немейлiк арыстанды қылқындырып өлтiредi. Сол арыстанның шапса қылыш кеспейтін, атса оқ өтпейтін қасиетіне қарай, терісін сыпырып алып, дулыға, сауыт есебінде киіп жүреді. Антик пен Ренессанс дәуіріндегі суретшілер, мүсіншілер, өнер саласындағы қайраткерлер Гераклды үнемі осы ажырамас атрибуты немейлік арыстан терісімен бейнелейді.
Екінші ерлігі – Лерна маңындағы батпақты жерге адамдар мен жануарларды ертiп әкелiп, қырғын салатын, кеудесi жылан 9 басты құбыжық лернейлiк айдаһарды өлтiредi.
Үшінші ерлігі – талай адамдар мен жануарларға шабуыл жасап, оларды мыс тырнақ-тұмсықтарымен паршалап тастайтын стимфал құстарын тимпанды даңғырлатып шошытып, әуеге көтерiлгендердiң бәрiн жай оқтарымен қырып салды. Аман қалғандары алысқа Эвексин Понтына (Эвексин Понты яғни “қонақжай теңiз”. Гректер жемiс-жидегi мол, қонақжай жағалауларын көргеннен кейiн Қара теңiздi осылай атап деп кеткен. Олар Қара теңiздi бұрын Аксен, яғни теңiз дауылы үнемi соғып тұратын болғандықтан “қонақ күтпейтiн қайрымсыз теңiз” деп атайтын) жағалауларына ұшып кетiп, бұдан кейiн еш уақытта да Стимфал төңiрегiне қайтып оралған жоқ.
Төртінші ерлігі – Еврисфейге мүйiздерi алтын, аяқтары мыс Кериней бұғысын бiр жыл аңдып жүрiп, ақыры қиыр-солтүстiкте гиперборейлер елi, Истр бастауында (қазiргi Дунай, Европаның солтүстiгiн жақсы бiлмейтiн гректер Дунай жердiң қиыр солтүстiгiнен басталады деп ойлаған) дейiн жетiп, керi қашқанда бұғыны Аркадияда өзiнiң мүлт кетпейтiн жебелерiмен жарақаттап, тiрiдей Микеныға алып келедi.
Бесінші ерлігі – Фессалия төңiрегiне қорқыныш үйiрген, адамдарды алып азу тiстерiмен жарып өлтiретiн, Эриманф тауында мекендейтiн сиықсыз дәу қабанды тас қылып байлап, тiрi күйiнде Микеныға жеткiзедi.
Жолшыбай Фол мен Хиронға кiрiп, соғыс құмар Кентаврлармен (басы адам, денесi жылқы кейiпiндегi мифтiк образ) шайқасып, екеуiн де улы жебелерімен мерт етедi.
Қазақ әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті мұраларындағы жиі ауызға алынып жүрген басы адам, денесі жылқы кентаврлар турасындағы аңыз ежелгі эллиндердің мифологиясында жиі ұшырасатын мифтік персонаж. “Барған жерің Балқан тау, ол да біздің көрген тау” дегендей, Европаның оңтүстік-шығысындағы Грекия шекарасындағы Балқан түбегіне дейін жеткен скифтерді ескі эллин жазбаларында “аттарымен бірге тұрады, адамша тілдесіп, бірге тамақ ішеді” деп жазып кеткен. Аңыздарында аттың құлағында ойнаған жауынгер елді алғаш рет көргенде, үрейі ұшқан эллиндер оларды аттың денесімен тұтасып кеткен елді кентаврлар деп атаған.
“Кентавр – мифологиялық бейне” – деп бейнелейді “Ежелгі Қазақстан мифтері” деген еңбекте.
“Оның ежелгі грек әдебиеті мен өнерінде пайда болуы – ежелгі Эллада тұрғындарына құдды атпен тұтасып кеткен далалық адам бейнесінде көрінген сол заманғы ақиқаттың түсініксіз әрі ғажайып құбылысын санаға үйлесімді сіңіруі.
Салт атты далалықтардың сипаттамасы мынадай: “Динлин патшалығы бар. Ондағы адамдардың тізесінен төмен жүн өседі, (олар) жылқы тұяқты, жаяу жүргенді ұнатпайды”. “Тағы да онда жалбыр жүн басқан, жылқы аяқты батырлар бар. Бұлар Динлин елінің тұрғындары екен. Олар өз-өздерін аяқтарынан қамшымен сабалап, күзгі аспандағы жабайы қаздардай “га! га!га!” деп қиқулап, сақарада желдей жүйткіп өтеді” – делінген, яғни б.д.д. ІV – ІІІ ғғ. қытай жылнамаларының авторлары көшпелілерді нақ осылай қабылдайды.
Кентаврлардың (жартылай адам-жартылай ат) бейнелеріне, әсіресе, антикалық классикалық әдебиет пен өнер бай. Мифтерде кентаврлар құмарлыққа салынған, кепкен етпен қоректенетін дөрекі, хайуан кейпінде көрінеді. Олардың негізгі қаруы – ауыр шоқпарлар мен дұшпанға жойқын күшпен лақтыратын зор жартас сынықтары. Олар құдды грек өркениеті мен мәдениетіне дұшпан, дөкір күштің бейнесіндей болды. Сірә, Грекия мен Даланың алғаш беттесуі, белгісіздік пен таңғажайыптың алдындағы үрей осындай бейнелерді тудырған болар. Жануар терісінен жасалған киіммен жапан далада желдей жүйткіген салт аттыларды ежелгі жаяу гректер басқаша пайымдай алмас еді. Бірақ уақыт өте келе дөрекі жануар бейнесі неғұрлым жұмсақ сипатқа ауысты.
Антикалық орта дәуірде кентавр мүлдем басқа кейіпте қабылданды. Мұнда кентаврлар көптеген атақты грек қаһармандары мен батырларының – Ахиллестің, Леонның, Кастордың, Полидевкінің және Гераклдың ұстаздары (Солардың ішінде тек Хирон ғана) ретінде танылды. Әсіресе, дана кентавр Хиронның аты жұртшылыққа кеңінен мәлім. Ол сазгер, гимнаст, мерген садақшы, шипагар емші және сәуегей болған. Өзінің шәкірттерін алуан ғылымға үйретіп қоймай, оларды нағыз жауынгерлік машықтарға баулыды.
Бірде Геракл мен Хирон керісіп қалып, қиян-кескі шайқасқа түседі. Геракл улы жебемен кентаврды ұшырып түсіреді. Бірақ дана шипагер өзінің жарасын кәдімгі көктікен деген гүлмен емдеп жазады. Сол кезден бері көктікен кентавр гүлі деп есептеледі. (Гүлмен емдеу қазақтың көнеден келе жатқан аңыздарында ұшырасатынын айта кеткен жөн. Мәселен, “Қорқыт ата жырындағы” Дерсеханның Бұқаш деген ұлының өз әкесінің жебесінен мерт болғанда, шешесінің сүті мен тау гүлінің шипасымен жазылып кететін мотив бары осындайда еске түседі).
Ал осы Кентаврдың мифологиялық бейнесі тек гректердің өнер туындыларында ғана неше түрлі мүсіндер, бейнелер мен суреттер түрінде сомдалып қоймай, жаратылыс ғылымдарында да, атап айтқанда, жұлдыздар жайындағы ғылым – астрономияда да көрініс тапты. Жұлдызды аспанның солтүстік жарты шарында Кентавр шоқжұлдызы бар. Ал үш-төрт жарық жылы қашықтығында тұрған, біздің Күнге ең жақын жұлдыз Кентавр Альфасы деп аталады.
Осылайша, ежелгі гректердің “Кентавр жайлы мифінде” қорқынышты әрі жұмбақ, сонысымен өзіне тартатын сақара сарбазының бейнесі құпияланып таңбаланады. Салт атты адам – күн батарда көрінетін сұлба – астрологиялық әдебиетте Мерген белгісімен тіркелген Кентавр”.
Кентавр жөнінде жазушы Марат Қабанбай былай деп жазған:
“Көшпелілер жер жүзілік ой ағымында “кентавр” деп аталатын өз автопортреттерін біздің дәуірімізге дейін-ақ салып кеткен.
Тарих баба былай дейді:
- Иран мен Тұран жеңісе алмай, бір – біріне шаптан тіреп жатып алған, ертегілер айтылмаған, әлмисақтан да арғы бір заман екен. Сәл қулау, сәл тұлдылау Иран әманда ержүрек гректерді жалдап, шептің қақ ортасына, ең сойқан қырғынға соларды сайлап салады. Екі жақ та атты әскер дегенді білмейді, жаяу соғысады. Тұран да тоқалдан туған жоқ, сақ, скиф секілді туыстарын соғысқа тартады.
Күндердің күні екі армия бетпе-бет келіп, армансыз шайқасады. Грек алда, парсы да сонда, Тұранды таптап барады. Кенет қайдан шыққаны белгісіз, төрт аяқты, қыл құйрықты, ат денелі, адам басты бір құбыжықтар құйғыта шауып келіп, парсы, гректерге жебені жаңбырша жаудырады да, жалт беріп, кейін ысырылады. Шетінен шапса – семсер, лақтырса – найза дарытпайтын ұшқыр да әбжіл пәлекеттер. Ес жиғанша қайта оралып, сіресіп тұрған гректерге бұғалық тастап, тулақтайын дырылдатып сүйретіп әкетіп барады. Мұндай ат әрі адам тажалды көрмеген гректер тым-тырақай қашады. Парсы жер болып жеңіледі.
Ертеңінде әскери сот болады.
Уа, ержүрек гректер! – деп ышқынады парсы трибунал. – Біз сендерді дорба-дорба динарға жалдап едік. Кешегілерің не масқара?! Не қара басты сендерді, Зевс құдайдың қаһарман перзенттері?! Енді, міне, сендерді өлім жазасына кесейін деп тұрмыз.
Үсті-басы салтақ-салтақ қан мен шаң грек қолбасы алға шығады.
Тірі пендеден шегініп көрмеппіз. Кеше де Тұранмен қылыш жүзінде қатқыл сөйлесетін ек. Бірақ бізге адам емес, жарты құдайлар шапты. Ал гректер құдайлармен соғыспайды, – деп, гөзелің кеудесін керіп тұр.
Парсылыр да уда-шу.
Мынау не деп көкіп тұр-ей өзі?!
Қайдағы құдай?
Кеше құдайды көрсек, көзіміз шықсын!
Адам басты, ат денелілер құдай емей немене?
Бүтін болмаса да, жарты құдай!
Сөйтсе, гректер салт аттыларды бұрын көрмеген екен де. “Көрмегенге көсеу таң”. Адам басты, ат денелілерді олар бұдан былай “кентавр” деп атапты” – дейді.
Кентаврлардың ішінде аса қанқұйлы, кекшіл Несс өзінің ақылы мен қулығы арқасында Гераклды мерт етеді. Өлім дегенді білмейтін, Гераның сүтіне ауызданған даңқты батыр құдайлар секілді мәңгілік өмір кешуі кәміл еді. Бірақ осы Несстің Гераклдың әйелі Деянираны азғыруы арқылы, батырды ауыр азапқа салып, қайғылы қазаға ұшыратады.
Гераклдың алтыншы ерлігі - Алфей мен Пенейдiң буырқанған мол суын бұрып әкелiп, Авгийдiң 30 жыл бойы күрек тимеген қорасының көңiн бiр күнде тазартпақ. (Атақты академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің образды түрде айтқан “Авгий қорасы” осы Авгий) Осы еңбегi үшiн риза болған Авгий Гераклге малының оннан бiр бөлiгiн бермек, бiрақ уәдесiн орындамайды, сол үшiн Геракл Авгийден кек алып, бүкiл қолға түскен мал-мүлiкiн Писа қаласының түбiне жинап, Олимп құдайларына құрбандық шалып, Олимпиялық ойындар белгiлейдi /Олимпиялық ойындар жалпы грек мерекелерiнiң iшiндегi аса маңыздысы, бұл күндерде бүкiл Грекияда тыныштық жарияланады. Ойындар басталардан бiрнеше ай бұрын бүкiл Грекияға және грек отарларына Олимпиялық ойындарға шақыратын елшiлер жiберiледi. Ойындар төрт жылда бiр рет өткiзiледi. Оларда жүгiруден, күрестен, жұдырықтасудан, диск және сүңгi лақтырудан жарыстар өткiзiледi. Ойында жеңiске жеткендерге сыйлыққа зәйтүн жапырақтарынан жасалған венокты басына кигiзiп, аса зор құрметке бөлеген. Гректер б.д.д. 776 жылы өткiзiлген ойындарды бiрiншi деп есептеп, жыл санауды олимпиялық ойындар бойынша жүргiзедi. Олимпиялық ойындар б.д.д. 393 жылына дейiн өткiзiлiп келдi, бұдан кейiн император Феодосий христиан дiнiне сай келмейдi деп тауып, оған тиым салды. Осыдан 30 жыл өткен соң император II Феодосий Олимпиялық ойындар өткiзiлетiн орынға сән-салтанат берiп тұрған Олимпиядадағы Зевс ордасы мен басқа да әсем құрылыстарды өртеп жiбердi. Олар бүлiнiп қирап, бiрте-бiрте Алфей өзенiнiң құмы басып қалды. Тек Олимпия жұртында ХIХ және ХХ ғасырларда жүргiзiлген қазба жұмыстары ғана Олимпия мен Олимпиялық ойындар туралы дәл мәлiмет алуға мүмкiндiк бердi/.
Гераклдың жетінші ерлігі – Крит аралында жайылымда құтырған бұқаны ұстап алып, басын үйретiп, Микеныға алып келдi, бiрақ Еврисфей Посейдон бұқасын өз табынында қалдырудан қауiптенiп, босатып қоя бередi. Еркiндiкке шыққанын сезген құтырған бұқа бүкiл Пелопоннестi солтүстiкке қарай кесiп өтiп, ақыры жүйткiп Марафон алаңындағы Аттикаға жетедi. Мұнда оны Афины батыры Тесей өлтiредi.
Сегізінші ерлігі - Фракиялық патша Диомедтiң өзiн өлтiрiп, адам етiмен қоректенетiн жылқысын Еврисфейге айдап әкеледi. Еврисфей аттарды босатып қоя бергiзедi. Аттар қашып, қалың орман жамылған тауларға жеткенде, оларды жабайы аңдар талап жейдi.
Тоғызыншы ерлігі – амозонкалардың патшайымы Ипполита-ның Арес берген белдiгiн алу үшiн Геракл алыс Скифияға аттанып, амозонкалармен шайқасып, оларды жеңiп, Ипполитаның белдiгiн алып, (басқа вариантында белдiктi Ипполитаның өзi бередi) Еврисфейдiң қызына ұсынады.
Оныншы ерлігі - Өзiнiң ауыр күрзiсiмен үш денелi Герионды және екi басты Орф төбетiн өлтiрiп, Герионның бiр табын сиырын Микеныға айдап әкеледi. Жол-жөнекей “ол кезде ешкiм мекендемеген осы өлкеге (скиф даласына) келедi, – дейдi, Геродот “Тарих” атты кiтабында, (Қ. Салғараұлының “Түрiк халықтарының шығу тегi, түрiк атауы жөнiнде бiрер сөз” атты 103 беттегi ғылыми-танымдық мақаласында). Онда ол ауа-райы бұзылып, қатты суыққа ұрынады. Осы кезде оның отқа жiберген аттары таңқаларлық жағдайда ғайып болады.
Ұйқыдан оянған Геракл жоғалған аттарын iздеп, Гилей деген жерге келедi. Ол осындағы үңгiрден табиғаттың ерекше жаратқан төлтумасы-жарты денесi қыз, жарты денесi жылан бiреуге кездеседi. Бұл Эхидна еді. Бүкіл әлемдік энциклопедияның “Мифология” еңбегінде Эхиднаны былай деп бейнелейді: Ехидна (Есhіdna) в переводе с греческого “змея”), чудовище в греческой мифологии, наполовину женщина, наполовину змея. Ее родителями были или морские божества Форцис и Цето или Хризаор, чудовищный сын Медузы, и Каллирое, дочь Океана. Среди отпрысков Ехидны от стоглавого Тифона были драконы гесперид и Золотого руна, Гидра, Химера, чудовище с туловищем козы, и адские псы Орт и Цербер. Сфинкс и Немейский лев, оба произошедшие от Орта, также были ее отпрысками” делінген.
Яғни, Эхидна дегеніміз – грек мифологиясындағы жартылай жылан, жартылай қыз кейпіндегі құбыжық пенде болса, ол жылан секілді, жер астында, су астында, үңгірде мекен етеді.
“Гесиодтың жазбаларында Эхиднаның жартылай жылан тұрпаттығына қарамастан керемет сұлу екендігін келтірген (Эхидна прекрасна ликом, но ужасна в своей змейной сущности, залегая в пещере под землей, вдали от богов и людей). Сондықтан бастапқы түсініктерде Эхиднаға жағымды сипат берілгендігін аңғару қиынға соқпайды. “Эхидна” сөзінің дей-түркілік этимологиясына сәйкес “жылан-әже” болуына қарап скифтердің тілінде де нақ осылай (фонетикалық ерекшеліктерін есептемегенде) деп аталғандығын тұспалдауға болады.
Бұдан шығатыны: Бірінші – Эхиднаның мифтік сипаттарын қарап отырып арғы қазақтағы Тананың мифтік ұсқыны қандай болғандығын реконструкциялауға болады, яғни, Тана да жер астында, су түбінде, үңгірде өмір сүретін жылан (жартылай жылан) кейіпті мифтік бейне.
Екінші “Эхидна” сөзінің (грек мифологиясында сақталғанына қарамастан) гректік емес, дей-түркілік болып табылатындығы. Бұдан шығатын басты қорытындылардың бірі – “гректер осы есіммен және мифтік бейнемен скифтер мен киммериялықтар арқылы танысып, содан кейін ғана өз мифологиясына қосып жіберген” деген қисын. Эхиднаның есімінің түп нұсқасы “Эхи” (“Жылан және әже” мағынасын білдіретін сөздің “эхи” нұсқасын көбірек сақтаған моңғолдар. Сірә, моңғол тілі, ежелгі гиперборейлік тілдің кейбір бастапқы формаларын сақтап қалған болуы керек: – С.Қ.) Дана > “Ахи Дана”. Бұл есім және осыдан туындайтын кең көлемді қисындар туралы арнайы тоқталып әңгімелеуге болады.
“Әлем халықтарының мифологиясы” кітабында: “Скифтер де өздерінің түп-анасын “Эхи-Дана” деп атаған және оны жартылай жылан кейіпті деп те, иығынан өсіп шыққан екі жыланы бар қыз кейіпті деп те түсінген” (по сведениям античных авторов и археологическим данным, в скифской традиции известно представление о богине со змеиными ногами, и двумя змеями, растущими из плеч).
Яғни, Эхидна - өзен тәңірісінің, қазақы үрдіске сай айтқанда “су перісінің қызы”. Сондай-ақ мифтік скиф халқының түп-анасы. Осы функция (“түп атаға әйел, оның ұрпағына ана болу”) Эхиднаны Тананың абсолют паралелі етеді.
Сонымен, “Эхидна” сөзі мен бейнесі грек дәстүрінен алынып отырғанына қарамастан, түркі тілі мен мифологиясы арқылы ғана түсіндіріле алады. Эхидна (“Біз “дна” (дана) сөзін “бастапқы тіршілік” дегенді білдіретін “д” (“т”, от, тірі, туу, даму) және “пенде” дегенді білдіретін “ан” формантының қосылуынан шыққан сөз деп шамаладық. Сонда сөздің жалпы мағынасы – “Дана” – “Бастапқы тірі пенде, тіршілік иесі, тіршілік беруші” дегенді білдіреді: – С.Қ.) “Бастапқы тіршілік беруші) жылан ана”. Қазақыласақ – кәдімгі “ Дана әже” (Тана әже)” деген Серікбол Қондыбайдың пікірі бойынша мифтегі Эхидна түбі көне скифтердің түп анасы екендігін жоққа шығармайды.
Эхидна көне скифтердің түп анасы болуы былай тұрсын, оның бейнесі бейнеленген археологиялық материалдар мен жазбаша жазылған мәліметтер арқылы скифтерде Эхидна культі немесе жылан культінің болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Осы тұста зерттеушілердің ой-пікірлерін айта кеткен жөн.
Біріншіден, Эхиднаның әдеби образы тек Геродоттың ғана жазбаларында ғана емес, ол жөнінде мәліметтер көне европалық зерттеушілердің жазбаларында да орын алған. Айталық, римнің әдеби-мифологиялық мұраларының ішінде Юпитердің варианттық образы гректік тәңірие Зевске сәйкес келсе, рим жазушысы Валерий Флакк скифтердің бас құдайы Юпитердің әйелі жартылай аң екі жыланы бар нимфа Гораның сәйкес келетінін айта келе, олардан скиф Колакс деген дүниеге келген деген мәлімет береді.
Ал рим тарихшысы Диодордың айтуынша, скиф тәңіриесі Зевс жерден туып, оның жары белінен төмен қарай жылан кейіптес таңғажайып әйелі болғандығын, олардың жұбайлық қатынасынан Скиф атты баланың дүниеге келгендігін айта кеткен. Ал осы Скифтен Пал мен Нап деген бала туған.
Эхиднаға ұқсас бейне бейнеленген археологиялық материалдар есебінде Украина жеріндегі Үлкен Цымбалка деген жерден жылқы жүгенінің жылан қыздың тұрпаты бар маңдайлығы табылған. Назар аударатын жайт – маңдайлықта басында екі жыланы бар, жылан аяқты мифтік кейіп, зерттеушілердің пікірінше, бұл – скиф мифология-сындағы б.з.д. 4-3 ғасырлардағы Апи тәңірие болуы әбден мүмкін.
Жоғарыда аталған грек ақыны Гесиодтың айтуы бойынша, Эхидна керемет сұлу еді. Сұлулығы мен жартылай жылан тұрпатына қарап, “Бұған таңқалған Геракл одан өзiнiң жоғалған аттарын көрмедiң бе деп сұрайды. Оған әйел-жылан: “Аттарың менде, бiрақ қашан сен менiмен ерлi-зайыптылық қатынасқа келмейiнше, мен оларды саған бермеймiн” дейдi. Содан кейiн Геракл аттарын алу үшiн әйел-жыланның қойнына жатуға мәжбүр болады. Бiрақ әйел-жылан Гераклды қасында көбiрек ұстау үшiн аттарды қайырмай, кешеуiлдете бередi. Ақыры ол бiр күнi “Мен бұл аттарды сен үшiн ешқайда жiбермей сақтадым. Мiне, оның төлеуi қайтты. Мен сенен үш ұл көрдiм. Сен ендi маған ертең бұлар өскен соң, не iстеуiм керек, соны айтып кет”, – дейдi. Геракл оған ұлдарың жiгiт болып өскеннен кейiн, былай iсте: балалардың қайсысы менiң садағымды, мiне, қарап ал, мынандай ғып тарта алады, белбеуiмдi мынандай ғып буына алады, соны осы жерге ие етiп қалдыр. Ал менiң көрсеткенiмдей етiп, iстей алмағандарын басқа өлкеге қуып жiбер. Егер осылай iстесең, өзiң де риза боласың, менiң де тiлегiмдi орындайсың”, – дейдi. Сөйтiп Геракл садағын тартып, белбеуiн буынып (белбеуiнiң iлгегiнiң соңында алтын тостаған бар едi) көрсетiп, оларды әйелiне бередi де, өзi жолға шығады.
Балалары өскен соң шешесi оларға есiм бередi. Үлкенi Агафрис, ортаншысын Гелон, ал кенжесiн Скиф деп атайды. Бұдан кейiн Гераклдiң кеңесiн есiне алып, балаларына оның айтқанын iстеудi бұйырады. Үлкен екi ұлы – Агафрис та, Гелон да садақты Геракл көрсеткендей етiп тарта алмайды. Анасы бұл екеуiн елiнен басқа жаққа қуып жiбередi. Кенжесi Скиф Гераклдың талабының бәрiн орындап, елiнде қалады. Скиф патшаларының бәрi осы Скифтен тараған ұрпақтардан шықты”, – дейдi.
Геродот аңызда айтылатын алтын тостағанға ерекше мән берiп, скифтердiң күнi бүгiнге дейiн белбеулерiне тостаған тағып жүретiнiн жазады.
Гераклдың он бірінші ерлігінде, қорқынышты Аид патшалығына түсiп, досы Тесейдiң көмегiмен Кербер төбетiнiң мойнынан қаттырақ сығымдай түсiп, байлап-матап, шала-жансар иттi Еврисфейге алып келедi.Төбеттi көрген қорқақ Еврисфей үрейi ұшып, Кербердi қайтадан Аид патшалығына апарып тастауын өтiнедi. Геракл оның өтiнiшiн орындап, Аидқа өзiнiң қорқынышты күзетшiсiн қайтарып бередi. Осы аталған Кербер (Цербер екеуі де бір образ) жоғарыда аталған Эхидна мен жүзбасты Тифонның баласы. Оның негізгі міндеті – Аид патшалығынан шығар қақпадан бәрін кіргізіп, бірақ ешкімді сыртқа шығармайтын үш басты (ит, арыстан, жылан басты) құбыжық. Тозақтан тек Орфей өзінің сүйкімді дыбысты музыкалық аспабын ойнап, сақ Керберді ұйықтатып шықса, Кум сивилланың көмегі арқылы Эней Керберді жұмсақ бәліш беріп, ұйқыға батырып, аман-есен сыртқа шығады. Ал Геракл оны байлап-матап Эврисфейге әкеледі.
Гераклдың ең соңғы он екінші ерлігі – бүкiл көк аспанды көтерiп тұрған ұлы титан Атластың бағында өсiп тұрған, оны өмiрi көз iлмейтiн айдаһар күзететiн Гесперидалардың алтын алмаларын Микеныға жеткiзуi. Еврисфей оларды Гераклге сыйлайды, ал ол алмаларды өз жебеушiсi Зевс қызы Афина Палладаға тарту етедi.
Геракл Еврисфейдiң бұйрығынсыз он екi ерлiгiнен басқа да көптеген ерлiктер жасаған. Оның iшiндегi ең бастысы – Посейдон мен жер тәңiрiсi әйел құдай Геяның баласы Антей алыппен күресi. Антей барлық жолаушыларды өзiмен бiрге күресуге мәжбүр етiп, күресте жығылғандарды мейiрiмсiздiкпен өлтiретiн. Антейдi жекпе-жекте жеңу мүмкiн емес-тi. Оның құпиясы мынада едi. Антей әлсiрей бастағанын сезiнген кезде жантайып жер-анаға денесiн тигiзетiн, сол кезде ол қайта күшейетiн, бұл қуатты ол анасынан, жердiң ұлы құдайы Геядан алатын. Геракл Антейдi жерден жұлып алып, ауада көтерiп тұрған сәтте оның күшi сарқылып қалатын. Геракл Антеймен ұзақ күреседi, оны бiрнеше рет жерге алып соққанымен, бұдан Антейдiң күшi екi есе арта түседi. Ендi бiр сәтте ер жүрек Геракл Антейдi басынан асыра жоғары көтерiп алғанда Гея баласының күшi таусылады, сол сәтте Геракл оны буындырып өлтiредi. Аңыздағы Антейдің Жер-Анадан күш-қуат алып, қайта күреске шығуы қазақтың мифологиясы мен күнделікті пайдаланар сөз тіркесіне жақын келетінін айта кеткен жөн. Көне заманнан келе жатқан “Жер-Ана”, “Жер-Ана жаратыпты”, “Жер-Ана күш – қуат береді”, “Жер-Анасыз күн қараң” деген қазақтың қасиетті ұғымдары қазіргі күнге дейін пайдаланатын-дықтан, есте жоқ атам заманғы халықтардың ортақ түсініктерінен хабар беретіндігін аңғарамыз.
Еврисфейге қызмет етпестен бұрын Гераның араласуымен Гераклдың тұла бойын сұрапыл ашу кернеп, өз балаларын отқа тастайды (Еврипид пен Сенеканың трагедиясында өз әйелi Мегараны да бiрге өлтiредi). Он екi ерлiк жасағаннан кейiн де есiнен танып, ыза-ашуға мiнген Геракл Аполлон ғибадатханасында бассыздық жасап, өзiнiң досы Эвриттiң ұлы Ифиттi өлтiргенi үшiн, Лидия патшасы Омфалаға үш жыл қатарынан қызмет етуге мәжбүр болады. Осы уақытта оның аргонавтылар сапары мен Калидон қабанына аңға барғаны сәйкес келедi.
Омфалаға құлдыққа сатылмас бұрын Геракл Калидон патшасы Деянираға екiншi рет үйленедi. Соның арасында кек алмақ оймен Эвритке барған Геракл оны шауып, қызы Иоланы тұтқынға түсiрiп, әйелi Деянира мен балалары мекендейтiн Трахинге қайтар жолында мезгiлсiз келген ажалға кезiгедi.
Тұтқынға түскен Иолаға Гераклдың көңiлi кеткен болар деген ойға бекiнген Деянира Несстiң қанына малынған, өзi тоқыған шекпендi күйеуiне берiп жiбередi. Ондағы ойы-шекпендi киген Геракл өзiне ғана бұйырмақ. Геракл өз тұсында кентавр Несстi жай оғымен жаралап, өлтiрген едi. Кентавр өлер алдында Деянираға жарасынан аққан лерн айдаһарының уы араласқан қанды берiп, “егер Геракл сенi бұрынғыдай сүймейтiн күн туса, мына қан оның махаббатын өзiңе қайта оятады және мұны Гераклдың киiмiне сүйкесең бiрде-бiр әйел сеннен артық, қымбат бола алмайды” деген сөзi қамшы болады.
Уланған шекпен киген Геракл адам айтқысыз азапқа түседi. Түбi осыдан өлетiнiне көзi жеткен батыр, өзiн Оэта тауына апарып, сонда алау отын жағып, өзiн сонда жатқызуын өтiнедi. Бiрақ бұл әрекетке ешкiм бара алмайды. Ақыры Оэтаға Филоктет келгенде ғана, Геракл оны алау тұтатуға көндiрiп, сол еңбегiне құрмет-сый ретiнде өзiнiң садағы мен айдаһар уына малынған жебелерiн бередi. Филоктет алауды тұтатқан сәтте алтын күймемен Гермес пен Афина-Паллада ұшып келiп, Гераклды Олимпке алып кетедi.
Гера өзiнiң өшпендiлiгiн ұмытып, Гераклға өзiнiң қызы, қартаймайтын мәңгi жас құдай Гебаға қосады. Деянира болса өзiнiң iстеген кешiрiлмес қателiгiн сезiнiп, семсердi қақ жүрегiне сұғып, тiл тартпастан өлiп кетедi. Бұл мифтік сюжет Софоклдың “Трахинян-калар” трагедиясының негiзi болып құрылған.
Геракл Грекияның ұлы батыры ретiнде, әсiресе Аргос пен Фивада аса жоғары дәрiптеледi.
Афинада басқа қаһармандардың iшiндегi аса белгiлiсi Тесейдi жатқызуға болады. Өйткенi, оның есiмiмен Грекияның көптеген тарихи орындары байланысты. Бiрiншiден, оның әкесi Эгей қазiргi Эгей теңiзiнiң аталуына тiкелей қатыстылығы бар. Эгей афиндық патша, Эрехтейдiң кейiнгi ұрпағы, оның ғибадатханасы Афинаныкiмен бiрге.
Тесей көне сақтарға белгілі персонаж болуы мүмкін. Оның қыш құман бетінде бұқа басты Минотаврды өлтіріп жатқан бейнесі боспорлық Нимфей қаласы маңындағы қираған қорған ішінен табылған. Қыш құман Боспор қаласына сырттан әкелінуі мүмкін. Өйткені, сол яғни б.д.д VІ ғасырдан бастап, Солтүстік Қара теңіз жағалауындағы мекендеген халықтарға сауда-саттық, айырбас жасау мақсатында эллиндердің келіп-кететіндер көп болған. Олардың сол ыдысты өздерімен алып келуі де ғажап емес.
Этнограф, жазушы – ғалым, ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай өзінің “Тіл ұшындағы тарих” атты еңбегінде Тесейдің әкесі Эгей турасында мынадай пікірді ортаға салады: “Шумер сюжеттері ежелгі грек әпсаналарына да әсер еткен болса керек” – дейді. “Эгей” гидронимі жөніндегі аңыз ойға оралады. Өзінің іс-әрекеттері Гераклге ұқсас Тесей (ғалымдардың айтуынша Тесей өмірде болмаған) – Афинаның аса ұлы батыры. Тесейді Эгейдің әйелі Эфра туған. Бірақ ол Афины патшасы Эгейдің емес, теңіз құдайы Посейдонның баласы болып шығады (“Теңіз” мағынасындағы “Тәңір” сөзін еске алыңыз).
Неше алуан таңғажайып оқиғаларды бастан кешкен Тесей әкесіне егер Афиныға аман-есен олжамен оралатын болса, кемесінің ақ желкенін керіп келетінін айтқан-ды. Бірақ қамырықты көңілмен келе жатып, қара желкенді аққа ауыстыруды ұмытып кетеді. Баласын қатты сағынған Эгей жағалаудағы биік жартасқа шығып ұлының жолын тосып тұрса, көзіне қара желкенді кеме шалынады. Қара желкен – қайғының белгісі. Ұлын өлдіге жорыған Эгей көкірегін қасірет кернеп, биік жартастан теңізге құлап өледі. Тай-тай толқындар Эгейдің өлі денесін жағалауға шығарып тастайды. Афинаның патшасы Эгей өлген теңіз сол уақыттан бері қарай Эгей теңізі деп аталады екен”.
Бұл деректің нақтылай көрсетуіміздің басты себебі – ғалымның осы Тесейдің әкесі Эгейдің қазақтың “еге”, “ие” “егей” сөздерімен байланысты екендігін алдыға тартады. Оның солай болуы да мүмкін. Өйткені, қазақ сөздерінде “Үш қайнатса да сорпасы қосылмайтын” кей европалық елдердің сөздері мағыналас, ұқсас, дыбысталу жағы да дәл келетін сөздер келгенде, таңданбауға лаж жоқ. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың төмендегі пікіріне жүгінейік:
“Ие” сөзі еліміздің оңтүстік өңірінде жергілікті тіл ерекшелігіне байланысты “еге” деп те айтылады. “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде” бұл сөзбен қатар осы түбірден өрбіген “егей” сөзі де келтіріліп, “тірек”, “қамқор” деген мәнде қолданылатыны көрсетілген (186, 96 б.). Демек, “егей” сөзі де “ие” сөзімен көп жағдайда мәндес, мағыналас бола алады.
Ал “егей” сөзін түсіндірме сөздік: “Егей” зат. көне. 1.Таңдаулы, ығай мен сығай; бірегей… 2. Диал. Қамқор, тірек”, – деп ұғындырады (187.ІІІ 255 б.).
Фонетика мамандарының пікіріне құлақ ассақ: Тіл алды ашық езу фонемасы: е – тіл алды таңдайдың шеніне жуықтаудан жасалатын (палаталь жіңішке) ашық-орта, езу фонема. Е фонемасы сөздің барлық шенінде келе береді: еркек, ерке, мереке, т.б. Е фонемасы сөздің анлаут позициясында ашық дифтонг сапасында айтылады. Йэрте (ерте), йэр (ер), йэртек (ертек), йэреже (ереже), т.б. йэ потациясы қарақалпақ, ноғай тілдерінде де кездеседі, ол тілдерде йэ потациясы қазақ тіліне қарағанда күштірек айтылады. Әсіресе, екпінді позицияда дәл екі дыбыстың құрамы ретінде келеді: йэкі (екі), йэр (ер), йэне (ене), йэшкі (ескі). т.б. (30.33). Ғалымның бұл пікірімен келісе отырып, біз “еге”, “егей” сөздері тілімізде “йэге”, йэгей” де дыбысталатын айта аламыз” – дейді…
… Егер бұл сөздердің қисыны болмаса өзіміздің Олжас ағамызға тағы да бір құлақ салып көрелік: “… біз әзірге Қорқыт пен Көрұғылыны жалпы адамзаттық негізден даралап, құрсауда ұстап келеміз. Керек десеңіз, біз Қорқыт пен Көрұғылыны бір-біріне жолатпаймыз. Ал материалдар керісінше тектестігін көрсетеді. Сондықтан да тұтастыққа қарай көңіл бөлу керек: Геракл, Геркле, Геркулес, Гор, Георгий, Гороглы және Қорқыт.
Мен этруск жазуымен айналысу үшін Италияға екі рет арнайы барып қайттым. Меніңше, нағыз түрколог болу үшін этрусколгиядан да, египтолгиядан да, иранистикадан да, синологиядан да, шумеро-логиядан да т.б. хабардар болу керек. Біз осы жерде неандерталь кезінен өмір сүріп келеміз деп есептеудің қажеті жоқ. Жоқ, біз мыңдаған жылдар аясында осынау жұмыр жерді талай рет айналып шыққанбыз. Талай рет айналып шықтық. Шумер заманында Алдыңғы Азияда өріп жүрдік. Шумерлерді семиттер ығыстырып, жойып жіберген соң, оңтүстіктегі Араб жарты аралына, Кіші Азияға ойыстық. Содан бір бөлігі шығысты бетке алса, Кіші Азиядағылар оңтүстік Еуропаға ауысты, Мысырға жетті. Онда Этрурия күйрегеннен кейінгі 12 халықтың ішінде түркілер де, славяндар да болды деп есептеймін” (241.194)” – дейді.
Ал осы жоғарыда аталған Эгейдің әйелі, Тесейдiң шешесi Этра (кейде Эфра деп те айтылады) Пелопстың немересi, Трезендiк патша Питфейдiң қызы. Тесей өзiнiң нағашы атасының қолында Трезенде тәрбие алған. Тезей дүниеге келместен бұрын, әкесi Эгей Афиныдан аяқасты жайсыз хабар келген соң, Трезеннен кетерде үлкен қойтастың астына өзiнiң семсерi мен сандалын тығып, Этраға “егер ұлым өсiп, тасты қозғап астындағы менiң қалдырған сыйлықтарымды алса, онда менi iздеп, Афиныға келсiн” деп тапсырып кетедi. Тесей өзінің асқан күштілігі мен айласы арқылы әкесінің қалдырған сыйлықтарын алып, әкесін іздеп табу үшін ұзақ та қауіпті сапарға шығады. Шешесiнiң айтқанын бұлжытпай орындаған Тесей Афиныға шыққан сапарында, Геракл секiлдi көптеген ерлiктер жасайды: небiр жабайы аңдарды тәубесiне келтiрсе, жолдағы талай қаныпезер қарақшыларға қырғидай тиедi.
Элевсиннен асқаннан кейiн Тесей Аттикадағы Кефис өзенiнiң аңғарына таянған тұста әдетте Прокруст (сүйегін қытырлатып, созушы) атанған қарақшы Дамастқа келедi. Бұл қарақшы өзiне келген қонақтардың бәрiн мейiлiнше азаптап өлтiрудiң әдiсiн ойлап тапқан. Сапар шегіп келе жатқан жолаушыны үйіне шақырып, қонақжай кейіп танытып, қолына түскен мейманды “азап төсегiне” жатуға мәжбүр етедi. Төсек тым ұзын болса, Прокруст сүйегiн сындырып, қытырлатып, аяқтарын төсек жиегiнiң шетiне жеткенше созатын. Егер төсек қысқа болса, онда Прокруст жолаушының ұзын аяқтарын кесiп тастайтын. Тесей Прокрустың жолаушыларға жасайтын азабын естіп-біліп, өзiн төсекке алып соғып, аяқ-қолын байлап, төсекке жатқызғанда мұндай дәу үшiн төсек тым қысқа болады. Батыр көп ойланбастан Прокрустың елге жасаған азабын өзiне көрсетiп, жанын жаһаннамға аттандырады. Халық арасындағы “Прокруст төсегi” (“Прокрустово ложе”) фразеологиялық сөздiң шығу тегi осы аңыздан бастау алады.
Афиныға келген Тесей әр сегiз жыл сайын Криттегi Минос патшаға афиналықтар алым-салық ретiнде жетi жiгiт пен жетi қыз жiберiп тұруға тиiстi екенiн бiледi. Критке алып барған соң, оларды аса зор етіп салынған лабиринт сарайына қамап, денесi адам, басы бұқа ғаламат құбыжық Минотаврға жемге беретiн. Минос патша бұл салықты баласы Андрогейдi афиналықтар өлтiргенi үшiн салған. Тесей сегiз жiгiттiң қатарына өзiн де қостырады: ол Минотаврды өлтiретiнiне сенiмдi едi. Критте Тесейдiң жебеушiсi Афродита Миностың қызы Ариаднаның жүрегiне махаббат отын тұтатады. Ариадна Тесейге көмектеспек болады. Ол жас батырды лабиринтте Минотавр азаптап өлтiредi-ау дегендi ойға алудан-ақ қатты үрейленедi. Ариадна Тесейге әкесiнен жасырын өткiр семсер мен бiр орам жiп (“Ариадна жібі” – әдеби образдық сөз қолданыста жиі пайдаланылады, айталық, жол көрсетуші, бағыттаушы деген мағынада ) бередi. Тесей кiре берiс есiктiң тұтқасына жiптiң бiр ұшын байлады да, лабиринттiң кiсi қайтып шығар жолды таба алмайтын шексiз неше түрлi қайтар жолды табу үшiн, ақырындап тарқатып отырады. Тесей бiрте-берте iлгерi жылжып, ақыры Минотавр тұрған жерге жетедi. Минотаврды өлтiрген соң, ораулы жiп бойымен барлық афиналық қыздар мен жiгiттердi лабиринттен алып шығады. Осы ерлiгi арқылы Тесей афиналықтарды жайсыз алым-салықтан босатып алады.
Тесейдi шын сүйген Ариадна онымен бiрге кетпек, бiрақ Тесейдiң Наксос аралында көрген түсiнде құдайлар Ариаднаны, Диониске беру жөнiнде аян бергендiктен, сұлу қызды аралға Диониске тастап кетуге мәжбүр болады. Дионис Ариаднаны өзiнiң некелi әйелi және ғибадатханасының шырақшы-сәуегейі (оракул) етiп тағайындайды.
Ал Тесей Ариаднадан айырылып, қапа шеккендiктен әкесi Эгейге берген уәдесiн ұмытып кетедi. Тесей егер өзi Минотаврды жеңiп, Афинаға аман-есен, бақытты оралатын болса, қара желкендi ақ желкенмен ауыстыруы қажет.
Эгей жалғыз баласын сағына күткен. Мiне, көз алдында кiшкене қара нүкте де көрiндi. Бұл ұлының кемесi, бiрақ желкенi-қара. Сонда Тесейдiң өлгенi ғой деген ой-қасiрет бойын кернегендiктен, Эгей биiк жартастан теңiзге құлап, толқынға батып өледi. Осы уақыттан бастап, Эгей өлген теңiз “Эгей теңiзi” деп аталады.
Тесей Гераклдың досы, амазонкалармен соғысқанда атақты батырдың басы-қасында бiрге жүрiп, сенiмдi серiгi болған.
Тағы бiр досы Пирифой Деметраның қызы Персефонаға көңiлi кетiп, ғашық дертiне ұшырағанда, Аид патшалығына түсiп, адам айтқысыз қауiп-қатерге кезiгiп, өлiм аузынан қалады. Персефонаны ұрламақ болған Пирифой жер астындағы мәңгiлiк азапқа қалады, ал Тесей Гераклдың көмегiмен жарық дүниеге шығады.
Тесей Афинаны ұзақ уақыт асқан даналықпен басқарған патша. Бiрiншi әйелi амазонка Ипполита (басқа мифте Антилопа болған) болса, екiншi әйелi өгей ұлына ғашық болған Федра (Еврипидтiң “Ипполита” мен Сенеканың “Федра” атты трагедияларында баяндалған).
Афинада Тесейдiң құрметiне ғибадатхана салынған, онда жыл сайын Тесейге арнап мереке өткiзiледi. Афинаның ерекше көркемдiктен салынғандықтан – эллиндер оны ең мықты қаланың санатына қосып, айналадағы шашыранды орналасқан гректiң тайпалары бiр ортаға, Аттика мемлекетiне бағынуы тиiс деген ұғым қалыптасқан.
Тесейдің жасаған ерліктері қазақтың аңыздарында әсіресе “Аушар хан” ертегісімен ұқсас келеді. Бұл вариантта Минотавр секілді құбыжық кейде дәу, кейде айдаһар, кейде тажал түрінде айтылады. Айдаһар Аушар ханның еліне салық салып, олардан жұма сайын жеп тұруға көптеген адам, топтаған қой әкеліп тұруға міндетті қылады. Тесей туралы аңызында адам етін жейтін Минотавр да салық салушы түрінде көрініс табады. Егер бұл міндетті өтеп тұрмасаң еліңді тегісімен жұтамын деп үрейін ұшырады. Бұл міндеттен қалай құтылудың есебін таба алмаған Аушар ханның елі қатты күйзеледі. Мұндағы Аушар ханның аналогі Эгей патша. Жылаған адам мен шулаған малдың дауысы жер дүниені жаңғыртып, даңғаза көтереді. Осы кезде Тесей секілді батыр қазақ аңызында Аушар ханның ұлы Жанды батыр шығады. Ол айдаһар дәумен жекпе-жек шығып, көп уақыт аянбай алысады, ақырында қырық құлаш семсермен оны кескілеп өлтіріп, Тесей сияқты өзінің еліне аман-есен оралып, елін зор қуанышқа кенелтеді.
Аттика мемлекетiнiң бүкiл грек халқына ортақ фольклорына кiретiн аңыздарға қаһарман батыр Мелеагр да жатады. Ол жөнiндегi аңыз ертеде грек жерiнде мекен еткен әр халықтар мен рулардың әдеби мұраларында сақталған. Оның қысқаша мазмұны төмендегiдей суреттеледi:
Олимпиялық құдайларға аса бай құрбандық шалған калидондық патша Ойней, тек Артемиданы ғана назарына алмағандықтан, аң құдайы – сол елге қаһарлы жабайы қабан жiбередi. Мейiрiмi жоқ, қаһарына мiнген аң бүкiл Калидон төңiрегiнiң тозаңын шығарады, ағаштарды түбiрiмен жұлып, жүзiмдiктер мен жемiс-жидектi жапырумен болады, тiптi адамдарды да аямайды. Осы қауiптi аңды аулауға Ойнейдiң ұлы Мелеагр, бас болып, Грекияның көптеген ұлы батырларын жинайды.
Осы Калидон аңының көзiн құрту үшiн Афинадан, Спартадан, Мессения мен Ферыдан, Иолктан, Аркадия мен Фессалиядан батырлар қатысады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпыгрекиялық фольклор санатына кiредi деуiмiздiң басты себебi де сол болмақ.
Мелеагр туған кезде анасы Алфеяға тағдыр құдайлары мойралар (грек мифологиясында мойралар мен орлар Зевс пен Фемиданың қыздары болып сипатталады, соған қарағанда олардың генезисінде әлдебір ортақ туысқандық байланыс болуы мүмкін) адам тағдырын болжайтын, алдын-ала жазып қоятын ерекше қасиеттетрі бар. Қазақтағы “маңдайына жазылған”, “тағдырдың жазуы” дегенге келеді. Сол мойралар келiп, бiреуi оған: “Сенiң балаң шырақтың мына басы жанып бiткенде өледi” – дейдi. Алфея пiлтенi сол сәтiнде өшiредi де, оны қобдиға тығып, сақтап қояды.
Мелеагр көптеген ерлiк жасап, ел құрметіне бөленеді. Аргонавтылар сапарына да қатысып, қаһармандықпен аты шығады.
Артемиданың қаһарлы қабаны калидондықтардың әбден зығырданын қайнатқаннан кейiн, аңға шыққандарға “кiмде-кiм қабанды өлтiрсе, басы мен терiсi сол адамға тиесiлi” дегендi естiген батырлар, әрқайсысы да қабанды өлтiруге құлшына кiрiсiп, атсалысады.
Аңшылардың iшiнде әсiресе көзге түскенi аркадиялық аңшы қыз Атланта едi. Ол бiрiншi болып қабанды жаралағандықтан, Мелеагр орман тағысының басы мен терiсiн Атлантаға ұсынады. Бiрақ, Мелеагрдың нағашы ағасы Плексипп бұл таңдауға қарсы шығып, Атлантаның қолындағы олжаны тартып алғаны үшiн, қаны басына шапқан Мелеагр нағашы бауырын сол заматта-ақ жайратып салады. Баласына ыза болған Алфея қобдидан шырақ пiлтесiн алып, от қойып, жағып жiбередi. Шырақ пiлтесi жанып бiтiп, күлге айналысымен Мелеагр да өледi. Кейiн есiн жиған Алфея өзінің iстеген iсiне назаланып, өзiне-өзi қол салады.
“Жоғарыдағы миф – аналық құқық уақытының сарқыншағы, шешесiнiң iнiсi оның ең жақын туысқаны есептелгендiктен, ең жақын туысты өлтiргенi үшiн кек алу қажет едi. Гректерде ежелгi уақытта аналық құқық болғандығының дәлелi ретiнде Мелеагр туралы мифтi Ф.Энгельс өзiнiң “Отбасы, жеке меншiктiң және мемлекеттiң шығуы” деген еңбегiнде пайдаланды” деп жазады Н.А.Кун өзiнiң осы аңыз жөнiндегi пiкiрiнде.
Қазақ халқының салт-дәстүрiндегi аға-бауыр, ағайын дегенге қарым-қатынас пен мiнез-құлықты бiршама болса да ежелгi гректердiң салтынан қазаққа тән, жақын келетiн элементтердi аңғару қиын емес. Мәселен, ауыз әдебиетiндегi мұралардың iшiнде, қалың жаудың ортасында өзiнiң әйелi мен баласын қалдырып, сәйгүлiк атына бауыры мен досын мiнгiзiп, қоршаудан шығарып жiберген қазақ батырын көрiп, таң-тамаша болған дұшпанның ханына: “әйел-жолда, бала-белде, дос пен бауыр табылмас” дегенi көп ретте жоғарыдағы аңыздағы сюжеттің идеялық-мазмұнына сәйкес келетін әдеби әфсаналық мұра.
Жалпыгректiк ортақ аңыздардың iшiне аргонавтылар (нақты “Арго” кемесiнде жүзушiлер”) туралы миф те кiредi. Мифтегі оқиғалардың бірқатары Қара теңіз жағалауында өмір сүрген скифтердің жерінде өрбиді. Сондықтан болса керек, қазақ мифіндегі кейбір сюжеттердің, кейіпкерлердің іс-қимылдары мен образдық ортақ үйлесімділіктердің кездейсоқ болса да ұшырасатыны бар.
Бұл аңыздың басты қаһарманы – Фессалия патшасы Эсонның жалғыз ұлы Ясон жөнiнде. Ясонның істеген таңғажайып ерліктері қазақтың ертегісіндегі Ер Төстікке жақын келеді.
Апполоний Родосскийдің өз қолымен жазып кеткен аңызының желiсiнде, Эсонның кiшi iнiсi Пелий Ясонның әкесiнен арам жолмен билiктi тартып алып, оның басқа туысқандарын қатiгездiкпен қудалайды. Ясонды әкесiнiң достары аман алып қалғаннан кейiн, оны кентавр Хирон, оның шешесі Филира, әйелі Харикло тәрбиелеген. Атын Хиронның өзі Ясон деп қояды.
Бiр күнi Пелий және басқа да қонақтар қатары Иолк қаласында (Фессалиядағы қала) Посейдонның құрметiне орай өткiзiлiп жатқан мерекеде тойлап жатады. Сол тойға Ясон да келедi. Тек өзеннен өтерде аяғындағы киген аяқ киімі суға түсiп кеткендiктен, мерекеге сыңар аяқ киiммен келедi. Бұл да тағдырдың жазуымен болған жайт. Афина-Паллада кемпір кейіпіне еніп, Ясонды сынап көру мақсатымен өзеннен өткізіп жіберуін өтінеді. Ясон көп кідірместен, кемпірді арқасына мінгізіп алып, тасыған өзеннен өтіп бара жатқанда, аяғындағы сандалы суға ағып кетеді. Сәуегейдiң болжауынша, Пелийдiң, билiгiн мерекеге сыңар аяқ киiммен келген адам тартып алмақ. Фессалия патшасы Ясонды көрiп, сол жайт есiне түсiп, одан “егер қолыңда билiк бола тұрып, алдыңдағы адам сенiң өлiмiңе себепшi болатындығын бiлсең оған не iстер едiң?” дейдi. Ясон көп ойланбастан “алтын жабағыны алып келуге бұйрық берер едiм” деп жауап бередi. Өйткені, кентавр Хирон оған ешуақытта да, қандай басыңа ауыр іс түссе де жалған айтушы болма деп тәрбиелеген. Хиронның айтқан сөзі есіне түсіп, Пелийге еш қаймықпастан, шынайы жауабын береді. Сол замат-ақ Пелий Ясонға Колхидаға қошқардың алтын жабағысын алып қайтуға бұйрық бередi.
Алтын жабағы-қошқардың алтын жүндi терiсi Колхидадағы (Қара теңіз жағалауын гректер Колхида деп атаған) Арестiң бағында. Алтын жабағыны Колхидаға Фрикс әкелген еді. Оның оқиғасы таңғажайыпқа толы. Ол мынандай оқиғадан басталады. Беотиядағы Минийдің Орхоменін жел құдайы Эолдың баласы Афамант патша басқарыпты. Оның әйелі бұлттың әйел құдайы Нефела еді. Олардан екі бала – Фрикс атты ұлы, Гелла аты қызы дүниеге келген. Афамант әйелін тастап, Кадмның қызы Иноға үйленеді. Ал Ино болса, өгей балаларды жек көріп, олардың көзін құртуға даяр тұрады. Оның сәті де көп ұзамай туады да. Бір жылы көктем мезгілінде Ино арам ойға келіп, егіншілерді өзіне тартып, оларға ақы төлеп, бүкіл себілетін тұқымдарды кептіртіп, егістікке септіреді. Соның салдарынан жерге түк шықпай, халық аштыққа ұшырау қаупін басынан кешіреді. Сасқан Афамант әулие Аполлоның қасиетті Дельфысына адам жіберіп, егіннің шықпай қалуын сұрамақ болады. Сол тұста Ино Дельфыға баратын өкілдерді өзіне қаратып, арам ойын іске асырады. Қайтып келген өкілдер Иноның сөзін сөйлеп, Фриксті құрбандыққа шалсаңыз сонда ғана егін бітік шығады деп өтірік сәуегейлік айтады. Патшалығын апаттан аман алып қалу үшін, Афамант өзінің сүйікті ұлын құрбандыққа шалмақ. Осы тұста баласының жайын бақылап отырған бұлт құдайы Нефела дереу іске кірісіп, Герместің көмегімен алтын жабағылы қошқарды жіберіп, Гелла екеуін аман алып қалады. Бұлт құдайы Нефела адамға еш қастығы жоқ, тіпті опасыздық жасаған күйеуі Афамантқа да бір түйір жамандық жасау ойына келмейді. Тек өз құрсағынан дүниеге келген балаларының қамын ойлап, жүрегі қарс айырылып, бастарына қауіп туғанда, қолынан келген көмегін ұсынады.
Көне дәуірдегі адамзат атаулының аспандағы ақшаңқан, қазбауыр бұлтқа, самал желге деген көзқарасы түзу болса, оны құдірет иесі ретінде жақсылық әкелуші, жаңбыр жауып, жерді нұрландыратын күш деп тануы элладалықтар мен қазақ халқының ортақ ой-түсініктері деп қабылдау жөн шығар. Профессор Бекмұрат Уахатов бұл туралы былай дейді: “Көп құдайға табыну дәуірінен қалған ескілікті ұғым-нанымдардың тағы да бірі – бұлтқа, желге табыну болса, бұл да қазақтың халық поэзиясынан кең орын алған мифтік образдардың бірі. Мысалы, “Қобыланды батыр” жырында Қобыланды Көктім аймақ ханның қызы Құртқаға үйленеді. Сонда хан атасы батыр ұлына төрт кесек бұлтты еншіге атап жатып, сені жаудан қорғап, күш беретін осы бұлттар:
Жаз болса шығар күн жақтан,
Қыс болса шығар жел жақтан,
Жау келсе түсер жау жақтан, -
дейді. Шынында да, Қобыланды ата-анасының тұтқында жатқанын еншіден алған бұлттарынан естиді”.
Профессор Мәлік Ғабдуллин: “Бұлтқа табыну, оны үлкен күш есебінде түсініп жалбарыну шамандық дәуірден қалған әдет-ырым болған”- дейді. “Жаратылыс сырын түсінбеген ертедегі адамдардың бұл секілді ескі ұғымдары қазақтың тұрмыс – салтына байланысты туған шығармаларынан да орын алғаны мәлім. Олар құрғақшылық кезінде осы бұлттарға жалбарынып, “жаңбыр бер” деп тіленген, жаратылыс құбылыстары мен табиғат көріністернің әр алуан түрлерін (ай, күн, от, су, бұлт, дауыл, т.б.) жарылқаушы, жаратушы күш ретінде ұғынған” – дейді.
Жоғарыдағы оқиғаның жалғасы ретінде, Афамант пен жауыз Инодан қашқан Фрикс пен Гелла жер асты патшалығындағы шешелерi бұлттың әйел құдайы Нефеланың берген алтын жабағалы қошқарға мiнiп, ұшып бара жатқанда, Гелла Дарданелл бұғазы маңындағы жердегi теңiзге абайсызда аударылып түседi. Содан бастап сол маңды ежелдегiлер Геллеспонт (Гелла теңiзi) деп атап кеткен, ал Фрикс болса аман-есен Колхидаға дейiн жетедi.
Сол жердегі Гелиос құдайдың баласы, сиқыршы Эетқа барып, паналайды да, Фрикс Зевске сол қошқарды құрбандыққа шалып, терiсiн сол маңдағы Арестiң бау-бақшасына iлiп кетедi. Жоғарыда атап өткеніміздей, Арес скифтердің соғыс тәңірісі ретінде дәріптелетін-діктен, Колхида жерінде Ареске арналған бау-бақша бар еді. Осыған орай Эеттің елі де қанқұйлы, соғысқұмар болса, айналадағы көп ел де Эетке бағынышты күй кешетін. Патшалықтың мерейі өсіп, бақ-даулетке кенелуі осы Ареске және соның бау-бақшасындағы қошқардың алтын жабағылы терісіне байланысты. Эет өзінің құдіретті, күшті мемлекеті осы екі дүниесі арқылы келетінін білгеннен соң, одан айырылуы қара түнекпен тең деп түсінеді. Ал Ясон болса Арестің бау-бақшасындағы қошқардың алтын жабағылы терісін алып қайтуы қажет. Сөйтіп Эетті бақытсыздыққа ұшыратпақ.
Ясон осындай қауіпті сапарға аттану үшін Арестордың ұлы Аргты көмекке шақырып, кеме жасап беруiн өтiнедi. Арг Афинаның қолдауымен Зевстiң Додондағы тоғайынан алынған қасиеттi еменнiң бiр бөлегiнен әрi жеңiл, әрi тез жүзетiн он ескектi “Арго” кемесiн жасайды (кеменiң атын Арг жасағандықтан, “Арго” деп қояды). Жорыққа қатынасатын батырлар да кеменiң атына байланысты “аргонавтылар” (“Арго” теңiзшiлерi) деп аталады.
Аргонавтылар сапарында оларды көптеген таңғажайып оқиғалар күтiп тұрды. Солардың iшiндегi аса көрнектiсi – Фракиядағы Финей атты соқыр сәуегеймен кездесеулерi. Құдайлар оны Зевстiң болашағын қарапайым халыққа ашық айтып бергенi үшiн, екi көзiн соқыр етiп, үнемi аштықта ұстап отырады. Жарты әйел, жарты құс денелi Гарпиялар оның дайындаған азығын жеп, бүкiл үйге жан төзгiсiз жаман иiс қалдырып кетедi. Батырлар Финейдi құтқарады. Оның есесiне Финей Симплегад құздарының арасынан қалай өту құпиясын ашып бередi. Симплегад құздары бiр-бiрiнен ажырап барып, сонан соң қайтып, сатыр-күтiр етiп бiр-бiрмен соқтығысады. Аргонавтылар өздерiнен бұрын жабайы көгершiндi ұшырып жiбергенде, құз тастары қайта соғысып, құстың құйрық қанатын ғана қысып қалады. Аздап күткен аргонавтылар құз тастары қайта ашылғанда, Афина-Палладаның көмегiмен кемелерiмен бұғаздан оқтай зулап өте шығады. Қосылған құздар кеменiң артқы бiр бөлшегiн ғана қақшып үлгередi де, мүлдем қозғалыссыз тұрып қалады. Бұл Эгей теңізінен Қара теңізге ашылған жол еді.
Қара теңіз жағалауындағы Колхидада бұл тұста Гелиостың ұлы Эет билеп тұрған. Қызы Медея Ясонды ұнатып қалып, Эеттiң небiр күрделi тапсырмаларын орындауға Ясонға жәрдем етедi. Ясон тұмсығынан от-жалын үрлеген, аяғы мыс, жотасы темiр өгiздердi жегiп, Арестiң құрметiне арнап, темiр соқамен жер жыртып, айдаһардың тiстерiн сеуiп, одан өсiп шыққан қарулы жауынгерлермен соғысып, олардың бәрiн қырып салады. Медея алтын жабағыны күзетiп тұрған айдаһарды сиқырлы сусынмен ұйықтатып тастап, Ясон екеуi алтын жүндi терiнi алып, Колхида жағалауынан Аргоға отырып, жүзiп кетедi.
Байқағанымыздай, Ясонның алдында үнемі кедергі болатын айдаһар немесе оның тістерінен өсіп шығатын қарулы жауынгерлер. Мәселен, Беотияның Фивы қаласының пайда болуы жөніндегі мифологияда Кадм Арестің үңгіріндегі айдаһармен соғысып, оны өлтірген соң, Арестің қаһарына ұшырайды, бүкіл үрім-бұтағы қарғыс алып, тағдырлары аянышты аяқталады.
Мұнда да Кадм айдаһардың тістерін жұлып алып, жыртылған жерге тұқым сеуіп, одан жер астын тесіп, найза ұстаған жауынгерлер шығып, бір-бірімен шайқасқа шығады. Аман қалғандары Кадмға көмекші болып, атақты Фивы қаласын салуға жәрдемдеседі. Осы қалада туып-өскен, сүйікті қыздары Семела мен Ино көз алдында ажал құшты. Қызы Автоноядан туған жиені Актеон Артемида ашуының құрбаны болады. Ал өзі қартайған шағында, қайғы құшып, Фивыны тастап, ұзақ сапарға аттанады. Жас шағында айдаһарды өлтіргені есіне түсіп, бүкіл бақытсыздығы осыдан ба деп ойлап, аузына алғаны мұң екен, денесі созылып, қабыршық жамылып, аяқтары ұзарып, ирелеңдеген ұп-ұзын жылын құйрығына айналады.Әйелі Гармонияға қол созып, құтқаруын сұрайды, бірақ бәрі де кеш еді, тілі қос айырыққа бөлініп, аузында жылан тілі жылмаңдай бастады, тілінен тек ысылдаған дыбыс шықты. Көп ұзамай әйелі Гармония да жыланға айналады.
Бұл сюжетке тоқталғанымыз тек жылан мен айдаһар тотемдігіне байланысты ғана емес, мұндағы Кадмның Ино деген қызының жоғарыда аталған Афаманттың екінші әйелі болып, оқиға желісіне қатысуынан туындаған.
“Аргонавтыдағы” Ясон оқиғасы да мистикаға, сиқырға толы, түбі Медеяға жасаған опасыздығы үшін, қарғысқа ұшырап, балалары, өзі де мезгілсіз дүниеден өтеді.
Колхидаға жеткенде Ясонның көзі жеткені – Эеттің өзі де сиқыршы, қызы Медея да сиқырлықтан құр алақан еместігі. Сол елдегі тотем ретінде айдаһардың бейнесі және соған байланысты оқиғалар жиі ұшырасады. Бұл Колхида жері мен еліне етене жақын айдаһар-мақұлықтар мен жылан тектес бейнелер. Демек, бұл тотемизм. Тотемизм – белгілі бір этникалық топтың өз тегін белгілі бір мақұлықтан өрбіуі болса, Геракл турасындағы аңызда да жылан тотемі ұшырасады. Кішкентай бесікте жатқан Геракл мен інісі Ификлды өлтіру үшін Гера екі айдаһарды жіберетін эпизодта жыланға деген өшпенділікті аңғару қиын емес. Гераклдың ажалы да айдаһардың уынан болады.
Айталық, Скифтің атасы Геракл десе, анасының денесі әйел де, кіндіктен төменгі жағы жылан тектес – Эхидна.
Қазақ халқы қазіргі күнге дейін “Жылан көрсең басына ақ құй” деген тұрақты тіркес бар, яғни мұның мәнісі: “абайсызда, алда-жалда үйге жылан кіріп кетсе оны өлтіру күнә, керісінше, оның алдына сүт немесе айран, қымыз құйып, үйден шығарып жіберу” дегенді көрсетеді. Бұл атам заманнан бері жыланға деген құрмет көрсетудің бір белгісі болса керек. Әйтпесе, жылан бейнесі суреттелген, ол туралы сюжеттер мен көптеген мотивтер скифтер мен сақтарда, гректерде, орыстар мен фин-угор, скандинав елдері мен түркілерде жиі ұшырайтын мифтік образ. Ол кейде жағымды, кейде озбыр, кейде адам кейпіне еніп, сөйлеп кететін сюжеттерді көре аламыз. Мұның тікелей Ясонға қатыстылығы бар. Ясон ахей елінен келіп, жылан культіне бас иетін елді көріп, олардың салт-дәстүріне үйрене алмай, басты мақсаты алтын жабағыны алып кету болса, кедергіге жылан культын дәріптейтін Эет пен Медеяға (Медея Афина – Палладаның құдірет-тілігі арқасында Ясонды ұнатып қалады да, кейін оған көмекке ұмтылады), айдаһардың тiстерiнен өсіп шыққан жауынгерлермен, күзетте тұрған айдаһармен бетпе-бет келеді. Оны жеңу мүмкін емес еді, тек көмекке айдаһар тілін білетін, сиқырлықты меңгерген, Ясонға құдайлардың кеңесінде ғашық болу құрметіне ие болған Медея арқылы дегеніне жетеді.
Эет кеменiң артына түсiп қуып жетпек болғанда, Медея өзiмен бiрге алып кеткен бауырын өлтiрiп, денесiн паршалап, бөлшектеп теңiзге тастайды. Әкесi баласының теңiзде бөлшектенген денесiн жинап, жерлегенше “Арго” талай жерге дейiн ұзап кетедi. Бұл да қазақтың әруаққа, қайтыс болған адамға деген құрметі секілді, Эет елінің салт-дәстүрі айқын көрсетіледі.
Бастарынан талай қауiпты жағдайлар мен түрлi таңғажайып оқиғаларды өткiзген аргонавтылар аман-есен Грекияға жағалауына жетедi.
Иолкқа жеткен Ясон өзi жоқта әке-шешесiн өлтiрiп тынған Пелийден Медеяның көмегiмен кегiн қайтарады. “Жастық-шағыңды қайтарамын” деген желеумен Медеяның кеңесi бойынша, өз қыздары Пелидi балталап, қазанға салып қайнатады.
Осы қылмыстары үшiн Ясон мен Медея Иолктан қуылып, он жыл бойы Коринфте тұрады. Коринфтың патшасы қызы Главканы (басқа мифте Креуса) Ясонға бермек болып келiсiмiн бергенде, Ясон Медеяны тастап, жаңадан некеге отырады. Еврипид пен Сенеканың трагедияларындағы айтылған оқиғада, Медея аз уақыт Афинада тұрып, кейiн өз отанына оралып, әкесiнiң бауыры узурпатор Перстi өлтiрiп, билiктi әкесiне алып бередi.
Медея туралы аңызды қазақ тiлiне тұңғыш рет ақындық мүмкiндiгiн мейлiнше шебер пайдаланып, аударған сөз зергерi, белгілі ақын Қайрат Жұмағалиев. Әлемдiк өнер тарихынан айтулы орын алатын эллиндер мәдениетiнiң алып өкiлдерiнiң бiрi – Еврипидтiң драмалық поэзиясы бүкiл болмыс-бiтiмi жағынан ежелгi заманның әйгiлi трагиктерi Эсхил, Софокл еңбектерiмен пара-пар түсетiн айшықты дүниелер. Сондай әдеби жауһарлардың бiрi осы “Медея” трагедиясы. Жоғарыда атағанымыздай, ана тiлiмiзге аударылған әлемдiк деңгейдегi тамаша драмалық туынды қазақтың профессиональды өнер қайраткерлерінің арқасында, мәдениет пен өнердi бағалайтын талғампаз жұртшылықтың назарына ұсынылап, талай жылдар бойы сахна төрiнен лайықты орын алып отырған, айтулы шығармалардың бiрiне айналған.
Көп жылдар өткен соң, Ясон Истм маңынан өтiп бара жатып, Посейдонның құрметiне қойылған “Арго” кемесiнiң жанына келiп, шаршағандықтан түбiне барып демалып, ұйқыға кетедi. Әбден тозығы жеткен кеменiң шiрiген бөлшегi морт сынып, астындағы Ясонды жаншып, мерт етедi.
Достарыңызбен бөлісу: |