Қабдеш Жұмаділов
Тағдыр
БІРІНШІ БӨЛІМ
ЖОЛ ТОРАБЫ
I
– Демежан! Əй, Демежан! Демежан деймін... Тұрмайсың ба енді, өстіп
шалқар түске дейін жата беруші ме ең?.. Айтпақшы, бүгін сенің ұлықтарға
баратын күнің емес пе? — деген Бибінің өзіне таныс назды үні алыс бір
жақтан еміс-еміс естілгендей болады.
Бірақ үлкен темір кереуетте арыстай болып зорға сыйып жатқан жас
жігіт əлі толық оянбаған қалпында, көзін ашпаған күйі қымтана түсіп жата
берді. Балға қонған шыбындай кірпіктері ауырлап, санасы сазға батқандай
бірте-бірте бұлыңғыр тартып, тəтті ұйқының құшағына қайтадан ене
берген. Осы сəтте келіншегі қайта оралып, күйеуінің табанын қытықтады.
Оған да болмаған соң танауын қысып, еркелеп ойнауға кірісті. Тек осыдан
кейін ғана, жігіт амалсыз көзін ашып алған. Қолымен қармап Бибіні ұстап
алмақ еді, ол сықылықтай күліп, ұзап кетіпті. Үй-іші самаладай жап-жарық.
Күн едəуір көтеріліп қалса керек, терезе жақтауынан төр жаққа қиғаш сəуле
түсіп тұр.
Демежанның ұйқысы құждың ұйқысындай қатты еді. Солай болатын
жөні де бар. Жасы жиырма төртке жаңа келген, денсаулығында титтей ақау
жоқ, үйленгеніне əлі жыл толмаған бұла жігіттің таңғы ұйқысынан тəтті не
болушы еді бұл дүниеде?! Ол сырықтай ұзын бойымен там төбесін тірей
жаздап, орнынан тұрғаннан кейін де керіліп-созылып, буындарын бырт-
бырт үзіп, үй ішінде біраз жүрді. Сол бетінде босағада ілулі тұрған ашпалы
календарьдың қасына барып, бір парағын тарих қойнауына қарай аударып
тастады. Жаңа бетте: «1884 жылдың 25 мамыры. Император Гуансюйдің
таққа отырғанына 10 жыл» деген қытайша жазу тұр еді.
Үстіне жеңіл киімдерін іле салып, далаға барып жуынып келді. Бибі
шайын жасап күтіп отыр екен. Қай кезде үлгіргенін кім білсін, көшеге
шығып, наубайханадан сарымсақтан пісірген тəтті қалаштар, ыстық самса
əкеліп қойыпты. Демежан қаймақ қатқан күрең шайдан екі-үш кесе ішті де,
шайды асықпай тартатын Бибіні жеке қалдырып, өзі төргі үйге қарай бет
алды. Киім тұратын шкафты ашып, бүгін қалай киінсем екен дегендей сəл
ойланып қалған. Кенет жақында орыс факториясынан сатып алған Еуропа
үлгісіндегі жаңа костюмге көзі түсіп, соны киіп көруге аңсары ауды.
Ол үлкен шарайнаның алдына келіп, өзінің жана киім порымына
тосырқай қарап біраз тұрды. Мұндай үлгіні өмірі иығына іліп тұрғаны осы.
Сырттай жарасымды көрінгенімен, бойы үйренбегендікі ме, денесін кептеп,
тыртысып тартып тұрғандай əсер еткен. Ал өзі былай қарағанда, адамды
сұлу аттай сымбатты қып көрсететін, нағыз бозбаланың-ақ киетін киімі...
Қазір айнаның əр жағынан: үстінде сарғылт шұғадан тігілген қайырма
жағалы костюмі бар, басына сол түстес шляпа, аяғына біз тұмсық туфли
киген, еңсегей ірі денелі, қияқ мұртты, аққұба жігіт бұған жымия қарап тұр
еді.
Демежан аймақтың губернаторы Ши-амбының қарауында тілмаш болып
қызмет істейтін. «Несі бар, бүгін кеңсеге осыны киіп барып, бір көрінейін.
Қызық болсын, — деп түйді ол ішінен. — Іші күйгендер тұз жаласын».
Айнаның алдында ары-бері ойқастап тағы біраз жүрді. Бұрын өзі оқушы
кезінде де, кейін қызметкер болған шағында да, Маншың төрелерінің салты
бойынша, үстіне тік жағалы, өңірі қаусырмалы, жырық етек қытайы қамзол
киіп, оның сыртынан етек-жеңі солбаңдаған жібек халат іліп жүретін-ді.
Зиялылар үшін бұдан басқа да киім үлгісі болады деген ой үш ұйықтаса
түсіне кірмепті ғой. Үйленгеннен кейін бұрынғы порымын өзгертуге тура
келді. Одан жеріндірген — осы Бибі. Күле жүріп, мазақтай жүріп, ол
киімдерін тастатты да, осы қалада кейінірек шыққан ноғай сəнімен жаңаша
киіндіретін болды.
– Бибі, қайдасың? Бері келіп кетші, — деді Демежан ас үйде ыдыс-аяқ
жуып жүрген келіншегіне дауыстап. Əйел көзі қырағы ғой, алдымен соның
сынынан өткізуді жөн көрген.
Көп күттірмей босағадан Бибі көрінді. Жасы он тоғыз-жиырмаларға енді
келген, ат жақты, екі бетінің ұшында қан ойнап тұрған, тана көз сұлу
келіншек есіктен аттай бере күйеуіне көзі түсті де, аңырып тұрып қалды.
– Ой, Демежан, сен қазір кімге ұқсайтыныңды білесің бе? — деді
таңданғанынан аузына басқа сөз түспей.
– Иə, кімге ұқсап тұрмын?
– Аумаған консул болыпсың да қалыпсың... Саған баяғыдан бері осылай
киіну керек еді.
Демежан қарқылдап күлді. Анада қытайдың шаған мейрамы кезінде
Ши-амбы берген қонақасыда бұлар орыс консулы Балкашинмен
дастарқандас болғаны бар еді. Бибі соны еске алып тұр.
– Мен Ши-амбы
1
да, консул да емеспін. Мен кəдімгі Бибінің күйеуі
Демежанмын, — деді жас жігіт лепіре дауыстап. — Қалай мына киім
ұнамай ма саған?
– Ұнағанда Қандай! Бұрын ана бір сөлбірейген киімдерін қалмақтың
келеңіне ұқсатып, кісінің ішін пыстырушы еді. Міне, нағыз сері болдың да
шықтың.
– Əй, білмеймін-ау. Маған шалбары сəл тар сияқты көріне береді.
Отырғанда ауы сөгіліп кетіп, абиырымызды ашып қалып жүрмейміз бе?
– Бұрын кең киімге үйреніп қалғандікі ғой. Дағдыланған соң білінбей
кетеді, — деді Бибі күйеуінің жаға-жеңін жөндеп жатып. — Ана жылы
қызық болған... Мен сорлы он беске келгенше ұлша киініп жүрдім емес пе.
Жеңгелерім енді бой жеттің деп алғаш қызша киіндіргенде, мен етегіме
оралып, жығылып қала жаздағанмын...
Иə, солай еді-ау, айтпақшы. Бибінің еркек-шора болып жүрген кезін
Демежан өз көзімен көрген-ді. Бибі ол жылдары бұған жай балдыз
есептелетін. Демежан, əсілі, өзінін жастай құда болған қалыңдығы —
Құрман қажының үлкен қызы Мəрияға үйленуге тиіс еді. Бірақ оған
қосылуға тағдыр жазбады ғой. Бұл жайлау үстінде қайнына ұрын барып,
келінді күзге қарай түсіреміз деп отырғанда, Мəрия іш кірнесінен қайтыс
болды. Осыдан кейін Құрман қажы өзінің жақсы құдасы Керімбаймен
арақатынасын үзгісі келмей, Демежанды жетіп келе жатқан кіші қызы
Бибіге қаратқан... Ал Бибіні алғаш рет қалай көргені əлі күнге дейін есінде.
Мұнын сол ауылға ұрын барып жатқан кезі ғой. Жылқышылармен бірге
асаудың құлағында ойнап жүрген «бала жігітті» біреулер сыртынан
таныстырып, «Мынау ұл емес, қыз. Сенің туған балдызың. Емшегін мытып
ойнамайсың ба» дегенде, бұл сенер-сенбесін білмей, таңырқап қалған.
Шынында да, өңі балбұл жанып, көзінен от ұшқындап тұратын, қайсар-
қыңырлығында шек жоқ, бұла тентекті анық білетіндер болмаса, ешкім де
қыз деп көңіл аудармастай еді... Сол еркек-шора асау қыз тағдырдың
жазуымен күндердің күнінде маған əйел болады деп Демежан ол кезде
ойлады ма екен?! Қайдағы... Тіпті үш ұйықтаса түсіне кірген емес.
Кейін қалыңдығы қайтыс болған соң, əкесі Керімбай: «Сен енді
Құрекеннің кіші қызын алатын болдың» деп хабарлағанда, бұл ер-тоқымын
баурына алып, көпке дейін көнбей
тулағаны есінде. Бірақ қанша тулағанмен ата-ана əмірінен асып қайда
барасың. Арада екі үш жыл өткенде сол ауылға қайтадан ұрын баруға тура
келген. Бұл жолы Бибіні көргенде, тағы да өз көзіне өзі сене алмады.
Алдында бұл күткен баяғы тентек еркекшора емес, хор қызындай үлбіреген
жас қалыңдық тұр. Бұрынғы əпкесінен əлдеқайда сұлу, əлдеқайда қылықты
еді. Жас жігіт ұтылмағанын сезіп, тағдыр қосқан жаңа қосағына құлай
берілген.
Əлде сол бір риясыз балалық шақ есіне түсіп кетті ме, Демежан аяқ
астынан қатты толқып, келіншегінің аппақ, жұмыр білегінен шəп беріп
ұстай алды да, аса бір қызу жалынмен бауырына тартты.
– Жіберші, Демежан, киімің қыртыстанып қалады, — деді Бибі наздана
қарсылық білдіріп.
– Мейлі, қыртыстана берсін... Шынында да, сен онда ұл сияқты едін-ау!
— деп Демежан ыстық демімен жас əйелдің құлақ түбін дуылдата, алқына
сыбырлады. — Айтшы, қазір қыз болып жаралғаныңа өкінбейсің бе?
– Жаным... Екі дүниеде өкінішім жоқ, — Бибі де күйеуінің құшағына
тығыла түсті. — Сендер əйелді түсінбейсіңдер ғой... Сендей еркектің
қасында өзінің əйел екеніңді сезінудің өзі бақыт емес пе. Тіпті, бүгін өлсем
де арманым жоқ...
– Қойшы, ондай жаман сөзді айтпашы. — Демежан құшағын жазып,
келіншегінің жүзіне барлай қарады. — Бүгін өнін бір түрлі сынық қой. Бір
жерін ауырмай ма?
– Жоға, ауру-сырқаудан аман сияқтымын. — Бибі күйеуінің арыстай
кеудесіне қайтадан басын сүйеді. — Тек мына қалаңда ішқұса болып өлетін
шығармын. Ауылға апаршы мені... Кетейікші кең сахараға!
Келіншегінің ауылды өлердей сағынып, іші пысып жүргенін Демежан да
сезетін еді. Бибі – даланың еркін құсы ғой, тар қапасқа қамалғандай
үйренбеген дүниеге қашанғы шыдасын. Жаз шыққалы, əсіресе, Барлықтан
қайтқан Керімбай ауылдары Еміл бойынан дүрк көтеріліп, Көкжайдақтағы
көктеуге келіп қонды дегенді естігелі, қойы қоздап, ботасы боздап жататын
ауыл тірлігі өзінің де көз алдынан кетпей, көкірегін сағыныш кернеп
жүретін-ді. Сол бір бұла сезімге Бибінің сөзі қамшы болып, жан дүниесін
одан арман алай-түлей етті.
– Жарайды, сəл сабыр ет, бəйбіше. Бəлкім бүгін-ертең ұлықпен сөйлесіп,
біраз күн елге барып қайтуға рұқсат сұрап алармын.
– Сөйтші, тілеуіңді бергір. Неден екен, қызыл ірімшікке аңсарым ауып,
сілекейім шұбырып жүргені...
– Солай ма... Оныңды əнеугүннен бері неге айтпадың? Құдай бірдеңе
беретін шығар! — Демежан Бибіні қайта құшақтап, ауыр шолпы басып
тұрған қос өрім қолаң шашынан еркелете сипады. — Асықпа, амандық
болса ауылға да барармыз, қызыл ірімшікке де тоярмыз...
Соны айтып есікке қарай беттеген. Əлденеге мерейі тасып, көңілдене
шалқып шықты далаға. Бұлар қаланың орыс факториясына қарайтын батыс
жағында, Шəуешектегі ең бай саудагер Шəнішевтің қорасында тұратын-ды.
Ауласының өзі ат шаптырым. Сəті түсіп тұрғанда жерді молырақ қамтып,
бүкіл бір кварталды дуалмен қоршап тастаған. Ауланың төр жағындағы
темір шатырлы, еңселі үйде байдың өзі тұрады. Жалпы, Шəнішевтер əулеті
өте көп болса керек. Бір шеті Қазан, Семей, тіпті, сонау Омбыға дейін
созылып жатқан сауда капиталының бір тармағы енді, міне, Шəуешектен
келіп шықты. Жеке бұл қала емес, Үрімжі, Құлжа жақта да сауда дүкендері
бар деп естиді. Демежан басқаларын əлі көрген жоқ, мұндағы мол сауданы
басқарып отырған — Рамазан Шəнішев дейтін отыздар шамасындағы жас
жігіт. Зүлайха деген аршыған жұмыртқадай аппақ, сұлу əйелі бар. Тек
құдай-тағала баладан таршылық етіпті... Бір тəуірі, Зүлайха сұлу Бибіні
жалғызсыратпайды, бір уақыт өзімен бірге көше аралатып, қала сəнімен
киім тіктіріп, əйтеуір ермек тауып жүреді.
Өткен жылы Демежан Рамазан байға аймақ территориясын емін-еркін
аралап, сауда жасауға губернатор Ши-амбыдан рұқсат алып берді де, екеуі
содан бері достасып кетті. Қаланын шет жағында жұпынылау үйде тұратын
Демежанды қоярда-қоймай қолқалап жүріп, ақыры өзіне көрші етіп алды.
Демежан əу баста тиын сауған саудагермен пəтер ақысы жөнінде
біржола келісіп алғысы келген. Бірақ Рамазан ашық саудадан қашқалақтап:
– Жақын дос адамнан ай сайын тиын-тебен санап алып жатқанымыз
ынғайсыз болар. Сіз сияқты азаматтың маған осылай көрші қонғанының өзі
неге тұрады... Егер алда-жалда бірдеңе төлегіңіз келсе, əкеңіз қалаға жүн-
тері, мал өткізген кезде есептесерміз, — деп сөз аяғын ұзын арқан, кең
тұсауға салды. Содан қайтып араларында бұл мəселе жайында əңгіме
болған емес.
Кең ауланың батыс қапталын қаз-қатар созылған қойма-складтар алып
жатыр. Одан төменірек қақпаға таяу ат қоралар, арба-шана, отын-шөп
тұратын лапас қорғандар. Сол қоймалар маңында қарбаласып жүрген адам
шоғырының арасынан Шəнішевті көріп қалды да, Демежан солай қалай
бұрылды.
Шамасы, Семей жақтан сауда керуені келген секілді. Көп адам арбаның
үстіндегі тай-тай жүктерді қолдаса көтеріп, қоймаларға тасып енгізіп
жатыр. Ал ат қора маңында мырзаның өзі бастатқан тағы бір топ кісі
сүліктей қос күрең жегілген қоңыр апа күймені тамашалап тұр екен.
Демежан қастарына келіп сəлем бергенде, байдың өзі бұған айрықша назар
аударып:
– Келіңіз, Демежан əпенді. Менің мына жана фаэтоныма көрімдік
беріңіз, — деп жарқылдай амандасты.
– Алыңыз... Көрімдігі бір ат болсын, — деді Демежан ойланбастан. —
Мынау өзі қылауы түспеген жаңа дүние ғой. Қай жақтан алдырдыңыз?
– О, бұл дегеніңіз бүкіл Азияны аралап, Семипалат арқылы сонау
Омбыдан келіп тұр. Соған енді мына қос күреңді жегіп, тамашасын көрсек
пе деп тұрғанымыз ғой.
– Мынауыңыз, шынында, жақсы нəрсе екен! — Демежан күймеге шын
қызығып, солқылдаған резеңке дөңгелегін, үстіндегі жаппалы-жималы
күнқағарын түгел ұстап көріп шықты. — Қанша тұрады екен, өзі?
– Пəлендей қымбат емес. Ұзаса үш-төрт жылқының құны, — деп татар
байы мардамси күлді.
– Олай болса, осынын біреуін маған да алып берсеңіз қайтеді?
– Əперуге болады. Егер алушылар табылса келесі жолы он шақтысына
бірден заказ берейін деп отырмын... Кəне, марқабат етіңіз, кеңсеңізге
апарып тастайын.
– Рақмет. Жақын жер ғой, өзім-ақ барармын, — деді Демежан. — Егер
алда-жалда қызық көрсетем десеңіз, ертеңдер осы күймеңізбен Бибі
екеуімізді ауылға жеткізіп салуыңызға болады.
– Ауылдарыңыз қай жерде еді?
– Жақын. Қазір Боздақтың аяғында, Көкжайдақта отыр... Қолыңыз тисе,
өзіңіз де бірге жүріп, қонақ боп қайтыңыз.
– Бек рақмет. Өзім бара алмаспын. Ал сіздерді жігіттердің бірі жеткізіп
салар, — деді Шəнішев.
«Бұл да бір біткен іс болды» деп көшеге шыққан Демежан адымдай
басып, жергілікті Маншың
2
ұлықтарының мекен-жайы боп табылатын ескі
жамбылға қарай бет түзеді. Шəнішевтер үйі мен ескі жамбылдың арасы
оншалық қашық емес-ті. Екеуі де бір кезде Шəуешек шаһарының негізін
құрайтын қаланын орталық бөлігіне жайласқан.
Қала жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, бұрынғы қысқа қайрылатын
шолақ көшелер ұзара түсіп, тез ұлғайып келеді. Қазір қаланың батыс бөлігі
Көк көпірден ары асып, солтүстігі Қарадөң, Жауыртаммен тұтасып, шығыс
жағы қазір жаңа жамбылдың құрылысы жүріп жатқан Ой махаллаға дейін
барып қалды. Шəуешек бұрын осы өңірдегі сауда орталығы ретінде аты
шықса, бұдан жеті-сегіз жыл бұрын Тарбағатайдың əміршісі Ши-амбынын
Дөрбілжіннен осында көшіп келуіне байланысты, əкімшілік жағынан да
аймақтың бас қаласына айналған. Ал екі елдің келісімі бойынша, Шəуешек
пен Құлжада Ресейдің сауда факториясының ашылуы бұл қаланын даңқын
тіпті аспанға көтеріп жіберді. Кейінгі жылдары Батыс Сібір мен қазақ
даласынан шығып, Қашқария мен ішкі Қытайға қатынайтын сауда жолы да
осы өлкені басып өтетін болды.
Кім де болса, о баста осы қаланын орнын таңдаған адамның талғамында
қапы жоқ. Қала тастаған таяғың тал боп өсетін құнарлы топыраққа
орналасқан. Шығыс іргесінде Тарбағатай төсінен құлап түсетін мол сулы
Қараүңгір өзені ағып жатыр. Оның сыртында қаланы бірнеше жерден
кемейін беріден, қалың шилі, саздауыт даладан алатын, терең арналы, көк
иірім қарасулар жарып өтеді. «Сулы жер — нулы жер» деп бұрынғылар
тегін айтқан ба. Айналасы бірер ғасырдың ішінде Шəуешектің бау-
бақшалы, көшелерінде көк теректер бой түзеген, сəнді қалаға айналуы
осыдан болса керек.
Император Цяньлунның тұсында, яғни 1758 жылы Цин империясы мол
əскермен келіп, Шығыс Түркістан мен Жоңғарияны өзіне қаратып алған
шақта, жолындағы жұртты топан судай таптап өткен қалың қолдың жаңа
өлкеге ішкерілей еніп, ат басын тіреген бір жері—осы Тарбағатай өңірі
болатын. Одан бұрын Құлыстай
3
аталатын бұл өлке қазақ пен қалмақтың
итжығыс түсіп жүрген кезінде, бір-бірінен кезек тартып алып, алма-кезек
қоныстанып келген жайылым-мекені еді. Қазіргі Шəуешектің орнында
алыс сапарға шыққан сауда керуендері тоғанақтарын түсіріп, түйенің белін
суытып, түнеп аттанатын шағын ғана бекет үй тұратын-ды. Шығыстан
селдей қаптаған Маншың əскері осы араға дейін келді де, бұдан ары
батысқа қарай баса-көктеп жүре беруге батылы жетпей, тым құрыса
Тарбағатайда табан тіреп қалайық деген оймен, жеделдетіп бекініс салуға
кірісті.
Жаңа салынған бекіністі Маньчжур өкіметі өз тілінде «Сунцзай-чан»,
яғни «жаңғырған қала» деп атаған екен. Алайда, жергілікті халық өзі
түсінбейтін бөтен сөзге тілін сындырып, əуреге түсіп жатсын ба, жаңа
мекен-жайға өздерінше «Шəуешек» деп ат қойып алған. «Шəуешек» —
түрік-монғол тілінде тостаған деген мағына береді. Былай ойлап қарасаң,
шынында да, айдалаға келіп орнаған шара-аяқтай ғана шағын бекініске
бұдан артық қандай ат қоюға болады?
Бұл өлкеге саудамен келіп-кетіп жүретін саудагерлер керуені бекініс
салынғаннан кейін де тыйыла қоймайды. Жаздың шеті жылт етісімен-ақ,
қорғанның сыртындағы қарасулардың бойында киіз үй, шатыр тігіп алған
Қашқар, Самарканд Ташкент, Марғұланнан келген сауда тоғанақтары қара
құрттай қаптап, ошарылып жатып алатынды шығарады. Келе-келе оларға
қысы-жазы бірдей жайлайтын тұрақты мекен-жай қажет болады. Мұндайда
саудагерлерден айла-шарғы артылған ба, кешікпей олар мұңында лажын
табады. Орталарынан мол қаржы шығарып, ол кезде Дөрбілжінде тұратын
Тарбағатайдың əміршісіне сый-сияпат апарады да. Шəуешек бекінісінің
маңынан сауда дүкендері мен керуен сарайларын салуға рұқсат сұрайды.
Сірə, ол тұстағы ұлықтың да тамағы тесік болса керек, мол сыйлықтан
қарбыта асап, мелдектеп тойып алған əмірші əлгілерге сауда алаңын ашу
үшін екі жүз аршындай жерге қағаз жасап берген екен. Жырынды
саудагерлерге жаңағы бір жапырақ таңбалы қағаздың өзі-ақ жетіп жатыр
еді. Олар ең алдымен кезінде «Сарт қорғаны» деп аталған шағын базар
ашады да, осыдан кейін-ақтұмсығы тиген майлы құйрықты үңгіп жей
береді. Содан арада біраз жылдар өткенде жаңағы «Сарт қорғаны» ұлғая-
ұлғая, үлкен қалаға айналып кеткенін жергілікті Маншың өкіметінің өзі де
аңғармай қалса керек...
Шəуешек шежіресі жайында тарихшы ұстазы Ли-шансыңнан ұғынған
осы жайларды көз алдынан өткеріп, ой шырмауында келе жатқан Демежан
кенет селт етіп, басын көтеріп алды. Қараса тік көшені бойлап, қалалық
баудың тұсынан өтіп барады екен. Межелі тұсқа келгенде үйреншікті
жолымен шығысқа қарай бұрылды.
Осы көлденең көшенің сол жақ қапталында Ресейдің сауда факториясы
орналасқан. Мұның өзі бүкіл бір кварталды құшағына алып жатқан,
айналасын биік дуалмен қоршап тастаған, мемлекет ішіндегі мемлекет
сияқты бір орын еді. Орыс консулы Балкашин де сол қоршаудың ішінде.
Биік қақпа маңдайшасында екі басты самұрық құс бейнеленген Ақ
патшаның гербі мен желбіреген ала туы сонадайдан көз тартып тұрады.
Орыс сауда факториясы Шəуешекте алғаш рет 1852 жылы ашылғанды.
Кейін алпысыншы жылдардағы қазақ-дүнген дүрбелеңі кезінде фактория
уақытша жабылып қалды да, ел іші тынышталған соң, жетпісінші
жылдардың басында қайта келіп орнықты. Алғашқы консул Татаринковтың
орнын осыдан төрт-бес жыл бұрын Николай Никонорович Балкашин келіп
басып еді.
Орыс елшілігінің алдынан өтерде Демежан жүрісін сəл баяулатып, ашық
қақпадан іш жаққа бажайлап көз жіберді. Ондағы ойы өзінің жаңа танысы,
консулға таяуда тілмаш боп келген қазақ жігіті Əріп Тəңірбергенов көріне
ме дегені еді. Ондай ешкім көзіне шалынбады. Қақпаның алдында аппақ
шалбары бұтына жабысқан, үстінде шолақ етек жасыл мундир, басына сол
түстес қоқырайған қалпақ киіп, мылтығын құшақтап сенделіп жүрген
мұртты солдаттан өзге тіршілік белгісі білінбейді.
Демежан көп бөгелмей ілгері жүріп кетті. Орыс елшілігі мен жергілікті
жұрт жамбыл деп атайтын қытай бекінісінін екі арасы бəлендей қашық
емес. Елшіліктен сəл қиыс өтсең болғаны, төрт бұрышында қарауыл
мұнаралары бар, қақпасының алдында айдаһар бейнелі, сарғыш ту ілінген
көне қорған мен мұндалап көрініп тұр. Ежелден бері бақ күндес боп келе
жатқан екі империя өкілдігі бірінің-бірі төбесін көріп отырмаса сағынып
қалатындай, бұлайша иық тіресіп, қатар жайғасуы тіпті де тегін емес.
Біреуі шығысқа, екіншісі батысқа қарай ентелей ұмтылып, еміне қол
созғанда, əр екі жақтың да бұдан ары жылжуға мүмкіндігі болмай, төс
тіресіп тұрып қалған бір жері — осы қала екені анық. Бұрын бұл өлкені бір
ғасырға жуық емін-еркін, дара билеп келген Цин өкіметі соңғы жылдары
шалжиып жатқан жерінен сəл ығысып, көршісіне орын босатқандай болып
еді.
Қазір Шəуешектегі қос қорғанның ішіне тығылып отырған екі елдің
өкілдігі — бейне таразының екі басы іспетті. Түбінде қайсысы басым
түседі? Екі басты самұрық пен төрттағанды аспан айдаһарының қайсысы
жеңеді? Оны андағы уақыт көрсетеді.
II
Қамал қақпасының кіре берісінде қарулы күзет тұр. Сүр кенеттен
тігілген əскери формасы бар, жас мөлшерін айыруға болмайтын, қайыстай
қатқан пəкене шерік, бүгін Демежанға күндегідей иіліп сəлем берудің
орнына, түсін суыққа салып, алдын кес-кестей берді. Қытайша дауыс
көтеріп:
– Қайда барасыз? Рұқсат қағазыңызды көрсетіңіз! — деп қалды.
Демежан «əлдебір өзгеріс болды ма» деп, басында қатты абыржып
қалған. Бірақ іле-шала ананың шатасып тұрғанын сезіп, көңілі орнына
түсті.
– Сен не, ақымақ, тағы бірдеңе тартып алғаннан саумысың? Амбының өз
қызметкерін танымай қара басты ма сені? — деп ақырып жіберді.
Киім үлгісі өзгерген Демежанды шерік байғұс, шынында да,
шатастырып алса керек. Кенет басы жерге жеткенше иіліп, құлдық ұрды да
қалды.
– Кешіріңіз. Дүңші
4
мырза! Бүгін құдай ұрып сізді танымай қалғаным
рас... Ал апиын жөніне келсек, өткендегі қатал бұйрықтан кейін мен тіпті
ауызға алуды қойғанмын...
Демежан оның сөзін шала-шарпы тыңдап, ішке қарай өте берді. Ана
сорлының апиын дегенде жан ұшыра шошығанына күлкісі келді. Бұл күнде
қытай-маньчжур зиялылары мен əскери қауымды жайлап алған бір дерт
бар. Ол — жаппай апиын тарту. Сол пəле шалғайдағы Шəуешекті де
жайлап бара жатқан соң, Ши-амбы биыл жыл басында құмарпаздарға
қарсы қатал заң шығарған. Əскер арасында апиын тартады делінген елу-
алпыс адамды қамалдың ішіне тізіп қойып, шетінен дүрелеткен... Əлгі
шеріктің зəре-құты қалмай қорқып тұрғаны сол еді.
Демежанның соңғы он шақты жыл өмірі осы бекініс-қамалдың ішінде
өтіп келеді. Əкесі Керімбай қолынан жетелеп əкеліп, Ши-амбыға аманатқа
тапсырғанда, бұл он үштегі бала болатын. Ол жылдары жалғыз Керімбай
емес, қол бастап, өкіметке қарсы бүлікке қатысады-ау деген ру
көсемдерінің көбі-ақ өз балаларын бауырынан жырып, ұлыққа əкеп беруге
тиіс болған. Демежан Ши-амбының қолында қытай-маньчжур балаларымен
мектепте бірге оқыды. Гимназияны бітіріп шыққан соң, мырза қамаудан
енді құтылармын деп дəмеленген. Бірақ басқа бір киілген тағдыр
ноқтасынан босану оңай емес екен, Ши-амбының шырмауынан шыға
алмай, осы төңіректе қалып қойды.
Бұдан бір ғасырдай бұрын асығыстау соғылған қамал-бекіністің
қабырғаларын қазір жауын шайып, жел қағып, мүжіліп бітуге айналған-ды.
Онсыз да тозығы жетіп тұрған дүниені алпысыншы жылдары басталған
дүнген көтерілісі кезінде бүлікшілер дуалдың түбіне су қаптатып, оқ-
дəрімен атқылап жүріп, мүлдем сілікпесін шығарды. Сол кезде шұрқ-шұрқ
тесілген, құлаған дуалдардың орны əлі де үңірейіп көрініп тұр.
Қабырғалары да мүжіле-мүжіле аласарып, бұл күнде бала-шаға өрмелеп
шығып кететіндей күйге жетіп еді. Алайда қытай-маньчжур билеушілері
қай қалада болсын бекініс-қорғансыз отыра алмаған ғой. Соңғы жылдары
қаланын шығыс шетінде жаңадан қамал салынып жатыр. Сол жаңа
құрылыс біткенше, амал жоқ, осы көне қамалды паналай тұруға тура
келеді.
Ескі жамбылдың алып жатқан аумағы пəлендей үлкен емес,
қабырғаларының ұзындығы екі жүз елу, үш жүз метрден аспайды. Қазір
мұнда губернатор-амбы кеңсесі мен аймақтың тағы бірнеше мекемесі иін
тіресіп зорға сыйып отыр. Үлкен ұлықтардың тұрғын үйі, мекен-жайы да
осында. Қамалдың іші толған суырдың ініндей бұрма-бұрма көшелер, ығы-
жығы үйлер. Мына бір сары шифермен жабылған имек шатырлы жатаған
үй — будда храмы, ғибадатхана. Сонау көрінген көп терезелі, ұзынша
ғимарат бір кезде Демежандар оқыған мектеп еді, қазір оқу орны қамалдың
сыртына көшірілді де, мектеп үйі қала гарнизоныңың казармасына
айналды. Ал төр жақтағы ежелгі қытай храмдарының үлгісімен салынған
еңселі, биік үй — губернатор кеңсесі. Аймақтың əміршісі Ши-амбы осында
отырады. Демежан қайшыласқан көп адамның арасынан сығылысып өтіп,
жанағы еңселі үйге қарай бұрылды да, ауыз жақтағы тілмаштар бөлмесіне
келіп кірді.
Бөлмеде əр ұлт өкілінен бірнеше адам отыратын. Демежаннан басқа
ұйғыр тілмашы Əсенажы, торғауыт Бадымжап жəне бар тілге бірдей жүйрік
Сібе
5
жігіті Дабынтай бар. Демежан келгенде сол үшеуі əлдене жайында
қызу əңгімелесіп отыр екен. Есіктен кірген мұны көріп, су сепкендей
басылып қалды. Бұл мекемеде бастан асып жатқан пəлендей көп жұмыс
жоқ. Əлдеқалай үлкен ұлыққа қажеті болып шақырғанда, не əлдебір құжат-
қағаздар дайындағанда болмаса, жігіттер көбінше осылай əртүрлі
əңгімемен уақыт өткізеді.
Қысқаша аман-сəлемнен кейін тілмаш жігіттер манағы үзілген əңгімені
қайта жалғастырды. Бір қызығы, Шəуешектегі əр ұлт өкілдері бас қосқанда
бір-бірімен қазақша сөйлеп ұғысатын-ды. Қазақ тілі бəріне ортақ түсінікті
тіл сияқты еді. Мыналар да сол үрдіспен қазақша сөйлесіп отыр. Дембелше
келген, жалпақ бетті, қысық көз, қара жігіт — Бадымжап əңгімені
суыртпақтап келді де, ендігі сөз төркінін Демежанға қарай бейімдеді.
– Демежан, сен естідің бе, жоқ па, мына Дабынтай бізден гөрі ұлықтарға
бір табан жақындау ғой, осы жігіт бізге бір жаңалық айтып отыр...
– Иə, ол қандай жаңалық екен? Біз де тыңдайық, — деді Демежан
орнына жайғасып отырып жатып.
– Осы жазда біздің Шыңжаң өлкесі мен орыс жерінін арасына ресми
мемлекеттік шекара тартылады дейді. Ол үшін екі жақтың шекара
комиссиясы келіп, осы Шəуешекте бас қосатын көрінеді... Біз манадан бері
соны əңгіме қып отыр едік. Бұл туралы сенін қандай естіп-білгенің бар? —
деді Бадымжап, езуі көбіктеніп, сəл асығып сөйлейтін əдетімен.
Бадымжаптың айтып отырғаны, шынында да, маңызды хабар еді. Бірақ
Демежан оған таңырқаған жоқ. Соған қарағанда, бұл оның көптен күтіп
жүрген жаңалығы секілді. Жігіттер жауап күтіп отырғанын сезіп, сəл
ойланып қалды да:
– Шекара мəселесі екі ел арасында бірталайдан сөз болып, тоқ етер
шешімін таппай, созылып келген əңгіме ғой. Демек оның да толғағы
жеткені де, — деді баяу тіл қатып.
Осы тұста сөзге бір бүйірден Дабынтай араласты:
– Шекара сызығының түбінде бір тартылатынын бəріміз де білеміз.
Бірақ сол сызық қай арамен жүреді? Мəселе сонда, — деді ол дауысын соза
түсіп. — Мəселен, шекара Тарбағатай тауының теріскейімен жүре ме, əлде
күнгейін басып ете ме? Біздің Шəуешек қай жағында қалады? Міне, бізді
қинап отырған жай осы.
– Оған бола несіне бас қатырасыңдар, тым қатты қиналмаңдар, — деп
күлді Демежан. — Екі жақтың да мықты білгірлері, ақы иелері бар ғой, бір-
біріне есесін жібере қоймас.
Бірақ өкпесі қабынып, желігіп алған Бадымжаптың жуық арада
тоқтайтын түрі жоқ. Көз жанары мүлде жұмылып, екі көзінің орнында екі
кішкентай сызық қалып, тырқылдап күліп алды да:
– Бізді қойшы, біздің жарамыз жеңіл. Түбінде басы қататын біз емес,
мына сен боласын, — деді ол Демежанға еркін сөйлейтін əдетімен. —
Ұйғырдың сібе-солаң мен қалмақтың жайы белгілі. Біз үшеуміз шекара қай
араны басып өтсе де, əйтеуір соның шығыс жағында, Жуңго
6
жерінде
қаламыз. Ал мына сенін жағдайын не болады? Қазақ екіге бөлінейін деп
тұр ғой. Тегінде «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» дейтін бе еді?
Сонда Төртуылдар қай жағына бейімделмек. Ақ патшаға ма, əлде
Еженханға
7
ма?
Егер Демежан досым орысқа қарап кетсе, менің күнім не болады?
Манадан бері менің қабырғама батып тұрған нəрсе осы, — деп сөз аяғын
əзілге шаптырды.
Мұндай ащы əзілге Демежан да шиыршық атып, сұқсұр көрген
сұңқардай іліп түсуге дайын отыр еді. Көмейіне келген сөзді ірікпей ол да
айтып салды:
– Ой, тəйір-ай, соны да сөз деп айтып отырсың ба? Баяғы да мына
Дабынтайдың аталары Жоңғар мемлекетінің күлін көкке ұшырып, жермен-
жексен еткенде, Торғауыттан да тұқым қалып, солардың сарқытынан бүгін,
міне, өзің сияқты тілмаштар шыққан жоқ па. Қазақ та бірдеме қып күнін
көрер... Біздің қазақ ежелден етек-жеңі кең халық қой. Бір қолын Ақ
патшаға артса, екінші қолын Еженханға артып, ортасында жүре береді де,
— деді өз сөзіне өзі сүйсінгендей сақ-сақ күліп.
Сөзден ұтылған Бадымжап құлағына дейін қан теуіп, күреңітіп кетті де:
– Ой, тіліне шоқ түссін, тентек қазақ! Жайыма жүрмей саған соқтығып
нем бар еді? Өзіме де сол керек! — деп кеңкілдеп күле берді.
Жалпы, Бадымжаптың Демежанға деген жат көңіл, жаман ойы жоқ-
тұғын. Қайта оңаша қалған кездерінде «Қазақ-қалмақ—киіз туырлықты бір
елміз» деп жан тартып жүретінді. Сірə, жігіттердің арасына от жағып, түтін
салып отырған — мына Дабынтай сұм секілді. Дабынтайда: «мен —
халдай
8
тұқымымын, Маншың өкіметінің он қолы, бел баласымын» дейтін
бір сасық кеуде бар. Оның үстіне Демежанның бұратана жұрт өкілі бола
тұра, Ши-амбыдай үлкен ұлықтың алдындағы еркіндігін, беделін өлердей
қызғанып, сыртынан мыш-пыш өсек айтып жүретіні де жасырын сыр емес-
ті. Дабынтай дəл қазір де өзінің сол жуандығын, іргежаулығын көрсетпей
қала алмады.
– Басқаны білмеймін, ал Шəуешек қолдан шығып кетеді екен деп
уайымдамай-ақ қойыңдар, — деді шойыннан құйылғандай шойқара
денесімен орындықты сықырлата шірене түсіп. — Патшалардың патшасы,
аспан астының бірден-бір билеушісі, көктің ұлы Еженхан өзінін иелік еткен
жерінен бір адым кейін шегінбейді. Ал дəргейіндегі бұратана халықтардың
қайсысын қуып, қайсысын алып қалам десе де ұлы императордың өз
қолында.
– Сонда бұл жерден көшіп кететін кім, сеніңше? — деді Демежан оған
ажырая қарап.
– Егер біреулер кетуге тиіс болса, əрине, ең алдымен қазақ кетеді, — деді
анау да тайсалмай. — Біріншіден, қазақтар бұл өлкеге кейін келіп
қоныстанды. Тегінде сендердің ата-мекендерің батыста, орыс қарауында
қалған жоқ па... Екіншіден,—деп Дабынтай сəл іркіліп қалды, —
екіншіден, қазақтар — ежелден-ақ мал соңында көшіп-қонып үйренген ел
ғой. Оларға кімге қараса да, төрт түлік малын қайда апарып жайса да
бəрібір емес пе?!
Демежан манадан бері Дабынтайдың табақтай бетіне емес, күжірейген
желкесіндегі тоқпақтай айдарына қарап отырған. Кенет ыстық қаны басына
теуіп, орнынан қалай атып тұрғанын өзі де аңғармай қалды.
– Иттің баласы, осы отырған жерінде айдарыннан ұстап тұрып,
мойныңды бұрап жұлып алайын ба?! — деді бойын буған ызадан қалш-
қалш етіп. –– Бұл өлкеге кімнің бұрын, кімнің кейін келгенін айыратын —
мына сенбісін? Сенің аталарын императорға жалдамалы əскер болып,
осында аяқ басқанына, міне, жүз жылдан енді ғана асты. Ал, наймандар
хандық құрып, Тарбағатайды мекендеп жүргенде, Шыңғысханның өзі
тумаған болатын. Сен осыны білесін бе?
Осы кезде ойыннан от шығып кетер деді ме, Бадымжап пен Əсенажы
араға түсіп:
– Қойындар, жігіттер.
– Ойынның аяғы шынға айналып кетіп жүрмесін, — деп екеуіне басу
айтқан болды.
Дабынтай əлдебір дауды бықсытып, бастауын бастағанмен, теке тіреске
келгенде, ішмерез арам адамдардың əдетінше, тез тайқып кететін. Бұл
жолы да жылдам жуасып, айтар уəж таппай жасыңқырап қалды.
– Менікі — жай сөз сырағысы ғой. Қазақтың көбі орысқа қарап кеткен
соң, бұлар да туыстарынан бөлінбейтін шығар деп айтқаным да, — деді өз
сөзін жуып-шайып.
Ойда жоқта оқыс басталған тартыстың арты немен тынары əлі де
белгісіз еді. Дəл осы сəтте есік айқара ашылып, Ши- амбының алдында
отыратын хатшысы — көзілдірікті кəрі қытай көрініс берді. Ол босағада
сіресіп тұрған қалпы:
– Демежан мырза, Сізді Тарбағатай жəне Алтай аймағының əміршісі,
ұлы мəртебелі Ши-амбының өзі рақымы түсіп, құзырына шақырады, —
деген сөздерді салтанатты түрде, балғамен ұрғандай етіп, нақпа-нақ айтып
шықты.
Қап, Дабынтайды енді қайтып бас көтерместей етіп, сілікпесін шығарар
кез келіп еді. Ойда-жоқта мынаның келіп киліккенін қарашы! Демежан,
лаж жоқ, көмекшінің соңынан ілесті.
Тарбағатай жəне Алтай аймақтарының бірден-бір билеушісі, Цин
империясының жоғары дəрежелі төтенше өкілі — Ши- амбының отыратын
жайы шағын кеңсенің бір қапталын тұтас алып жатқан-ды. Демежан
қабылдау бөлмесіне кіргенде, іш жақтан топырлап бірнеше адам шықты.
Бір өңкей айдарлары шұбатылған, шойжелке жуандар. Бұлардың киім
порымына, сырт тұлғасына қарап-ақ осы аймақтағы халдайлар тобы екенін
ажырату қиын емес еді. Топтың ішінен мысық мұртты, қысық көз, сидиған
тарамыс денелі Шихалдай мен айдары тоқпақтай шойын қара Дохалдайды
бұл анық таныды. Осы бір айдарлы алпауыттарды көргенде, Демежанның
жылан көргендей жиырыла қалатын əдеті. Бұған жанағы Дабынтайдың
қыжылы қосылып, ішке кірерде жас жігіттің бойын əлдебір ыза кернеді.
Есіктен төрге дейін қабат-қабат қалы кілемдер төсеп тастаған абажадай
кең залдың төріндегі жасыл мəуітімен тысталған аласа тақтаның үстінде
əміршінің өзі жалғыз отыр екен. Бүгін, не үшін екен, тым салтанатты
көрінді. Басында шошақ төбесіне қозалы асыл тас орнатылған, етегі
делдиген айыр қалпақ. Үстінде сол қалпақ түстес, шұбалаңдаған ұзын
жеңінен саусағының ұшы əрең көрінетін, қызыл-күрең жібек халат.
Қалпақтың маңдай тұсына жəне халаттың алдыңғы екі өңірі мен жон
арқасына алтын зермен қырғауыл суреті кестеленген. Цин империясында
бекзада-чиновниктер тоғыз топқа бөлінеді. Əрқайсысының аң мен құсты
бейнелейтін өз эмблемасы бар. Екінші дəрежелі бекзаданың белгісі —
алтын қырғауыл. Егер мына халат басқа түсті болмай, сары жібектен
тігіліп, қырғауыл орнында айдаһар бейнесі тұрса, онда императордың өзі
болып шығар еді. Əр аймақтағы амбы-губернаторларда —сол Еженханның
кішкентай көшірмелері іспетті.
Салт бойынша, Ши-амбының алдына кірген бағынышты адамдар есіктің
көзінде намаз оқыған адамша жүгініп отыра кетіп, маңдайын үш рет жерге
тигізіп, бас ұруға тиіс болатын. Əлде кеудесін булықтырып, əлі тарамай
тұрған ашу-ызасы жібермеді ме, Демежан бұл жолы өйтіп тоңқаңдап
жатқысы келмеді. Бейне шетелдің адамынша, үлкен залдың орта тұсына
келіп, сəл иіліп тəжім етті де қойды. Жас жігіттің қабағындағы кірбеңді
Ши-амбы да байқап қалса керек, бұған жымия қарап, бас-аяғына бажайлай
көз салып өтті де:
– Демежансың ба? Мен сені танымай қала жаздадым ғой, балам-ау! —
деді барынша жұмсақ сөйлеуге тырысып. Май басқан тамағы
қырылдаңқырап, үні жарықшақтанып естілді.
– Мен ғой, ұлы мəртебелім. Сіз шақырды деген соң келіп тұрмын.
– Кел, отыр. Əңгіме бар... Өзін мүлде өзгеріп кетіпсің ғой, — деді Ши-
амбы өзіне таяу тұрған орындықтардың бірін нұсқап. — Мен сені орыс
елшілігінен келген біреу ме деп қалып ем...
Демежан ұлықтың нені меңзеп тұрғанын енді аңғарды. Үстіндегі киімін
ұнатпай қалғаны белгілі.
– Қанша дегенмен шекарада тұрамыз ғой, ұлы мəртебелім. Жақында
орыстармен келіссөз болады дегенді естіп, бір қажеті болар деп, өзіме жаңа
киім тіктіріп едім, —деді Демежан ұлықтың алдында еркін сөйлейтін
əдетімен. — Егер Сізге ұнамаса, шешіп-ақ тастайын...
– Бəсе, бүгін сенен көрші елдің əсері қатты байқалып тұр, — Ши-амбы
темекімен ысталған орсақ тістерін көрсете суық жымиды. — Өзіне жарасса
кие бер. Киім — кісінің сырт көркі ғой. Тек ішін таза болсын, балам.
– Адамның ой-санасы, сырт құбылысы, бəрі өзгеруі мүмкін. Тек жүрек
қана өз қалпын сақтайды, ұлы мəртебелім, — деді Демежан Конфуцийдің
белгілі қағидасын əдейі қайталап.
Ши-амбы бұл күнде елудің ішін аралап кеткен, шанжау-шанжау сирек
сақалы мен мысық мұртын бір шама күтіп ұстайтын, аласа бойлы, ақбөрте,
семіз кісі еді. Маньчжур салтымен өріп қоятын көкбурыл айдары соңғы
жылдары тым жіңішкеріп кеткен соң, шүйдесіне түйіп, тор-желіммен
бекітіп тастаған. Жүрегін май басып, толыңқырап кеткендікі ме, сəл
қозғалса демігіп қалатыны бар. Соңғы бір аптада сырқаттанып кеңсеге
келмеген ұлықты Демежанның бірталайдан көріп отырғаны осы еді.
Көзінің алды күлтілдеп, əлденеден қажып-шаршағаны білінеді. Қол
астындағы қарашыларына апиын тартуға қатал тыйым салғанымен, сол
пəледен Ши-амбының өзі əлі айыға алмай жүр деп еститін-ді. Əлде соның
зардабы ма, əйтеуір, бір нəрседен уланғаны байқалады.
Осы ғасырдың бас кезінде апиынды Қытайға əкеліп таратқан
ағылшындар болатын. Дүниеде мұндай жұқпалы дерт болмас. Айналасы он
шақты жылдың ішінде бүкіл елге індет боп жайылып, əскери қауым мен ақ
сүйектер ортасы көздері кілмиген апиынкеш болып шыға келді. Ұлт қамын
ойлаған қытайдың көзі ашық зиялылары шеттен кірген бұл қызыл көз
пəлеге қарсы шығып та көрді. 1840 жылы Шанхай портына апиын тиеп
əкелген ағылшын кемесіне от қойып, өртеп те жіберді... Бірақ одан да еш
нəтиже шықпады. Қайта соның сылтауымен ағылшындар Қытайға қарсы
«Апиын соғысын» жариялап, оп-оңай жеңіске жетті де, мешеу мемлекеттің
қыр көлеңкесіне енді түспестей болып, біржола мініп алды...
Ши-амбы алдындағы күміс табақшада түтіндеп жатқан ұзындығы екі
сүйемдей имек трубкасын самарқау көтеріп, бір-екі мəрте құшырлана
сорды да, етегі делдиген шолақ танауынан көк түтінді сыздықтата
шығарды.
– Менің досым Керімбай зəңгінің
9
халі қалай? Ата-ана, туыс-
жегжаттарың күйлі-қуатты жүріп жатыр ма? — деді əлден уақытта
Демежанға қайта бұрылып.
– Əкеңіз биыл қалаға келуді сиретіп кетті ғой.
–
Көңіл
бөліп
хал
сұрағаныңызға
рақмет,
ұлы
мəртебелім.
Туыстарымның бəрі де өзіңіздің қамқорлығыңызда мал-жанын бағып,
саушылықта жүріп жатыр. Біздің ауылдар жақында Еміл бойындағы
қыстауларынан көтеріліп, Боздақ даласына көшіп келіпті деп естідім. Əкем,
сірə, жылдағы əдетінше, жабағы жүндерін қырқып болған соң, ел жайлауға
шығар алдында қалаға бір рет келіп қайтатын болар.—Демежан ішекше
шұбатылған осы сөздерді өзін əбден мезі еткен ақсүйектер мəнерінде
тоқталмай айтып шықты.
– Керімбай зəңгіге деген менің сый-құрметім ерекше екенін өзің де
білесің, — деді Ши-амбы сөзін жалғастырып. — Сіздің əкеңіз алды-артын
ойлайтын өте ақылды кісі ғой. Ал ақылды адамдар қашан да құрметтеуге
татиды.
Ши-амбы бұдан ары кешегі алпысыншы жылдардағы дүрбеленде
Керімбайдың желіккен көтерілісшілерге қосылмай бейтарап қалғанын атап
өтті. Өз басы ғана емес, қоластына қараған бүкіл Төртуыл тайпасын
желіктірмей басып ұстаған да — сол Керімбай екен. Керімбайдың сондағы
көрегендігін, өкіметке опалылығын империя жоғары бағалайды екен. Енді
жергілікті Маншың өкіметі де Керімбайға зор сенім көрсетуге, оған ерекше
праволар беруге əзір көрінеді.
Өз əкесі туралы айтылған жылы сөзге Демежанның көңілі өсіп, ұстап
тұрған құрыс-тырысы сəл жазылайын деді. Бірақ сөз аяғы неге соғарын
біле алмай, əліптің артын күтіп қалды.
– Ал сенің өз басыңа келсек, — деді Ши-амбы дауысын соза, сөз
арасында ыңылдап алатын əдетімен. — Сен жеке Керімбай зəңгінің ғана
баласы емессің, менің де туған балам сияқтысың. Қаршадайыннан менің
қолымда өстің. Ханзуша
10
тіл үйреніп, осындағы бекзадалармен бірдей
білім алдың. Мемлекеттің тілін, заңын білетін сен сияқты көзі ашық
азаматтар біз үшін қашан да қадірлі.
Күні ертең осындағы қазаққа бас болатын — сендер емессіңдер ме?!
Үлкен ұлықтың майда қоңыр үні мен жылы-жылы сөздері жанына
қанша жаққанымен, «апыр-ау, осының бəрін бұл кісі маған неге айтып
отыр?» деген ой Демежанның басынан кетпей қойды. Бұдан ары үндемей
қалуға тағаты жетпей, өз тарапынан бір сөзді қыстырып қалды:
– Мен су ішкен құдығыма түкіріп кететін адам емеспін, ұлы мəртебелім.
Өзіме жақсылық жасап, тəрбиелеген сіздің құзырыңызда қызмет етуге
əрқашан əзірмін, — деді толқи тіл қатып. —Тек кісінің намысына тиетін
кейбір жайлар болмаса...
– Бөгелме, көмейінде бірдеме тұр ғой, айта бер, — деді Ши-амбы езу
тартып.
– Айтсам, патшалардың патшасы, көктің ұлы Еженхан бейне аспандағы
күн сияқты жер бетіндегі бағынышты құлдарын тегіс нұрландыруға тиіс.
Мейірімді əке өз балаларын алаламай, бəрін тең көрмейтін бе еді...
Билеушілер туралы Конфуцийдің қағидасынан алынған бұл сөздерді
Ши-амбы теріс дей алмады.
– Иə, дұрыс қой... Айта бер, — деді жұмсақ тақтаға оң жамбасымен
аунап түсіп.
– Олай дейтінім, осы аймақта қазақ, қалмақ, маньчжур, сібе-солаң
сияқты əр алуан ұлттың өкілдері жасайды. Бірақ солар ұлы императордың
қамқорлығын бірдей
көріп отыр ма? Біреулер үстем саналып, айрықша, артық ұқықтан
пайдаланса, енді біреулер бұратана, кірме атанып, кемдік, қорлық көріп
отырған жоқ па. Айтыңызшы, ұлы мəртебелім, осы да əділдікке жата ма?
– Анығырақ айтқанда? — деп қалды Ши-амбы сұрлана ширығып. Өз
сөзінің ұлыққа ұнамай қалғанын Демежан да сезді, əрине. Бірақ не де болса
басталған əңгімені аяқтауға бел байлады.
– Менің айтайын дегенімді өзіңіз де аңғарып отырған боларсыз, ұлы
мəртебелім... Осындағы халдайлар Тарбағатайдан ағатын өзен атаулыны
түгел иемденіп отырғанда, жаңағы өзіңіз мадақтаған менің əкем
Керімбайдың бір құлақ суы, не егін салатын тұрақты жері жоқ. Бізге
қарағанда торғауыт қалмақтың жағдайы əлдеқайда жақсы. Олар тым
құрыса алым-салықтан жеңілдік алып отыр... Ал сібе-солаң алпауыттары
ағып жатқан өзеннен су бөліп бермек түгіл, қазақтар тоғандарынан малын
суарса айып төлетеді... Осындай жайлар халықтың намысына тимейді деп
ойлайсыз ба?
Соңғы сөз Ши-амбынын шымбайына батып кетті білем, судыраған
көлдей шапанын сүйретіп, орнынан көтеріле берді. Ұзын трубкасын
түтіндеткен күйі, шүберектен сырыған қалың ұлтанды, қайқы бас жібек
шоқайының дыбысы да білінбей, қалы кілем үстінде қаздай мамырлап, əрі-
бері жүрді. Ресеймен арадағы шекара мəселесі толық шешіліп болмай,
аймақ тағдыры қыл үстінде тұрған сын-сағатта осы өңірдің негізгі халқы —
қазақ арасынан мынадай пікірдің тууы жəне ол анау-мынау біреу емес, өзі
тəрбиелеп өсірген қолтума, жақын адамынан шығуы ұлықты бір сəт ауыр
ойға қалдырып еді. «Осының бəрі орыстардың, əсіресе, Шəуешектегі орыс
консулы Николай Балкашиннің əсері емес пе екен?» деген күдік туды оның
көңілінде.
Иə, иек астында орыс елі тұр. Қашан заңды шекара белгіленіп, іргеңді
бекітіп алғанша, бұқара халықпен санаспасқа болмайды. Осыдан екі күн
бұрын сонау Пекиннен үкілі почтамен арнайы пакет келген. Қазіргі
почтаның жайы белгілі, жоғарғы император кеңесінің бұйрығы ай
жарымдай жол жүріп, мұның қолына əрең жетті. Таңбалы таныс пакет
қолына тиген сəтте Ши-амбы, салт бойынша, алыс астана орналасқан
шығыс оңтүстікке бетін бұрып, үш дүркін жерге бас қойып, императорға
тəжім етті... Сол төтенше бұйрықта жақында Тарбағатайға орталықтан
шыққан шекара комиссиясының баратынын хабарлап, Ши-амбыға осы бір
жауапты науқанның басы-қасында болуды қатты қадағалап тапсырыпты.
Онда орыс елшілерімен қалайда тіл табысу, шекара бөлісін тез арада дау-
шарсыз, ұрыс-қақтығыссыз сəтімен аяқтау міндеттелген. Ал шекара
бөлісінің ың-жыңсыз бейбіт өтуі, көп жағдайда, жақында екіге бөлінгелі
тұрған қазақтарға байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Əсілі, Ши-амбы өз басын ұр да жық, бір беткей, қатал басшылардың
қатарына қоспай, нені де болса ақылға салып істейтін, қара күштен гөрі
айла-тəсілді артығырақ санайтын, халықшыл адаммын деп есептейтін-ді.
Онысы негізсіз де емес. Жергілікті қара халықтың ойынша да, Ши-амбы
баяғы қылышынан қан тамған Хэбен-амбымен салыстырғанда, кең қолтық,
қайырымды ұлық сияқты көрінетін. Ши-амбынын өзі де бұрынғы
ұлықтардың қателіктерін қайталамауға тырысушы еді. Шынында да, қара
күштен, жөнсіз қаталдықтан не шықты? Ақыры ашынған халық атой салып
атқа қонғанда, сол Хэбен-амбының өзі бас сауғалап қашуға мəжбүр болған
жоқ па. Оның салдары оңайға түскен жоқ, Тарбағатай аймағы жеті-сегіз
жылдай өкіметсіз қалып, мұндағы ел жүген-құрықсыз шу асауға айналды.
«Ұра берсе құдай да өледі» дегендей, шындаса өкімет əскерінің де
жеңілетінін түсініп, аз жыл болса да бостандықтың дəмін татып үлгерді...
Қайта, түбі қайыр болып, уыстан шығып кеткен Шынжаң өлкесі сəтімен
қолға қайта оралды десейші. Ішкі өлкелер «Тайпин көтерілісімен» əуре
болып жатқанда, Шынжандағы ұйғыр-дүнген дүрбелеңі одан арман
асқынып, өрши түссе қайтер еді?! Егер орыс армиясы дер кезінде қол ұшын
беріп, Құлжадағы бүлікті басуға көмектеспегенде, ондай қаралы күннің де
ауылы алыс емес еді-ау.
Араға біраз үзіліс салып, жетпісінші жылдардың басында Маншың
өкіметі Шыңжанға қайта оралғанда, сарай маңындағы қызметінен
төмендетілген Ши-амбы Тарбағатайға жіберілді. Осында тəртіп орнатып,
бетімен кеткен жұртты жөнге сал деп қолына шексіз билік берген. Жаңа
əміршінің көптің көңілінен шыққан бір жері — бұл Құлжадағы секілді
халықтан кек қайтаруға, көтеріліске қатысқан адамдарды жаппай жазалауға
ұмтылған жоқ, ақыл-айламен жұрт көңіліндегі жараны майдалап жазуға
тырысты. Көтерілістің басты күштерінің бірі болып, Маншың əскерін
Манасқа дейін қуып барған Байжігіт рулары кейін Тарбағатайға қайта
оралған кезде, олардың айыбын бетіне басып, қатал жазаға тартуға
асықпады...
Ши-амбының кең қолтық, көнтерілігін білсе де, Демежан ұлықтың мына
бөгелісінен сезіктеніп, «осы мен тым артығырақ кетіп қалған жоқпын ба»
деп қысылыңқырап отырған. Бір мезетте арт жағынан таяп келіп, өзінін оң
жақ иығына баппен салған қолды сезді. Бүркіттей бүріп түсетін тебінді
тегеуірін емес, жеп-жеңіл, жұмсақ алақан.
– Демежан, сен негізінен дұрыс айтып отырсың. Сөзінде албырттық
болса да, ағаттық жоқ, — деді мұнын арқасынан аялай қағып. — Бірақ сен
айтқан кінəның бəрі мен ойлап тапқан нəрсе емес, менен əлдеқайда бұрын,
ежелден қалыптасқан тəртіп. Белгілі тарихи жағдайларға байланысты бір
халықтың молырақ сенімге, үлкенірек үлеске ие болғаны да, енді бір
халықтардың кейде жау, кейде дос саналып, шөміштен қысылып келгені де
рас. Сен сібе-солаң жұртынан шыққан халдайларды тілге тиек қып
отырсын ғой... Егер олар кейбір артықшылықтарға не болса, сол үшін
сіңірген енбегі бар шығар. Анығына келсек, осы өлкеге алғаш жорық
жасалғанда, қашан өкімет келіп орныққанша, одан кейін де шекара
күзетінде болып, империя мүддесін қорғаған — сол халдайлар емес пе еді?
Олар күні бүгінге дейін өздерін Еженханның тұрақты əскеріміз деп
санайды. Қалмақтар да солай. Біз сібе-солаң жəне қалмақ семьясынан туған
əрбір ұл балаға он сегізге толғанша өкімет тарапынан сауға төлеп
тұрамыз... Бірақ есінде болсын, мұндай тəртіп жеке бізде ғана емес,
орыстарда да бар. Мəселен, Ақ патша өзінін қарулы жасағы қазақ-
орыстарға ерекше артықшылықтар беріп отырған жоқ па!
– Сонда бұл айырмашылықтың жойылатын кезі бола ма, ұлы
мəртебелім? Жоқ, əлде мəңгі-бақи осылайша кете бере ме? — деді Демежан
шыдамы сарқылып.
– Асықпа, сəл сабыр етсең бəрі де жөніне келеді, — деп Ши-амбы
төрдегі орнына барып отырды. — Біздің өкіметтің қазақтарды бұл өлкеге
заңсыз қоныстанған халық деп, бүгінге дейін мойындамай келгені рас.
Жақында үлкен өзгеріс болады. Келесі айдан бастап Ресей иелігіндегі елдер
мен біздің арамызда мемлекеттік шекара белгіленбекші. Сол шекара
бекігеннен кейін ғана, біз өз қарауымыздағы халықтарды түбегейлі танитын
боламыз.
Осы сəт Демежанның есіне манағы Дабынтайдың көкесін сөзі түсті де,
көкірегін кернеген қыжыл қайта көтеріліп, көмейіне тірелген сөзді ірікпей
айтып салды:
– Ендеше, біреулер: «қазақтарды түгел орыс жеріне көшіреді екен» деп
қауесет таратып жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз, ұлы мəртебелім?
– Кімдер оны айтып жүрген? — Ши-амбы селт етіп басын көтеріп алды.
– Атын айтпай-ақ қояйын. Бірақ қазақты көшірсек, жеріміз кеңитін
болды деп, əлден-ақ қуанып жүргендер бар.
– Сандалыпты! Бұл — жаулардың əдейі қастықпен таратып жүрген
өсегі, — деп Ши-амбы ашумен ширыға түскен. Сəлден соң қайта
жұмсарғандай болды. — Біздің ұлы империямыз — көп ұлтты мемлекет.
Біз қанатымыздың астына кірем деген халықты өзімізге қосып алмасақ,
ешқайсысын шетке қағып қумаймыз... Өзің ойлашы, қазақтар бұл өлкеден
көшіп кететін болса, сен екеуіміз сонда кімге билік жүргіземіз? — деп ұлық
өз сөзіне өзі қарқылдап күліп алды.
«Иə, бұл айтқаны қисынға келеді, — деп ойлады Демежан. — Өз еркіне
салса, Ши-амбы қарауындағы халықты ешқайда бытырататын ойы жоқ
секілді. Айтты-айтпады, мұның жарым патша болып шалқып отырғаны
осындағы қалың қазақтың арқасы емес пе. Айтқанға көніп, айдағанға
жүретін, мұндай тіске жұмсақ момын елді қайдан табады?»
– Жақында екі елдің шекара комиссиялары осы Шəуешекке келіп бас
түйістірмек, — деді Ши-амбы ойын ары қарай сабақтап. — Шекара
бойының картасы баяғыда-ақ жасалып болған. Комиссияның ендігі міндеті
— шекара сызығы жүретін межені нақты айқындап, əр жерге ала баған
орнатып, белгі соғу ғана. Шекара бөлісіне біздің мекемеден де біраз адам
қатынасып, көмектесетін шығар. Соның біріне өзіңді лайықтап отырмын.
Бұған қалай қарайсын? —деп алдында жатқан əлдебір тізімге үңілді.
– Əміріңізге құлдық, ұлы мəртебелім. Мұндай тарихи оқиғаға куə
болудың өзі бір ғанибет шығар, — деді Демежан ойланбастан. — Комиссия
қашан келмекші?
– Кешікпейді. Осы туар айдың ортасына қарай келіп қалатын шығар.
«Елге барып қайтуға рұқсат сұраудың сəті енді түскен шығар» деп
ойлаған Демежан, ұлықтың мынадай көңілі түсіп тұрған кезін пайдаланып
қалмақ болды.
– Ендеше, ұлы мəртебелім, маған бір он шақты күнге демалыс бересіз
ғой деймін. Елге барып, əкейге сəлем бермегелі де біраз уақыт болды.
Оның үстіне, əйелім қырдың қызы емес пе, ауылды сағындым деп,
мазамды əбден кетіріп жүр.
– Жарайды, ауылыңа барып қайт, — деді Ши-амбы сөзге келместен.
Сонан соң езуі жайылып күлді де: — жас жігіттер, осы сендер де
əйелдеріңнен қорқасыңдар ма? — деп Демежанға көзін сығырайтып,
қулана қарады.
Демежан ұлықтың не айтқалы отырғанын түсінбей, сасыңқырап қалған.
– Қорықпаймыз ғой... Дегенмен əйелдің аты — əйел, — деді қызарақтап.
– Өтірік айтпа, қорқасың,—деп Ши-амбы рахаттана күліп алды. —
Дүниеде əйелінен қорықпайтын еркек жоқ. Адам атаның өзі Хауа
анамыздың бетіне қарсы келе алмаған көрінеді. Білесің бе, бізде мынадай
бір аңыз бар, — деп, ертеде болған бip əңгімені қозғады.
Таң династиясы дəуірінде ме, əлде Сұн династиясы дəуірінде ме, бір
император əйелінен сұмдық қорқады екен. Қорыққанда тіпті əйелінің
рұқсатынсыз аяғын аттап баса алмайтын көрінеді. Осы мінезінен өзі де
əбден қорлық көріп, кейде қатты назаланады екен. «Əй, дүниеде еркектің
ең қоры, ынжығы мен шығармын. Мұнымды қарауымдағы ел біліп қойса,
нағыз масқара сонда болады ғой» деп қыпылдаумен болыпты... Күндердің
күнінде оған мынадай бір ой келеді. "Осы, əйелінен қорқатын жалғыз мен
ғана ма, əлде менен басқа да қатынжандылар табылар ма екен?» Сол оймен
бір күні қол астындағы барлық министрлері мен генералдарын түгел
сарайға шақырып алады. Үлкен ауланың бір шетіне ақ ту, екінші шетіне
қызыл ту тіктіреді. Сонан соң жиналғандарға қарап тұрып, мынадай
бұйрық береді: «Кəнекей, əйелдеріңнен қорқатындарын ақ тудың астына,
қорықпайтындарың қызыл тудың астына барып тұрындар!» Бұйрықтың
ауыздан шығуы мұң екен, бүкіл министр, уəзір, генерал атаулы топырлап,
ақ тудың астына қарай шұбырады. Қараса, тек бір ғана генерал қызыл
тудың астына барып тұр екен. Император өзі сияқтылардың көбейгенін
іштей ұнатып тұрса да: «апырым-ай, арамызда біреу де болса əйелінен
қорықпайтын еркек кіндік бар екен-ау!» деп, əлгі генералға қатты сүйсінеді.
Мұндай жаужүрек азаматты бас қолбасы етіп қойсам ба екен дегенде ойға
кетеді. Дегенмен, генералдың мынадай жанкештілікке қалай барғанын
өзінен сұрайыншы деп қасына шақырып алады да: «Кəне, себебін
түсіндірші, жарқыным. Басқалар түп-түгел ақ тудың астына жиналғанда,
сен неге елден ерек қызыл тудың астына барып тұрдың?» дейді ғой баяғы.
Сонда əлгі генерал тұрып: «Қызыл тудың астында жалғыз қалған себебім,
əйелім үйден шығарда жұрт жиналған жерде опыр-топырдан аулақ, оңаша
тұр деп қатты тапсырып еді» депті. Үміті ақталмаған император қатты
ашуланып: «жоғал көзіме көрінбей, оңбаған неме! Сенін де басқалардан
асып тұрған жерін шамалы екен» деп генералды сарайдан қуып шығыпты...
Мына əңгімені естігенде, Демежан ішек-сілесі қатып, рахаттана ұзақ
күлді. Ши-амбыдай ұлықтан əмір бұйрықтан өзге мынадай қуақы сөз де
шығады екен-ау деп, іштей сүйсініп қалды.
Ши-амбы енді байсалды, іскер адамның қалпына көшіп, Демежанға
тапсырмалар бере бастады.
– Ауылға қашан жүрмекшісің?
– Сəті түссе, уақыт оздырмай, ертең-ақ жүріп кетсем бе деп отырмын.
– Керімбай зəңгіге менің сəлемімді жеткізерсің, — деді Ши-амбы жас
жігіттің жүзіне барлай қарап отырып. — Шекара бөлініп, біреулер ары-бері
көшіп жатқан күнде де, қобалжымай, қопақтамай, сол орнында отыра
берсін. Шамасы келсе, өзіне қарасты руларды да шашау шығармай, ел
іргесін бүтін сақтауға тырыссын.
Демежан ұлықтың сəлемін əкесіне, тағы басқа ел ағаларына шып-
шырғасын шығармай толық жеткізуге уəде берді.
– Керімбай зəңгіге түсіндіріп айтарсың: шекара бөлісі аяқталған соң қыр
еліне бірінші рет жанадан сайлау жүреді, — деп Ши-амбы тағы бір тың
əңгіменің шетін шығарды. — Жана сайлауда зəңгілерді біріктіріп,
үкірдайлардың
11
қол астына қаратсақ деп отырмыз. Менің мөлшерім
бойынша, осы Құлыстайда жасайтын қазақтар төрт үкірдайға бірігетін
шығар. Бұл бірлестік енді кіші руларды емес, тайпалар одағын меже
тұтады. Мəселен, Төртуылдар, Керейлер, Мəмбеттер, Жұмықтар деген
секілді... Егер бытырап жүрген Төртуылдың басы бір жерге топтасып, түтін
саны мыңнан асатын болса, оған Керімбайдан артық үкірдайды шырақ
алып іздесең де таппассың деп ойлаймын.
Бұл айтылғандардың бəрі көпе-көрінеу тартылған шырға екенін
Демежан да түсініп отыр. Биылғы жылы Маншың өкіметі қазақтан
алынатын шөп бажыға неге кешірім жасағаны да енді түсінікті болды.
Ойпыл-тойпыл кезеңде халықтың көңілін алмақ болғаны. Бірақ ұлықтың
соңғы сөзінен ол бір нəрсені анық аңғарды: Ши-амбының өз басы қол
астындағы қазақтың жан-жаққа бытырап көшпеу жағында екен. Қалың
елдің іргесін бұзбай, өле-өлгенше билеп-төстеп, ырғынға батып отыра
бермек қой баяғы... Əзірше оның аңғарғаны осы. Бірақ ол мұның ар
жағында ең негізгі себеп — мемлекеттік мүдде жатқанын дəл осы сəтте
ойлап үлгірмеген екен. Ал, шындығында, қарауындағы халықтың қалпы
құрамай түгел тұруы дəл қазір Маншың өкіметіне өте қажет, көшпелі елдің
жайылым-өрісін сылтауратып, шекара аймағындағы жерлерді молырақ
қамтып қалу үшін қажет еді.
Демежан бұл жайды Ши-амбымен қоштасып шыққан соң, үйіне қайтып
келе жатқанда бір-ақ түсінді. Дегенмен өз басының бүгінгі таңда Ши-
амбыға артар кінəсы жоқ секілді. Əйтеуір, өз тағдырының осы бір
маньчжур ұлығымен тікелей байланысты екенін бүгін анық сезінгендей.
Мəртебелі ұлықтың бұдан сыр жасырмай, алдағы іс-жоспарларын бөлісуі,
мұның артық-кем айтылған сөздерін көңіліне алмай, баласындай баулып
бауырына тартуы, білген кісіге, кім көрінгеннің қолы жетпейтін үлкен
дəреже емес пе?!
Иə, Демежанның өз басы Ши-амбыдан ешқандай жамандық көрген жоқ.
Бірақ, не үшін екен, сонда да көңілінен бір қаяу кетпейді. Əйтеуір, қанша
аялап еркелетсе де бір жібімейтін өгей баланын көкірегіндегі мұң тəрізді,
мұнын ішінде де беріш боп қатқан бір пəле бар.
III
Ертең ауылға аттанамыз деген хабар құлағына тиісімен, Бибі сабыр-
тағаттан айрылды. Былтырдан бері көкірегін кернеп, іште бұғып жатқан
сағыныш толқыны бірден лап етіп сыртқа шыққандай болып еді. Көз
алдына ұшы-қиырсыз кең дала, үйездеген жылқы, көк жасаңға тігілген
аппақ киіз үйлер елестеп, құлағына төрт түлік малдың қым-қуыт даңғаза
шуы, маң төбеттердің əупілдеп үргені ап-анық естілгендей болып, түні
бойы алағызып ұйықтай алмай шықты.
Жас келіншек бұл сапарға көптен бері дайындалып, ата-енесіне
апаратын сыйлықтарын, бала-шаға, абысын-ажынға үлестіретін тəтті-дəмді
базарлығын алдын ала əзірлеп қойғанды. Бүгін жол жүретін күні таңертең
қасына Демежанды ертіп шығып, базардан тағы біраз дүние алып қайтты.
Енді, міне, сол алған заттарын рет-ретімен қаттап, кілтін бұрасаң
қоңыраулап ашылатын сары ала сандықтың ішіне жайлап салып жатыр.
Демежан осы жаңа ғана Шəнішевтің атшысы Бабалықты ертіп, бір
тығыз жұмыспен қалаға шығып кеткен-ді. Бибі сол жігіттер келгенше
киініп дайын отырмақ болып, төргі бөлмедегі кісі бойы үлкен айнаның
алдына келді. Былтырдан бері келіншектің киім сəніне көп өзгерістер
енген. Бұрын ауылда киетін қос етек көйлек, оқалы қамзол, асыл тасты биік
сəукелесін тастап, қала сəніне, оның ішінде татар қыз-келіншектерінің киім
үлгісіне қарай бейімделе бастаған. Қазір де ауылға барғанда керек болар-ау
деген кейбір киімдерін сандыққа салып, жолға бір шама жеңіл киінуді
лайық көрді. Əрқайсысын бойына бір өлшеп көріп, ақыры қала мен қырдың
арасынан өзінше бір ұнасымды үлгі тапқандай болып еді. Ауылдың көк
торғыннан тігілген қос етек көйлегін, қызыл қатипа қамзолын таңдады да,
аяғына қаланын хром етігін киіп, басына жібек шашақты бөртпе шəлісін
бүркенді.
Осы тұрқы өзіне əлдеқайда жарасымды көрінген. Осылай киінгені
Демежанға да қатты ұнайтынын іші сезіп тұр. Айнаның алдында өз
көркінен өзі көз ала алмай сұқтанып қалды. Жап-жазық аппақ маңдайы,
жаңа туған айдай иіліп біткен қиғаш қасы, жауын шайған мойылдай
мөлдіреген, ұялы нəркес көзі, қызыл арайлана шапақ атып тұратын,
атжақты, сұлу жүзі, түп-түзу пісте мұрны мен уылжыған оймақ ерні, бəрі-
бəрі де жас əйелдің көркін қайсымыз арттырар екенбіз деп жарысқа
түскендей бүгін айрықша көз тартып тұр. Айнадағы өз келбетін көргенде,
жүрегі жарылардай болып, Шəнішевтің əйелі Зұлайханың сөзін есіне алды.
«Бибі, саған тіпті боянудың еш қажеті жоқ. Сен құдайдың өзі үйіп-төгіп
бере салған бек матур қызсың» деп татар сұлуы бұған қатты сұқтанатын-
ды.
Бибі оң қолын созып, айнаның сап-салқын жүзін аялай сипады. «Жас,
сұлу кезінде тал бойыңды тұтас көрсететін мынадай үлкен айнаның болуы
да бір бақыт екен ғой, — деп ойлады ішінен. — Ал көшпелі қыр елінде
мұндай айнаның өзі түгіл көлеңкесі де болған емес. Шіркін, көркіне көз
тоймайтын не бір сұлу əпкелеріміз өз бейнесін толық көре алмай өтті-ау
бұл дүниеден. Қандай аянышты!»
Бибі мыңды айдаған байдың қызы саналғанымен, мұндай айна мұның өз
ауылында да болған емес. Өз басы он беске келгенше еркек-шора болып
жүрді де, айнаны тіпті қажетсінген жоқ. Ал, бойжеткен əпкелері мен кейбір
сылқым жеңгелерінің ауылға келген бақалшыдан қой жүніне айырбастап
алған, сиырдың көзіндей ғана дөңгелек айналары болушы еді. Соларын
кəзекейлерінің төс қалтасынан тастамай, ауылға сері жігіттер келгенде, бір
қағаберісте əлгі айналарына қарағыштап, қасы-көздерін түзеп жататын-ды.
Бірақ ол айнаға адамның тұтас тұлғасы түгіл, бет-əлпетінің өзі толық сыя
бермейтін. Жүзіңді толық көру үшін, ондай айнаға қарағаннан гөрі, су
алуға барғанда мөлдір бастауға үңілгеннің өзі артық еді.
Бибі қыр елінде осылайша айнасыз өсті. Күнгейдегі Керімбай ауылына
келін боп түскенде де, айнаға қарап жарыған жоқ. Ойын-тойға, сейіл-
серуенге шыққанда, қыз-келіншектер бірін-бірі жасандырып, біріне-бірі
«айна» болып жүретін. Мынадай, тақыр төбеңнен табаныңа дейін түгел
көрсететін үлкен шарайнаның болатынын Бибі өткен жылы қалаға келгенде
бір-ақ білді. Онда да алғаш рет өз үйінен емес, осы Шəнішевтердің үйіне
қонаққа барғанда көріп еді. Сондағы аңғалдығы есіне түссе, осы күнге
дейін бетінен оты шығады...
Онда осы қораға жаңадан көшіп келген кездері ғой. Бұларды
Шəнішевтер ерулікке шақырды. Қаладағы жұрт қонақты сағат-минутын
айтып шақырады екен ғой. Сол айтылған уақытта Демежан екеуі тіркесіп
жетіп барған. Ойларында ештеңе жоқ, ішке кіріп аман-сəлем жасаған соң,
бұлар үй иесі нұсқаған кең залға қарай ете берген. Сол замат төр жақтан
тағы бір есік ашылып, алпамсадай басқа бір жігіт пен қазақы киінген сұп-
сұлу келіншек кіріп келе жатты. Қараса, жаңа ғана өздерін қарсы алған үй
иесі де солардың қасында жүр. «Тəңірім-ау, мыналары кім болды екен? —
деп ойлады Бибі таң-тамаша болып. — Үй иесі ол жаққа қалай барып
қалған? Бізден басқа да қонақтары болғаны ғой, шамасы» деп төрге қарай
бет алғанда, əлгі «қонақтар» да бұларға қарсы жүрді. Бибі тіпті амандасуға
оқтала берген. Жігітінің тұр-тұлғасы Демежаннан аумайды. Ал қасындағы
келіншек... Дəл осы кезде ғана істің байыбына барған Бибі мырс етіп күліп
жіберді. Əлгі келіншек те бетін басып күліп келеді... Сөйтсе дəл тор
алдында үлкен айна тұр екен ғой. Бибінің «бейтаныс қонақ» деп
амандасқалы жүргені Демежан екеуінің айнадағы бейнесі болып шықты...
Жас келіншек оқта-текте терезеге қарап қойып, енді үй ішін
жинастырып жүрген. Кенет аула жақтан дабыр-дұбыр сөйлескен
əлдекімдердің аяқ тықыры естіліп, көп кешікпей ішке Демежан мен
Бабалық кірді. Бабалық— жиырмаларға келсе жаңа келген, қол-аяғы жеңіл,
елгезек жас жігіт — осындағы Шəнішев байдың жалшысы. Кейде ат
айдаушы көшір де болып кетеді. Енді бір қарасаң, байдың саудадан түскен
малын жинайтын шауып кел шабарманы да болып кетеді. Əйтеуір, қолынан
келмейтіні жоқ, барып кел, алып келдің бəрін осы Бабалық тындырады.
Жігіттің елі-жұрты Бақтының арғы бетінде, Үріжар төңірегінде екен. Əке-
шешесі өліп, қарайлайтын ешкімі болмаған соң, бірер жылдың алдында
кəсіп іздеп Шəуешекке келіпті. Демежандармен араласып тұрады.
Сұрастыра келгенде, сүйегі Қаракерей, Бибімен рулас болып шықты да,
содан жан тартып, жақындасып кетті.
– Пəлі, біздің Бибіш буынып-түйініп, дайын отыр ғой тіпті, — деп
есіктен самбырлап сөйлей кірген Бабалық босағада тұрған сандыққа, тағы
басқа буыншак-түйіншектерге қарап өтті. — Не істейміз, арбаға апара
берейін бе мыналарды?
Соны айтып, жауап күтпестен сары ала сандықты екі құлағынан ұстап
тік көтеріп алды да, далаға қарай ала жөнелді.
– Ал қозғалмаймыз ба? Енді алатын ештемең жоқ қой? — деді Демежан
келіншегіне қарап. — Тіл-аузым тасқа, бүгін құлпырып кетіпсің, бəйбіше.
– Барымен базар дегендей, осы тұрқымызға разы боласын, — деді Бибі
күйеуіне еркелей үн қатып.
Бұлар есіктерін құлыптап далаға шыққанда, Бабалық күнқағар күркесін
қайырып тастаған ашық күйменің арт жағына сары апа сандықты
орнықтырып, қайыс белдікпен шандып байлап жатыр еді.
– Мықтап байлашы, ағатай. Бір жерде түсіп қалып жүрмесін, — деді
Бибі оған қиыла өтініп.
– Оған алаңдама, Бибіш. Жаман туысқаның бар жерде шаруаның өзі-ақ
дөңгеленіп жүре береді.
Былқылдаған артқы орындыққа Демежан мен Бибіні жайғастырып, өзі
алдыңғы көшірдің орнына қонжия кеткен Бабалық делбені қағып қалуы
мұң екен, су жаңа қоңыр ала күйме қоңыраулатып, қақпадан жайлап шыға
берді. Сұлыға тойып, сүмбідей жарап алған қос күрең солқылдаған жеңіл
фаэтонды бұйым құрлы көретін емес, көшеге шыққан соң дыбыссыз
зырлаған төрт дөңгелекті қаңғалақ қақтырып, сынаптай сырғып келеді.
Бұлар хан базарды қақ жарып өтіп, қаланың шығыс қақпасы арқылы қыр
жолына шығуы керек еді. Ойбазардан өтіп, баяғыда «Сарт қорғаны»
атанған сауда аланына жақындағанда, жүрістерін баяулатуға тура келді.
Көшеде аттылы-жаяу ағылып жатқан халық. Солардың арасында шөп
тиеген, отын артқан арбалар қайшыласады. Оқта-текте ұзақ салқар көштей
болып, алыс бір жақтардан жол тартқан түйелі керуендер ұшырасады.
Жүргіншілер Темірші көшесінен өткенде, айнала-төңірек тарс-тұрс
соғылған балға дауысына жаңғырығып, оған жүкті арбалар сықыры мен
көтермеші алыпсатарлардың озандатқан айқайы қосылып, айнала-төңірек
ештеңені ажыратуға болмайтын, араның ұясындай ортақ гуілге айналып
кетіп еді.
Жолаушылар доғалары айқасқан арбалар шеруінің ара-арасынан зорға
сытылып шығып, Ой махалла тұсындағы жападан салынып жатқан қытай
қамалы — жамбылдың құрылысына таман жақындады. Осы арада жол
екіге айрылатын-ды. Біреуі қамал қақпасы арқылы күре жолмен шығысқа
қарай тура тартады да, екіншісі түстікке таман едəуір ойысып барып, қамал
құрылысын айналып өтеді. Жол айрығына таяғанда Бабалық жүрісін
баяулатып, артына бұрылған:
– Не істейміз, Демежан аға? Мына пəлені айналып өтеміз бе, əлде
тікесінен тарта береміз бе? —деді шолақ тіл қатып.
– Тура жол тұрғанда, бұрыс жолда нең бар. Төтесінен тарта бер, — деді
Демежан.
– Қақпада күзет тұрған көрінеді. Сарыаяқтар
12
ұстап алып, сарсаңға
салып жүрмей ме?
– Ой-пой, жүре берсейші... Қасында Бибі отырғанда неден қысыласың?
— деді Демежан күле тіл қатып.
Атшы жігіт Бабалыққа да керегінің өзі осы еді. Қос күреңнің тізгінін
ірікпей ағындатқан күйі қамал қақпасына жақындай берді. Жаңа
жамбылдың құрылысы əлі аяқталмаса да, оның қала жақ қабырғасы мен
қызыл қыштан өрілген батыс-шығыс кіре берісі алдын ала салынып, бітіп
тұрған болатын. Кіре берістің дəл ортасында екі кісі əупірімдеп əрең ашып-
жабатын зілдей шойын қақпа бар. Сол тұсқа келгенде бұлар күтпеген
көріністің үстінен шықты.
Сары қи, тобылғы тиеген бірнеше арбаны екі шерік ұстап алып, иелерін
таяқтың астына алып сабап жүр екен. Сыңайы, арбакештердің жүктерін
аударып тастап, өздерін ат-көлігімен қамал құрылысына апарып, жұмысқа
салмақ секілді. Шеріктердің бірі алдыңғы арбаны қақпаға қарай жетелесе,
өлермен арбакеш таяқ жегеніне қарамай атынын шаужайына жармасып,
жағаласып жүр. Көзіне көрінген көлікті көшеден ұстап апарып, құрылысқа
зорлықпен жұмыс істеткізу соңғы кезде əдетке айналған нəрсе еді. Соны
білетін жұрт бұл қамалдың маңына жоламай, қалаға басқа жолмен айналып
өтетін-ді. Мына байғұстардың бұл араға қалай тап болғаны белгісіз.
Демежан жаңағы көрініске аз-кем қарап тұрды да, күймеден секіріп
түсіп, қастарына барды.
– Бұл не шу? Не жанжал? — деген қытай тілінде ақыра дауыстап.
Шеріктер көлденеңнен киліккен мырзаның тегін адам емес екенін сезіп,
іркіліп қалды. Танауынан қан сорғалап жүрген, шоқпыт шапанды қыр
қазағы соны пайдаланып, бұған шағым айта бастаған.
– Қарағым-ай, мұсылманның баласы екенсің, құтқаршы мына
пəлеңнен... Бала-шағаның шай-шалаңы таусылып қалған соң, қалаға отын
сата келіп ек, мыналар жүгімізді осы араға аударып тастап, жұмысқа
салмақшы... Тіпті істейік сол жұмысын, ешқайда қашпайық. Тек алдымен
төкпей-шашпай отынымызды сатып алуға мұрсат берсінші, — дейді зар-зар
етіп.
Демежан «бұларың қалай» дегендей шеріктерге қарап, тіл қатуға оқтала
берген. Олардың шені үлкендеу біреуі алға шығып:
– Кешіріңіз, Сіз кім боласыз? — деді Демежанның бас-аяғына көз
жіберіп.
– Мен — Ши-амбының тілмашы, əрі ерекше тапсырмалар орындайтын
көмекшісімін... Түсінікті ме? — деп, Демежан төс қалтасынан төтенше
өкілдікті білдіретін таңбалы қағаз алып көрсетті. — Жазықсыз
жолаушылардың жүгін аударып тастап, өздерін зорлап жұмысқа сал деген
ешқандай заң жоқ. Мыналардан дереу кешірім сұрап, босатып қоя
беріңдер!
Бұдан ары қарсыласуға батылдары жетпеген шеріктер, амал жоқ,
арбакештерді жөндеріне қоя берді. Ызадан жарылардай болып қатты
ширыққан
Демежан
орнына
келіп
отырып
жатқан-ды.
Жаңағы
арбакештердің бірі соңынан жүгіріп келеді екен.
– Шырағым-ай, құтқарушы періштем болдың ғой... Тым құрыса атынды
айтып кетші: амандығыңды тілеп, дұғама қосып жүрейін.
– Менің атым — Демежан... Керімбайдың Демежаны дегенді естуіңіз
бар ма?
– Е-е, айналайын-ай, əлгі Керекеннің қаладағы баласы сен екенсің ғой.
Болар, болар... Атаға тартып тусаң, осылай ту, қарағым. Бар екенсің ғой...
Сүйенішім, сұлтанбегім.
Арбакеш тағы бір сөздерді айтып тауыса алмай жатыр еді, көлік
қозғалып кетті де, аяқ жағын ести алмай қалды. Жаңағы шеріктер қақпа
күзетшілері екен. Екеуі жабылып жүріп шойын қақпаны зорға ашты да,
бұлар қашан өтіп кеткенше, екі босағада оқтаудай сіресіп қатты да қалды.
– Ой, Демежан аға, Сізбен бірге жүру рахат екен ғой, — деп Бабалық мəз
болып, жырғап келеді. — Сенсеңіз, осы жамбылдың ішіне маңайлап көрген
жоқ едім. Не кереметі бар екен, көрейікші өзін, — деп жан-жағына мойнын
соза қарап қояды.
Аймақ орталығы Шəуешекке ауысқаннан бері, Ши-амбынын шындап
қолға алған ең басты шаруасының бірі — осы қамал құрылысы. Бірақ бұл
неменің жуық арада біте қоятын түрі жоқ, сонша жыл еңбектенгенде, екі
жақтауы зорға қалқайды. Өзі абажадай үлкен. Əр қабырғасының ұзындығы,
əй, екі шақырымнан кем болмас. Биіктігі жеті метрдей, ені төрт метрге
жуық. Тасылып жатқан тас пен топырақта қисап жоқ, қанша арбалап əкеп
төксең де жұмырына жұқ болмай, айдаһарша обып жұта береді. Шіркін,
осыған кеткен қаржы мен еңбекті басқа бір пайдалы іске жұмсаса, тұтас бір
қала тұрғызуға болар еді-ау! Осы қамалдың кесірінен елге түсетін алман-
салық көбейіп, оған зорлап істететін ақысыз ауыр еңбек қосылып, онсыз да
тоба қазығына тақалған жұртты титықтатып болды. Білетіндердің
айтуынша, қазіргі қару-жарағы жетілген заманда мұндай қамал салудың
түкке қажеті жоқ көрінеді. Оны өткендегі бір сөзінде Ши-амбынын өзі де
мойындаған. Бірақ ол да не істесін, жоғарыдан келген бұйрық. Қазір
мұндай бекіністер жалғыз Шəуешекте ғана емес, Үрімжі, Құлжа, Сүйдің,
Күре сияқты басқа қалаларда да салынып жатыр. Бұл қамалдар
бұрынғыдай қорғанысқа жарамаса да, əйтеуір осы өлкенің басқанікі емес,
Маншың өкіметінің жері екенін əйгілеп тұратыны анық...
Демежанның ойын самбырлап сөйлеп келе жатқан Бабалықтың даусы
бөліп жіберді.
– Пəлі, мынаны қараңыз, мынаның түстік жағы мен терістік беті мүлде
алаң-ашық жатыр ғой, Демежан аға?! Бұл өзі сонда қашан бітетін нəрсе? —
деді көшір жігіт əзірше құр тақтаймен қоршап қойған болашақ дуалдың
орнына көз жіберіп.
– Бір бітер, несіне асығасың? — деді Демежан езу тартып. — Ішкі
өлкеде «Қытайдың ұлы қорғаны» дейтін бар. Оның құрылысы екі ғасырға
созылған.
– Ал, керек болса!... Сонда, оның көлемі де осал болмағаны ғой,
шамасы?
– Жалпы ұзындығы төрт жарым мың шақырымға жетеді десіп жүр ғой
білетіндер.
– Мəссаған, енді не бетімді айтайын! — Бабалық, таңданғаннан
ысқырып жіберді. — Бұлар, сірə, қорған соқпаса тұра алмайтын халық
болды ғой.
– Жаңағы Ұлы қорғанды Қытай императорлары біздің түп аталарымыз
— көшпелі гундерден қорғану үшін тұрғызыпты. Мынадай кіші
қамалдарды да бұлар сондай қорғаныстық мəні бар деп есептейді.
– Сонда бұлар кімнен қорғанады? Халыққа сенбегені ме?
– Сене алмағаны ғой... Ана жылғы дүрбеленде өкімет əскерінің жеңіліп
қалу себебін осындай мықты бекіністің болмауынан деп біледі.
Жамбылдың шығыс қақпасында бұларды ешкім тоқтатқан жоқ. Күзетте
тұрған шеріктер шойын есікті ашты да, күре жолға шығарып салды.
Манадан бері əңгімеге араласпай, айналасына үрке қарап отырған Бибі енді
ғана ес жиғандай болып еді.
– Тү-у, құмырсқаның иелеуінен аман-есен шықтық па, шықпадық па.
Кең дүниені көріп, тынысым енді кеңіді ғой! — деген сыңғырай үн қатып.
– Ауылды əбден сағынғансың-ау, Бибіжан? —деді Бабалық бірер жас
үлкендігін бұлдап, Бибіге аға боп жүретін əдетімен.
– Айтпа. Осында тек Демежан үшін жүрдім ғой қамалып. Əйтпесе,
«түйенін молада несі бар» дегендей, менің бұл қалада не шаруам бар еді.
Демежан келіншегінің балбұл жанған жүзіне сүйсіне қарап, оң қолымен
қапсыра, өзіне қарай тартыңқырап қойды. Қайран Бибі! Сахараның caл
перзенті, асау табиғаттың арда емген тағысы еді-ау. Он беске келгенше
ұлша киініп, жүйрік аттардың жалына жармасып өсіп еді. Бір ауылдың
бетке қақпас еркесі, ата-ананың алақанға салған кенжесі емес пе еді. Құдай
төмен етекті етіп жаратып, жат жұртқа пенде қып қойған соң не шара?! Сол
Бибінің манадан бері сонау терістіктегі Тарбағатай жоталарынан неге көз
алмай қарап отырғанын да Демежан іштей түсініп келеді. Бибінің ата-
анасы, ет жақын туыстары сол көгілдір таулардың ар жағында... Демежан
шекара туралы хабарды келіншегіне əлі айтқан жоқ. Егер шекара сызығы
Тарбағатайдың қыр арқасымен өтетіндей болса, екі ауыл екі мемлекетке
қарап, Бибінің төркін жұрты алыстап кететіні анық... Өзі жəне
ұзатылғаннан бері ол жаққа аттап басқан жоқ. Биыл жазда шекара бекімей
тұрғанда, байғұсты төркіндетіп алған дұрыс шығар. Ауылға барған соң
үлкендермен ақылдасу керек.
Уақыт мамыр айының соңы, ұлы сəскенің кезі болатын. Пар атты жеңіл
фаэтон əне-міне дегенше Қараүңгірдің көпірінен өтіп, Дөрбілжінге
апаратын тақтақ жолмен зырлап келеді. Көктемгі даланын көгі əбден
жетіліп, желкілдеп тұрған шағы. Аспан да, жер де нілге малып алғандай
жап-жасыл. Бетегелі боз дала сəл жел тұрса үкідей үлпілдеп, айнала-
төңіректен күн көзіне бөрткен жусан иісі бұрқырайды. Coнay алыс-алыс
көкжиекте, ұшы-қиырсыз Құлыстай жазығында мұнар буына бөккен
толқынды сағым бұлаңдайды. Жол жиегіндегі жусанды даладан шаншыла
тік ұшып шыққан бозторғайлар аспан төріне ілініп қалған күміс
қоңыраудай, жаздың жылы шуағымен өсіп-өнген тіршіліктің жүрекжарды
мадақ жырын төгеді.
Сырттай сыр бермегені болмаса, Демежанның өзі де сахараны қатты
сағынып қалған екен. Көкірегіндегі күн түспеген бір суық, қараңғы
қуыстың орны енді толғандай, көңілі сергіп сала берді. Алып кеудесін
көріктей керіп, терең тыныс алды да, қарсы беттен лүпіп соққан жібек
самалға омырауын тосып, шалқайыңқырап отырды.
– Бабалық, сен үндемей қалдың ғой. Қарап отырғанша осындайда бір əн
салып жіберсейші, — деді, сол көтеріңкі көңілмен атшы жігітке дауыстап.
– Əн салуға дауыс жоқ қой, аға.
– Онда, жол қысқарсын, əңгіме айта отыр.
– Не айтайын, аға?
– Осы сен Шəнішевтермен қалай табысып жүрсін? Соны айтшы.
– Шəнішевтерді мен тапқам жоқ-ау, мені олардың өздері тауып алды, —
деді Бабалық аттардың делбесін қағыңқырап қойып. — Өзіңізге бұрын да
бір айтып едім ғой: он үш-он төртке келгенде əке-шешені бірінің артынан
бірін ауызға салып, жұтып алғанбыз. Əкейдің аздаған шолақ дəулеті
болушы еді, өзі өлген соң жинап-тергені анталаған ағайынның қолында
кетті. Əкем бір атадан жалғыз, ет жақын жанашырымыз жоқ болатын. Мен
он сегізге келгенше əркімге бір жалтанкөз болып, көрінгеннің босағасында
жүріңкіреп қалдым. Əкемнің малын талап алған ағайындардың мені
үйлендіріп, отау көтеріп береміз деген уəделері болушы еді, ол да сиыр-
құйымшақтанып, орындалмайтын арманға айналып бара жатты... Сөйтіп,
екі қолымды алдыма сыйдыра алмай, ауылда құр сандалып бос жүрген
кезім болатын. Осыдан екі жыл бұрын дəл осы май айында Үріжар
маңындағы біздің ауылдың үстінен жүн-тері, астық тиеген көп арбалы
керуен өтті. Сұрастырсам, əлгілер Шəуешектен шығып, Семейге қарай бет
алған осы Шəнішев байдың сауда тоғанағы екен. Арбакештерінің бірі жол-
жөнекей ауырып қалып қойған ба, керуен басы соның орнына адам
жалдағысы келетінін айтты. Іздегенге-сұраған, маған да керегі осы еді.
Əлгінің арбасына отырдым да, Семей қайдасын деп тартып бердім. Сірə,
керуен басыға ұнап қалған болуым керек, қайтар жолда ол мені тастамай,
өзімен бірге Шəуешекке алып келді. Сөйтіп, мен ойда жоқта Шəнішев
байдың көп малайының бірі болып шыға келдім, аға.
– Солай де... Сен де бір жиһангез жігіт болдың ғой. Шəнішевтердің,
Рамазан байды айтам, кісіге қайырымы қалай екен өзі? Еңбек ақынды
ренжітпей уағында төлеп тұра ма?
– Қалай десем екен? Былайша менің өзіме ықыласы жаман емес.
Саудагер деген халық тоқтасқан ақынды жемейді жəне бір тиынын
жегізбейді. Адал қызмет етсең оныңды бағалайды,—деді Бабалық
Демежанға қарай бір қырындау отырып. — Алғашқы айларда мен, көбінше,
байдың үй қызметінде жүрдім ғой. Қайда, неге жұмсаса да, екі айтқызбай
тындырып тастаймын. Бастапқы кезде қолымның сумақысы бар ма, жоқ па,
соны сынағысы келді-ау деймін. Менің жүретін жолымда, үйдің бұлың-
бұрышында ұсақ-түйек ақша ұшыраса беретін болды... Өз басымды
сыйдыра алмай жүріп, біреудің ала жібін аттап қайтем, əлгі ақшаларын
талай рет тауып алып, иесіне апарып бердім. Бірдеңе сатып алуға базарға
жіберсе, қалған ақшасын тиынына дейін санап өткіземін. Не керек, сынақ
мерзімінен сүрінбей жақсы өттім. Осыдан кейін-ақ олар маған қалтқысыз
сенетін болды. Көп кешікпей еңбек ақымды молайтып, басқа жауапты
жұмыстарына да араластыра бастады... Қазір жаман емес, айлығымның
сыртында сыйлық ақша беріп, киім-кешек жағынан да қарайласып тұрады.
– Енді не істемек ойың бар? Шəнішевтің шабарманы болып, осылай
жүре бермексің бе?—деді Демежан жігіттің түпкі ойын білгісі келіп.
– Енді қайда барамын, Демежан аға-ау? Қазақбайына жалданып, жалаң
қойшының бірі болғанша, осы жүрісімнің өзі артық емес пе. Таза жұмыс,
тиын-тебенін уағында төлеп тұрады...
– Былайша хат сауатын бар, жап-жас, əдемі жігітсін... Ел қатарлы қатын
алып, шаңырақ көтеріп, өз алдына тіршілік құрмайсың ба дегенім ғой.
Қыздарға өтімің қалай еді өзіңнің?
– Бұл айтқаныңыз жөн-ау, Демежан аға. Бірақ маған дəл қазір кім қызын
ұстата қояр дейсің, — деп Бабалық өз сөзіне сақ-сақ күліп алды. — Біздің
қазақ: «Алдымен денсаулық, сонан кейін ақ жаулық, сонан кейін бес
саулық» дейді ғой. Мен соны өзгерткім келіп жүр. Əуелі бес саулық жинап
алып, ақ жаулыққа сонан кейін мойын бұрсам деймін...
Бұл сөзге Демежан мен Бибі қатар күлді.
– Біздің туысқан татардың қызын алатын шығар. Татарша сөйлегенде
аузы-аузына жұқпайды өзінін, — деді Бибі əңгімеге араласып.
– Бұйырған қыз қайда қашар дейсіз, үйленеміз ғой, — деп жас жігіт
ақсия күліп қойды. Біз, əсілі, соңғы екі-үш атада бір кіндіктен жалғыз-
жалғыздан келе жатырмыз. Жақында бір тəуіпке құмалақ аштырсам: «сенін
үрім-бұтағын өте көп болады. Түбінде немере-шөберен жүзге жетіп, бір
тайпа ел боласын» дегенді айтты... Соны естігелі арқа-басым кеңіп, бала-
шаға жөнін де уайымдауды мүлде қойдым.
– Илəйым, солай болсын. Шіркін, болашақ ұл-қыздарының шешесі қазір
қайда жүр екен? Бота көзі жаудырап күтіп отыр-ау бір жерде, — деп
Демежан оны қостап қойды.
Бабалық енді байсалды қалыпқа көшіп, орындыққа түзеліп отырды.
Үсті-басы тап-тұйнақтай таза. Қала үлгісімен бір сыдырғы жақсы киінген.
Қаланың малайы даланың мырзасындай.
– Мен қазір жай жүргем жоқ, аға, татар-өзбек байларынан сауданың қыр-
сырын үйреніп жүрмін, — деді жас жігіт сəлден соң тың əңгіме бастап. —
Біздің қазақ өз қолынан келмегеннің бəріне танауын көтеріп, менсінбей
жүреді ғой. Бірақ бұл сауда дегенін керемет өнер екен. Оның қасында
мыңғырған маңында, шіренген шен-шекпенің де түкке тұрмай ма деп
қалдым. Қораңдағы қойды қоздату қиын емес, мықты болсаң тиыннан
тиын туғызып көр! Сауданың көзін жақсы білген адам қай елге барса да
аштан өліп, көштен қалмайды. Мына Шəнішевтерді көрмейсіз бе, сауданың
арқасында тасы өрге домалап, қытай мен орысты бірдей жайлап отыр.
– Біздің қазақтан шыққан саудагер жоқ еді. Бəлкім, осы кəсіптің төл
басы сен болатын шығарсын, — деп Демежан да жас жігіттің сөзіне
елеңдей қалды.
– Айтқаныңыз келсін, аға. Біздің қазекең — кең сахара мен төрт түлік
малдың арқасында етек-жеңі жиналмай, бейқам өткен халық қой, — деп
Бабалық көп арманы іште жатқан адамдай терең күрсінді. — Апыр-ай,
өзгесін не қылайын, қолындағы алтынның, буда-буда ақшаға айналғалы
тұрған ең байлықтың да қадірін білмейді ғой... Өткен жылы қызық болды:
күзем кезінде жүн-тері жинау үшін, саудамен Майлыдағы Керей ішіне
бардық. Жүн дегенде қисап жоқ, тау-тау болып қораның шетінде үйіліп
жатыр. Қыз-келіншектер тиынға тұрмайтын түйреуіш пен оймаққа, айна
мен тараққа бола құшақ-құшақ жүнді көтеріп əкеліп ұстата салатынын
қайтерсің. Ал шай мен кездеме үшін қыр қазағы астындағы атын түсіп
беруге əзір. Байдың саудасын істеп, пайдасын қорғап жүрсем де, əлгі
байғұстарға қарадай жаным ашыды. Майлы отынға тапшылау жер екен.
Жауынды күні бір бай ауылға барып қонсақ, əлгілер қойдың жүнін жентек-
жентегімен отқа жағып отыр...
Демежан ойланып қалды. Бабалықтың сөзі қышыған жеріне дəл тиіп,
көкейіне қонып келеді. Жас жігіттің еті тірі, ойы сергек, айналасына сын
көзімен қарайды. Қорғансыз жетімдігіне, жалғыздығына қарамастан,
жалтақ, жасық емес, өзіне-өзі сенетін бір күш бар бойында. Əй, мынадан
бірдеңе шығады түбінде... Қазақ та басқа халықтар секілді егін салуды,
сауда істеуді үйренбей тұрып, мына қалпында көсегесі көгере қоймас.
Əлде, шынында да, жаңа бір өнер жолын бастайтын —осы Бабалық болар
ма екен? Солай болуы да мүмкін-ау. Мұндай талапты жасты қолтығынан
алып, демеп жіберу керек... Ол атшы жігітке мейірлене қарап отырды да:
– Бауырым, сенін мына талабын жақсы екен. Егер түбінде өз алдыңа
кəсіп істеп, сауда қылатын ойын болса, маған айт, көмектесейін: өкіметтен
рұқсат алып берейін, көлік жағынан қысылсаң, астыңа ат мінгізейін, — деді
шын ықыласымен.
– Рақмет, Демежан аға... Осылай айтарыңызды өзім де сезіп ем, — деп
Бабалықта разы боп қалды. — Бірақ мен үшін жеке кəсіп істеуге əлі
ертерек қой. Ұядан ұшуға қанат-құйрығым əлі толық жетіле қойған жоқ. Ел
танып, жер танып дегендей, сауданың қат-қабат қалтарыстарына əлі де
болса қаныға түсуім керек.
– Ол жағын өзін білесің. Ал түбінде көмек керек болса, қысылмай
айтатын бол, — деді Демежан.
Бұлар күре жолмен Абдыра өзенінің аңғарына дейін жедел жүріп келді
де, Қарақабақтың тұсында түстікке қарай кілт бұрылды. Бір бүйірде қалың
талы алыстан көз тартып, Бахалдайдың зəйімкесі қалып барады...
Алдарында тақтайдай керіліп, Боздақ даласы жатыр. Бетегелі, боз жусанды,
кең жазықты кесіп өтсе, ар жағында Көкжайдақта отырған Керімбай
ауылдарының да төбесі көрінуге тиіс.
IV
Шежіре бойынша, Найман атаннан тарайтын төрт Төлегетайдың кенжесі
— Төртуыл. Он сегізінші ғасырдың ортасында Жоңғар хандығы жойылып,
Құлыстай өлкесі босап қалғанда, Үріжар мен Қатынсу бойынан үдере
көшіп, күнгейге асып түскен, жаңа қонысқа бірінші болып мекен тепкен
елдің бірі де — осы Төртуылдар. Бұл атаудың неден шыққанын көне көздер
əртүрлі жориды. Біреулер «төрт ауыл» деген сөзден шығыпты десе, екінші
біреулер «төрт ұғұл» деген ағайынды төрт жігіттен тарапты деп өздерінше
дəлел келтіреді. Дегенмен, қалай болған күнде де, осы екі болжамның да
шындыққа саятын жері бар. Өйткені, Төртуылдың өзі: Ақбарақ, Ақболат,
Андабарақ, Қартбарақ болып төрт атаға бөлінеді. Бұл көп барақтың ішінен
соңғы екеуі: Андабарақ пен Қартбарақ ежелгі атамекендерінде, Ертіс
бойында қалыпты да, Ақбарақ түгелімен, Ақболат жартылай күнгейге
көшіп келіпті.
Сол дүниенің кең кезінде ертерек келгенінен болар, қазір Төртуыл
рулары Тарбағатайдың күнгей төсінен сонау Барлық тауына дейінгі ұшы-
қиырсыз кең өлкені емін-еркін бауырына басып кең жайылып жатыр.
Ақбарақтың өзі бұл күнде: Дəулетей, Айтым, Кенжеғұл болып бір жіктелсе,
өскен ата Дəулетей: Бұқа, Шөтік, Елтізер, Сүйіндік деген əлденеше руларға
бөлініп, өзара қыз алысатын дəрежеге жеткен. Қалың Бұқа мен Шөтік тау
сағалап, Тарбағатайдың төсін жайласа, Сүйіндік пен Елтізер ең өлкенің
етек жағында, Еміл мен Барлықты қыстап шығады.
Ал Сүйіндіктің өзі: Байқара, Жауғаш деп бөлінсе, Керімбайдың сүйегі —
Жауғаш болатын. Бұлар мал-басы бірдей өрбіген, атқа мінер жігіттері де
сай, дəулетті, мықты ата саналады. Қойнау-қойнауында көк қияқты қалың
шөп өсетін, жасыл шалғынды, балқашты-бандырғанды келген осынау
шұрайлы өңір Байқара мен Жауғаш ауылдарының жыл сайын жайлауға
шығар алдында бір-екі ай кең көсіліп отыратын жайлы қоныстары еді.
Шөбі шүйгін, суаты мол жер. Бастауын сонау Тарбағатайдың қарлы
шындарынан алып, Емілге барып құятын Қараүңгір, Абдыра өзендерін
былай қойғанда, əр тұстан көк иірім болып, жөңкіліп ағатын, сұлудың
көзіндей мөлдіреген қарасулары қаншама! Кеңжайылым қорықтарды көп
мал көктемде қанша тақырлап жеп кетсе де, ел жайлаудан түскенше, жердің
түгі қайта жетіліп, желкілдеп тұрады.
Жолаушылар түс ауа Боздақтың кең жазығына ілінген сон-ақ əр тұста
жайылып жатқан ақтылы қой, алалы жылқы, суат бойлап қонған шоғыр-
шоғыр ауылдар ұшыраса бастады. Əр ауылдың тұсынан өткен сайын үлкен-
кішісі түгел сыртқа шығып, бұл өңірде бұрынды-соңды болмаған
қоңыраулы күймеге таңырқай қарап, біразға дейін көздерімен ұзатып
салады.
Керімбайдың өз ауылы жылдағы қонысында, Шилібастаудың түбіндегі
кең қолатта отыр екен. Кезеңге шыға келгенде, бір ұя қаздың
жұмыртқасындай дөңгелене қонған ақ ауыл Демежанның көзіне оттай
басылды. Ауылдың сырт жағындағы көк жасаңға тартылған бие бау
маңында қалың жылқы үйездеп тұр. Шананың табанындай қайқайып
жатқан қасқа жолмен пар атты фаэтон ауылға таман құлдилағанда, есік
алдында жүрген үлкен-кіші үдірейісе қарап сəл тұрды да, бір мезгілде
қолаушыларды шырамытқан болар, бір топ бала бері қарай лап қойды.
Жамыраған қозыдай андыздап, қаптап келеді.
– Ал басталды. Қоржыныңның аузын шеше бер, — деді Демежан Бибіге
бұрылып.
Сол-ақ мұң екен, ауыл шетіне таяп іркілген күйменің үсті шүпірлеген
ұсақ балаға толып кетті. Демежанның кенже інісі Əбдірасыл бастатқан
немере бауырлары, көрші-қолаңның солармен бірге ойнап жүрген қара
сирақтары. Бибі затында өте балажан болатын. Бірнешеуін алдына
отырғызып, алма-кезек беттерінен сүйіп жатыр. Бұлар тор жақтағы үлкен
ақ орданың қасына таянғанша, қоржынның бір басындағы қант-кəмпит,
өрік-мейіз өз иелерін тауып та қалып еді.
Ауылда шеттен келген кісілер бар секілді. Оңашалау тігілген қонақ
үйдің сыртындағы кермеде күміс ер-тұрманды бірнеше жарау аттар
байлаулы тұр. Жолаушылар күймеден түсіп жатқанда, үлкен ақ үйдің
қасында топтанып тұрған үлкендер де бері қарай аяндады. Ен алда
Керімбайдың өзі, одан сəл кейінірек Ажар бəйбіше мен тағы басқа жақын
туыстар. Демежан алдымен əкесіне келіп сəлем берген. Бұл күнде елудің
мол ішін аралап кеткен Керімбай ұзын бойлы, мол бурыл сақалды, түксиген
қалың қабақтың астынан шүңет көзі адамға тесіле қарайтын, түсі суық
айбарлы кісі еді. Көптен көрмеген Демежанды жай ғана құшақтап иығынан
қақты да, алдына келіп, иіліп сəлем еткен Бибінің маңдайынан иіскеді.
– Қалай, балалар, шаршап-шалдықпай жақсы жеттіңдер ме? — дегеннен
басқа көп тіл қатқан жоқ.
Енді бұларды арт жақтағы қалың топ күтіп тұр еді. Əке құшағынан
босап, шешелер қауымына қалай жетті солай, Демежан мен Бибі тасып
төгілген мейір-шапағаттың мол теңізіне кірді де кетті. Екеуі алдымен мама
қаздай мамырлаған Ажар бəйбішенің құшағына бір-бір сүңгіп шыққан.
Сонан кейін-ақ кезекте тұрған шешелер мен жеңгелер, аға-бауырлар ортаға
алып, қаумаласып əкетті. Көл-көсір ыстық ықылас, сабасынан асқан
сағыныш. Бұлар бейне жер түбінен келген адамдар секілді. Жеңгелері
жастай қала жағалап кеткен Демежанды «Төре бала» деп атайтын-ды.
Тəңірім-ау, көптен ұмыт болып кеткен осы бір аяулы сөзді қайтадан естудің
өзі қандай қымбат еді?!
– Төре бала-ау, келіншегің мен екеуін қалаға бардыңдар да, күрік болған
тауықтай жатып алдыңдар ғой мүлде, — дейді үлкен ағасы Сағымжанның
əйелі Қамария.
– Қатын алған, бəлем, өзіне жаққан екен. Бір жылдың ішінде соқталдай
боп кетіпсің ғой, — дейді екінші бір жақын жеңгелердің бірі.
– Бибінің отауын білгендей-ақ тігіп қойған екенбіз. Отауларын
жасауымен дайын тұр, барасыңдар да күмп ете қаласыңдар, — дейді
үшінші бір кəрі жеңге.
Алғашқы абыр-сабырдан кейін əйелдер жағы Бибіні ортаға алып, отауға
қарай ертіп кетті де, Демежан үй сыртында əлдекіммен сөйлесіп тұрған
əкесінің қасына қайта оралды.
– Қалада не жаңалықтар бар? Ши-амбы, тағы басқа ұлықтар тегіс
саушылықта ма? — деді Керімбай баласының бас-аяғына бажайлай көз
жіберіп.
– Бəрі аман-есен... Дұғай-дұғай сəлем жолдады сізге. Ши-амбының сізге
арнайы жеткіз деген өз сəлемі тағы бар. Онысын жата-жастана айтармын,
— деп Демежан қастарында тұрған бөтен кісінің көзінше шешіле қоймады.
Бірақ əкесінің оған шыдамы жетпей:
– Орыс пен Қытай арасына шекара тартылайын деп жатыр дейді ғой. Ол
не сөз? — деді мəймөңкелеп тұруды ұнатпайтын əдетімен.
Демежан таң қалды. Таң қалғанда əкесінің сөзіне емес, қазақтың «ұзын
құлағының» шапшаңдығына таңырқап тұр. Губернатор кеңсесінің өзінде
соңғы бір-екі күнде ғана мəлім болған бұл хабардың қыр еліне қалай жетіп
үлгергені, шынында да, қайран қаларлық еді.
– Сол естігеніңіз рас, көке. Менің сізге əкелген басты жаңалығым да,
Ши-амбының айта бар деген сəлемі де осы мəселеге байланысты, — деген
амалсыз езу тартып. — Бұл хабарды сіздер қалай естідіңіздер?
– Е, қалай дерің бар ма? Осындағы жұрттың бəрі гулесіп жүр ғой,
əйтеуір, — деді Керімбай қабағын ашпаған суық қалпы. — Ал енді шешеңе
бар. Біраз демалып, сусын басып алған соң қонақ үйге келерсің... Жаңа сен
келердің алдында, Сымайыл зəңгі келіп түсті. Сол кісіге кіріп сəлем бер.
Соны айтып, өзі сыйлы кісілер отырған қонақ үйге қарай беттеді.
Демежан онсыз да үлкен үйдегі шешелер қасына жетуге асығып тұрған.
Ішке кірсе, Бибі де, Бабалық та осында екен. Бибі сандықтың аузын ашып,
үлкендерге базарлық үлестіруге кірісіпті... Ажар анасы мана қаумалаған
көпшіліктің арасында баласына деген сағынышын сарқа алмай қалса керек.
Ішке кірген бойда Демежанды қайтадан құшақтап, айналып-үйіріле
бастады. Өзінен əлдеқайда биік, теректей жігітті қоғадай иіп əкеліп,
бетінен, маңдайынан аймалап сүйіп жатыр.
– Құлыным-ау, өзіңді қағаз сорып тастаған ба, биыл бір түрлі жүдеусің
ғой? — деп қояды ара-арасында.
– Оны мына Бибіге айтыңыз, апа. Бəйгеге қосатындай, мені шөміштен
қысып, жаратып жүрген — осы келініңіз, — дейді Демежан шешесінің
сөзін қызық көріп.
Бұл сөзге Бибі кəдімгідей қысылып, қызарақтап қалды. Ол да өзінше дау
айтып жатыр:
– Оның сөзін тыңдамаңыз, апа... Өзіңіз қыста жіберген тайдың еті мен
тəтті-дəмдіңіздің бəрін осы балаңыздың өзі-ақ жеп тауысқан.
Жастардың жарастықты əзіліне былайғы жұрт мəз болып күлісіп жатыр.
Кешікпей үлкен үйге дастарқан жайылып, қымыз құйыла бастаған. Бұл
күнде жасы елуден асып, еті ауырлап, толыса түскен Ажар бəйбіше бір
ауылдың анасындай, қолы ашық, дастарқаны мол, аса байсалды кісі еді.
Керімбайдай ел ағасынын қатал мінезінен, ашу-айбарынан ығысқан жұрт,
көбінесе, осы Ажардың төңірегіне үйіріле беретінді. Күйеуінің бойынан
табыла бермейтін кейбір қасиеттерді осы бəйбішесі толықтырып, жамап-
жасқап, бүтіндеп отыратындай еді. Аппақ шатырдай кимешек-шаршысына
өмірі қылау түспейтін, қызыл күрең қатипа камзолының екі өңірінде
қапсырмалы күміс түймелер үймелеген, екі қолының салалы саусақтары
алтын жүзіктерге толы Ажардың қазіргі сəні де жұрттан өзгеше. Əке-шеше
арасындағы қыс пен жаздай осы бір кереғарлықты тағы бір рет есіне алған
Демежан анасының əлі де əжім айғыздай қоймаған нұрлы жүзінен көз
алмай ұзақ қарап отырды. Өзінің де анасын шын қатты сағынғанын енді
сезіне бастаған.
Бір кезде даладан самбырлаған əлдебір дауыс естіліп еді, көп кешікпей
əлгі адам босағада тұрған бала-шағаны былай ығыстырып, ішке баса-
көктеп кіріп келе жатты. Өзінің Майлық ағасы екен. Керімбайдың туған
інісі, мал-жанына қарайтын майлығы мен сулығы... Үстіндегі түйежүн
шекпеннің екі етегі далақтап, басындағы көнетоз елтірі тымағының бір
құлағын ішіне жымырып алыпты. Манадан бері ат үстінде, мал аралап
жүрген бе, қалашылардың хабарын естіп, шауып жеткен беті осы болса
керек. Келе-ақ, Демежанды бассалып, маңдайынан сүйді. Орнынан тұрып
сəлем еткен Бибіге де «тəңір жарылқасын» айтып жатыр.
Майлық, əсілі, күпілдек мақтаннан да күр жүретін кісі емес еді.
Алғашқы аман-сəлемнен кейін, ішін жарып əкетіп бара жатқан сол сөздерін
түйдек-түйдегімен сыртқа шығара бастады.
– Мана сендер Сəмеке сазынан бері бұрылып, Шилібастауға еңкейгенде,
мен Көкқайнарда қысырақтың үйіріне таңба бастырып жатқанмын. Қос ат
жеккен қоңыраулы күймені көргенде, жылқышылар «апыр-ай, бұл кім
болды екен» десіп аң-таң болып, ауыздарын ашып қалды... Ал мен бірден
біле қойдым. «Мына кетіп бара жатқан — дəуде болса, не Шиамбының өзі,
не біздің Демежан» дедім. Осы екеуінен басқа бұл өлкеде пəуеске мініп
жүретін кім бар? Содан жүрегі құрғыр алып ұшып, шауып жеткен бетім
осы.
Майлық ағасынын мінезін жақсы білетін Демежан іштей мырс-мырс
күліп отыр. Өзінің бұл сапары енді жаз бойы осылай жыр болатынын да іші
сезеді. Мақтаншақ туысын сөйлете түскісі келіп, биыл төрт түліктің қыстан
қалай шыққанын, көктемгі өріс-қоныс жайын сұрастырған. Майлық мал
жөніне келгенде қамшы салдырмайды, бірден желдей есіп жүре берді.
– Е, тəйірі, Барлықтың қалың қатпар қойнауы мен бүкіл Өбісін,
Жараудың қоғасы мен қияғын сұр қазыдай кертіп жеген малдың қылшығы
қисаятын ба еді. Алты ай қыс бойында Майлық ағаң бел шешіп ұйықтады
ма екен?! «Ел иесі — Керімбай болғанда, мал иесі — Майлық» дегенді осы
ел тегін айтып жүр дейсің бе? — деп бір кетті.
– Биыл көктемгі жайылым-өрісті де молынан қамтып, біздің ауылдың
төбесін көрмесе адасып кететіндей итіне қонатын біраз ағайынды бұл
төңірекке жолатпай отырмын, — деп тағы шалқыды.
Бұрын тек Керімбай зəңгінің буына мас болып, қырып кете жаздап
жүретін Майлық енді оған Демежанның буы қосылғанда, тіпті аспандай
түсіп, жуық арада жерге қонатын түрі жоқ еді. Соны сезген Ажар бəйбіше
осы тұста сөзге араласып:
– Жə, жетер... Шаршап келген баланың миын ашытпай қоя тұрсайшы,
бар болғыр, — деп қайнысын тыйып тастады. Сонан соң Демежанға
бұрылды да: — үлкендер күтіп қалған шығар, енді қонақ үйге бар, балам.
Кəрі зəңгі қамкөңіл ғой, дұрыстап сəлем бер, — деді.
Ажардың «кəрі зəңгі» деп отырғаны — төстегі Қараменде жағынан
келген Сымайыл зəңгі еді. Бұл — Төртуыл ішінде Демежанның аса
сыйлайтын адамы. Жас жігітті ол кісіге аса ыстық ететін тағы бір жай бар.
Демежан Ши-амбының қолында аманатта болғанда, Сымайылдың өзімен
тағдырлас Қайыңбай деген баласымен жұп жазбай бірге жүретін. Сол
Қайыңбай кейін əкесінің қолына барып, əбден азамат болған шағында,
осыдан екі жыл бұрын мезгілсіз қайтыс болған-ды. Алдағы жүздесудің
ауырлау болатынын сезіп, Демежан орнынан көтеріле берді.
Қонақ үйде, əке қасында осы елдің əр руынан жиналған он шақты адам
бар екен. Төрдің дəл төбесінде аппақ сақалы бауырына түскен, қапсағай ірі
денелі, қас-кірпігіне дейін түгел ағарған Сымайыл зəңгі отыр. Бұл күнде
«кəрі зəңгі» атанған, исі Төртуылдың ең үлкені, алдынан ешкім кесе
өтпейтін қадірменді кəрісі. Оған тақау отырғандар — Шөтіктің атқамінері
Қызылбала, Сымайылдың өз інілері Тойшы мен Мішай. Одан төменірек
Қараменденің қазір көзге түсіп жүрген жас перілері Көксеген мен Байсерке
жайғасыпты. Солардың қатарында осы төңіректегі Байғара мен Жауғаштың
Түсіп, Тыныбай секілді елубасы, билерінің де отырғаны байқалады.
Демежан есіктен кірген бойда:
– Ассалаумағалайкум! — деп он қолын көкірегіне қойып, дауыстап
сəлем берді де, тұп-тура кəрі зəңгіге қарай қадам басты.
Қарттарға тəн ауыр қимылмен жер таянып, Сымайыл да орнынан тұра
берген. Демежанды бауырына баса құшақтап, екеуі төс түйістірген күйі бір
сəт тұрып қалды. Қарт құшағын жазған соң, жас жігіттің маңдайынан сүйді
де, жасты көзбен күйбеңдеп теріс айнала берді. Өз орнына қайта
жайғасқаннан кейін де, тамағына кептелген түйіншекті жаза алмай, біразға
дейін үнсіз отырып қалған. Демежан басқаларға да жағалай қол беріп,
əкесінің төменгі жағына барып тізе бүккен кезде ғана, Сымайыл өзіне-өзі
келіп, көкірегін қарс айыра терең күрсінді.
– Қалай, балам, қол-аяғын cay, аман-есен жүрсің бе? — деді үні
тарғылдана, Демежанға бұрылып. — Сені көргенде Қайыңбайым еске
түсіп, кəрі жүректің тағы бір тулап қалғаны ғой. Қайыңбай екеулерін
қандай едіңдер кеше?! Тел қозыдай жарасып қатар жүруші едіндер-ау.
Тайқия біткен тар маңдайға сыймады ғой менің қайран құлыным!
Үй ішіндегі үлкендер қарттың күй-жайын іштей ұғынып, əдейі əңгімеге
араласпай, сабыр сақтап отырған. Тек осы тұста ғана жан-жақтан жамырай
тіл қатысып, жұбату сөздер айтып жатты:
– Болған іске болаттай берік болыңыз, ақсақал. Босай беріп қайтесіз...
– Е-е, жылап-сықтағаннан бірдеңе өнетін болса, жоқтау зары аз болып
жатқан жоқ қой.
– Құдай бергенін алса да, берерін алмасын, — десіп жатыр.
Сымайылдың сол жақ тізесін баса, əркімнің аузына бір қарап, он жастар
шамасындағы, екі көзі шоктай жайнаған, басында зерлі тақиясы бар,
дөңгелек жүзді, қоңырқай бала отыр еді. Кəрі зəңгінің көңіліне медеу
тұтып, қайда барса да қасынан тастамай ертіп жүретін, көп қыздың
ішіндегі ендігі ұл баласы — осы ғана. Керімбай сол балаға назар тоқтатып,
сəл бөгелді де:
– Құдайға шүкір, əлі де қолыңыз құр емес қой. Ендігі күнде қасыңызға
қарайып еріп жүрген мына бір қара домалақтың қайырын тілеңіз. Тіршілік
болса, бұл да əлі-ақ азамат болып, адам қатарына қосылып кетеді, — деп өз
тарапынан бір басалқы сөз айтқан.
Үй иесінің бұл лебізін əр тұстан қостаушылар табылды.
— Е-е, адам болды деген осы емес пе.
— Атасынын қасына еріп, атын ерттеп беруге жарағаны аз олжа ма?
— Бəріміз де осы баладан өскен жоқпыз ба?! — дескен қолпаш сөздер
естілді.
Сымайыл үй ішін көзбен шолып, басын изектетіп аз отырды да:
– Қайтеміз енді... Қу жан кеудеден шықпаған соң, осы бір күшіктің
тілеуін тілеп, от оттап, су ішіп жүріп жатқан арсыз пендеміз ғой, — деп
ауыр күрсінді. — Сыбан Сабырбай ақын осындай бір əңгіме үстінде:
Жақсы да болса қарағым,
Жаман да болса қарағым.
Ұлым жаман дегенде,
Солтабай төре берер ме,
Жақсы туған Барағын. —
деген екен. Сол айтқандай, қолда барды қанағат етпеске амалымыз
қайсы?! — деп қасындағы баласын бауырына тартып, төбесінен иіскеп
қойды. Сонан соң есіне əлдене түскендей: — Күдері, сен Демежан ағаңды
білесін бе? Ол — сенін Қайыңбай көкеңнің жолдасы ғой... Бар, ағаңа сəлем
бер! — деді.
Күдері өткір бала екен. Жүзі балбұл жанып, орнынан атып тұрды да,
Демежанның алдына келіп иіліп сəлем берді. Демежан оны жібермей,
бетінен сүйіп, қасына отырғызды.
– Қалай, оқып жүрсін бе? — деді баланын арқасынан құшақтап.
– Мен оқуды əлдеқашан тауысқам...
– Тауысқаны қалай? Дүниеде сен оқитын оқу қалмағаны ма сонда?
– Қоқымбай молда бізді екі жылдай оқытты да, өз оқуы таусылып қалған
соң, бəрімізді таратып жіберді.
Күдерінің сөзіне үйдегілердің бəрі қыран-топан күлісіп жатыр.
– Əй, баламысың деген!
– Болмаған соң шынын айтты-ау ақыры...
– Дегенмен тіл сындырып, қара танығанының өзі қаншалық. Бір адамға
Қоқымбайдың оқуы да жетіп тұр, — десіп отырғандар əр тұстан кеу-кеулеп
əкетті.
Демежан Күдерінің зеректігіне қызығып, Сымайыл зəңгіге: «балаңызды
қаладағы қытайша оқуға берсеңіз нетті»деп айтуға бір оқталды да, бұл
жағынан аузы күйіп қалған қарт жалғыз ұлды қолдан шығармасын сезіп,
іркіліп қалды.
Осыдан екі жыл бұрын Қайыңбай қайтыс болғанда, Демежан əкесімен
бірге барып, марқұмға топырақ салып қайтқан-ды. Содан кейін Сымайыл
ақсақалды көріп отырғаны осы. Баласынын қайғысы қарт адамға оңай
тимеген секілді, содан бері кəрі зəңгі күрт төмендеп, шөгіп кетіпті.
Қайыңбай өлімге қиятын жан ба еді, шынында? Он екіде бір гүлі ашылмай
тұрып, не бəрі жиырма бір жасында қыршынынан қиылды.
Демежан мен Қайыңбай Ши-амбының қолында аманатта жүргенде
табысқан. Ол кезде Аймақ орталығы Дөрбілжінде. Қайыңбай бұдан бірер
жыл бұрын келген екен, екеуі жаңадан ашылған қытай мектебінде бірге
оқыды. Көпшілігі қытай, маньчжур, сібе-солаң балалары. Ішінара аманатқа
берілген қазақ балалары да ұшырасады. Солардың арасынан жасы өзі
құралпы, түр-тұлғасы қазіргі Күдеріге келетін, бетінен қан тамған өңді бала
Демежанның назарын бірден аударған. Көп ұзамай екеуі дос болып кетті.
Қайыңбай ана тілін ұмытыңқырап қалған екен. Оның есесіне қалмақша мен
қытайшаға судай ағып тұр. Демежан оған қазақша үйретіп, Қайыңбай бұған
қытайша үйренуге көмектесіп, жатақханада екеуі қойындасып бірге
жататын болды. Қайыңбай өзінің жаугершілік жылдары қалмақ қолына
түсіп кеткен қазақ баласы екенін ғана біледі екен. Одан арғысын таратып
айта алмайды. Қайыңбайдың қандай өткелектен өтіп келгенін кейін білді
ғой екеуі де. Оның Сымайыл зəңгінің баласы екенін, кешікпей əке мен бала
табысып, зор қуанышқа кенелетінін Қайыңбай Ши-амбыдан еншіге бір
тоған су алып, ел алғысына бөленетінін Демежан ол кезде қайдан білсін.
Қайыңбай əкесімен табысып, аймақ орталығы Дөрбілжіннен Шəуешекке
көшкеннен кейін де, екеуі ескі жамбылдың ішінде үш жыл бірге оқыды.
Мектепті бітірген соң, Демежан қалада тілмаш болып қалды да, Сымайыл
зəңгі əз ұлын үйлендірмек болып, ауылға алып кеткен. Қайыңбайдың ептеп
өкпесі ауыратын еді. Қымыз ішіп, денсаулығын түземек болып, екі-үш
жылдай ауылда жүріп қалды. Соңғы рет көріскенде реңі тым жақсы сияқты
еді. Демежанды жайлаудағы өз ауылына қонаққа шақырып кеткен. Бірақ
қайта көрісуге тағдыр жазбады ғой. Қаладан қайтар жолда Бахалдайдың
үйіне түсіп, шай ішіп аттанған екен. Ауылға ауырып барыпты да, үш күн
жатып қайтыс болыпты. «Ши-амбыдан бір тоған су алатын қазақ сенбісін»
деп, халдайлар үзеңгісіне у жағып жіберді ме деген күдік бар...
Демежанның ой желісін үйдегілердің дабыр-дұбыр əңгімесі бөліп
жіберді. Бұл кезде үлкендер жағы алда болатын ас жайын сөз ете бастаған
екен. Ертең Төртуылдың басты-басты адамдары төменгі Мəмбет ішіндегі
Отыншы бидің асына аттанбақ көрінеді. Сол асқа бірге барайық деп,
Керімбай кеше Сымайыл зəңгіге кісі жіберіп, арнайы шақыртып алғаны
мəлім болды. Қымыздан кейін, шай дастарқаны үстінде ендігі бір алуан
əңгіме сол ас туралы болып еді.
Күні кеше, алпысыншы жылдардың ортасында, жергілікті Маншың
өкіметіне қарсы көтерілісте дүнгендерге қосылып, Байжігіт қолын бастаған
Мəмбеттің атақты биі Отыншы өткен жылы осы уақытта өз ажалынан
қайтыс болған-ды. Отыншы өз тұсында осы отырған Сымайылдың да,
Керімбайдың да көп араласқан, қарулас, дəмдес болған адамы. Көтерілістің
бас кезінде осы Сымайыл бастаған Төртуыл жігіттері де Байжігіт қолымен
бір сапқа тұрып, Хэбен-амбы мен Шаған-кегеннің əскеріне қарсы атой
салып, бірге шабысқан. Сібеті өзенінің төменгі аңғарындағы қазір «Кəпір
қашқан» аталатын сары жазықта көтерілісшілер Маншың əскерін алғаш рет
ойсырата жеңді. Бұл шайқаста дүнгеннен шыққан Бор батыр мен Байжігіт
ішінде Сайболаттан шыққан Қоныз батыр ерекше көзге түскен. Алғашқы
жеңістен кейін, Шаған-кегеннің шабуылы кезінде көп шығынға ұшырап,
тоз-тозы шығып босып кеткен Төртуылдар ес жию үшін осы Құлыстайда
қалып қойды да, Байжігіт жағы жау əскерінің өкше ізіне түсіп,
Еренқабырға бөктеріндегі сонау Манас өзеніне дейін қуып барды.
Байжігіт тайпасын ереуілге көтеруде баяғы Қабанбай батырдың
шөбересі Əділбек пен Тоқыр бидің де қосқан үлесі аз болған жоқ. Əділбек
«атам Қабанбайдың сандықта жатқан туы еді» деп айбынды ақ ту көтеріп
шыққан. Қолдарындағы қару-жарақтан гөрі Байжігіт елін қатты желіктіріп,
жеңіске құлшындырған — осы ту болатын. Байжігіт рулары дүнгендермен
бірге, қашқан жаудың қыр соңынан қалмай Манастан ары асырып тастады
да, Еренқабырға бөктерінде бес-алты жыл дəурен сүрді. Орталарынан
Құлдың Отыншысын хан көтеріп, Тоқырды би, Қоңыз батыр мен Əділбекті
бас сардар сайлап, Манас бойында бес-алты жыл бойы Қабанбайдың ақ
туы желбіреп тұрды.
Бірақ, амал не, ол дəуір ұзаққа бармады ғой. Көп ұзамай, жетпісінші
жылдардың басында көтерілісшілер жеңіліп, Маншың өкіметі қайта келіп
орнады да, Байжігіт ауылдары арып-тозып, Тарбағатайға қайтып келуге
мəжбүр болды. Көтеріліс басшылары: Отыншы, Əділбек, Тоқыр ауылдары
өкіметтің жазалаушы əскерінен жасқанып, бұрынғы өз мекендеріне де
тұрақтай алмай, орыс жеріне таман ойысқан. Бастарына күн туа қалса, ары
қарай көше жөнелуге ыңғайлы болсын деп, Барлық тауының Алакөл жақ
бөктеріне қоныс аударып, əлі күнге дейін əліптің артын бағып отырған
жайы бар еді...
Енді, міне, қалың Мəмбет Отыншыдай арысына үлкен ас беріп,
өздерінің бұл дүниеде əлі бар екенін бір əйгілемек көрінеді. Отыншының өз
ұлдары момындау болғанымен, қазір Шəйі деген немересінің аты дəуірлеп
жақсы шығып тұр. Атасының аруағын асырып, артын үлкен аспен таратуға
бел буған — сол жас жігіт, намысты немересі деседі. Бұл ас туралы исі
Байжігітке, көршілес Төртуыл мен Керейге, іргесіндегі тума-тоқпаққа
осыдан үш ай бұрын сауын айтылған-ды. Шақырылған жерге бармай қалу
— ел атына намыс. Əсіресе, Керімбай, Сымайылдай ел ағаларына үлкен
сын болуы мүмкін. Сондықтан бұл төңіректегі ауылдар соңғы айларда
дəмелі деген аттарын жаратып, күреске түсетін палуандарын сайлап, үлкен
əбігер, дайындық үстінде болатын.
Үйде отырған үлкендер алдағы ас жайында біраз əңгіме қылып келді де,
осы күнге дейін қанша айтса да жыры таусылмайтын баяғы жаугершілік
жылдарына қайта ойысты. Сол бір ереуілді күндер еске түскенде, «ой-пой,
ол да бір дəурен екен ғой» десіп, желпінісіп қалатын əдеті. Ел санасында
өшпес із қалдырған Шаған-кегеннің қанды жорығы, атақты Бор батыр
соғысы көп жыл бойы айтылып келе жатса да, мұндай бас қосуларда тағы
бір рет сөз болмай қалмайды. Бұл рет əңгіме өрбітіп, сөз бастап отырған —
Сымайыл зəңгі. Өйткені, Шаған-кеген жорығы кезінде көп шабылып, қатты
шығынға ұшыраған — Төртуыл рулары болса, оның ішінде Сымайылдың
өз басы тартқан қайғы-қасіретте аз емес-ті. Соны білетін Демежан жаңағы
бір сəтте əдейі сөзге араласып:
– Зəңгі ата, осы оқиғаларды көзбен көріп, қолмен ұстаған адамдардың
бірі — өзіңіз ғой. Сол шапқыншылықтың əсіресе, Қайыңбай тағдырына
байланысты жерін өз аузыңызбен бір айтып беріңізші! — деп қолқа салған.
Кəрі зəңгі көп күттірген жоқ, көсіліп сөйлеп кетті. Демежан оның
əңгімесін өзі білетін деректермен толықтыра, тереңдете ұғынып отырды.
Сымайылдың айтуынша, Тарбағатайда көтеріліс туын тұңғыш көтерген —
қазақтар емес, Бор батыр бастаған дүнгендер. Бор батыр сол кезде жасы
жиырма бестерге енді келген, бақан бойлы, апай тос, алып азамат болса
керек. Бай дүнгендердің есігінде көп жүрген, тесік өкпе, кедей жігіт екен.
Жергілікті Маншың өкіметі мен бай қожайындарының қорлығына
шыдамай, маңайына өзі секілді тілеулестерді топтап, алғаш бас көтерген —
сол Бор көрінеді. Ал, кейін қазақ пен дүнген бірігіп, ереуілдің өрши түсуіне
Тобықтағы Шаған-кегеннің қазаққа қарсы жүргізген қанды жорығы себеп
болыпты.
Ол кезде Тарбағатайда ішкеріден жер ауып келген дүнгендер қазіргіден
əлдеқайда көп болатын. Көтеріліс күннен-күнге ұлғайып, Бор батыр
көтерген ақ тудың астына қазақтардың да жинала бастағанын көрген
аймақтың сол кездегі əміршісі — Хэбен-амбы қолындағы өкімет əскерімен
бүлікшілерге төтеп бере алмасын сезеді де, мұсылмандарға қарсы ол да
өзінше будда ұранын көтеріп, «крест жорығын» ұйымдастырғысы келеді.
Қобықтағы қалмақ діншілдерінің қолтығына су бүркіп, Шаған-кегенді
қазақтарға қарсы айдап салады. Осы кезге дейін шөре-шөре боп келген
қалмақтарды Цин империясының толық хұқықты азаматы деп танып,
оларға осындағы сібе-солаң халдайлары сияқты артықшылықтар беруге
уəде етеді. Қазақ пен қалмақтың ежелгі ірге жаулығын қайта қоздырып, екі
ортадан пайда түсірмек болады.
Айлалы амбының бұл əрекеті нəтижесіз болған жоқ. Найза, қылыш,
садақтың сыртында мылтықпен қаруланған қалмақ қолы Маншың
əскерімен бірлікте бейғам жатқан қазақ ауылдарына тұтқиылдан шабуыл
жасады. Қазақтың қырылғаны қырылып, аман қалғаны тоз-тозы шығып,
тау-тастың арасына сіңіп кетті. Сəл ертерек қимылдағаны қопарыла көшіп,
Емілдің Алакөлге құятын сағасына дейін, енді бір бөлігі Тарбағатайды
бөктерлеп, Ақшоқы, Мұқаншы маңына дейін босып барды. Бірақ көздеріне
қан толып, əбден құтырынып алған Хэбен-амбы мен Шаған-кегеннің əскері
мұнымен тоқтаған жоқ, үріккен елдің өкше ізіне түсіп, Қатынсу өзенінің
бойында сығылысып отырған босқын елді тағы да қырғынға ұшыратты.
1864 жылы, 23-24 қазанда екі күнге созылған қанды қасапта бала-
шағасымен қосқанда үш мыңға жуық қазақ қырылғаны белгілі. Бұлар,
негізінен, Төртуылдың Бұқа тармағына жататын ауылдар еді. Адам қаны
судай төгілген сол ара қазір «Ойран» деп аталады. Шаған-кеген сол жолы
көзіне түскен тірі жанды түгел қырып, олжаға түскен көп малды алдына
салып айдап қайтты.
Сол күндері Сергиопольдағы орыс бекінісінің бастығы осы оқиға
жайында Омбы генерал-губернаторына арнайы хат жолдап: «Қаратал-
Қатынсу бойындағы адам өлігінен қазір аяқ алып жүре алмайсың. Ал адам
етін жеп дəндіккен иттер қазір əрі-бері өткен жүргіншіге шабатын болды.
Өлекселер сасып-шіріп, індет тарататын қаупі бар. Сол өліктерді жинап
көміп, құтырған иттерді атуға қосымша қаржы, оқ-дəрі бөлуіңізді
сұраймын» деп өтініш жазғанын Демежанның архивтен тауып оқығаны
бар.
Шаған-кегеннің алғаш келіп соқтыққан жері — Тарбағатайдың
төскейінде отырған Сымайылдың ауылдары еді. Ел жайлаудан жаңа түскен
кез болатын. Көші-қонның əлегімен бейғам отырған жұрт қолма-қол атқа
қонып, жасақ жинап, жауға қарсы ұрыс салуға кірісті. Еркектер түгел ат
үстінде, ауылда тек қатын-қалаш, бала-шаға ғана қалған-ды. Жау əскері
көзіне көрінген еркек кіндіктіні кəрі-жасына қарамай найзаға шаншып келе
жатыр дегенді естіген Сымайылдың əйелі Айтолқын үйелмелі-сүйелмелі
екі ұлын — Есім мен Қайыңбайды қолына түскен бір атқа мінгестіреді де,
«тез барып əкелеріңе қосылыңдар» деп қоя береді. Сол кезде Есім он жаста,
Қайыңбай алты-ақ жаста болса керек.
Арада көп айлар өтеді. Жау шабуылына төтеп бере алмай, ел үркіп
батысқа қарай ауады. Кейін қазақтар қайтадан күш алып, Шаған-кегеннің
əскерін кері қуады. Тарбағатай өңірінде көтерілісшілер жеңіске жетіп,
Маншың билеушілері бас сауғалап қашуға мəжбүр болады. Жаугершілік
кезінде тоз-тоз болып, жан-жаққа бытырап кеткен ел өз мекендеріне қайта
оралады. Қаза болғандарын арулап көміп, тірі қалғандары тіршілігін істей
бастайды. Бірақ басқанын орны толса да, Сымайыл шаңырағына төнген
қасірет бұлты сейілмейді. Өйткені, баяғы жайдақ атқа мінгестіріп жіберген
Сымайылдың екі ұлы — Есім мен Қайыңбай сол бойы ұшты-күйді
жоғалған еді. Не өлі екені, не тірі екені белгісіз. Сымайыл жан-жаққа адам
шаптырып, сұрау салдырып, екі баласын қанша іздегенімен, көрдім-білдім
деген бір пенде шықпайды.
Сол кезде жасы қырықтан асып кеткен Сымайыл бұл қайғыны көтере
алмай шөгіп, жатып қалған екен. Төртуыл жігіттерінің сары аяқтарды
өкшелей қуатын Манас жорығына қатыспай, елде қалуының бір себебі—
осы болатын... Бірақ өмірден үміт үзіп, күпірлік келтіруге болмайды екен.
Бəйбішесі Айтолқын егде тартқан шағында, араға жылдар салып, шекесі
торсықтай тағы бір ұл туады. Сымайыл тек осыдан кейін ғана өңірге тəубе
қылып, ел тірлігіне араласа бастаған екен. Қайтадан атқа қонып,
Тарбағатайдың екі бетінде бытырап жүрген ағайындарын жинауға кіріседі.
Дүниеден күдерімді үзгенде туған бала деп, жас нəрестенің атын Күдері
қойған-ды. Сол Күдерісі ғой — қалқайып қасында отырған мына бала.
Күдері екі жасқа толғанда, Сымайыл отбасы ойда-жоқта тағы бір
қуанышқа кенеледі. Күндердің бір күнінде ауылға алыс сапардан арып-
шаршап, бір қалмақ кемпірі келіп түседі. Бұл — ертеде қалмақтан олжаға
түсіп, осы елдің бір жігітіне тиген, күйеуі өлген соң Сымайылды паналап,
Есім мен Қайыңбайға күтуші боп жүретін, кəдімгі Бойқа кемпір еді. Ана
жылғы Қалмақ шапқыншылығы кезінде осы Бойқа аяқ астынан жоғалып
кеткен-ді. Ауылдағылар оқта-текте оны да еске алып, «сірə, сонда
туыстарына ұшырасып, бірге еріп кеткен болар» десетін. Сол Бойқа аяқ
астынан келе қалғанда, тағы бір жоқтары табылғандай, ауыл адамдары
қуана қарсы алады. Жұрт жапа-тармағай жөн сұрасып жатқанда, төрде
отырған Бойқа төбеден жай түскендей етіп:
– Уа, Сымайыл зəңгі, сүйінші! Айтолқын бəйбіше, сүйінші! Мен
сендердің өлгендеріңді тірілтіп, өшкендеріңді жандырайын деп келдім! —
демесі бар ма.
Мына сөзді тұтқиылдан естігенде Сымайылдың жүрегі жарыла
жаздаған. Ал босағада тұрған Айтолқын құстай ұшып келіп, Бойқаның
аяғын құшып еді:
– Не деп отырсың, Бойқа-ау?! Сүйіншіге қалағаныңды ал... Əлде Есім
мен Қайыңбайдан бір хабар бар ма? Екеуінің қайсысын тауып келіп
отырсың? Тек тезірек айтшы, жарқыным, — деген қайран ана сабыр-
тағаттан айрылып.
– Есіміңді біле алмадым... Ал Қайыңбай тірі, — дейді Бойқа. — Ол қазір
Дөрбілжіндегі үлкен ұлықтың қолында тұр. Қаласаң ертең-ақ ертіп
апаруыма болады.
– Шын ба айтып отырғаның? Осының анық хабар ма өзі? Бұл деректі сен
қайдан естідің? — деп бұрын да есек дəмемен талай жерге барып, əбден
аузы күйіп қалған Сымайыл кемпірді сұрақтың астына алады.
– Қайыңбайдың қолынан жетелеп апарып, ұлыққа өз қолыммен
тапсырсам, бұдан анық хабар бола ма? — дейді Бойқа мардамси күліп. —
Балаң үш жылдан бері Дөрбілжіндегі Ши-амбынын қолында. Кеше ғана өз
көзіммен көріп, амандығын біліп келіп отырмын.
– Ал Қайыңбай сенің қолыңа қалай түсіп жүр?
Қалмақ кемпірінің бұдан арғы əңгімесінен Сымайылдың ұққаны мынау
болды. Бойқа аласапыран жаугершілік кезінде Қайыңбайды өрістегі көп
малдың арасында жылап жүрген жерінен тауып алыпты. Бір шерік
найзамен шанышқалы жатқанда, баланы танып қалып, үстіне түсіп,
құтқарып алады. Бала да Бойқаны танып, шешесін көргендей бассалады.
«Бұл қазақ емес, менің немерем»деп сендіреді Бойқа шеріктерді...
Қайыңбайдан жөн сұрап көрсе, бала шауып бара жатқан ағасының артынан
сыпырылып түсіп қалғанынан басқа ештеңе айта алмайды. Содан не керек,
Бойқа баланы алдына мінгізіп алады да, шабындыдан түскен олжа малын
айдаған қалмақ көшімен бірге, туған жері Қобыққа қарай тарта береді.
Жылдар өтіп жатады... Кемпірдің тəрбиесінде жүрген Қайыңбай он екі
жасқа толады. Бойқа байғұс та қартайып, зауал шағына жақындайды. Бала
Бойқаның өз қаны емес, түбі шикі екенін сезіп қалған қалмақтар арасында
күңкіл-күңкіл сөз шыға бастайды. Содан күндердің күнінде кемпірге
мынадай ой түседі ғой: «қой, бүйтіп жүріп байғұс баланың обалына
қалармын. Мұны бір сенімді қолға тапсырайын» дейді. Сол оймен
Қайыңбайды ертіп алады да, көтеріліс басылған соң Маншың өкіметі қайта
орнап жатқан Дөрбілжін қаласына келеді. Аймақ əміршісі Ши-амбының
алдына кіріп, бар шындықты жасырмай түгел баяндайды:
– Бұл бір қазақтың көсемінің баласы еді. Жаугершілікте ата-анасы басқа
жаққа ауып кетті де, бала менің қолымда қалды. Өзім болсам қартайдым,
енді бұл балаға ие болатын шама жоқ. Осыны сізге аманат етіп тапсырсам
деймін. Ата-анасы аман болса, түбінде бір іздеп келіп табар. Таппаса сізге
бала боп қала берер.
Ши-амбы баланы қабылдап, əкесінің атын, ұлтын, мекен-жайын түгел
жазып алады. Көңілі тынған кемпір еліне қайтады. Бірақ арада екі-үш жыл
өткенде Бойқаны тағы бір ой мазалай береді. Баяғы босып кеткен қазақтар
өздерінің ата-мекендеріне қайтадан оралыпты деген хабарды естіп жүрген.
Енді ол өлер шағында өзінің тəңірінен қорқа бастайды. «Бір кезде
Сымайылдың жақсылығын көп көріп ем. Айтолқынның қолынан талай дəм
татып ем. Баласының хабарын айтпай кетсем, бұрқын алдында мойныма
қарыз болар» дейді өзіне-өзі. Сол тəуекелмен елінен шыққан Бойқа жол-
жөнекей Дөрбілжінге соғып, Қайыңбайдың амандығын біледі де, бөгелмей
Сымайылдың ауылына тартады.
Мына əңгімені естіген ауыл адамдары қуаныштан мəре-сəре болып,
арты тойға айналып кетіп еді. Сымайыл Бойқаның жақсы хабары үшін,
сүйіншіге: астына ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, тіркеуіне түйе
жетелеткен. Ал өзі бұдан ары күтуге шыдамы жетпей, ертеңінде-ақ
Дөрбілжінге аттанып кетіп еді. Үлкен ұлықтың алдына кіріп, бұнда не
жұмыспен келгенін жасырмай ашық айтты.
– Сіз — біздің ханымызсыз, тақсыр. Қазақта: «хан екі сөйлемейді» деген
сөз бар. Балам сізде, сіздің қолыңызда тұр, — деді қадалып.
Айғақ куəсын алдына сала, сойдақтаған айқын ізбен келіп тұрған
қазақтан Ши-амбы да бұлтара алмаса керек, тез мойындайды.
– Иə, сондай бір баланың менің қолымда жүргені рас. Айтқан
деректеріңе қарағанда, ол баланың сенікі болуы да ғажап емес. Бірақ менің
де бір шартым бар, — дейді ұлық баланы бірден қолынан жетелетіп
жібергісі келмей. — Қайыңбайды өзімен бірге оқитын қырық баламен бірге
сапқа тұрғызып қоям. Солардың ішінен дөп басып танысаң —бала сенікі.
Сымайылдың сасқан жері осы болды. «Құдай ұрып баламды танымай
қалам ба» деп шошыған. Өз көзіне сенімі жоқ, балаларының күйігінен
жылай-жылай соңғы жылдары жанары да бұлдырай бастап еді. Осылай
қиналып тұрғанда, оған кенет бір ой түседі.
– Мен болсам қартайған адаммын. Мүлт кетуім мүмкін. Қайыңбайдың
үйде бойжетіп отырған Мөржан деген əпкесі бар. Менің орныма бауырын
сол танып алса қайтеді? — дейді ұлыққа.
Ұлық бұған да келіседі. Сымайыл сол күні қос атпен кісі шаптырып, он
жақта ұзатылғалы отырған Мөржан сұлуды алдырған екен. Екеуі уəделі
күні ұлыққа кіреді. Ши-амбы, шынында да, бір үлкен залға біркелкі киінген
қырық баланы тізіп қойған-ды. Сол топтың ішінде осы Демежан да бар
еді... Мөржан көп бөгелген жоқ, есіктен кірген бойда балаларға жалт етіп
бір қарады да, дəл ортада тұрған Қайыңбайды шырқырап барып бассалды.
Екеуінің ұқсастығы адам тан қаларлық еді.
«Хан екі айтпайды» деген қағида бар. Ши-амбы да енді Қайыңбайдың
Сымайылдың баласы екеніне шəк келтірмейді. Сымайылдай қазақтың
беделді адамымен дос-жар болуға өзінің де ықыласты екенін білдіреді.
– Дау жоқ, бада сенікі, — дейді ол Сымайылға. — Бірақ Қайыңбай қазір
мектепте оқып жүр. Сол оқуын бітіргенше менің қолымда аманат ретінде
қала тұрсын. Баланды ауылға апарып, қуаныш-тойыңды жаса да, мауқын
басылған соң қалаға қайта əкелетін бол.
Онсыз да қуаныштан есі шығып тұрған Сымайылдың көнбеске амалы
қайсы. Ұлық не айтса да мақұлдап бас изей береді. Бұлар Қайыңбайды
ертіп елге қайтар алдында, Шиамбы өзінін ұлықтығын тағы бір көрсетіп
қалады.
– Қайыңбай бірнеше жылдан бері маған да бала болып, мүлде бауыр
басып кетіп ем. Ал енді еліне қайтарда балама қандай енші берейін? Мал
керек пе, əлде алтын-күміс қолайлы ма, керегіңді айт! — дейді. Сонда
Сымайыл ойланып қалып:
– Тақсыр, əділдігіңе көзім жетті. Баламды аман-есен қайтарғанының
өзіне мың да бір рақмет! Маған малдың керегі жоқ, мал өзімде де бар.
Алтын-күміс асылыңның да керегі шамалы, ол да біздің Тарбағатайдың
қойнауынан табылады. Егер Қайыңбайды шын балам деп енші бергің
келсе, дəл іргемізде ағып жатқан Сібеті өзенінен бір тоған су бер. Біз де
егін салып, ел қатарлы күн көрейік, — деген екен.
– Жарайды, айтқаның болсын. Сен, шынында да, өз еліңнің қамын
ойлайтын ақылды адам екенсің, — дейді Ши- амбы Сымайылға разы
болып.
Соның артынан көп кешікпей Қайыңбайдың атына бір тоған суға мөр
басып, қағаз жасап береді. Бұрын Тарбағатай төсінен құлап аққан өзен
атаулы тек халдайлардың меншігі саналатын. Сымайыл — бұл Құлыстайда
бір тоған суға ие болған бірінші қазақ. Сол жылдан бастап қалың
Қараменде мен Жұмықтоғас Сібетінің он жақ қабағынан тоған қазып, су
шығарып, Үштөбе мен Арқарлы жазығына егін салатын болды. Қазір, несін
айтасың, Бұқа атаңның балалары ақ бидай мен қызыл бауырсаққа бүйірлері
шығып, жырғап отыр...
Сымайыл əңгімесін айтып бітіргенде, манадан мүлгіп тыңдап отырған
үлкендер жан-жақтан жамырай үн қатып, гулеп кетті.
– Қайран Қайыңбай тым ерте, қыршын кетті дегеніміз болмаса, біздің
елдің бағына туған бала болды ғой.
– Ойбай-ау, соның арқасында аузымыз ақ нанға тиіп отырған жоқ па.
Бұрын халдайлардан бір қап бидайды бір қараға əрең алмайтын ба едік.
– Қасиетіңнен айналайын, Қайыңбай — шын əулие ғой. Əулиелігі сол —
қазір жұрт марқұмның зиратына ақтық байлап, басына сиынып түнейтін
болып жүр, — десіп төрде отырған Мішай, Қызылбала, Тойшы секілді
ақсақалдар бірін-бірі қостаған шүкірана сөздер айтысып жатты...
Бұл кезде қас қарайып, ымырт үйіріле бастаған-ды. Үлкендер ақшам
намазын оқып алғаннан кейін, мана бата жасалған құнан қойдың еті
піскенше, тағы біраз əңгімелесіп отырды. Өзі сөз бұйдасын ұстап, серке
сөйлеп отырмаса да, сөніп бара жатқан əңгіменің отына май құйып,
маздатып жіберуге келгенде Қызылбала өте шебер еді. Сол кісі əлдене есіне
түскендей қозғалып қойды да:
– Осы баяғы Бор батырдың соңғы тағдыры не болды? Соның аты кейін
естілмей кетті ғой, — деді үйдегілерге жағалай көз тастап.
Бор батыр жайын Керімбай жақсы біледі екен. Сол таратып айтып берді.
– Талай соғыс, небір қан төгістен аман өткен Бордың ажалы өзінін
туыстарынан болды ғой, — деді сəл ойланып қалып. — Кейін дүнгендер
арасында ала ауыздық туып, Бордың айтқанына көнбей бұра тартатындар
көбейе бастайды. Араға жік салушы — Бор бұрын есігінде жалшы боп
жүрген бір бай дүнген екен. «Сен кеше күнін көре алмай жүрген малай
едің, бүгін қалай көсем бола қалдың?» деп, бір күні əлгі екеуі қатты сөзге
келісіп, арада жанжал туады да, жаңағы бай Бордың арқасына пышақ
салып жібереді. Ақыры сол жарадан оңала алмай қайтыс болды ғой,
бейшара.
– Апыр-ай, байғұстың бағы жанбағаны болмаса, ол да көзсіз ердің өзі
еді-ау! — деді Сымайыл басын шайқап қойып. — Алғашқы соғыста талай
рет бірге болдық қой. Өзінің оққағары бар ма, небір шайқаста бойына
найза-қылыш дарытпайтын. Сарыаяқтардың тобына араласқанда, қойға
тиген қасқырдай, ол жүрген жер есіктей боп ойылып қалатын. Шеріктер
білтелі мылтықтарын оқтап үлгергенше, бастары домалап жерде жатар
еді... Ал енді Қоныз батыр екеуі тізе қосқанда, ол кезде Құрман қажыны
солай атайтын едік қой, жау əскерінің ту-талақайын шығарушы еді. Кейін
сарыаяқтардың жүрегіне майдай тигені сонша. «Бор келе жатыр» дегенде,
зəре-құты қалмай тым-тырақай қашатын болған.
Осы кезде манадан əңгімеге араласпай үнсіз отырған Байсерке орнынан
қопаңдай көтерілді. Бұл бір батырға біткен тұлғасы бар, басы кіші-гірім
қазандай, жауырыны тұтас, көрсе көз тоятын алып жігіт еді. Ертеңгі асқа
Төртуыл елінен бара жатқан мықты палуандардың бірі — осы Байсерке.
Сол алып күш иесі аяқ астынан гүр ете қалды да:
– Манадан бері Бор батырды да, Қоңыз батырды да жер-суға сыйғызбай
мақтап жатырсыңдар. Бəрі де батыр екен, ер екен... Сонда осылар
Еженханнан неге жеңілді? Манасқа дейін барып тұрып, неге қайта қашты?
Мен осыны түсінбеймін, — деді аюдай қорбаң-қорбаң етіп.
Үлкендер жағы: «рас-ау, осы біз неге жеңілдік?» дегендей, біразға дейін
ешқайсысы жауап бере алмай, бөгеліп отырып қалған. Сəлден соң Керімбай
ғана басын көтеріп:
– Е-е, патшаның аты — патша. Еженханның кəріне кім қарсы тұра
алады? «Көп қорқытады, терең батырады» деген сол да, — деді онша
тереңдемей.
– Неге жеңілдік дейсің бе? Оның себебін мен айтайын, — деді
Қызылбала. — Бəрі Əділбектен болыпты ғой. Бор батыр «Қабанбайдың
туын маған бер» деп сұрағанда, Əділбек намыстанып, бермей қалыпты.
Егер сол жолы туды бергенде, Бор сарыаяқтардың тұқымын тұздай құртып,
ішкеріге дейін қуып тастағандай екен.
Мұның бəрі ел аузындағы жай лақап, бос əңгіме ғой, əрине. Бірақ кім не
айтса соған сенетін қазекең: «қап, Əділбек балалық жасаған екен» деп, оған
да қатты өкініп жатыр.
Демежан жымиып күлді. Жас жігіт ол көтерілісті өз көзімен көрмесе де,
оның шығу төркінін де, жеңілу себебін де жақсы білетін еді. Қызылбаладай
аңғырт ағайынға түзету жасамай қала алмады.
– Мəселе туда тұрған жоқ-ау, ақсақал. Егер Қабекеннің туы ұрпақтарын
желеп-жебейтін болса, өзінін немересінің қолында тұрып-ақ қолдай бермей
ме... Істің төркіні мүлде басқада жатыр, — деп үлкендерді тегіс аузына
қаратып алды да, өз ойын жылдам таратып айтып кетті.
Жалпы, Шығыс Түркістанда 1864 жылы басталған дүнгендер
дүрбелеңінің шығу тегін түсіну үшін, Маншың империясының сол кездегі
ішкі-сыртқы жағдайына көз жіберу керек.
Шəуешек маңындағы аз санды келімсек дүнгендерді түртіп оятқан күш
не десеңіз, оның түп-төркіні сонау Гансу-Шынхайдағы дүнген көтерілісіне
барып жалғасады. Оның арғы жағын қаза берсең, Ішкі Қытайда əлденеше
өлкелерді қамтып, 1850-1865 жылға дейін созылған шаруалардың Тайпин
көтерілісімен кіндіктесіп жатыр. Өздерін жеке мемлекет деп жариялаған
осы «Тайпин тянгоның»
13
дүмпуімен, а дегенде Гансу-Шыңхай
өлкелеріндегі қалың дүнген көтерілді де, оның лаулаған өрт ұшқыны келіп,
Шығыс Түркістандағы дүнгендер мен ұйғырларды шарпыды. Тасқындаған
халық қаһарына өкімет əскері төтеп бере алмай, Алтай, Тарбағатай, Іле
аймақтары уақытша көтерілісшілердің қолына қарап қалды. Ұлт-азаттық
жолындағы бұл күрес бара-бара бүкіл Қашқарияны қамтып, онда
Жақыпбек төре басқарған «Жеті шəрі» мемлекеті құрылып жатты. Бір
жағынан Еуропа елдерінің шапқыншылығына ұшырап, екінші жағынан өз
ішіндегі «Тайпин көтерілісін» басамыз деп əбден титықтаған Цин
империясы, енді бір бүйірден Шығыс Түркістандағы ұлттар бүлінгенде, не
істерін білмей қатты сасқаны рас еді. Енді олар уысынан шығып бара
жатқан Шыңжанды қандай құрбандықпен болса да ұстап қалуға
жанталасты. Өз күшінің жетпейтінін сезіп, амал жоқ, көрші мемлекеттен
көмек сұрауға мəжбүр болған. Құлжа жаңжұңының
14
жаны қысылғанда
Жетісу генерал-губернаторы А. Г. Колпаковскийге үсті-үстіне хат жолдап,
өзінін көмекшісі Сохалдайды елшілікке жіберіп, Ресейден əскери көмек
сұрайтын кезі, міне, осы тұс болатын.
Ал бұл кезде Орта Азиядағы аймақтарды əлі де өз қарамағына толық
қаратып үлгермеген Ақ патша Хиуа, Қоқанмен іргелес Шығыс Түркістанда
өрши бастаған өртті оншалық ұната қоймай, қатты секем алып отырған.
Сондықтан Жоңғариядағы дүнген көтерілісін де, Қашқариядағы «Жеті
шəрі» мемлекетін де танығысы келмеді. Əлде Жақыпбектің Қоқанмен
қолтықтасқаны, «ғазауат соғысы» дегенді көп айта беретіні көңіліне
жақпады ма, əйтеуір, Ақ патша дəл іргесінде бықсыған ұнамсыз өртті
тезірек өшіргісі келді. 1871 жылы генерал Колпаковскийдің жақсы
қаруланған мол жасақпен Іледегі көтерілісшілерді қуып шығып, Құлжаға
келіп орнығуы осындай болашақты болжаған үлкен мақсаттан туып еді.
Осыдан кейін-ақ көтерілісшілердің бел омыртқасы үзіліп, əлсірей
берген. Бұл кезде қалың бұқараның қолдауына ие бола алмай, тек
ақсүйектер мен діншілдердің ғана тірегіне айналған Жақыпбектің «Жеті
шəрі» мемлекеті де құлдырап, өз ішінен іріп-шіри бастаған-ды. Нəтижеде
көп кешікпей «Жеті шəрі» өкіметі құлап, Шыңжанды Цин империясы
қайтадан өз қолына алды. Жер-жерге жазалаушы əскер аттанып, аз уақыт
ішінде солтүстік аймақтарды да көтерілісшілерден тазартты. Маншың
өкіметінің қаһарынан қорыққан Іледегі он мыңдаған тараншы ұйғырлар
мен дүнгендердің Ресей қарамағына көшіп өтуі, міне, осы кезде болып еді.
Қашанда патшаның қадірін патша біледі деген сол ғой. Көтеріліс кезінде
жандарын қоярға жер таппай, мойны қашық ішкі Қытайға өте алмай,
амалсыздан батысқа қарай жөңкілген жергілікті Маншың төрелері мен
халдайларды да Ақ патша өз қолтығына паналатты. Олар қашан ап-сап
басылғанша бірнеше жыл бойы Сарқант төңірегін мекендеп, Цин өкіметі
орныққаннан кейін ғана Шыңжаңға қайтып оралды...
Демежан осы жайларды қарапайым тілмен ұғынықты етіп, қысқаша
баяндап бергенде, ақсақалдар мəселенің байыбына енді барғандай,
бастарын изектесіп отырып қалды.
– Е-е, біз тек бетінен қалқып, бер жақтан қайтып жүр екенбіз ғой. Біздікі
əшейін «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» дегеннің кері десейші,
— деді Сымайыл ырғала түсіп. — «Қасапшыға мал қайғы, қара ешкіге жан
қайғы». Құрбандыққа байланған қара лақ қанша тыпырласа да, пышаққа
ілінбей қоя ма?!
– Бəрінен де мына халдайлардың бағын айтсайшы: өздері ана жылы інге
кірген суырдай жоқ болып кетіп, кейін аяқ астынан қайтадан өріп шыға
келіп еді. Сөйтсек олар да өздеріне мықты пана тапқан екен ғой, — деп
Қызылбала да таң-тамаша болып отыр. — Қапылыста қолымызға жалғыз
Қара халдай ғана түспеді ме...
Қара халдайды айтқанда, бұл оқиғаға бұрыннан қанық жұрт ду етіп
күліп жіберді. Қан төгіс, қырғын соғыс арасында кейде күлкілі
жағдайлардың да болып тұратыны ғажап-ау. Қара халдай тағдыр тəлкегіне
ұшыраған сондай бір жан еді... Керімбай кенет Қызылбалаға қарап:
– Ақсақал, сол оқиғаның басы-қасында сіз болды дейді ғой. Қара
халдайды сүндетке жығып, сауабын алған өзіңіз емессіз бе? — деді
рахаттана күліп отырып.
– Жоға, оны істеп жүрген Салахидден қожа ғой, — деп Қызылбала
қызарақтап қалды.
Көтеріліс алғаш бүрк ете қалғанда, халдай біткен бас сауғалап, Шəуешек
пен Дөрбілжіндегі бекініске барып тығылды да, желігіп алған қазақтар
олардың иесіз қалған мал-мүлкін пышақ үстінен талапайға салып əкетіп
жатты. Матқапыда қолға түсіп, не қарсылық көрсетем деп шығынға
ұшырап кеткендері де болды. Дүние деген ыстық қой, арттағы оны-
мұнысын жинап-терем деп жүріп, қапыда қалғандардың бірі — жаңағы
Қара халдай еді. Өзі басқалардай шіріген бай емес, орташа ғана дəулеті бар,
момын адам болатын. Көтерілісшілер қоршап келіп қалғанда, басына шын
зауал төнгенін бір-ақ түсінген Қара халдай өзін байлап алып, енді атқа
сүйретіп өлтірмек боп тұрған қазақтар мен дүнгендерге жалына бастайды.
– Бар байлығым — бір жанымның садағасы. Сендерге сұраусыз-ақ
үлестіріп берейін. Тек қасықтай қанымызды қия көріңдер! — деп осы
Қызылбаланың аяғын құшып, зар еңіреп жалбарынады.
Көп жылдан бері жақсы араласып, тамыр-таныс боп, керек кезінде
астық, шөп алып жүрген Қызылбала жеме-жемге келгенде Қара халдайды
өлімге қия алмайды. Ал былайша босатып қоя берудің қисыны тағы жоқ.
Енді не істеу керек? Сол сəт Қызылбаланың басына бір ой сап ете түседі
ғой.
– Бұл иттің баласын тірі қалдырудың бір ғана жолы бар. Бұл лағынет
бүгіннен бастап мəжуси дінінен безіп, бұтқа табынуды қойсын. Мұсылман
дініне кірсін, — дейді көпшілік атынан билік айтып. Қара халдай бұған да
көнеді.
– Дінге де кірейін. Сол үшін тіпті құран ұстап, ант ішейін. Тек
шыбындай жанымызды қалдырсаңдар болғаны...
Бұрын мұндайды көрмеген көпшілік ойланып қалады.
– Жоқ — дейді көтерілісшілердің бірі Қара халдайға қарап. — Сенің жай
құран ұстай салуын аздық етеді. Кім біледі, кəпір неме, ертең тағы айнып
кетіп жүресің бе. Мұсылман болу үшін сен қазір сүндетке отыруын керек.
Қара халдай мына үкімді естігенде, өң-түстен айрылып, қу шүберектей
ағарып кетеді. Бірақ келіспеске амалы жоқ еді.
– Жарайды, болсын, — дейді көпшілікке қарап. — Қайтейін, бастан
құлақ садаға... Тек қолы жеңіл, білетін біреулерің отырғызыңдар.
Сол-ақ мұң екен, желігіп алған жұрт сол кезде қырықтың ішін аралап
кеткен Қара халдай мен оның ер жетіп қалған екі ұлын сүйреп ала
жөнеледі. Сол арада ер адамды қолма-қол мұсылман қып жіберетін
пішпеші қожа да табыла кетеді. Содан, не керек, Қара халдайды
балаларымен бірлікте өз үйінің төріне қаз қатар жатқызып қояды да, ел
аралап жүретін Салахидден қожа өтпейтін ұстарамен қидалап отырып,
үшеуін зорға мұсылман етеді...
Сібе жұрты айтқан сөзінен қайтпайтын бір беткей, жəйіл болады деуші
еді, сол рас екен. Сол күннен бастап Қара халдай уəдесінде тұрып,
мұсылмандық жолына түсті. Тіпті, Маншың өкіметі қайтып келгеннен
кейін де сол жолдан тайған жоқ. Қазір жəдеген сопының өзі. Ораза
ұстайды, намаз оқиды. Жұма күні мешіттен қалмайды... Тек бір ұтылған
жері — халдайлык дəрежемен қош айтысуға тура келді. Қазіргі аты —
Қарабек. Əйелі, бала-шағасына дейін өздеріне қазақша ат қойып алған.
Жалпы, алпысыншы жылдардағы көтерілістен қалған бір белгі болса, ол
осы Қарабек шаңырағында қалып еді...
Қонақтар осындай кеу-кеу əңгімемен ет жеп, қымыз ішіп, далаға
шыққанда, түн ортасы ауып кеткен еді. Ертең ұзақ жол күтіп тұр. Асқа
аттанатын жолаушылар суытқан көліктерін отқа қойып, ертерек жатудың
қамына кірісті.
Өз отауына беттеген Демежанды Керімбай қасына шақырып, үлкен үйге
қарай ертіп жүрді. Екеуі оңаша қалған сəтте Демежан Ши-амбының айтқан
сəлемін əкесіне түгел жеткізген. Алдағы шекара бөлісі туралы өз ойларын
да ірікпей ортаға салған. Керімбай ойланып қалды. Tөp алдындағы қара ала
сырмақты бүгін көргендей, соның оюларын сызғылап біраз отырды да,
түбегейлі жауап беруге асықпай:
– Ертеңгі Отыншының асына бізбен бірге сенің де барып қайтқаның
дұрыс шығар, — деді баласына барлай қарап. — Ел көресің, жер көресің.
Асқа əр ұлыстың игі жақсылары түгел жиналады, солармен танысасың. Бұл
астың тағы бір қажет жағы болып тұр. Ел мен ел бөлінгелі жатқанда, бізден
басқа жұрттың ауқымы қалай екен, соны білуіміз керек. «Жалғыз жүріп
жол тапқанша, көппен бірге адас» дейді ғой. Ши-амбыға қайтарар жауапты
сонан кейін ақылдасып көрерміз.
Əкесінің сөзі орынды еді. Демежан қарсы болған жоқ. Сонымен ертеңгі
асқа ол да жұртпен бірге жүретін болды.
V
Ертеңінде ұлы сəске кезінде Төртуылдың əр руынан құралған жиыны
елу-алпыс қаралы кісі атқа қонып, Мəмбетке қарай жол тартты. Ac —
аттынікі, той — тондынікі. Бұл топқа, əрине, былайғы көп малшы-қосшы,
шабан-шардақ, бейнетқор қауым ілесе алған жоқ. Əр ауылдың сүт бетінде
қаймағы, серісі мен серкесі саналатындар ғана сұрыпталып шығып еді.
Үстеріне бір киер тəуір киімдерін киісіп, астарына ер-тұрманы сайлы
сəйгүлік аттар мініскен. Бұлар бірін-бірі тосып алатын межелі жерге сəл
аялдап, бас-аяғымыз жиналып болды-ау деген мезгілде, Керімбай мен
Сымайылды алға сала, дүрмекті топ болып, дүрк қозғалып жүріп кетті.
Араларында ертеңгі аста ел намысын қорғайтын, үкілеген жүйріктері
мен осы елде жауырыны жерге тимей жүрген палуан жігіттері де бар.
Желіккен топ енді соларды ортаға ала шоғыр-шоғыр болып, ошарыла
жортып келеді. Дəмелі бəйге аттардың ішінде Сымайылдың атақты
Нарқызылы мен Керімбайдың сүліктей сұлу мүсінді қара қасқасы бар еді.
Ендігі бір алуан əңгіме сол екі аттың төңірегіне ойысып, əрқайсысының
қай жарыста қалай озғаны жайында ұзақ сонар сөз болды. Нарқызылдың
қазір шау тартып қартая бастағаны, бұл жолғы үміттің қара қасқада екендігі
жөнінде де айтылмай қалған жоқ.
Орта тұстағы бір қызу топтың арасында ертеңгі күреске сайланып
шыққан екі дəу — Бөке мен Байсерке келе жатыр. Бөке — бұл күнде
қырықтың ішін аралап кеткен, соңғы жылдары ептеп толыса бастаған,
бақан бойлы, атан жілік алыптың өзі еді. Түйедей жалдас торының үстінде
былайғы жұрттан иығы асып, төбедей болып тіпті оқшау көрінеді. Əзірге
көршілес отырған Төртуыл мен Жұмық ішінде Бөкенің жаурынын жерге
тигізген ешкім жоқ. Тек осыдан екі-үш жыл бұрын Керей ішіндегі бір аста
Мамырбек төренің бас палуанымен итжығыс түсіп, оның арты үлкен дауға
айналып кете жаздады. Дегенмен бұрынғы атағы бар, алыстан келген сый
қонақтығы бар, бас бəйге Бөкеге тиген. Содан бері ол: «менің бағым қайта
бастапты, күресті қойдым» деп жүретін. Осы сапарға шығар алдында да
Бөке: «Биыл денсаулығым болыңқырамай жүр» деп көп тартынып еді,
Керімбай онысын тыңдамай зорлап алып шыққан.
Ал Байсерке одан əлдеқайда кіші, ұзаса отыздарға енді ілінген, əлі беті
қайтпаған кейінгі жас перілердің бірі еді. Бұл да ұзын бойлы, жалпақ
жауырынды, жуан сіңір, сүйекті жігіт. Астындағы жіңішке жиреннің белін
қайыстырып, екі тізесі аттың мойынымен жағаласып, ер үстіне бүктетіліп
зорға сыйып отыр. Бұрын ат үсті шайқасында, көкпар мен аударыспақта
аты шығып жүргенімен, Байсерке күреске түсіп күш сынаса қоймаған-ды.
Өткен жылы құдай абырой беріп, Абдырадағы сібе-солаңның атақты
палуаны Байбатты алып ұрғаннан бері жас жігіттің даңқы аспанға ұшты да
кетті. Ілбат-Байбат аталатын ағайынды екі дəу көп жылдан бері ешкімді бет
қаратпай жүреді екен. Əсіресе Байбат туралы алып қашты əңгіме тіпті көп:
оның қырмандағы екі шаңтасты екі қолтығына қысып жүре беретіні, астық
толы алты пұттық ала қапты тісімен тістеп, көз көрім жерге апаратыны
жайында неше түрлі дақпырт тараған. Айтты-айтпады, Байбат — денесі
үйеңкінің түбіндей төртпақ, мықыр келген, ата салты бойынша, төбесіне
тоқпақтай айдар қойып жүретін, нағыз шойқараның өзі еді. Сол Байбат осы
төңірек түгел қатысқан сібе-солаңның «көк шыбық» аталатын мейрамында
төбедей болып, ортада тұрып алмасы бар ма. Оның мына түрін көрген
жұрттың қарадай зəресі ұшып, белдесетін адам шықпады. Қазақ жағы
жасыңқырап, онсыз да өздеріне жан теңгермей кеуде қағып жүретін
халдайлар тобы тіпті əспенсіп, бел алып бара жатты. Үлкен қара
арғымақтың үстінде шіреніп тұрған Бахалдай:
– Иə, шама-шарықтарыңа да қарағандарың жөн. Араларынан белдесуге
жарайтын жігіт шықпаса, құр намыстанғанда не бітіресіңдер? Одан да
уақыт оздырмай бəйгемізді беріңдер, — дегенді ашық айтты.
Осы сəтте Сымайыл зəңгі шыдай алмай кетіп, топ ішінде тұрған
Байсеркенің қасына тебініп жетіп келген.
– Бөденедей бүрісіп не қып тұрсыңдар, өңшең ез? Осы тойға еркек
болып келіп, қатын боп қайтпақсыңдар ма? Сен туғанда да шешен бір қой
қалжа жеген. Қиын қылса қабырғаңды сындырар; кəне, шық майданға! —
деген қатал бұйрықпен.
Байсерке де үлкендер жағынан осындай бір намысқа тиер өмір-
бұйрықты күтіп тұрды ма екен, дереу үстіндегі шекпенін жұлып тастап,
ортаға атылып шыға берген.
Келсең-кел деп дайын тұрған Байбат сүзеген бұқадай жер көшіріп,
күректей қолымен құмдауыт топырақты көсіп алып, көкке қарай шашып
жіберді де, екеуі шаппа-шап ұстаса кетті. Байсеркенің бойы биіктеу
көрінгенімен, ананың қасында талдырмаш бала секілді. Дию неме жас
жігітті тықсырып əкетіп барады. Ыңғайы келсе оң жамбасқа таман əкелмек
тəрізді. Бірақ Байсерке ол əдісіне келтірмей, шаптан тіреп, ананы өзіне
жақындатпай жүр. Осылайша қарсыласының арының басып, титықтатып
алмақ секілді... Бір мезетте, Байбаттың қолы белбеуден сусып шығып
кеткен бір сəтте, «əуп» деп күш ала айғайлаған қатты дауыс естілді.
Байсерке көз ілеспес жылдамдықпен жүгіне беріп, Байбаттың ашасынан
шап беріп ұстады да, сол күйі ес жиғызбай, басынан асыра тік көтеріп
əкетті. Қара құстай қалбаң қақтырып, бір-екі рет айналдырды да, бар
салмағымен қара жерге қатты ұрып жіберді. Байсерке бақталасының
басынан аттап былай шыға бергенде, Байбат сол жерде əлі қозғалмай
жатыр еді. Есі ауып қалса керек, қазақтар өз палуанын көтермелеп ала
жөнелгенде ғана, бет-аузы шаң-шаң болып орнынан тұрып жатты...
Байсеркенің атын шығарған алғашқы белдесуі, міне, осылай өтіп еді.
Ертеңгі аста кəрі тарлан Бөке мен жас пері Байсеркенің қайсысының
маңдайы жарылып тұр екен? Көпшілік соған жеткенше асығып келеді...
Отыншының ауылы осыдан күншілік жерде, Барлықтың Алакөлге қарай
салбыраған тұмсығында, Көкадырда отырған-ды. Төртуыл тобы жол бойы
еш жерде аялдамастан суыт жүріп отырып, күн екіндіге таман еңкейе
бергенде, асқа тігілген қалың ауылдың үстінен шықты. Бұлақ бойындағы
көк жасанды жағалата, əр жерге шоғырландыра, қотандай қондырылған
киіз үйлердің саны, əй, жетпіс-сексеннен кем болмас. Өңкей бір жаңа үзік,
дөдегелі, жұмыртқадай ақ үйлер. Отыншыдай арыстың ең соңғы мерекесін
аз ауыл Туматай емес, исі Мəмбет болып көтеріп алғаны көрініп тұр. Бұл
астың ел жайлауға шықпай, ел мен елдің арасы қашықтамай тұрғанда,
мынадай кең, жайлы қоныста берілуі де алдын ала ойластырылған, берекелі
елдің берік байламы тəрізді.
Төртуыл кісілері қалың нөпір боп ауылға тақай бергенде, алдарынан
кілең жорға мінген кереші жігіттер шауып шықты. Алда келе жатқан
Сымайыл мен Керімбайға сəлем беріп, жөн сұрасқаннан кейін, қонақтарды
төбе басында оқшау тұрған шағын топқа қарай бастап жүрді. Бұл жерде
Мəмбеттің бүгінгі бетке ұстарлары, былайша айтқанда, осы астың иелері
тұр еді. Іштерінде Тоқыр би, Əділбек, Жалбағай, Түйеші, Отыншының өз
немересі Шəйі, Бапының Жамангөзі, тағы басқа білікті кісілер бар.
Сымайыл, Керімбайлар тобы алдымен сол ас иелеріне сəлем беріп, «дұға
қабыл болсын» айтты.
Екі жақ көріспегелі біраз жылдар өткен. Бұл күнде Тоқыр би де, Əділбек
батыр да қатты қартайып, сирек тісті, селеу сақалды қарттарға айналыпты.
Бұл екеуі де кешегі көтеріліс кезінде Отыншының үзенгі жолдасы, қанды
көйлек досы болған адамдар. Тоқыр өз тұрғыласы Сымайылды көргенде
сəл босаңсып, оның осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болды деп естіген
баласына көңіл айтты.
Бұлар ас иелерінен бөлініп, өздеріне арнап тігілген үйлерге қарай
беттегенде, Шығыс жақтағы қырқадан тағы бір қалың шоғыр көрінген. Жол
бастаушы, кереші жігіттер арасынан: «мынау — Мамырбек төре ғой.
Керейлер де келіп қалған екен. Тез алдынан шығыңдар» дескен қарбалас
сөздер естіліп, біреулері солай қарай шоқырақтап шаба жөнелісті.
Төртуыл кісілерін асқа тігілген ауылдардың орта тұсындағы бір өңкей ақ
үйлерге əкеліп түсірді. Бұлар аттан түсіп енді жайғаса бергенде, үстеріне
осы Барлықтың сырты мен Еміл бойын мекендейтін Төртуылдың екі тобы
Шоқан мен Кенжеғұлдар келіп жетті. Кенжеғұл тобын Ежебай, Шоқан
тобын отыздың ішінде ел ағасы атанған Мəжен бастап келіпті. Ойдағы-
қырдағы Төртуыл осы арада ұшырасып, мəре-сəре боп, шұрқырасып
қалды.
Ac беретін ауылға ара қонып əрең жеткен алыс елдің адамдары бұдан
кейін де, қашан қас қарайып, ымырт үйрілгенше үзілмей келіп жатты. Ауыл
адамдарының айтуынша, бұл асқа шақырылған елдің ауқымы тіпті мол
көрінеді. Исі Байжігіт, көршілес отырған Керей мен Төртуылды былай
қойғанда, өрдегі Тума-тоқпақ, Сыбан, Мұрын ішінен де келіп жатқан топ-
топ адамдар бар. Күнгейдегі Жұмықты Еңсе бастап келсе, Тарбағатайдың
теріскейінен Саты, Сайболатты бастап, Құрман қажы мен аға сұлтан
Бұтабай келіпті. Соған қарағанда, Мəмбет осы жолы өзінің елдігін бір
көрсетіп қалуға бел байлағаны анық. Соның айғағындай, былтыр Отыншы
қайтыс болғанда, Əділбек айтты деген бір сөз де ауыздан-ауызға көшіп,
қонақтар түскен үйлерге тез тарап кеткен:
– Мəмбеттің бар қатыны ұл туса да, соның бəрі Отыншы бола бермес.
Ол кезінде алты арысқа аты жайылып, ел алдындағы борышын өтеп кеткен
адам. Ендігі қарыз — тірілер, біздің мойнымызда. Марқұмның бар
ауыртпалығын ел болып көтеріп, асын да ел жадында қалатындай етіп,
дұрыстап өткізейік, — деген екен.
Сол сөз бүкіл Мəмбет үшін əмір-бұйрықтай, шариғат заңындай
қабылданып, ағайын арасындағы кіші-гірім кикілжің, өкпе-араздықты да
кейін ысырып тастаған деседі.
Елдің сол берекесі бүгінгі көл-көсір дастарқан байлығынан да анық
танылғандай. Дастарқанға төгіліп, желініп жатқан шақпақ қанты аралас
қап-қап күрең бауырсақ пен сары май, жент секілді тағамдарда, саба-саба
қымыз бен табақ-табақ етте қисап жоқ. Бұл кеште Отыншының ерлігі,
тапқыр шешендігі туралы əңгімелер де көп айтылды. Баяғы Еженханға
қарсы көтеріліс, сонда бүкіл Байжігітке ұйтқы болып соныңа ерте білген
Отыншының көреген көсемдігі, Манас бойына барғанда қарадан хан
сайланғаны, бəрі-бəрі қайтадан сөз болып, жаңғырығып жатты. Төртуыл
кісілерінің арасында ескі əңгімелерді майын тамыза кезек өрбітіп
отырғандар — кезінде Отыншымен көп жолдас, дəмдес болған Сымайыл
мен жас та болса өткен-кеткенді жақсы білетін, сұңғыла Ежебай еді.
Бір жылы Тарбағатайдың батыс сілеміндегі Қараағаш деген жерде
Арғын — Найман арасындағы көп дау-шарды шешетін үлкен сияз
болыпты. Арғынның сөзін Тіленшінің Алшынбайы ұстағанда, Найманның
сөзін Құлдың Отыншысы ұстап, екі жүйрік тіл мен жаққа ерікті берген екен
деседі. Екеуі алғаш жолыққанда, Алшынбай əдейі Найман биін ықтырып
алғысы келіп:
– Мына басы бармақтай, құлағы жарғақтайың кім еді? — депті
Отыншыны жорта танымағансып. Сонда Отыншы жұлып алғандай:
– Басым бармақтай болса сұңқар шығармын, құлағым жарғақтай болса
тұлпар шығармын. Ал мына тұз түйген келсап бастанған жалпақ сары,
тазың кім болады? — деген екен.
Осыдан кейін екі би жақсы тіл табысып, Арғын мен Найман арасында
көптен ушығып бітпей жүрген талай дауды қапысыз шешкен екен деседі.
Алшынбай мен Отыншы арасындағы сыйластық бертінге дейін үзілмей,
жақсы жалғасқан көрінеді. Кейін Отыншы біреулердін көрсетуімен
Семейге айдалып барғанда, Алшынбай бар беделін салып жүріп, өзінін
досын босатып алыпты...
Демежан əкелері түскен үйде, үлкендерден сəл төменірек, Көксеген мен
Байсеркенің қатарында отырған. Көксеген — Сымайылдың екі-үш атадан
қосылатын немере інісі, көп сөйлемейтін, мінезі ауыр, бұйығы жігіт. Баяғы
жаугершілік кезінде əкесі Олжабай батыр оққа ұшып, туыстарынан көз
жазып қалған бала бір бай дүнгенге жалшы боп жүрген жерінен Сымайыл
зəңгі іздеп тауып алыпты да, үйлендіріп, ел қатарына қосыпты. Қазір
Көксегеннің де кəрі зəңгінің тəрбиесінде ел танып, жер танып жүрген кезі
болса керек. Өзі аздап қытайша біледі. Түбі Қараменденің сөзін осы жігіт
ұстап қалуы да ғажап емес. Ал əке жолын ұстайтын Сымайылдың өз
баласы тым жас... Кішкентай Күдері бүгінгі ұзақ жүрісті көтере алмай
шаршаған болар, шай ішкеннен кейін маужырап біраз отырды да, мойны
бұралып ұйықтап кеткен. Көксеген оны ірге жаққа жайлап жатқызып,
басына жастық тастады.
Төрдегі əкелер сөзіне құлақ қоя отырып, Демежанның бір таңқалғаны,
кəрі құлақ үлкендердің өткен-кеткен тарихи оқиғаларды сұмдық көп
білетіндігі. Жəне нені айтса да, бұдан жүз жыл, екі жүз жыл бұрынғы ескі
шежірені қозғаса да, соның айы-жылына дейін жаңылмай, қатысқан
адамдардың аты-жөніне дейін шатастырмай, хатқа жазылғандай етіп,
төндіре əңгімелейтіні қызық. Əлдеқашан өшуге айналған қоламтаның
жылтыраған əлсіз шоғын үрлеп қайта тұтатқандай, есте жоқ ескі оқиғаның
өзін лезде маздатып жібереді. Соның бəрін есте ұстап, жіпке тізіп жүретін
зейін-зердеге қалай таң қалмассың. Қанша оқыдым, білдім дегенмен, мына
ақсақалдардың қазақы қисынға келгенде өзінен əлдеқайда жүйрік, білікті
екенін танып отыр. Қай жағынан қарасан да, əкелер өмірі күрес-тартысқа,
елдің елдігін сақтап қалу жолындағы шытырман шайқасқа толы болыпты.
Ал қатал тағдыр ендігі жас ұрпаққа, мына Көксеген мен Күдеріге, мұның өз
басына қандай сыбаға дайындап отыр екен? Бұлдыр тұман арасынан
болашақты болжау қиын еді.
Демежанның сонан кейінгі бір ұққаны — адам баласына, ел-жұртқа
жасаған жақсылық өлмейді екен. Өз еңбегіңнің қарымтасы кейде тірі
кезінде қайтпаса да, өлгеннен кейін болса да ағайын жұртың алғыспен еске
ала жүреді екен. Бүгінгі Отыншының мына асы — соның бір айғағындай...
Бірақ сонда Отыншыға орнатқан ел ескерткіші — осы ас қана болғаны ма?
Бүгін жүздеген қой сойылды, ондаған жылқы жығылды. Ішті, жеді, тарады
— не бітті? Соның бəрі осы қоныста қала бермей ме? Рас, қалың ел көпке
дейін еске ала жүрер. Биыл туған баланың жасын, түсірген келіннің жылын
осы Отыншы асымен орайластыра есептер. Бірақ одан не шықты? Қолмен
ұстап, көзбен көрерлік тұлдыры жоқ құр сөз ғой бəрі де... Əлде бұл халық
ең асыл қоймасын, кейінге қалдырар қазынасын да өзінің сұлу сөзіне,
жанылмас жадына сеніп тапсыратын болғаны ма? Бүгінгі асқа сойылған
малдың өзімен-ақ Отыншының басына алыстан көз тартатын, алтындаған
алып күмбез орнатуға болар еді ғой...
Бір мезетте Демежан өзінің сыншыл ойынан сергіп, селт етіп басын
көтеріп алды. Үлкендердің əңгімесі бірден-бірге ауысып, ақыры бүгінгі
күннің ең негізгі тақырыбы — екі ел арасындағы шекара мəселесіне
ойысыпты. Жеке бұл үйде емес, бүгін асқа тігілген барлық үйлерде осы
туралы сөз болып жатқаны анық. «Шекара сызығы тартылады» деген
қауесет дəл қазір көшпелілер үшін «бəлен жерде əлдебір құбыжық не
айдаһар шығыпты» деген сұмдық хабардан кем соғып тұрған жоқ. Бұрын
қазақ ортасында біреу орысқа, біреу қытайға қарады деген жай ауызда
айтылатын сөз болмаса, бір елді екіге айырып тұрған ондай айқын меже
жоқ болатын. Тек алман-салықты əрқайсысы əр патшаға төлейтіні бар-ды.
Əйтпесе осындай ас пен тойды бірге өткізіп, жер дауы мен жесір дауы
сарапқа түскенде, екі жақ бір төбе бидің аузына қарап отырмайтын ба еді...
Шекара сызығы деген не пəле тағыда? Қазақтың малының тұяғы жеткен
жер – өрісі түйесінің қомы шешілген жер — қонысы. Осыдан артық қандай
шекара керек? Құдайдың жалпақ жатқан кең даласы мен құз-қиясын ұшқан
құстан өзге əрі-бері ешкім өте алмайтындай етіп, сызық тартып, қоршап
алу дегенді кім ойлап тапты екен? Осында отырған үлкендер қанша
ырғасса да, жанағы сұрақтарға жауап таппай, тұйыққа тіреле береді.
Мұндайда Қызылбаланың өзінше бал ашып, болжам айтып отыратыны
бар еді. Сол əдетімен:
– Өткенде Ши-амбы мен Шəуешектегі орыс консəлі əлденеге таласып
ұрсып қалды деп еді. Сол екеуі ақыры келісе алмай, өзара енші бөліспек
болғаны ғой, шамасы? — деген алға таман итіне түсіп.
Бірақ оның сөзіне үйдегілер қанағаттана қоймады. «Кəне, сен не
білесің» дегендей əрқайсысы бірінің бетіне бірі қарайды. Үлкендер жағы
Керімбайға жалтақтай береді. Бірақ, ол алдымен басқалардың аңысын
аңдығысы келе ме, əзірге ішін аша қоймай, тұйық отыр. Осы
отырғандардың көбінен алғыр, зерделісі Кенжеғұлдың биі Ежебай болатын.
Сол дəл қазір Керімбайдың қозғала қоймасын іштей сезді де, өзінен
төменірек жастардың қатарында отырған Демежанға назар аударды.
Қияқтай қара мұртын ширатып, сұлу, дөңгелек жүзін осылай бұрып,
жантартып күле қарады да:
– «Ақыл — жастан, асыл — тастан» дейді, Демежан шырақ. Қазір өкімет
қызметінде, Ши-амбының он қолы боп жүрген, көзі ашық жігітіміз —
өзіңсің. Ендігісін сен айтшы. Шекараның жайын түсіндірші мына қамалған
халқыңа,—деп көптің атынан бір сауал тастады. Сол-ақ мұң екен, оны
басқалар да қостап:
– Иə, Демежан айтсын.
– Біз текке қара тер болып жүргенде, ұлықтың өзі отыр екен ғой
қасымызда.
– «Балықтың тілін бақа білер» деген. Ши-амбының тыққан қоймасын бір
білсе, осы Демежан біледі, — дескен қолпаш сөздер естілді.
Демежан аяқ астынан мұндай сұрақ қойылады, жұрт назары бірден өзіме
ауады деп ойламаған. Алғашқы сəтте кəдімгідей қысылып қалды.
– Шекара сызығының тартылатыны рас, ағайындар. Жақында
Шəуешекке сол межені белгілейтін екі жақтан да арнайы комиссия
келмекші, — деп сөзін кібіртіктеп бастап, сəл кідірді де, ар жағын түзеп
əкетті. — Мұны, əсілі, бергі Ши-амбы мен консул Балкашин ойлап тапқан
орта жолдағы бірдеңе емес, Ақ патша мен Еженханның арасындағы жер
бөлісі деп ұғыңыздар. Өздеріңізге мəлім, қазір іргелес отырған екі ұлы
мемлекет өздеріне тиесілі аймақтарды түгел қаратып болды. Біреуі
батысқа, екіншісі шығысқа қол созып, жылжи-жылжи келді де, ақыры
ілгері басатын жер қалмай, тақасып қалды. Енді бұл мемлекеттер өзімдікі
деген өлкеге меже белгілемей, сызық жүргізіп, қазық қақпай отыра
алмайды ғой... Ал Ши-амбы мен Балкашин сол бұйрықты орындаушылар
ғана.
– Сонда шекара сызығы қай жерлерді басып өтпекші? Шəуешек қай
жағында қалады?—деді Ежебай алға таман ұмсына түсіп.
– Шəуешек, əрине, Қытай жағында қалады ғой. Сонша жылдан бері жау
балшық — жамбыл салып жатқан қаланы Еженхан қолдан шығара қоя ма?
– Ал Құлжа ше? Құлжаңыз қазір орысқа қарап кеткен жоқ па?
– Құлжаның он жылдай орысқа бағынғаны рас. Бірақ өткен жылы
орыстар ол қаланы да Қытайға қайтып берді. Сірə, оның есесін Алтай
жағынан қайтарды-ау деймін... Ал шекараның өтетін жолына келсек, қазіргі
мөлшер бойынша, ол Алтай мен Тарбағатай тауларының қыр жотасымен
жүріп отырып, Ақшоқының тұсынан түстікке қарай бұрылады да, Бақты
қырқасын, Арқарлы жазығын кенерелеп, Барлық тауының батыс тұмсығын
кесіп өтіп, Жоңғар Алатауын жоталап, ары қарай созыла бермек... Бұл,
əрине, əзірше қағаз бетіне түскені. Ал іс жүзінде талай-талай ауыс-түйіс
болатыны сөзсіз.
Мына сөзді естігенде, үйдегілер тіпті дүрлігісіп, араның ұясындай
гуілдеп кетті. Əншейінде үлкеннің аузын бағып, ізет сақтап отыратын
жастар жағы да өздерін ұстай алмай қалды.
– Мəссаған, мынау қызық болды ғой!
– Сонда осы екі ортаны жайлаған қазақ ауылдары қайда барып күн
көреді? Жайлауы бір жақта, қыстауы екінші жақта қалатын болғаны ма?
– Халық керек болса, Ақ патшасы ма, Еженханы ма, қазақты бөліп-
жармай-ақ тұтас неге қаратып алмайды?
– Əй, осылар адам таппай отыр дейсің бе? Екі патшаға да адамнан гөрі
алдымен жер керек болғаны той, — дескен ызалы, күйінішті сөздер əр
тұстан шақпақтай шағылып, зорға дегенде саябыр тапты. Əрқайсысы өз
тағдырына қатысты үлкен бір сын-сағаттың тақау тұрғанын сезініп,
тығырыққа тірелгендей үнсіз отырып қалған.
Шекара сызығы осы өлкені мекендеген қазақ руларының ортасын қақ
жарып өтетіні сөзсіз. Олар енді қай елге қараса да, екі жақтың бірін
таңдауға тура келеді. Бірақ сол таңдауы құрғыр оңайға түсіп тұр ма? Сонда
екі елдің қайсысына қараған жөн? Ақ патшаға ма, əлде Еженханға ма? Бұл
сұраққа кезінде «бір басында қырық кісінің ақылы бар» небір хандар мен
билер де жауап таппай, шақшадай басы шарадай болғаны тағы белгілі.
Иə, не істемек керек, шынында? Асқа жиналған Төртуылдың игі
жақсылары біраз дуылдасып келіп, ең соңында «не айтасыңдар?» дегендей
Керімбай мен Сымайылдың аузына қарады. Ши-амбыдай ұлықтың арнайы
сəлемін естіп, іштей бір қорытындыға келіп қойған Керімбай бұл жолы да
көмей көрсетіп, бірден шешіле қоймады. Не де болса, Төртуылдың ендігі
ақсақалы Сымайылды алға салып, соның аужайын түймек.
Сымайыл — көп бұлтарыс-қалтарысы жоқ, ескінің адамы ғой. Кəрі зəңгі
басын көтеріп, бурыл қасты қалың қабақтың астынан əлдебір нүктеге
тұнжырай қарап отырды да:
– Е-е, «Кеден кеден болды, кедергі неден болды» дейтін емес. О баста
тағдырдың жазуы солай болса, одан асып біз қайда барамыз? Қазақтың
қонысын малының өрісі билейтін қашан да. Сол малдың соңынан ілесіп
көше-көше, темір ноқтаны басымызға қалай киіп алғанымызды өзіміз де
білмей қалыппыз ғой. Өз билігіміз өзімізде тұрса, бір сəрі. Біз үшін
патшалар билік айтып жатқанда, біз не деуіміз керек?—деп сəл бөгеліп
барып: — Барар бағытым, Қағбам сонда ғой деп батысқа көшер едім. Ал
бірақ Төртуыл келіп жайласын деп, жайлауы мен қыстауын дайындап
отырған кім бар? Маған салсаңдар, Тарбағатайдың құт дарыған күнгейін
тастап, ешқайда ауа көшер жайым жоқ, жараңдар. Əкем Жабағының, тіпті
оның əкесі Табылдының бейіті осында жатыр. Сақалымның ағында,
өлерімнің шағында мен қайда барып сыймақпын? Қайтейін... Сол əкемнің
басы қалған өлкеде қалдым мен-дағы! — деп бір-ақ кесті.
Сөз тізгінін берерін берсе де, кəрі көкжал қай жерден барып шығар екен
деп, Керімбай іштей қыпылдап отыр еді. Жоқ, қартың жарады, қалың
шытырманнан шашасына шаң жұқтырмай, нысаналы жерге тура алып
шықты.
– Айналайын, ағаеке-ай, көңілдегі барды айттың, шынды айттың-ау!
Ендеше біз де тоқтадық осы батагөй сөзіңе! — деді ол Сымайылға қарап.
— Жарылғанды жау алады, бөлінгенді бөрі жейді. Осы Құлыстай қай
патшаға қараса да, түгел Төртуыл осында мекен теуіп қалатын болайық.
Ертең елге барған соң, алыс-жуыққа жаушы шаптырып, жар салып айтатын
соңғы байлам да осы болсын, — деген.
Осы ой талайының-ақ көкейінде отырса керек. Керімбай сөзін бітірген
кезде, əр тұстан:
– Мақұл. Сөз түйіні осы болсын!
– Ағайын-туғанға осыны жеткізейік.
– Тек əрқайсымыз əр жаққа тартпай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол
шығаратын болайық, — десіп отырғандар шулап кетті.
Төртуыл кісілері өз бағыттарын белгілеп алған соң, енді күнгейдегі
басқа рулардың болашағына сəуегейлік жасай бастаған. Алдымен
Дөрбілжінге қарайтын Жұмық жағын əңгіме етісті. Қара Еміл мен сары
Емілді,
Қырықошақ
пен
Қотанашы-Қожырды,
Майқайың
мен
Шолақарданы тастап, олар да ешқайда кетпейді деген болжам айтылды.
Ежелгі мекендері Тарбағатайдың теріскейіне көшер еді, бірақ ол жақта
қазір қалың Тəуке мен Саты-Сайболат иін тіресіп зорға сыйып отыр. Оның
үстіне, Жұмықты қақ бөліп алған Бұтабай мен Еңсенің басы бір қазанға
сыя бермейді. Ендеше бұл елді де Құлыстайда қалды деп есептей бер.
Ал Керей мен Уақ туралы бас қатырып, сөз етпесе де болады. Өйткені
бұл екі руды Майлы мен Жəйырдан сойылдап қусаң да кетіре алмайсың.
Керейдің бір бөлігі Алтайдан ауып, Тарбағатай өңіріне келгеніне жиырма-
отыз жылдай ғана уақыт болды. Малына өріс, өздеріне қоныс таппай,
Алтайдан тасып төгілген қалың Керейдің бір бөлігі Монғол жеріне —
Боғдаға қарай ауса, екінші бір қалың тобы түстікке қарай ішкерілеп, сонау
Еренқабырға, Баркөлге дейін барып қалды. Жалпы бұл Шығыс Түркістанда
Керейден тамырын тереңге жіберген ру жоқ. Өздерін жəне Төрелер
билейді. Алтайдан Майлыға көшкендер Қоғадай тұқымы Мамырбек төрені
ала келіп, бар билікті соның қолына жиып бергені тегін дейсің бе. Демек,
Мамырбек те бұдан былай сақа айғырдай сақылдап, қарауындағы елді
ешқайда шашау шығармасы анық.
Мұнда, басқа руларға қарағанда, кілең шекара бойын жайлаған
Мəмбеттің жағдайы қиынға соғуы мүмкін. Өйткені Мəмбет руларының
қонысы Шығыста Емілдің сол жағасын бойлап, Шағантоғай, Барлыққа
дейін барса, батыста Алакөл, Қатынсу, Қараталға дейін созылып жатыр.
Егер шекара сызығы осы өлкені қақ жарып өтетіні рас болса, онда жазда
Барлыққа жайлауға шығып, қыста қол бойындағы құмды қыстайтын
ауылдарға өте қиын болады. Соған орай, қазір Мəмбеттің ру басылары ауыз
бірлікке келе алмай, екіге жарылып тұрса керек. Жалбағай мен Түйеші
бастаған бір тобы Еженханға қарай ауытқыса, бір кезде көтеріліске
қатысып, Маншыңға жаманатты болған Əділбек, Тоқырлар тобы Ақ
патшаға Қарағанды қолайлы деп есептейтін көрінеді. Не де болса, осы
жайлау үстінде шиеленісіп тұрған талай түйіндер шешілуге тиіс.
Сонымен, көзі тірісінде ел қамқоры атанып, қол бастап жауға шапқан, өз
елінің азаттығы үшін күрескен Отыншы бидің бұл асы қалың қазақтың
басын қосатын əншейіндегі көп дүрмектің бірі емес, халық тағдыры
таразыға түсер тарихи сын-сағатта өзара ақыл-кеңес құрып, болашақ
бағыттарын белгілеуге жағдай жасаған, аса бір мəнді жиын болды. Бұл
кеште əр рудан келген дуалы ауыздар сөзден босамаса, былайғы қалың көп
ауыз ет пен қымыздан толас таппады. Талай саба сарқылып, құнан
қойлардың сүбесі мен жамбасы, семіз тайдың жылы-жұмсақ тілшесі мен
картасы ошарылған жұрттың оқпанын толтырумен болды. Ақыры ас
беретін ауыл қонақтарын жатқызып, таң алдында біраз тыным алғандай
болып еді. Ертеңінде күн көтеріле бере кешегі құжынаған тіршілік қайта
қызды.
Бүгін астың негізгі күні. Түске қарай ас табағы тартылып, одан ары
қалың көпшілік əртүрлі ұлт ойындарын тамашалауға тиіс. Ат шабысы,
жорға жарысы, жамбы ату, палуан күресі... Бүгін таңда көз іліп кірпік
айқастырмаған біреулер болса, олар — бəйге аттарының бапкерлері еді.
Бүгінгі жарыста ат өнері ғана емес, оны баптаған адам өнері, ел намысы
сынға түспекші. Сондықтан Тойшыдай сырқынды атбегілер кеше кештен
бастап əр елден келген атақты бəйгелердің бабын байқасып, аңыстарын
аңдысып, тыным таппаған. Сонымен бірге өз аттарын да көзден таса
қылмай, беретін жемін, ішетін суын құс қайырғандай өз қолдарымен өлшеп
беріп, түні бойы күзетісіп шыққан.
Бəйге аттар бұл жолы отыз шақырымдай жердегі Дəкінің қара сазынан
қайтатын көрінеді. Жиыны сексенге жуық үкілеген сəйгүліктерді жана, ұлы
сəске кезінде он шақты адам бас-көз болып, аян жүріспен ат қайтатын
жерге айдап алып та кетті.
Салт бойынша, таңертеңгі шай мен ас табағы тартылатын арадағы
əредікте əр елдің басты-басты адамдары Отыншының өз үйіне кіріп,
марқұмға соңғы рет құран оқып шығуға тиіс болатын. Төртуыл жағынан
Сымайыл, Керімбай, Ежебай бастатқан бір топ атқа мініп солай қарай бет
алғанда, Демежан оларға ілеспей, өзі құралпы жастардың қасында тұрып
қалғанды. Керімбай атының басын іркіп, артына бұрылды да:
– Сен неге тұрсын? Жүр бізбен бірге, — деді қысқаша бұйрық етіп. Бұл
жалма-жан атына мініп, əлгі топпен қатарласа бергенде, əкесі сөзін қайта
жалғады. — Ас пен тойға бару легенің — ет жеп, қымыз ішіп қайту емес,
ел көру, жұрт тану болмақ. Қазір Отыншының қара шаңырағына осы
төңіректің сорпа бетіне шығары түгел жиналады... Біз кетеміз өмірден.
Ертең сенің алысатын да, аңдысатын да адамдарың солар болады. Осы
бастан сөздерін тыңдап, көмейін көріп, таныса бер, — нем аз бөгелді де. —
Сонан соң асқа өзіңнің қайын атаң Құрекең де келіпті дейді. Сол кісіге
барып сəлем бермейсің бе? — дегенді қосып қойды.
Демежан үндеген жоқ, атын тебініп үлкендердің соңынан ілесе берді.
Əкесінің бұл асқа өзін неге ертіп əкелгенін енді ғана пайымдай бастаған.
Бар ғұмыры күрес-тартыспен өткен сұңғыла əке көзінің тірісінде баласын
ел келесіне араластырып, баулығысы келеді екен. Дос қайсы, жау қайсы,
болашақ бақталасы кімдер, біле берсін дейді осы бастан. Сонымен бірге
əкенің арғы түкпірінде жат жұртқа өзінің ер жетіп қалған ұлын көрсетіп,
Керімбайдың мұнымен бітпейтінін, өзі өлсе артында өсіп келе жатқан
жеткіншегі, жас бөлтірігі бар екенін сездіру мақсаты да жоқ емес сияқты.
Оңайшылықпен ашылмайтын, танылмайтын, қос қыртыс қалтарысы
қандай көп бұл үлкендердің?! Демежан соған таңданады... Дегенмен
əкесінің жанағы сөзіне бұл түгелімен ұйып, қосыла қоймады. Егер мұнын
болашақта алысатын, аңдысатын «жаулары» — бүгін Отыншыны бірге
жоқтап, қатар қайғырып отырған өз ағайындары, өз руластары болса, онда
бұл тіршілікте не мəн қалады? Жаман ұры секілді өз қораңа өзің түсетін
болсаң, сол үшін көш бастап, азамат атанып керегі не? Күшің тасып бара
жатса, күресемін, алысамын десең, жағасын жыртар жау жоқ па айналаңда?
Осындай бір бұлдыр, алыс ойлар Демежанның басына бұрын да талай
келетін-ді. Қазір сол ойлары тұман қабатынан аршылып, айқындала
түскендей болды.
Отыншының өз ауылы асқа тігілген үйлердің бас жағында, көрнекі
жерде бөлек отыр екен. Кілең бір ақ үйлердің айналасы қарбалас қимылға
толы. Еркектерден гөрі ақжаулықты, кимешек-шаршылы əйелдердің қарасы
молдау көрінеді. Төртуыл кісілері таяғанда, үлкен ақ орданың сыртындағы
кермеге екінші жақтан өңшең баран ат мінген, ер-тұрманы сайлы, тағы бір
сəнді топ келіп түсіп жатты. Aс иелері тегіс осында жүр: Тоқыр, Əділбек,
Жалбағай, Шəйілер қонақтарды үй сыртында тұрып қарсы алды. Ат-көлік
амандығын, кешеден бергі сый-күтімдерінің қалай болғанын сұрап жатыр.
Жаңа қатарлас келіп түскендер — теріскейдегі Сайболаттан келген
Құрман қажылар тобы болып шықты. Жас жігіт кезінде «Қоныз батыр»
атанған Құрман қажы — Төртуыл ауылдарымен ежелден сыйлас, əрі
Керімбайға қыз беріп отырған құдандалы кісі. Екі жақ жайлау үстінде бір-
біріне тақау, аралас отырғанымен, қыс қыстауы шалғай тартып, алыстап
кететін-ді. Көптен көріспеген құдалар құшақ айқастырып, төс түйістіріп,
шұрқырасып қалды. Құрман қажы бұл күнде жасы елуге тақап қалған,
еңсегей ірі денелі, екі иығына екі кісі мінгендей, сүйегі тұтас, ер тұлғалы
адам еді. Ана жылғы көтерілісте айрықша көзге түскен қас батырлардың
бірі. Білетіндердің айтуынша, тұлабойында найзаның ұшы тимеген, не оқ
жалап өтпеген сау жері жоқ деседі. Кезінде найза жырып кетіп, қазір сетік
боп біткен он жақ танауының тыртығы да — сол сөздің растығын
дəлелдегендей. Құрман қажының бұрынғы батырлығының сыртында, ел-
жұртқа сыйлы боп көрінетін тағы бір себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын
исі Сайболатта алғашқылардың бірі болып, Меккеге, қажы сапарына барып
қайтқан. Бір кезде бетіне жан келтірмес атақты батырдың бұл күнде қой
аузынан шөп алмас, бірадар сопыға айналуы көп жұртты қайран
қалдыратын.
Құрман қажы Керімбай, Сымайылдармен төс түйістіріп, қазақтың алма-
кезек айтылатын ұзын-сонар аман-сəлемі аяқталған кезде, өзіне иіліп сəлем
берген күйеу баласы Демежанға назар аударды.
– Дені-қарның сау, аман жүрсің бе, балам? — деді мұның бас-аяғына
барлай көз тоқтатып. — Менің Бибі деген тентек қызым бар еді... қол-аяғы
сау жүріп жатыр ма, əйтеуір?
– Аман-есен... Өзіңіз де сау-саламат жүріп жатырсыз ба, Қажы-еке? —
деді Демежан мұндайда үлкен адамға не айтарын білмей, қысқа қайырып.
Баласының сөзін Керімбай толықтыра түсті.
– Бибі баламыз да өзіңізді сағынып, əрең жүр-ау деймін. Биыл ел
жайлауға шыққан соң, төркіндеп барып қайтатын шығар, құдай бұйырса.
Бұлар үйге кіруге асықпай сыртта сөйлесіп тұрғанда, бір жақтан
Мамырбек төре бастаған Керейлер тобы мен Еңсені ортаға алған Жұмық
кісілері де келіп қалды. Еңсенің де, Мамырбектің де қырыққа енді ілінген
жас кездері. Бұлар өздерінен бұрын келген үлкендерге қол қусыра сəлем
беріп, кішілік ізет көрсетті.
Күткен адамдары түгел келіп болды-ау деген мезетте, ас иелері
қонақтарды үлкен ақ ордаға қарай бастап жүрді. Сегіз қанат үлкен ақ үйдің
оң жақ босағасында ұшына қара байлаған ақ ту ілулі тұр. Отыншы қайтыс
болғанда, Тоқыр би өз қолымен əкеп қадаған қаралы ту осы. Жыл бойы сол
орнынан қозғалмаған, қайғылы қазаның бас белгісі болған қара бүгін ас
тараған соң жығылуға тиіс. Кісілер үй сыртына таяғанда, іште топ əйел
əсем созып, қосылып айтқан «дауыс» басталды. Өлікке арналған соңғы
жоқтау, соңғы жыр.
Қонақтар тор алдына келіп жайғасқаннан кейін де, жоқтау жыры
тоқтамай жалғаса берді. Үйдің оң жағында, шымылдық ішінде
Отыншының қыз-келіндерінен құралған бес-алты жас əйел отыр. Сол жас
өнерпаз, əнші əйелдер бүйірлерін таянып, мұңды сарынмен біркелкі үн
қосып, əндете шырқағанда адамның сай-сүйегін сырқыратқан жоқтау жыры
алыстарға жетіп, шырқау көкте қалықтап тұрып қалғандай болады. Жыл
бойы осы сарынды сан рет қайталаған əншілердің əбден жұптасып, төселіп
алғаны байқалып тұр. Дауыстарында бір мүдіріс, іркіліс жоқ, жібек талдай
созылған мұңды саз оқта-текте өзекті өртеген күйікпен «аһ» ұрғандай сəл
үзіліс жасайды да, іле қайта көтеріліп, шарықтап кетеді.
Отыншай ел қамқоры ерді айтады. Қара тілден бал тамызған биді
айтады. Туған халқы үшін қабырғасы қайысқан, ел шетіне дау келсе,
суырылып сөз ұстаған сұңғыланы айтады. Ел басына күн туған қиын-
қыстау кезеңде қолына шашақты найза ұстап жауға шапқанын жырға
қосады. Арыстанмен алысып, жолбарыспен жұлқысқанын, Еженхандай
азулымен тірескенін мақтан етеді. Осының бəрін термелей тізіп келген
мұңды қыздар:
Тобышақтың құлыны
Торқалы көшке жанасқан.
Түзу жолға салатын,
Талайсыз жұртты адасқан.
Ақылмен айтқан кеңесін
Ақ жамбыға баласқан,
Дүнгендер майдан ашқанда,
Ел қайтқанда Манастан...
Атакемнен айрылып
Басқа бір төнді-ау қара аспан! —
деп бір тоқтаған.
Бұдан ары «дауыс» айтушылар бүгін келген қонақтарды санамалап, тілге
тиек етісті. Көп айтты, көп жылады деп сөкпесін халайық. Отыншыдай есіл
ер арамызда енді жоқ, қайтып келмес, белгі бермес алыс сапарға аттанды.
Бірақ əкелері өлгенмен, сол əкені көре қалғандардың көзі тірі, қатары бүтін.
Кеше жорық жылдарында үзенгі қағысқан Құрман қажыдай інісі,
Сымайылдай сырласы келіп отырғанда, Еңседей ел ағасы, Мамырбектей
манабы марқұмның орнына келіп құран оқығанда, мұнда айтпаған зар-
мұңдарын кімге барып айтады? Тағы кімге шағады? Енді артында қалған
жас ұрпақ, қатар-құрбысы, ел-жұрты аман болсын. Көңілге соны медеу
тұтып, сабыр сақтамасқа амал не?!
Жоқтау жыры осылай аяқталғанда, Құрман қажыдай бірадар сопылар,
Сымайылдай үлкендер əлдебір қарттық уайыммен көздеріне жас алып,
егіліп жылап отыр еді. Сымайылға сөгіс жоқ, кəрілігі жеткен, қазалы, қам
көңіл адам. Ал Құрман қажыны бұрын білетіндер: «мына кісі қажыға
барып, құдайдың үйін көріп қайтқалы, қатты жұмсарып, құдайшыл, діншіл
боп кеткен екен-ау» деп іштей таңданысып қалды.
Көп ұзамай дастарқан жайылып, қымыз құйыла бастаған. Бұл отырыста
бір-бірінен бой баққан əр елдің жуандары көп шешіле қоймай, биылғы
кектің шығысы, мал тойынысы жайында ғана əңгіме қозғап отырды. Қақ
төрдің басына жас мөлшеріне қарай Сымайыл, Құрман қажы, Керімбайлар
жайғасып, Мамырбек пен Еңсеге орын төменіректен тиіп еді. Еңсенің жөні
солай. Ол — бұл елге күйеу, Əділбектің туған қарындасын алып отырған
адам. Ал терден орын тимеген Мамырбек «төре сыйлап көрмеген» қалың
Найманға іштей жыны келіп, қабақ ашпай, тырсылдап жарылғалы отырған
жайы бар.
Мамырбек — баяғы Алтайдағы Абақ Керейдің өздеріне хан-сұлтан ету
үшін Абылай ханнан ат-түйедей қалап сұрап алатын Əбілпейіс төренің
шөбересі. Бұл күнде жасы қырыққа жаңа келген, ұзын бойлы, кең иықты
қарасұр жігіт құйқасының əр жерінде аламыш төбелі болғандықтан, басына
үнемі кестелі тақия киіп отырады... Əбілпейістен кейін Керейді ұзақ жыл
оның баласы Көгедай төре биледі. Көгедайдан Ажы мен Адеке деген екі ұл
туған-ды. Осы ғасырдың ортасына дейін билік басында, көбінше Ажы
төренің балалары отырып алды да, Адекеден тараған Мамырбекке шен-
шекпен жағы жетіңкіремей, сонан соң бұл, амал жоқ, Тарбағатайға ауған
Керей ауылдарының соңынан ілесуге мəжбүр болды.
Мамырбек жасынан барымташы, қолшыл, қарулы жігіт болатын. Осы
бертінге дейін қолына жігіт ұстап, ұрлыққа аттанып, үнемі жортуылда ат
үстінде жүретін-ді. Керей атанның қайда жүрсе де төресіз отыра алмайтын
əдеті. Бұл елдің көп рулары Майлыға келіп орныққан соң, Мамырбекті
өздеріне төре сайлап, атақты Қоңыроба сазын меншікті қоныс етіп, алдына
көп мал салып берді. Содан кейін-ақ жас төренің бағы жанып, тасы өрге
домалап жүре берген. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, ауып
келген Керейдің аз ауылын бір өзі жеке билеп, қазір шылқа майдың ішінде
қаздай қалқып, үйректей жүзіп жүрген кезі еді.
Ал қатар отырған қалың Байжігіт пен Төртуылдың дəл ондай төре
құмарлығы шамалы-тұғын. Жалпы, наймандар баяғы Барақ сұлтаннан
кейін төреге бағынып көрген жоқ. Сондықтан олардың асыл текті
артықшылығын да мойындай бермейтін. Айдаладағы ақсүйек төреден гөрі
өздерінің ақсақал, би, батырларын көбірек тыңдап, соларды əтуер тұтатын-
ды. Ал Төртуыл мен төрелердің арасында ушығып бітпей келе жатқан ескі
жара, ежелгі кек тағы бар. Оған себеп, əйгілі Көгедай төренің құны əлі
күнге дейін Төртуылдың мойнында. Бір барымтада Көгедай Қара Ертіс
бойында Төртуыл жігіттерінің қолынан қаза болған.
Бір жолы төренің жылқысын түнделетіп барып, Тəукебала бастаған
Төртуыл жігіттері айдай жөнеледі. Барымташылардың өкше ізіне түскен
басқа қуғыншылар ілесе алмай адасып қалғанда, Көгедай жалғыз өзі
жүйрік атпен қуа беріпті. Жігіттер əбден ұзап шығып, Кендірліктің тұсына
келгенде, соңдарынан қалмай қойған жалғыз қараны бір қалтарыста тосып
тұрады да, сойылмен бір-ақ қағып ұшырып түсіреді. Оның Көгедай төре
екенін əлгілердің ешқайсысы танымаса керек. Қолдарына түскен
қуғыншыны сол маңда жайылып жүрген бір өгізге мінгізіп, аяғын астынан
шандып танады да, төренің ауылына қарай айдап жібереді. Қанғыбас өгіз
ауылға бірден бара қоя ма, қалың қопаның арасында Көгедайды маса талап,
күп болып ісіп кетеді де, ақыры содан оңала алмай, үйіне жеткен соң
ұзамай қайтыс болады... Одан арғысы белгілі, екі ел арасында атыс-шабыс,
дау-шар басталады. Осы дауға билік айтқан Тəуке Ұлтарақ би бір төренің
басы үшін, Тортуылға жеті кісінің құнын кескен екен. Сол құнды төлеуге
шыдамаған, əрі Ұлтарақтың билігіне наразы Төртуылдың біраз ауылдары,
амал жоқ, Қара Ертісті тастап, Тарбағатайдың күнгейіне ауа көшуге мəжбүр
болыпты...
Əлде мына Мамырбек төре сол баяғы атасынын құнын құлғанадай қуып,
əлі күнге дейін кешпей жүр ме екен, əйтеуір, Төртуыл кісілерін көргенде
қас-қабағы келіспей, кірпідей жиырыла қалатын əдеті. Қазір де қасында
қатар отырған Еңсемен ғана тіл қатысып, басқаларға оң шырай бермей,
паңдана түседі. Төртуыл жағы да өздерін осалмыз деп ойламайтын.
Басқаны былай қойғанда, Құлыстайға бұрынырақ келіп қоныстанған ірге
күшіне сенеді. Сондықтан Керімбай мен Сымайыл да Мамырбекке
бəлендей жалбақтамады. «Төре болсаң қайтейін» дегендей, бұлар да сызды
қабақ танытып, сіресіп қалған.
Қымызға қанып, сыбағаларын жеп алған соң, қонақтар көп бөгелген
жоқ. Aс иелеріне: «Бидің арты берекеге айналсын. Енді тойға келейік»
десіп, орындарынан тұра бастады.
Бұл кезде ойын-тамашаға асыққан былайғы қалың көпшілік те астың
етін жеп болып, түгел дерлік атқа қонып қалған еді. Əлден уақытта қолына
ақ жалау ұстаған Тоқыр би атой беріп, ауыл сыртындағы аласа төбенің
басына шауып шықты. Бұл əртүрлі ойындардың басталар белгісі еді. Соны
көруі мұң екен, аттылы-жаяу қалың жұрт сол төбеге қарай ағылды. Төбенің
ар жақ бауырында киіз бетегелі жасыл алаңқай бар екен, ендігі көп
қызықтың бəрі осында өтпекші. Алысқа айдалған бəйге аттарды да осы
арадан күтіп алмақ. Алғашқы кезде асқа жиналғандар əр жерде өтіп жатқан
жамбы ілу, жорға жарысы секілді шағын қызықтарды тамашалап тұрды да,
біраздан соң жұрт назары түгелімен палуандар күресіне қарай ауып кетті.
Палуандар үшін екі бөлек жүлде тағайындалған екен. Кіші жүлде —
тайтұяқ жамбы бастатқан бір тоғызды Байжігіт өз арасына: Жұмық пен
Мəмбетке қалдырыпты да, бас жүлде — aтан түйе бастатқан бір тоғызды
алыстан келген сый ел: Керей мен Төртуылға лайықтапты. Демек, негізгі
бəсеке осы екі ел палуандарының арасында болмақшы. Керейдің намысын
қорғайтын — əлі күнге дейін жауырыны жерге тиіп көрмеген, өз елінде
«түйе палуан» атанған белгілі дəу — Қараш еді. Бұдан екі-үш жыл бұрын
Бөкемен ит жығыс түсіп, екі ел арасында көп дау тудырған атақты Қараш
осы. Ол туралы да жігіттің аруағын асыра түсетін алып қашты талай
аңыздар бар. Қараштың сазға батып қалған тайлақты өркешінен тартып
суырып алғаны, өзіне қарай ұмтылған сүзеген бұқаны мүйізінен бұрап,
мойын омыртқасын үзіп жібергені туралы неше түрлі дақпырт тараған.
Сондықтан мына тұрған жұрт оның белдесуі түгіл, жай түрін көрудің өзіне
құштар еді.
Қараштың бүгін күрес майданына келуінің өзі елден алабөтен, көрген
адамның үрейін алатын жағдайда, тым қорқынышты болды. Бір уақытта
шеткі киіз үйлердің бірінен шыққан екі салт атты əлдебір дəуді белбеуінен
өткізген екі айрық ұзын шынжырмен жетелеп келе жатты. Жетектегісі адам
емес, бейне аса бір қауіпті, жыртқыш аңды ұстап əкеле жатқандай.
Осылайша шынжырлап əкелмесе, мына жұртты тегіс таптап, майып
қылатындай... Жиналған көпшілік мынаны көргенде тіпті дүрлігіп,
шуылдасып кетті. Қараш үстіне анау-мынауға жыртылмайтын жарғақ
шалбар, жеңсіз күртеше киіп алыпты. Сол бетінде қалың топты қақ жарып,
табанымен тас уататындай алшаң-алшаң басып келді де, Мамырбек
тобының алдына төбедей болып, жүгініп отыра кетті. Жүзінде ешкімді
менсінбейтін пандық, қолыма түскенді қурайдай сындырамын дейтін
тəкаппар менмендік бар.
Керей палуанының мына айдынын көріп, Төртуыл жағы едəуір абыржып
қалды. Бас палуанымыз деп əкелген Бөке бұрын да: «белімнің кілт етпесі
ұстап жүр. Осы жолы қалай болар екен» деп екі ұдайлау болып келіп еді.
Қараштың мына кейпін көрген соң, əлде өткен жолы беті қайтып қалған ба,
ұнжырғасы түсіп кетті.
– Жас қой, менің орныма Байсерке күрессін, — деп тайсақтай берді.
Бөкені де түсінуге болады, ол қазір əлдеқалай майып болармын деп оз
басынан қорқып тұрған жоқ-ау, бүкіл бір елдің намысын ойлап тұр.
Төртуыл кісілері күбір-күбір əңгімеге көшті. Керімбай қатты ширығып,
жарыла жаздап жүр.
– Мұны қой. Бөкенің біткен жері осы екен. Сүйреп қосқан тазы түлкі
алушы ма еді?!.. Амал жоқ, енді сен күресесің, — деді ол Байсеркеге
бұйырып.
Бұл кезде Төртуыл жағының бөгеліп қалғанын «қорықтыға» жорыған
Керейдің атқамінерлері қатты даурығып:
– Оу, шығармайсыңдар ма палуандарыңды? Күнге қақталып қашанғы
отырамыз?
– Жүректерің дауаламаса, бəйгемізді беріп ауылдарыңа қайта беріңдер,
— десіп, намысқа тиер сөздер айтып қалған.
Байсерке аттан қарғып түсіп, жалма-жан шешіне бастады. Ішкі қобалжу,
толқудың əсері ме, қаны қашып, сұрланып алыпты. Қаңтардың аязында
қалған адамдай қалш-қалш етіп, аяғындағы сақтиян етігін зорға шешті. Ол
да жалаң аяқтанып, жарғақ шалбарын тізесіне дейін түріп тастады. Сонан
соң алға таман шығып, екі мықынын таянған күйі сонадай жерде отырған
Қарашты көзімен ішіп-жеп сəл тұрды да, кенет қасындағы Керімбайға
бұрылып:
– Аға, қолыңыздағы қамшыңызбен арқамнан аямай осып жіберіңізші,
құдай үшін! — деді жалынғандай болып. Керімбай үшін біреуге қамшы
жұмсау деген бұйым ба, тəйірі:
– Неге бөгеліп тұрсың? Атаң Баймұрат жаудан қайтып көрген жоқ. Тарт
майданға! — деп сегіз өрме қамшымен жігітті жонда та тартып жіберді.
Сол-ақ мұң екен, қалшылдап əрең тұрған Байсерке атылып ортаға
шықты да, ана беттен қарсы ұмтылған Қарашпен ұстаса кетті. Сарт-сұрт
тиген қолдардың, сықырлаған сіңірдің дыбысы естілді. Бірақ алғашқы
жолы екеуі бірін-бірі ала алмады, кезек үйірісіп, жыртқыштай жұлысып
біраз жүрді де, қайта ажырасты. Шеңгелдерін жайып жіберіп, бүре түсетін
бүркіттей бір-біріне төніп, аңдысып қалды. Жуан, семіз денелі, қияқ
мұртты, қиық көз, алып Қараш қазіргі қалпында жоның күдірейтіп, жеміне
қарай атылғалы тұрған жолбарысты еске салар еді. Одан гөрі сұңғақ,
жіңішке, бірақ сіңірлі келген Байсерке анаған қарағанда ептілеу, жылдамдау
екен. Көкжалға қосылған тазыдай əр жерінен бір шалып, шорши секіріп,
теке тіреске көп бармай жүр. Шамасы, қарсыласының осал жерін, өзінің
қапысыз ұстайтын оңтайлы сəтін күтіп жүрген тəрізді.
Бұл
мезетте
Керейлер
жағы
«Шақабайлап»,
Төртуыл
тобы
«Баймұраттап», көк жотаның бауыры айғай-сүреңге толып кетіп еді. Оқта-
текте исі Найманның ұраны Қабанбайдың да аруағы еске алынып жатыр.
Сол айғай-ұран əсер етті ме, кенет Байсерке көз ілеспес жылдамдықпен оң
тізесін бүге қалып, қорбаңдаған Қараштың бауырына еніп кетті де, өзінің
үйреншікті əдісіне салып, қарсыласын қалбаң қаққызып, бірден тік көтеріп
əкетті. Сол бетінде табанын жерге тигізбей айналдырып апарып, көк
жасаңға шалқалата ұрып жіберді. Аумаған былтырғы Байбатты жыққан
тəсіл. Бұл не бел кететін, не білек кететін, тым аяусыз, қатыгез тəсілдердің
бірі еді. Əлдене күрт етіп үзілгендей болған. Бірақ ет қызуда оған қарайтын
мұрша қайда. Төртуыл жағы ұрандап келіп Байсеркені көтермелеп
əкеткенде, Қараш сол орнында тұра алмай жатып қалды. Əйтеуір бір жеріне
зақым келгені анық.
Мамырбек тобының адамдары жан-жақтан жүгірісіп, Қараштың үстіне
үймелесіп жатқанды. Кешікпей жайсыз хабар жетті: Қараштың екі
қабырғасы бірдей сынып кетіпті. Абырой болғанда, асқа жиналған жұрттың
ішінен сынық салатын оташы табыла кетіп, Қарашты керегеге салып
қаумаласып, ауылға қарай көтеріп алып кетті.
Күн еңкейіп, салқын түсе бəйге аттардың да қайтатын мерзімі болып
қалған. Көп кешікпей алыстан шаң көрінді. Будақ-будақ қою шаң емес,
үздік-создық шүйкеленген бозғылт мұнар. Жұрт назары енді солай қарай
ауған.
– Аттардың алды Талдыөзектен өтті ғой. Енді бір сүт пісірімде келіп
қалады, — десті жер жадысын білетіндер.
Төртуыл тобы гу-гу етеді. Қарашты жыққан Байсерке емес, осындағы
мақтан сүйгіш, үркеппе, желғабыз жігіттердің өздері сияқты, екі езулері екі
құлағында. Əдейі Керей кісілері естісін дей ме, үзенгілерін үзіп жіберердей
ат үстінде шірене түсіп, шалқалап, даурыға күледі. Мұндай желөкпе
жеңілтектікті, арзан дуылдақты ұнатпайтын Сымайыл зəңгі кенет түсін
суытып:
– Жə, жетер! «Еркектің қоры күлегеш, қатынның қары күлегеш» деп,
жыртыңдап кеткендерің не, түге? Əлде ата-бабаңа өмірі есе тиіп, бəйге
алып отырғаның осы ғана ма еді? — деп желіккен жігіттерді тыйып
тастады. Қарттың есіл-дерті қазір бұл жерде емес, сонау бір қалың шанның
қай жерінде келе жатқаны белгісіз Нарқызылға ауып тұрған.
Қалың елдің қоршауында əлі де алқынын баса алмай, бас палуан
Байсерке тұр. Осының алдында ғана Отыншының немересі Шəйі мырза
атан түйе бастатқан бір тоғызды айдап əкеліп алдына салған. Атан түйені
кəрі зəңгі Сымайылға, тай-тұяқ жамбыны Керімбайға байлады да, қалған
малды өзімен бірге еріп келген інісі Мұқының қолына өткізді. Денесіндегі
жаңа Қараштың қолы батқан жерлері ет суыған соң, енді біліне бастаса
керек, қозғалғанда қабағын шытып, кирелеңдей береді.
– Қалай, бір жерін сынғаннан аман ба? — деді Керімбай оның бетіне
үңіле қарап.
– Иттің қолының қаттысы-ай! Ұстаған жерін қысқаштай қысып,
қасқырша жұлады екен. Ол да ештеңе емес-ау, маған Сіздің қамшыңыз
батып кетті, — деп Байсерке қарқылдап күліп жіберді.
– Өзің ғой — үр деп өтінген.
– Енді қайтейін, өйтпесем аруағым қозатын емес. Сол сіздің
қамшыңыздан кейін аянатын жан қалмады ғой менде, — деп Байсерке
жиын жұртты тағы күлдірді.
Бұл кезде шүйкедей шұбатылған, іртік-іртік қою шаң қозы көш жерге
таяп қалған-ды. Алдыңғы үш аттың іркес-тіркес түйдектеліп келе жатқаны
байқалды. Ең алда баран мен қылаң, сонан кейін торыға ма, жиренге ме
келіңкірейтін бір түс бар... Aт қосқандар шыдай алмай көтермеге лап
қойғысы келіп еді, ойын басқарушылардың «шапқан аттың алдынан ешкім
шықпасын, шылбырдан тартушы болмасын» деген қатаң тəртібі естеріне
түсіп, амалсыз күтіп қалды.
Бəйгенің алды мəреге жарты шақырымдай қалғанда, жалғыз қара боп
озып келе жатқан қара қасқа аттың маңдайы жарқ ете түсті. Одан кейін
арқан бойы жерде қылаң мен торы мойындарын кезек оздырып, қатар келе
жатыр. Бастарына шыт тартқан ақ көйлекті балалардың қолында дамыл
жоқ, аттан бұрын өздері ұшып кетердей, қамшыны үсті-үстіне басып
келеді. Алыстан қылаңдап көрінген — Сымайылдың Нарқызылы да,
бараны — Мамырбектің тортөбелі еді.
Көп ұзамай бəрі де айқындалды: ақ жалау тігілген мəреден Керімбайдың
қара қасқасы бірінші болып өтті. Сонан кейінгі екі ат көпке дейін құйрық
тістесіп қатар келе жатты да, тек иек артпа қайқаңға ілінгенде, торытөбел
қамшы салымдай алға түсе берді... Бұлардың соңынан кейінгі аттар да
келіп жатыр. Бұл шабыста тоғыз атқа дейін бəйге берілетінді. Төртуыл
кісілерінің қалған аттарда ісі болған жоқ. Бас бəйге мен үшінші жүлдені
жеңіп алған өз жүйріктерін ортаға алып, мəре-сəре болысты. Керімбайдың
інісі Майлық аса мал-жанды, ат құмар, қызық кісі еді. Сол Майлық қара
қасқа аттың мойнынан құшақтап:
– Боғыңды жейін, жануарым-ай! Атаның аруағын бір көтеріп тастадың-
ау... Енді өлсем де арманым жоқ! — деп еңкілдеп жылап жіберді.
Сымайыл бастаған бір топ Нарқызылды қоршап қалғанды. Кəрі тарлан
сіңірі созылып, мəреге əрең жеткен сияқты. Өне бойы ақ көбік терге
көміліп, жетекке зорға ілесіп жүр. Дегенмен ат бапкері Тойшы өз өнеріне
разы екен:
– Е-е, бұл Нарқызыл екеуімізге енді не сын бар. Қайта жануардың осы
келгені де, келген-ақ! — деді өзін де, тетелес ағасы Сымайылды да
жұбатқандай болып.
Төртуыл жағы бұл аста екі бірдей бас бəйгені жеңіп алып, олжалы
қайтты. Жол бойы гу-гу əңгіме. Бүгінгі жеңістерінің талай айларға, талай
жылдарға азық болары сөзсіз. Бұл асқа келгендердің енді жыры
таусылмайды, ал өздері қатыса алмай, елден естігендердің аузы көпке дейін
ашылып қалады.
Теріскейден келген Құрман қажылар тобы бұлармен біраз жерге дейін
бірге жүрді. Осылайша Шұбарағаштың тұсына дейін өрлеп барып, одан
ары Ақшоқы арқылы Хабарасудың кезеңімен өз елдеріне тура тартпақ.
Керімбай құдасын өз ауылына қонаққа шақырып еді, Құрман қажы рақмет
айтып, бұл жолы бара алмайтынын білдірді. Екеуі топтың соның ала оңаша
сөйлесіп келе жатқан-ды. Бір сөздің кезегінде Керімбай:
– Құреке, шекара жайындағы жаңалықты естіп жатқан шығарсыз.
Тарбағатайдың жонынан таспа тілгендей сызық тартылып, еліміз екіге
бөлінейін деп тұр той... Сіздің не білген ойыңыз бар? Аттың басын екі
патшаның қайсысына бұрасыз? — деді құдасының жүзіне барлай көз
салып.
Қажы біразға дейін тіл қатпай, ойланып қалды. Қаптал шапанының
қалтасынан күміс шытыралы мүйіз шақшасын алып, көкбұйра насыбайды
астыңғы ерінге тастап жіберді де, соның уыты шымырлап бойға жайылған
шамада, баяу үн қатты.
– Ана жылғы оқиғаны өзің білесін. Халдайлар қабырғасын қаусатқан ақ
найзаның ұшын əлі ұмытты дейсің бе. Құрман қажыны білмесе де, «Қоныз
батырды» ұмытар ма?! Соған қарағанда, Еженхан мен менің басым бір
қазанға сыя қоймас. Біз сол өзіміздің ата-қонысымызда қалатын шығармыз,
— деді қысқа қайырып. — Бір бес күндік тірлік қой, қайда жүрсек те аман
болайық. «Елегім ауса көнегіме мінем» дегендей, бəлкім, осылай екі жаққа
бөліне тұрғанымыз да жөн шығар.
Осыдан кейін бұлар көп бөгелген жоқ. Керімбай қара қасқа аттың
бəйгесіне бір «тоғыздың» басы боп келген таудай қара атанды құдасына
жетелетті де, жол айрығына келгенде қош-қош айтысып, əрқайсысы өз
ауылдарына қарай жүріп кетті.
VI
Демежан астан оралған соң, ауылда тағы екі-үш күндей аялдады да,
қалаға қайтуға қамдана бастады. Бұл жолы келіншегін осында қалдырып,
өзі жалғыз аттанбақ. Өйткені ұзатылғаннан бері əке-шешесін көрмеген Бибі
биыл өз еліне төркіндеп баруға тиіс еді. Қазақ салтында тұңғыш
төркіндеген келінге күйеуі ілесіп бармайды. Мұндайда келіншектің қасына
қайын, қайын сіңлі, абысын-ажын секілді жол серіктері ғана ілеседі. Жат
жұртқа келіп, бір-екі жылдай желек астында қысылып-қымтырылып
тіршілік еткен қыз сорлыға берілетін бостандықтың бұл да бір түрі еді.
Дəл жүретін күні Керімбай баласын оңаша шақырып алып, екеуара
кеңес құрған.
– Сонымен, не істейміз, балам? Əнеугүнгі өзін жеткізген Ши-амбының
сəлеміне нендей жауап қайтарамыз? Анада Сымайыл зəңгі айтқан бəтуалы
сөзге тоқтаймыз ба, жоқ əлде басқа да тығырықтан шығар жол бар ма? —
деді Демежанның жүзіне барлай қарап.
Осы сұрақтардың бəріне əке жауабы дайын болса да, баласының не
ойлайтынын өз аузынан естігісі келетіндей. Енді іркілудің орны жоқ,
Демежан өз ойын ашық айтты:
– Əй, сол кəрі зəңгі салған соқпақтан өзге даңғыл жолды мен де көріп
отырғам жоқ-ау, — деді сəл ойланып қалып. — Бұл жалғыз Құлыстайдағы
аз ауыл Төртуыл ғана емес, Алтай, Еренқабырға, Іле бойын мекендейтін
күллі қазақтың басына түсіп тұрған сын ғой. Бүкіл Жоңғарияда жүз
мыңдаған қазақ жасайды. «Көппен көрген — ұлы той». Тағдырдың
маңдайға жазғанын сол елмен бірге көреміз де...
– Жарайды, ол қазақтар өз бағдарын өзі белгілей жатар. Біз мына өз
ағайындарымызды не істейміз? Түгел Төртуыл тағдырын бізге тапсырып,
аузымызға қарап отыр ғой. Кейін обалына қалып жүрмейміз бе? — деді
Керімбай оның сөзін бөліп.
– Ал жылы орныңды суытқанда қайда барасың? — деді Демежан
күрсініп. — Теріскейдегі Ертіс, Зайсан бойларында да қазір бос орын
қалған жоқ. Ақ патша бекіністер салып, переселендерін əкелгеннен бері
қазақ даласы қатты тарылып кетті. Ол жақтағы ағайындардың өзі шұрайлы
қоныстарынан айрылып, мал жаятын жер таппай, жөңкіліп көшіп жүрген
көрінеді.
– Ендеше ойымыз бір жерден шықты. Мен де əрі ойлап, бері ойлап
осыдан басқа шығар жол таппадым, — деді Керімбай. — Олай болса Ши-
амбыға сəлем айт: «күнгей Төртуылы ешқайда көшпей, осында қалады»
де... Тек, бұдан кейін ұлықтар ала қойды бөле қырыққанды қойсын. Өне
бойы халдайларды қорғаштай бермей, қазақты да халқым деп танып, жер-
суды бірдей қылып бөлетін болсын.
– Мақұл, көке. Осы айтқаныңызды мəртебелі ұлыққа түп-түгел
жеткіземін, — деді Демежан.
Осыдан кейін ол көп бөгелген жоқ. Үлкен үйге кіріп қымызға қанып
болған соң, қасына атқосшы ертті де, салт атпен жүріп кетті.
Демежан қалаға қайтып келісімен-ақ, қарбаласқан қызу тірліктің үстінен
шықты. Көптен сөз болып жүрген шекара комиссиясы Үрімжіден бері
шығыпты деп, аймақтың əкімшілігі абыр-сабыр болып жатыр екен. Арада
апта өтпей сол айтқан адамдары да келіп қалды. Арғы Пекиннен келгені
бар, жолдан қосылғаны бар, жиыны он шақты кісі. Барлығын Сұң
фамилиялы бір үлкен чиновник бастап келіпті. Білетіндердің айтуынша,
оның қызмет дəрежесі ғана мықты емес, өзі жер шары картасының
жыртығын жамаған, атақты географ, талым болса керек. Болса болар-ақ,
картаны алдына жайып қойып сөйлегенде, Алтай мен Тарбағатайдың,
Тянь-Шань мен Памир тауларының биік шындарын былай қойып, шағын
шоқыларына дейін, өзен-көлі, бұлақ-бастауына дейін, нақ бір осы өлкеде
табанын тасқа тілдіріп, туып-өскен немедей сайрап біліп тұр.
Шекара комиссиясының жұмысына көмектесу үшін, Тарбағатай
əкімшілігі де өз тарапынан бірнеше адам қосатын болды. Оның бірі —
Демежан. Екіншісі — Демежанның бір кездегі мұғалімі, қаладағы қытай
гимназиясының директоры Ли-шансың. Бұл — қазір жасы елулерге келіп
қалған, жергілікті жағдайды өте жақсы білетін, тарих пен географияны көп
зерттеген осы аймақтағы бірден-бір оқымысты адам. Қазақ тіліне жүйрік,
ептеп орысша да біледі. Айыбы — Маньчжур нəсілінен емес, ұлты қытай
болғандықтан ғана, үлкен қызметке ілікпей төмендеп жүрген кісі. Ли-
шансыңды жас кезінде, баяғы «Тайпин көтерілісі» тұсында Маншың
өкіметі саяси сенімсіз адам деп тауып, шалғайдағы Шығыс Түркістанға жер
аударған екен. Содан жылжи-жылжи, Тарбағатайдан бір-ақ шығыпты. Тек
Шəуешекке Ши-амбы келген соң ғана көзі ашылып, əртүрлі ағарту
жұмыстарына араласа бастаған. Демежан өзімен пікірлес, тату ұстазымен
сапарлас болатынын естігенде, кəдімгідей қуанып қалды.
Бірақ, оның есесіне, шекара комиссиясымен бірге жүретіндердің ішінде
Демежанның суқаны сүймейтін, тіпті барынша жек көретін адамы —
Шихалдай да бар екен. Шихалдай — осындағы көп халдайдың өзінше ен
сауаттысы, Тарбағатайдағы халдайлар кеңесінің бастығы (Ши —
фамилиясы да, халдай — Маншың өкіметі тарапынан берілген ақсүйектік
дəрежесі). Халдайлар осы өлкенің негізгі тірегі болғандықтан, Шихалдай
кейде бұл аймақта Ши-амбыдан кейінгі екінші адам болып саналатын.
Халдайлар жəне өздерін байырғы шекарашылармыз деп біледі. Сондықтан
комиссия жұмысына олардан да өкіл қатысуға тиіс.
Арада бірнеше күн өткенде, Шəуешектегі орыс консулдығына Батыс
Сібір шекара басқармасынан шыққан шекара комиссиясы да келіп жетті.
Араларында
Петербургтағы
сыртқы
істер
министрлігінің
Азия
департаментінен жəне Бүкіл ресейлік география қоғамынан келген адамдар
да бар көрінеді. Комиссияны генерал Фриде мен статс советник
Медыниский басқарып келіпті. Ал бұлардың Тарбағатай мен Алтай
өңіріндегі бас көмекшісі — Шəуешектегі орыс консулы Балкашин болмақ.
Бұл жылдары Батыс Сібір шекара басқармасының қарауында жан-жақты
сауатты, ғылымға да икемі бар, қабілетті адамдар көп болатын. Консул
Николай Никонорович Балкашин де сондай білікті кісілердің бірі еді. Ол
1858 жылы Мəскеуде Кадет корпусын бітірген соң, сонда он шақты жылдай
губернатор кеңсесінде істеді. Осы қызметте ерекше іскерлігімен көзге
түскендіктен,
оны
жетпісінші
жылдары
Батыс
Сібірге
төтенше
тапсырмалар орындайтын чиновник етіп жіберген. Мұнда да беталысы
жаман болған жоқ, өзінің алғыр ойымен, патша ағзамға шын берілген адал
қызметкер ретінде танылды. Ал кейін Шəуешекте Ресей консулдығы
ашылғанда, оған зор сенім артып, осы қалаға бас консул етіп тағайындады.
Мұнда келгелі ол дипломатиялық қызметпен бірге ептеп ғылыми
жұмыстармен де айналысып жүр. «Батыс Сібір, Орта Азия жəне Қытай
иеліктері арасындағы сауда жолдары» деген еңбегі орыс географиялық
қоғамы тарапынан жақсы бағаланды. Қазір Ресей қарауындағы қазақтар
мен басқа да мұсылман елдері жайында еңбек жазбақ болып, материал
жинап жүрген кезі. Демек, бұл күнде қырықтың төртеуіне жаңа келген
Николай Никонорович қай жағынан алсаң да нағыз кемелденген, ақыл-ойы
толысқан дер шағы еді.
Алғашқы күндері екі жақтан келген шекара комиссиясының адамдары
өзара танысу, Ши-амбы мен консул Балкашин берген қонақасыларға
қатысып, бой жазу секілді əзірлік жұмыстарынан ары ұзаған жоқ. Екі жақ
тек төртінші күн дегенде дөңгелек үстел басына жиналған. Екі елдің де
беделді комиссиясы бұл келіссөзге жан-жақты дайындықпен, өздеріне
дейінгі бүкіл құжаттармен қаруланып келген-ді. Бұған дейін орыстың да,
қытайдың да не бір жиһангез, саяхатшы ғалымдары осынау шекаралық
өлкені онды-солды талай рет аралап шығып, тауы мен даласының ойлы-
шұқырына дейін түгел картаға түсіріп əзірлеп қойған. Енді тек сол
карталарды өзара салыстырып, бұрын қол жеткен тоқтам-шарттарды
жүзеге асыру ғана қалып еді.
Жалпы көршілес екі империя арасындағы шекара мəселесі сонау он
жетінші ғасырдан бері сөз болып келеді. Алғаш рет 1689 жылы Нерчинский
келісіміне қол қойылып, екі елдің Қиыр шығыстағы шекара бөлісі өз
шешімін тапқан-ды. Тек, кейбір тарихи жағдайлардың пісіп жетілмеуіне
байланысты, Қытайдың Шыңжаң өлкесімен шектесетін шекараны анықтау
кешеуілдеп келді. Ол үшін қазақ даласының түстігі мен Орта Азиядағы елді
мекендер Ресей қоластына түгел қарап болуы керек еді. Өздерінше жан
бергісі келмей, ұзақ қарсыласқан Хиуа мен Қоқан хандықтарының
қырсығынан бұл процесс көп кедергіге ұшырап, жетпісінші жылдардың
соңында зорға аяқталды.
Соған қарамастан, Орта Азиядағы шекара бөлісінің жайы 1860-жылғы
Пекин келісімінде-ақ сөз бола бастаған. Сол келісім бойынша, екі жақтың
шекара комиссиясы осы Шəуешекте бас қосып, жер бөлісін бір шеттен
жүргізе беруге тиіс болатын. Бірақ 1864 жылы батыс өлкелерде ұйғыр-
дүнген көтерілісі бұрқ ете қалды да, бітейін деп тұрған іске кесірін тигізді...
Осылайша еріксіз үзіліп қалған шекара туралы келіссөз, араға біраз жылдар
салып, тек 1881 жылы Петербургта қайта жалғасты. Бұл жолғы келісімге
екі жақ бірдей қол қойды. Петербург келісімі бойынша, уақытша Ресейге
қарап қалған Іле аймағының бір бөлігі Цин империясына қайтарылды да,
оның есесіне бұрын Қытайға тиесілі деп танылған Зайсан көлі мен Қара
Ертіс бойындағы біраз жерлер енді Ресейге берілетін болды.
Қысқасы, бұл жолы Шəуешекте бас қосқан екі ел шекара
комиссияларының негізгі міндеті —сол Петербург келісімінде өз шешімін
тапқан жайларды жергілікті орында іске асырып, протоколға қол қою еді.
Сөйтіп, ең ғажабы, шекараға тақау тұрған шағын қала Шəуешекте
Петербург, Пекин сияқты ұлы астаналармен қатар аталып, «1884 жылғы
Шəуешек протоколы» деген атпен тарихта қалатын болды.
Бұл жолы шекара комиссияларының арасында бəлендей құрық əкетер
асаулықта, алауыздық та туған жоқ. Екі жақта жылы жүзді, жылмаң
дипломатия танытқан. Екі ел чиновниктерінің жүзіндегі бұл жымысқы
күлкі мен бір-бірінен асып түсетін жылы лебіздер көктен түсе қалған жоқ,
дəл осы мезеттегі Ақ патша мен Еженханның қас-қабағына байланысты еді.
Соңғы жиырма жылда екі империя өзара тіл табысқан, тату көршілік
қатынаста тұрып келеді. Батыс өлкедегі Маншың билеушілерінің басына
күн туғанда, Ақ патша көмекке келіп, дүнгендер мен ұйғырлардың бүлігін
басуға қол ұшын берді. Көтеріліс кезінде жан сауғалап барған Маншың
төрелері
мен
халдайларды
өз
қолтығының
астына
паналатты.
«Ашаршылықта жеген құйқаның дəмі кетпейді» демекші, Ақ патшадан
көрген сол жақсылықтары əзірше Еженханның есінен шыға қоймаған-ды.
Өзара үлес бөлісіп, енші алысуға келгенде, Цин империясы бір кезде өзі
қанға бөктіріп, күшпен қаратып алған Жоңғария мен Қашқарияның
мұрагері, жоқтаушысы ретінде танылса, патшалық Ресей өз қоластына
ерікті-еріксіз түрде əр кезде қараған қазақ даласы мен Орта Азия
халықтарының өкілетті əкесі, қамқор қожасы болып отыр. «Көңіл жүйрік
пе, көк дөнен жүйрік пе» дегендей, əрине, екі империяның да көңілдері о
баста тым арыда болатын. Біреуі батысқа, екіншісі шығысқа қарай əлі де
болса ілгерілей беру ниетінде еді. Бірақ ол ойларын іске асыруға екі жағына
да əртүрлі тарихи жағдайлар жар бермеді. Ақ патша шығысқа қарай
қаншалық өршелене ұмтылғанымен, Тянь-Шань мен Памир тауларының
бөктеріне таяу жылдарда ғана қолы əрең жетті. Ал Еженхан бұл тасырда
батысқа таман ілгерілей түсу былай тұрсын, Шыңжанның өзінен неше
мəрте айрылып қала жаздап, есін енді ғана жинап отыр. Бұдан ары екі
империяға да ілгері жылжитын бос жер қалмай, текедей тіресіп қалған
шағы осы еді. Енді шекара бойында таты бір өрт шығып кетпей тұрғанда,
осы өлкелерді береке-бірлікпен бөліп алуға екі жағы да мүдделі болатын.
Екі елдің шекара комиссиялары Шəуешекте он шақты күн аялдап, жер
бөлісінің теориялық жағы аяқталған соң, енді сол сызықты жүргізіп,
белгілер қою үшін, Тарбағатайдың жонына қарай аттанатын болды.
Ішкеріден мініп келген сəнді күймелері мен пəуескелерін қалада қалдырып,
бұдан былай бəрі де салт атпен жүруге тиіс еді. Жер жадысын жақсы
білетін қазақтардан ертіп алған жолбасшы, атқосшылары бар, түйеге, атқа
артып алған азық-түлік, киіз үй, шатырлары бар, бəрін қосқанда ұзақ
салқар көш түзеді. Орыстар жағы бұрын атпен салт жүруге үйренген,
шетінен тісқақты, пысықтар көрінеді. Олар өздерінің ең таяу бекіністері
Лепci мен Сергиопольдан алдырып, күні бұрын əзірлетіп қойған сарыала
ер-тұрманды, құйрығын тілерсектен шорт кескен шолақ аттарына мініп,
ойнақтатып шыға келді. Салт атпен жүру олардан гөрі ішкеріден келген
Маншың төрелеріне қиындау тиді. Дегенмен олар да намысқа тыртысып,
өбектеп ердің қасынан ұстап болса да, ел қарасына ілесуге жарады.
Бұлар Шəуешектен шыққан соң араға екі қонып, үшінші күні түсте
Күзуінге жеткен. Осы тұста Тарбағатай тауының Шығыс сілемі бірте-бірте
аласарып, сүйірленіп барып бітеді де, екі аралықта жайдақ асу пайда
болып, одан ары Алтай сілеміне жататын Сауыр-Сайқан таулары
басталады. Шекарашылар осы жерде екіге бөлінуге тиіс болатын. Бір тобы
ат басын шығысқа бұрып, Алтай сілемдерінің үстінен өтетін шекара
межесін белгілесе, екінші тобы Тарбағатай тауын қырқалап, батысқа қарай
жол тартуы керек еді. Демежан мен Ли-шансың осы екінші топқа қосылған.
Орыс консулы Балкашин мен оның тілмашы Əріп те осы топта қалды.
Уақыт шілде айынын басы, Хан жайлаудың нағыз қызып жатқан кезі.
Тарбағатай жоталарының Сарышоқы, Етікші сияқты басынан күс ұшырмас
кейбір биік шындары болмаса, басқа сай-саласының бəрі — жасыл жайлау,
көшпелі елдің өріс-қонысы. Күнгейден қалың Төртуыл, Мəметек пен
Қошқарбай, Шотай келсе, теріскейден Жұмыққа қарасты Саты, Сайболат,
Қараша, Қожаны бар, көп малмен солар келіп ошарылатын. Жаз бойы екі
жақ мидай былығып, аулы аралас, қойы қоралас отыратын-ды. Өз
топшылаулары бойынша, иен таудың қыр арқасымен шекара сызығын
тартып, əр жерге ала баған орнатып, бөгелмей өте шығамыз деп ойлаған
комиссия адамдары шимаңдай қалың елдің үстінен шыққанда, күтпеген
жағдайға тап болып, сасыңқырап қалды.
Тау қырқасы — Табиғаттың өз бөлігі ғой, оның үстінен сызық тарту
қиынға түспес деп ойлағанмен, сол таудың жон арқасы да атқан оқтай түзу
болмайды екен. Өркеш-өркеш тау сеңгірі біресе түстікке қарай итініп,
біресе терістікке таман салбырап, иір-иір жол басуға тура келді. Бірде
түстікке, бірде терістікке қарай арқыраған тау өзендері, шатқал, шың, құз-
қиялар қаншама. Кейде күнгей елінің жайлауы терістікке таман ішкерілеп
кетсе, енді бірде соның керісінше болып, бір-бірімен қойындасып жатыр.
Жерді болу ештеңе емес-ау, бəрінен де бір денені екіге айырғандай, мал-
басы араласып жатқан елді болу қиынға түсті.
Күзуіннен бері шекара белгілерін қойып, соны қолма-қол картаға түсіріп
келе жатқан комиссия мүшелері батысқа қарай жылжыған сайын, күтпеген
қиыншылықтарға кезіге берді. Уақыт сəске түстің шамасы болатын. Екі
жақтың шекара тартушылары кешегі түнеп шыққан бұлақ бойынан
жүктерін артып, жаңа қонысқа жылжып қонуға беттеп келе жатқан. Кенет
бір бүйірден сау етіп, бір топ салт аттылар шыға келді. Жиын қарасы
қырық-елуден кем болмас. Тақымдарына қысқан сойыл-шоқпарлары,
кейбіреулерінің мойындарына асып алған мылтық бердеңкелері бар.
Мынаны көргенде комиссия басшыларының көздері атыздай болып,
шарасынан шығып кетті.
Шекарашылар да қарусыз емес-ті. Бірақ аналар қару қолдануға
мұршаларын келтірмеді. Бұлар ес жинап, алды-артына қарағанша, атты
қазақтар ұрымтал жерден шыға келіп, көш керуенін лезде қоршап қалды.
Дəл қазір басшылары белгі берсе болғаны, сойылмен бір-бір салып, таптап
өте шығатын түрлері бар.
Топтың алдында есік пен төрдей жалдас торыға мінген, пұшпақ бөрікті,
барқыт бешпет сыртынан күміс қапсырмалы кемер белдік буынып, оның
үстінен жібек шапан киген, жасы отыздар шамасындағы, зор денелі, қара
бұжыр жігіт тұр. Сол жігіт атын омыраулатып, шолақ бесатарын ердің
қасына көлденең қойған беті, бері таман шықты да:
– Иə, жол болсын, мырзалар! Не қып жүрген адамсыңдар? — деді түсін
суыққа салып.
Бұл сұраққа екі патшалық өкілдерінің қайсысы жауап берерін білмей,
біріне-бірі қарасты. Тілмаштар өз бастықтарына орысша, қытайша қолма-
қол аударып тұр. Амал жоқ, консул Балкашин қасына Əріп тілмашты ертіп,
алға таман шықты.
– Біз ұлы Ресей империясы мен көршілес Цин мемлекетінің екі
арасындағы шекараны белгілеуге шыққан адамдармыз, — деді дауысын
барынша айбынды шығаруға тырысып. — Ал өзіңіз кім боласыз? Қай
мемлекеттің адамысыз?
– Мен ешқандай да мемлекеттің адамы емеспін. Өзіңіз тұрған осы
жердің иесімін,—деді торы атты жігіт. — Ныспым — Зілқара... Мен
жерімді арқан керіп бөліп бер деп ешкімді шақырғам жоқ.
– Қызық екен! — Балкашин езу тартып күлді. — Дегенмен қарайтын
болысыңыз, не зəңгіңіз бар шығар?
– Немене, маған құда түсейін деп келіп пе едің? Құда түссең, сүйегім —
Саты, оның ішінде Дəулетбай... Бұтабай болысының адамымын.
– Е, бəсе, солай демейсіз бе. Бұтабай болысынын адамы болсаңыз, онда
Ресейге қарайсыз. Мен Шəуешектегі орыс консулы Балкашин деген
боламын.
– Балкашин дейсің бе? Ондайды естісем құлағым керең болсын... Ал
сіздердің шекараларыңыз қай жерден өтпек сонда?
– Көріп тұрған жоқсыз ба, шекара осы біз жүріп келе жатқан қырқаның
дəл үстімен өтеді, — деді ананың жаңағы сөзіне қитығып қалған Балкашин
қызарақтай тіл қатып.
– Шекара бұл жерден өтпейді! — деді Зілқара да атын тебіне түсіп. —
Себебі, бұл жерге Ақ патшаның да, Еженханның да алты апасы, бес
бересісі жоқ. Бұл төңіректің бəрі — əлмисақтан бері менің ата-бабамның
құтты қонысы. Арғы атамыз Дəудетбай батыр баяғыда Жоңғарды қуып
шығып, өзінің үрім-бұтағын осында əкеліп қоныстандырған. Сенбесеңдер
осы елден сұрандар, əне, Дəулетбайдың бейіті сонау төбенің басында тұр.
Атамның басы жатқан жерге ешкімді де жібере алмаймын.
Балкашин мұндайды күтпесе керек, не айтарын білмей шарасыздық
танытып, басын шайқады. Осыны көрген Маншың төрелері күңкіл-күңкіл
сөз шығара бастаған.
– Шамасы, бұл сіздің елге қарайтын қазақ қой. Сонда қалай болғаны,
бұларға шекара жайы алдын ала ескертілмеген бе? Консул мырза, сіздің
тəртіпке шақырғаныңыз жөн шығар,—деп, Қытай жағының басшысы Сұң
Жун-таң кəдімгідей кейістік білдірді.
Оның кінə арта сөйлеген мына сөзін естігенде, онсыз да жарыла жаздап
тұрған Балкашин онан арман ашуланды.
– Сіз маған өйтіп ақыл үйретпеңіз, Сұң мырза. Осындағы уезд
бастықтары мен болыстық управительдерге түгел хабарланған. Біз не
сонда, мемлекеттік мəселені кез келген қазақпен ақылдасуымыз керек пе?
— Консулдың өңі өрттей қызарып, əдемі көгілдір көздері шыныдай
шытынап кетті. — Қандай жабайылық... Қандай надандық, ə? Əңгіме бұл
арада екі ұлы империяның мемлекеттік шекарасы туралы болып отырса,
бұлар келіп қайдағы бір ата-бабасының моласын даулайды.
Зілқара оның соңғы сөзін ұғынбаған болар, екі бүктелген қамшысын
онды-солды сермеп қойып, екілене сөйлеп тұр.
– Мына бір сайдың төменгі аңғарында біздің қыстауымыз бар. Ал
жайлауымыз сонау бір жасыл белдің ар жағында. Сендер ғой екеуінің
арасынан сым тартып, бөліп тастамақсыңдар. Сонда біз қыста Ақ патшаға,
жазда Еженханға қарауымыз керек пе? Малды қайда жаямыз? Ар жақта
қалған əкеміздің басына қалай құран оқимыз?
– Тү-у, мынаған дауа болмас! — деп консул жерге бір түкірді. — Оу,
көкетайым-ау, бұлайша ешбір патшалыққа бағынбай, аралықта қалу деген
ақылға сыймайды ғой. Қазір Орталық Азияда бұл екі империяға қарамаған
ұлтарақтай жер жоқ. Сіз соны білесіз бе?
Балкашин баланың сөзін қызықтағандай, ананың аңғырттығына езу
тартып күлді. Қап, мұны білгенде өздерімен бірге қарулы жасақ алып
шығуы керек екен. Əскер ала жүру мəселесі сөз болғанда, жоғарыда
отырғандар: «Халыққа қару көрсетіп, үркітіп алып жүрмеңдер. Шекара
бойынан бүлік шықса, оның арты жақсылыққа соқпайды» деп мүлəйімсіді
де қалды. Тым болмаса, осы маңға қарулы күзет қойып, жайлауға шыққан
елді тым бері мінбелетпей, шекара бойын иен ұстай тұруға болады ғой.
Соны қалай ескермеген?!
– Сіздер өзі қай елге қарайтын ойларыңыз бар? Ақ патшаға ма, əлде
Қытай жатына ма? Қайсысына қарасаңыздар да таңдау өздеріңіздікі, — деді
ол ақыры сабасына түскендей сыпайы сөйлеуге тырысып.
– Бізге соның екеуінің де керегі жоқ. Ақ патша менің құдам, Еженхан
менің нағашым дейсің бе? Тек жерімізге, елімізге тимей, тыныш қойса
болғаны.
Əріп те орысшаға жүйрік екен. Екі жақтың да аузынан шыққан сөзді
қағып алып, қолма-қол аударып тұр. Бірақ Зілқара оның сөзіне айылын да
жиятын емес. Одан арман қыңырайып, өз бетінше сөйлей берді.
– Бұлар да халық екен-ау, жер осылардікі екен-ау деп, тым құрыса
алдымыздан өтіп, мəнісін түсіндірген бір пенде болсашы, — деді күйіне
дауыстап. — Рұқсат сұрау жоқ, санасу жоқ, бұл не деген басынғандық?!
Көне, осы арада қан болайын демесеңдер, аттарыңның басын дереу басқа
жаққа бұрындар! Əйтпесе, бізде енді аянатын ештеңе қалған жоқ...
Сол сөзді айтуы мұң екен, қасында тұрған қалың топ та сойыл-
шоқпарларын білеп, атой салып:
– Иə, аулақ кетіңдер бұл жерден!
– Сендерге шекара керек болса, құдайдың жері құрып қалды ма, басқа
жаққа барып жүргізіңдер.
– Бұға-бұға бөденедей бүрісіп болдық емес пе, түге?!
– Жерден айрылғаннан кейінгі тірліктің енесін ұрдым. Одан да осы
төбенің басында өлгеніміз артық, — десіп шуылдап кетті.
Демежан манадан бері оншалық алға сұғынбай, екі жақтың сөзіне кезек
құлақ қойып, бір халықты зорлықпен екіге бөліп жатқан шекараға ма, əлде
мына қазақтардың иіс алмас аңғырттығына ма, əйтеуір əлдекімге қатты ыза
болып, намыстан жарыла жаздап тұрған-ды. Осы сəтте Ли-шансың оның
қасына жақындап келді де:
– Мына кісілермен сен сөйлесіп көрсең қайтеді? Ұлықтар күшке
саламыз деп, бүлдіріп алып жүрмесін, — деді ақырын сыбыр етіп.
Бұдан ары үнсіз қарап тұруға оның өзінің де шыдамы таусыла бастаған.
Демежан қасындағы Маншың төресі Сұң мырзаға қытайшалап бірдеңелер
айтты да, атын тебініп алға шықты.
– Отағасы, сізбен оңаша сөйлесуге бола ма?—деді Зілқараға жылы
жүзбен күле қарап. — Алдымен аздап «найманшылап» алсақ қайтеді.
Сонан арғысын тағы көре жатармыз.
Зілқара мұның бетіне тандана қарап аз тұрды да:
– Мейлі, сөйлессек сөйлесейік,—деп атынын басын бұра берді. Сол
кезде қоршап тұрған жаңағы қазақтар арасынан:
– Е, мыналардың ішінде мұсылманы да бар екен ғой...
– Мұсылманды қойып, найманды да біліп тұрған жоқ па, — дескен
дауыстар естіліп қалды.
Демежан мен Зілқара топтан бөлініп, арқан бойы жерге барып тоқтаған.
Олардың қасына, сірə, əр ауылдың ақсақалдары болар, тəуір киінген тағы
екі-үш кісі келіп қосылды. Енді тартынатын ештеңе жоқ. Сырт көздің, өзге
жұрт өкілдерінің алдында ыңғайсыз, өрескелдеу көрінетін кейбір сөздерді
оңашада мыналардың шекесіне шеге қаққандай етіп, батыл айтуға болады.
– Жə, ағайындар, аспаннан аяқтарың салбырап бүгін түсе қалғандай,
мына қылықтарының аты не? Соны айтыңдаршы, — деді Демежан
əлгілерді бірден ықтыра сөйлеп. — «Бізге Ақ патша да, Еженхан да керек
емес» деп кергисіңдер келіп... Осындай да сөз бола ма екен? Қазақ елінің
хандары мен сұлтандары Ақ патшаға ант беріп, өз еркімен бодан болғалы
қай заман... Əлде өзгеге жеткен Ақ патшаның құрығы сендерге жетпейді
деп жүрсіңдер ме? Тау екеш таудың өзі екіге бөлініп, бір халық ортасынан
қақ жарылып, ел басына зобалаң туып жатса, сендер келіп қарыс жерде
тұрған өрісің мен қонысыңды жоқтайсыңдар. Сендердің қоныстарын кетеді
екен деп, жарты жалғанды өздеріне бағындырып отырған екі ұлы мемлекет
өз жерінің шегіне белгі соқпай, шегініп кетеді деп ойлайсыңдар ма?
Бұларың тіпті ақылға сыймайды ғой, ағайындар-ау!
Манағыдай емес, салт аттылардың аптығы басылып, беті қайтыңқырап
қалды. Зіл қараның да даусы жұмсара түскендей:
– Інішек, жасың құрбы, тілеуін бір, қазақтың иман жүзді баласы
екенсің... Өзің кім боласың? Жөніңді айтшы, — деді өң-шырайынан
əлдебір лажсыздық білініп.
– Мен — күнгейдегі Төртуылмын. Керімбай зəңгінің баласы Демежан
деген боламын.
Мына сөзді естігенде, кейін келіп қосылған ақсақалдардың бірі қолымен
күн салып, жақсылап қарап алды да:
– Ойбай-ау, бұл жігіт өзіміздің Құрекеннін күйеу баласы емес пе. Бəсе,
манадан бері өңін шырамытып, осы баланы қайдан көрдім деймін. Бұрнағы
жылы келіншек ала келгенде, тойда көрген екем ғой, — деп атын тебініп
жақындай түсті. — Бибіжан — менің туған жиенім ғой... Бибінің дені-
қарны сау ма, айналайын? Үй іші, ауыл-аймақ, құда-құдағилар тегіс аман
ба?
– Шүкір, бəрі де аманшылық, — деді Демежан да енді бұларға жан тарта
сөйлеп. — Ел мен елдің бұлайша бөлінуі бізге де оңай тиіп тұрған жоқ.
Керек десеңіздер, өз отымның басы да екіге жарылып, көңілге қаяу түсіп
тұр... Бибі қазір қажының ауылында, төркіндеп келгеніне біраз күн болды.
«Қазақ жөн сұраса келе, қойныңдағы əйелімен қарын бөле боп шығады»
деуші еді. Мына кісілер де Демежанға бөтен болмады. Зілқара да сабасына
түсіп, енді бұған ақыл сала сөйледі.
– Ендеше, тіпті жақсы, жат емес, жақынымыз екенсің. Сонда біздің не
істегеніміз мақұл? Жайлауымызды жапырып, қыстауымызды қиратып
жатса да, үн шығармай, тұяқ серіппей, қол қусырып қарап отыруымыз
керек пе? Мыналардың арасында тегін жүрген жоқ шығарсың, бізден гөрі
көзің ашық қой, ақылыңды айтшы, — деген.
Демежан да ойындағысын ірікпей, мыналарға шын сөзін айтты:
– Ағайын деп ақыл салғаның рас болса, ендігі қарсылықтан түк пайда
жоқ, ағайындар. Қол-аяғың байланып, пышақ қыл мойынға тақалғанда,
туладың не, туламадың не? Мұны пешенеге жазған тағдырдың ісі деп
ұғыну керек. Тышқандай ғана тірлігің бар, арыстанмен алысқанда не
бітіресің. Біздің күнгейдегі ел де алыса-алыса ештеме шықпаған соң,
ақыры қалың қазақтан бөлініп, Еженханға бағынатын болды.
– Е-е, қолдан билік кеткен соң көрген күнің сол да... Бала дұрыс айтады,
— деді жанағы ақсақалдардың бірі.
– Ал шекарасы түскір тартылды дейік. Сонда сол сызықтан əрі-бері
ешкімді өткізбей ме? — деп Зілқара тағы бір күдігін айтты.
– Неге? Дəл олай болмас... Бұл — жалпы мемлекеттік меже ғой. Ал
қазақтар бұрынғыдай аралас-құралас жүре беруге тиіс.
Бұл сөзге Зілқараның арқасы сəл кеңіп қанғандай болды. Демежанға енді
жылы шыраймен қарап:
– Өзің əдейі шақырып келтіре алмайтын сыйлы ауылдың баласы екенсің.
Бүгін біздің ауылға түсіп қонақ бол, — деді жығыла жабысып.
– Мен қызметте жүрген адаммын ғой. Жəне жалғыз емеспін, қасымда
серіктерім бар, — деп Демежан артында шоғырланып тұрған топқа қарады.
– Барса қасындағы ұлықтарды да ерте жүр. Қалған жағдайды жата-
жастана сөйлесерміз.
Демежан əлгілерден бөлініп, өз тобына қарай аяндады. Орысы,
маньчжур-қытайы аралас комиссия мүшелері үрпиісіп, тағатсыздана күтіп
тұр екен.
– Иə, не болды? Райларынан қайтатын түрі бар ма?—деді консул
Балкашин басқалардан бұрынырақ тіл қатып.
– Бəрі ойдағыдай, консул мырза. Іс оныңа айналды ғой, — деп Демежан
ақсия күлді. — Зілқара енді бізден жер дауламайды. Манағы білместігіне
кешірім сұрап, осы тұрған барлықтарыңызды бүгін өз ауылына қонаққа
шақырып тұр.
Комиссия мүшелері сенер-сенбесін білмей, аң-таң болып, бірінің бетіне
бірі қарады.
– Міне, ғажап!.. Демежан мырза, сіздің, сірə, кісіні дуалайтын
сиқырыңыз бар-ау деймін. Асау қазақтарды демнің арасында қалай
жуасыта қойдыңыз? — деп Балкашин мəре-сəре болып қуанып қалды.
– Біздің қазақтың сіздер білмейтін, халықаралық дипломатияда
жазылмаған өз тілі бар. Мен олармен сол тілде сөйлестім ғой, — деді
Демежан əзілдеп.
Бұл жаналық маньчжур-қытай чиновниктеріне де қолма-қол аударылып,
тез тарап жатқан. Жаңағы қаһарлы қазақ райынан қайтып, енді аяқ астынан
өз ауылына қонаққа шақырады дегенді естігенде, Сұң Жуң-таң сақтық
жасап:
– Бізді ауылына алдап апарып, тобымызбен қырып тастап жүрмей ме? —
деп тартыншақтап еді. Қазағуар Балкашин оның, көңіліндегі күдікті тез
сейілтті.
– Есіңізде болсын, Сұң мырза, қазақтар дастарқанынан дəм татқан
қонағына ешқашан қастық жасамайды. Қазақтың төріне шықтым дегенше,
оның еркесі болдым дей беріңіз.
Бұлар сол күні келесі бір қырқаның астына шатырларын тікті де, екі
жақтың басты-басты адамдары Зілқараның ауылына барып қонақ болды.
Қой сойылып қалған. Ет пен қымыз ағыл-тегіл... Туғалы мұндай
молшылықты көрмеген Сұң Жуң-таң: «мұндай халықтың біразын қолға
ұстаған бізге де теріс болмас» деген қорытындыға келіп еді. Бүгін оның
Демежанға айрықша ықыласы түсіп, əлсін-əлі арқасынан қаға береді.
Осы кеште үй иесінің арызына байланысты бірталай мəселенің басы
ашылып қалды. Əр елдің комиссия басшылары өз жағынын үкіметтерімен
сөйлесіп, шекара бойында қонысынан айрылған адамдарға бұдан былай
басқа жақтан өріс-қоныс əперетін болды. Сонан соң екі жақ ақылдасып
шешкен тағы бір нəрсе — шекара бойына тақау отырған қазақтар, өз
жағдайларына қарай, екі елдің қайсысына қараймын десе де ерікті болсын
деген тұжырымға келді. Ол үшін ойланып-толғануға алдағы күзге дейін үш
ай уақыт беретін болды.
Осы оқиғадан кейін комиссия мүшелерінің арасында Демежанның
беделі қатты көтеріліп кетіп еді. Қазақтармен тілдесу керек болса, алдымен
осыны жұмсайды. Тəкаппар Маншың төресі Сұң мырза да бұрынғыдай
кекірейгенін қойып, Демежанмен ептеп санаса бастаған. Консул Балкашин
де оған енді жылы шырай беріп, іш тарта сөйлесетін болды. «Алдағы
уақытта Қытайдағы қазақтармен қарым-қатынас жасауда бұл жігітке қол
артуға болады екен», — депті консул өзінін тілмашы Əріпке. Ал Əріп
болса, Демежанмен сырлас, естіген-білгенін жасырмай айтып жүреді.
– Балталасаң да жарылмайтын, шөлде өсетін сексеуіл деген ағаш бар.
Оны жару үшін, тек біріне-бірін тоқпақтап ұру керек, — дейді Əріп оқыс
теңеу тапқанына өзі де мəз болып. — Біздің қазақ та — сол сексеуіл
сияқты. Қазақты алу үшін, осылай біріне-бірін салу керек.
Əріптің Демежаннан үш-төрт жас үлкендігі бар. Өзі əңгімешіл, сөзге
шешен, көпті көріп ысылған жігіт. Сүйегі — Сыбан, Аягөз маңындағы
Ақтайлақ бидің ауылынан. Осыдан бірнеше жыл бұрын Семейдегі
«Штатское училище» деген орыс мектебін бітіріпті. Сонан кейін үш
жылдай Сергиопольде орыс ұлықтарына тілмаш боп жүрген екен. Сірə,
орысшаға өте жетік болуы керек, консул Балкашинге тілмаш керек
болғанда, Семей губерниясынан мұны Шəуешекке əдейі жіберіпті.
Балкашин оны ылғи да «Тəңірбергенов» деп фамилиясымен атайды.
Қазақтың əкесінің атына «ов» жалғайтынын Демежан бірінші рет осыдан
көрді.
Əріптің ептеп өлең жазатыны бар екен. Қиссаларды жатқа соғады.
Өзінің де қисса шығармақ ойы бар ма, қалай... Кейде екеуі шатырда оңаша
қалғанда, Əріп ұзақ-ұзақ жыр толғауларын айтып кетеді. Атақты ақын
Құнанбайдың Абайы туралы да Демежан алғаш рет осы Əріптің
əңгімесінен естіді. Өзі, шамасы келсе, сол Абайға еліктегісі келетін сияқты.
«Біздің қазақта бір басына бақ пен өнер қатар қонған адам — осы Абай»
деп аузынан тастамайды. Абайдың болыс-билерді шенеген өлеңдерін жатқа
оқиды... Демежанның бұл сапарда Ли-шансыңнан кейін əңгіме-дүкен
құратын бір адамы осы Əріп.
Күн еңкейіп, батыстағы биік қырқаға иегін арта бастаған кезде, консул
Балкашин бір жотаның басына көтерілді. Əнегүннен бері шекара межесін
белгілеу барысында консулдың бір нəрсеге іші удай ашып, көңілі толмай
жүр еді. Тарбағатай тауының картадағы кескініне қараса да, немесе осылай
биік тұрғыға шығып, күнгей мен теріскейдің жер бедеріне үңілсе де,
консулдың өзегін өртеген бір өкініш кетпейді. Табиғат та қызық қой: бір
таудың екі беткейін ала-құла жаратқанын көрмейсің бе?! Жердің қара
топырақты құйқалысы да, шөптің шүйгіні мен сай-салада ит тұмсығы
өтпей сынсып тұрған жыныс орман да көздің жауын алып, күнгей жақта
қалып барады. Осының бəрі суға байланысты, əрине. «Сулы жер — нулы
жер» деген рас. Əзірге бұлар басып өткен екі жүз шақырымдай аралықта
Тарбағатайдың теріскейіне қарай небəрі үш-ақ өзен ағады екен. Ал
күнгейге қарай арқырап ағатын асау өзендердің саны он бестен асады.
Жəне өзен болғанда қандай, бəрі де ат құйрығын бұратын, мол сулы, көк
иірімді, ағынды арналар.
Осыны көргенде, ішейін деп отырған алдындағы асын біреу тартып
əкеткендей, консул қатты қынжылады. Терістіктегі тастақ-тақыры мол
шөлейт далаға қарап тұрып: «Шіркін, құйқасы, құнары жағынан күнгейдегі
Құлыстайға жететін жер қайда-а?!» дейді ішінен. Тек көңіліне бір тоқ
санайтыны — сонау солтүстікте шет-шегі көрінбей, Зайсан көлі жатыр
мұнартып. Дайын су жолы, əрі балықтың мол қоры. Маңайындағы жердің
құнарсыздығын осының өзі-ақ өтеп кетуі мүмкін. Сонан кейін шүкірлік
ететіні, шекара сызығы Тарбағатайдың піл сауырын таспадай тіліп отырып,
үштен екі бөлігіне дейін барады да, Ақшоқы тұсына келгенде түстікке
қарай бұрылып кетеді. Демек бұл таудың батыс сілемі бөліске түспей,
түгелімен Ресейге бұйырайын деп тұр. Дəл Құлыстайдай болмағанымен,
Тарбағатайдың ол бөктері де жаман жер емес. Несін айтасың, қазір Үріжар,
Мұқаншы маңына келген переселендер егіншілікпен айналысып, ен
байлыққа белшесінен батып отыр.
Көңіл түкпіріндегі осы бір ішкі есептерді əне күні Алтай тобын бастап
кеткен Медынискийге айтып көргенде, ол да мұнымен келіскендей болды.
Бірақ Медынискийдің жер құнары, су байлығы жөнінде өз түйгені бар екен,
соның шет-жағасын шығарды.
– Тарбағатай тауының гидиозогиялық түзілісі солай ғой. Табиғаттың бұл
əділетсіздігіне амалын қайсы,—деген ол консулды жұбата сөйлеп. — Жер
жағдайына байланысты кейде аздаған ұтылыстар болуы мүмкін. Бірақ біз
мұнын есесін Жетісу тұсына барғанда қайтарамыз. Жоңғар Алатауының
мұздықтарынан шығатын өзен-бұлақтардың, жетпіс-сексен проценті ол
тұста бізге қарай ағатын болады...
Дегенмен ұлы таудың қыр арқасы шекара сызығын жүргізуге
таптырмайтын, табиғи бөлік екені рас еді. Əнегүнгі Зілқара оқиғасынан
кейін, жайлаудағы қазақтардан ондай ашық қарсылық ұшыраса қойған жоқ.
Шекара туралы хабар бірден-бірге тарап, халық тегіс құлақтанып, басқа
түскен тағдыр ісіне амалсыз көнген тəрізді. Шекара межесін анықтап, белгі
қою, оны картаға түсіру бірте-бірте землемерлер мен топографтардың
əдеттегі ісіне айналып, жұмыс бір қалыпты жүріп жатты.
VII
Шекара сызығын тартушылар бұл кезде Тарбағатай тауының бел
ортасындағы нардың сыңар өркешіндей көкке бой созып, дара тұрған
Етікші шынының тұсына да келіп жеткенді. Тау жүлгесінің бітіміне қарай,
жер бөлігі Етікшінің теріскей қапталын айналып өтті де, шоқтығына қол
апартпайтын табиғаттың тəкаппар биігі бөліп-жаруға көнбей, Қытай
жағында қалып қойды.
Демежан Тарбағатайдың бұл тұсын өте жақсы біледі. Осыдан былай
түстік бетте Төртуыл жері — Ақтас, Бөкеңбай, Жуантөбе, Қайрақты
жайлаулары жалғасады. Балалық шақта тайға мініп талай жарысқан,
төсінде асыр салып, қыз-қырқынын қызықтаған жерлері... Ал терістікке
қарай бірнеше кезең ассаң, Сайболат елінің жайлауы, өзінін қайын жұрты
— Құрман қажының ауылдары тиіп тұр. Бибі қазір сол ауылда, қол созым
ғана жерде қалып барады... Соны еске алуы мұң екен, жас жігіттің жүрегін
сағыныш билеп, алабұртқан бір күй кешті. Осы бір сəтті ол кептен күтіп
жүр еді. Дəл іргесіне келіп тұрып, қайын жұртына сəлем бермей кету
ыңғайсыз. Олар да естімей отыр дейсің бе, əдейі мұның аңысын аңдып,
күйеу баламыз не істер екен деп күтіп отыруы да мүмкін-ау. Бастықтармен
сөйлесіп, сол жаққа барып қайтуы керек шығар.
Бірақ бұл ырғалып-жырғалып, ат ізін салғанша, қажының аулынан
арнайы жіберген шапқыншы шабарман да келіп қалды. Демежанды
қасындағы жора-жолдастарымен бірлікте қонаққа шақыра келіпті. Көп
қонаққа арнайы үй тігіп, дайындалып отырған көрінеді. Енді бөгелудің реті
жоқ, шақырған жерге қалайда баруы керек.
Бұл жағдайды ол ең алдымен өз тобының басшысы Сұң мырзаға айтып
көрген. Маншың төресі басында баратын ыңғай танытты да, артынан бір
сағатқа жетпей айнып қалды. «Денсаулығым болмай тұр. Сізбен бірге мына
Ли-шансың барып қайтсын» дегенді айтты. Оның неге бұлай қылт ете
қалғанын Демежан да түсіне қойды. Сұң Жуң-таңның денсаулық дегені
жай сылтау, оны ұлықтың қасынан екі елі айрылмайтын Шихалдайдың
айнытып тастағаны бесенеден белгілі еді. Құрман қажының ана жылы
«Қоныз батыр» деген атпен көтерілістің жуан ортасында болғанын, Бор
батырмен бірге Маншың əскерін Құлыстайдан қуып шыққанын халдайлар
осы күнге дейін кешірмейді. Сондағы «Қоныз батырдың» кім екенін
Шихалдай комиссия бастығына жеткізбеді дейсің бе? Арғы-бергісін қазып,
түгел түсіндірді, əрине. Құрман қажының өз басы түгел, оның қызын алып
отырған Демежанның да түбі шикі екенін ұлықтың құлағына құйып баққан
шығар. Осыны сезген Демежан да қитығып қалды. Маншың төрелеріне
ерегескен күйі Балкашинның шатырына барды да, орыс тобын түгелімен
қонаққа шақырды.
Орыс консулы бұл ұсынысқа қарсы сөз айтпай, тіпті қуанып кеткен
сыңай танытты. Сөйтсе, Құрман қажыны Балкашин да сырттай жақсы
біледі екен. Өзі ана жылғы Байжігіт көтерілісі жөнінде біраздан бері
материал жинап жүрген көрінеді. Бүгін сəті түсігі, сол көтерілістің басты
бір адамымен жүздесуге мүмкіндік туғанын үлкен олжадай қабылдап,
дереу ат ерттеуге бұйрық берді. Бұдан бұрын да Демежанды əдейі іздеп
келіп, қонаққа шақырушылар көп болған. Сол ауылдардың көбіне
Балкашин үнемі бірге баратын-ды. Қазір де сол жағдайды еске алып:
– Демежан мырза, сіздің арқаңызда бұл иен таудың ішінде жүріп те аш
қалатын түріміз жоқ қой... Бірақ бұл жолғы сапардың жөні бөлек екен. Сізді
Бибі ханымға өзім ертіп апарып жолықтырайын, — деп асығыс киіне
бастады.
Сөйтіп, Демежан тал түсте Маншың ұлықтарының көзін бақырайтып
қойып, көршілес орыс шатырынан бір топ адам ертті де, қайын жұртына
қарай аттанып кетті.
Құрман қажының аулы Терісайрықтың бергі басында, Көксалада отыр
екен. Бұл Демежанның талай келген жері. Осыдан екі жыл бұрын Бибіні
ұзатып алып қайтқан, естен кетпес, райыс-ыстық мекені. Бұл ел сəн-
салтанат жағынан басқалардан көп ілгері кеткен, бітімі бөлек, жылы ұядай
жақсы ауылдар. Қажының өз басына да тағар титтей кінəсы жоқ, қайта өзін
көп қарыздар сезінеді. Бір емес, өрім талдай екі қызын ұстатты ғой мұның
қолына. Бұдан артық ер жігіттің басына қандай құрмет көрсетілуі мүмкін?
Құрман қажыдан басқа біреу болса, бұрынғы қалыңдығы қайтыс болған
соң, «Қайтеміз, тағдырдың жазуы осылай болды» деп құдалықтан қол үзіп,
сырт айналып кетері əбден мүмкін еді. Бірақ қажы ондай пендешілікке
бармады ғой.
Күні бұрын күтініп дайын отырған салтанатты бай ауыл қонақтарды тік
тұрып, қошеметпен қарсы алды. Алдарынан шытып, ат ұстаушылардың
арасында қажының үлкен ұлы Қыдырмолда болыс та жүр. Жасы Демежан
құралпы, ат жақты, қыр мұрынды келген, сұлу қара торы жігіт. Соңғы
сайлауда атқа мінген Сайболаттың тəкаппар жас болысы қонақтардың
аман-саулықтарын сұрап, жылы шырай танытты. Ауылдың сыртын ала
оңашалау жерге екі бірдей ақ үй тігіп қойыпты. Біреуіне орыс ұлықтары,
екіншісіне Маншың төрелері түссін деген болар. Бірақ келген құрметті
қонақтар бір үйге сыйып кетті де, екіншісіне атшы-қосшы жігіттер
орналасты.
Бұлар алдымен өздеріне арналған үйге түсіп, қымызға қанып алған соң,
жол серіктерін сонда қалдырды да, Демежан мен Əріп, Балкашин мен Ли-
шансың төртеуі қажыға сəлем беру үшін, ауылдың төріндегі үлкен ақ
ордаға қарай бет алды. Үй сыртына жақындай бергенде, алдарынан ер-
əйелі аралас қызылды-жасылды киінген таты бір топ жастар шықты.
Орталарында — бұлықсыған Бибі... Баяғы он жақта жүрген кезіндегідей
басына үкілі кəмшат бөрік киіп, көп жұлдыздың ішінде ай секілді, көзге
ерекше шалынады. Қосылғаннан бері бұлай ірге бөліп көрмеген Демежан
келіншегін қатты сағынғанын осы сəт тіпті айқын сезінді. Жүрегі атқақтай
соғып, əйелінің жүзінен көзін зорға тайдырды.
Бибі өз ауылындағы ежелгі еркелігін қайта тауыпты. Ешкімнен қорынып
жасқанатын емес, қала салтымен қонақтарға қол беріп амандасып жатыр.
Балкашин да, Ли-шансыңда Бибіні бұрыннан жақсы танитын-ды. Консул
екі бүктеле иіліп, келіншектің қолынан сүйді. Демежанның да жай жұрт
қатарлы қол алысып жатқанын көргенде, орыс адамы шыдай алмай:
– Қап, мыналарды-ай, ə... Сүйісу керек қой мұндайда. Осы сендердің
заңдарың-ақ қиын. Мынадай сұлуды сүйіп алмау — көпе-көрінеу күнə ғой,
Демежан мырза! — деп басын шайқай берді.
Сырттағы дырду басылған соң, қонақтар ішке кірген. Қасына бір-екі
ғана ауыл үлкендерін алып, қажының өзі үйде оңаша отыр екен. Орнынан
тұрып, келген кісілерге қол беріп амандасты.
– Кəне, төрлетіңіздер, құрметті меймандар!
Демежан төр алдына Балкашин мен Ли-шансынды жіберіп, өзі күйеу
салтымен төменірек жайғасқан. Қажы бір ауық бұған назар аударып,
арттағы ел-жұрттың, құда-құдағилардың амандығын сұрастырды. Демежан
қайын атасына қасындағы серіктерін таныстырды.
– Мына кісіні сырттай естуіңіз бар шығар — Шəуешектегі Ресей
консулы Николай Никонорович Балкашин мырза. Ал оның бергі жатында
отырған — Ши-амбының шекара комиссиясына қосқан өкілі — Ли-шансың
мырза.
Қажы екі жақтан шыққан комиссия құрамында кімдердің бар екенін
жəне бүгінгі қонаққа кім келіп, кімдердің келмей қалғанын жете біліп
отырған сияқты. Төрдегі кісілерге жағалай көз салып өтті де:
– Іштерінде Еженханнын ішкеріден арнайы жіберген төресі — Сұң ба,
сұм ба, біреу бар деп еді, ол неге келмей қалды? — деді мұртының астынан
жымия күліп қойып. — «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп, ол да
халдайлардың кегін қуып, жоғын жоқтап жүр-ау, шамасы. Қырық жылғы
кегін ұмытпайтын, өте қатты халық қой бұлар.
Демежан Маншың ұлығының денсаулығына байланысты бүгін мұнда
келе алмай қалғанын айтып, жуып-шаймақ болып еді, бірақ онысына қажы
илана қоймады.
– Ал мына біреуін қалай жіберді екен? Шихалдайдың əдейі қосып
отырған жансызы емес пе өзі? — деп күле түсіп, иегімен Ли-шансынды
нұсқаған.
– Жоқ. Бұл кісінің халдайларға түк қатысы жоқ. Бұл кісі — Шəуешектегі
қытай гимназиясының мүдірі. Кезінде өзіме сабақ берген ұстазымды сізге
таныстырайын деп əдейі ертіп келдім, — деді Демежан сəл
ыңғайсызданып.
Бұл сөздерді қазақша тəп-тəуір білетін Ли-шансыңның өзі де жақсы
түсініп отырған. Ол бет-аузы жайылып, ырсыңдап күліп алды да:
– Мені Еженханның төрелерімен шатыстырмаңыз, Қажеке. Менің ұлтым
— Мəнжу емес, ханзу
15
. Мен де өздеріңіз сияқты бағынышты, бұратана
халықтың өкілімін, — деді өз жағдайын түсіндіріп.
– Əй, мынауыңның төбесі тесік қой, — деп қажы сасып қалды. —
Жарайды, артық айтсам кешір, қадірлі қонағым. Қазақ: «Үйіңе келген кісіге
үйдей дауыңды айтпа» дейді. Менікі — жай қалжың ғой. Ағартушы
мұғалім екенсің, иншалла, жаман адам болмассың.
Құрман қажының бір басында қазір екі кісінің екі түрлі қасиеті
қабаттасып жатқандай көрінуші еді Демежанға. Бірі — өзінің туа біткен
батырлығы мен мəрттігі де, екіншісі — құдай жолына өзін күштеп
көндірген сопылық-бірадарлығы. Бұл кісі осыдан бірнеше жыл бұрын
қажы сапарына барып қайтқаннан кейін, дүниенің ісіне араласа беруді
қойған. Осы ауылға сыбаға ретінде келген болыстық, старшындық шенді де
інілері мен балаларына өткізіп, өз басы бірыңғай дін жолына ауып кеткен
жайы бар еді. Оның мəнісін сұрағандарға: «өмірімде көп қан төктім.
Жаугершілік жылдары жазықты-жазықсызы бар, талай адам менің
найзамның ұшында мерт болды... Ендігі қалған ғұмырымда сол күнəмды
жуып кетіріп алсам да, маған аз олжа емес» деп жауап беретін. Өзінің
«Қоныз батыр» деген бұрынғы атын тастап, Меккеге барып, қырық
жасында қажы атануы да — адамның пəни дүниеден үркіп, ақиретті көп
ойлауынан туған жанкешті əрекеттер еді.
Көп ұзамай төр алдына дастарқан жайылып, қымыз құйыла бастады.
Шақпақ қанты аралас, аткөпір қызыл бауырсақтың ара-арасына бірнеше
жерден жент, сарымай, құрт, ірімшік қойылды. Жұрт қымыз ішіп бола
бергенде, бір жігіт құйрығы тегенедей құнан қойды зорға сүйреп əкеліп,
қонақтардан бата сұрады.
– Ал, кəне, төр алдында Ақ патша мен Еженханның елшілері иық
сүйесіп қатар отыр екенсіңдер. Қайсыларың үлкен едіңдер? Малға бата
қылыңдар! — деді қажының өзі алдымен қол жайып. — Мен құрметті
қонақтарға тай сойыңдар деп едім, балалар: «орыстар жылқы етін жемейді»
деп қойды лайық көрді.
Айтылған сөздерді тілмаш арқылы түсініп алған Балкашин бірден
қасында отырған Ли-шансыңға жармасты.
– Жасыңыз үлкен ғой, сіз бата жасаңыз.
– Жоқ, сіздің шеніңіз үлкен. Сіз жасаңыз батаны...
– Мені уақытша Шəуешекте тұр дегеніңіз болмаса, осы елдің өз
адамымын ғой. Біз қазір Ресей азаматының үйінде отырмыз. Сіз болсаңыз
шет елден келген қонақсыз. Жол — сіздікі, — деп консул тіпті қояр емес.
Ақыры сөзден ұтылған Ли-шансың үйдегілерді тан қалдырып, қазақша
бата істеді:
– Мал-бас аман болсын. Қажыекеннің шаңырағынан құт-береке
кетпесін. Жаңа шекара құтты болып, екі ел тату-тəтті өмір сүрсін... Аумин!
– Ой, бəрекелді! Мынауың бір бестілік бата болды той, — деп үй иесі
разы боп қалды.
Қымыздың тоғы басыла берген кезде, үлкен сары самауырмен шай келді.
Мана қымызды кілең жігіттер құйып еді, енді шай жасау қамымен сырттан
жас əйелдер кіре бастаған. Қажының үлкен келіні Құлайым бір тізерлеп
отырып, шай құюға кірісті. Батыл басып келіп, əкесінің төменгі жатынан
орын алған Бибі қонақтардың кесесін өзі əперіп отыр. Анда-санда Демежан
жаққа жалт ете қарап, жеңгесіне əлденені сыбырлап, жымия күліп қояды.
Өз еліне келіп, сағыныш сарытын басып, көңілі орныққандікі ме, қазір
Бибінің өні балбұл жанып, бұрынғыдан да сұлулана түскен. Жұп-жұмыр
алтын білезік салған ақ білегін соза кісілерге шай əпергенде, құлағындағы
ай сырғасы ырғала түсіп, нұр жүзіне таң шапағындай қызыл арай теуіп
өтеді.
Жалпы, бұл ауылдың бір ерекшелігі — жас əйелдер үлкендердің
алдында қысылып-қымтырылмай, өздерін еркін ұстайтын. Құрман қажы
пəни жалғанның қызығынан өзін қатты шектегенімен, басқаларға бəлендей
қазымыр тақуалығы жоқ, жастарға алды кең адам еді. Қыз-жігіттерді өнер
сайысына салып, айтыстырып қойып, қызығына қарап отыратыны тағы
бар. Бұл тұста ол дін жолындағы сопы-бірадар емес, баяғы батырлық-
мəрттік мінезіне басатын.
Сондай қайын ата алдында өзін еркін ұстап үйренген, шай құйып
отырған ажарлы, ашық жеңге Құлайым бір сəт Демежанға күле қарап алды
да:
– Күйеу жігіт, құсынды қолына қондырып алған соң, бұл жаққа енді ат
ізін салмайын дедің бе? Екі ауылдың арасына қоршау тұрғызып, шекара
тартып жатқанын қалай? Байқа, еркемді ол жаққа жібермей қойсақ, өзің
салған қоршаудан өзің өте алмай, екі көзің төрт болып жүрмесін, — деді
сыңғырай күліп.
Тапқыр жеңгенің татымды əзіліне үй іші түгел күліп жіберді. Бір
қызықтың болғанын сезіп, Балкашин да «ана кісі не айтты» деп Əріпті
асықтыра бастаған. Сөз мəнісін түсінгенде, ол да рахаттана күліп алды.
Ашық жеңгенін ұтымды əзіліне Демежан қалайда жауап қайтаруы керек
еді. Дабыр-дұбыр басыла берген кезде, ол да қарап қалмай:
– Сол еркеңіз бұдан былай Ақ патшаның қызы, Еженханның келіні
болып отырса, бұдан артық құдайдан не тілейсіз, жеңеше-ау?! — деп
желігіп отырған жұртты одан арман күлкіге қарық қылды. Ауыл адамдары:
– Рас-ау енді.
– Демежан дұрыс айтады.
– Біз бұрын ауыл арасында жүріп, «қыз бала жат жұртқа жаралған»
деуші едік. Біздің Бибіжан енді нағыз жат жұрттың адамы болды, — десіп
тұс-тұстан қостап жатыр.
Құрман қажы да жастардың əзіліне құлақ қойып, мұртының астынан
мырс-мырс күліп отырған. Енді бір кезек байсалды сопылық қалыпқа
көшіп, басын изектетіп сəл бөгелді де:
– Иə, бұл сұм заман не сұрқылтайына бастап тұрғанын кім білсін.
Ақырзаман болғанда, адамзат жерді адымдап өлшеп, метрлеп бөледі деуші
еді. Оны да көрдік, мінеки... Біздің қазақ онсыз да тоқымы кеппей, тоз-тозы
шыққан ел еді. Ақыр-аяғы əр патшалықтың қолына қарап, телімге түсіп
отырған түріміз мынау. Түбі, жақыным дегенің жат болып, туыстан-туыс
түңіліп, əкеге баладан топырақ бұйырмай қалып жүрмесе болғаны да, —
деп іштен тына күрсінді.
Бұл жеке қажының ғана уайымы емес, осы отырған көбінің көкейіндегі
мұң болатын. Үй-ішін біразға дейін үнсіздік билеп алған. Мұндайда не
айтуды білетін Балкашин əдейі бұра сөйлеп, жұртты қайта серпілтуге
тырысты.
– Ақсақал... қажы мырза, сіз өйтіп уайымдамаңыз. Бибі жат жұртта
жалғызсырамайды. Бұл қыздың ол жақтағы атасы енді мен боламын, —
деді қулана тіл қатып.
Бір ауыз сөзге мұңайып, бір ауыз сөзге жұбанатын қайран қазекең қайта
көңілденіп, үй-іші дабырласып қалды.
– Рақмет, көнсал шырағым! Менің қызыма көз қырынды салып, рұқсат
қағаз керек болса көп зарықтырмай, төркініне жиі-жиі жіберіп тұр, — деді
қажы да разы болып.
Балкашин енді əңгімені өз қажетіне қарай бейімдеп, Құрман қажыдан
ана жылты Құлыстайдағы көтеріліске қалай қатысқаны туралы сұрастыра
бастаған. Қажы аз ойланып отырды да:
– Ол дүрбелеңге мен əдейі соғыс тілеп, қанға жерік болғаннан, не
жаннан күдер үзгендіктен араласыппын ба. Жатқан жыланның құйрығын
басқан Хэбен-амбы мен Шаған-кегеннің өздері той, — деді əлден уақытта.
— Дүнгенге жақтастың деп, күнгейдегі қалың Төртуыл мен Мəмбетті қанға
бояған да солар болатын. Онымен тоқтамай, жайлауда бейбіт отырған
біздің елді тағы келіп шапты. Төрелігін өзіңіз айтыңызшы: мұндайда
бойында жаны бар еркек үйінде шыдап отыра ала ма? Содан мен де атқа
қонып, ақ найзаның ұшын сарыаяқтардың сүбесіне аздап сүңгіткенім бар.
Сірə, сондағы менің найзамның ұшы батыңқырап кеткен-ау деймін, ана
Шихалдай сияқтылар соны əлі күнге дейін ұмытпай, сыртымнан қыжыртып
жүреді, — деп мырс-мырс күліп қойды.
Құрман қажының əкесі Кенже жай шаруа баққан момын адам болған
екен. Ал Құрман бала кезінде өте мазасыз, тентек болып өсіпті. Жаны
кеудесіне сыймай алып ұшып тұрады екен. Найзагерлікті далада жылқы
батып жүргенде үйренген. Қысырақтың үйірін қуып жүріп, тай-
байталдардың құйрығын найзалағанда қимылына көз ілеспейтін көрінеді.
Жылқының құйрығын қан-жоса қылғаны үшін, əкесінен талай рет ұрыс та
естіпті, таяқ та жепті... Бірақ сол өнері түптің түбінде кəдеге асқаны ғой.
Кейін ел басына күн туып, жаугершілік заман басталғанда, əкесі Кенже
ұлына арнайы сауыт соқтырып, бес қаруын сайлап, батасын беріп, жауға
қарсы өз қолымен аттандырған екен... Қажы осы жайды баяндай келіп:
– Адам іштен батыр болып тумайды, батырлықты заман, уақыт
тудырады, — деді қонағының жүзіне қарап қойып. Адам — намыстың
құлы. Сол намыс үшін оққа ұшып өліп кетсең де өкінбейтін кезің болады.
«Адамның жаны жас кезінде артында, кəртейгенде көзінің алдында
тұрады» дейді ғой, сол — рас сөз. Көтеріліс басталғанда, менің жиырма
бестен жаңа асқан кезім болатын. Осы соғыста өлемін-ау, оқыста мерт
боламын-ау деген ой қаперіме кіріп шықсашы. «Өлсем, мына қыршын
кеткендерден жаным артық па» деген бір жанкештілік тұрады көкейімде.
Бірақ ажалсыз адамға дауа жоқ екен. Талай рет түтеген оққа қарсы шапқан
кезім болды. Оқ жанап өтпеген, найза, қылыш тимеген менің денемде сау
тамтық жоқ. Егер мені шешіндіріп көрсеңіз, шошып кетер едіңіз... Манас
бойындағы соңғы бір шайқаста қара санның қалың етінен оқ тесіп өткен
кезі болды. Сол жер əлі күнге дейін тесік, үңірейіп тұр. Өзім кемінде жүз
рет ажалдан қалған шығармын. Ал менің қолымнан, сөз жоқ, жүздеген адам
жан тəсілім етті. Осы күнге дейін кейде солардың кейбіреуі түсіме кіреді.
Түсімде ылғи да қырғын соғыстың ішінде жүремін. Кілең бір оқ тиіп
шыңғырған, өкпесіне найза қадалып, омақаса құлаған адамдар... Ояна
келсем, қара суға түсіп терлеп жатқаным. Сол қан төгіс кім үшін, не үшін
керек болды? Қазір ойласам жаным түршігеді. Сірə, адамзаттың оқта-текте
қаны тасып, сол қанды ағызғанша тағат таппай тұрады-ау деймін. Енді,
міне, не болды? Бəрі айналып орнына келді, көн қатып қалыбына барды.
Тағдырдың жазуынан асқан кім бар? Біздің уақытша жеңіс деп жүргеніміз
түбегейлі жеңіс емес екен. Жай бір тұяқ серпу, өлім алдындағы бой жасау
секілді бірдеңе болып шықты. Нəтижесі көзге көрініп тұрмаған соң, бүгінгі
жастарға батырлығыңды айтып мақтанудың өзі бір түрлі ыңғайсыз.
Бұл кезде қонақтар шайға қанып, дастарқан жинала бастаған. Балкашин
қажыға тағы да басқа сұрақтар қойып, Əріп үшеуі үйде отырып қалды да,
Демежан қасына Ли-шансыңды ертіп далаға шықты. Күн еңкейіп қалыпты.
Сонау бір шырқау аспан төрінде үлпілдеген ұшпа бұлттар қалықтайды.
Айнала-төңірек нілге малып алғандай жап-жасыл. Екеуі əрнені əңгіме етіп,
ауылдан едəуір ұзап кетті.
– Сенің қайын атаң дүние сырын дұрыс болжай білетін, өте аңғарлы
адам екен, — деді Ли-шансың. — Батырлығына мақтанбайды, қайта
қорланып еске алатындай ма, қалай?
– Ол кісі соңғы жылдары бұл өмірден түңіліп, тəркі-дүниелеу болып
жүр,—деді Демежан. — Өзінен күштілерге қарсы алыса-алыса тауы
шағылып, тауаны қайтқан адам ғой. «Əлі жетпеген ақыретшіл» дейді. Дінге
бой ұрып, құдай жолына кеткені де содан болар...
Екеуі ауыл сыртындағы қырқаның үстіне көтерілген. Ли- шансың
артына бұрылып, төрт түлік малы өрістен оралған, қосақтап қой сауып
жатқан бай ауылға біраз қарап тұрды.
– Таң қалам, — деді ол əлден уақытта кешкі ауыл тірлігінен көз алмаған
күйі. — Арада аттай екі мың жыл өтсе де, қазақтың өмір салтының еш
өзгермегеніне тан қаламын. Сол баяғы киіз үй, сол баяғы мыңғырып
жатқан мал, сол баяғы ет пен қымыз... Көшпенділер үшін ай мен жыл
ештеңе емес, тіпті тұтас тасырлар орнынан жылжымай тоқтап тұрып
қалған секілді.
– Бұл жақсылық па, əлде жаманшылық па? — деді Демежан қарсы сұрақ
қойып.
– Екі жаты да бар. Жақсылық жағы — бұл халықтың өзгермей,
бұзылмай, сол бұрынғы пəк күйінде, табиғаттың төл перзенті ретінде таза
сақталуында. Қазақтар есігіне құлып салмайтын, қонақ келсе дастарқаны
дайын тұратын дүниежүзіндегі бірден-бір халық қой қазір... Ал
жаманшылық жағы — əлемдік өркениеттен, қоғамдық дамудан қағаберіс,
баяғы орта ғасырлық мешеу сатыда қалып қоюында. Бұл мешеулік көпке
дейін сезілмей, тарих өз екпінімен біраз жерге алып келді, əрине. Ал өткен
он сегізінші тасырдың екінші жарымынан бастап, көшпенділердің
басындағы бақ біржола тайды.
Мұндайда Ли-шансыңмен таласу қиын. Ол — көне дүние тарихына аса
жетік, Қытайдағы тарих ғылымының атасы Сыма-сяннан бастап, кейінгі
оқымысты ғалымдардың еңбегін өте көп оқыған адам. Ал жазу-сызуы ерте
дамыған қытай архивіне пара-пар келетін дүние жүзінде бірде-бір архив
жоқ. Бұлар үшін екі мың, үш мың жыл бұрынғы оқиғалар күні кешегі нəрсе
секілді, бəрі қағазда жазулы, сайрап тұр. Оның үстіне Ли-шансың ежелгі
қытай-түрік қатынасын көп жылдан бері сарыла зерттеп жүрген кісі.
Демежанның бір ден қоятыны — ұстазы тарихи оқиғаларды баяндағанда,
ешкімге бүйрегі бұрмай, барынша əділ болуға тырысады.
Бұлар əлгі қырқаның ар жақ бауырындағы қызылды-жасылды қына
басып кеткен сандық тасқа келіп отырды. Ли-шансың имек трубкасына
темекі толтырып, асықпай тұтатты. Сақал-мұртын жып-жылмағай қырып
жүретін қытай адамның жас мөлшерін айыру қиын. Əйтеуір, елудің үстінде
екені анық. Бір қызығы, бұл кісінің басында не шаш, не айдар жоқ. Қашан
көрсең ұстарамен жаңа ғана алдырғандай жалтырап тұрады. Басына үнемі
тақия, не берет киіп жүретіні де сондықтан. Өз айтуынша, шашы тым
сұйылып кеткен соң, ұстарамен алдырған да, енді қайтып өспейтіндей етіп
дəрілеп тастаған. Онысын өзі кейде əзілге айналдырып:
– Мұның өзі, шынымды айтсам, айдар өсірмеудің амалы ғой. Менің
əзірше Цин империясына қарсы жасап жүрген бірден-бір қарсылығым осы
ғана,—деп рахаттана күлетіні бар.
Ли-шансыңнын бұл сөзінің астары түсінікті. Өйткені 1644 жылы
маньчжурлер алғаш рет Қытайды басып алғанда, зорлықпен енгізген жаңа
тəртіптерінің бірі — еркектерге мань-чжурше айдар қою болған ғой. Ер
адамдар бəлиғатқа толысымен шашынын алдыңғы жағын ғана алдырып,
арт жағына айдар өсіріп, өріп қоюға тиіс болған. Егер көшеде айдары жоқ
адам кезіксе, сотсыз, сұрақсыз табанда басы кесіледі деген қатал заң
шыққан. Сол заң осы күнге дейін күшін жоймай келеді. Мұның өзі
бағынышты халықты айдарынан алып жүріп сабауға, не жоғары көтеріп
тұрып, басын кесіп алуға өте оңтайлы көрінеді... Ли-шансың «айдар
салығынан» осылайша оңай құтылыпты.
Ол трубкасын құшырлана сорып, танқы танауынан көк түтінді
сыздықтата шығарды да, əлдебір ойға кеткендей:
– Бұл көшпенділердің тарих сахнасынан түсетін уақыты да болды ғой,
шынында, — деді əңгімесін жалғастырып. — Көшпенділер екі мың жыл
бойы бүкіл орталық Азияны уысына ұстап-ақ тұрды емес пе. Өткенге ой
жіберіп, көзіңді жұмсаң, құлағынның түбіне осы күнге дейін ат тұяғының
дүбірі жеткендей болады. Гундер, сақтар, Түрік қағанаты, сонан соң
Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің жорықтары, ең соңғы сірге жияры ұлы
Жоңғар мемлекеті... Осылар шығыстағы Тынық мұхиттан — батыстағы
Орта теңізге дейінгі аралықты ат тұяғының астына қалдырып, талай-талай
шандатты ғой... Мəселен, қазір өзіміз көріп жүрген Жоңғар ойпаты бір
кезде қырғыздардың Алатаудан — Енесейге, кейде одан керісінше қоныс
аударатын көш жолы болды дегенге кім сенеді. Қырғыздың Манас батыры
осы өзіміздің Манас өзенінің бойында туған... Жүйрік ат, қисық қылыш,
ұшқыр садақ, ақ найзаның тұсында көшпенділерге төтеп беретін ешқандай
күш болған жоқ. Дүниедегі ең көп халық саналатын Хань династиясының
өзі біздің заманымыздан екі ғасыр бұрын солтүстіктегі Гундердің
шабуылынан қорқып, ұлы қорғанды соғуға мəжбүр болған.
Осының алдында тана қанып ішкен бесті қымыздың əсері ме, Ли-
шансың сонау алыс тарих беттерін ой көзімен шолып, көсіле сөйлеп тұр.
Демежан оқта-текте сұрақ қойып, ұстазын үнсіз тыңдай берді.
– Бірақ, дүние бір қалыпта тұрмайды. Гундер мен сақтарды былай
қойып, бергі Түрік қағанаты дəуірлеп тұрған кезінде қазіргі кейбір Еуропа
мемлекеттерінің əлі негізі де қаланбаған болатын. Тіпті бертінгі
Шыңғысхан дəуірінің өзінде онымен күш салыстыратын ешқайсысы
болған жоқ. Сонан кейін екі-үш тасыр өткенде дүние күрт өзгеріп, таразы
басы теңгеріле бастады. Көшпенділердің ен соңғы тұяқ серпуі Алтын Орда
мен Жоңғар мемлекеті болды да, сонымен тынды... Неге? Оның себебі жер
шарының түкпір-түкпірінде адамзат бұрын-соңды көрмеген жаңа өндіріс,
жаңа қару-жарақ туа бастады. Ендігі жортуыл көлігі — құрылықтағы
жүйрік аттар ғана емес, біреулер суда жүзетін кеме жасап, көк мұхитты
көктей өтіп, алыс елдерге сапар шегетін болды. Қисық қылыш пен ақ
найзаның орнын дəрімен атылатын мылтық, зеңбіректер басты. Не
істейсің? Қашанда мықты қару кімде болса, күш сонда... Осының
нəтижесінде бір кезде бетіне жан қаратпайтын көшпенділер бірте-бірте
əлсіреп, тарих сахнасынан ығыса бастады. «Дүние-кезек» дейтін бе еді
қазақтар? Сол тегін айтылмаған. Мəселен, осыдан бес жүз жыл бұрын,
Алтын Орда дəуірлеп тұрған шақта, сондағы хандар мен бектер түптің
түбінде біздің ұрпағымыз осындай мүскін халге түседі, Орданың шағылған
сынықтарын шығыс пен батыстан келген əлдебір мемлекеттер жинап теріп,
бөлісіп алады деп ойлады дейсің бе? Ойлаған жоқ. Олар дүние осы
қалпында мəңгі өзгермей тұрады деп пайымдады.
Ли-шансың кейде өз ана тілінде ағып сөйлеп кетеді де, Демежан
түсінбей қалады-ау деген тұстарда өзінше қазақшалаған болады.
– Мен саған осының бəрін неге айтып тұрмын? — деді Ли-шансың
шəкіртінің жүзіндегі əлдебір қобалжуды сезіп қалып. — Сен осы бір
тарихи дамудың заңдылықтарын жақсы ұғынасың деп тұрмын. Білем, мына
шекара бөлісі саған оңай тиіп жүрген жоқ. Кейде намыстан жарылардай
болып, қатты қорланатыныңды да бірнеше рет байқап қалдым. Сені түгіл,
əнеугүнгі Зілқараның ашу-ызасын да, бүгінгі қажының күрсініске толы,
мұңды хикаясын да жақсы түсіндім... Бір денені ортасынан қылышпен қақ
жарғандай, бір халықтың екіге бөлінуі оңай дейсің бе. Тұтас халық ғана
емес, бір оттың басы екіге бөлініп отыр ғой. Мана сенің келіншегің Бибіні
көріп, сорлы əйел бұдан кейін ата-анасынан алыстап, бөлек мемлекетте
тұратынын ойлағанда, көзімнен жас ыршып кете жаздады. Бір-бірінен
мəңгі қол үзіп жатқан туыстардың қасірет-мұңын, көз жасын көру маған да
сондай ауыр. Бірақ қолдан келер не бар? Қатал тағдыр өз үкімін орындамай
тынбайды...
– Сонда, сіз қалай ойлайсыз, біздің басымызға түскен осы тауқымет
мəңгі өзгермей осылай кеткені ме? Əлде түптің түбінде заман өзгеріп,
жарылған дүние қайтадан бүтінделе ме?—деді ішкі толқыныстан бір
қызарып, бір сұрланып, ұстазының сөзін ширығып зорға тыңдап тұрған
Демежан.
– Кім біледі, кесіп айту қиын. Əйтеуір тарихтың дөңгелегі кері шегінбей,
үнемі алға жылжи беретіні анық. Қазір империялардың ыдырауы емес,
үлкен балық кіші балықты жұтып, бірігу, орталықтану процесі жүріп жатыр
ғой... Болашақты кім болжай алған. Адамзат тарихы үшін жүз жыл, бес жүз
жыл дегенің қас қағым сəттей. Ал жеке адамның ғұмыры... тіпті айтуға
тұрмайды. Сіз бен біз ондай үлкен өзгерістерді көре алмай өтуіміз де ғажап
емес.
Ли-шансың сөніп қалған трубкасының күлін қақты да, имек басына
қайтадан темекі толтыра бастады. Сонан соң ұнжырғасы түсіп, қалың ойға
кеткен Демежанды сейілткісі келді ме, басқа бір көңілдірек бірдеңе
айтатын сыңай танытты.
– Айтпақшы, мана қажының үйінде қымыз ішіп отырғанда, менің есіме
кім түскенін білесің бе? — деді шəкіртінің бетіне күле қарап. — Баяғыда
Үйсін хандығына ұзатылған қытай ханшасы — Чан-ю деген қыздың өз елін
сағынып жазған өлеңі түсті есіме... Жана айттым ғой, біздің заманымыздан
үш ғасырдай бұрын солтүстіктегі Гундерге жеке-жеке жем болатын болған
соң, Қытайда əртүрлі ұсақ князьдіктер бас құрап, бір орталыққа бағынған
тұңғыш Хань династиясы құрылды. Алайда атақты Тұман ханның тұсында
əбден күшейіп алған Гундер ежелгі əдеті бойынша, жаңа құрылған Хань
династиясына маза бермей, үсті-үстіне шабуылдаумен болды. Амал жоқ,
Хань императоры Синь-Шихуанди терістіктегі Гундерден қорғану үшін,
біздің заманымыздан бұрын 221 жылы ұлы қытай қорғанын тұрғызуға
жарлық берді. Бірақ ондай қорған оңайлықпен біте қоя ма, жуық арада одан
да пана таппайтын болған соң, Хань императорлары мүлде басқа тəсілге
көшіп еді.
Ол кезде Түркілердің батыс тобы Гундерден бөлек, Үйсін одағына
бірігіп, өз алдына жеке мемлекет болып тұратын-ды. Гундердің ұлы қағаны
Тұман хан өліп, оның баласы Мөде таққа отырған жылдары бұл ағайындас
екі хандықтың арасы қатты ушығып, өзара жауласу дəрежесіне дейін жете
бастаған. Хань династиясы, міне, осы ала ауыздықты мықтап пайдалануға
бел байлады.
Біздің заманымыздан бұрын 140 жылы Хань императоры Уди өзінін
түрік тіліне жетік Жянь-цян деген елшісін Үйсін еліне аттандырады.
Гундерге қарсы əскери одақ құрып, бірге соғысайық деген тілек білдіреді...
Гундерді қалай күйретудің жолын таппай отырған Үйсін хандарына да
керегі осы еді. Екі жақ оп-оңай тіл табыса кетеді. Кейін араға жылдар
салып, Жянь-цян Үйсін хандығына екінші рет тағы барады. Екі ел
арасындағы қатынас жиілей түседі. Одақтасының сеніміне кіру үшін, Хань
императоры өзінін қызы Чан-юды Үйсін ханының баласына ұзатады. Сірə,
ол кезде Түркілерге ұзатылған қытай ханшалары аз болмаса керек.
Көшпенділер оларды үстіндегі белін қынаған, етегі жырық, балық сияқты
жылтыр жібек көйлектеріне қарап, «мекіре қатын» деп атайтын болған.
– Үйсін-қытай одағының немен тынғаны белгілі ғой. Мұның ақыры
біздің заманымыздан бұрын 80-жылдары екі жақтың біріккен шабуылына
төтеп бере алмаған Гундер мемлекетінің тас-талқан болып күйреуімен
аяқталды, — деді Ли-шансың əңгімесін түйіндей келіп. — Айтайын
дегенім ол емес. Бұл əңгіме неден шықты өзі? Иə, айтпақшы, жаңағы
«мекіре қатындардың» бірі, қытай ханшасы Чан-юдың елін сағынып жазған
өлеңінен өрбіген екен ғой... Жанылмасам, сол өлең менің блокнотымда бар
болуға тиіс. Иə, мұнда жүр екен. Тыңда, оқып берейін.
Демежанға қытайдың қара сөзінен гөрі өлеңін түсіну қиынырақ соғатын.
Дегенмен, жобамен алғанда, қытайша ұйқасы балғамен ұрғандай құйылып
тұрған бас-аяғы үш шумақ өлеңнің ұзын ырғасы мынадай еді.
Қытайдың үзеңгілес тең-тұстасы —
Үйсіннің мені айттырды падишасы.
Төркінім салтанатпен мені ұзатты,
Ханның өзі бас болып, бар ханшасы.
Үйсіннің отыратын ұлы ордасы —
Киіз үй дөп-дөңгелек айналасы.
Бағлан еті, жал-жая, қазы-қарта.
Сүт пен қымыз, май мен құрт ішкен асы.
Əркімнің өзіне ыстық ата-анасы,
Соны ойлап кейде көздің ағар жасы.
Құс болсам қанат қағып кетер едім,
Болса да қанша қашық ел арасы...
– Қалай, бірдеме түсіндің бе? — деді Ли-шансың Демежанның бетіне
күле қарап.
– Жобалап ұққандай болдым. Расында да, жан тебірентерлік өлең екен.
– Адам санасында жаңғырық туғызып, өткенді қайталап еске түсіретін,
кейде сондай ұқсас көріністер болады. Жаңа дəл сондағыдай киіз үйде, дəл
сондағыдай қымыз ішіп отырып, алысқа ұзатылған Бибідей қызды
көргенде, баяғы Чан-ю байғұстың зарын еріксіз есіме алғаным... Қашанда
əйел сорлының мұңы бір ғой. Бибі екеулеріңді қосқан Құрман қажы мен
Керімбайдың құдалығында да ру аралық сондай саясат жатты ма, кім
білсін?!
Екеуі орындарынан тұрып, ауылға қарай аяндады. Күн екіндіге еңкейіп,
батыс жақтағы биік қырқадан асып барады. Ауыл адамдары желідегі
биелердің соңғы сауымын өткеріп, қой маңырап, қозы жамырап, азан-қазан
бір күйге еніпті. Төрт түлік малдың шуы тау-тасты жаңғырықтырып,
айнала-төңірек шешен домбырадай күмбірлеп кетті.
– Ғажап емес пе?! — деді ақын жанды Ли-шансың толқи тіл қатып. —
Осы бір кешкі көріністі немен айырбастауға болады? Еш нəрсе
өзгермеген... Өз күнделіктерінде Жянь-дян жазып қалдырған осыдан екі
мың жыл бұрынғы Үйсіндердің ордасы тəрізді.
Манадан үнсіз келе жатқан Демежанның тіліне ойнақы əзіл оралды.
– Иə, оныңыз рас: баяғы Жянь-цяннын орнында оның ұрпағы міне, сіз
келе жатырсыз. Чан-юдың орнын Бибі басқанда, мен сол Үйсін ханзадасы-
ақ бола салайын. Тек бір тана айырма бар, — деді ұстазына күле қарап. —
Ол кезде Үйсін ордасына орыс елшілігі əлі келе қоймаған болуы керек.
Ли-шансың қарқылдап күліп жіберді.
– Иə, дұрыс айтасың, қанша дегенмен өзгеріс бар екен. Балкашин мырза
жай елші ғана емес, осы елдің иесімін деп отырған жоқ па... Жүр, соған
барайық. Ол да бізді іздеп, алаңдап отырған шығар.
Бұлар сол күні қонақасыларын асықпай жеп, осы ауылда қонып қалды.
Кешке қарай Бибі бастаған қыз-келіншектер ауылға келген күйеу құрметіне
алтыбақан құрған екен. Түннің бір уағына дейін Демежан мен Əріп соны
тамашалады. Бір кезінде алтыбақан басына қазақтың тұрмыс-салтынан
дерек жинап жүрген консул Балкашин мен Ли-шансың де келген. Қыздар ол
екеуін зорлағандай алтыбақанға отырғызып, орысша, қытайша əн
айтқызды. Жиналғандар жат жұрттың тілін түсінбесе де, əуенін қызықтап
мəз болысты. Аздан соң үлкендер үйге қайтып кетті де, сонан кейінгі ойын-
тамаша қыз-келіншектер мен жігіт-желеңге еркін тиіп еді.
Ауыл жастары биыл, не үшін екен, қазақтың мұңды-шерлі ескі əндерін
көп айтатын болыпты. Бір жарым тасырдан бері тынбай айтылып келе
жатқан ежелгі «Елім-ай» қайта тіріліпті. Бұл əнге дəл осы тұста ерекше
екпін, тың мағына кіргендей, адамның сай-сүйегін сырқыратып, қай-
қайдағы шер-шеменің қозғайды.
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ағайыннан айрылған қиын екен,
Екі көзге мөлдіреп жас келеді...
Бəрі де əнмен, жырмен айтылып жатыр. Ел мен ел екі айрылып жатқан
бұл күндері қазақтың көңіл күйін дəл осы əндей дөп басатын ештеңе жоқ
шытар. Сірə, «Елім-ай» əнінің əлі күнге дейін ескірмей, ұмытылмай келе
жатуы тарихта осындай қоштасатын, жоқтасатын сəттердің аз болмағаны
ғой.
Əншейінде өлеңдетіп жүретін Əріп əн шыққан жерде арқасы қозып,
тіпті екіленіп кетеді екен. Ауылдағы адуын келіншектердің қоршауында
алтыбақанға отырып, ұзақ-ұзақ əндер айтты. Көпшілігі бұл елге бейтаныс
Тобықты, Сыбан ортасынан шыққан əндер. Əріптің «Абай əндері» деп
бөліп айтқан бір оқшау əндерін де жастар жағы үйреніп қалуға тырысып,
əлденеше рет қайталап айтқызды.
Осында келгелі Бибімен ұшырасатын оңтайлы сəт таппай іш құса боп
жүрген Демежан келіншегіне қолы жаңа жетіп, екеуі бір шетте оңаша
сөйлесіп тұрған-ды. Төркіндеп келгеніне айдан асқан Бибінің жуық арада
қайтатын ойы жоқ. Екі елдің арасы күнде келе беретін жер емес. Алда
қандай замандар болады. Сондықтан Демежан шекара қызметінен
қайтқанша, Бибі ата-ана, туыс-бауырдың қасында əлі де біраз күн бола
тұрғысы келіп, сол жағын күйеуінен қиыла өтініп тұрған. Демежан жауап
беріп үлгергенше, қастарына қыз жеңгесі Күлайым келе қалды. Бұл мана
жұрт алдында Демежанға соқтыға сөйлеген адуын, ашық жеңгенін өзі. Бибі
екеуінің арасына алғаш дəнекер болған, қызметі, қайырымы өткен тату
жеңге. Сол Күлайым өзінің ашық-жарқын мінезімен ешкімнен тайсалмай,
бұларға тиісе келді:
– Біздің қызды əбден сағынып, құлқынын құрып, өліп қапсын ғой, күйеу
бала-ау. Өзгемен тіпті ісің жоқ. Байқа, бұл ауылда еркемнің билігі менің
қолымда... Жүрші, еркем, екеуіміз алтыбақан теуіп, қосылып əн айтпағалы
қай заман. Осындайда бір шер тарқатайықшы, — деп Демежанның сөз
айтуға да мұршасын келтірмей, Бибінің қолынан ұстады да, сауық қой дулы
топқа қарай сүйреп ала жөнелді.
Қос келіншек алтыбақанға отырысымен, бір мұңды əн бастады. Бұл
өңірде талайдан айтылып жүрген белгілі əуен болғанымен, сөзі жана,
қайын сіңлі мен жеңге бірігіп, өз жандарынан шығарған секілді. Бұрын да
бірнеше айтып, төселгендері байқалады. Ашық үнді дауыстарында бір
іркіліс, мүдіріс жоқ. Жібек талдай, шекер балдай, майда, тəтті үн қатып,
еркін əуелеп, көсіле шырқап кетті. Бірде Күлайым бастап, əсем ырғақ əн
созса, енді бірде Бибінің сыңғыраған ашық даусы қосыла қанат қағып,
талмай өрлеп, биіктеп кетеді.
Угай-угай, əй угай,
Өттің дүние, дариға-ай! —
дейтін əсем сазды қайырмасы да құлаққа сондай жағымды еді. Демежан
келіншегі Бибіні дəл мынадай əнші деп ойлаған емес-ті. Төртуыл бəлендей
əншіл, сауықшыл ел емес қой. Келін боп түскелі оған əн сал деп қолқалаған
да ешкім болған жоқ. Ана жылдан бері қаншама əн мен сауықтан құр
қалып жүргенін енді біліп, бар болмысымен ұмсына тыңдап қалды.
Мына бір əн не айтады? Осынау өмірдің баянсыздығын, қамшының
сабындай қысқалығын арман етеді. Соның ішінде, əсіресе, он жақта
отырған қыз ғұмыры қандай қыса, қыз жолы қандай жіңішке?! Көктемде
күн көзіне бой созып, қаулап шыққан қызғалдақтай, кемді күн көздің
жауын алып, үкісі бұлаңдап жүреді де, бір күні амалсыз бейтаныс жат
жерге ұзатылып кете барады... Осы бір өткелден өтпейтін қазақ қызы жоқ
бұл дүниеде. Қош бол, əлпештеген ата-ана, қош бол, қатар өскен құрбы-
құрдас, асыл жеңге. Бұдан кейін көрісер күн бар ма, жоқ па? Шетке кеткен
шермендені ұмытпай, естеріңе ала жүріңдер... Төркіндеп келген қыз əні
осыны айтады, осылай мұң шағады.
Демежанның қасында тұрған Əріп, əн аяқталғанда көкірегін қарс айыра
күрсініп жіберді.
– Осы біз ақынбыз деп жүрміз. Нағыз ақын — қазақтың қыздары екен
той! Қандай мұң, қандай сезім?! Сөздері қандай орынды, — деп аузының
суы құрып, мақтауын жеткізіп тұр.
Үлкендер алтыбақан басынан ертерек кеткен. Тан қылаң бере ең соңғы
жастар тобы да жан-жаққа тарап жатты. Күлай ым осы қарбалас сəтті
пайдаланып, Бибі мен Демежанды оңаша үйлердің біріне енгізіп жіберді.
Қонақтар бұл күні кештеу тұрған. Ұлы сəске кезінде қажының үлкен
үйіне кіріп, қымызға қанып алды да, рақмет терін айтып, қайтуға қам
жасады. Құрман қажы далаға ере шығып қонақтарды өз қолымен
аттандырды. Кермеде жылқыдан əкелген бірі жирен, бірі күрең — екі ат
байлаулы тұр екен. Қажы Күреннің шылбырын Балкашинге, жиреннің
шылбырын Ли-шансыңға ұстатты.
– Екеуін екі халықтың бетке шығар азаматы екенсіңдер Алғаш есік аша
келгенде, аз да болса көптей көріп, бір-бір ат мініп қайтыңдар, — деді
қоштасарда. Сонан соң жастардың қошауында атына мініп жатқан
Демежанға бұрылды да: — балам, сен бұл жолы құр қайттым деп өкпелеме.
Қазақта: Төркініңе бардын ба, төрт қой айдап қайттың ба» деген сөз бар.
Саған тиесілі сыбағаны болашақ жиендердің «қырық шұбар тайымен»
бірге кейін келіншегін алып қайтар, — деді сөз аяғын əзілге айналдырып.
Бергенді кім жек көрсін, қонақтар бұл ауылдан разы-хош болып, көңілді
аттанды.
Ал
Демежан
қайын
атасының
көңілінің
жүйріктігіне,
тапқырлығына разы болып келеді. Сыйлы кісілерге бір-бір ат мінгізіп,
қажы бұл жолы тауып кетті. Бір оқпен екі қоянды атып алды деген осы. Əрі
қонақтарын разы қылса, əрі сол арқылы Шихалдай секілді қызыл көз
жауының өзегіне өрт кетіріп, мықтап бір қыр көрсетті.
VIII
Алтай мен Тарбағатай тауларының үстімен өтетін шекара негізінен тау
қырқасын жүлгелеп, табиғи бөлікті меже тұтты да, өріс-қоныс жағынан
адамдарға бəлендей ауырлық келтірген жоқ. Оның есесіне, шекара сызығы
Ақшоқы тұсынан оңтүстікке қарай ойысып, Бақты, Барлық, Көктұма
тұсына келгенде, нағыз қиындық сонда туды. Бұл өңірдің жері жазық əрі
жағадай қоныстанған қалың ел болатын. Ел іші мияның тамыры секілді, бір
ауылды қозғасаң, оның екінші ұшы басқа бір ауылдан барып шығады.
Қазақ қауымында ауыл дегенін жай сыртқы көрініс қана, оның ар
жағында жігі бөлінбейтін тұтас бір ру жатады. «У ішсең руыңмен» деп, əр
ауыл өз тайпасымен бірге болғысы келеді. Көшпелі елдің тұрмыс-салтында
жер жеке адамның меншігі емес, ру меншігі. Жаз жайлау, қыс қыстауы да
солай ыңғайлас бөлінген. Əр қазақтың паспорты, тұрақты адресі, біреудің
қолынан мерт болса, құнын сұрайтын иесі де — өз руы. Əлдекім құнға
жығылса да, оны бүкіл руы бөліп төлейді... Көлденең көк атты, не
бейтаныс жолаушы қай рудан екенін айтса болғаны, оның қай жерде
тұратынын былайғы жұрт сұрамай-ақ біле қояды. Ал өз руынан бөлініп
шетте жүрген адам кісі қатарына саналмайды. Жалғыздық көреді.
Көрінгенге көз түрткі, кірме атанады. Ал енді, мықты болсаң, осындай
мидай былығып кеткен, қым-қиғаш, қарға тамырлы қазақтың арасынан
мемлекеттің түп-түзу шекарасын жүргізіп көр!
Бұл қиыншылық, əсіресе, ойдағы ел деп аталатын, Бай-жігіттің үлкен бір
бұтағы — Мəмбет ішіне келгенде, тіпті айқынырақ білінді. «Шекара
бойындағы ауылдар екі мемлекеттің қайсысына қараймын десе де ерікті»
деген кеңшілік, таңдау да өзінен гөрі төрт түлік малынын жағдайын көбірек
ойлайтын көшпелі елге жеңілдік əкеле қойған жоқ. Мұндайда батыс пен
шығыстың қайсысын таңдау керек? Шығысқа тартайын десе, нағашысы
батыста қалады. Батысқа тартайын десе, құда-жегжат шығыста қалайын
деп тұр. Қалың қазақ бұл өлкеге ішкерілеп енгенде, бір жағы малына өріс
іздесе, екінші жағынан сол ағайын-туысқа қара тартып келмеп пе еді...
Енді, міне, шекара деген пəле шықты. Құдайдың кең даласын, төрт түлік
малдың өрісін шеттен келген қайдағы бір адамдар, тақ бір ата-бабасынан
енші алып жатқандай, арқандап өлшейтін, тойтандап төрелік айтатын күн
туды. Осының бəрі қаншалық көмпіс, көнтерілі болғанмен, шаруа баққан
малшы қауымның көңіліне қонбайтын-ақ нəрселер еді.
Бұл күндері не істерін білмей, екі ұдай күйге түсіп, миы басына, басы
тымағына сыймай, қиналып жүрген қазақ тіпті көп-ақ. Сондайлардың бірі
— Диқанбай ауылы. Осы ғасырдың басында бірнеше үй Бура əлдебір
себеппен сонау Қызылсу-Шардың бойынан ауа кешіп, жыла қона жүріп,
ақыры осы Ақшоқының бөктерін мекен етіп қалған-ды. Шағын ғана дəулеті
бар, аз үйлі бейнетқор қауым Шар бойындағы ата дəстүрімен, Ақшоқының
суына егін салып, былайғы іргелі рулардың ешқайсысына қосылмай, өз
күндерін өздері көріп жүріп жатқан. Жапсардағы жатақ ауылға басқа жуан
ауылдар көз аларта қоймай, талас-тартыста ара ағайын ретінде қаға беріс
қала беретін. Алыс жайлауға шығаратын көп малдары болмағандықтан,
қысы-жазы қыстауларының маңынан көп ұзамай, артық астығы мен тоқты-
торымын төбесі көрініп тұрған жақын қала Шəуешекке апарып сатып,
керек-жарағын алып тұратын-ды. «Сойыл да сорлыға бұрын тиеді» деген
рас. Қырсық қылғанда, Тарбағатайдың жонынан Ақшоқы тұсына келгенде
түстікке бұрылып, Барлыққа қарай құлаған шекара сызығы, карта
бойынша, дəл осы ауылдың үстінен өтетін болды. Кеше Бақтының
желкесіне келіп шатырларын тіккен шекара тартушылар ауыл ағасы
Диқанбайға жолығып:
– Енді бұл арадан көшуге тура келеді. Ертеңге дейін ойланып, екі
жақтың біріне шығыңыздар,—деп қатаң ескертіп кетті.
Ойланғанда не істейді? Көшкенде қайда барады? Арғы тегіміз Бура еді
деп, ежелгі Шар бойына тартайын десе, ол елмен қатынастары əлдеқашан
үзіліп қалған. Сырттай естулерінше, ол жаққа да бекініс орнап, тұрғылықты
елдің өзі қоныс іздеп көшіп жатқан көрінеді. Түстіктегі Мəмбетке, не
шығыстағы Төртуылға кірме боп қосылғанда не марқадам табады?
Олардың өздері ию-қию болып, қай жаққа көшерін білмей, бастары қатып
жүр. Диқанбай кешеден бері көрші-қолаң, туыстарын жинап қанша
ақылдасса да, бір тоқтамға келе алмады. Бəрі де ата қоныс Ақшоқыны
қимайды. Жер бетін шарлап жүріп, зорға іздеп тапқан бейіш-мекендері осы
еді. Басқаны былай қойғанда, бəрінің де əкелерінің басы осында,
қыстаудың сыртындағы сонау бір сұр төбенің бауырында жатыр.
Осылайша бастары əнкі-тəнкі боп, əрі-сəрі күйде отырғанда, кешегі
шекарашылар тағы келді. Екі қытай, бір орыс, екі қазақ бар қастарында.
Бұлар — көбінше осындай дау-шарды шешетін: Балкашин, Ли-шансың,
Демежан бастаған топ еді.
– Иə, ақсақал, сонымен қай жаққа қарай бет алатын болдыңыздар?
Уақыт болса тығыз, ұлықтар асықтырып жатыр, — деді Демежан алдымен
тіл қатып.
Диқанбай бұл күнде жасы елуді орталап қалған, қауға сақалды, зор
денелі адам еді. Көзімен жер шұқып, салбырап кеткен басын зорға көтерді.
Барар жер, басар тау таппай, шын қиналып отырған адамның қалпы бар.
– Шынымды айтсам, соны əлі шеше алмай отырмыз. Былай тартсаң өгіз
өледі, былай тартсаң арба сынады. Не істерімізді білмей сарсаңға түсіп,
сандалып отырған жайымыз бар.
– Ойбай-ау, ақсақал-ау, Сіздерге бола мемлекеттік шекара тоқтап
тұрмайды ғой. Қалайда екі жақтың біріне шығуларыңыз керек.
Диқанбай бұл жолы үндемей қалды. Енді қасында отырған шоқша
сақалды, шіңкілдек сары шал сөзге араласты.
– Шырақтарым-ай, сендер де өзге жер құрып қалғандай, шекараны тап
біздің ауылдың үстінен жүргізгендеріңді қарашы... Əлде де қағаздарыңа
қайта бір қарасаңдар қайтеді, ə? Осы бізді екі патшалыққа да қоспай-ақ,
ортасында қалдырып, айналып өтіп кетуге болмай ма? Патшасыз қалдық
деп біз тіпті өкпелемес едік.
Мына сөзді естіген Балкашин ішек-сілесі қатып, қарқылдап жіберді.
– Болмайды, ақсақал. Екі елдің арасында қалуды заң көтермейді. Міне,
қағазда солай жазылған... Сіздің қыстауыңызды мен Ресей қарауына өз
еркіңізбен қуана-қуана қосып-ақ алар едім. Бірақ шекара сызығын шығысқа
қарай бір адым жылжытуға мына кісілер көнбейді ғой, — деп күле түсіп,
қасында тұрған қытай адамдарын нұсқады.
– Онда не істейміз? Көшеміз де... Басымыз ауған жаққа кетеміз енді
қаңғырып, — деді Диқанбай сақалы дір-дір етіп.
Демежан қарап тұруға дəті шыдамай, сырт айнала берген. Тек əлден
уақытта, өзіне-өзі келген соң ғана қайта бұрылып, Диқанбайға тіл қатты.
– Дегенмен, сіздерге қалай тиімдірек? Құда-тамыр, туыс-жегжат
дегендей, қай жақпен көбірек араласасыздар? — деді отырғандарға ой
түсіре сөйлеп.
– Мына Төртуыл жағымен ептеген ілік-шатысымыз бар. Оның өзі де ет-
бауыры елжірескен ту ыстық емес, жай ит қасынысқандай ғана бірдеңе, —
деді Диқанбай. — Бірақ бізге кім қыстауы мен қонысын дайындап отыр
дейсің. Қайда барсаң да қорқыттың көрі...
Осы арада Демежанның есіне бұл осылай қарай аттанып бара жатқанда
айтқан əкесінің бір сөзі түсті: «Егер шекара бойынан адасып жүрген
Төртуыл ауылдарын көрсең, тіпті өріс-қоныс таппай қиналып отырған
басқа біреулерді жолықтырсаң да, беттерін біздің елге қарай бұра бер. Түбі,
қарауындағы қарашы халықтың көбейгені теріс болмайды» деген
Керімбай... Сол тапсырманы орындаудың сəті енді түскен секілді.
– Онда былай болсын, — деді ол əлдебір тəуекелге бел буып. — Мен
жаңа өзіңіз айтқан Төртуылдың зəңгісі Керімбайдың баласымын. Сіздер
тура сол ауылға тартыңыздар. Əкеме хат жазып берейін. Шеттен келген
ағайынды ренжіте қоймас, жайлы қонысқа орналастырар. Ал өзім мына
шаруадан оралған соң, сіздерді іздеп тауып аламын.
Қайда беттерін білмей жетімсіреп отырған жатақтар мына сөзді
естігенде, аз да болса серпіліп, иықтарынан бір батпан жүк түскендей
жеңілейіп қалды. Диқанбай бастаған ауыл адамдары:
– Е, Керекенді білеміз ғой.
– Қасына көшіп барсақ, жерінің бір пұшпағын қияр.
– Рақмет, шырағым, көп жаса! Бала-шағаңның игілігін көр! — деп
Демежанды алқап, алғыс жаудыра бастады.
Ертеңінде жатақтар ауылы жүктерін буып-түйіп, шығысқа қарай түп
қопарыла көшетін болды. Көш орнынан қозғаларда, Диқанбай соңғы рет
əкесінің басына құран оқып, аруақтан кешу сұрағандай, ауыл сыртындағы
тас бейіттің түбінде ұзақ отырды. Не заманда сүйретіліп орнынан тұрып,
амалдың жоқтығынан атына мінді-ау, əйтеуір. Өңкей бір өгізге артқан,
ырдуан арбаларға тиеген алашабыр, шоқпыт көш еңіске қарай құлдап
барады. Ұлыған иттің, ұлардай шулаған бала-шағаның, сақалдарынан жас
сорғалап еңіреген еркектердің үні естіледі. Арт жақта, Ақшоқы сайының
аузында есік-терезесі үңірейіп, қаңырап иен қалған ескі қыстау тұр...
Соны көргенде Диқанбай шыдай алмай кетті. Шынымен кеткенім бе деп,
атына қамшыны басып жіберіп, ескі қыстауды бір айналып шықты да:
– О, қу құдай, көп көргенін осы Ақшоқы болса, ал кеттім ендеше...
кеттім-ау, кеттім! — деп көштің соңынан шаба жөнелді...
Бұл күндері мұндай көріністер таңсық болудан қалып, аттап басқан
сайын ұшырасатын болды. Қазақтың баяғы «Ақтабан шұбырындыдан»
кейінгі еріксіз босқындыққа ұшыраған бір қайғылы кезеңі осы еді. Шекара
сызығы бүйірлеріне қанжардай қадалып, ішкерілеп енген сайын, қазақ
рулары екі жақтың қайсысына қарарын білмей, сендей соғылысып, əрі-бері
жөнкілумен болды. Бүгін бір ауылдың шығысқа қарай көшіп бара
жатқанын көрсең, арада бір апта өтпей, əлгілердің қайтып келе жатқанын
көресің. Немесе керісінше. Қай елде мекен теуіп қаларын анық ажыратпай
басы қатқан жұрт... Қазір Ақ патша мен Еженханның қайсысы артық деген
мəселе де қазекеннің миын шірітіп болды.
Біреулер: «Ойбай, Ақ патша əділ той, бір сөзді той! Орыс деген өнерлі
халық қой. Осы орыстың қолтығына тығылғанымыз жөн болар... Ақ патша
бұдан кейін переселендерін қаптатпай, қазақтың өз жерін өзіне қайтаратын
болыпты» деп гу-гу етеді. Екінші біреулері олардың сөзіне күмəн келтіріп:
«Ақ патша —тебіні тым қатты, тегеуірінді неме ғой. Шенгеліне бір түссең
бүркіттей бүріп, қысып жібермес пе екен? Одан гөрі кең қолтық, иі жұмсақ
Еженханның өзі дұрыс болар.
Алман-салығын уағында төлеп тұрсаң, басқада ісі болмайтын, момын
қытайыма жетері жоқ» деп өзеурейді. Ал үшінші біреулері: «Е, тəйірі,
басыңа киетін болған соң ноқтадан ноқтаның артығы бар ма. Осылардың
қайсысы басымызға ұжымақ орнатар дейсің. Əйтеуір амалсыздың күні де»
деп үмітсіздікке салынады...
Қазақта бұрын: қыз таңдау, күйеу таңдау, қоныс таңдау, жүйрік ат, қыран
бүркіт таңдау дегендер болушы еді. Ал енді мемлекет таңдау, император,
патша таңдау дəрежесіне көтерілгені осы-ақ шығар. Несін айтасың, кімге
қараймын, қандай патшаға бағынам десе де, қазір шекара бойындағы
қазақтың қолы жетіп-ақ тұр.
Кейде қазекеңнің алтыбақан ала ауыздығынан туатын күлкілі жағдайлар
да ұшырасады. Елдің бұлай екіге айрылуы бұрыннан ат кекілін кесісіп,
араздасып жүрген кейбір ағайынға тіпті болып берді. Бастары бір қазанға
сыймай, өлсек бір-бірімізден топырақ бұйырмасын деп, қатты кетіскен ел
жуандары өздерінің болашақ бағдарын жауларына қарап анықтайтын күйге
жетті. Егер біреудің қастас адамы шекараның батыс бетінде қалар болса,
екіншісі міндетті түрде шығысқа қарай көшуге тиіс еді. Сондай
егескендердің бірі — Мəмбет ішіндегі Тоқа мен Қойлыбай ауылдары
болатын.
Тоқа шекара сызығы жақындап қалғанда, ары ойлап, бері ойлап көріп,
ақыры екі патшалықтың қайсысына қарасам да маған бəрібір деп шешкен-
ді. Екеуінің де бұл үшін бір-бірінен артып тұрған ештеңесі жоқ еді.
Тоқаның ендігі аңдығаны — тек Қойлыбай ғана. Алдымен сол бір жағына
беттесе, бұл ойланбастан қарсы бетке өте салмақ. Бірақ не үшін екен,
шекара бойындағы өзге жұрт өз қалауымен олай-бұлай көшіп жатқанда,
Қойлыбай аулы кешеуілдей берді. Сөз жоқ, оның да Тоқаның аңысын аңдап
отырғаны белгілі. Ақыры шыдамы таусылған Тоқа қызыл көз жауына кісі
салды:
– Тірлігімде Қойлыбаймен қонысым жақын болмасын, өлсем көрім
жақын болмасын деп, құдайға берген антым бар еді. Таңдауды соған-ақ
бердім. Айтсын: екі жақтың қайсысына қарайды екен? Ақ патшаға ма, əлде
Еженханға ма? Маған тек Қойлыбайы жоқ жер болса бейіштен кем
көрмеймін, — деген-ді.
Қойлыбай да көптен ширығып əрең отыр екен. Қас-дұшпанына қолма-
қол жауап қайтарды:
– Жоқ, алдымен Тоқа айтсын қай жаққа көшетінін... Сол-ақ арманда
қалмасың. Маған тек Тоқаның төбесін көрмей жүрсем болғаны. Егер ол Ақ
патшаға қол артам десе, маған Еженхан да жетіп жатыр, — депті.
Бірақ бұдан кейін де екеуі көп ырғасты. Əбден қандарына қарайып,
аңдысып қалған қасақы жауларға бірін-бірі алға салудың өзі оңайға түспеді.
Бұлар қалайда бірінің айтқанына бірі көнбеуге тиіс қой. Көніп қалса, онда
тіл біріктірген, берекеге келіп, ырақайласқан болып шығады... Ақыры
бұлардың өздерінен ештеңе шықпай, екі ауыл елдің ең соңында қасарысып
отырып алған соң, амалсыз шекара комиссияларының адамдары араласуға
тура келді. Бұл кезде Еміл бойы мен Барлықтағы елдің дау-шарын бір
жайлы ету үшін Шəуешектен Ши-амбы келген-ді. Сол Маншың ұлығы мен
консул Балкашин текедей тіресіп қалған Тоқа мен Қойлыбайдың
ауылдарына бөлініп түсті де, екеуін екі жаққа көшіріп əкетті.
Барлық пен Алакөл бойын жайлаған қалың Мəмбеттің ортасын қақ
жарып шекара жүргізу оңайға түскен жоқ. Егер ай-шайта қарамай бөліп
тастайын десе, Барлықты жайлайтын ел құмдағы қыстауынан айрылып,
Алакөл, Еміл бойындағы ел жайлаусыз қалатын қаупі бар еді. Сондықтан
Ши-амбы мен консул Балкашин ақылдаса келіп, бұл елге кейбір
жеңілдіктер жасауға мəжбүр болды. Барлық тауы түгелге жуық Цин
империясына қарап кеткендіктен, Ресей өз қол астындағы қазақтардың
көшіп-қонып тұруы үшін, Барлықтағы кейбір жайлауларды он жыл
мерзімге жалдап алуға тура келді. Бұл да халықтың жағдайына қарап, əрі
мемлекеттік шекараны тоқтатпау үшін, амалсыз жасалған шаралардың бірі
еді. Кейін Барлықтағы қазақ руларының біразы мерзімді уақыты біткен соң,
Ресей қарауына қайтты да, көпшілігі жылы орнын суытпай, сол жақты
мекендеп қалып қойды.
Сол жылдары шекара бойлап, батысқа қарай шұбырған қазақ көшінін
арасынан ер-əйел, кəрі-жас қосылып айтқан мынадай жоқтау, қоштасу
жырларын жиі естуге болар еді.
Алтай, Сауыр. Майлыны мекен еткен,
Текес. Тянь-Шань, бір шеті Күнес кеткен
Тарбағатай — Барлықта ата-баба,
Кіндік кесіп, кір жуып, терін төккен.
Еске түссе еңірейміз, қайран Барлық.
Қу маңдай сені ұстауға етті-ау тарлық.
Орысқа қараған жұрт қайтсын деген,
Шын-машың Еженханнан келді-ау жарлық.
Құлазып қайран мекен қалды бізден,
Бөліндік туған бауыр елімізден.
Ел мен жердің қайғысы еске түссе,
Ыстық жас сорғалайды көзімізден...
Сонымен, əлденеше айларға созылған Тарбағатай тұсындағы шекара
бөлісі де қалың қазақты жылатып-еңіретіп жүріп, ақыры аяқталды-ау,
əйтеуір. Өз аймақтарының шегіндегі негізгі жұмыс біткен соң, комиссия
құрамында уақытша жүрген Ши-амбы мен консул Балкашин бастатқан топ
Шəyeшекке қайтатын болды. Екі жақтың ішкеріден келген шекара
комиссиясын бұдан ары Ресейдің Жетісу губернаторы мен Маншыңның Іле
аймағындағы əкімшілігі қабылдап алды.
Шекара бөлісі дегенін бір айда, не бір жылда біте қоятын жұмыс
көрінбейді. Жалпы Цин империясы мен Ресей территориясы шектесетін
шекараның ұзындығы жеті жарым мың шақырымға жететін болса, соның
үш мың шақырымынан астамы Шыңжан өлкесі мен Орта Азияны бөліп
жатыр. Дегенмен Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары орналасқан ежелгі
Жоңғария мен қазақ даласының арасындағы шекара бөлісі онша ұзаққа
созылған жоқ. Ал Қашқариямен шектесетін, Қырғыз Алатауы жəне Памир
тауларының үстімен өтетін шекара көп кедергі, үзілістерге ұшырап, кейде
мемлекеттік деңгейдегі үлкен келіссөзге дейін барысып, тоқсаныншы
жылдардың басында зорға аяқталды...
Шекара бойынан қайтқан Ши-амбы да, консул Балкашин де бұл жолы
өте көңілді еді. Екеуі де ұзақ жылдар шешімін таппай келген осы бір
тарихи оқиғаның басы-қасында болып, өз қолдарымен тындырғанына, өз
патшалары мен императорларының бұйрығын абыроймен орындап
шыққандарына дəн риза сияқты. Арқаларынан ауыр жүк түсіп, қатты кеңіп
қалғандары сырт көзге де байқалып тұр. Балкашин былай шыға бере
астындағы атын Əріптің жетегіне беріп, Ши-амбының пəуескесіне барып
отырған. Екі ұлықтың мəре-сəре болып, бірін-бірі кезек-кезек арқадан
қағып, даурыққан күлкілері естіледі.
Демежан пар атты пəуескенің соның ала, салт аттылардың қатарында
келе жатқан. Жаз бойы ат арқасынан түспей, тау асып, тас басып жүріп,
қатты қажып-шаршағанын енді аңғарып келеді. Бұл ауылдан аттанғанда, ел
жайлауға жаңа беттеген шіліңгір шілденің басы еді. Енді, міне, қазан айы
туып, салқын сары күз түсіпті. Осы уақыт ішінде мəртебелі ұлықтың
жұмсауымен, мойнындағы қызмет-парызын өтеп, бармаған жері, баспаған
тауы қалмапты. Қазір сонау солтүстікте мұнартып көрінген Тарбағатайдың
жота-жоның, шың-шатқалың қоймай шарлап, екі ел арасына шекара
сызығын тартысыпты. «Ит сорлысы көш басшысына ереді» деп, сонша
сандалғанда елге салған олжасы не? Не таптым, не көрдім деп барады?
Үйіне ұры түскенде, өз үйін өзі қоса тонасқан Қожанасырдың қылығын
қайталап жүрген жоқ па бұл? Ала жаздай көргені — ел қайғысы, жұрт
наласы екен. Əлде бұл сапар танып-білген, тауып қайтқан олжасы осы ма?
Ел басына күн туған екі ұдай шақта халқының қасынан табылып,
қысылғанға қол ұшын беріп, жылағанын жұбатыпты. Өз елімен бірінші рет
сырлас, мұңдас болып, тар кезеңде табысыпты. Көңілге медеу тұтары —
сол ғана...
Ауыр ойдың шырмауынан селт еткендей, бір сəт қасында келе жатқан
Əріпке назар аударды. Оның да бүгін ажары солғын, иіні түсіңкі. Қашанда
қаны сыртына теуіп, гүл-гүл жайнап жүретін қызыл сары жігіттің өңі
қуқыл тартып, сұрланып алыпты. «Бұл үлкен ауылда өскен адам той. Мына
оқиға бұған қалай əсер етті екен?» деп ойлады Демежан ішінен. Əріп соны
сезгендей, жетектегі атын шаужайлап, бұған қатарласа берді де:
– Біздің халық не тапса да өзінін мінезінен табады, — деді ол қашан да,
мінеп сөйлейтін əдетімен. — Ұшы-қиыры жоқ құдайдың кең даласына
сыймай, бірін-бірі мүйіздеп, жауласып жүруші еді. Өздеріне де сол керек!
Жүрсін енді көрінгеннің қанжығасында телім-телім болып.
Мұндай сыншыл ойлар Əріптің аузынан бұрын да көп айтылатын. Бірақ
мына сөзі тым қатал, аяусыз үкімдей естілді Демежанға. Жолдасынын
сөзіне қосыла қоймай, өзінше бір ой айтты.
– Өз халқыңды табалағанда не марқадам табасың. Біздің қазақ қазір
жетім бала сияқты той. Кім қолына нан ұстатса, соның жетегінде жүре
береді. Өз отының басы, жеке шаңырағы болмаған соң, жетім сорлы жалған
көз болмағанда қайтушы еді.
– Бірақ сол жетімдігін мойындап, болашағын ойлап жүрген ел бар ма?
Сол аңғырттығы — түбіне жеткен. — Əріп əлденеге ширыққандай, ашы
жымиды. — Демек, біздің ел өз атының басын өзі алып жүруге əлі
дəрменсіз деген сөз. Оның ноқтасынан біреулер қалайда жетелеп жүруі
керек. — Соны айтып, сəл бөгеліп қалды да, сөзін қайта жалғастырды. —
Сен ұзаққа шабатын жігітсің, Демежан. Түбі Еженге қараған елдің көш
басшысы, көсемі болуында ғажап емес. Алайда бір нəрсе есіңде болсын:
біздің халықты жон арқасынан шықпыртып, шырқ иіріп отыратын мықты
қол керек. Əйтпесе, осы ауа жайылғаны — жайылған... Қазақтың мінезінде
балтамен шауып тастайтын көп мін бар. Соны аяусыз сылып, шабақтап
отырмаса болмайды.
Əріп сол ел мінезінен шығарып, бұдан ары өз басынын мұңын айтып
кетті. Соз əлпетіне қарағанда, бұл қызметінде ұзақ тұрақтай алмайтын түрі
бар. Осында келердің алдында, екі-үш жыл Сергиопольда тілмаш боп
тұрғанда, ел жуандарымен, олармен ауыз жаласқан ұлықтармен біраз
ұстасқан жағдайы бар екен. Уезд бастығының елден алған парасын
əшкерелегені үшін, Əріпті бірнеше ай абақтыға да жауып тастаған. Содан
Семей губерниясына арызданып жүріп, зорға дегенде босанып шығыпты.
Енді, міне, бұл Шəуешекте жүргенде де, артындағы сол өрт əлі өшпей,
бықсып жанып жатса керек. Ел жуандары мұның үстінен арызды үсті-
үстіне тоғытып, жоғарыға жолдап жатқан көрінеді. Төтеннен келген жау
жоқ əрине. Соңына түскен — өзінің елдегі ағайындары, қазақтар... Консул
Балкашин əзірше ол арыздарға құлақ аспай, мұны қорғап жүрсе керек. Кім
біледі, бара-бара оның шамасы келмей қалуы да мүмкін ғой... Əріп осы
жағдайды баяндай келіп:
– Біздің хал осылай, бауырым. Бұл қазақтың дау-шарынан шекараның ар
жағына өтіп кетсең де құтыла алмайсың, — деп Демежанға қарап күліп
қойды. — Аз ба, көп пе, біраз күн дəмдес болдық. Жасын құрбы, тілеуің
бір, қазақтың сен де бір азаматысың ғой. Бір күні дом айырып,
Тəңірбергенов Шəуешектен қайтып кетсе, ұмытпай еске ала жүрерсің...
Өз қайғысы өзіне жетіп, онсыз да еңсесі түсіп, езіліп келе жатқанда, оған
мына Əріптің мұңы қосылып, Демежанның көңілі мүлде құлазып кетті.
«Апыр-ай, бұл не деген сүркей, мазасыз дүние еді?» деп алыс-аысқа, жырақ
көкжиекке қараған. Бет алдында төрт тарабын биік таулар қоршаған
Құлыстай жазығы жатыр. Сонау солтүстікте көгілдір мұнарға оранып,
Тарбағатай жоталары қылаң береді. Осы сот оған мына Құлыстай өлкесі
бұрынғысынан əлдеқайда кішірейіп кеткендей, дүние бір түрлі тарыла
түскендей əсер қалдырды.
«Шекара» деген бір ауыз сөздің өзінде қандай сиқырлы күш жатқанын
бұл енді сезіп келеді. Осы өлкенің айналасына атақты Қытай қорғанынан
да биік, бірақ көзге көрінбейтін əлдебір қоршау түскен секілді. Өмірдегі
бұрын қалыптасқан үйлесім, тепе-теңдік бұзылып, тағдыр таразысына
жаңа тастар салынған тəрізді. Көзге көрінбейтін əлгі сым-қоршау
адамдардың алқымынан сығып, тынысын тарылтып тұрғандай.
Көктем тасқыны кезінде жыра-сайларда дариядан бөлініп қалатын
шұқанақ сулар болушы еді. Сол таяз суларда желбезегін қағып, тыпырлап
жататын балықтар болушы еді. Не үшін екен, Демежанның көз алдынан
осы сурет кетпей қойды... Бəрі өзгерген, бəрі басқаша түс алған. Тек
жонынан таспа тіліп жатсаң да былқ етпейтін, піл сауырлы Тарбағатай
биіктері ғана сол орнында мизімей мелшиіп тұр.
IX
Шығыс адамдарының қоңырқай, салқын мінезіне бағып, сырттай сыр
алдырмағаны болмаса, бұл күндері Ши-амбының қуанышында шек жоқ еді.
Батысқа қарай ұмтылған тынымсыз жорық, сан қилы саясат пен жылмаң
дипломатия ақыры өз жемісін берді. Маншың əскерінің ат тұяғы келіп
жеткен ең шалғай түкпірде империя жалауы енді құламастай орнығып, бас-
аяғы жүз отыз жылға созылған ұлы эпопея сəтімен аяқталды. Ши-амбы сол
эпопеяның соңғы нүктесін оз қолымен қойғанына бақытты еді. Осымен
отан алдындағы міндеті толығымен өтелді. Өз өмірімде мен де бір тарихи
іс тындырдым деп, енді кімнің алдында болса да ұялмай айтуға болады.
Шекара!.. Көп жылдардан бері қол жетпей келген, асуы биік арман еді
ғой бұл. Жəне бұл шекараны кіммен бөлісіп отыр дейсің той? Он қанаты
батыс Еуропаға, сол қанаты Тынық мұхитқа дейін созылып жатқан екі
басты алып самұрық — құдіретті ұлы Ресеймен енші бөлісіп отыр. Ақ
патшадай арыстанмен сыбата бөлісу оңай болып па? Арыстан жылы-
жұмсағын өзі жеп, саған шет-пұшпағын, қиқым-сиқымын қалдырса да
өкпелей аласын ба? Дегенмен, Ақ патшада нысап бар екен. Егер əлденені
сылтауратып, ондай сылтау аз ба еді, батыс жақтан соғыс жариялап, Цин
өкіметін Құмылдан ары асырып тастаймын десе, оған төтеп берер кім бар
еді? Тіпті орыстардың өзі килікпей-ақ, ана жылғы дүнгендер мен ұйғырлар
салған өртке май құйып, айдап салып отырса да, Маңшың билеушілерінің
Шығыс Түркістанға қайта оралуы екіталай болатын. Бірақ Ресей оған
бармады ғой. Қайта, қысылғанда көршісіне қол ұшын беріп, бүлікшілерді
жаныштауға көмектесті.
Дегенмен қауіп бұлты кейінгі кезге дейін сейілген жоқ еді. Іленің
жаңжұңы генерал Колпаковскийден əскери көмек сұрап, шақыруын
шақырып алғанымен, орыс қолбасшысы қалың қолмен Құлжаға кіріп, он
жылға жуық ошарылып отырып алғанда, Маңшың билеушілерінің жүрегі
тағы да тас төбесіне шыққан. Жергілікті халықта беттерін құбылаға
бейімдеп, сырт айналып бара жатқан. Сол кездегі кейбір саясатшылар, тіпті
Ши-амбының өзі де: «Қайран Құлжа, енді біздің қолдан кеткен-ақ
шығарсың» деп ойлап еді. Бақытқа қарай, түбі қайыр болды, əйтеуір. Екі ел
арасындағы шекара бəрін өз орнына қойып, шошыған жүректі
орнықтырды.
Қазір Ши-амбының көңіл күйі — көп қиындықпен ұзақ жыл салған
ғимараттың құрылысы бітіп, есік-терезесін орнатып, іргесін қымтап, енді
тек ішкі əшекейі ғана қалған жаңа үйге асығыс кіріп алған пысық
қожайынды еске салар еді. Жаңа үйдің ендігі қалған ою-өрнегі мен тағы
басқа ұсақ-түйегін жата-жастана, асықпай істеп алуға болады.
Сондай бітпеген жұмыстардың бірі — қаладағы қамал құрылысы еді.
Бүгін таң атқалы аймақ əміршісі тыным таппады. Ұлы сəске кезінде сегіз
кісі көтеретін зузасына
16
отырып, сол құрылысты көруге шыққан. Ши-
амбының балдаханасы басқа ұлықтардікінен өзгеше, төбесінде шашақты
жібек шатыры, төңірегінде сол түстес жасыл жібек пердесі бар, отыратын
жеріне мамық төселген, бейне көшпелі күрке тəрізді еді. Əмірші
балдахананың пердесін ысырып қойып, көшедегі халықтың қалай жарылып
жол бергенін, өзіне қалай тəжім еткенін, алдындағы екі жасауылдың тəртіп
сақтамағандарды қалай шықпыртып сабағанына дейін түгел бақылап көріп
келеді. Қала тіршілігі сол бұрынғы ағысында, өзгеріссіз өтіп жатқан
секілді.
Қайда барса да бас иіп, құлдық ұрып тұрған бағынышты жұртын көріп,
мерейі өсіп, шалқып келе жатыр еді. Тек он жылдан бері салынып бітпей
жатқан жаңа жамбылдың құрылысын көрген кезде, тасыған көңілі су
сепкендей басылып қалды. Мұнда көз қуантып, көңіл тұщытар ештеңе жоқ.
Құрылыс жұмысы ете сылбыр, баяу жүріп жатыр екен. Жамбылдың екі
қабырғасын бітіріп, үшінші қабырғасын енді бастапты. Ал терістік жаты
əлі аңғал-саңғал үңірейіп тұр. Мұндағы негізгі жұмыс күші — ішкеріден
ауып келген, не əдейі жер аударылған «чампан» қытайлар... Бұрын көп
шаруа қыр елінен зорлықпен əкелінген еңбек салығының есебінен
атқарылушы еді. Көктемде шекара жөніндегі хабар шығысымен, жергілікті
халықты үркітіп алмайық деп, əлдеқалай сақтық жасап, ондай еріксіз
еңбекті Ши-амбынын өзі тоқтатып тастаған. Енді шекарасы түскір бекіп
болды ғой. Бұдан былай қазақтардан алынатын сол еңбек салығын
қайтадан іске қосу керек шығар.
Осынау үйілген жаубалшықтың бүгінгі заманда түкке қажеті жоқ екенін
Ши-амбының іші сезбейді емес, сезеді. Алайда ертеден келе жатқан ескі
дəстүрге не істей аласын. Қытай салтында, қала болған соң оның бекініс-
қамалы болу керек. Жоғарғы император кеңсесі бекіткен Шыңжандағы
бекініс салатын қалалардың тізімінде Шəуешек те бар. Енді не де болса,
басталған жұмысты аяқтау керек. Жамбылдың екі қабырғасын қалқайтып,
жартысын үңірейтіп тастап кетсе, Ши-амбының өзі күлкіге қалмай ма.
Сондықтан ол қасына еріп жүрген қамал құрылысының бастығына қатаң
тапсырмалар берді де, тағы да қосымша шаралар белгілеу үшін, асығыс
кеңсеге қарай бет алды.
Алда аймақ əміршісін күтіп тұрған жұмыстар тіпті көп еді. Осы күзден
қалдырмай қыр қазағының арасында сайлау өткізу керек. Бұл —
мемлекеттік шекара бекіп, қазақтың бір бөлігі Еженханға ресми қарағаннан
кейінгі алғашқы сайлау. Бұрын Маңшың өкіметі қазақтарды халық ретінде
санға да, санатқа да қоспай, осы өлкеде уақытша мал жайып жүрген, қаласа
көшіп келіп, қаламаса кез келген уақытта көшіп кететін тұрақсыз, кірме
жұрт деп есептеген ғой. Сондықтан оларда өкіметке салық жинап беретін
əр рудың зəңгілерінен басқа əкімшілік жағынан нақтылы басқару жүйесі
жоқ болатын. Енді жағдай өзгерді. Қазақты да халық деп танып, басқару
ісіне кейбір өзгерістер енгізуге тура келеді.
Ши-амбының көңіліне бір тоқ санайтыны, шекара бөлісінің аумалы-
төкпелілігіне қарамай, Тарбағатай аймағындағы қазақтар мұрты бүлінбей
түгел осында қалып қойды. Кейбір ауыс-күйіс болғанымен, одан Маншың
өкіметі ұтылған жоқ. Шекара бөлісі кезінде, бүкіл Шығыс Түркістан
бойынша, қазақтың мың жарым түтіні Ресей қарауына көшіп өтсе, оның
есесіне екі мыңнан астам түтін Қытай жатына қоныс аударыпты. Демек
қазақтар осы өлкені түбегейлі мекен етуге бел байлады деген сөз. Мұндай
халықпен енді мықтап шұғылданбаса болмайды.
Жалпы, қазақтар туралы Маншың билеушілері əр кезде əртүрлі көзқарас
ұстанып келді. «Бұл халыққа баяғы Жоңғарлардың кебін кигізіп, жойып
жіберейік, не болмаса батыстағы өздерінін байтақ даласына қарай қуып
тастайық» деген солақайлар да болды. Ал Ши-амбы ондай əпербақан, ұрда-
жықтарға қосылмай: «Қазақтар бізге əлі де қажет» деген пікірді жақтады.
Өйткені осы бір көшпелі халықтың төрт түлік малын өсіріп, мемлекетке
жүйрік аттар мен семіз ет, жүн, тері дайындап бергеннен басқа титтей
залалы жоқ екенін бұл жақсы түсінді... Сонан соң, алда не күтіп тұрғанын
кім білсін, Ұлы империя қашан бұл өлкені түбегейлі өзіне қаратып, іргесін
бекітіп алғанша, бір байырғы халықтың жер иесі ретінде осында қоныстана
тұруы саясат үшін өте қажет еді. Мұның ар жағында Ши-амбының өз
мүддесі де бұтып жатқаны белгілі. Кез келген ұлыққа өзінің туған
халқынан гөрі бура ғана жұртты басқару əлдеқайда тиімді. Мұнда сен не
істесең де, əй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ. Анда-санда жоғары жақтың
көмейін мол сыйлықпен тығындап қойып, өзін ен байлықтың ортасында
қалағанынша жүзіп жүре бер. Сондықтан жоғарыда əртүрлі пікір таласы
жүріп жатқан кезде, Ши-амбы қазақтар жөніндегі өз көзқарасын
императордың атына толық жазып жіберген-ді. Көп кешікпей астанадан
жауап келді. Онда Жоғарғы император кеңесі мұның ұсыныстарын толық
қостайтынын білдіріпті...
Аймақ əміршісі кеңсеге қайтып келген соң, қол астындағы кіші
чиновниктерге қамал құрылысын тездету жайында əртүрлі тапсырмалар
беріп, өз қолындағы шексіз биліктің рахатын сезініп сəл отырды да, бір
мезгілде қабырғада ілулі тұрған Шынжаң өлкесінің əкімшілік картасына
көз жіберді. Оның ішінде Жоңғар даласына, əсіресе, өзіне тікелей
бағынышты Тарбағатай аймағының территориясына назар тіктеп, өзімен-
өзі кеңескендей, қадалып көп отырды.
Ши-амбы соңғы кезде осы өлкенің өткен тарихына ден қойып жүрген.
Бұл өңірде бұрын кімдер жасады? Атақты Жоңғар хандығы қалай құрылып,
қалай күйреді? Мұнда қазақтар қашан келіп қоныстанды? Осынын бəрі дəл
осы тұста оған өте қажет еді. Өз басынын тарихқа үңіліп, архив ақтарып
отыруға уақыты да, ебі де жоқ-тұғын. Сондықтан ол осыдан бірнеше күн
бұрын өз құзырына Ли-шансыңды шақырып алған. Оған неше түрлі
сұрақтар қойып, бірнеше сағат бойы жалықпай тыңдаған. Ли-шансың өткен
тарихтың ұшы-қиырына жете алмайтын болған соң, түстен кейін үйіне
барып, өзінін Шығыс Түркістан шежіресі жөніндегі жазбаларын əкеліп
берді.
– Осыны бір оқып шығыңызшы, ұлы мəртебелім, — деген қолмен
көшіріліп, əдемілеп түптелген, үлкен бір томдықты ұсынып жатып. — Көп
жылдан бері көз майымды тауысқан еңбегім еді. Егер сізге ұнай қалса, осы
еңбектің орталықтан кітап болып шығуына көмектескендей боласыз ба? Ол
жағын соңынан сөйлесерміз...
Ши-амбы кешеден бері сол қолжазбаны оқып жатыр еді. Оқта-текте
кітаптан басын көтеріп: «Гимназияның қарапайым мұғалімі осынын бəрін
қайдан біле береді?» деп басын шайқап тамсанып қояды. Бұл тарих деген
де қызық нəрсе екен ғой. Кімдердің табаны тимеген, кімдер шандатпаған
бұл өлкені?! Ежелгі Гундер мен Түрік қағанаттарын былай қойғанда,
Шыңғыс хан заманынан бұрын да, одан кейін де бұл Құлыстайды негізінен
Наймандар мекендепті. Ал Наймандарды XVII ғасырдың орта шенінде
Ойраттар ығыстырып шығарыпты. Сөйтіп батыс пен шығысты бірдей
тітіреткен атақты Жоңғар хандығы осында өзінің гүлдену дəуірін өткізіп,
бір ғасырдан астам емін-еркін дəурен сүріпті. Ен соңыңда өз иелігін
кеңейте түсуді көздеген Цин империясы Жоңғар мемлекетін жер бетінен
тып-типыл өшіріп, бұл өлкені күшпен қаратып алғанына да, міне, жүз отыз
жылдай уақыт өтіпті.
Алыс тарихқа көз жіберсең, бір ғажабы, дүние алма-кезек төңкеріліп,
күштілер мен əлсіздер үнемі орын алмастырып отырған екен. Оған
мысалды
алыстан
іздемей-ақ
осы
Ши-амбының
арғы
аталары
Маньчжурлерді-ақ алайықшы. Бір кезде солтүстік шығыс аймақтарда өзара
қырқысып жататын таңғұттар мен шүршіттер түптің түбінде бас біріктіріп,
бір тұтас Маньчжур ұлысына айналады, сөйтіп ұлан-байтақ Қытай
мемлекетін өзіне қаратып алады деп кім ойлаған?! Олар күні кеше
монғолдар мен Қытайдың Минь династиясынан кезек соққы керіп, қиыр
шығысқа барып паналаған көшпелі тайпалар емес пе еді.
Тұңғыш рет Таңғұттар мен Шүршіттердің басын қосып, бір тудың
астына жинаған — Нурхашит хан болды. Ол 1616 жылы «Шығыс Алған
ордасы» деп аталатын қуатты Маньчжур мемлекетін құрып, өз иелігін тез
кеңейте бастады. 1624 жылы ішкі Моңғолия феодалдарын өзіне
бағындырды. Маньчжурлерге бағынбай көпке дейін тіресіп келген —
ежелгі Шыңғысхан Ордасының жұрнағы — Халқа хандығы болатын. Бірақ
халқа-моңғолдың ер жүрек ханы Лигден өлген соң, олар да ұзақ шыдап
тұра алмады. 1636 жылы ішкі Монғолияда құрылтай шақырылып, сол
жиында бүкіл монғол тайпалары маньчжур билеушісі Авхайды өздеріне
ұлы қаған етіп сайлады.
Сөйтіп көп ұзамай шығыстағы аса күшті мемлекеттің біріне айналған
Маньчжурия «Шығыс Алтын ордасы» деген бұрынғы атын өзгертіп,
өздерін «Цин мемлекеті» деп жариялады. Оған бүкіл Монғолиямен қоса
маңайындағы тағы басқа ұсақ тайпалардың бəрі қарады. Маньчжурлердің
жатса- тұрса ойынан шықпайтын ендігі арманы — өздерінің ежелден бергі
қырғи қабақ көршісі — ұлы Қытай мемлекетін басып алу ғана еді. Ақыры
оның да орайы келе кетті.
Бұл тұста мемлекетті үш жүз жылға жуық билеп келген Қытайдың Мин
династиясы өз ішінде етек алған шаруалар көтерілісін баса алмай,
феодалдар өзара жақ-жақ болып соғысып, əбден титықтап тұрған кезі еді.
Дəл сол жылы көтерілісші шаруалар Хуанхадан өтіп келіп, Пекинді қоршап
алған. Мин династиясының ең соңғы императоры Чун Чжань бұл қорлыққа
шыдамай, өз сарайында асылып өлген-ді... Қытайдың əлсіреуін көптен
күтіп отырған маньчжурлер осы қолайлы сəтті пайдаланып қалды. 1644
жылдың жазында шекараға таяу əкеліп, күні бұрын дайындап қойған қалың
атты əскерді бірден жауып жіберді де, өзара соғысып жатқан шаруалар мен
феодалдар тобын оп-оңай талқандап, Пекинді басып алды... Сөйтіп
маньчжурдер үстемдік еткен Қытайдың Цин
17
династиясы дүниеге осылай
келген еді. Міне, содан бері де арада 240 жылдай уақыт өтіпті. Цин
династиясы алғаш таққа отырғанда, қытайлар 300 миллион, ал
маньчжурлер небəрі 300 мыңға жетер-жетпес екен. Міне, құдайға шүкір,
көк тəңірісінің қолдауымен, асыл текті маньчжур ұрпағы өзінен мың еседей
көп халықты ұзақ жылдар бойы шып-шырғасын шығармай билеп келеді.
Бірақ қытайдай көп халықты басып алған елдің де, оған бағынышты
болған елдің де шекесі қызбайтыны белгілі. Арада бірер жүз жыл өткенде,
əлгі басқыншының аты ғана қалады да, өздері қытайға сіңіп, жұтылып
кетеді. Бұл елді күшпен өзіме бағындырдым деген Шыңғысхан ұрпағы
Құбылай ордасының да келешегі осылай болып тынған. Маньчжурлер
тарихтың осы сабағын ескеріп, алғашқы күннен бастап-ақ өздерін сақтап
қалудың шараларын қарастырып бакты. Қан бұзылмас үшін маньчжур мен
қытай некелесуге тыйым салды. Қалың қытайды түгелімен айдар қоюға
мəжбүр етті. Сонан кейінгі маньчжурлердің жанын сақтап тұрған —
қолындағы əкімшілік пен шексіз билік. Қазір Қытайда Көктің ұлы
императордан бастап, сарайдағы үлкен ұлықтар, өлке бастықтары мен
аймақтың губернаторлары — династия тірегі тек маньчжур ұлтынан болуға
тиіс... Бірақ соған қарамастан, көп көптігін істемей қоятын емес.
Маньчжурлер, əйтеуір, ата тегін ұмытпай, ақ сүйекпіз деп шіренгенімен,
салт-сана, дін, тіл жөнінен баяғыда-ақ қытайласып болған-ды. Мемлекеттік
дін, этикалық заң жүйесі ретінде, бұлар да сол баяғы Конфуций ілімін
қабылдаған. Осыдан 2500 жыл бұрын өмір сүрген Конфуцийге жан
теңгермей, оған Куңзі
18
деген құрметті атақ берді... «Асыл текті маньчжур
ұрпағының бірі — осы аймақтың əміршісі Ши-амбы ғой. Бұл да өзінін ата
салттары мен ана тілін ұмыта бастаған» депті Ли-шансың.
Ши-амбы осы тұсқа келгенде кітаптан басын көтеріп алды. Ли-
шансыңның айтып отырғаны жалпы шындық болғанымен, маньчжурлердің
тегін тым қазбалап кеткені шамына тиіп, ұнаңқырамай қалды. «Маньчжур
зиялысы болса бұлай жазбас еді, қанша дегенмен өз қанына тартады-ау, —
деп ойлады ішінен. — Мына бетінде бұл кітапты қалай бастырам деп жүр
екен? Дəмесін қарай гөр өзінін...» Бірақ өзіне қажетті деректер іздеп, амал
жоқ, оқуды онан ары жалғастыра берді.
Ал мына қолжазбада Жоңғар мемлекетінің дүниеге келуі — өз алдына
жатқан бір хикая. Əсілі, «Жоңғар» деген сөз ешбір ұлттың да, халықтың да
атын
білдірмейді
екен.
Кезінде
Монғолияға
қарайтын
тайпалар
қоныстанған жер жағдайына қарап: Зунгар (сол қанат), Барунгар (оң қанат)
деп екіге бөлініпті той. Сол «Зунгарды» көрші халықтар өз тіліне бейімдей
өзгертіп, «Жоңғарға» айналдырып алған. Зунгар тобының құрамында
Ойраттың төрт тайпасы: Щорстар мен Дүрбіттер, Торғауыттар мен
Хошуттар бар еді. 1636 жылы монғолдың он қанаты — Барунгарлар Цин
империясына қарап кеткенде, сол қанаттағы жоңғарлар ол қармаққа
ілінбей, асаулық көрсетіп, бөлініп шыққан. Олар көп ұзамай монғолдың
Қобда аймағында құрылтай ашып, өздерін «Жоңғария мемлекеті» деп
жариялады. Щорс тайпасынан қонтайжыны өздеріне хан етіп сайлады.
Жалпы, Ойраттар əр кезеңде монғолдың қоластына күшпен бағынғаны
болмаса, олармен өмір бойы жауласып өткен қаны қас тайпалар еді. Олар
ежелден бері Керей, Найман ұлыстарымен іргелес, Алтай тауларын мекен
етіп келген. Шыңғыс хан күшейіп, бас көтере бастағанда, оған қарсы
соғысу үшін, наймандармен одақ құрғаны да тарихтан белгілі. Бірақ
болашақ ұлы қағанға бұлардың ешқайсысы да төтеп бере алған жоқ.
Монғолдың «Құпия шежіресінде» айтылтанындай, Керей мен Найман
хандығы жеңілген соң, 1208 жылы Шыңғысханға күшпен бағынатын
«орман елі» — осы ойраттар болатын. Монғол империясы ыдырағаннан
кейін, ойраттар қайтадан бас көтеріп, Халқа-монғолдарына үнемі
шабуылдаумен болды. Əсілі монғол хандығының берекесін кетіріп,
олардың Цин империясына тізе бүгуін тездеткен — осы екі ел арасындағы
шапқыншылықтың салдары еді.
Батур қонтайжы таққа отырған жылдары Жоңғар хандығы қанатын кеңге
жайып, едəуір күшейе бастаған. Бірақ тақ таласы бəсеңдемеді. 1665 жылы
Батур қонтайжы өлді де, оның орнына біраз уақыт баласы Сэнге хан болып
тұрды. Ол да ұзаққа бармады. Оны шешесі бір, əкесі бөлек туысы Зодов
деген өлтіріп, хан тағын тартып алды.
Ел ішінде осындай қан төгіс, тақ тартысы жүріп жатқанда, Сэнгенің
туған інісі — Халдан Тибеттегі Далай ламаның қолында шəкірт болатын.
Ол арт жақтағы ағасының өлімін естісімен оқуын тастап, елге оралды.
Халдан бастабында сыр алдырмай, ханның сеніміне кіріп, аз уақыт ел
ішінде лама болып жүрді де, оңтайы келген сəтте Зодовты мүрдем кетіріп,
1671 жылы өзін бүкіл Жоңғарияға хан етіп жариялады.
Халдан билік басына келген соң, тақталасы кезінде ыдырай бастаған
Ойрат тайпаларын қайтадан біріктіріп, ашса алақанында, жұмса
жұдырығында ұстады. Ол көп кешікпей бүкіл Шығыс Түркістанды өзіне
қаратып алды. Хан ордасын Құлжаға көшірді. Іле бойында малмен бірге
егіншілікті қатар өркендетіп, қарауындағы халықтың тұрмысын едəуір
жақсартты. Шығыстағы Халқа-монғолдары мен батысындағы қазақ еліне
кезек шабуылдап, соғыстан қыруар олжа түсіріп отырды. Аз жылда Халдан
ханның абыройының асқаны сонша, кешікпей оған Далай лама «Халдан
Башухты
19
» деген құрметті атақ берді.
Халдан Башухтының бұл кездегі қимыл-əрекеті үш жақты қоршауда
қалған көкжал қасқырды еске салатын еді. Ол өз тұсында Цин
империясымен де талай шайқасып, оның əскерін Жоңғарияға жолатпады.
Ара-арасында Монғолия мен қазақ даласына да олжа түсіруді көздеген
жорықтар жасап отырды. Бірақ қанша көкжал болғанымен, тағдырдың
құрығынан ол да құтыла алған жоқ. 1697 жылы, 13-наурызда Цин əскерімен
болған соңғы бір шайқаста жоңғарлар оңбай жеңілді де, Халдан Башухты
1
ақыры у ішіп өлді. Өйткені оған енді барар жер, басар таудың өзі қалмаған.
Ол жорықта жүргенде, немере інісі Цеван Ребдан өзін хан деп жариялап,
Жоңғар тағына орнығып отырып алған болатын. Цеван Ребдан таққа
отырғанда, Жоңғарияда жиырма түмен
20
түтін, алпыс түмен адам бар деп
есептелген екен. Ол да өз тұсында, баяғы Халдан Башухты сияқты, көрші
елдерге үсті-үстіне шабуылдаумен болды. Қазақтың Тəуке ханы тұсында
қазақ пен қалмақ талай рет соғысып, екі жақ алма-кезек жеңіске жетіп
отырған. Ақыры Цеван Ребдан 1715 жылы Қашқария ұйғырларын, содан
арада екі жыл өткенде Тибетті басып алды. Мұнысы шығыстағы Цин
империясына көрсеткен қыры, тұрысатын жерінді айт деп, ашық майданға
шақырған қоқан-лоқысы еді.
Бұл жағдай, шынында да, Қашқария мен Тибетті сырттай иемденіп
жүрген Цин империясының шамына қатты тиді. Дəл іргесінде Жоңғарлар
жортып жүргенде, өздеріне тыныштық болмасын біліп, ұлы империя осы
бір қоқаңдаған немелерді біржола құртып жіберуді ойлаған. Сол мақсатпен
1722 жылы күзде құрамында алпыс мыңдай əскері бар, мұздай қаруланған
Цин армиясы Құмылдан өтіп, Үрімжі, Тұрпан бағытына қарай ішкерілеп
келе жатты. Жер қайысқан қалың қол осы екпінімен келіп соқтыққанда,
жоңғарлардың мұндай күшке төтеп берер-бермесі екіталай еді. Алайда
күтпеген жағдай Цеван Ребданды төніп тұрған қатерден көрінеу сақтап
қалды. Сол жылы желтоқсан айында Цин императоры Канси ойда жоқта
опат болды да, оның орнына таққа отырған жаңа император, бүкіл ел
бойынша жыл уағына дейін жарияланған азаға байланысты, Жоңғар
жорығын тоқтатып, кезеніп келген жауымен бейбіт бітім жасауға мəжбүр
болды.
Тарихта ұшырасатын кездейсоқ қырсық деген осы. Егер сол жылы
император Канси өлмесе, Цин армиясы жоңғарға қарсы шабуылын
тоқтатпай жалғастыра беретін болса, онда енді үш-төрт айдан кейін қазақ
елін қан қақсатқан қырғын соғыс «Ақтабан шұбырынды» да болмас еді.
Ақыры Цеван Ребдан 1723 жылдың көктемінде Цин армиясына қарсы
дайындап отырған қырық мың əскерін қазақ даласына қарай тұтқиылдан
жапты да жіберді. Ал Жоңғар хандығы Цин империясына қарсы соғысады,
енді соның қызығын көреміз деп отырған қазақ хандары қапыда қалды. Бұл
жорықтың немен тыңғаны белгілі: жоңғарлар қазақ хандығын қатты
əлсіретіп, əрі өздерінің де сілікпесі шығып, нəтижеде қазақтарды Ресей
қолтығын паналауға мəжбүр етті.
1727 жылы Цеван Ребдан өліп, оның орнына таққа баласы Галден Церен
отырды. Жоңғарияның бұл ер жүрек ханы өмір бойы қазақтарға қарсы
соғысумен өтті. Қазақ хандығы алғашқы соққыдан кейін тез ес жинап, көп
ұзамай теке тіреске келіп, бірте-бірте күш теңестіре бастаған. Кейінірек
Абылай тұсында өз жерлерін азат етіп, жоңғарларды кейін тықсырып,
айдап та тастады. Алайда жарты ғасырға созылған үздіксіз соғыс Азиядағы
көшпенділердің соңғы сарқыты болып есептелетін, ең жауынгер екі
хандықты да қатты əлсіретіп еді. Бұл жылдары Ақ патша да, Цин өкіметі де
қазақ пен ойраттың бұл шайқасына тікелей араласқан жоқ. Екі жауынгер
халық онсыз да бірін-бірі құртып тынатынына көздері жетті де, солардың
аңыстарын аңдып, орайлы сəтін күтіп, сырттай бақылады да отырды.
Ақыры көп ұзамай соң күткен сəтте келіп жетіп еді. 1745 жылы Жоңғар
ордасының ең соңғы атақты ханы Галден Церен қайтыс болды. Осыдан
кейін-ақ Жоңғар тағының берекесі кетті. Тағы да тақ үшін шайқас
басталды. Галден Цереннің орнына аз уақыт ханның заңды мұрагері — жас
жігіт Цеван Доржи отырып еді. Көп ұзатпай оны Галден Цереннің некесіз
ұлы Лама Доржи өлтіріп, тағын тартып алды. Билік басында ол да алаңсыз,
ұзақ отыра алмады. Өйткені бұл кезде Лама Доржидың да бақталастары аз
емес болатын. Енді оның соңына жоңғар тағынан үміткерлер: Дабашы мен
Əмірсана түсті. Бұл екеуі де оңай жау емес. Дабашы — баяғы Батур
қонтайшыдан тарайтын, бір кезде Тибетке басып кірген ойрат нояны Церен
Дондубаның немересі. Ал Əмірсана болса — Галден Цереннің
қарындасынан туған жиені.
Лама Доржидың айбарынан ығысқан Дабашы мен Əмірсана басында
қазақ ханы Абылайдың қолтығына барып паналаған. Алысты болжайтын
үлкен саясатшы Абылайға керегінің өзі де осы еді. Ол екі қашқынның
қолтығына су бүркіп, аздаған əскери көмек берген болып, оларды үнемі
Жоңғар ордасына қарсы айдап салумен болды. Ақыры əлгі екеуі қазақ
хандығының көмегімен Лама Доржидың түбіне жетіп, бұл жолы хан тағына
Дабашы отырды.
Алайда «əттен хан тағына бір отырсам-ау» деп қатты құмартқан
адамның бірі Əмірсана еді. Бұл жолы мақсатына жете алмай, алдындағы
асын Дабашы тартып əкеткендей бір күйге түскен. Енді бұрынғы
одақтастар: Дабашы мен Əмірсананың арасында тақталасы басталды.
Əмірсана Тарбағатайдағы торғауыттар мен дүрбіттерге арқа сүйесе,
Дабашы хан ордасына бір табан жақын Щорстар мен Хошуттардың
қолдауына ие болды. Бар билікті өз қолына алған Дабашы өзінін бак
күндесі Əмірсананы орда маңына жолату былай тұрсын, қолына түссе түтіп
жеуге бар еді. Ақыры, 1754 жылы аздаған қолмен Ордаға қарсы шапқан
Əмірсана Дабашының отыз мың əскерінен оңбай жеңілді де, бүкіл
Жоңғариядан пана таппай, Цин империясының қоластына қашып өтті.
Ендігі бар үміті — империяның қолдауымен, тіпті, соған жартылай бодан
болса да, өзінін, ежелгі арманы болған жоңғар тағына қалайда бір отыру
еді.
Мұндай қолайлы кезенді Цин империясы да құр жібергісі келмеді. Сəт
сағаты соқты, Жоңғар хандығын жер бетінен аластап, мүлде құртып
жіберетін кез енді келді деп шешкен. 1756 жылы генерал Баньди басқарған
тоқсан мың əскер, Əмірсанаға жол бастатып, Жоңғарияға қарай бет түзеді.
Дəл осы жылы қас қылғандай жоңғар даласына қара шешек деген індет
жайылып, бұқара халықтың аурудан есі шығып жатқан-ды. Дабашының
шағын əскері жер қайысқан қалың қолға төтеп бере алмады. Алғашқы
шайқастың өзінде-ақ күйрей жеңіліп, өзі жан сауғалап, қашуға мəжбүр
болды.
«Дүние кезек» деген сол. Біреуге жасаған қастандығын, опасыздығын
түбінде алдыннан шықпай қоймайды екен. Осыдан отыз үш жыл бұрын
Жоңғарлар бейбіт жатқан қазақ еліне не істесе, Цин империясы соны екі-
үш есе артығымен алдына келтірді. Қалың ойрат қара шешектен бір
қырылса, қалғандары маньчжур, шахар, сібе-солаң жасағынан құралған
басқыншы əскердің найзасының ұшында кетті. Бұл жолы ешқандай
аяушылық, тұтқынға алу деген болмады. Цин армиясы тірі жоңғар көрсе,
бала-шаға, кəрі-жас демей қырып, жан сауғалап тығылған жерлерінен
тінтіп жүріп өлтірді. Тарихи деректерде бұл қырғын соғыста, ойраты бар,
басқасы бар, бір миллионға жуық адамның харап болғаны айтылады...
Жоңғар ордасының сірге жияр соңғы ханы Дабашы аздаған қолмен мұзарт
асып, Қашқарияға қашқан екен. Оны сонда бас сауғалап тығылып жүрген
жерінен Ош əкімі ұстап алып, Цин өкіметіне табыс етеді.
Мұндайда күші басым жауға төтеп бере алмай, қапылыста қолға түсу де,
өз елінің бостандығы үшін жер құшып, қаза табу да, немесе қорлыққа
шыдамай у ішіп өлу де, бəрі-бəрі де ештеңе емес екен. Жоңғар
нояндарының ішінде соның бəрінен де ауыр жаза шегіп, қасіретті халге
ұшыраған — Əмірсана болды. Оның «Жоңғар тағына бір отырсам-ау»
деген өмір бойғы арманы көз алдында сатымдай ыдырап, жойылған жоңғар
жұртымен бірге келмеске кетті. Əмірсана Цин империясынан өзгені күтсе
де, дəл мынадай қанды қасап қаталдықты күтпеген. Ол, өз ойынша, ұлы
император менің осы еңбегімді ескереді, Дабашының көзін жойып, оның
орнына таққа мені отырғызады деп үміттенген... Енді, міне, дүниеде
жоңғар мемлекеті де жоқ, оны билейтін хан тағы да жоқ бəрі де жер бетінен
жойылып, күлі көкке ұшты. Бір кезде төрт түлік малын сыйдыра алмай
мыңғырып жататын қалың ойраттың орнында ойрандалған жұрты, қан
сасыған иесіз дала ғана жатыр. Бұл – оның талай қырғынға қатысып жүріп
өмірі көрмеген, көрмек түгіл санасына сыймайтын сұмдығы еді. Сол
сұмдықты көргенде Əмірсана ауыр қайғыны көтере алмай есі ауып, аттан
құлап түсті.
Оның бұдан былайғы əрекетін де дені сау, есі дұрыс адамның қылығы
деп айту қиын. Есі дұрыс адам мұндайда у ішіп, пе өзіне қанжар салып өлуі
керек еді. Бірақ Əмірсана өйтпеді. Ол енді көзіне қан толып, өлім есірігі
билеген, жанкешті, жынды адамның мінезіне басты. Цин өкіметінің кейін
жарылқаймыз деген уəдесіне де, итке сүйек тастағандай қорлап ұсынған
«уаң» деген атағына да қараған жоқ. Өзі сияқты əр қуыста бас сауғалап,
қашып-пысып жүрген біраз адамды маңайына топтап алды да, тауға шығып
кетті. Өзінше кек алу жолына түсіп, Цин əскерімен тиіп-қашып соғысқан
болды. Бірақ енді бəрі де кеш еді. Əмірсананың аздаған қолмен аласұрған
шабуылдары бақайшағына дейін қаруланған қалың əскерге шыбын шаққан
құрлы əсер еткен жоқ. Ақыры онысынан ештеңе өнбейтін болған соң,
əлдебір алдамшы үміттің жетегімен Ресейге қашып өтті де, көп ұзамай сол
жақта қайтыс болды.
Сөйтіп, Əмірсана өзінін қайталанбас қайғылы тағдырымен, адамзат
тарихындағы өз елін сатқан, өзімшіл опасыздардың маңдай алдынан орын
алды. Əмірсана туралы қазір ойраттар арасында мынадай аңыз бар. Оны
əлдеқайда қашып жүріп, өз ажалынан өлді демейді. Қалың ойрат Цин
əскерінің қолынан қанға бөгіп, қырылып жатқан кезде, Əмірсана құдайдың
қарғысына ұшырап, төрт көз қара төбетке айналып кетіпті деседі. Сол төрт
көз ит бүгінге дейін Құбының құмында жападан-жалғыз қорлықпен күн
кешіп жүрген көрінеді. Жапан түзде шөлден қаталап, тілі салақтап, бір
жұтым су іздейтін болса керек. Кейде əлдебір алыстан сылдыраған бұлақ
үні естілгендей болады. Əлгі жаққа жан ұшырып жетсе, су дегені
сылдыраған су емес, бұлдыраған сағым болып шығады. Сол алдамшы елес
мəңгі-бақи қайталана береді. Иə, Əмірсана қазір де Құбының құба шөлінде
төрт көз ит кейпіне түсіп, жазасын тартып жүрген көрінеді...
Ши-амбы алдында жатқан Ли-шансыңның жазбаларын осы араға дейін
оқып келді де, басын шайқап отырып қалды. Көз алдынан тізіліп өтіп
жатқан қайғылы оқиғалар, төгілген қан мен ашынған жандар оны да əбден
шаршатқандай болып еді. Алдындағы күміс табақшада əлдеқашан сөніп
қалған имек бас, ұзын трубкасына темекі толтырып, оған аздаған апиын
ұнтағын сеуіп қайта тұтатты.
Апыр-ай, қандай ауыр көріністер... Бір халық құрып бітерде алдымен
ауыз бірліктен айрылып, іштей іріп, тоза бастайды екен ғой. Бұл
көшпенділердің түбіне жеткен бақ күндестік пен тақ таласы екен.
Адамдардың болашаққа деген сенімі азайып, ел ішін өзімшіл опасыздық,
сатқындық жайлап алатын көрінеді... Дегенмен осы оқиғаларды кімнің
көзімен, қалай бағалау керек? Мəселе сонда. Мына Ли-шансыңнын
көшпенділерге іштей жаны ашып, бүйрегінің бұрып тұрғаны бесенеден
белгілі. Əсіресе, Цин армиясының аямас қаталдығын, ойраттардың
жазықсыз қанға бөгіп қырылған тұсын баяндағанда, басқыншыларға тісін
басып, құшырлана, екілене жазатыны байқалады. Демек, мұның да
жүрегінің түбінде қыжыл бар деген сөз. Сонша жыл сүргіннен кейін де Цин
өкіметіне деген ескі кегін ұмыта алмағаны той. Жазасын өтеп жүрген
жанкешті адамнан бұдан басқа не күтуге болады. Ли-шансың саяси
сенімсіздігі үшін осынау қиян түкпірге жер аударылды. Енді мұны шекара
асырып тастамасаң, бұдан ары жіберетін жердің өзі де қалмады ғой.
Ши-амбы бұдан былай қолжазбаның өзіне белгілі жерлерін желе-жорта
шолып, қажетті тұстарға келгенде ғана қадалып оқи бастады. Бутан дəл
қазір өте-мөте керегі — қазақтардың бұл өлкеге араға ұзақ үзіліс салып,
екінші рет қалай келіп қоныстану тарихы еді. Өзі соныңа түскен, əбден
ызасы өткен көкшолақ қасқырдың ізін неше түрлі шытырман шиырдан да
жаңылмай шығарып əкететін жырынды аңшыдай, бұл да сол жүлгемен
адаспай келе жатыр.
Цин империясы Жоңғарияны басып алғаннан кейін қаңырап иен қалған
өлкеге жорықтағы əскердің шағын тобын ғана күзетке қалдырды да, негізгі
армияны қайтарып əкетті. Мұнда қалғандар — бірен-саран маньчжур
командирлері мен шахар, сібе-солаң əскерлерінен сұрыпталып алынған,
ештеңеден тайынбайтын жанкештілер еді. Олардың ішіндегі Жоңғарға
қарсы соғыста қаталдығымен көзге түскен əскербасыларға халдай,
хорылдай
1
деген атақ беріп, өзен бойларындағы ең шұрайлы жерлерге
орналастырды. Бұрынғы ойраттар мекеніне қамал-бекіністер салып,
жаңадан əкімшілік аймақтар құрды. Хан ордасы саналатын бұрынғы Щорс
тайпасының иелігіне Іле аймағы құрылып, оның орталығы Құлжа қаласына
осы өлкенің бас қожасы — Жаңжұңның өзі жайғасты. Еренқабырға
бөктеріндегі көшпелі хошуттар мекені енді Үрімжі аймағы деп аталатын
болды. Ал торғауыттар мен дүрбіттер қоныстанған терістіктік жақта Алтай,
Тарбағатай аймақтары қалыптасты. Ең ақырында ежелден Шығыс
Түркістан аталатын Жоңғария мен Қашқарияның бұрынғы есімі өшіріліп,
бұл өлкеге «Шыңжаң» деп жанадан ат қойды. Шыңжан,— қытайша «жана
өлке» дегенді білдіреді.
Енді Цин өкіметінің алдында тұрған бір міндет — Жоңғарияда қалған
шоғыр-шоғыр əскер мен Құлжадағы əкімшілік мекемелерін үй-жайымен,
азық-түлікпен қамдау керек еді. Олардың көпшілігі — ет пен сүтті місе
тұтпайтын, нан, күріш, көкөніс жеп өскен адамдар. Ал қырғын соғыс
кезінде тау-тасқа тығылып аман қалған бірен-саран ойрат пен иесіз өлкеге
енді-енді көшіп келе бастаған қазақ ауылдарының егіншілікке ешқандай
қыры жоқ еді. Ен таяу жердегі егін салуға ебі бар халық—ұйғырлар, оның
өзі Қашқарияда жатыр. Енді не істеу керек? Бірақ қолда билік тұрғанда
орындалмайтын іс бар ма. Цин өкіметі 1760 жылдардың шамасында
Жаркент, Құмыл, Хотан аймақтарынан Іле бойына жеті мыңға жуық ұйғыр
отбасын көшіріп əкелді. Кейін «тараншылар» (егіншілер) деп аталып
кеткен ұйғыр шаруалары Жоңғар даласына алғаш рет осылай келіп
қоныстанған еді.
Сөйтіп, азық-түлік, нан мəселесі шешілген соң, енді бұрын ойға
келмеген тағы бір қиындық туды. Тамағы тоқ, жұмысы жоқ, күндіз-түні
ерігіп бос жатқан бойдақ əскерді əйелсіз, некесіз ұстау мұншалық қиынға
түсер деп кім ойлаған. Елден шыққалы əлденеше жыл болған, содан бері
бір шүйке бас көрмеген, кілең бір айғырдай азынаған еркектер. Алды
жындануға жақындап, бірін-бірі атып өлтіріп, бастықтарына бағынбай,
кейбіреулері ішкеріге қашып, бүлік шығара бастаған. Ақыры олардың бұл
талабын да қанағаттандыруға тура келді. Цин өкіметі ішкі өлкеден
зорлағандай етіп, он мыңға жуық бойдақ қыздар мен байы жоқ жесір
қатындар алып келді. Қатындарды əкелуін əкелді-ау, енді оларды береке-
бірлікпен бөліп алу қияметке айналды. Əйел жынысын алғаш көрген-де,
өңкей шыбығы сыздап əрең жүрген сəуірік немелер қырылып қала
жаздаған. Əрқайсысы əйелдердің əдемісіне, жастауына ұмтылып, əскер
арасында кəдімгідей жанжал шығып, көзі қарайғандар бірін-бірі турап
тастайтын дəрежеге жетті.
Осы арада Іленің жанжұны адам баласының ойына келмейтін аса бір
тапқырлық көрсетті. Ұзындығы кісі бойы келетін көп кенеп қаптар
əзірлетіп, əйелдерді сол қапқа кіргізіп, аузын буып қойды да, сапқа тізілген
əскерді соның үстіне əкелді. Енді таңдауға, таласуға жағдай жоқ. Əркім өз
бағын сынап, лотерея билетін суырғандай белгісіз, бұлдыр дүние тұр
алдында. Қаптың ішінен қыз шыға ма, сары қарын кексе қатын шыға ма,
оны сорлы сарбаз өз пешенесінен көреді. Амалы құрыған əскерлер соған да
шүкірлік етіп, өзіне бұйырған əйелді қаптың ішінен шығарып алып жатты.
Бұл дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған, болашақ əйеліңнің түрі-түсі,
төркін тегі қандай деп бас қатырып жатпайтын, үйленудің төтенше бір түрі
еді. Бұл күнде Тарбағатай мен Іле аймақтарында ақ сүйек атанып, алшаң
басып жүрген маньчжур, шахар, сібе-солаң əулетінің көпшілігі сол
«қаптағы қатындардан» таралған ұрпақ болатын...
Осы тұсқа келгенде, Ши-амбы өзінен-өзі отырып, рахаттана күліп алды.
Бұл оның бұрын естімеген жаңалығы еді. Осында келіп өзімен қалжыңдаса
беретін Бахалдай мен Ши-халдайға олардың арғы əжелерінің кім болғанын
айтып, бір қатыратын болды... Бір жағынан осыдан жүз жыл бұрын өткен
бабаларының көрегендігін ойлап, көңілін мақтаныш кернеді. Жаңағы қапқа
салынған қатындар бойдақ əскердің құмарын ғана қандырып қойған жоқ,
артына ұрпақ қалдырып, осы өлкеге шыбық боп көктеп, тамыр боп
тартылды ғой...
Ал қазір ғой — əйел жағы молшылық. Жергілікті Маншың төрелері өз
əйелінен өзге үшке дейін некесіз кəнизак ұстауға ерікті. Ши-амбының
өзінде де небір сылқымдар болып еді. Шар тартқан соң нақсүйер біреуін
алып қалды да, қалғандарын көзге күйік қылмай таратып жіберді... Ал
императордың өз гаремінде есеп жоқ. Əр үш жыл сайын 15-16 жастағы жас
қыздармен толығып, жаңарып отырады. Жəне қыз болғанда қандай! Сарай
маңындағы ақсүйектер семьясынан таңдап алынған маньчжурдің қыпша
бел арулары. Əрқайсысының - піштірілген қытай əтектерінен күтушілері
бар. Бас əтек императордың ықыласы ауған кəнизакты лəззат бөлмесіне
кезегімен жібереді де, арнаулы кітапқа ай-күні, сағатына дейін жазып
отырады. Егер жаңағы некесіз əйелден туған ұл бала императордың өз
кіндігінен екені анықталса, ол да тақ мұрагері болып саналады... Ал қазір
бүкіл Цин династиясын уысында ұстап отырған жесір патшайым Цыси бір
кезде император Сяньфанның некесіз кəнизагі емес пе еді. Императорға өз
əйелінен бұрын мұрагер ұл тауып берді де, бағы жанып, тасы өрге
домалады да кетті. Император Сяньфан өлген соң жас мұрагердің
регентша-іс басқарушысы болып сайланды да, міне, жиырма жылдан бері
бүкіл империяны жеке билеп отыр...
Осы ойлардың жүлгесімен отырған Ши-амбы кенет тілін тістей қойды.
Тым еркінсіп, тереңге кетіп қалған жоқ па өзі? Ұлы мəртебелі императрица
жайында бұлай күпірлік ойлағаны үшін тəңірінің өзі кешірсін... Ол
əлденеден қуыстанғандай, жан-жағына қарап алды да, сасқанынан
алдындағы қолжазбаға қайта үңілді.
Қазақтар Жоңғар хандығының жойылуын күтпей-ақ, Галден Цереннің
өлімінен кейін, ойраттар тақ тартысымен əуреленіп жатқан кезде-ақ,
Тарбағатай өңіріне шет-пұшпақтан ене бастапты. Ал жоңғарлар жойылып,
байтақ өлке құлазып йен қалған кезде, қазақ көші тіпті қабындай түсіпті.
Бекет-бекіністерге орналасқан Маншыңның күзет əскері де қарап қалмай,
олардың жолын тосуға күш салды, əрине. Бірақ ұшы-қиырсыз дала мен
асқар-асқар таулардың қай қуысын бақылап отырарсың. Қазақ көшінің
тасқыны тұс-тұстан андыздап, күш бермей құйыла берді. Бір күні əлдебір
қазақ ауылының мал өрісіне қарай шекараға таяу келіп қонғанын байқасаң,
енді бір қарағанда əлгі ауылдың ішкерілеп еніп кеткенін бірақ көресің.
Көшпелі жұрттың құйрығын ұстау қиын, бір қоныстан қусаң, ертеңінде
одан да шөбі шүйгінірек басқа бір жерге барып қонып алады.
Істің арты насырға шауып бара жатқанын сезген халдайлар мен
хорылдайлар аттан салып, Іледегі жаңжұңға хабарлады. Ол өзіне сөз
келмеу үшін, болып жатқан оқиғаны сəл жеңілдетіп, орталыққа жеткізді.
Орталықта бұған кəдімгідей мəн беріліп, Жоғарғы император кеңесінің
шешімі бойынша, қазақ ханы Абылайға нота тапсырғанша, арада айлар
өтті. Абылайға келген алғашқы нотада: «Біз Жоңғарияны қазақтар үшін
босатқан жоқпыз. Жер таршылығын өзіміз де тартып отырған елміз. Біздің
иеліктегі жерімізге баса-көктеп кіріп жатқан қоластыңыздағы халқыңызды
тыйып ұстасаңыз екен» деген талап ашық айтылған.
Бірақ Абылай оны елеңкіремей: «Қазақ барса біреудің жеріне емес,
өзінің ежелгі атамекеніне барып жатыр. Жоңғарлар келместен бұрын да бұл
өлке Найман мен Керейдің қонысы болатын. Сонан соң Жоңғарға қарсы
соғысқан жалғыз сіздер емес қой, біз де ұзақ жыл қан төккенбіз. Ол жерден
алатын біздің де үлесіміз бар» дегендей сүйей салды жауап беріпті.
Цин өкіметі тарапынан жазылған екінші нота біріншіден гөрі қатаңдау
еді: «Егер қазақтар біздің жерімізді өз еркімен босатпайтын болса, онда біз
оларға қарсы əскер аттандыруға мəжбүр боламыз» дегендей айбар
танытқан. Бүйте берсе екі ел арасының ушығып кетерін сезген болар,
Абылай бұл жолы мүлде басқа тəсілге көшіпті: «Екі империяның арасында
жатқан қазақ хандығы түбі кімге қарайтыны əлі белгісіз ғой. Егер сіздермен
осылай аралас-құралас, тату тұрғандай болсақ, келешекте Еженханға қарай
аунай салғандай боламыз ба» деп түлкі бұлтаққа салады.
Соңғы жауаптың көп үміт күттіретіні сонша, бірден Цин өкіметінің
буынына түсіп кетеді. Көп ұзамай император сарайынан Іледегі жаңжұңға:
«Көшіп келген қазақты беталды қуа бермеңдер. Өздеріне жайлы жерден
қоныс, малына өріс беріңдер» деген бұйрық келіпті. Абылайды саясатшы
ретінде өз елінде қалай бағалап жүргенін кім білсін, əйтеуір, осы жолы Цин
өкіметін тақырға отырғызып кеткені анық. Осының артынан көп кешікпей,
Абылай өзінің ұлы Əділді басшы етіп, Қу дауысты Құттыбай мен Бөгенбай
батырды қосшы етіп, Еженханға елші жіберді. Пекинде екі жақтың өкілдері
бас қосып, біраз келісімге қол қояды. Екі ел арасында тату көршілік
қатынас орнайтын болып, Арқа мен Жетісу қазақтары Құлжа, Шəуешек
қалаларымен сауда-саттық жасауға еркіндік алады. Жоңғарияға өткен
қазақтар бұдан кейін ешкімнен қағажу көрмей, Цин өкіметіне жер майы
үшін тиісті салық төлеп тұруға келіседі. Салықтың алғашқы мөлшері жүз
жылқыға - бір сəйгүлік, жүз қойға - бір қой екен. Өкіметке өткізетін аттарға
арнайы сары ноқта кигізілетіндіктен, қазақтар оны кейінірек «сары ноқта
салығы» деп атап кеткен.
Жоңғар жеріне ең алдымен басып кіргендер — Аягөз, Ақшатау маңынан
ауған Қызайлар мен Тарбағатайдың күнгейі — Қатынсу бойынан асып
түскен Төртуылдар еді. Алғашқы жылдары Емілдің төменгі сағасы мен
Тақта-Барлықты ұлы жүзден тараған Суанның біраз ауылдары мекендеген
екен. Бірақ олар мұнда көп байырқаламай, Бұратола, Іле бойына қарай ауып
кетіпті. Кейін Барлықтағы Қызай ауылдарының үстіне Мəмбет руы көшіп
келіп, бұл екі ру көп жылдар иық тіресіп қатар жайлаған.
Цин өкіметі Тарбағатайға көшіп келген қазақ руларын қоныстандыру
үшін, Еміл өзенін бойлаған Құлыстайды үшке бөліпті. Емілдің жоғарғы
саласын «Бас Құлыстай» деп атап, оны бір кездегі жер иесі, Жоңғардан
қалған жұрнақ — қалмақтарға береді. Қалмақтар ана жылғы Шаған-
кегеннің бүлігіне дейін, өздерін қашан Жұмықтар келіп ығыстырғанша,
осында тұрды. Дөрбілжіннен бері Қамыстыға дейінгі «Орта Құлыстай»
Төртуылдың иелігіне тиді. Ал одан былайғы Алакөлге дейінгі кең алқапты
Қызай мен Мəмбеттің үлесіне қалдырды. Қызайлар жүз жылға жуық осы
өлкені мекендеп тұрды да, кейін Майлыға Керейлер көшіп келген соң,
Керей мен Мəмбеттің арасында сынадай сығылысып отыра алмай, жер
тапшылығынан Іле аймағына қарай қоныс аударуға тура келді.
Бұл жылдары Алтай өңірінде де дəл осындай сапырылысқан орын
алмасулар жүріп жатыр еді. Ли-шансыңның жазбаларына қарап отырып,
Ши-амбының бір аңғарғаны, қазақ руларының ішінде ең ұзақ көшкен ел —
Абақ керейлері екен. Бұлар - баяғы Шыңғысхан заманына дейін шығыс
Алтайда тұрып, Уаң хан моңғолдардан жеңілгеннен кейін, Арқаға қарай
ауып кеткен ел ғой. Керейлер сол бетінде Қаратау өңіріне, Сыр бойына
дейін барып, жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан қазақ халқының құрамына
кіріп, сол жақта ұзақ уақыт көшіп-қонып жүрген-ді. Тек арада бес ғасыр
өткенде, атақты «Ақтабан шұбырындының» тұсында, өздерінің ежелгі
атамекені Алтай өңіріне қайтып оралыпты. «Керей, қайда барасың?» деп
Бұқар атаң алдын ораса да, жыраудың ырқына көнбей, шығысқа қарай
тартып отырған. Өйткені оларға өздерінің ежелгі атамекені — Цин
шабуылынан кейін босап қалған Алтайдағы құба қалмақтың орнын тез
арада басып қалу керек еді.
Бірақ арада бір ғасыр өтпей, мал-басы мыңғырып өскен қалың Керейге
Алтайдағы Ертіс пен Қыран өзенінің бойлары мүлде тарлық ете бастады.
Енді олар да өз өрісін кеңейтуге тырысып, ең алдымен Сақсай, Бұлғын
өңіріндегі Ұранхайларды ығыстырды. Керейдің енді шығысқа, не батысқа
қарай қанат жаюдан басқа амалы да жоқ тұғын. Теріскей жағы — асу
бермес мұзарт тау, түстік жағы — жалаңаш жатқан Құбының құмы.
Сондықтан Абақ керейдің бір бөлігі Моңғолияның Қобда аймағына қарай
асты да, енді бір бөлігі Баркөл, Еренқабырғаға қарай ішкеріледі. Бұл
екеуіне де ілеспеген үшінші бір тобы осыдан ширек ғасыр бұрын
Тарбағатайға қарай ойысып, Майлы-Жəйір тауларына келіп қоныстанды.
Сонымен бір ғасыр бойы тынымсыз сапырылысқан қазақ рулары бірін-бірі
ығыстыра жүріп, ақыры тұрақты қоныстарын тауып болған тəрізді.
Ши-амбы қолжазбаның бетін жауып, былайырақ ысырып қойды.
«Ішінде пайдаға асатын тарихи деректер мол екен. Бірақ мына бетінде кітап
етіп шығаруға болмайды» деп түйді ішінен. Оның есіл-дерті алда өтетін
сайлауда болатын. Тағы бір папкада қазақтың руларын тарататын шежіре-
карта жатушы еді, бір сəт соған үңілді.
Сонымен Тарбағатай мен Алтай аймағында қазақтың орта жүзіне
жататын екі үлкен ру бірлестігі бар екен. Оның бірі — Наймандар да,
екіншісі — Керейлер. Бұлардан басқа алты арыстың бірі — аз ауыл Уақ
бар. Бірақ олар Кереймен қанаттасып, көбінше соның қолтығында жүретін
көрінеді. Мұндағы Найманның өзі үлкен үш тайпаға бөлінеді: Төртуыл
жəне Байжігітке жататын Жұмық пен Мəмбет. Бұлардың əрқайсысы өз
ішінен тағы тармақтанып кетеді. Осылайша кіші руларға қарай жіктегенде:
Жұмық сегіз зəңгі, Төртуыл жеті зəңгі, Мəмбет алты зəңгі ел екен. Бұларға
күн сайын көбейіп, үстемеленіп жатқан төрт зəңгі Керей мен бір зəңгі
уақты қоссақ, Тарбағатайдағы қазақтың өзі əжептəуір елге айналады.
Ши-амбының бір аңғарғаны, қазақ қауымында баяғы патриархалдық-
рулық қатынас қаймағы бұзылмай, сол күйінде сақталып қалған. Рулар бір-
біріне бастары қосылмай, əрқайсысы өзіне тиесілі жайлау-қоныстарда
бөлек көшіп жүреді. Егер рулар арасында жер дауы, жесір дауы, өлген
кісілерге құн төлеу сияқты қайшылықтар туса, əр рудың сөзін өз ішінен
шыққан ақсақал, билері ұстап, түпкі билікті ара ағайыннан сайланған төбе
би айтады. Бұл елде кісі өлтіру ілуде бір болмаса өте сирек кездеседі. Ал
ұрлық жағы бар... Ұрлық болғанда бұлар ұсақ-түйек, кішігірім зат
ұрламайды. Сондықтан қысы-жазы есіктері ашық жатады. Қазақтар,
көбінше, алыстан із тастап, жылқы айдап əкеледі, не əдейі барып барымта
алады. Мұны өздері ұрлық демейді, ерлікке санайды... Міне, Ши-амбының
бұдан кейін істес болатын жұрты — қонақжайлық жағынан алдарына жан
салмайтын, бір басына ақ көңіл момындығы да, ер жүрек батырлығы да
жетіп жатқан, бірақ ауыз бірлігі шамалы, ру-руға жіктеліп, бірін-бірі
мұқатып, жауласып жүретін, осындай бір қызық халық еді.
«Демек, қазақтар өз руынан тыс өмір сүре алмайды екен, ендеше
олардың ежелден қалыптасқан осы тəртібін өзгертудің түкке қажеті жоқ»
деп шешті Ши-амбы. Басқару жүйесі сол баяғыдай ру-тайпа күйінде қала
берсін. Мейлі, баққүндес рулар бір-бірімен таласар, қырқысар, одан
өкіметке келетін бəлендей зиян жоқ. Қайта, сонысының өзі жақсы, өздері
жақ-жақ болып жауласып, бірінің жағасын бірі жыртып, бітісе алмай
жүреді де, ақыры келіп ұлықтың қолтығына тығылады... Жақында Ши-
амбы Ақ патшаға қарайтын қазақтардың басқару жүйесін білгісі келіп,
консул Балкашиннен осы жайды əдейі сұрастырып көрген. Ол жақта да
қазақтар сол ежелгі ру-тайпа жігін қатты сақтап отырған көрінеді. Өкімет
тарапынан ол жікті ыдыратуға ешқандай шара қолданылмаған.
Ши-амбының ішкі есебі бойынша, бұл аймақтағы қазақты төрт
үкірдайға топтастырған дұрыс сияқты. Бір үкірдайдың қол астына ең кемі
үш мың түтін қарауы керек. Қазір өз алдарына жеке үкірдай сайлауға
болатын қазақтың төрт тайпасы бар: Төртуыл, Мəмбет, Жұмық, Керей. Ал
болашақ үкірдайлар кімдер? Ол жағын əлі ойластыру керек. Ши-амбы
əзірше Төртуыл жағына ғана табан тірей алады. Ары ойлап, бері ойлап
келіп, тоқтағаны — Керімбай. Естуінше Керімбай мен Сымайыл қазірдің
өзінде-ақ тұс-тұсқа жаушы аттандырып, шашау шығып бытырап жүрген
руластарын өз маңайына топтап жатқан көрінеді.
Айтпақшы, бір бүйірде қалмақ қалып бара жатыр екен ғой. Оларды не
істемек? Қалмақтың жарасы жеңіл. Олар: төрғауыты бар, дүрбіті бар, бəрін
қосқанда ұзаса бір үкірдай ел болады. Ал маньчжур, шахар, сібе-солаңды
бұларға араластырудың керегі жоқ. Олар сол бұрынғысынша өздерінің
халдайларына бағынып, Цин өкіметінің осындағы тірегі, төтенше құқықты
жер иесі болып қала береді.
Х
Ел жайлаудан түсіп, күзекке келіп қонғалы, қазақтың «ұзын құлағы»
арқылы төрт тарапқа бірдей желмен жарыса тарап жатқан бір ғана əңгіме
бар. Ол — жақын уақытта Шəуешекте өтетін үкірдайлар сайлауы.
– Жаңадан үкірдай деген мансап шығыпты...
– Үкірдайыңыз зəңгілердің енесін ұрып жіберетін көрінеді.
– Бірнеше зəңгі бірігіп, бір үкірдайдың қоластына қарайды екен, - десіп,
бұл күнде күзекте отырған қалың ел гу-гу етеді.
Көрші мемлекеттер арасына шекара жүргізіліп, ел екіге айрылғаннан
бері асау бастарына ноқта киіп, ендігі күндері тек Еженханға қарап қалған
қазақтар, амал жоқ, алдағы тіршіліктің қамын ойластыра бастаған!
Маншың əкімдерін бірде менсінсе, бірде менсінбей, Ақ патша мен
Еженханның құзырына кезек ауытқып, екі ортада бұлғақтап жүретін баяғы
заман өтті. «Тас түскен жеріне ауыр». Бұдан былай Ши-амбыны
шырғаламаса, жергілікті ұлықтардың тілін таппаса тағы болмайды. Алдағы
сайлау, міне осындай, қазақ руларының ұлық алдында бедел салыстырып
қалатын, мол сыбаға, үлкен үлес қармауға тырысатын, аса манызды оқиға
болғалы тұр.
«Өз алдыңа жеке бір үкірдай ел болу үшін, қарауындағы түтін саны үш
мыңнан асуы керек» деген хабарды да ру басшылары елеусіз қалдыра
алмады. Əрқайсысы жер-жерге адам аттандырып, шашау шыққан
руластарын қанатының астына алып, төңірегіне ел жинай бастаған. Аймақ
орталығы Шəуешек қаласына тақау орналасқан Төртуылдарға түтін санын
молайту оншалық қиынға түскен жоқ. Бұрын бытырап жүрген өз
руларынан басқа, шекара бойынан қоныс аударып келген Диқанбай ауылы
сияқты қаймана қазақтың талайы Төртуыл тобына қосылып кетті... Барлық
тауы мен Еміл бойындағы Мəмбет руының басшылары да шекара
сыртында əлі де болса екі ойлы болып, толқып жүрген талай ауылдарға
арнайы адам жіберіп, өз ішінен өріс-қоныс беруге уəде етіп, бері көшіріп
əкелді деген сөз бар. Керейлер де тыныш жатпаған көрінеді. Мамырбек
төре тұс-тұсқа жігіт аттандырып, Алтайдан ауа көшкен, Еренқабырға
бөктеріне, Манас бойына қарай бет алған біраз Керей ауылдарының бетін
бері бұрғызып, Майлы-жəйір тауларына əкеліп қоныстандырған.
Осындай бір қарбалас тірлік шығыстағы Жұмық ішінде де жүріп жатыр
еді. Жұмықтың қазіргі басшысы Еңсе өзі бас болып, Тарбағатайдың
теріскейінен əлденеше Қошқарбай, Шотай, Əлмəмбет, Саты, Қараша
ауылдарын көшіріп əкеліпті. Оларға күні кеше қалмақтардан босаған
Қырқошақ, Дүрім, Сарыеміл байларынан жайлы қоныс-өріс беріпті. Өзінің
ежелден бергі бақталасы Бұтабай болыстың иегінің астынан осыншама елді
аударып алуы Еңсенің үлкен ерлігі, ептілігі ретінде айтылып, ел ішінде гу-
гу сөз тарай бастаған. Бұлардың арасында Қараша руының күнгейге қалай
ауғаны жайында айтылатын бір күлкілі əңгіме тағы бар.
Қу бастан қуырдақтық ет алатын, тілінің қотыры бар əзілқойлардың
айтуынша, бір күні ел жайлаудан түсе, Қарашаның бір топ адамы
Зайсанның базарына мал айдап барған көрінеді. Базарда сол күні сары ала
қылыш тағынған бірнеше стражник, пристап орыстар жүрсе керек. Онда
қыр қазағының қару асынған төре көрсе үрейі ұшып, қалтырап тұратын
кезі. Өзара сөйлескенде əлгі стражниктердің аузынан «хорошо-хорошо»
деген сөздер жиі айтылып жатады. Не керек, осыны естігенде жанаты
қарашалардың зəре-құты қалмай, жүректері тас төбесіне шығады ғой.
«Қой, мыналар бүгін Қарашаны тегін іздеп жүрген жоқ. Түбі, Қарашаға бір
тықыр бар» деп базар аралауға да мұршалары келмей, асығыс ауылдарына
қайтады. Сол беттерінде əлгілер тыныш жатқан елді үркітеді. «Қаладан өз
құлағымызбен естіп келіп отырмыз. Орыстардың екі сөзінің бірі —
Қараша. Сірə, біздің елге тістерін басып жүрген сияқты» дейді. Мұны
естіген бүкіл Қараша ауылдары ертеңіне түп қопарыла көшіп, қытай жеріне
ауып кеткен екен деседі.
Өстіп жүргенде сайлаудың да мерзімі жақындап қалған. Бастапқы кезде:
«Ши-амбы нөкерімен ел аралап жүріп, үкірдайлар мен зəңгілерді ел
ортасына келіп сайлайды екен» деген бір дақпырт шыққан. Кейін іле-шала
сайлау бір-ақ жерде, Шəуешектің өзінде өтеді екен деген хабар тарады. Бұл
алғашқы шешімді өзгерткен — Ши-амбының өзі болатын. Бастабында ел
аралап, халықтың күй-жайымен таныссам деген бір ойы болғанымен,
соңынан алыс аудандарға сапар шегу машақатынан бой тартып қалды.
Оның үстіне басқа да ішкі есептері бар еді. Қазақтар кең жерде, өз
сахарасында жүргенде асаулық танытып, сөз тыңдамай, тізгін бермей кетуі
де мүмкін ғой. Ал қалаға, өкімет қармағына келгенде, олардан момын,
олардан тəртіпті халық жоқ. Сондықтан күздің қара суығында ел аралап,
уақыт оздырып жүргеннен гөрі, сайланатындар мен сайлаушыларды қалаға
шақырып алып, жылы жерде отырып басқарғанды дұрыс көрген.
Қазанның аяқ шенінде əр рудың атқамінерлері қалаға қарай ағыла
бастады. Бұлардың арасында үкірдайлық, зəңгілік, елубасылық шеннен
үміткерлер де, сайлаудың қызығын өз көздерімен көргісі келген былайғы
қызыл ауыз қыздырмалар да көп еді. Дауысқа түсетін кандидаттардың Ши-
амбыға əкеле жатқан сый-сыяпаты, тарту-таралғысы да аз емес. Алды атан
түйе бастатқан, күміс жамбы, сəйгүлік аттар қостатқан сан «тоғыз»
сыйлықтар əкеліп жатты. Əсілі, Маншың өкіметінің салтында, ұлықтардың
қарауындағы халықтан сый-сыяпат алуы — пара алған болып
есептелмейтін. Ол тек бағынышты жұрттың Еженханға қаншалық
берілгендігін, ұлықтарды қаншалық құрмет тұтатынын əйгілейтін, заңды
нəрсе деп қаралатын-ды. Сондықтан жергілікті Маншың төрелері ешкімнен
жасырып жатпай-ақ тападай тал түсте түйені түгімен, төрт түлік малды
үйір-үйірімен, көпе-көрінеу асап, қылғып жұта беретін. Тамағымызға
тұрып қалар-ау деп ойлайтын біреуі болсашы.
Əлде өз ауылдары Шəуешекке тиігі тұрған соң арқасын кеңге салды ма,
жұрттың бəрінен кейін қозғалған Керімбай болды. Оның бұл сапар
басқалар сияқты бақталасы жоқ. Төртуылдан үкірдайлық орынға бірден-бір
кандидат өзі ғана. Жақында түгел Төртуылдың ру басылары, ақсақалдары
бас қосып, сол жиында бір ауыздан осылай деп шешкен-ді. Керімбай
қадірлі ақсақалдың алдынан өтпек болып, Сымайылға мезіреті жасап көріп
еді, кəрі зəңгі жаңа лауазымнан үзілді-кесілді бас тартты.
– Менің заманым өтті. Алжыған қарт бурадай күлге шөгетін күн туды.
Өлерімнің шағында енді мені қайтадан атқа мінгізіп қайтесіңдер. Жауатаң
баласы, бұл реткі жол сенікі, — деп Керімбайға табан тіреген.
Сонан соң бұл елден сайланатын зəңгілер мен елубасылар жайы сөз
болғанда, Сымайыл тағы бір батагөйлік кесім айтты.
– Үлкен ұлық алдында, жат-жаланың көзінше, қалаға барған соң билікке
таласып, біріңнің етегіңді бірін ашып жүрмеңдер. Мұндайда ер намысы
ғана емес, ел намысы сынға түседі. Осы бүгін бəтуаға келіп, əр рудан зəңгі,
елубасылыққа ыңғайы бар, халық қамын ойлайтын бір-бір адамды атап-
атап беріңдер. «Атасыздың аузы зор, енесіздің емшегі зор» дегізбей, бас-
басыңа би болып, құрық əкетуді қойындар, түге! — дей келіп, Байғара-
Жауғаш, Баймұрат-Құтымбет, Шөтік, Кенжеғұл, Шоқан кісілеріне өз
адамдарын күшпен ататтырған... Басқалар бөгеліңкіреп қалғанда, кəрі зəңгі
əдейі көш бастап, өзі бұл жолы орнынан түсетінін айтып, Қараменденің
ендігі зəңгілігіне бертінде атқа мініп, көзге түсіп жүрген жас жігіт
Көксегенді ұсынған. Осыдан кейін өзге ру басылары да күлкіл, күмілжуді
қойып, өз адамдарын атап-атап берген-ді. Сонымен Төртуыл жағы ағайын
арасындағы сөздерін күні бұрын бітіріп, алдағы сайлауға сақадай сай отыр
еді.
Осылайша Төртуылдың өз жиыны тарап, Керімбай бастатқан біраз адам
ертеңдер қалаға жүреміз деп отырғанда, ауылға Демежан келіп қалды.
Көктемде Бибіні əкеп салғаннан кейін, жаз бойы шекара жұмысында жүріп,
елге келіп отырған беті осы. Бибі де ел жайлаудан қайтар шамада
төркінінен оралған-ды. Келіншегі олжалы қайтыпты. Құрман қажы төрт
түліктің əрқайсысынан атап-атап, қызына енші берген көрінеді. Сол
еншінің басы етіп, дəл аттанарда:
– Қызым, сенен тарайтын жұрағат бұл ауылға жиен атанады. Жиеннің
нағашысынан алатын «қырық шұбар тайы» деген болады. Екі ел
арасындағы шекара қиындап, жиендердің келіп-кетіп тайларын мінуге
мұршасы болмай жүре ме... Мынау — менің сол болашақ жиендеріме
мінгізгенім болсын, — деп, құрамында менсіз қырық қара байталы бар
қысырақтың үйірін қызынын алдына салыпты.
«Күлшелі бала сүйменді». Сөйтіп, сəн-салтанатпен артынып-тартынып,
екінші рет ұзатылып келген Бибіні Керімбай ауылы хан көтере қарсы алып
еді. Келіншектің өзі де мəз, қағанағы қарық, сағанағы сарық. Тек, ата-
ененің де, Демежанның көңілінде бір ғана қаяу бар. Үй болып, отау
тіккендеріне үшінші жылға айналса да, жаңағы нағашы атасы берген
қырық сəйгүлікті мінетін жиендердің төбесі əзірше көрінбей келеді.
Демежан келген күні Керімбай оны оңаша шақырып алып, бір мəселе
жөнінде ақыл салды.
– Қаладан өзің де көріп-біліп келген шығарсың. Басқа елдер Ши-амбыға
тоғыз-тоғыздан сый-сыяпат апарып жатқан көрінеді. Біз не істейміз? Жеп
үйренген ауыз, тойымы жоқ түпсіз көмей бізден де бірдеңе дəметпейді
дейсің бе. Не апарғанымыз мақұл? Мал айдатамыз ба, əлде күміс жамбы,
асыл тастар сіңімді ме? — деді салалы саусақтарымен енді-енді бурыл
шала бастаған шоқша сақалын сауып отырып.
Демежан ойланып қалды. Сұңғыла əке қазақ, жөніне жүйрік
болғанымен, қаладағы ұлық жайын баласынан ұққысы келетін сияқты.
– Дəл қазір Ши-амбыны тарту-таралғымен таңырқата алмайсыз, көке.
Қазірдің өзінде оның қала сыртындағы зəйімкесі төрт түлік малға толып
кетті деп естідім, — деді Демежан қабағын кірбең шалып.
– Əй, балам-ай, тамағы тесік жан иесінің жемге қызықпайтынын
көрмедім-ау. «Бүркіт аңды өзі үшін алады, тазы иесі үшін алады» дейді.
Бірақ екеуінің де ойлағаны — қу құлқынның қамы, — деп Керімбай терең
тыныс тартты. — Ши-амбының қара қасқа атқа көптен көзі түсіп жүр еді.
Соны бас етіп, бір үйір жылқы атасам, азырқанып жүрмей ме?
– Басқа не апарсаңыз да өз ықтиярыңыз, бірақ қара қасқа атқа тимеңіз,
— деді Демежан. — Қара қасқа көрер көзге тым бадырайып көрініп тұрады
ғой. Жəне ол ас пен тойда ел намысын қорғап жүрген ат емес пе. Ұлыққа
малыңызды қисаңыз да, намысыңызды қолдан бермеңіз.
«Менің осы балам бұрын тым қарабайырлау сияқты еді... Биыл қазақ
жөніне қатты жетіліп, есейіп қалыпты-ау» деп Керімбай баласына сүйсіне
қарады.
Осының ертеңінде сайлауға қатысатын Төртуыл кісілері де қалаға қарай
бет түзеді. Бұл күндері Шəуешектегі татар, өзбек, ұйғыр байларының қора-
жайлары
тұс-тұстан
ошарылған
қыр
қазағына
толып
кеткен.
Əрқайсысының өз еліне келіп сауда істеп, ырғын пайда тауып қайтатын
таныс саудагерлері бар. Соларды біраз шығындатып, қарымта қайтаратын
кез осы. Бай саудагерлер қазақтың өз малын өзіне сойып беріп, тұшпара,
мəнті, палауларын жасап дегендей, тəтті-дəмдісін ауыздарына тосып, біраз
күн əуреге түседі. Төртуыл кісілері ат-көліктерін шеткері Қарасу
бойындағы Түсіп-ажы дейтін ұйғыр байының қорасына қалдырды да,
өздері жаңағыдай таныстарының үйіне бес-оннан бөлініп түсті.
Аймақ əміршісі Ши-амбы да тұс-тұстан шұбырып, қала көшелерін керіп
бара жатқан қыр қазағын ұзақ сарылтып, қамап отырғысы келмеді. Сайлау
өтердің алдында əрқайсысына уақыт белгілеп, төрт үкірдай елдін ру
басыларын қабылдады. Қасына тілмаштыққа Демежанды ғана алып, төр
алдында, хан тағы секілді күлгін сары пүлішпен қапталған биік тақтада
Ши-амбының өзі отыр. Он жақ бұрыштағы дөңгелек үстелдің басында
хатшылық міндет атқаратын көзілдірікті кəрі қытай жайғасыпты. Одан
төмен залдың екі бүйірінде қаз-қатар тізілген орындықтар.
Ең алғашқы кезекті іргелес отырған жақын ел — Төртуылға беріп еді.
Бұлар болашақ үкірдай, зəңгі, елубасылары бар жиыны отыздай адам екен.
Бұл ел үкірдайлыққа ұсынатын кандидаты біреу ғана болғандықтан,
бөлініп-жарылмай топырлап бір-ақ кірген. Ішке енген беттерінде
тымақтарын қолына алып, үлкен ұлыққа сəл бүгіліп тəжім етті де,
ошарылып тұрып қалды. Төртуыл ішінде Ши-амбының жақсы танитын
адамдары Сымайыл мен Керімбай ғана болатын. Сымайыл бұл топтың
арасынан көрінбейді. Ал Керімбай басқалардан бір адым озыңқырап,
маңдайы қасқайып, ең алдында тұр. Маншың өкіметінің салтында, аймақ
əміршісінің алдына кірген қарашы халық намаз оқығандай тізерлеп
отырып, маңдайын жерге үш рет тигізіп, бас ұруы керек еді. Мыналарға
ондай тəртіпті ешкім үйретпеген бе, тізелері бүгілмей, жай бас иіп, тəжім
етумен ғана шектелді.
«Қазақтар ұлық түгіл, құдайға құлшылық етіп те жарытпайды деуші еді,
сол рас екен, — деп ойлады Ши-амбы, — ештеңе етпес. Үйренеді ғой...
Əзірше асаусып тұрғаны шығар. Өз күні үшін ұлыққа бас ұрмай қайда
барады?»
Осы сəтте алда тұрған Керімбайдың саңқ еткен даусы естілді.
– Уа, ұлы мəртебелі Ши-амбы! Сау-сəлемет барсың ба? Сайлауға
қатысатын Төртуыл елінің игі жақсылары саған сəлем беру үшін, құзырыңа
келіп тұр, — деді оның бетіне тура қарап.
Салт бойынша, аймақ əміршісі өз орнында тапжылмай отыруы керек еді.
Бірақ жаңағы сөздердің балғамен ұрғандай айбынды естілгені соншалық,
Ши-амбы орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де аңғармай қалды. «Қой,
қазақпен қазақша көріспесе болмас, — деді ішінен. — Əйтпесе, мүлде тіл
табыса алмай қалармыз».
Орнынан тұрып кеп, Керімбайға қол берді де, қасындағы адамдарға:
– Кəне, отырыңыздар, мырзалар! — деп бүйірдегі орындықтарды
нұсқады.
Бұлармен арадағы əңгіме ұзаққа созылған жоқ. Өйткені Төртуыл
кісілерінің арасында сайлауға байланысты ешқандай талас-тартыс жоқ
екен. Əр рудың басшыларына сөз бергенде, болашақ үкірдай мен
зəңгілерін, елубасыларын да бір ауыздан атап-атап берісті. Хатшы аталған
адамдардың аты-жөнін, руын, қай жерде тұратынын тəптіштеп жазып
жатыр. Үлкен ұлықтың қасында Демежандай ұлдарының отырғанын арқа
тұта ма, əлде Ши-амбы мен Керімбай арасындағы көптен жалғасып келе
жатқан сыйластықты бел көре ме, Төртуыл кісілері қысылып-
қымтырылмай, өздерін еркін ұстап отыр. Алдымен сөз бастап, көсем
сөйлеп отырған — Керімбайдын өзі.
– Мəртебелі Ши-амбы, мен сенің құзырында бұрын да талай рет
болғанмын. Бірақ екі ел арасына шекара жүріп, Еженханға біржола бодан
болғалы, алдына келіп отырғаным осы, — деді ұлықтың жүзіне барлай көз
салып. — Патшамыз Еженханның осы жердегі өкілі, біздің қарап отырған
ханымыз — өзің ғой. Астыңдағы тағыңның көрімдігі деп, өз басым бір үйір
жылқы айдап əкелдім. Алдымен сол сыйымды қабыл ет. Менің қасымдағы
болашақ зəңгі, елубасылардың да қолдары құр емес, əкелген сыйлықтары
бар. Аз да болса көптей көріп, осыған разы бол.
Алғанды кім жек көрсін, Демежан осы сөздерді аударып болған кезде,
Ши-амбы орнынан қозғалақтап, езуі жайылып, ырсыңдап күле берді.
– Рақмет, Керімбай зəңгі... Айтпақшы, бұдан былай сізді Керімбай
үкірдай десем де болатын шығар. Жаңағы атаған сыйлықтарыңызды мен
патшалардың патшасы, көктің ұлы Еженханға көрсетілген зор құрмет деп
білемін, — деді əр сөзін мақамдай созып, ыңырана сөйлейтін əдетімен. —
Ал енді маған айтар қандай тілектеріңіз бар?
Керімбай айтар сөзін күні бұрын дайындап, ойланып келген болуы
керек. Біркелкі төселген қоңыр үнмен, жедел сөйлеп кетті.
– Қаза берсе қазақтың мұң-мұқтажы таусылған ба. Оның бəрін жіпке тізе
бермей тек екеуін ғана айтайын, — деді, осы сөзімді толық жеткізші
дегендей, Демежанға мəністі көз тастап. — Оның біріншісі, қазір Ежеңге
қарайтын күнгей Төртуылы бұрынғысынан екі есе көбейіп кетті. Сіз бір
үкірдайға үш мың түтін қарасын деген екенсіз, қазір біздің ел бес мың
түтіндей болды-ау деймін... Демек, бұрын бөлінген қыстаулық, жайлаулық
жерлер енді бізге тарлық етеді деген сөз. Тарбағатайдың төсінен жаңа
жайлау, Барлық тауынан қосымша қыстаулар алуға жəрдемдесіңіз. Қағаз
жазып, мөр басып берсеңіз болғаны, ар жағын өзіміз реттейміз. Бұл бір.
Екінші айтарым, «Соқырдың сұрағаны — екі көзі». Еженханға қараған
басқа халықтар секілді біздің де жер емшегін еміп, кəсіп қылғымыз келеді.
Сондықтан елімізге тау өзендерінен тоған алып, егін салуға рұқсат беріңіз.
Ши-амбы біразға дейін үндемей, трубкасына темекі толтырып,
күйбеңдеп отырып қалды.
– Айтпақшы, Сымайыл зəңгі көрінбейді ғой. Ол кісі қайда? — деді əлден
уақытта басын көтеріп.
– Кəрі зəңгі соңғы кезде қарттыққа мойын сұнып, жүріс-тұрысты
азайтқан. Бұл жолы өз орнына мына інісін жіберіп отыр, — деп Керімбай
сол жағында тақау отырған Көксегенді нұсқады.
– Менен зəңгіге сəлем айта барыңыз, — деді Ши-амбы Көксегеннің
жүзіне барлай қарап. — Сол Сымайыл зəңгінің атына Сібеті өзенінен
берілген бір тоған су бар ғой. Оны неге пайдаланбайсыздар?
– Ол қамқорлығыңызды біз өмір бойы ұмытпаймыз, ұлы мəртебелім.
Бірақ ол тоғанның суы ұзаса екі зəңгі елден артылмай, Арқарлы мен
Үштөбені суландыруға зорға жетіп жатқан жоқ па, — деді Көксеген сөзге
араласып.
– Төртуылдың былайғы көп рулары Абдыра мен Қара үңгірдің аңғарын
жайлайды ғой. Бізге тоғанды сол өзендерден алған қолайлы болар еді, —
деп Керімбай үстемелей түсті.
Ши-амбы сəл шытынып, ұнатпай қалған түр байқатты. «Қарай гөр
өздерін... Есіктен кірмей жатып төрге ұмтылады. Ең біртоға, момын ел
деген Төртуылдың істеп тұрғаны мынау. Басқалары не жанды қояды» деп
ойлаған ішінен. Бірақ ол сайлау алдында ешкіммен түс жыртысып жатқысы
келмеді.
– Қазір иен-тегін бос ағып жатқан су жоқ қой. Тау өзендерінің бəрі
халдайлардың меншігінде. Олардың қолында императордың өзі мөр басқан
құжат бар. Мен ол заңды бұза алмаймын ғой, — деді лажсыз адамдай екі
алақанын жайып. — Ал Барлық пен Тарбағатайдың төсінен қанша қоныс,
қыстау керек болса, оны алып беруге болады.
Бұдан ары ұлықпен тіктесе беруге Төртуыл кісілері де бой тартып
қалған. Əңгіме осымен аяқталып, Керімбай тобы қоштасып шығып кетті.
Ендігі кезек — Керейлердікі еді. Тарбағатай өңіріне соңғы жылдары келіп
қоныстанып жатқан бұл ел туралы сырттай естігені болмаса, Ши-амбы əлі
қоян-қолтық араласа қоймаған. Кезінде бүкіл Алтай аймағынан Маншың
əскерін
аластап
қуып
шыққан,
маңайындағы
торғауыттар
мен
ұранхайларды ығыстырып, шұрайлы қоныстарды үсті-үстіне басып алып
жатқан бұл жауынгер тайпа туралы алыпқашты əңгімелер көп еді. Қазақ
руларының ішіндегі ең асауы да, алған бетінен қайтпайтын қайсар,
қажырлысы да — осы Керейлер деп еститін. Ұлықтың енді соларды көргісі
келді.
Бір кезде есік айқара ашылып, кілең бір қаптал шапан, саптама етік
киген, бастарында жаба салма, биік төбелі шошақ тымақтары бар, үлкен бір
топ кіріп келе жатты. Айтса айтқандай, бəрі де қапсағай ірі денелі, сом
тұлғалы, қандары бетінен тепкен, бөлек бітімді адамдар екен... Ши-амбы
«орнымда отыра берсем бе, əлде жаңағыдай алдарынан шығып
амандасқаным жөн бе» деп абыржып, қозғалақтай бастаған. Бірақ дəл осы
кезде бұл күтпеген жағдай болды. Əлгі кісілер табалдырықтан аттап, кең
залдың орта тұсына таман келді де, сəждеге бас қойғандай, кілемнің үстіне
төрт тағандап жата-жата кетісті. Тек бір шетте жасы отыздың жуан ішін
аралап кеткен, ұзын бойлы, қарасұр кісі ғана оң қолын кеудесіне қойып сол
иілді де, өз орнында тік тұрып қалды.
Əлденеден жүрексініп, қобалжып отырған Ши-амбының арқасы кеңіп
сала берген. «Е, мыналар жөн-жосықты білетін жұрт екен ғой» деп разы
боп қалды. Тек мына бір адамның тізесі бүгілмей, тік тұрып қалғанына
таңырқап, ендігі бар назарын соған аударып еді.
– Мəртебелі тақсыр, қоластыңызға қарайтын Абақ Керейдің игі
жақсылары сіздің мархабатты құзырыңызға келіп тұр, — деді əлгі адам
ұлықтың бетіне қаймықпай тура қарап.
Демежан оның сөзін қолма-қол қытайшаға аударды. Ол сонау бір
күндері Отыншының асында көрген Мамырбекті жазбай танып, оның
мынадай кесек мінезіне іштей сүйсініп отыр еді.
– Білем. Өз құттыхана құзырымда Керейдің ру басыларынан қошемет
көргеніме мен де қуаныштымын, — деді Ши-амбы болар-болмас езу
тартып. — Ал өзіңіз кім боласыз? Сіз неге серіктеріңізден бөлініп, иілмей
тұрсыз?
– Мен — Мамырбек төремін, мəртебелі тақсыр. Мен де өзіңіз сияқты
асыл текті хан тұқымынанмын... Төренің сəл иілгені — қарашы қазақтың
жерге бас қоюымен бірдей,—деді Мамырбек те байсалды қалпын бұзбай.
Бұл кезде бүк түсіп жатқан басқа қазақтар да бастарын көтеріп, əлдебір
момақан, мүрит кейіпке түсіп, бейне намазға ұйығандай қолдарын қусырып
тұрған-ды. Ши-амбы «оты-рыңыздар» дегендей иегімен бүйірде тұрған
орындықтарды нұсқады. Барлығы жайғасып болған кезде, қайтадан
Мамырбекке бұрылған.
– Сіз сонда Абылай əулетінен тарайсыз ба? Əлде басқа хан-
сұлтандардың бірінен бе? — деді оған жылы шырай білдіріп.
– Дұрыс айтасыз, мəртебелі тақсыр. Мен Абылай ханға алты атадан
қосыламын...
– Абылай мекені — Арқада ғой. Сіз Алтайға қалай барып қалғансыз?
– Алтайдағы Абақ Керейі біздің арғы атамыз Əбілпейісті хан көтеру
үшін, Абылайдан əдейі сұрап алған. Əбілпейістен — Көгедай төре,
Көгедайдан — Ажы төре мен Адеке туады. Мен — Адекенің ұлы
Жанымханның баласымын.
– Солай деңіз... Демек, сіз де хан тұқымы екенсіз той, — Ши-амбы
трубкасын сора түсіп, Мамырбекке енді шындап назар аударғандай болды.
— Жаңа сіздердің алдарыңызда осында Төртуылдар келіп кетті. Олар да
ұлық алдында тізесін бүкпей, тік тұрып қалысты. Олардың да төрелерге
жақындығы бар ғой, шамасы?
Бұл ұлықтың өтірік аңқаусырағаны, əдейі сөз шықсын дегені еді.
Мамырбек мырс етіп күліп жіберді.
– Төртуылдың хан тұқымына үш қайнаса сорпасы қосылмайды,
мəртебелі тақсыр. Олар — өмірі төре алдын көрмей, бейбастақ кеткен ел
ғой. Біздің Керей — олардай емес, төре сыйлап өскен ел... Өзіңіздей
ұлықтың алдында өздерін қалай ұстауды біледі.
«Ым-м... Түсінікті болды. Түбінде ши шықса, осы екі рудың арасынан
шығатын болар. Несі бар, Керімбай да осал жау емес... Екеуінің қалай
жұлқысқанын да байқап көрерміз» деп қойды Ши-амбы ішінен. Сонан соң
əлденеден қуыстанғандай, қасында отырған Демежанға қараған. Жас
жігіттің түгі сыртына шығып, түтігіп отыр екен...
Бұдан арғы əңгіме ұзаққа созылған жоқ. Мамырбек осындағы Абақ
керейдің: Меркіт, Жастабан, Шеруші, Жантекей руларынан жəне бір зəңгі
ел Уақтан келген Шөкібай, Көбен, Отаршы, Өтеген, Əбіштай секілді зəңгі,
елубасыларын
таныстырды.
Олардың
əрқайсысы
ұлыққа
əкелген
сыйлықтарын атады. Тарту-таралғының алды айғыр үйір жылқы, атан түйе,
бесік жамбы бастатқан тоғыз-тоғыздан кем түсіп жатқан жоқ. Үкірдайлық
орынға келгенде əзірше Мамырбек төремен таласатыны жоқ екен. Бəрі бір
ауыздан соны ұсынды. Ал зəңгілік, елубасылық орынға дəмелілер көп
көрінеді. Олардың ішінен ұлық кімдерді тандап алатыны ертең сайлауда
белгілі болады.
Ал, «жоғарғы ұлыққа қоятын қандай тілектеріңіз бар» дегенде,
Мамырбектің де сұрайтыны — баяғы жер, өріс-қоныс жайы еді. Майлы-
жəйірге үстемелеп келіп жатқан Керей көші əлі тоқтаған жоқ. Қазірдің
өзінде-ақ мал баққан қауым жер тапшылығын көре бастады. Сондықтан
Керей ауылдарына Барлықтағы Төртуыл мен Мəмбеттің есебінен,
Жəйірдағы қалмақтың есебінен қосымша жер кесіп беруін өтінеді.
«Бəрінің сұрайтыны — жер. Жерге, қонысқа тоймайтын бұл не деген
халық?!» деп Ши-амбы іштей таңданып отыр. Алайда аймақ əміршісі
бұлардың да меселін қайтарғысы келмеді. Сайлау өткен соң жер-жерге
арнаулы адам шығып, қоныс-қыстауларды қайтадан ретке салатынын
айтты. Сол кезде Керейлердің де мұң-мұқтажы ескерілетін болады... Мейлі,
бұлар да разы болып кетсін. Ши-амбының алды кең екен. Аузын алдық,
бетін бері қараттық деп, өздерінше мəз болып жүрсін. Тəйірі, қазақтың бір
руының жерін екіншісіне тартып алып беру де сөз болып па? Қиын қылса
араларында дау ұлғаяр, жанжал шығар. Осындағы ұлықтар сондай дау-
шарға билік айтпағанда не бітіреді?!
Үшінші болып енген Жұмық жуандарының да əңгімесі біразға созылды.
Сый-сыяпат жағы бұларда да жеткілікті екен. Мансаптан, мөрден үміткер
бай-шонжарлар бірінен-бірі асып түсіп, əкелген тартуларын атап, хатшыға
тізімдетіп жатты. Үкірдайлық орын сарапқа түскенде, кейінгі кезде
бытырап жүрген Жұмықтың басын құрап, ерекше көзге түскен Еңсенің
алдына ешкім шыға қоймады. Ал зəңгілік орынды бөлісуге келгенде нағыз
қырық пышақ, қырғын талас осы елде болатын түрі бар. Жұмыққа кіретін
Мəметек, Қошқарбай, Шотай, Саты, Қараша рулары əрқайсысы екіден-
үштен адам ұсынып, əркім өз лағын теке қойғысы келетіні байқалып қалды.
Ши-амбы іштей күліп отыр. Мына қазақтардың мансап-билік үшін неге
сонша жанын салатынына қайран қалады. Адам баласы өзінде жоққа
құштар ғой. Əлде бұлар өмір бойы билікке, өкіметке жарымай келді ме
екен? Əрқайсысы өзінше атқа мініп, ең кішкентай болса да мансапқа ілініп,
басқаларға үкім жүргізгісі келіп тұрады... Ал, шынтуайтқа келгенде,
Маншың төрелеріне мына отырған сырт тұлғасы бір-бірінен айнымайтын,
өңкей шошақ тымақты, жуан қонышты қазақтардың қайсысы зəңгі болса
да, келер-кетері жоқ, бəрібір еді. Барып кел, шауып келге осылардың қай-
қайсысы да жарап тұр. Қазақтың мансап таласы Ши-амбыға кейде баланың
ойыны сияқты болып көрінеді. Ертеңгі сайлауда қай орынға кімді апарып
қоям десе де, ұлықтың өзі біледі ғой. Соған бола ат арытып, тон тоздырып,
дүниесін шығындап, неменеге шапқылайды екен?!
Билік таласынан туған ала ауыздық Мəмбет елінің ішінен де қатты
білінді. Бұлар үкірдайлық орынның өзіне екі кандидат ұсынып отыр. Соған
байланысты қабылдауға да екі жарылып, бөлек-бөлек топ болып енді. Бір
тобын Жалбағай бастаса, екінші тобын Отыншы бидің немересі, жас жігіт
Шəйі бастап келген. Бұл тартыс негізінен Барлық тауын бұрыннан
мекендеген байырғы ел мен кейін көшіп келген рулар арасында секілді. Ру
арасындағы жік шекара бөлісі кезінде жер, қоныс дауынан басталып,
сайлау қарсаңында тіпті асқынып кетіпті. Мəмбеттің байырғы ауылдары
Жалбағайды жақтаса, кейін көшіп келгендер Шəйінің етегінен ұстап
жүрген көрінеді. Екі жақтың егес дауы қандай қомақты болса, ұлыққа
əкелген сый-сыяпаттары одан да қомақтырақ еді... Демежан олардың
əрқайсысының Ши-амбыға айтқан арыз-шағымдарын аудара отырып, бір
нəрсеге қатты қайран қалды. Күні кеше, Отыншының асы кезінде бір
төбенің басынан табылған ағайындардың арада жыл өтпей жатып, бұлайша
жік-жікке бөлінуін қанша ойласа да ақылына сыйдыра алмады.
Ши-амбы, əрине, бүгін ешкімге сыр алдырған жоқ. Бірақ оның іштей
Жалбағайдың кандидатурасын жақтайтыны белгілі еді. Əлі ізі суып
үлгермеген кешегі Байжігіт көтерілісінде қол бастаған Отыншы əулетінен
гөрі үкірдайлыққа Жалбағайды қолай көретіні айтпаса да түсінікті. Мына
сайлау науқанының бір пайдасы, қазақтың осындағы төрт табының іші-
сыртын айнаға салғандай айқын көрсетіп берді. Кім кімдермен əмпей, кім
кімдерге қырбай? Болашақ дау-шардың көзі қайдан басталады? Осы тұста
бəрі де белгілі боп қалған.
Арада екі күн өткенде, ескі жамбылдың ішіндегі кең алаңда жұрт зарыға
күткен сайлаудың өзі де өтті-ау ақыры. Алаңның дəл төрінде қызылды-
жасылды бұлмен көмкеріп, əшекейлеп жасаған биік мінбе. Қарсы жақта
қаздай тізіліп қатар тұрған халық. Тəртіп бойынша əр ел өз үкірдай,
зəңгілерін өздері сайлауға тиіс еді. Дауыс беруге сол елдің бұрынғы зəңгі,
елубасылары, əр рудың ақсақалдары, билері қатысады. Ол үшін
сайлаушылардың
əрқайсысы
кезекпен
оңаша
бөлмеге
кіріп,
кандидаттардың аты жазылған кардон қағазды урнаға тастауы керек. Былай
қарасаң бəрі де кəдімгідей, бəрі де заңды. Тек бір айырмашылығы, дауысқа
түскен шарды санап, нəтижесін соңынан жариялайтын — Ши-амбының өзі
еді. Əсілі, Цин империясында сайлау деген жоқ қой, мұнда бəрі де
тағайындау жолымен, бұйрықпен шешіледі. Қазақтың дауынан құтылу
үшін, бұл əдісті ойлап тауып жүрген осындағы ұлықтардың өзі болатын.
Дауыс беру салтанаты мана, таңертең басталып еді. Енді, міне, түс ауа
Еженханға қарайтын қазақтың алғашқы үкірдай, зəңгілері де белгілі боп
қалды. Ши-амбының өзі мінбеге көтеріліп, қолындағы тізімді бір-бірден
оқи бастаған. Төртуылдың үкірдайы — Керімбай, Жұмықтың үкірдайы —
Еңсе, Керейдін үкірдайы — Мамырбек төре талассыз бір ауыздан
сайланыпты. Ал Мəмбетке келгенде аймақ əміршісі сəл бөгеліп қалды.
Шəйінің екі дауысы артық еді. Бірақ Ши-амбы оның орнына Жалбағайды
атады. Дегенмен Шəйінің де көңілін жықпай, оны үкірдайға орынбасар —
ілгідей етіп сайлады да:
– Сен əлі жассын ғой. Амандық болса, келесі сайлауда Мəмбеттің
үкірдайы сен боласын, — деп арқасынан қақты.
Жаңадан сайланған төрт үкірдайдың басына Ши-амбы өз қолымен
Маншың өкіметінің төтенше құқықты өкілі дегенді білдіретін, төбесінде
қозалы көк тасы, маңдайында алтын жіппен кестелеген бөдене бейнесі бар,
сəукеле порымдас, айыр қалпақ кигізді. Қолдарына піл сүйегінен жасалып,
аты-жөндері жазылған аппақ мөр ұстатты... Алаңда теңіздей толқыған
халық. Əр тұстан ұран шақырылып, ескі жамбылдың ішін азан-қазан етті.
Енді алдын ала дайындап қойған зəңгі, елубасылардың тізімі
жарияланды. Жаңадан сайланған отыздай зəңгі, жүзге жуық елубасының
аты аталып, олардың қолына да, жаңағы үкірдайдың мөрінен гөрі кішірек,
одан гөрі қарапайым мөр таратылды. Бар күш — осы мөрде. Жалпы,
Маншың өкіметінде мөр, таңба дегендер айрықша бағаланады. Mөp кімнің
қолында болса, билік сонда. Мөрден айрылу — мансаптан да жұрдай болу
деген соз.
Күн еңкейе сайлау аяқталып, қызық үшін жиналған былайғы жұрт тарап,
тек мансапқа ілінген үкірдай, зəңгі, елубасылар ғана кеңсеге кіріп жатқан-
ды. Бүгін кеш Ши-амбы оларға қонақасы бермек болатын. Дəл осы сəтте
есік алдында əлдекіммен сөйлесіп, бөгеліңкіреп қалған Ши-амбының
қасына түлкі тымақты, қаптал шапанының сыртынан оқшантай, дəндекуі
мол күміс кісе буынған қартаң қазақ кимелеп жақындай берді. Бұл Жұмық
ішіндегі Шотай руының атақты байы Құлбай деген кісі еді. Өз руына
қайтсем зəңгі боламын деп, осы жолы Ши-амбыға ішінде үлкен көк айғыры
бар, отыздай жылқыны бір-ақ айдап əкеліп өткізген-ді. Ши-амбы қара
басып тізімнен шатасты ма, əлде басқалардың бергені одан да асып түсті
ме, əйтеуір сайланғандардың ішінен Құлбайдың аты-жөні атаусыз қалды.
Енді, міне, ұлықпен ауызба-ауыз сөйлесіп, өзінің қандай мансапқа ілінгенін
естіп қалмақ еді.
– Тақсыр... тақсыр! Мен — көк айғырдың иесі Құлбаймын ғой...
Сонымен, маған тигені не болды? Елге кім болдым деп барайын? — деді
ұлықтың аузынан шыққан сөзді қағып алғысы келгендей құлағын тосып.
Ши-амбы оны ұмытып қалған секілді. Қасындағы сібе тілмашы
Дабынтай оның сөзін қытайшаға аударғанда ғана, «апыр-ай, осы қазақтар-
ай» дегендей қабағын кіржитті де:
– Та бұ шың!
21
— деп орнынан қозғала берді.
– Не айтты? Не деді мына кісі? — деп Құлбай ентелей түскен. Тілмаш
ыңғайсызданып, иығын көтерді де:
– Өзіңіз де естідіңіз ғой, «Та бұ шың» деп тұрған жоқ па... — деген-ді.
Осыны естуі мұң екен, Құлбай тілмаштың сөзін түгел айтқызбай, Ши-
амбының соңынан тұра жүгірді. Сірə, жаңағы «Та бұ шың» деген сөзді де
көп мансаптың бірі деп ойласа керек, ұлықты қуып жетіп:
Рақмет, тақсыр! Маған сол «Табышың» да жетеді. Бұл жақсылығыңызды
өмірі ұмытпаспын-ау... Енді Жұмықтың жуандары менімен санаспай
көрсін! — деп Ши-амбының тартынғанына қарамай, қолын алып сілкілей
берді.
Сол бетінде ол бүкіл елді дүрліктірген. Ауылына барған соң мал айтып
сойып, біраз ел шақырып, кішігірім той жасады. Маңайдағы жұрт та:
«ойбай, Құлбай табышың боп келіпті» десіп одан арман даурықтырып
əкеткен. Ағайындары одан, шынында да, біразға дейін ығысып жүрді.
Дүниеде ондай мансап жоқ екені кейін мəлім болды ғой... Келе-келе бұл
оқиға ел аузында күлкіге айналып, əлгі байғұстың «Құлбай табышың»
деген атағы өле-өлгенше қалмай кетті.
Сөйтіп, қазақ халқын екі айрық жолға салып, шекара бойындағы елді
қатты дүрліктірген 1884 жылдың аласапыран, алқын жазы осылай
аяқталды. Алғашқы сайлау талай шонжардың қолын мансапқа жеткізіп,
Маншың төрелерінің қорасын малға, қалтасын пұлға толтырды. Бірақ
тағдыр тауқыметі мұнымен тоқтаған жоқ. Бұл тек алыс та, азапты сапардың
басы, тоғыз жолдың торабы ғана болатын. Өмірдің құз-қиясы да, ердің ері
ғана шыдайтын тар жол, тайғақ кешуі де əлі алда жатыр еді.
Достарыңызбен бөлісу: |