48. ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ІЛІК ЖӘНЕ ТАБЫС СЕПТІКТЕРІНІҢ АШЫҚ, ЖАСЫРЫН КЕЛУІ
Зат есімнің грамматикалық категорияларының ішінде ауқымдысы, көлемдісі – септік категориясы. Септік категориясы ұғымы мен септік жалғауы ұғымының арақатынасы септік жалғауларының септік категориясының грамматикалық көрсеткіші қызметіндегі қолданысымен, мағынасымен айқындалады. Зат есімнің сөйлемдегі басқа сөздермен дəнекерлесе байланысу үшін септік жалғауларын қабылдауы оның грамматикалық тұлғасының өзгеріп, грамматикалық мағынасының түрленуіне ықпал етеді. Қазақ тіліндегі септік жалғауларының түрлері, олардың қосымшалары мен сөзге үстейтін грамматикалық мағынасы зат есімнің септік категориясының грамматикалық категория ретіндегі сипатын анықтауға, оның зат есімнің басқа грамматикалық категорияларынан өзіндік ерекшелігін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен, грамматикалық септіктерге атау, ілік, табыс септіктері, кеңістікті білдіретін септіктерге барыс, жатыс, шығыс жəне көмектес септіктері жатады. Септік жалғауларын грамматикалық немесе кеңістік қатынасты білдіруіне қарай топтастыруда əрбір септік жалғауының бастауышқа немесе қимылға қатысты грамматикалық мағынасы негізге алынады. Ілік септігі қазақ тілінде меншікті заттың иесін білдірудің көрсеткіші ретінде зат есімнің тəуелдік категориясымен тығыз байланысты болады. Септіктің бұл түрі, негізінен, зат есіммен немесе оның орнына қолданылатын сөзбен байланысып, меншіктілік, иелік мағынаны білдіреді. Сөйлемде ілік жалғауымен келген сөз өзі байланысатын тəуелдеулі сөздің грамматикалық мағынасын толықтырып тұрады. Мысалы, ғалымның пікірі, оның ойы, жақсының сөзі, т.б. Ілік септігі жалғауының сөзге жалғанып я жалғанбай тұратын жағдайлары да болады. Бұл қазақ тіл білімінде нөлдік форма ұғымымен түсіндіріледі. Ілік септігінің мұндай қолданысы сөз мағынасына айтарлықтай əсер етпегенмен, ілік септігі жалғауы ашық қолданылғанда сөз мағынасы нақты, жасырын, яғни түсіріліп қолданғанда жалпы сипатқа ие болады. Мысалы, қаланың халқы, қала халқы, күннің райы, күн райы, т.б. Дегенмен, жалғауы жалғанып ашық тұрса да, жалғанбай жасырын тұрса да, ілік септіктегі сөз әрқашан анықтауыш болады. Мысалы: Ердің атын еңбек шығарады (мақал); Таласа, жарыса білінген изен, жусан, жас бетеге иістері де күн шуақты салқын сәскенің қош лебіндей (М. Әуезов)
Табыс септігі қимылдың, іс-əрекеттің тура нысанын білдіріп, сөйлемде сабақты етістікті меңгереді. Бұл септік жалғауы да, ілік септігі сияқты, сөйлемде бірде ашық, бірде жасырын түрде қолданылады. Жалғаусыз келген жағдайда табыс септігі сыртқы тұлғасы жағынан атау септігіндегі сөзге сырттай ұқсас болады. Ал одан ерекшелігі: табыс септігінсіз келген сөз қандай тұлғада болмасын, үнемі сабақты етістікпен тіркесіп, сөйлемде тура толықтауыштың қызметін атқарады. Мысалы: кітап оқыды, хат жазды, досын көрді, анасын сағынды т.б. Мал жер емеді, адам мал емеді (Ғ. Мүсірепов); Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ (Абай); Қаланың іші жер қазып жатқан, кірпіш тасып жатқан, ағаш жонып жатқан, балшық илеп жатқан адамдарға толы (С. Ерубаев).
Достарыңызбен бөлісу: |