6-билет
1. Орбұлақ шайқасы.
2. Қазақстан ғылымының дамуындағы Қ.И.Сәтбаевтың орны мен рөлі.
3. Картадан ерте темір дәуіріндегі тайпаларды көрсетіңіз.
Олардың археологиялық ескерткіштері туралы баяндаңыз.
Орбұлақ шайқасы – маңызы орасан шайқастардың бірі. Бұл – қазақ жасақтарының Жоңғар басқыншыларына ымыралықпен, бірлікпен байласа, біріге тосқауыл берген алғашқы нәтижелі ұрыстарының бірі. Сондықтан да шайқастың тарихымызда маңызы ерекше.
1.Шайқас ұзақ жылдар бойы Жоңғарларға өмірлік ұрысын арнаған, жоңғарларды жер бетінен құртуды армандаған хандардың бірі – Есім ханның ұлы хан Жәңгір мен Жоңғарлардың Батыр қоңтайшысы арасында өткен үлкен соғыс. Жазық жазирада тыныш, момақан ғана ғұмыр кешіп жатқан көшпелі халықты қанап, қасқыр тартқан қойша қырған Жоңғарлардың қарқынының белең алып бара жатқанын сезген Жәңгір хан қол астына жаужүрек батырларын жинап жауына қарсы ұмтылады. Небәрі 600 ғана адам қолымен жоңғардың 10 мың әскерінің қанын төккен шайқас бұл. Қазақтың ашынғандығы жеңістің басты себебі секілді.
Жәңгір хан жоңғар әскерлерінің тактикасын әбден жете зерттей білді. Күтпеген тосын тактиканы өзі де ойлап тапты. Хан Жәңгір ұрыс орнына Ор деп аталатын кішкене өзеншесі бар тау арасын қолайлы деп тауып, әскерін «ор қазу» әдісіне жаттықтырды. Оның ойлағаны іске асып Батыр қоңтайшының қалың қолын ортадан қоршап сасқан жау қолының он мың әскерін дем арасында қырып тастайды. Жәңгір ханға 20 мың қолды бастаған Жалаңтөс батыр көмекке келеді. Қазақтардан айласын асыра алмаған жоңғар ханы қалған қолын жинап, ойсыраған шығынмен кейін шегінуге мәжбүр болады. Аты дардай жоңғар ханына үлкен ұят саналған шайқастың соңы қазақ жасақтарының үлкен жеңісімен аяқталады.
Орбұлақ шайқасын ұйымдастырушы Жәңгір ханға тек Жалаңтөс батыр ғана емес қазақтың ержүрек, дарабоз батыр, жыраулары да түйіле қатынасты. Атап айтар болсақ, арғын Ағынтай, Қомпай, найман Көксерек, Бөдес, шапырашты Қарасай, тана Жиембет жырау, қаңлы Сарбұқа, суан Елтінді, дулат Жақсығұл, қырғыз Көтен мен Табай, т.б. батырлардың үлесі шайқастың жеңіске жетуіне де өз септігін тигізді.
Орбұлақ шайқасының маңызы – қазақтарды жоңғарлардың ғана емес бүкіл әлемнің мойындауын туғызған шайқас болды. Сонымен қатар, қазақ даласындағы шайқастарды ұзақ жылдарға толастатып, жоңғарларды қайта қазақ сахарасына басып кіруіне жүректерін шайлықтырардай әсер де қалдырды. Қазақ даласы сәл де болса жау езгісі мен зәбірінен құтылып, жаймашуақ тіршілігін жасай білді.
2.1920-1941 жылдары Баянауылда халық судьясы, «Атбастүстімет» тресі геология бөлімінің, Қарсақтай мыс комбинаты геологиялық барлау бөлімінің бастығы, комбинаттың бас геологы қызметтерін атқарған.
1941-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің құрамындағы Геология ғылымдары институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған.
1952 жылы әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырап, қызметінен төмендетіліп, Қазақ КСР Геология институтының директоры болып тағайындалған.
1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті атқарған.
1926-1929 жылдары кені мардымсыз өңір болып саналған Жезқазғанды ірі мыс кентасты аудан қатарына көтеруде Сәтбаевтың еңбегі өте зор болды.
1927-1928 жылдары Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск аудандары, Қарағанды тас көмір алабы және Қаратау полиметалл кендері жөнінде ғылыми маңызды еңбектер жариялаған.
1929 жылы Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағанды облысында қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы мәселе көтерген. Академиктің қолдауымен Алматыда Орта Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылған. Қазақстан Ғылым академиясын ұйымдастырып, ондағы бөлімдерді, оған қарайтын институттарды, зертханаларды, секторларды, базаларды дұрыс жоспарлаған. Ғылыми кадрлар дайындау ісіне үлкен жауапкершілікпен қараған.
Ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін халық шаруашылығының мүддесіне бағыттап, шаруашылық және мәдени құрылыстың басты мәселелерін шешуге белсене қатысқан. Жезқазған кен-металлургия комбинатын, Қарағанды мен Балқаш металлургия зауыттарын, Ертіс-Қарағанды арнасын салу, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтау жөнінде зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, республикамыздың ірі минералдық шикізат қорларын Кенді Алтайды, Қаратау фосфоритін Қостанай мен Жезқазған Ұлытау өңірлеріндегі темір, марганец, т.б. көптеген кен орындарын игеру Сәтбаев есімімен тығыз байланысты.
3.Cақ тайпалары 3 топқа бөлінеді: тиграхауда (шошақ бөріктілер), парадарайа (теңіздің арғы жағындағылар), хаумаварга (хаома сусынын дайындайтындар).
Парадарайа (теңіздің арғы жағындағылар ) тайпалары Арал бойы мен Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген. Олардың оңтүстігінде хаумаваргалар қоныстанған.
Тиграхауда сақтары (шошақ бөріктілер) Жетісу, Тянь-Шань таулары, Сырдарияның орта ағысын мекендеген. Жетісу алқабы олардың жиі қоныстанған орталығы болған. Шошақ бөрікті сақтар осы күнгі Ташкент аймағында, Солтүстік Қырғызстан, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жерінде өмір сүрген.
Сақтар – б.з.б.1 мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан жерін мекен еткен ежелгі тайпа.
Үйсін мәдениеті деп аталатын ескерткіштер Жетісуда шоғырланған.
Қаңлылардың негізгі атамекені – Сырдарияның орта ағысы. Жазба деректерде қаңлылардың Арыс, Талас және Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүргені айтылады. Қаңлы мемлекетінің шекарасы осы күнгі Ташкент қаласы тұрған жерден асып, Қаратау бөктерлерінен басталып, Талас өзеніне дейін созылған.
Қаңлылар оңтүстігінде Қытаймен және Үйсіндермен көршілес жатты. Ал солтүстігіндегі көршілері сарматтар мен аландар болды.
Сарматтар қазіргі Батыс, Солтүстік және Шығыс Қазақстан аумағында өмір сүрді. Оларды тарихи деректерде алғашқы кезеңде, б.з.б. 8 ғасырда савроматтар деп атаған.
Достарыңызбен бөлісу: |