тетiгiнiң қатысушыларына хабарлағаны үшiн азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының заңды қызметiне кедергi келтiретiн лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай iшiнде Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдi алынған баяндамаларды қарау нәтижелерi бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабардар етедi.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала барудың нәтижелерi бойынша есептерi негiзiнде Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртiптiк немесе әкiмшiлiк iс жүргiзудi қозғау не сотқа дейiнгi тергеу жүргiзу туралы өтiнiшхатпен жүгiнуге құқығы бар.
Ескерту. 36-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |