24. Қазақ тілі морфологиясының зерттелу кезеңдері
Тіл білімінің қазіргі грамматика саласына негізін беріп, ғылыми даму бағытын жасап берген ғалымдардың көшбасшысы ретінде А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбановты атаймыз. Осы ғалымдардан кейін басқа зерттеушілердің тізбегі сатыланып, жалғаса береді.
Қазақ грамматикасының бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» атауымен жазылған А.Байтұрсынов еңбегі. Бұл қазақ тілі морфологиясы туралы шыққан алғашқы зерттеу болып табылады. Қазір ғалымның бірнеше зерттеулік еңбегі жинақталып «Тіл тағылымы» деген үлкен басылымдық кітапта беріледі.
Қ.Жұбановтың алғашқы еңбегі – 1936 жылғы «Қазақ тілінің грамматикасы».
Осы екі ғалымнан кейін ғана С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, А.Ысқақов, К.Аханов, Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбай, Т.Сайрамбаев, А.Қалыбаева, Қ.Шаяхметов, Б.Момынова, Б.Қасым, т.б. ғалымдарды тіл білімінің грамматика саласына қатысты зерттеушілер қатарына қоса беруге болады.
1930-1940 жыл аралығында жүргізілген морфологиялық зерттеулер.
1930-1940 жылдарда сөз таптары, оларға қатысты категориялық белгілер сипаты туралы жеке еңбектер жарық көрді. Негізінде ұлттық тіл білімі қалыптасуында қазір қарастырылып жүрген сөзжасам мәселесі жеке сала ретінде осы кезеңде қарастырылды да, кейін 30-жылдары сөзжасам жеке сөз табына байланыстырылып, морфология ішінде қаралатын болды.
1930 жылдардан бастап морфологияның жеке мәселелеріне арналған шағын көлемді мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде, «Төте оқу», «Ауыл мұғалімі» (кейін «Халық мұғалімі») ғылыми-педагогикалық журналдарында басыла бастады. Онда сөз таптарына, қосымшаларға арналған отызға тарта мақала Қ.Жұбанов, X.Басымов, Ш.Сарыбаев, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, С.Аманжоловтар тарапынан жазылған. Н.Сауранбаевтың «Сөз таптары» атты мақаласында тілдердегі сөздерді тапқа бөлуде ғылымда қалыптасқан үш түрлі қағиданы атап, «семантикалық, синтаксистік, морфологиялық белгілер» деп көрсетіп, сөздерді тапқа бөлуде сөздердің мағынасына ерекше мән берілу керектігін қорытып жазған.
1930 жылдардың соңында морфологияға байланысты еңбектің бірі – С.Аманжолов жазған, орта мектепке арналған «Қазақ тілінің грамматикасы» оқулығы. Кезінде бұл оқулық сынға алынған. Өйткені еңбектегі пікірлер теориялық жағынан А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов еңбектерімен салыстырғанда, нақты болмаған. Еңбекте сөздер тұлғасына, тобына қарай жіктеп көрсетіледі.
30 жылдары морфология саласы тек оқулық көлемінде ғана емес, ғылыми мақалалар арқылы тереңірек зерттеуге түскен. Педагогикалық журналдар мен Ұлт мәдениеті институтының ғылыми жинақтарында X.Басымов, С.Аманжолов қазақ тілі қосымшасы туралы мақалалар, С.Жиенбаев сөздерді тапқа бөлуге қатысты қағидаларды нақтылау туралы еңбектері жарияланған. Осылайша тәжірибелік те, теориялық та мәселелер көтеріле бастады.
Қазақ тіл білімінің морфология саласы кейін де қарастырылған. 1940-жылдары қазақ тіл білімінің салаларын арнайы зерттеу, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау басым болды. Тіл ғылымының басқа салаларынан гөрі морфологияға қатысты мәселелер кең зерттелді. 40-жылдар ішінде ғана морфологиядан етістіктің есімше, көсемше, етіс шақ, көмекші етістік, сын есім шырайлары мен үстеу арнайы зерттелді.
Осы жылдар ішіндегі морфологияға қатысты еңбектердің бірі – Н.Сауранбаев пен Ғ.Бегалиевтың «Қазақ тілінің грамматикасы». Осы еңбектің морфология саласы «Сөз» атауымен берген. «Морфема» ұғымы (атауы) қазақ тілі білімінде осы оқулықта алғаш рет қолданылады, зерттеушілер бұл терминді қосымшаға ғана қатысты берген.
60-70 жылдардағы морфологиялық зерттеулер – Ш.Сарыбаев «Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер», Ж.Шакенов: «Қазақ тіліндегі сын есім категориясы», А.Ибатов «Қазақ тіліндегі есімдіктер», Ә.Төлеуов «Қазақ тіліндегі есім категориясы», А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі», ҚРҒА «Қазақ тілінің грамматикасы».
70-90 жылдардағы морфологиялық зерттеулер: А.Қалыбаева-Хасенова «Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты», Ә.Төлеуов «Сөз таптары», А.Ибатов «Қазақ тілінің туынды сөздері сөздігі», А.Қалыбаева, Н.Оралбаева «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» және басқасы.
1990-2000 жылдардағы морфологиялық зерттеулер: Ж.Шәкенов «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар», С.Исаев. «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты», Б.Қасым, А.Салқынбай, Б.Момынова және басқа көп ғалым еңбек жазды.
Достарыңызбен бөлісу: |