Дәрістің мазмұны
1.Морфоструктура. Морфоструктураның негізгі типтері: жазықтар мен таулар.
2.Жазықтар.
3.Таулар.
Мақсаты:Морфоструктураның негізгі типтері жазықтармен таулардың пайда болуымен түрлерімен танысу.
Тірек сөздер:Платформа, геосинклиналь.
Негізгі сұрақтар:Платформа дегеніміз не?
Геосинклиналь дегеніміз не?
Жер бетінде морфоструктураның 2 типі бар: жазықтар және таулар. Осы морфоструктуралар платформалық және жылжымалы геосинклинальды облыстарды қалыптастырады. Платформа дегеніміз – (француз сөзі plate – тегіс, жазық; forme – пішін) материктердің геологиялық құрлымының негізгі элементі, жер қыртысының нашар тілімденген, тектоникалық активтілігін жойғанжер қабықтың бөлігін айтады. Мұндай аудандарда вулкан атқыламайды, жер сілкінбейді, жай ғана қозғалыс байқалады. Платформалық типке жазықтар жатады. Мысалы: Шығыс Европа, Шығыс Сібір, Солтүстік Америка, Үндістан, Солтүстік Қытай платформалары. Жер қыртысының ұзыннан созылып жатқан тектоникалық активтігін жоймаған ауданы геосинклиналь деп аталады. Геосинклиналь аймағында ойыс немесе геосинклиналь майысулары, оларды бөлетін геоантиклиналь жүйелері дамиды. Геосинклиналь аймағында қатпарлар бұзылып, қирап, терең магмалық атқылауын туғызады да, жер қабығының күшті қозғалысын болдырып отырады. Геосинклинальды аймақтың бастапқы дамуы кезінде майысу процестері мен вулкандық, шөгінді жыныстардың жиналу процесі күшті болады.
2.Жазықтар деп – биіктігі бірдей және геологиялық құрлымы біртектес жер рельефінің формасын айтады. Жазықтарды абсолюттік биіктігіне қарай: ойпатты – теңіз деңгейінен төмен; аласа жазықтар – биіктігі 200м дейін; орта биік немесе қыратты – биіктігі 200-500м дейін; биік жазықтар немесе таулы үстірт – биіктігі 500м артық деп ажыратылады. Рельеф формаларына қарай жайпақ, сатылы, ойлы-қырлы, төбелі жазықтар деп жіктеледі. Жазықтар пайда болу тегіне қарай бастапқы, аккумуляциялық, вулкандық, денудациялық деп бөлінеді.
3.Таулар -жер қыртысының қатпары және қатпарлы-жақпарлы құрлымдарымен күрделенген, теңіз деңгейінен және өзін қоршаған айналадағы жазық кеңістіктен биік көтерілген жер бетінің учаскелері. Таулардың пайда болуының басты себебі жоғары бағытталған тектоникалық қозғалыс. Тауларды абсолюттік биіктіктеріне қарай 3 топқа бөледі: 1) аласа таулар – биіктігі 1000м дейін; 2) орта биік таулар – биіктігі 1000-3000м дейін; 3) биік таулар – 3000м-ден жоғары. Таулар шығу тегі жағынан тектоникалық, эрозиялық және вулкандық болып 3-ке бөлінеді. Жалпы тектоникалық және эрозиялық таулар жиі кездеседі. Вулкандық таулар Камчатка және Жапон аралдарында (Фудзияма тауы) дамыған. Таулар морфологиялық түрімен, нақты биіктігімен, жотасымен, жұрнағымен, тау жыныстарымен сипатталады.
Өзін бақылауға арналған сұрақтар: Жазықтардың қандай түрлерін білесің?
Таулардың қандай түрлерін білесің?
Ұсынылған әдебиеттер:1,2,3,8,9.
№6 дәріс
Тақырып: Вулкандық рельеф
Дәрістің мазмұны
1.Вулкан ұғымы.
2.Вулканның атқылау структурасына қарай бөлінуі.
3.Вулкандық рельеф формалары.
Мақсаты:Вулкан ұғымын тереңдету, оның типтерімен, формаларымен танысу.
Тірек сөздер:кратер, кальдера, маар, лава, лакколит, гайот.
Негізгі сұрақтар:Вулкандардың қалыптасу қандай процестерге байланысты?
Вулкан атқылауының қандай түрлерін білесіңдер?
Вулкан атқылауының таралу аймағы қай жерлерде?
1.Жер бетінің қазіргі рельеф типтерінің қалыптасуында вулкандық процестердің маңызы зор. Олар жер қыртысында дамитын немесе жер бетіне шығып төгілетін балқыған және әртүрлі газдарға қаныққан масса магманың шығумен сипатталады. Магмалардың пайда болуына және орын ауыстыруына байланысты процесті – вулканизм процесі деп атайды. Вулкан дегеніміз (латын сөзінен от, жалын дегенді білдіреді) немесе жанартау – жер қыртысының терең жарылыстарымен жарықтар үстінде кездесетін геологиялық құрамалар. Магманың қозғалысы жер бетіне жетпей аяқталуы мүмкін, ондай жағдайда магма жер астында баяу суынып қайтадан қатты денеге айналады да, интрузивтік жынысты қалыптастырады. Егер магма жер бетіне жетіп, төгілген лава суынып, қатаюынан пайда болатын магмалық тау жыныстары эффузивтік (латын сөзі төгілу деген мағынаны білдіреді) жыныстар деп аталады. Жер бетіндегі вулкандар формаларына, әрекет ету сипаттарына және шығаратын материалдарының құрамына қарай әртүрлі болады. Вулкандар үш топқа бөлінеді: өшпеген, өшкен, және ертедегі вулкандар.Өшпеген вулкандар деп қазіргі біздің заманымызда және өткен геологиялық кезеңде магманың атқылап, әрекет жасаған вулкандар қатарын айтады.Өшкен вулкандар деп әрекеті туралы ешбір мәліметі жоқ вулкандарды айтады. Бірақ мұндай вулкандарды уақытша немесе ауыр ұйқыдағы вулкандар деп те атайды, өйткені көптеген вулкандар кенеттен атқылап бастағандары да бар.Мысалы:Мартиника аралындағы Тазығыр тауы 1902 жылы кенеттен әрекет жасаған.Ертедегі вулкандар қатарына бұзылып, мүжіліп, су шайып кеткен өшкен вулкандарды жатқызады.
2.Вулкандар атқылау структурасына қарай 3-ке бөлінеді:аудандық, сызықтық, центральды. Аудандық (площадной) атқылауда магма сырт жақта орналасқан жер қабықты балқытып, оның бетіне көп мөлшерде кең кеңістікке таралады. Ондай вулкан атқылаулары жердің ерте кезеңдерінде қалыптасу жағдайларында байқалған. Қазіргі заманда мұндай вулкандар байқалмайды. Аудандық атқылау вулканына мысал ретінде лавалық қыраттарды жатқызады. Мысалы:Колумбия үстірті және Декан қыраты. Сызықтық немесе жарық тәрізді атқылау кезінде атқылаған лаваны үлкен аудандарға таратады. Қазіргі уақытта мұндай вулкандық атқылаулар құрлықты сирек, мұхит бетінде жиі кездеседі. Мысалы: құрлық бетінде жарық арқылы атқылаулар Исландия, Жаңа Зеландия, Азов, Канар, Гавай аралдарында байқалады. Мұхит түбінде жарық арқылы атқылаулар орталық жоталар орналасқан рифттерде байқалған. Центральды атқылауда вулкандар жер бетіне қарай өте тар каналдармен көтеріледі. Мысалы: Тынық мұхиты түбінде ғана центральды вулкандар саны 5000-нан асады.
3.Вулкандардың көпшілігі әртүрлі, жалпақ төбелі, конус пішіндес, күмбез түрінде де кездеседі.Вулкандық конустар лаваның химиялық құрамына байланысты тік немесе жалпақ болып бөлінеді.Лаваның химиялық құрамына байланысты лаваларды 2 типке бөледі:қышқылды лава және негізді лава. Лаваның құрамында кремний көп болса, қышқылды лава, ал егерде кремний мөлшері 50-тен кем болса негізді лава қатарына жатады. Негізгі лавалар өте сұйық, атқылау процесі байқалмайды, сондықтан ағып шыққан лава біркелкі үлкен ауданды басып жайылады да қалқан тәрізді вулканды қалыптастырады, сондықтан мұндай вулкандарды гавай типтес деп атайды. Мысалы: Гавай аралдары: 3 үлкен вулканнан (Мауна-Кеа, Мауна –Лао, Килауэа) тұрады, биіктігі 4170м, баурай еңістігі 3-8.Гавай типтес Вулкандар атқылауында газадр мен су булары болмайды. Қышқылды лава қою, сондықтан ондай вулкан баурайы тік болады. Лава жер бетіне тар каналмен жоғары көтеріле келе жарылыс сияқты лап етіп атқылап, нәтижесінде воронка тәрізді теріс рельеф формасын қалыптастырады, оны кратер деп атайды.Көпшілік жағдайда вулкандық атқылау осы процеспен аяқталады, кейін түтіктен лава ақпайды. Мысалы: ең үлкен вулкан кратері Ява аралында, оның диаметрі –21км, рекорд. Негізгі кратермен қатар кішірек кратерлерде қалыптасуы мүмкін, оны паразит вулкандар деп атайды. Воронока тәрізді кратер айналасында атқылау кезінде жинақталған жыныстардан валл қалыптасады. Вулканның күлімен құмдары тау бетіне алғаш түскен кезде өте бос, борпылдақ болады, бірақ көп уақыт өткен соң біртіндеп тығыздалып, қатты тау жынысына айналады, оны “вулкан туфы” деп атайды.Кратерден шыққан түтін биік бағана тәрізді тік көтеріледі, мұндай түтін Италияда өсетін пиния қарағайына ұқсайтындықтан, оны пиния тәрізді вулкан деп атайды.Қарапайым формадағы воронка іші суға толған вулкандарды маар деп атайды. Маарлар вулкан атқыламайтын теріс форма, жер бетінде маарлар ФРГ(Эйфель облысы), Францияда (орталық массив) жиі кездеседі. Олардың ендері 200м-3,5км. Дейін, тереңдіктері 60-400м-ге дейін жетеді.Аса ірі кратерлерді кальдера деп атайды.
Өзін бақылауға арналған сұрақтар: Вулкандардың атқылау структурасына қарай бөлінуін ата?
Вулкандардың типтеріне сипаттама бер?
Ұсынылған әдебиеттер:1,2,3,8,9.
№7 дәріс
Тақырып: Морфоскульптура. Флювиальды рельеф
Достарыңызбен бөлісу: |