140
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 4 / 2015
Миоэнтезиялық аппарат жарақаттарына бұлшық еттердің қатты құрысуы,
созылуы, сіңірлер мен фасциялардың жартылай да, толық та жыртылуы жатады.
Бұлшық еттің кенеттен қатты құрысып қалуы спринттік жүгірістерде, әсіресе
кенеттен қозғалыс жасалған сәтте туады. Құрысу процесі негізінде бұлшық еттің
моторлық бірліктері арасындағы үйлесімділік пен қозғыштық бұзылады. Мұндай
функциялық өзгерістер өте қатты ауырсынғандық сезім туғызады. Бара-бара
ауырсынғандық сезім бәсеңдейді, ал қимыл жасауға әрекеттенген кезде қайталанады.
Құрысып қалған бұлшық етті босаңсыту қиын, сондықтан спортшы жаттығуды
тоқтатуға мәжбүр болады. Алғашқы жәрдем ретінде тыныштық, жылулық, бұлшық
етті босаңсыта алатын дәрі-дәрмектерді беру ұсынылады.
Серпімділігінің арқасында бұлшық ет, әдетте, толық созылмайды, ал бұлшық
ет қатты созылса, талшықтары мен қантамырлары үзіледі. Мұндай жарақаттар
спортшыны уақытша істен шығарады, себебі ауырсынғандық сезім пайда болады.
Бұлшық еттің қарыншасы да, сіңірге жалғасқан жері де жарақаттанады, бірақ
функциясы әдетте бұзылмайды, жақын буындар қимыл–қозғалысының амплитудасы
сақталады. Бұлшық еттер мен сіңірлер кенеттен қатты құрысса, жартылай немесе
толық жыртылады. Мұндайда өткір ауырсынғандық сезім пайда болады. Жыртылған
жер қанталайды және қанды ісік пайда болады да, мүше қимылдау мүмкіндігінен
айырылып қалады. Қанталаған және құрысып қалған бұлшық еттер қатты. Жартылай
немесе толық жыртылған бұлшық еттің үстінде шұңқыр көрінеді. Қолдың екі басты,
санның төрт басты, балтыр бұлшық еттері жиірек жыртылады. Бұлшық ет аса қатты
ширыққан сәтте сіңірі жартылай немесе толық үзіледі. Сіңірлердің үзілуіне
тендинит, тендовагинит, паратенонит аурулары септігін тигізеді. Бұлшық ет
жыртылған сәтте тасқа соғылғандай өте өткір ауырсыну сезімі пайда болады. Сіңір
үзілсе мүшенің белсенді қимылы мүмкін болмай қалады. Ахилл сіңірі үзілсе
спортшы аяқ ұшына тұра алмайды. Қолымен басып көрген кезде сіңір көлденеңінде
шұңқыр білінеді. Тиісті бұлшық ет өзінің формасын өзгертеді және шетке қарай
ығысады.
Бұлшық ет қатты жиырылып тұрған кезде соққы тисе, қабығы немесе
фасциясы жыртылады. Сол кезде ауырсынғандық сезім білінеді, ал басып көрген
кезде бұлшық етте сопақша ойыс білінеді де, кейбірде бүйірі бұлтиып шығып кетеді.
Мұны «бұлшық ет жарығы» дейді. Бұлшық еттің және миоэнтензиялық аппараттың
жарақаттарына көрсетілетін алғашқы жәрдем мақсатына, қанталауды азайту мен
ауырсынғандық сезімді басу жатады. Осы үшін хлорэтил себу немесе мұз салған
қаптарды жарақаттанған жерге басу қажет. Жартылай немесе толық жыртылған
бұлшық етті қозғалтпайтын иммобилизация жасалады. Екі басты бұлшық еті
жыртылса білек-шынтақ буынын өткір бұрыш жасай бүгу керек, ал санның төрт
басты бұлшық еті жыртылса, тізе буынын толық жазып, тілерсекті түзету керек.
Толық үзілген бұлшық етке немесе сіңірге ұштарын қосып тігетін ота
жасалады. Қанталаған, ісінген, ауырған жерді қалпына шапшаң келтіру үшін бір
тәуліктен кейін түрлі физиотерапиялық процедураларды және осы мақсатпен түрлі
фармакологиялық препараттарды да қолданады. Отадан 3-4 тәулік кейін емдік
гимнастика қолданыла береді. Алдымен сорушы массаж жасап, соңында басқа
түріне абайлап көшеді.
Буындардың кең тараған аурулары – артриттер, синовиттер, периартриттер,
артроздар. Синовит – буынның синовиальды қабығының қабынуы. Ол буынның
ыңғай асыра жүктенуінен пайда болады. Аса көп жүктенген буынның синовиальды
сұйықтығы қоюлана мөлшері азаяды да, салдарынан буын бетінің шеміршектері
тозады. Спортшы буынында ауырсынғандық сезім пайда болады және қозғалыстары
баяулайды, кейбірде шыртылдаған дыбыс естіледі. Бара-бара буын көлемі шамалы
ұлғаяды, бедерлері жойылады. Бір жағдайларда барлық симптомдары жоғалу үшін
141
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ХАБАРШЫСЫ № 4 / 2015
бірнеше күн демалыс жеткілікті. Басқа бір жағдайларда ауру созыла береді, демек
буын сырқырап ауыра береді, шыртылдаған дыбыс жоғалмайды, контурларының
майдалануы тоқтамайды. Синовит пайда болса машықтануды тоқтату керек. Емдеу
үшін құрғақ жылулық, жеңіл массаж, жақпа майлар мен спорттық сұйықтықтарды
сіңіре жағу, компресс салу көрсетіледі.
Периартрит – буынды қоршап жатқан тіндердің дегенеративтік те,
қабынушылық та өзгерістері. Жиі жағдайда периартрит миоэнтезиттің жалғасы
болып келеді немесе созылмалы паратенонитпен және тендовагинитпен қатар
дамиды. Әдетте баяу дамитын ауру болып келеді. Басып зерттеген кезде буын
маңайындағы тіндерде шамалы ауырсынғандық, ал қимыл кезінде буында қатты
ауырсынғандық, бұлшық еттерінің шамалы семуі байқалады. Көбіне иық, онан сирек
шынтақ және білезік, онан сирек тізе мен тобық буындары зақымдалады.
Периартриттерді емдейтін әдістер миоэнтезиттерді емдейтін әдістерге ұқсас.
Машықтанулар міндетті түрде тоқталуы тиіс.
Артроз – буындардың дегенеративтік-дистрофиялық созылмалы ауруы.
Артроздың пайда болу себебіне ұзақ уақыт бойы асыра жүктену жатады. Бұл буын
бетін қаптап жатқан гиалин шеміршегінің талқандалуына әкеледі. Гиалин
шеміршегінде не қантамырлары, не болмаса лимфа тамырлары жоқ. Оның
қоректенуі синовиальдық сұйықтықпен, осмос және диффузия процестерінің
негізінде жүреді. Ауыр жүктемелер буын шеміршектерінің жаншылуына және
олардың синовиальдық сүйықтықтағы заттармен қоректенуін нашарлатады.
Қарқынды жаттығулар жалғаса берсе шеміршектердің әрбір жері жұмсарады,
ыдырайды және сылынады, демек сүйек затының ашылып кетуіне дейін әкелетін
шеміршектің кемістігі пайда болады. Осының артынан сүйектің шеміршек асты
қабатында өзгерістер туады, сол жерлерде сүйек заты ыдырайды, жылауықтар пайда
болады және сүйек қырлары өседі. Артроздың пайда болуында ұзақ уақыт бойы
шамадан артық жүктенуден синовиальды сұйықтықтың азаюы маңызды.
Сүйықтықтың азаюы буын шеміршегінің жарылуына, жұмсаруына, сылынуына
әкеледі.
Артроздың алғашқы даму фазасында спортшы буынының шапшаң
шаршайтындығына, сырқырап ауыратындығына арызданады. Бұл симптомдар оны
аяқтарының қалпын жиі-жиі ауыстыруға мәжбүрлейді. Қозғалыстары таңертең
қиындайды, амплитудасы шектеледі, ал гимнастикадан соң симптомдар жоғалады.
Машықтануға кіріскен кезде де қимылдардың шектелгені мен ауырлағаны байқалса,
бой жазудан кейін олар жоғалады. Ауру дамыған сайын жұмыс кезіндегі
ауырсынғандық кетпей, машықтануға мүмкіндік бермейді. Зерттеген кезде буын
пішінінің майдаланғаны, бұлшық еттерінің семгені, қозғалыстар амплитудасының
кемігені білінеді. Әдетте артроздар созылмалы болып келеді. Уақыт өткен сайын
буын функциясы қозғалыста ғана емес, тыныштық күйде де бұзылғаны байқалады.
Спортшыларда ең көп жүктенетін буындар зақымдалады: жүгіргіштер мен
футболшыларда – тізе және тобық; гимнасшыларда – иық және шынтақ; балуандарда
– омыртқа бағанасының буындары (спондилоартроз). Артроздардың шапшаң
дамуына буындар жарақаттары септігін тигізеді.
Артрозды емдеу машықтануды тоқтатудан басталады. Физиотерапиямен
қатар электрофорез әдісімен буын қуысына дәрі-дәрмек енгізу қолданылады. Емдік
жаттығулар беріледі. Сүйек пен буын аурулары пайда болған жағдайларда ары қарай
машықтану мәселесі аурудың ағымына, спорттың түріне және басқа да факторларға
қарай дәрігердің нұсқауымен жеке шешіледі. Аурудан жазылу кезеңінде ауруға
дейінгі кезеңмен салыстырғанда, жүктеме көлемі мен қарқыны баяу, баппен
көтеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |