57. ОТЫР, ТҰР, ЖАТЫР, ЖҮР ЕТІСТІКТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
А.Байтұрсынұлы нақ осы шақты нағыз осы шақ деп атап, оның отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің қатысуымен жасалатынын айтады. Қ.Кемеңгерұлы жүр етістігінің мағынасы туралы былай дейді: «Именно теперь совершающееся действие (для выражения, которым человек занимается в настоящий, более или менее продолжительный период времени, употребляется тұр и жат, а для выражения еще более продолжительного занятия жүр)».
Нақ осы шақты түсіндіруде Қ.Жұбановтың жіктеуі басқа ғалымдарға ұқсамайды. Ғалым нақ осы шақ деген атаудың орнына дәл осы шақ деген атау ұсынып, оны өз ішінен а) жалпы осы шақ: жазып жатыр, ә) кәдімгі осы шақ: жазып жүр, б) қазіргі осы шақ: жазып отыр, в) әзіргі осы шақ: жазып тұр деп жіктейді. Яғни ғалым қалып етістіктерінің әрқайсысына өзінше атау беріп, әрқайсысын бөлек сипаттайды. Қ.Жұбанов нақ осы кезде істеліп жатқан немесе көптен бері созылып келе жатқан, үздік-создық жүріп жатқан істі білдіріп, жатыр етістігінің көмегімен жасалған нақ осы шақтың түрін жалпы осы шақ, ұзаққа созылған, үздік-создық істі білдіріп, жүр етістігінің көмегімен жасалған нақ осы шақтың түрін кәдімгі осы шақ, дәл осы кезде болып жатқан және сол қалпын жоймаған істі білдіріп, тұр етістігі арқылы жасалған нақ осы шақты әзіргі осы шақ, істеушінің дәл осы кезде іс үстінде екенін көрсететін, отыр етістігі арқылы жасалған нақ осы шақтың түрін қазіргі осы шақ деп атайды:
1) Жалпы осы шақ (жазып жатырмын). Істің нақ осы кезде істеліп жатқан болуы да немесе көптен бері созылып келе жатқан іс болып үздік-создық жүріп жатқан іс болуы да мүмкін, осыны жалпы түрде айтсақ, етістік жалпы осы шақта болады;
2) Кәдімгі осы шақ (жазып жүрмін). Ұзаққа созылған, үздік-создық істеліп келе жатқан істің жайын айту керек болса, кәдімгі осы шақпен айтамыз;
3) Қазіргі осы шақ (жазып отырмын). Істеуші дәл осы кезде іс үстінде екендігін көрсету үшін қазіргі осы шақ қолданылады;
4) Әзіргі осы шақ (жазып тұрмын). Дәл осы кезде болып жатқан және өзі сол қалпын жоймаған істі көрсеткіміз келсе, әзіргі осы шақпен айтамыз».
І.Кеңесбаев 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» атты оқулығында қалып етістіктері жеке тұрып, жіктік жалғауларын қабылдап немесе негізгі етістіктермен тіркесіп‚ осы шақтың күрделі түрін жасайтынын айтады. Ғалым осы шақ жасауға қатысатын қалып етістіктерін (отыр, тұр, жүр, жатыр) топтастырып бергенімен, ескертпе ретінде былай дейді: «Основные глаголы в сочетании с отыр, тұр, часто указывают на непрерывность непродолжительных действий, совершающихся в данный момент: Мен өлең айтып отырмын. Основные глаголы в сочетании с жүр, жатыр часто указывают на прерывность сравнительно продолжительных действий, совершающихся в настоящем: Мен өлең айтып жүрмін».
Сол сияқты шақ категориясын арнайы зерттеген ғалым Т.Қордабаев еңбектерінде де отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктерінің ерекшелігі сөз болады. «Осы шақтың кейбір көрсеткіштері туралы» деген мақаласында Т.Қордабаев жатыр, жүр, отыр, тұр етістіктерінің морфологиялық ортақ қасиеттерін көрсете келіп, шақтық мағыналары жағынан бұл етістіктердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екенін айтады. Атап айтқанда: а) жатыр, тұр етістіктерінің жанды заттарға да, жансыз заттарға да қолданылатынын, ал жүр, отыр етістіктерінің жанды заттарға қатысты ғана қолданылатынын; ә) жатыр, тұр етістіктері үзілістері болып тұратын, дәл сөйлеу үстінде ол амалдың болып жатпауы да мүмкін екендігін, жалпы «осы кезде болып жүр» деген мағынада қолданылатынын, ал отыр, тұр етістіктерінің дәл сөйлеу үстінде, қазір болып жатқан іс-әрекеттерді білдіру үшін жұмсалатынын айта келіп, соған сәйкес жатыр, жүр етістіктері арқылы жасалған осы шақты «жалпы осы шақ», ал отыр, тұр етістіктерінің қатысуымен жасалған шақ түрін «нақ осы шақ» деп атауды ұсынады.
Ы.Маманов отыр, тұр етістіктерінің созылыңқы сыпат құрамында (жауып тұр, оқып отыр) қимылдың дәл сөйлеу кезінде болып жатқанын білдіретінін, ал жүр көмекші етістігі арқылы жасалған созылыңқы сыпаттың осы шақтық мағынасы кеңірек уақытты қамтитынын айтады.
Қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканың мазмұны мен формасын арнайы зерттеген М.Жолшаева қалып етістіктері көсемше тұлғалы негізгі етістіктерге тіркесіп, көмекшілік қызметте қолданылғанда, негізінен аспектілік семантиканы білдіретінін айтады: жатыр етістігі:
- жасалу үстіндегі қимылды білдіреді, мысалы: Екі жұмыскер шелектің бетін тақтаймен жауып, бекітіп жатыр (Ғ.Мүсірепов);
- амал-әректтің созылыңқылығын білдіреді, мысалы: Опыр-топыр көш тізбегі шекара бойын толассыз ағылып келіп жатыр (Қ.Жұмаділов);
-атын, -етін тұлғасында келіп қимылдың дағдылы қайталануын білдіреді, мысалы: Мен келген сайын үй жинап жататын («Қазақстан әйелдері»);
-а, -е, -й тұлғасында амал-әрекеттің жалпы қайталануын білдіреді: Бұл өлкеде пойыздар шығыстан батысқа қарай, батыстан шығысқа қарай жүйткіп жатады (Ш.Айтматов);
-ар, -ер тұлғасында келгенде немқұрайды жасалатын қимылды білдіреді: – Алдияр, Құдай өмір берсе, дәм жазып сіздермен кездесер күн туса, бүкіл қазақ даласының батысынан шығысына дейін сарсанды сапар жайын айта жатармын (К.Сегізбаев).
Зерттеуші қалып етістіктерінің мағыналық құрамында осы шақтағы қимылды білдіретін сема бар екенін айта келіп, отыр, жүр, тұр етістіктерінің мағыналық құрамын былайша сипаттайды:
Жүр көмекші етістігі көсемше тұлғалы жетекші етістіктермен тіркесіп келіп, мынадай мағыналарды білдіреді:
- процесс үстіндегі қимылды: Еркектің көбі су жағасында әңгіме құрып, жылқы аралап жүр (М.Әуезов);
- созылыңқы қимылды: Оның менен алыста еместігін іштей сезіп жүрдім (Қазақ әңгімелері);
-а, -е, -й тұлғалы жетекші етістіктермен тіркесіп, жолай жасалған қимылды білдіреді: Көрген-білгендер болса сұрастыра жүр (Қазақ әңгімелері).
Жатыр етістігінің семантикалық құрамы:
1) Кеңістікте адамның, басқа да жанды/жансыз нәрсенің қимылға қарсы қозғалмай бір күйде, көлденеңінен созыла орналасу қалпын білдіреді (архисема): Сапсары бауыр жүндері әлде сумен, әлде Төленің көз жасымен шылана ұйпалақтанған, қимылсыз созылып жатыр (М.Мағауин);
2) Бар болу (потенциалды сема): Бұл сөздің астында үлкен мән жатыр («Ақжол»). Қызық. Әрқайсысында бір адамның тағдыры жатыр (Қ.Жұмаділов);
3) Бір жерде ұзақ болу, қоныстану (тұру): Аяқ астында қаншама су жатыр. Ай жатып іш, жыл жатып іш (М.Мағауин);
4) Жерлену: Анау төбедегі құлаған зираттың ішінде мұның ата-анасының сүйегі жатыр (Қ.Жұмаділов).
5) Амал-әрекет: Қыңсылап жатып, санын жалайды. Қан шығады. Бір тұрады, бір жатады (М.Әуезов).
6) Қону, түнеп шығу: Сұлу, жас әйелмен бір үйде жатып сау дейсің бе? (С.Мұқанов);
7) Қамауда болу: Қандауырдай қадалған осы екі сұраққа жауап таба алмай, қарт түрмеде бір жыл жатты (Қ.Жұмаділов);
8) Бағалауыштық (коннотатив) мағына: Оның бұл істегендері адамгершілікке жатпайды («Жыл он екі ай»);
9) Созылыңқылық: Ештеңені ойына алғысы келмей түндік астынан еміс-еміс көрінетін шаңырақтың қарына қарап біраз жатты (Ә.Кекілбаев).
10) Осы шақтағы қимылды білдіретін сема: Тақтай сарт-сұрт сынып жатыр
Отыр көмекші етістігі көсемше тұлғалы жетекші етістікпен тіркесіп төмендегідей мағыналарда жұмсалады:
- қимылдың жасалу үстінде екендігін: Желіде жүйе толып тұрғандай мұрындық жонады. Осы қазір таспа сыдырып отыр (Ә.Нұрпейісов);
- қимылдың созылыңқылығын білдіреді: Ол құрғырды дәл осылай ауыр ойға шомғанда ширатып, үлкен ермек етуші еді, қазір де бір-бірлеп жұлғылап отыр (О.Бөкей).
- -а, -е, -й тұлғалы етістіктермен тіркесіп келгенде, немқұрайды, жол-жөнекей жасалған қимылды білдіреді: Ертеңгі күннің райын қарай отыр (Ауызекі тіл);
- -атын, -етін тұлғасында келіп қимылдың дағдылы қайталануын көрсетеді: Кешкісін жатар алдында қарт әжемнің аузы күбірлеп отыратын («Қазақстан әйелдері»).
Тұр көмекші етістігі көсемше тұлғалы жетекші етістікпен тіркесіп келгенде төмендегідей мағыналарды білдереді:
- қимылдың жасалу кезеңінде екендігін: Оң қолын сермеп, бүкіл елді аузына қарата сөйлеп тұр («Қазақстан әйелдері»);
- қимылдың созылыңқылығын;
- тез жасалған қимылды: Айқай жақын жерден шығып қалғанда, Аққасқа атып тұрды (М.Әуезов);
- немқұрайды жасалған қимылды: Тамақ піскенше біраз уақыт бар, оған дейін қарның ашып қалады, шай іше тұр (Ж.Кәдірбекұлы);
- сөйлеу сәтінде жүзеге асып жатқан әрекетті;
- атын, -етін тұлғасында келіп қимылдың дағдылы қайталануын;
- ғалы, -гелі тұлғасында келген жетекші етістікпен тіркесіп, басталу үстіндегі қимылды білдіреді: Нұрбек оны сәл үрлеп жіберсе болғаны, лап етіп жанып кеткелі тұр (Қ.Жұмаділов).
Зерттеуші нақ осы шақта өтіп жатқан қимылдың жасалу үстіндегі қимыл; қандай да бір уақытты қажет ететін созылыңқы қимыл сияқты аспектуалды белгілері болатынын айтады.
Қалып етістіктерінің мағыналық құрамын сөз еткен ғалымдар (Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Ы.Маманов) жүр етістігін ерекшелеп көрсетеді. Яғни зерттеушілердің бәрі де жүр етістігінің созылыңқы іс-қимылды білдіретінін айтады. Бұл етістік сөйлеу сәтінен бұрын басталған және сөйлеп жатқан кезде біте қоймаған іс-қимылды білдіреді. Жүр етістігі арқылы (аналитикалық формалар арқылы) сипатталған оқиғалар әлдеқайда ұзаққа созылған қимылды білдіреді. Сөйлеу сәті де ұзаққа созылған қимылға кіреді. Сөйлеуші не тыңдаушы жүр етістігі арқылы берілген оқиғаның сөйлеу сәтін де қамтитын, ұзаққа созылған қимыл екенін білуі керек. Яғни бұл орайда ғалам туралы білімнің, аялық білімнің маңызы зор. Бұл мән жалпылық сипат алып, аспектуалды мазмұн мен мәнмәтін, семантикалық-грамматикалық факторлар арқылы нақтыланып отырады. Мәнмәтін факторына сәйкес, сөйлем-сөйленімде қимылдың созылыңқылығын білдіретін мезгіл пысықтауыштар қолданылады. Мысалы: Кейде сондай бір қиялмен алданып жүріп, тұрмысқа жанаспайтын істерді де істемек болушы еді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Мұнда бір мәшине бар екен.. Сен енді өз шаруаңда жүре тұр. Біз мұның ізіне шөп салып көрейік, - деді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Бұл қимылдың созылыңқылығы нақты морфологиялық тұлғалармен беріле алмайтынын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |