4. Алгебралық талдау. Алгебралық талдау деп алгебралық әдіс-тәсілдердің жиынтығын түсінеді. Ал есеп шығарғанда есеп мәліметтері (берілген шамалар) мен ізделетін (белгісіз) шамалардың арасында байланыс орнатылады. Бұл үшін ізделетін шаманы белгілеп, берілген мәліметтерді пайдалана отырып, оларға қажетті амалдарды қолданады. Сөйтіп, аралық шамаларды өрнектейді. Мұның өзі теңдеулерді немесе теңдеулер жүйесін құруға әкеледі.
Басқаша айтқанда, есеп шығаруда алгебралық талдауды қолдана отырып, есептің шартынан белгісіз шаманы айрықша белгілеп алып, теңдеулер (немесе теңдеулер жүйесін) құрады, яғни негізгі есепті бірінші көмекші есепке түрлендіреді.
Алгебралық талдауды қолданудың екінші сатысы — көмекші есептерді турлендіру сериясын одан әрі орындап, теңдеудің (теңдеулер жүйесінің) түбірін табуға әкеледі. Түбір табу есебінің өзі екіге бөлінеді: 1) жартылай алгоритмдік типтегі, 2) алгоритмдік типтегі көмекші есептер. Егер негізгі есеп пен әрбір көмекші есеп пара-пар (эквивалент) болса, онда табылған түбірлер мен ізделінді шамалар бірдей болады.
Алайда іс жүзінде көмекші есеп пен негізгі есептің пара-парлығының сақталуын қамтамасыз ету мүмкін болмай қалады. Мәселен, теңдеу немесе теңдеулер жүйесін негізгі есептің салдары бола тұра, оның түбірімен бірге, бөгде түбірін де қамтуы мүмкін. Сондыктан негізгі есептерді пара-пар көмекші есептерге түрлендіргенде де, оның бөгде түбірлерін анықтау үшін есепті міндетті түрде тексеру қажет.
Негізгі есепті түрлендіру пара-парлық катынастарды сақтай бермейтіні мәлім. Пара-парлықтан ауытқу бөгде түбір табумен бірге, түбір жоғалтуға да әкелуі мүмкін.
Есепті алгебралық талдауға тән сипат алатын әдістердің бірі берілген есепке кері есепті шығару. Мұнда, кері есептің шарты ретінде негізгі есептің шешуі мен кейбір шарттары алынады.
Кері есептерді шығару сабақтың дидактикалық бірліктерін кеңейтіп, математиканы қорыту процесін жеделдетеді. Дидактикалық бірліктерді кеңейту проблемалары жөнінде Н. М. Эрдниевтің зерттеулерін басшылыққа алған пайдалы.
Достарыңызбен бөлісу: |