Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Биология-география факультеті
Ботаника кафедрасы
Жумина Асем Галымовна
Тулегенова Сымбат Ержанқызы
«Жасушалық биотехнология» пәні бойынша
Дәрістер курсы
мамандығы: «5B070100-Биотехнология»
Қарағанды 2018
ДӘРІС 1. ЖАСУШАЛЫҚ БИОТЕХНОЛОГИЯҒА КІРІСПЕ
Жоспар:
1. Жасушалық инженерия
2. Жасуша өсірінділерінің артықшылықтары
3. Жасуша өсірінділерін қолданудың негізгі бағыттары
4. Жасушалар өсірінділерімен жұмыс істеуге арналған бөлме мен құрал-жабдықтар
1. Жасушалық инженерия
Жасушалық биотехнология жасушалар, ұлпалар мен протопластарды қолдануына негізделген.
Жасушалық инженерия – арнайы әдістер арқылы жаңа типті жасушаларды құрастыру. Жасушалық инженерия міндеттеріне әртүрлі жасушалардың жеке фрагменттерінен тіршілікке қабілетті жасушаларды құрастыру, әртүрлі түрлерге жататын тұтас жасушаларды біріктіру және т.б. жатады.
Жасушалық инженерия биотехнологияда теориялық мәселелерді шешу, пайдалы қассиеттері болатын және де ауруларға төзімді болып келетін өсімдіктердің жаңа формаларын жасау үшін қолданылады. Жасушалық инженерияда зерттеудің егізгі нысаны мен тәсілі жасушалық өсірінді болып табылады. Кезкелген әдіс сияқты жасушалық өсірінді әдісінің де өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
2. Жасушалық өсірінді әдісінің артықшылықтары
1. Жасушаларды және олардың морфологиялық пен биохимиялық ерекшеліктерін әртүрлі әдістердің көмегімен (соның ішінде жарыққтық микроскопия) «тірі» болған кезде бақылау.
2. Жасушалар жағдайын «тірі болған кезде» бағалау мүмкіндігі. Жануарлармен сынақ-тәжірибе жасаған кезде «post faсtum», яғни өлтіріп зерттейді.
3. Дақылдау жағдайын өзгерту мүмкіндігі жасушалар метаболизміне әсер ететін факторларды бағалауға жағдай жасайды.
4. Жасушалық материалдың азғантай ғана бөлігін қолдана отырып, нәтижелерді алу және бағалау. Көп жануарларды қолдану мәселелесін жояды.
5. Жасущалық өсіріндісін қолдануы клиникалық материалдың үлкен көлемін пайдалану және қауіпті уытты заттарды тестілеумен байланысты көптеген этикалық мәселелерді шешеді.
6. Жасушалық өсірінді әртүрлі биохимиялық (уытты заттар, гормондар, токсиндар мен радиоактивті қосылыстармен) манипуляцияларды жасау үшін қолжетімді болып келеді.
7. Жасушалық өсіріндісін пайдаланған кезде зерттелініп жатқан заттың тікелей әсері (бауыр мен бүйректе метаболизмге ұшырау мүмкіндігі жоқ) бағаланады.
8. Кезкелген әсерді тудыратын заттың нақты концентрациясын есептеуге мүмкін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |