Деметра – (римдіктерде – Церера) гректердiң аса жоғары қадiрлейтiн әйел құдайларының бiрi болатыны – оның қолында жер құнарлылығын арттырып, өнiм - өсiм беретiнi. Үстiне ұзын көйлек киiп, қолына бір құшақ бидай сабақтарын немесе қызғалдақ гүлдерiнен өрiлген тәждi, екiншi қолына орақ немесе отты таяқша (факел) ұстап бейнеленедi. Суретшiлер Деметраның жүзiндегi мұңды көбiне қызы Персефонамен байланыстырады. Өйткенi, тұрмыстағы Персефона мезгiлi келгенде жер астындағы күйеуiне кетуге мәжбүр болады. Гомердің гимнінде ол аңыз төмендегідей баяндалады:
“Әйел құдай Деметраның Персефона есімді жас, сұлу қызы болды. Персефонаның әкесi Зевс. Бірде Персефона өзінің құрбылары, океанидалармен (мұхит перілерімен) бірге гүлденген Нисей (Сарония шығанағының жағалауы. Мегара аймағындағы алқап) сайында алаңсыз ойын-сауыққа беріледі. Бейне бір ала қанат көбелек тәрізді, Деметраның жас қызы гүлден гүлге ыршып қонып жүрді. Ол ал қызыл раушан гүлдерін , хош иісті фиалкаларды, аппақ қардай лалаларды және қан қызыл сүмбіл гүлдерін үзумен болды. Әкесі Зевстің өзіне нендей тағдыр белгілегенін білмеген Персефона алаңсыз еркелікке берілді. Күннің сәулесін жуық маңда көрмеспін, гүлдерге сұқтанып, олардың тәтті иісін иіскемеспін деп Персефона ойлаған да жоқ-ты. Зевс оны өзінің ағасы, шейіттер патшалығының әміршісі, қабағынан қар жауған Аидке әйелдікке берген еді, сөйтіп Персефона сонымен бірге ыстық лепті оңтүстік күннің жарығынан мақрұм болып, жер асты патшалығының қара түнегіне өмір сүруге тиіс болды.
Аид Персефонаның Нисей алқабында жүргенін көрді де, оны дереу ұрлап әкетуге ұйғарды. Ол жердің әйел құдайы Геядан әлемде жоқ әсем гүл өсіріп беруді өтінді. Әйел құдай Гея келісе кетті, сөйтіп, Нисей алқабында ғажайып гүл өсіп шықты, оның басты айналдыратын хош иісі айналаға тегіс тарады. Персефона гүлді көрді, міне гүлді үзіп те алды. Кенет жер қарс айырылды да, жер астынан алтын күймесіне қара аттар жеккен Аид шыға келді. Ол Персефонаны бас салып ұстап алып, күймесіне отырғызды да, көзді ашып-жұмғанша өзінің ұшқыр аттарымен жер қойнына кіріп жоқ болды. Персефонаның тек айқайлауға ғана шамасы келді. Деметраның қызының үрейлі дауысы алысқа кетті; ол теңіздің тұңғиық түбіне де биік Олимпке де жетті. Персефонаны қара түнек Аидтің қалай ұрлап әкеткенін ешкім көрген жоқ, мұны тек Гелиос құдай – Күн ғана көрді.
Әйел құдай Деметра Персефонаның айқайын естіді. Ол Нисей алқабына жетуге асығып, қызын барлық жерден іздеді, бірақ ол еш жерде жоқ болып шықты. Мұхит перілері Персефонаның қайда кеткенін көрмеген еді.
Сүйікті жалғыз қызының жоғалғаны Деметраның жүрегіне шемен болып жабысты. Қара киген Деметра, көзінен ащы жасын ағыза жүріп, тоғыз күн бойы қызын іздеді. Ақырында, оныншы күн дегенде Күн құдайы – Гелиосқа келіп, ебіл-себіл боп жалбарынды:
Уа, нұр шапақты Гелиос! Сен алтын күймеңмен аспанды аралап, жер мен теңіздерді шарлайсың, сен бәрін де көресің, сенен ештеңе де жасырына алмайды; егер сен бақытсыз анаға титтей де болса жаның ашыса, менің қызым Персефонаның қайда кеткенін, қайдан іздеу керектігін айтып бер! Мен оның шыңғырғанын естідім, оны әлдекім ұрлап әкетті, кім ұрлағанын айт. Барлық жерден іздедім, бірақ таба алатын емеспін.
Деметраға нұр шұғылалы Гелиос жауап берді:
- Құдіретті құдай, менің сені қандай құрмет тұтатынымды, сенің қайғыңа қалай қайғырып тұрғанымды өзің де көріп тұрсың. Ұлы Зевс сенің қызыңды өзінің қара түнек ағасы Аидке әйелдікке бергенін біліп қой. Аид Персефонаны ұрлап, үрейге толы қара түнек патшалығына әкетті. Ауыр қайғыңнан арылуға тырыс, әйел құдай: өйткені сенің қызыңның күйеуі құдірет қой, қызың Зевстің сол құдіретті ағасының әйелі болды ғой.
Деметра одан әрмен қапалана түсті. Ол өзімен келіспей Персефонаны Аидке әйелдікке бергені үшін найзағай құдайы Зевске ыза болды. Ол құдайларды тастап, Олимптен безіп, жай қарапайым адам қалпына кірді де, ащы жасын төгіп, адамдар арасында ұзақ уақыт жүрді.
Жер бетінде өнім-өсім атаулы өсуден қалды. Ағаштардың жапырақтары қурап, желге ұшып таусылды. Ормандар сидиып жалаңаш қалды, шөптер солып бітті: гүлдер ала шабыр бастарын иіп, қурап бітті. Бауларда жеміс болмады, жасыл жүзімдіктер солып, тозып қалды. Бұрынғы құнарлы егін алқаптары шаңытып шыға келді, топыраққа түк те өспеді. Жер бетіндегі тіршілік атаулы тоқтады. Бар жерді аштық жайлады; жылап – сықтау мен күрсінулер көбейді. Бүкіл адамзат ұрпағына өлім қаупі төнді. Бірақ қайғыға шомған Деметра ештеңені көрген де, естіген де жоқ.
Әйел құдай Деметра Элевсинде, Каллихора бұлағының жанында өзіне ғибадатхана салуға бұйырды, сөйтіп, өзі сонда тұрып қалды. Осы жерде Деметраның өзі мереке-тойлар өткізуді белгіледі.
Өзі жанындай жақсы көретін қызы жайлы қайғыдан Деметра арылмады, Зевске деген ашу-ызасын да ұмыта алмады. Жер бұрынғысынша суалып жатты. Аштық барған сайын күшейе түсті, өйткені диқандардың танаптарына бір тал шөп шықпады. Өгіздер ауыр соқаларды егістікте босқа сүйреумен болды. Олардың жұмысынан нәтиже болмады. Тұтас тайпалар қырылып жатты. Аштардың жалбарынған үні аспанға жетіп жатты, бірақ оған Деметра құлақ қоймады. Ақырында жер бетінде мәңгі өлмейтін құдайларға арналған құрбандықтың түтіні де көрінбейтін болды. Бүкіл тіршілік атаулыға ажал қаупі төнді. Бұлт айдаушы Зевс адамдардың қырылып бітіуін қаламады. Ол Деметраға құдайлардың хабаршысы Ириданы жіберді. Ол өзінің түрлі түсті қанатарын қағып-қағып жіберіп, Элевсиндегі Деметраның ордасына жетіп келді де, Деметраны Олимпке - құдайлар арасына шақырып, жалына бастады. Деметра оның сөзіне құлақ аспай қойды. Ұлы Зевс Деметраға басқа құдайларды жіберіп көрді, бірақ әйел құдай Аид Персефонаны қайтармайынша Олимпке қайтып оралғысы келмеді.
Сонда ғана Зевс Аидке қиялдай ұшқыр Герместі жіберді. Гермес Аидтің патшалығына бір-ақ түсті, алтын тақта отырған өлгендер жанының әміршісі алдына келді де, Зевстің әмірін хабарлады.
Аид Персефонаны анасына қайтаруға келісті, бірақ кетерінде оған неке символы болып табылатын анар жемісінің дәнін жегізді. Персефона Гермеспен бірге ерінің алтын күймесіне отырып, Аидтің мәңгі өлмейтін аттары жүйтки жөнелді, оларға ешқандай бөгет қорқынышты емес еді, сөйтіп қас қаққанша Элевсинге жетіп келді.
Қуаныштан бәрін де ұмыт еткен Деметра қызына құшағын жая ұмтылды. Оның сүйікті Персефонасы тағы да өзімен бірге. Деметра қызымен Олимпке қайтып оралды. Енді Зевс мынадай ұйғарымға келді. Персефона жылдың үштен екі бөлігінде анасымен бірге тұрады да, ал үштен бір бөлігінде ері Аидке қайтып баратын болады.
Мұндағы ежелгі гректердің көктемнің келуі - Персефонаның қара түнек жер асты Аидтің патшалығынан өз анасы Деметраға оралуымен байланыстырады. Яғни, жылдың үштен екі бөлігінде анасымен болған сәтте жер – Ана буырқанып-бұрсанып, жер тіршілігіне жан сыйлайды. Күн-Гелиос жоғарыда айтқанымыздай, Деметраны аса қадір тұтатын-дықтан, жылу сәулесін аямай, Деметраның қызы Персефонаның келуіне орай өзі де қуанатын болған.
Деметра жердің құнарлылығын қайтіп берді, сөйтіп бәрі де қайтадан гүл шашып, жасыл желекке бөленді. Ормандар көктемнің көгілдір жапырағына оранды; шалғындардың жасыл алқабында гүлдер шешек атты. Көп ұзамай егін танаптары да сыбдыр қаға бастады; баулар гүл шашып, хош иіске бөленді; жүзімдіктердің жасыл желегі күн нұрымен құлпыра түсті. Барлық табиғат ұйқыдан оянды. Бүкіл тіршілік атаулы шаттыққа бөленіп, ұлы әйел құдай Деметра мен оның қызы Персефонаны мадақтап жатты”.
Бұл жыл маусымының ауысуына байланысты қазақ ішіндегі жағдайды Сәкен Сейфуллин былай деп көрсетеді: “Пішені жоқ, салынған жылы үй-қорасы жоқ, малын тек “тәңірлерге” тапсырып, аяқ жайылысқа, ауыз жайылысқа қоя беріп, күннің құбылысына қарап отырған… мал тәрізді елге қыс – “қылышын сүйреткен қаһарлы жау” тәрізді болып көрінген де, жаз жанды жадыратқан рахым анасы тәрізді болып көрінген. Қыс өтіп, жаз басталғанда, ел демін бір алып, көңілі жадырап, қуаныш қылатын. Сол қыс өтіп, жаз басталатын рахымды мезгілдің басын “наурыз” деп атап, қуаныш мейрам қылатын” – дейді.
“Бірақ Персефона жыл сайын анасын тастап кетеді, Деметра қызы әр кеткен сайын қайғыға шомып, қайтадан қара киімдерін киіп алады. Сөйтіп, күллі табиғат Персефонаны жоқтап қайғырады. Ағаштардың жапырақтары сарғайып, күзгі жел ұшырып әкетіп жатады, гүлдер солып, егін танаптары құлазып, қыс түседі. Табиғат ұйқыға шомады, ол енді Персефона Аидтің көңілсіз патшалығынан өз анасына қайтып келетін көктемнің қуанышты шуағында ғана оянады. Ал Деметра қызы қайтіп келген кезде, құнарлылық тәңірінің ісін қайтадан бастайды, жомарт қолымен адамдарға сый шашып, диқанның еңбегін мол астықпен өтейді”.
Ежелгі гректер бұл табиғаттың құбылысын жылдың ауысуымен байланыстырады. Ертеден келе жатқан сақталып қалған әндердің кейбір үлгілері диқаншылық күнтізбесімен байланысты. Родос аралында көктем мезгілінде жастар мен бозбалалар үй-үйді аралап, ән-жыр айтып, жақсы жыл мен жыл мезгілін алып келетін қарлығаштардың келгені туралы хабарды таратып, “қарлығашқа есік ашуын” сұрап, тәтті тағамдар, ірімшік, шарап беруін тілеген. Бұл қазақтың көктемгі жарапазанды айтумен сәйкес келеді. “Жарапазан – қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп жарапазан айтады. Жарапазан мәтіні әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құралады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен, жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Әрине, айтушы өзінің қабілет-қарымына орай жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Жарапазанның негізгі мақсаты – ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған әсіресе жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді”. Бұл дәстүрдің ортақ – ұқсастығы – мейрамға жас жігіттер мен қыздардың, бозбалалардың қатысып, үй жанына барып, үй иелерін мадақтап ән-жыр айтуы, бұйырған ас пен дәмнен татулары айқын көрінеді.
Көне гректерде осы тұста неке құдайы Гименейге арналған әндер де шырқалды. Бұл әндер кейінен көптеген европалық лирикасының гименей және эпиталамий деген ерекше жанрларының қалыптасуына мүмкіндік туғызды. Бір атап өтер жайт – түркі, кейбір европалық елдердің көктемнің нағыз күшіне еніп, жер көгеріп, мал төлдеп, адамдардың арқасы кеңіп жатқан уақытта “Ұлы күн”, “Ұлыстың ұлы күні” немесе “Наурыз”, “Жаңа күн”, “Жаңа жыл” деп мағына беретін мезгілді ойран-асыр той жасап, бүкіл халықтық мейрам есебінде өткізетін мерекелік шара әлі күнге дейін өз жалғасын табуда. Бұл мейрам көне элладалықтардың жоғарыда атап өткеніміздей, ұлы тәңірие Деметраның жанындай жақсы көретін, жалғыз қызы Персефонаның алты ай арылтып, сағындырып, Аид патшалығынан келуімен байланысты көктем шыққанда “Патрих” (грекше, - “Ұлылық”, “Ұлықтау”) мерекесі өткен. Мұндағы Деметраның көптен көрмеген қызының келуіне орай, әйел тәңіриенің көңілденіп, Жер-Ана секілді буырқанып-бұрсанып жатқан мезгілі, көктемнің келуі деп қабылдаған.
Элладалықтардың бұл мезгілді қалай қарсы алатындығын Квинт Курций Руф “Ескендір Зулқарнайынның жорығы” атты еңбегінде былай деп суреттейді:
“Ұлыс күні таң шапақ бере падишаның шатырының үстіне күн бейнесі қойылып, алаңға қызыл мәуіті киген үш жүз алпыс бес бозбала шығады. Мереке-думан осыдан басталады”. Профессор Серік Негимовтың пікірінше, бұл “Үш жүз алпыс бес бозбала бір жыл ішіндегі тәулік саны.
Наурыз ұғымы көптеген халықтар тілінде “Гүлнавруз”, “Гүлгардони”, “Байчечак” , “Декхан” (тәжікше), “Навруз” (өзбекше), “Патрих” (грекше) деп аталады.
Ұлы Абай “Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы” деген шығармасында былай деген екен: “Ол күнде Наурыз деген бір жазғұтұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін “ұлыстың ұлы күні” дейді екен”. Абайдың пікірінше, “ұлыс” сөзі қазақ дегеннің алдындағы атауы тәрізді.
Ал М. Жұмабаев: “Қазақ Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны – ел бір-бірімен көрісіп “Жасың құтты болсын” – дейді. …Сондықтан қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы” – деп дұрыс, әрі әділ қорытынды жасайды”.
Қазақ аңыздарында Деметраның мифтік образы Диқан бабаға сәйкес келеді. Әдеттегі жаздың қыспен, қыстың жазбен аламасуында Диқан бабаның атқаратын ролі ерекше. Қазақ аңызында Диқан бабаның Деметрадан бір өзгешілігі ер адам ретінде бейнеленеді. Ол көбіне адамзатқа өсім-өнім беруші, берекелі, көңілі түссе жомарт, өкпе-реніші болса адамзаттан жалт беріп, бүк түсіп, жатып қалатын тоң мінезді құдірет бейнесінде көрінеді.
“Сонау – сонау атам заманда” – деп басталады, қазақтың ертедегі мифтік әңгімесінде. “Адам жаңа адам болып келе жатқанда, аспан ата мен жер ана “Жан бергенге дән беріп” жан біткенді жарылқап, Диқан баба жыл сайын жаңбыр орнына арпа – бидай, қар орнына аппақ ұн жаудырып отырған екен. Сонан соң егін бейне жердің шөбі сияқты жыл сайын өзі өніп - өсіп, мезгілімен пісіп тұратын болыпты. Ол замандағы ел-жұрт “сенікі-менікі” демей дайын астықты жинап алып, шетінен жей береді екен. “Ашаршылық” дегенді білмейді екен. Бір жылы егін аққұла қалың шығыпты да, орасан аста-төк болып, ішуге ауыз, қоярға жер табылмапты. Мұндай молшылықты көтере алмай мейманасы тасыған адамдар: “Диқан баба, биылдан көп беріп қиқаңдама” деп кепият сөздерді айтыпты. Көл-көсір астықты аяқ асты етіп қорлапты.
Бұл оспадарлыққа өкпелеп шамданған Диқан баба үш жыл ұдай теріс қарап: “Ас қадірін білмесең, ашаршылық берсін жазаңды” депті де көктен жаудырғанды қойып, жер бетіне бір түбір дән өсірмей тастапты. Ашаршылыққа тап болып, тентіреген жұрт Диқан бабаға қайтадан жалынып-жалбарыпты, шұбырып алдына барып, аяғына жығылып, кешірім сұрапты. Алдына келіп, аяғына жығылған жұрттың білместігін кешірген Диқан баба оларды қайта есіркепті. Бірақ бұрынғыдай аспаннан арпа-бидай, ақ ұн жаудырмай, оның орнына жазда жаңбыр, қыста қар жаудырып: “жауын-шашынның суына өздерің егін егіп, тер төгіп, керектеріңе қарай қоректеріңді алып отырыңдар”, – депті.
“Ашаршылық тартып, ас қадірін білген” жұрт маңдай терін төгіп, өз қолымен егін еккен соң, егіннің қадіріне жетіп, бұрынғыдай ас-азықты төгіп-шашып “нан тептілік” істемейтін, кесірлі-кепият сөздерді айтпайтын болған екен” – делінген, “Қазақтың мифологиялық әңгімелері” деген еңбекте.
Диқан бабаның халық арасындағы құрметі ерекше. Көне дәуірден бастап, оның мейірбандығы мен халыққа қамқор қасиеті жалпақ елге тарғаны сондай, оны тіпті тәңірлілік, құдай дәрежесінде көріп, ол жөнінде мадақ өлең-жыр айтылатыны Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” еңбегінен көре аламыз:
“Диқан болса тамақ тоқ:
Бар диқандар – түгел
пайда бұлардан,
Еліне олар ас-су, тамақ, болар нан.
Ашыққан ел, тойынған жан табылар –
Бәрі де осы диқандарға табынар”
– дейді.
Тағы бір жырында:
“Диқанның наны – адал:
Сен диқанмен қатынасып, аралас,
Сонда болар тәтті тағам, адал ас
Құдай берген диқандардың қолы ашық,
Пейілі – кең, көңіліне жол ашық”
– десе, тағы бір жырында:
“Жер жүзінде тіріге сән диқандар,
Жүретінге – ас, ұшқанға -
дән диқандар”
– деп, жырлайды.
Қазақ халқының бай әдеби мұрасын жинап, зерттеуші Г.Н.Потанин ата-бабаларымыздың егіншілікпен айналысқанын бейнелейтін өлең-жырды ұсынады. Онда диқан арық қазып, егін егіп, жаз уақтысында жаңбыр жаумай, одан қалса, торғайдың егінін жеп кеткеннен, алған өнімнің аз болғанын көрсетеді:
“Байғұра алмай, тағы да байғұра алмай,
Егінші арықтады егінін суғара аламай.
Бидай, тары бермедің барғанымда,
Жеп кетті егініңді жұтта торғай…”
деген өлеңді ХІХ ғасырда қазақ арасынан жазып алған.
Ертеде ата-бабаларымыздың егіншілікпен айналысқаны тек шаруасынан ғана емес, оның қазіргі кезеңге дейін сақталған мақал-мәтелдерден де көру қиын емес. Айталық, “Егінші мәрт, жер жомарт”, “Берген алар, еккен орар”, “ Тамыр тартқан тарықпас”, “Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен”, Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер”, “Егін ексең тыңға ек” және тағы да басқа мақал-мәтелдер халқымыздың егіншіліктің мән-жайын білгендігінің күәсі.
Академик А.Н. Веселовский диқаншылыққа байланысты ”Көне Египетте астық басып жүріп мынадай өлең айтады дейді: “Басыңдар, өгіздер, басыңдар өздерің, басыңдар өздерің масақты; бұл дәннің бәрі де өзіне тиеді. Осындай өлеңдер көне және жаңа Грецияға да таныс”.
Ал тарихи деректерге мән берсек, археолог Кемел Ақышев қазақтың арғы тегі сақтар мен үйсіндердің, қаңлылардың егіншілікпен айналысқанын жоққа шығармайды: “Жерді тас соқалармен жыртып, өнген өнімді қоладан жасалған орақтармен орып, тас кеспектермен бастырған. Андрондықтар мұрагері – сақ, үйсін, қаңлылар маусымды және суармалы егін шаруашылығымен айналысқан” – десе, академик Әлкей Марғұлан: “Қаратаудың теріскей бетіндегі Тарсатөбе, Баба ата, Құмкент, Шолаққарған, Саудакент, Ақсүмбеден табылған әр түрлі тас құралдар бір кезде қыпшақтардың да мәдениетті, отырықшы ел болып, егін егіп, орақ орып күн көргенін күәландырады. ХІ-ХV ғасырлардың арасында Сарысу, Кеңгір өзендерінің жазығы мен Ұлытаудың тасты сайларында, Шудың төменгі ағысы мен Бетпақ даланың теріскей тұс-тарында көшпелілермен қатар отырықшы диқаншылардың болғанын анықтайтын дерекер бар.
Егіншілікпен айналысқан адамдардың алдымен ұшталған ағаш таяқ кейінірек тастан не сүйектен жасалған кетпендерді қолдануы қола дәуірінің алғашқы кездерінен басталып сол дәуірдің соңғы шағына дейін сақталып келген. Бірақ, қола дәуірінің кезеңінде Орталық Қазақстан түгелдей дерлік төрт түлік мал өсіру ісімен шұғылданған да, ал Оңтүстік өңірі диқаншылық кәсіппен айналысқан. Өйткені бұл аймақтың жер жағдайы мен ауа-райы мал өсіруден гөрі егін егеуге қолайлы, тиімдірек болған.
Қазір Атасу, Ұлытау, Бұғылы, Қарқаралы мен Суық бұлақ кенттерінің маңынан қазылып алынған тас кетпендер, негізінен, егін егіп, жер өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар екені дәлелденіп отыр. Орталық Қазақстанның бірталай жерлерінен тары, арпа, ақтайтын келілер, қуырған бидайдың қалдықтары табылған. Ал, қоладан, мыстан жасалаған жабайы қол орақтардың Степняк, Шығыс Қазақстан, Жетісу жерлерінен ұшырауына қарағанда егіншілік ежелгі қазақ руларының қосымша кәсібі болғандығын растайды”.
Бұдан шығар қорытынды, ертедегі ата-бабаларымызыдың бірың-ғай мал бағып, төрт түліктің соңында жүріп, егіншілікті білмей жүрген ел еместігін көрсетеді. Ал сол шаруға орай өздерінің рухани мұралары жақын болғандығын, тек мифологиядан ғана емес, сонымен бірге мате-риалдық-экономикалық, археологиялық табындылардан аңғарамыз.
Ал қайта Деметраның өзіне келсек, оның құдіреттілігі ежелгі Европа, Азия елдеріне ертеден белгілі болса керек. Айталық, гректің ежелгі бір әфсанасында сақ - скиф дәуірінде болған жайт құнарлылық құдайы Деметраның есімімен байланысты болғандығын көрсетеді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Деметраның өз рұқсатынсыз Персефонаны қара түнек, өлілер патшалығының иесі Аидке бергені үшін Зевске өкпелеп, Олимптен кетіп, қарапайым күйге еніп, жерге түседі де, Элевсин деген қалада тұрақтап қалады. Сол тұста қызын сағынып, мұңға батқан Деметра көңіліне медеу тұту үшін, Келей патшаның ұлы Триптолемді бауырына басып, өз тәрбиесін береді. Үлкейіп, ер жеткен соң, Триптолемге бидай дәнін беріп, Элевсин алқабын соқамен үш рет жыртқызып, жыртылған жерге тұқып сеуіп, өзі желеп-жебеген алқаптан мол түсім алады.
Ендігі кезде, Деметра Триптолемге барлық елдерді аралап егін егуді үйрету үшін, қанатты жыландар жегілген ғажайып күйме жасап береді. Сол күймеге отырған Триптолем шалғайда жатқан Скиф жеріндегі Линх патшаға барып, оны егіншілікке үйретеді. Бірақ скиф-тердің арамза, тәкаппар патшасы Линх Триптолемнен диқаншылық ұстазының даңқын тартып алып, оны өзі иемденгісі келеді. Түнде ұйқыға кеткен Триптолемді Линх өлтірмек болған тұста, Деметра өзі араласып, құдіреттілігі арқасында жанын аман алып қалады.
Гректер мен қазақтың байырғы қонақжайлық дәстүрі бар болатын болса, соны бұзып, құдай сүйіктісіне қол көтергені үшін арамза Линхті аса ауыр жазаға ұшыратады. Түн уақтысында ұйқыға кеткен қонағын қанжармен өлтірмек болған Линх әп-сәтте жабайы сілеусінге айналады да, қалың ну орманға кіріп жоқ болады. Ал Деметраның сүйікті ұлы көп ұзамай, өзінің ғажайып күймесіне отырып, елден-елге барып, диқаншылық өнерін үйрету үшін скифтер елінен шығып, ұзақ сапарға аттанады.
Деметра скифтер патшасы Линхті ғана емес, сонымен бірге Фессалия патшасы Эрисихтонды да жазаға ұшыратады. Бұл да Линх сияқты өркөкірек, арам, дөрекі адам еді. Ол құдайларды құрметтеп, ешқашан да құрбандық шалған емес еді. Тіпті, өркөкіректікке салынып Деметраға тіл тигізіп, қасиетті орманында өсіп тұрған жүз жылдық емен Дриаданың (Дриадалар – грек мифологиясында орман-тоғайда өсіп тұратын ағаш қыздары. Ағаштарды күтіп-баптаған адамдарға қамқорлық жасап отырған) ағашын шауып тастауды ұйғарады. Құдайдың кәріне ұшыраудан қорыққан қызметші еменді шабудан қаймығады. Ашуға мінген Эрисихтон қызметшінің қолынан балтаны жұлып алып, қызметшіні шауып өлтіріп, жүз жылдық еменге балта бойлатады. Еменнің ішінен ауыр күрсінген үн шығады да қабығынан қан шапши бастайды. Көп ұзамай емен жерге күңірене құлап, ішіндегі дриада өліп тынады. Қасиетті орманның иелері дриадалар әйел құдай Деметраға келіп мән-жайды айтып, Эрисихтонды тәубасына келтіруін сұрайды. Эрисихтонның бұл қылығына әбден назаланған Деметра, қанатты жыландар жегілген күймемен бір дриаданы алыстағы Скифия мен Кавказ тауларына жібереді. Онда құлазыған тауда жүзінде қан-сөлі жоқ, сүреңсіз, ұрты суалған, көзі шүңірейген, шашы дудыраған, сүмірейіп, ілмиген аштық құдайы өмір сүретін. Сол аштық құдайын дриада дереу Деметраға жеткізеді. Деметраның әміріне бас ұрған аштық құдайы Эрисихтонның үйіне келіп, бүкіл ішкі болмысындағы тойынбас аштықты зұлымның бойына үрлеп жібереді. Құдай кәріне ұшыраған Эрисихтон асты талғамсыз жеген сайын, қарыны ашып, араны ашыла түседі. Ол өзінің талғажауын айыру үшін бүкіл жинаған дүниесін суша сапырды, бірақ бойын жайлаған аштық оны күн өткен сайын азапқа сала берді. Көп ұзамай қарынның қамын ойлаған зұлым дәулетінен айырылып, қайыршылыққа ұрынып, қолында тек жалғыз қызы ғана қалады. Ар-ұятын сатып, қарынын тойдыру үшін енді өзінің туған қызын саудаға салады. Ал қызының бойында теңіз құдайы Посейдон сый еткен әр алуан бейнеге кіретін керемет сиқырлық қасиеті бар еді. Ол әр жолы бірде жылқы, бірде құс, бірде сиыр бейнесіне еніп (Метаморфоза), сатып алған қожайынынан құтылып, қашып шығатын.
Эрисихтон қызын қанша сатса да тапқан ақшасы жұмырында жұқ болмады. Бойын әбден аштық меңдеген зұлым ауыр азап көріп, түбінде өзінің денесіне ауыз салып, адам айтқысыз қорлықпен көз жұмады. Сөйтіп, Деметра өзіне тіл тигізіп, сенімді серіктерін өлтіргені үшін арамза Эрисихтоннан осылай кек алады.
Деметраның Персефона атты қызы мен бауырына басқан ұлы Триптолемнен басқа да балалары бар. Байлық пен дәулеттiң құдайы – Плутос Деметраның ұлы. Оның әкесi Крит аралындағы жер иеленушi Ясион.
Деметраның тағы бір сөйлей бiлетiн, адам секiлдi ойлайтын, желаяқ Арион атты жылқы кейіптес баласы бар. Оның дүниеге келуі жайы төмендегідей: Ол су құдiретi Посейдонның ұлы. Алғашын-да Деметраның көрiктiтілігі мен сұлулығына көңiлі құлаған Посейдон ұзақ уақыт iзiне түсiп, жас әйел құдайды мазалауын қоймайды. Жанына тыныштық тiлеп тасаланған Деметра бие кейiпiне енедi. Қулығына құрық бойламайтын Посейдон Деметрадан айласын асырып, жылқы кейiпiне енiп, Деметраға қосылады. Осы арқылы Арион атты жылқы ұлы дүниеге келедi.
Зевс секiлдi Деметра да азаматтық тәртіптi сақтап, Гера сияқты некенiң негiзiн қалаушы болып есептелiнедi. Сондықтан, халық арасында Деметра мен қызы Персефона екеуi Фесмофоралар (заң енгiзушi, соны сақтаушы) деп аталып, солардың құрметiне өз еркi бар, тұрмыс құрған әйелдер құрамы күзгi мезгілде Фесмофорий мерекесiн жоғарыдағы тәңірие әйелдерге арнайды.
Достарыңызбен бөлісу: |