3.1 Адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудырған мән- жайларлардың қоғамдық қауіптілігі
Адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудыратын мән-жайлар сан қырлы. Адамдардың көзқарасы, жүріс тұрысы, ережелері, психологиясы т.б., жалпы айтқанда, қондырмалық институттар базистік қоғамдық қатынастарға, сәйкес формацияға тәуелді болғандықтан да экономикалық фактор ең негізгі себеп болып суырылып шығады. Экономикалық қолайсыз жағдай, қоғамның және жеке адамның санасына ұялап, қоғамға жат мінез құлықты тудырады, бірақ ол белгілі бір әлеуметтік топ деңгейінде, жеке адам деңгейінде көрініс табады. Сондықтан да, әрбір нақты жағдайда, қоғамға жат көріністердің себептеріне жататын объективтік жағдайлар мен субъективтік факторлар арасындағы өзара байланысты ашып, оның кімге көбірек ықпал жасайтынын ескеру керек. Егер қоғам экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемалар мен қарама-қайшылықтардың уысында қалса, қылмыстылық кең етек алады, ешқандай әлеуметтік саяси жүйе бұл заңдылықтан қашып құтыла алмайды.
Қылмыстылықтың жалпы себептерін және нақты қылмыстың себептерін, сондай ақ жағдайын ажырату қажет. Нақты қылмыстың себептері мен жағдайы, ол:
а) тұтынушылықты, мүдделерді, нақты адамның құндылыққа бағдарын оң бағыттан тайдыратын, қылмыстық себептілікке негіз болатын орта;
ә) қылмыстық себептіліктің өзі;
б) адамның қалыптасу, өмір сүру процесінде және қылмыс жасау процесінде тікелей өзі болатын және мінез құлықтағы қылмыстық себептіліктің туындауына және іске асуына мүмкіндік тудыратын (нақты қылмысқа мүмкіндік тудыратын) жағдайлар. Біреулердің тұрмысының нашарлауы солардың есебінен басқа біреулердің баюына әкеп соғады, бұл қайшылық қылмыстың да етек алуына себепші болады, адамдарда үрей, ыза кек пайда болады, олар сенімнен айырылады, саяси дау жанжал, бандитизм, әр түрлі нысандағы зорлық-зомбылық көбейеді. Біреулердің көп ақы төленетін жұмыс атқаруы, екінің бірі қолы жетпейтін материалдық және мәдени құндылықтарды пайдалануы, ондай мүмкіндігі жоқ адамдарда іштарлық сезімін тудырады. Өзінің мамандығын, біліктілігін,білімін жетілдіріп, қоғамға қомақты еңбек үлесін қосып, соған сәйкес табыс табу кейбір әлеуметтік топтарға әзірше тәтті қиял .
Сарапшылар жасырын жезөкшеліктің туындауына және кең таралуына себеп болған бірнеше фактор бар деп біледі.
а) әлеуметтік–экономикалық фактор: елдегі әлеуметтік теңсіздік; халықтың үлкен бөлігінің, ең алдымен барлық жастардың өмір сүру деңгейінің төмендігі; қоғамның байларға және кедейлерге жіктелуі; әйелдердің көпшілігінің қамтамасыз етілмеуі; жұмыстан басқа іс майданында өздерінің қабілеттерін көрсетудің қиындығы; жас әйелдер үшін жоғары табыс табу мүмкіндігінің шектеулігі; «көлеңкелі» экономиканың салдарынан игілікті пайдалану деңгейінің төмендеуі;
ә) моральдық-этикалық фактор: қоғамның айтарлықтай бөлігінің моральдық деңгейінің төмендігі, руханисыздық, дүние-мүліктік психология; тауар ақша қатынасына құрылған өркениет жағдайындағы адамның өзін-өзі жатсынуы; соңғы екі онжылдықта моральдық- этикалық қалыптың тозуы және мінез құлықтың кенеттен төмен құлдырауы; адамға деген тұтынушылық қатынастың өзгеріске ұшырауы; әйелдерді сұлулық пен мейірімділіктің бейнесі деп танитын түсініктің күйреуі, ана мәртебесінің төмендеуі; тәрбиенің мақсатты бағдарламасының және жыныстық тәрбиенің болмауы;
б) физиологиялық фактор: жезөкшелікпен машықтану екі жыныстың қатысуымен жүзеге асады. Әйелдер сарапшылар еркектердің сексуалдық мұқтаждығын кінәлап, «Сұраныс ұсынысты тудырады» деген себеп айтса,еркек сарапшылар жезөкшелікпен айналысу үшін осы іске құштарлық керек деп есептеп, оны әйелдер ағзасының физиологиялық ерекшеліктерімен байланыстырады. Бұл машыққа қоғамдық сұраныстың жоғары болуын сарапшылар жезөкшеліктің қызметін сексуалдық отбасылық-некелік қатынас жүйесіндегі элемент ретінде түсіндіреді және халықтың жыныс белгілері бойынша бөлінуіндегі ара-қатынастың айтарлықтай алшақтығымен байланыстырады.
Жезөкшелік құбылысының орын алуының басқа да себептері бар. Сарапшы сексопотологтар бүлдіршін қыздың алғашқы үш жылында анасымен сезімдік байланыста болмауы (бөбектер мен балалар бақшалары немесе балалар үйлері тәрбиесі), кейін оны сексуалдық серігінің кім болатындығына талғаусыз қарауына әкеп соқтырады деген пікірде. Кейбір ғалымдар жезөкшелерді қалыптан ауытқыған психикалық және физиологиялық құбылыстардың жемісі, сондай-ақ антропологиялық жеке дене бітімі және әлеуметтік факторларының ықпалымен адамдар өмір сүретін әлеуметтік хал-ахуал әсерінің нәтижесі ретінде қарастырады.
Жезөкшеліктің тіршілік етуінің себебі оған үнемі сұраныс болуында. Жезөкшелердің қызметін әр түрлі еркектер пайдаланады: біріншіден, жас болғандықтан сексуалдық тәжірибесі жоқ және басқа жолмен өздерінің сексуалдық мұқтаждығын қанағаттандыра алмайтындар; екіншіден, сексуалдық әуестігі әдеттегіден тыс, тіпті ауытқушылыққа ұшыраған және оны әйелімен немесе ашынасымен қанағаттандыра алмайтындар; үшіншіден, егде жастағылар, дене құрылысы кемшіндер немесе психологиялық ерекшелігі барлар (мысалы, өте тұйық) жезөкшелердің қызметін пайдаланбай, жыныстық қарым-қатынас жасай алмайды; төртіншіден, көптеген жалғызілікті адамдар жезөкшелермен байланыстан адамдық жылылық іздейді, уақытша болсын жалғыздықтан құтылады. Жат қалада іс-сапарда жүрген немесе демалып жатқан адамдар да әлгіндей сезімді бастан өткереді.
Жезөкшеліктің өсуіне қоғам басынан өтіп жатқан сексуалдық тежеусіз еркіндік зор ықпал етуде. Жыныстық қатынастардан дөрекілікпен және арсыздықпен бұрынғы пуритандық жамылғылар жұлып тасталынды. Адамдар көптеген жылдар бойы қатаң тыйым салынған жезөкшелікті ессіз құштарлықпен қабылдады. Басты назарын экономикалық және саяси проблемаларға аударған қоғам адамгершілік пен моральға қатысты проблемаларды мүлде естен шығарды. Ал жыныстық қатынастың құлдырауы жезөкшеліктің ғана емес, түрлі қылмыстардың және басқадай қоғамға қарсы қауіпті құбылыстардың өсуін туындатты.
Отбасылардың ыдырауының себептері әр түрлі. Оған меншікті үйдің болмауы немесе материалдық ауыртпашылық та себеп болады. Секспотологияның бүкілодақтық орталығының аға ғылыми қызметкері С.Агарков бұл құбылысқа терең талдау жасайды: «Отбасының бұзылуы азамат соғысы кезінде басталды. Дәл сол кезеңде ағайындылар бірін-бірі өлтіруге барды, сезімге берілген ұлы әкесінің, әйелі күйеуінің атылуларына бірден-бір себепші болды. Жаппай жазалау жылдары бір-бірі жайында құпия түрде сөз тасу, сатқындық, туыстықтан бас тарту отбасылардың ортақ мінезіне айналды.
Екінші дүниежүзілік соғыс та терең із қалдырды. Отбасылар өз мүшелерінің құрамы ойсырауы салдарынан өздігінен жойылып жатты. Осындай бақытсыздықтан басқа біз екіжүзділік пен бір-бірімізге деген сенімсіздікті бастан өткердік. Алдау мемлекеттік саясаттың жоғары дәрежесіне көтерілді. Мұндай тарихтың отбасыларға зардабы тимеуі мүмкін бе? » Әйтсе де, көптеген зерттеушілер сексуалдық өмірдің өсу қарқынын тікелей әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланыстырады [52].
ХХ ғасырдың 20-жылдары жезөкшелерден алынған сауалнамадан олардың 82,5 % -і жаңа экономикалық саясат кезінде «панельге» кеткендігі анықталған. Зерттеушілер революцияға дейінгі Ресей жағдайымен 1920-жылдардағы жағдайдың ұқсас екендігін, жезөкшелікпен айналысатын әйелдерді жезөкшеліктің таптауырын жолына түсуге мұқтаждық итермелегенін айта келіп, аштық жезөкшеліктің қуатты факторы болып табылады деген пікір білдірген.
Зерттеу жүргізілген әйелдердің оннан тоғызының жезөкшелікпен айналуына ауыр материалдық жағдайы душар еткен. Москвадағы жезөкшелердің 91%-нің бала кезінде, 82,2 %-інің сауалнама берген кезінде тұрғын жайлары болмаған. Харьковта олардың 38,6 %- і үй күйсіз түрлі жағдайда күнелтсе, 18%- і ғана қанағаттанарлық деңгейде тамақтанған, 48%- і ұзаққа созылған жұмыссыздық салдарынан жезөкшелікпен айналысқан. Енді бір мәлімет бойынша, жезөкшелердің 47,5 %- мұқтаждық салдарынан осы кәсіпшілікпен айналысқан. Олардың 30 %-і бір бөлмеде ұйықтаған туған-туыстарының және бөтен еркектердің кінәсінен жыныстық кемелденуге жетпей пәктігінен айрылған. Бұлардың 23,6 % пәктігінен айрылу себебін зорлаумен байланыстырса, 9,4 %-і мұқтаждықтан, 5,2 %- і ләззат алуға деген құштарлықтан деп көрсеткен. Жезөкшелердің басым көпшілігі есірткі заттарын тұтынса, 47,1 %- қайғы-мұңды ұмыту мақсатында қолданған [53].
Кеңес Одағы ыдырап, республикалардың тәуелсіздік алуларына байланысты қоғамдық құрылыстың өзгеруі, қоғамның жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуі, бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстың үзілуі, соның салдарынан көптеген өндіріс орындарының жұмысын тоқтатуы я жартылай ғана жұмыс істеуі, бірсыпырасының нарықтық экономика кезеңінде жұмыс істеуге қабілетсіздігінен мүлде жойылуы, кеншарлар мен ұжымшаралардың таратылып, ауылшаруашылық өнімдерінің де күрт қысқаруы, соның салдарынан жұмыссыздықтың белең алуы, күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік бағаларының, көпшілік көлігі жолақыларының, электр энергиясы құнының қымбаттауы, уақытында еңбекақы мен стипендияның берілмеуі тәрізді құбылыстар біздің еліміздегі ғана емес, ТМД-ның өзге елдеріндегі де өмір деңгейін төмендетіп жіберді. Бұл жайттар Қазақстандағы демографиялық ахуалға да теріс ықпал етті [54].
Республика халқының азаюына табиғи өсімнің кемуі ғана емес, халықтың көптен ауа көшуі де тікелей әсер етуде. Сыртқа кеткен және сырттан келген халықтың көпшілігі еңбек ресурстарын құрайтын еңбек жасындағы адамдардан тұрады. Мысалы, республикада еңбек жасындағы адамдардың үлесі 55,0 % болса, республикаға келіп жатқандардың арасындағы үлесі 72,0 % -ті, көшіп кетушілердің үлесі 67,0 %-ті құраған. Бірақ көшіп келушілерден гөрі кетушілер көп болғандықтан, 2003 жылдан 2004 жылға дейін еңбек ресурстары 227,0 мың адамға кеміп, 9113,0 мың адамдай болды. Солай бола тұра, елімізде қоғамдық пайдалы еңбекпен қамту жағдайы жақсарған жоқ. Абсолютті мөлшерде жұмыссыздардың саны Талдықорған (4,8 мың адам), Солтүстік Қазақстан (6,2 мың), Қызылорда ( 8,8 мың), Семей (10,6 мың) және Оңтүстік Қазақстан ( 14,4 мың) облыстарында өте көп өсті [55].
2006 жылдың қаңтар-тамызында облыстан республика шегіне 1189 адам қоныс аударды, оның ішінде 931 адам ТМД елдерін, және 258-ТМД- дан тыс елдерге қоныс аударды.
2006 жылдың қаңтар-шілдесінде ТМД елдерінен қайта көшіп келгендер саны 17,1 %- ға азайып, 1333 адамды құрады, ТМД-дан тыс елдерінен келгендер саны 2,4 есе көбейіп, 688 адамды құрады.
Қазіргі кезде республика халқының 51,4 %-ін әйелдер құраса да, олардың 40%- і ғана жұмыспен қамтылған, ал 60 %-і жұмыссыз. Павлодар облысы бойынша 2006 жылдың тамыз айының аяғында жұмыспен қамту мәселелері бойынша өкілетті органдарға өтініш берген ұйымдардың жұмыскерлерге деген сұранысы 2169 адамды құрады, бұл шілде айымен салыстырғанда 262 адамға аз. Бір бос орынға 5 жұмыссыз адамнан келеді. Экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың санында тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2,4 % шегінде қалыптасты. Жұмысқа орналасу мәселесі бойынша өкілетті органдардың есебінде тұрған жұмыссыздар саны 9743 адамды құрады.
Дегенмен, жұмыссыз әйелдердің қомақты бөлігі жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрмағандықтан, «жұмыссыз» мәртебесін де, оған қатысты жәрдемақыны да, ала алмайды. Осы себепті, олардың бір бөлігі жезөкшелікке салынуды айтпағанда, түрлі қылмысты жолымен күн көруге бейімделеді.
Мысалы, республикада 2000 жылы бас бостандықтарынан айрылған әйелдердің 53,2 % -ін еш жерде жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындар құраса, 0,8 %-ғана ресми жұмыссыз мәртебесін алғандар болған. Ал заңда жұмысы да, баласы да жоқ жалғызбасты әйелдерге жәрдемақы төлеу қарастырылмаған.
Жұмыссыздық белең алған кезеңде жұмыс табу өте қиын екендігі белгілі. Бірақ әйелдердің әлгіндей бөлігінің қандай тәсілмен күн көріп жатқандығы белгісіз болса да, әлеуметтік қамтамасыз етілмеуі салдарынан зорлыққа ең алдымен ұшырайтындар солар екендігі белгілі. Ал қазіргі кезде жұмыссыздар қатарынан шыққан маскүнемдікке салынған қаңғыбастар мен сұраншылардың топтары аулалардағы ас қалдығын төгетін ыдыстардан өзек жалғауға нәр боларлық талшық тауып жеп тірлік кешуде [56].
2006 жылдың 1 тамызында Павлодар облысының халқы 744,2 мың адамды құрады. 2006 жылдың қаңтар –тамызында туғандар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,1 % азайды, ал өлгендер саны -0,2 %-ға артты және сәйкесінше 6,3 және 5,3 мың адамды құрады. Осының нәтижесінде облыс халқының саны 996 адамға артты, (қалаларда 690 адамға, ауылдық жерлерде 306 адамға) Халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі маскүнемдік, нашақорлық, түрлі қылмыс жасаушылықпен қатар жезөкшеліктің де өрбуіне ықпал етуші басты себептердің бірі болып табылады [57].
Жезөкшелікке әкелетін тағы бір маңызды фактор - қазіргі «жыныстық қатынас төңкерісі» кезінде жасөспірімдерінің жыныстық қатынас туралы дұрыс мәлімет алмауында. Бүгінде тек «Валеология» сабағының бір бөлімінде ғана жыныстық қатынастар туралы мәлімет берілуде. Бірақ, бұл қазіргі заманның талабына сай келмейді. Біздің қоғамда адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудырушы мән жайлар аз емес. Қазақстандағы демографиялық ахуал және еңбек ресурстары бойынша шешімін таппаған проблемалар адамгершілікке қарсы қылмыстарды тудырушы мән-жайлардың біріне айналды.
Республикадағы отбасылық-некелік жағдай көңіл алаңдатады. Облыстағы некелік – отбасылық жағдай некенің 13,7 %- ға және ажырасу санының 11,8 пайызға өсуімен сипатталды. 2006 жылдың қаңтар-шілдесінде барлығы 3,1 мың неке қию және 1,4 мың ажырасу тіркелді немесе 1000 тіркелген некеге 448 ажырасудан келеді. Отырып қалған қазақ қыздарының саны республика бойынша 88 мың, бұрын одақ бойынша мұнда көрсеткіш 110 мыңды құраған.
Қазіргі кезде республикадағы демографиялық ахуалға байланысты әйелдер құрамының ерлердің санынан елеулі деңгейде көптігі қоғамдық өмірде түрлі сипатта көрініс беруде. Бұл мән-жайлардың жезөкшеліктің өрбуіне, сондай –ақ адамгершілікке қарсы қылмыстардың өзге түрлерін де тудыруға ықпал ететіні анық.
Жезөкшеліктің тежеусіз өсіп, шапшаң таралуының себептері журналистер мен оқырмандарды да толғандыруда. Әсіресе, Ресей баспасөзінде бұл мәселе жиі көтеріледі. Жарияланымдардың авторлары бұл құбылысқа әр қырынан зер салып, түрлі аспектілерде қарастырады. Сірә, олардың ішінен негізгілері болып табылатын моральдық және әлеуметтік аспектілерін бөліп алып талдауға болады.
Моральдық аспект. С.Голод «Жезөкшелік және мораль» аталатын мақаласында бұл құбылыстың себебін сексуалдық қатынастың шеттетілуінен оның мақсаттан құралға айналуынан, психологиялық жайсыздық пен тұрмыста жайғаспаушылық проблемаларын жыныстық жақындасушылық арқылы шешуге тырысушылықтан көреді. Л. Жуховицкий «Қалтада және жиырма жеті тиын» атты мақаласында бұл проблеманың «сұраныспен» байланыстыра қарайды. Ол жезөкшелердің клиенттері жөнінде айта келіп, «Ақылы махаббат - кембағал, кедей, жолы болмаған адамдар үшін қажет» дейді. Автор «Сірә, көне кәсіп әлеуметтік-психологиялық қиындықтың шешімін таппаса да, оның зардаптарын бәсеңдетерлік қасиетке ие болғандықтан талай ғасырлардан бері шалдықпай жасап келеді» деген пікір білдіреді. Жезөкшелік көп жағдайда шәлкес, бұзылған, кемтар күйде көрінгенімен, қоғамдық қайырымдылықтың бір түрі сияқты көзге түсетін кездері де бар. Біздің ресми моральымызға жат мұндай көзқараспен санасуымыз керек. Өйткені, қоғамдық санада ол да тірлік етуде. Тура көшеде жезөкшелік жөнінде журналистердің сауалына жауап қайтарғандардан бір бөлігі осындай пікір білдірген. Көп адам оны жыныстық тәрбиенің және жалпы тәрбиенің жеткіліксіздігімен байланыстыра қарайды. Профессор А.Карпец «Аргументы и факты» жезөкшеліктің тіршілік ету себебін әйелдердің оңай олжа табуға, сондай-ақ өздерінің бұзылған бейімділігін қанағаттандыруға деген тілектерінен көред і [58].
Әлеуметтік аспект. Көптеген жарияланымдардың авторлары бұл проблеманы әлеуметтік жағдайдың күрделігімен біріктіре қарайды. Профессор А.Габиани «Бұл қоғамдағы тоқырау құбылысы, әлеуметтік әділдік принциптерінің бұзылуы, бағыт-бағдар құндылығының өзгеріске ұшырауы, жеке адамдар қатынасы аралығындағы төмен мәдениет» деп жазды [59]. ПрофессорМихайловская «Қылмыстың басты қайнары - бұл ең алдымен қоғамның дамуындағы үйлесімсіздік: еңбекақы істелген еңбекпен, білім атқарылған жұмыс сипатымен, тұрмыс жағдайы сол әлеуметтік–кәсіби топтың тиісті қалып деңгейімен үйлеспейді. Адамның қажеттілігі мен мүмкіндігінің аралығы неғұрлым алшақ болса, оның әлеуметтік жайғаспаушылық жағдайына тап болу ықтималдығы соншалық арта түседі. Тап осындай адамдар қауіп-қатер тобын құрайды» деген тұжырым жасайды [60].
«Дабылдың қызыл сызығы» атты сұхбатында профессор А.Гусейнов былай дейді: «Біз бір қолымызбен еңбекақы мөлшерін 100 рубль деп белгілейміз де, екінші қолымызбен әйелдердің етігіне мұндай еңбекақы алатын адамдар үшін өте қымбат 150 рубль деген баға қоямыз немесе бұдан да сорақысы еңбекақы мөлшерін сол қалпында қалдырып, бағаның «жорғалап» көтерілуіне жол береміз. Бұл адамдарды жезөкшелік сыбайластықпен және ұрлықпен қатар орын алатын табысты бөлудің айналмалы, лас жолына түсуге объективті түрде итермелейді. Л.Жуховский жоғарыда көрсетілген «Қалтада және жиырма жеті тиын» атты мақаласында шынайы түрде қалыптасқан «басқа мәдениет» туралы жазады. Ол мұндай мәдениеттің көзбояушылық пен маскүнемдікке, өтірік айту мен ұрлыққа, әсіресе ірі шаруашылық басшыларының ұрлық жасауына, зиялылардың көпшілік алдында және баспасөз бетінде жалған сөйлеуіне, жоғарыдағылардың көргенсіздікке салынуына, төмендегілердің жағымпаздануына әкеп соқтыратынын айта келіп, «оған адамдардың бой ұсынуы - абыройдан, пайдашылдықтан артық» деген сөзге сенуге мүмкіндік беретін «басқа мәдениетке» жезөкшелік табиғи түрде ұйымшылдықпен сіңіп кетеді» дейді.
Қоғамдық адамгершіліктің өзгеріске ұшырауының басты себебі ретінде әлеуметтік әділетсіздікті әшкерлеуде жас буын өкілдері кесімді пікір білдіреді. Инженер Л.Акентьев «Вечерний Ленинградта» былай деп жазады: «Балалар бақшалары мен мектептерден бастап, балалардың тамақтарын ұрлайды, өтірікпен және жалған педагогиканың екі жүзділігімен олардың ақылы мен ойын бұзады». В.Жиневский «Қауіп-қатер тобы» аталатын мақаласында В.Куниннің атышулы «Интербикеш» повесі бойынша түсірілген осы аттас фильмде интербикештің ролін ойнаған актер Е.Яковлеваның пікірін келтіреді, «Бұл - оңды киіну үшін әрдайым дүкендердегі кезектерде сығылысып тұру мен аз ғана ақшаны еңбекақы не стипендия алатын күнге дейін зорға жеткізуді немесе қарыздар болып өмір сүруді қабылдай алмаудың салдары. Сол шақта олардың көз алдында біреулер өз еңбегіне сәйкес келмейтін барлық игілікке ие болды».
Адам сатушылықтың құрбандығы болған қыздардың тағдырларын талдау барысында олардың басым көпшілігі мұндай жағдайға еріксіз тап болатындығы анықталған.
Сән-салтанатты аста-төк өмір салтын ұстанып әдепсіз мінез-құлқымен көзге түскен адамдар күні кешеге дейін арамызда жүрді. Тап осы адамдар жастардан адамгершілік тазалығы мен риясыздықты басқалардан бұрын даурыға талап етті. Сондықтан қыздар үшін жезөкшелік өздері өмірде бетпе-бет келген даурықпашылық, жалғандық, әділетсіздікке қарсылықтың бір түрі болды»
Ол В. Куниннің повесін талдап отырып, «Валюталық жезөкше Татьяна Зайцева - біздің қоғамдық қатынастағы жарымжан, бұрмаланған «көлеңкелі» экономиканың құрбаны. Егер жезөкшелердің мемлекетке белгілі бір мөлшерде салық төлеуі жолға қойылса, өз денелерін ерікті түрде саудаға салу - кейбір республикалардағы ар-ожданын жоғалтқан және мемлекетті, біз бен сіздерді ұялмай-ақ тонаған партия және совет аппаратындағы басшылардың былықтарынан әлдеқайда таза» деп ашына жазады [61].
Психолог А.Волкова сұхбат бергенде мынадай сөздерді келтіреді: «Жезөкшелік дегеніміз – ірі моральдың құлауы, бірақ бұл үшін нақты адамды кінәлау қиын, өйткені оның бұл жөнінде айтар себептері, мүдделері, дәлелдері бар. Бұл халықтың ар-ожданы мен оның адамгершілік заңдарының құлауы» [62]
Баспасөздің мәліметіне қарағанда, отбасындағы жайсыз ахуал да жезөкшеліктің өрбуіне ықпал етеді, жезөкшелердің үлкен бөлігі қолайсыз отбасынан шыққандар, бұлар - күйеусіз қалған әйелдер, түрлі жәбір мен соққы көріп үйлерінен қашып кеткен қыздар.
Бұрынғы КСРО-да 1989 жылы жезөкшелік проблемаларына байланысты сарапшыларға сауалнамалық сұрау жүргізілді. Олардың арасында жыныстық қатынас саласындағы қылмыс пен әлеуметтік ауытқушылық проблемаларын зерттеумен айналысып жүрген белгілі ғалымдар болды. Сондай-ақ, социология, философия, криминология, қылмыстық құқық, медицина, секспотология, психология салаларының мамандары өз пікірлерін білдірді. Сауалнамаға жауап берушілердің барлығы да ғылыми дәрежелер мен лауазымдар иелері еді. [63]
Жезөкшелік үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу орынды ма? -деген сауалға олардың 83,3 %-і қарсы пікір білдірген. Сарапшылардың көпшілігі жезөкшелікпен құқықтық күресті күшейтудің салдары көптеген проблемалар тудыруы мүмкін деп байыптаған. Атап айтқанда, жезөкшелік астыртын жағдайға көшіп, оларды әлеуметтік және медициналық бақылау жұмысында қиындық тудырады, заңмен реттеуге келмейтін және қауіптілігі жезөкшеліктен кем емес жыныстық қатынастың бейберекет түрі өрбиді, зорлау кілт өседі, көлеңкелі экономика жанданады. Демек, жезөкшелікті қоғамдағы басқа да әлеуметтік проблемалардың құрамынан күшпен жұлып алып тастауға болмайды деген пікірлер айтылған. Мұндай ойлар Маркс пен Энгельстің «Қазіргі әлемде моногамия (дара некелік) мен жезөкшелік қарама-қарсылықты тұтастырып тұрса да, қарама - қарсылықтардың бірлігі, бір қоғамдық тәртіптің полюсі екендігін біз шынында көрген жоқпыз ба? Өзінің соңынан құруымызға моногамияны ілестіріп әкетпей жезөкшеліктің жоғалуы мүмкін бе?» деген тұжырымын еске түсіреді [64].
Моногамияны барынша жақтаушылар Әулие Августиннің «Егер зинақор әйелдерді құртса, құштарлықтың күші бәрін талқандайды!» деп айғай салуы және оны мақұлдаған Фома Аквинскийдің: «Жезөкшелікті құртыңыздар, сол сәтте-ақ барлық жерде азғындық жайлайды!» дегені де сауалнамаға жауап берушілердің пікірлерімен орайлас келеді. Олардың 12 %-і ғана жезөкшелікпен айналысуға қылмыстық жауапкершілік белгілеуді жақтаған. Жезөкшелер мен клиенттерді қылмыстық жауаптылыққа тарту орынды ма? -деген сауалға сарапшылардың 64,2 %-і қарсы пікір білдірсе, 4,7 %-і қолдаған. Олардың 9,5 %-і жезөкшеге жүктелген жауаптылық клиентке де жүктелуге тиісті, өйткені жезөкшелікті екі субъект: «сатушы» және «сатып алушы» жүзеге асырады деп мәлімдеген. Сарапшылардың 19 %-і мұндай жағдайда клиенттерге әкімшілік жауаптылық (айыппұл салу т.б.) және көпшіліктің ықпал ету шараларын белгілеуді жақтаған.
1980-жылдардың соңында Ресей, Белорусия, Украина, Латвия, Литва, Эстония Кеңестік Социалистік Республикаларында жезөкшелік проблемаларына байланысты социологиялық зерттеу жүргізіліп, ІІБ-ның 154 қызметкері мен жезөкшелікпен айналысушы 154 әйелдің пікірлеріне талдау жасалды. ІІБ қызметкерлерінің 62 %-і, көне кәсіппен айналысушылардың 32 %-і жезөкшелікпен әкімшілік–құқықтық күрестің тиімділігі аз деген пікір білдірген. Сауалнамаға жауап берген қоғамдық тәртіпті қорғаушылардың 82 %-і жезөкшелікке қарсы жүргізіліп жатқан әкімшілік шара жеткіліксіз деп санаса, 76 %-і айыппұл мөлшерін айтарлықтай өсіру керек деген пікір білдірген. Мұнымен қатар заңнаманы жезөкшелерді еңбекпен түзеу, әкімшілік тұтқындау дүние-мүлкін тәркілеу, тіркеуінің күшін жою, қаладан аластау тәрізді шаралармен толықтыру керек деген ұсыныстар айтылған. Олардың 57 %-і жезөкшелікпен айналысу жөніндегі істерді қарауды ІІБ-ның құзырына беру керек деп санаса, 34 %-і мұндай істерді халық соттары қарағаны дұрыс деп есептеген.
ЖИТС ауруы өріс алған 1990-жылдардың басында жезөкшелікке байланысты қылмысты жауаптылық белгілеудің қажеттілігі жөнінде пікірлер көп айтыла бастаған. ІІБ қызметкерлерінің 72 %-і заңнамаға осындай толықтырулар енгізілуін құптаған. Олардың 77 %-і жезөкшелердің сексуалдық қызметіне сұранысты азайту үшін, клиенттерге де әкімшілік не басқа түрдегі жауаптылық белгілеу керек деп есептеген. Мұндай шараны жезөкшелікпен айналысушылардың 24 %-і мақұлдаған. Сол 1987-1988 жылдары жезөкшелік тақырыбы одақтық және ресейлік баспасөз беттерінде көкейкесті мәселе дәрежесінде жиі көтеріліп, бұл құбылысты біржолата құртып жіберу жөнінде сан алуан пікірлер берілген. Мысалы, беделді басылымдардың беттерінде жезөкшелерді, нашақорларды және гомосексуалистерді жойып жіберуге шақырған 16 медик студенттің хаты және олардың ұсынысын қолдаған милиция қызметкері Г.Васильенконың «Маған ерік берілсе, барлық жезөкшенің көзін жояр едім» деген пікірі де жарияланған.
Ал зейнеткер П.Федорина «Оларды, яки жезөкшелерді үстіне бензин құйып, өртеп жіберу керек!» деген ұсыныс жасаған [65].
Республикалық баспасөзде Г.А. Абдумаджитов өлім жазасын өмір бойы қамауда ұстаумен алмастыру туралы пікір айтады. Ресей Қылмыстық кодексінде ондай жаза көзделген. Бірақ біз мына түсініктерге байланысты ондай жазаны Қазақстан Республикасының Кодексіне кіргізуге қарсымыз: біріншіден, мынадай өте орынды сұрақ туындайды: өмір бойы қамауда үстау қанша шығынға тұрады? Өкінішке қарай, бүл жайында статистика жоқ. Шет елдерде, мысалы АҚШ-та ондай сотталған адамды үстау үшін 3,5 миллион доллар жұмсалады екен. Сондықтан да біздердің салық төлеушілеріміз ондай шығынды мойнына ала қояр ма екен? Екіншіден, жаза өтеп жүрген адам түзелуге тиіс, жазаның мақсаттарының бірі сол. Егер адам түзелсе, оны босату қажет. Ал өмір бойы қамауға алғанда, оны босатуға болмайды.
Адамды өмірлік қамауда ұстау оны азаптау емес пе? Мемлекеттің сол азапты заңдастыруы адамгершілікке жатпайды дейді И.И. Карпец. Сондықтан да жазаның бұл түрінен бас тартқан біздің елдің заң шығарушысының позициясын қолдау керек. [66]
Жезөкшелік жөніндегі қоғамдық пікірді зерттеген қазақ журналистері, оның жай-жапсарын баспасөз бетінде жариялап, жұртшылыққа өз ұсыныстарын да білдіруде. Көпшілікке танымал қаламгер Қалбай Әділ жезөкшелік құбылысы туралы мынадай ой білдіреді. «Ресей әйелдерінің бұл салада діни орталықтарымен бірігіп істеп жатқан игі істері біздегі мұсылман әйелдері ұйымына неге қозғау салмай жатыр? Бұл қылмыстық әрекеттердің адам құқығын мансұқтау, ел мен ұлт намысын қорлау екені баршаға белгілі. Сондықтан, шетелдіктердің арамза қылықтарымен күресте заң орындары мен елшіліктер алдыңғы шепте болуы тиіс. Қазір жер-жердегі елшіліктеріміздің босағасына телміріп, «Елге, Отаныма қайтқым келеді», - деп, боз-боран боп жүрген қаракөздеріміздің зарын жүрекпен тыңдар кез жетті. Жастық желік пен аз күндік қызық, байлық қуып, өмірден адасып қалған қыздарымыздың тағдырына «опасыздар, обалдарың өздеріңе!» деп, салқын қабақ таныту қиянат болар еді. Адасқанның алдын орап, үйіріне қосу - әманда адамгершіліктің адал жолы болып келген ғой» .
Енді бір оқырманның пікірі мынадай: «Біреудің қаңсығы - біреуге таңсық» дегендей, енді байлыққа шындап белшесінен батуға бел буған қыздар шетелдіктермен мұндағы шатасқанын қанағат тұтпай, ағылшынның арландары мен түріктің тарландарына телініп, алды Аргентина асып, былайғысы Пәкістанды паналап, біразы Стамбулды сағалап, бір қатары араб елдерін аралап жүр. Бірақ ғажап өмірді аңсап, азап өмірге тап болған, құзғынның қармағына іліккен күйкентайдай тағдыр тәлкегіне түскен қаракөз қыздарымыздың ондағы бейшара халін кім біліп жатыр?! Олардың бұл жақта үзіліп-үздігіп қамқорсынған пірлері онда барысымен озбыр қожайынға айналып, күң ретінде қорлап немесе жезөкшелер үйіне зорлап өткізіп жіберіп жатқанын да жиі естиміз. Кімнің қайда кеткенінің есебін алып, іздеп жатқан сұраушы тағы жоқ. Иә, қазақтың қара домалақтарын қаперіне ілмей, Қытайдан күйеу іздеп, Эмираттан әмеңгер аңсаған аруларымыз бір сәт сабасына түсіп, алды-артын аңдағаны абзал-ақ болар еді-ау! Ертең-ақ беттің қызылы мен кеуденің қызуы басылған шақта кім болармын? - деген ой әркімді де ойландырғаны жөн. Әзірге жезөкшелеріміз Қылмыстық кодексте өздерінің тайраңына тыйым салар арнайы баптың жоқтығын да жақсы біліп, көшелердің бойы мен қонақүйлердің қалқасында сайрандап жүр. Сондықтан, тағы да сол шарасыздық шырғалаңынан шығар жолды парламенттен бастап баршамыз болып таппасақ, өзекті осып, ордамызды ойсыратар өкініштің көкесі алда болмақ. Ұлтымыздың болашағы мен ұрпағымыздың ертеңін ойласақ, қыздарымызды қасиетсіздіктен сақтап, азғындықтан арашалар кез жетті. Әйтпесе, біздің осы «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен берекесіздігімізге бойы үйреніп, өздерін әспеттегенге астамсыған шетелдіктердің өзі басқаны қойып, енді он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарымызға ауыз сала бастады [67].
Жастықтың желігімен молшылықтың мұнарын қуып, Канаданың көшесінде қаңғып қалған қыздарымыз бен Анкарада аңыраған аруларымыздың үздіккен дауысына құлақ түріп қана қоймай, қалқан бола білсек, кәнеки. Ендеше алданған қыздарымыздың тағдырына алаңдап, өмірден торығып, адасқан аруларымызды жазғырумен ғана шектелмей, сабасына түсіріп, саналы да салиқалы өмірдің сапына қоса алмасақ, елдігіміз қайсы, ағайын?!» [68].
Батыс сарапшылары құл сатушылықпен айналысатын мафияның жыл сайын 7 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс тауып жатқанын дәлелдеп отыр. Бұндай адам саудалаушы топтардың есірткі және қару-жарақ бизнесмендері сияқты байи түсуі адамзат болашағына алапат қауіп төндіретіні шындық. Кедей елдерді іштен ірітеді, сатқындары арқылы тіпті билік ісіне де араласа бастайды. Ұлттық мақтаныш сезімінен айырып, құлдықты намыс көрмейтін әңгүдік тобырға айналдырады. Бізде осындай қылмыстық іспен ымыраласып отырған туристік фирмалар, неке агенттіктері, сән және халықаралық танысу қызметіндегі отандастарымыздың өз ұлтына, халқына сатқындық жасап жатқанын ұқпайтындары өкінішті. Халықаралық сарапшылар ережелері де тым әлжуаздық танытуда. Сондықтан «тірі тауар» тасымалының жуық жылдарда саябырлауы мүмкін емес сияқты. Еліміздің түкпір-түкпіріне тарайтын орыс тілді газет «Страна третьего сорта» деген тақырыппен мақала жариялады. Әйтеуір, ұлы ағамыз орыспен қатар тұрғанымызға «қуандық». «Ауруын жасырған өледі». Біздің ақпараттарда ақталу басым. Біз шын сыннан қорытынды шығаруды ойластыруымыз қажет. «Таптық қоғамда қаналушының болуы заңдылық» деп қол қусырып отыру - түпсіз тұңғиыққа сіңіре береді, - деп ой толғаады белгілі бір журналист [69].
«Перзентханадағы бір орынның ақылы қызметінің өзі 15-20 мың теңге тұрады. Ал ақылы қызмет емес, тегін қызмет көрсететін перзентханалар ілуде біреу-ақ болар. Оның өзіне де таныс-тамыр керек. Ал қалтасы көтермейтін кейбір отбасындағы әйелдер немесе еш жерде жұмыс істемейтін жас аналар осыншама қаражатты қайдан таппақ? Міне, сөйтеміз де: «Ұлт болашағы сенің құрсағында, қазақ әйелі!» деп ұрандаймыз»
«Ұлтты өсіретін де, өшіретін де - әйел!» Ендеше, ұлтымызға ортақ осынау қасірет бәрімізді де ойландыруы тиіс. Әсіресе, осынау өзекті мәселе билік тұғырында отырған, елі мен ұлтына бейтарап қарай алмайтын жанашыр азаматтарымыздың жадынан әсте де шықпауы керек. Ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» [70].
Шетелдік фирмалар мен олардың мұндағы өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған жарнамаларында сұлу бикештерді жоғары жалақылы жұмысқа шақыра отырып, бұл үшін мамандық та, біліктілік те талап етпеуін қалай түсінуге болады. Бірақ мұның түбінде бір шикілік жатқанына мән беріп жатқан бір жан болсашы. Ал қаптаған коммерциялық газеттер мен телеканалдар үшін бәрібір, ақшасын төлесе болды, арғы астарында шаруасы шамалы. Жеме-жемге келгенде, әлгі фирмалалар жалған болып шығып, оның жандайтаптарының сайда санын, құмда ізін таппай қалып жатқан жағдайлар аз емес. Сонымен қу кетті, іс бітті болып, сұлуларымыздың сау басын саудаға салар сергелдең өмірі басталады. Әйткенмен, бұл және басқа да жағдаяттар жөнінде қаншама айтылып, жазылып жатқанмен, біздің бойжеткендеріміз бен жүрек жұтқан жезөкшелердің маңдайы тасқа тимей, қайтар түрі жоқ. Ал олардың түбінде қалай қайтып, қандай тағдырға тап болары тағы беймәлім. Ел асып кеткен, жасырын сауда жолдарымен сатылған адамдардың кейінгі тағдырлары туралы ойланып жатқан ешкім жоқ. Егер бойжеткендерімізді бүгін бауырымызға тартып, қыздарымызға өзіміз қорған болмасақ, күнәға алдымен сізбен біз батып, көз жасына қаламыз, - деп ой толғайды Мұрат Күлімбет. Жезөкшелікпен және оған байланысты қылмыстармен күрестің кешенді бағдарламасын жасауда мұндай қоғамдық пікір ескерілуі керек деп білеміз .
Жезөкшеліктің алдын алу мәселелері бойынша түрлі пікірлер мен ұсыныстар бар. Жекелеген сарапшылар мемлекеттің мүддесі үшін жезөкшелікті заңдастырып, кәсіп ретінде тіркеуге алу және әлеуметтік әрі медициналық бақылау жөнінде ұсыныс білдірген. Бұлардың байыптауына қарағанда, заңдастырылған ресми жезөкшелерден медициналық тексеруден өтуін, ЖИТС-ке анализ тапсыруын талап етуге болады және бұл шара қоғамдық денсаулықты сақтауда қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Сондай-ақ, бір қатар шетел тәжірибесін басшылыққа алып зинақорлар үйлерін ашып, жезөкшелерден салық алу керек деген ұсыныстар да айтылған. Мұндай ұсыныс білдірушілер, қоғамда өте жоғары өмір деңгейіне қол жеткізгенше және жезөкшелікті туындатушы, сондай-ақ тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасаушы басқа әлеуметтік проблемалар түбегейлі шешілгенше заңды жезөкшелік пен ресми зинақорлар үйлері қажет деп санаған.
Соңғы жылдары аракідік болса да, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары осы проблемаға байланысты пікірталастар ұйымдастыруды қолға алды. Қазақстанда да Франция, Бельгия, Австрия, Венгрия және Италиядағы тәрізді жезөкшелікке «лицензия» беріп, ресми зинақорлар үйлерін ашудың зиянынан гөрі пайдалы жағы басымырақ деп санайтындар жоғарыда айтылған пікірлерге орайлас және өзге соны ойларды да ортаға салды. Олардың мынадай дәйектері көңіл аударуға тұрарлық: Қазақстан ТМД-ның өзге елдері тәрізді сексбизнестің әлемдік рыногына әйелдерді қоюшы ел болып саналады. Егер біздің республикада «секс индустриясы» өндіргіш күштерінің «еңбектері» бағаланып, олардың алаңсыз өз кәсібімен айналысуға қолайлы жағдай тудырылса, шетелдерге «жұмыс» іздеп кетушілердің саны күрт азаяр еді. Осының нәтижесінде жыл сайын бір жезөкшенің тән саудасынан түсетін жүз мың долларға дейінгі табыс бұрынғыдай шет мемлекеттердегі көпшілік үйлері қожайындарының қалтасына емес, жергілікті бюджеттің қорына құйылар еді. Сол тәрізді жезөкшелердің сексбизнесте қызметтері өте жоғары бағаланатын бірінші, екінші тобындағылар (интербикештер т.б.) қылмыскерлер тобы, притон ұстаушылар, жеңгетайлар және өзге де қылмыстық құқық пен қоғамдық тәртіпті бұзушылардың шеңгелінен құтылып, ресми орында емін-еркін өз кәсіпшілігімен айналысады. Жезөкшелердің арқасында арамтамақтық тірлік салтын ұстағандар «шөміштен» қағылып, көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендейді. Мекен-жайдың санитарлық тазалығы және сексқызметшілердің денсаулығы үнемі денсаулықсақтау саласының бақылауында болады. Сексқызметшілердің денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай арнаулы орындар душ, монша, сауналармен жабдықталып, оларға мүшеқап және басқа да медициналық құралдар тегін беріледі. Мұндай мекемелерді зинақорлар үйлері демей, көпшілік үйлері деп атап, оларға «Венера», «Лупария» тәрізді әсем ат беру дұрыс болмақ. Бұлай істеу сексқызметшілері мен клиенттердің және әкімшілік құрамындағылар мен басқа да қосалқы қызмет атқаратындардың (күзетші еден жуушы, аула сыпырушы т.б.) абыройларына дақ түсірмеу үшін қажет. Көпшілік үйлері сексқызметшілер мен клиенттердің міндеттері мен қызметтері белгіленген тәртіп және ережеге сәйкес жұмыс істейді. Ресми көпшілік үйлеріне кәмелет жасына толған әйел жыныстылар өз еркімен ғана қабылданады және мұнда кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қызмет көрсетілмейді. Көпшілік үйлерінде құқық бұзушылық пен қоғамдық тәртіпті бұзушылықтың кез келген түріне, мысалы, есірткі заттары мен күшті алкогольді ішімдіктерді тұтынуға, ұрлыққа, тонауға, жанжалдасуға, секстің азғындық түрлерімен айналысуға т.б. жол берілмейді. Есірткі заттарын я алкогольді ішімдікті тұтынып масайғандар, денелерінде жұқпалы ауру белгілері барлар, бейбастақ мінезімен көзге түскендер көпшілік үйлеріне жіберілмейді. Ондағы тәртіптің орнықтылығын, сексқызметшілердің денсаулығы мен жеке қауіпсіздігін медбикелер және ІІБ қызметкерлерінен құралған арнайы топ қамтамасыз етеді. Сексқызметшілерге моральдық тәрбие беруге де көңіл бөлінеді. Олардың болашағы да ойластырылып, әр сексқызметшінің бейімділігі мен таңдауына қарай іс тігуші, сағат жөндеуші тәрізді кәсіптерге оқыту ұйымдастырылады. Кәмелет жасына толған әйелдердің енді бір бөлігіне көпшілік үйлерімен келісім-шарт жасасу негізінде патент алып өз үйлерінде я жалға алған пәтерлерде сексқызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Мұндай штаттан тыс сексқызметшілер ІІБ-ның арнаулы бөлімдерінде, айталық, адамгершілік полициясының бөлімінде, денсаулық сақтау орындарында тіркеуге тұруға, белгіленген мерзімде медициналық тексеруден өтіп, тиісті салық мөлшерін төлеуге міндеттенеді. Белгілі бір мерзімге берілген патенттің уақыты өтіп күші жойылған кезде, жаңа патент алмайынша, сексқызметшілерге өз кәсіпшілігімен айналысуға, жеңгетайлардың қызметін пайдалануға тыйым салынады. Олар негізінен көпшілік үйлері әкімшілігінің жолдауымен келген клиенттерге қызмет көрсетуге тиісті. Штаттан тыс сексқызметшілердің өмір салты, қызмет орындарының санитарлық тазалығы оқтын-оқтын тексеріліп тұрады. Құқық пен қоғамдық тәртіпті бұзғандықтары анықталған жағдайда оларға тиісті шаралар қолданылады. Клиенттердің мүдделері де ескеріліп, сексқызметті пайдаланғаны жөнінде құпиялықтың сақталуына және жеке бастары мен денсаулықтарының қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Көпшілік үйлерінен оларды туған-туысқандары күштеп алып кетуіне рұқсат етілмейді. Мұндай заңды тұлғалардың қызметін пайдалануға клиенттер де мүдделі болып, притондардағы я көше кезген жезөкшелердің қызметіне деген сұраныс күрт азаяды. Сөйтіп, жезөкшелік құбылысы және оған қатысты қылмыстар, жұқпалы аурулар және көлеңкелі бизнес айтарлықтай деңгейде төмендейді [71].
Қыз бала тәрбиелеп отырған аналар да баспасөз беттерінде осындай пікір білдірген. Мәселен, Курск қаласының тұрғыны Л.Иванова егер «қызым жезөкшелікпен айналысса, теріс көрмес едім» деп өзгеше көзқарас білдірген.
Енді бір автор өзі әңгімелескен кейбір әйелдердің жезөкшелікке он көзбен қарайтынын айта келіп, олардың біреуінің «Мұнда көңіл алаңдарлықтай ештеңе жоқ, мен тамырыма берілсем, ол ертеңгі күні таңертең менің тамағымды ішіп кетеді. Ал жезөкшелер берілсе, бұл қызметі үшін оларға ақша төлейді» деген сөзін мысал ретінде келтіреді [72].
Жезөкшелікті заңдастырып, ресми зинақорлар үйлерін ашуды жақтайтындардың мұндай пікірлері бір қарағанда орынды сияқты болып көрінеді. Бірақ медальдың екінші жағы болатынындай, көрсетілген шаралардың мораль мен әдет-ғұрыпқа жат жағы да бар. Ресми жезөкшелікке қарсы пікірдегі адамдардың айтар уәждері, байыптаулары, дәлелдеулері де орынды. Біз де осы пікірді қуаттай отырып, өз көзқарасымызды да білдіреміз. Қазақстанда жезөкшелікке «лицензия беріп, ресми зинақорлар үйлерін ашу моральға, адамгершілікке жат құбылысты заңдастыру, ресмилендіру оны насихаттау әрі жарнамалау болып табылады. Мұндай шаралар балиғатқа толмағандықтан психологиясы мен мінез-құлқы қалыптасып үлгермеген өтпелі кезеңдегі қыз балалардың санасына лезде теріс ықпал етеді. Олар зинақорлар үйлеріндегі «заңды» әпкелеріндей еңбек етпей-ақ, тән саудасы арқылы табыс табуды көздеп, жезөкшелік кәсібін үйренуге ерте кіріседі.
Жасөспірім бойжеткендер мен балғын қыз балаларға осындай теріс ықпал беретінін айтпағанда, ресми зинақорлар үйлері кәсіби жезөкшелердің проблемаларын толық және түбегейлі шешуге мүмкіндік тудыра алмайды. Ондағы қызметке негізінен 18-25 жас аралығындағы, түр-сымбаттары келісті, денсаулықтары мықты, өмірбаяндық деректері «таза», яғни бұрын сотталмағандар, мінез-құлқы орнықты әйелдер іріктелініп алынады. Ал бұрын сотталғандар, қоғамдық тәртіп сақтау органдары мен наркологиялық, венерологиялық, туберкулез диспансерлерінде тіркеуде тұрғандар (басбұзарлар, маскүнемдер, алкоголизмге салынғандар, нашақорлар, жұқпалы жыныс аурулары мен басқа да жұқпалы ауру түрлерінің вирустарын тасушылар), мүгедектер мен дене тұрқында кемістігі барлар, мінез-құлқы орнықсыздар, балиғат жасына жетпегендер мен жасы ұлғайған әйелдер зинақорлар үйлеріне қызметке қабылданбайды. Демек, жезөкшелер қауымының ең қауіпті бөлігі көпшілік арасында қалып, өз кәсіпшілігін жалғастыра береді. Заңды мекемелердегі ресми сексқызметшілердікімен салыстырғанда бұлардың қызмет ақы мөлшері көп төмен болғандықтан, халықтың төменгі жіктері арасында әрдайым сұранысқа ие болады. Бұлар түгіл барлық көрсеткіштері бойынша зинақорлар үйлерінде сексқызметші болып істеуге толық сай келетін жезөкшелердің бәрін бірдей жұмыспен қамту мүмкін емес. «Сұраныспен» санаспай, мұндай мекемелерді көптен аша беру нарық заңына қайшы келеді. Зинақорлық үйлерін бір-бірінен артық-кем айырмашылық белгілеріне орай үш класқа (бірінші, екінші, үшінші) жіктеп, олардың әрқайсындағы қызметақы мөлшерін үш түрлі қылып белгілеу де нарық қыспағынан құтқара алмайды. Нарықтық экономика жағдайында бір-бірімен дәрежелері сай көпшілік мекемелері өзара бәсекеге түсуі және олардың бір бөлігінің толық банкротқа ұшырауы заңды құбылыс. Бұдан соң дәрежелері әр түрлі (мысалы, бірінші мен үшінші класты) зинақорлар үйлері бір-бірімен бәсекеге түсіп, «күштілері» «әлсіздерді» сексбизнес саласынан ығыстырып шығаруы мүмкін. Қызметтері көпшіліктің сұранысына ие болмаса, бірінші класты зинақорлар үйлері де «әлсіздердің» қатарына қосылуы ықтимал. Қазіргі кездегі мейманханалардың тағдырлары бұған дәлел. Мұндай жағдайда сексқызметшілердің бір бөлігі қайта жұмыссыз қалып, притондар мен көше жезөкшелерінің құрамын толықтыруға мәжбүр болады. Өйткені, оларға жастайынан еттері үйреніп, өмір салтына айналған жезөкшеліктен қол үзу өте қиын әрі жұмыссыздық жайлаған кезеңде жұмыс табу және қиын.
Тарихта осыған ұқсас жағдайлар бой көрсеткені белгілі. Мысалы, Петербургте 1879-1891 жылдар аралығындағы 12 жылда 206 зинақорлар үйлерінің 136-сы жабылып 70-і қалса, олардағы 1528 әйелдің 608-і ғана қалыпты. Алайда, «штаттан қысқартуға» ұшыраған ресми 920 жезөкше әйел өмір салтын кілт өзгертіп, (1891 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша) жасырын «жұмыс» істейтін көше жезөкшелерінің қатарына келіп қосылған. Сөйтіп, кәсіпшілігін одан әрі жалғастырған [73].
Жезөкшелік өмірлік мамандық емес, уақытша кәсіп. Сексқызметшілердің зинақорлар үйлерінде ұзақ жылдар бойы «жемісті» еңбек етіп, зейнет жасына жеткенде, құрметті демалысқа шығуға ешбір мүмкіндігі жоқ. Олар жасы ұлғайған шақта немесе денсаулығы сыр берген кезде-ақ кәсіптеріне сай емес кадрлар ретінде қызметтен дереу қысқартылады. Олардың еңбек кітапшаларында «кәсібі сексқызметкер» деген жазу жазылмаса да, зинақорлар үйлерінде көпшіліктің көзіне түсіп, жұртшылыққа танылып қалғандықтан, болашақта күйеуге шығып, тұрмыс құру мүмкіндігі тым шектеледі.
Ал зинақорлар үйлерімен келісімшарт негізінде «жұмыс» істейтін штаттан тыс секс-қызметшілерінің өмір салтын, іс-әрекеттерін үнемі бақылауда ұстау өте қиын. Сондықтан, көпшілік үйлерінің «еркін маман кадрлары» қылмыскерлер тобымен тығыз байланысқа түсіп, құқық пен қоғамдық тәртіпті жиі бұзуы немесе тапқан табысының нақты мөлшерін ұдайы төмендетіп көрсетіп, пайдақорлықпен айналысуы ықтимал. Мұндай жағдайда заңды тұлғалардың оларға берген патенттері қылмыс пен заңсыздықты жүзеге асырудың құралына айналады.
Жезөкшелікті заңдастырып және ресми зинақорлар үйлерін ашу жезөкшелік құбылысына байланысты проблемаларды толық және түбегейлі шешу жолы болып табылмайтынын шетелдердегі осы бағытта жүргізген іс-тәжірибелерден көрінеді. Мысалы, өткен ғасырдың 20-жылдары Францияда зинақорлар үйлерінде кәсіби жезөкшелердің саны мардымсыз болған. Парижде 40 мың жезөкше дәрігерлік – полициялық бақылауға ілікпеген. Полицияда тіркеуде тұрған 5 мың әйелдің 387-сі ғана 40 бордельге орналастырылған, ал қалғаны (5,5 мыңнан астамы) бүкіл қалаға тарап орналасқан. Венада тіркеуге алынған 1689 жезөкшенің 1630-ы қаланың түрлі бөлігіндегі жеке пәтерлерде тұрған. Еуропаның әр түрлі қаласындағы жезөкшелер жөніндегі мәліметтерді талдау, жезөкшелердің бәрін (немесе тым болмағанда көпшілігін) қаланың бір немесе бірнеше кварталына орналастыру әрекеті жүзеге аспайтындығын дәлелдеп берді [74].
Жалпы айтқанда, бір де бір еуропалық мемлекет жезөкшелер «армиясының» тым құрығанда, тіркеуде тұрған бөлігін бордельдерге немесе «ерекше» бордельдік кварталдарға орналастыруды іске асыра алмады. Жезөкшелікті бақылаудың мұндай әдісі көздеген мақсатқа жеткізбеді. Осы себепті көп елдердің полициялары бордельдер жүйесінен бас тартуға мәжбүр болды.
Таяуда «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланған оқырманның пікірі өзекті мәселені шешу жөнінде көпшілікке ой салады.
Алақандай ғана Көкшетау қаласында бүгінде отызға тарта казино бар екен. Кәсіпкерлердің казино ашуға сонша құмартатын себебі — мол табыс әкелетіндігінде екендігі бесенеден белгілі. "Жұмыртқадан жүн қырыққан" кәсіпкерлер ертең жезөкшелікті заңдастырар болсақ, табысты күреп табуға мүмкіндік жасайтын жезөкшелер үйлерін де көптеп ашуға ұмтылатындығында сөз жоқ. Ол кезде бірінен бірі өтетін, көркі көз жауын алатын тамаша жезөкшелер үйлері үлкен қалаларды былай қойып, шағын елді мекендерде де бой көтеруі ғажап емес. Ал заң арқылы жезөкшелер үйлерінің санына шектеу қою деген мөселеге келсек, оның өзі бос сөз болып шығады. Шектеу қою туралы біраз заңдар қабылданды, бірақ солардың қаншасы жұмыс істеп жатыр? Осыдан біраз жыл бұрын көпшілік орындарда темекі тартуға тыйым салу туралы заң қабылданды. Басқаны былай қойғанда, Астананың өзінде бүгінде мейрамханалар түгілі, көпшілік дөмханалардың ішінде көк түтіннен көз аша алмайсың.
Заң қабылданды-ау, оны сақтайық, сыйлайық деп жатқан ешкім жоқ. Пайдаға құнықкан көсіпкерлер клиенттерінің ыңғайына жығылып, темекі тартқандарына көзжұмбайлықпен қарайды. Сол сияқты жезөкшелер үйінің пайда келтіретінін көргендер соны салатындығында күмөн жоқ. .Мұндай жағдайда жезөкшелікті заңдастыру дегеніміз, Мақаш ағамыз айтқандай, "жезөкшеліктің жолын кесу" емес, керісінше, жезөкшелік сияқты арсыздыққа айқара жол ашу болып шығады.
Жезөкшелікті заңдастыруға болмайтын тағы бір себеп, бүгінгі дамыған Батыс елдерінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, онымен бірге ұйымдасқан қылмыс та өсіп, бас көтермек. Азуын айға балаған АҚШ-тың өзі ауыздықтауға қауқары жетпей пұшайман болып отырған ұйымдасқан қылмысты асырап, сақтайтын, қаржыландыратын үш негізгі көздің бірі—осы жезөкшелер үйлері. Ұйымдасқан қылмыскерлер топтары есірткі саудасын жасайтын притондарды, казиноларды және жезөкшелер үйлерін бақылау арқылы "гүлденіп" отыр.
Бізде қазір астыртын есірткі саудасы бар. Ал казино дегендерің, “құдайға шүкір”, жетіп артылады. Оған енді жезөкшелер үйлері қосылса, оның қасынан күні ертең шет елдердегідей бастан аяқ мұздай қаруланған "бандалардың" бой көтермесіне ешкім кепіл бола алмас. Алпауыт АҚШ-тың өзінің шамасы жетпей отырған мұндай "бандалар" бізде бас көтерсе, құдай оның бетін өрі қылсын, оның ақырын ойлаудың өзі қорқынышты.
Жезөкшелікті зандастырудың қатерлі болатын жөне бір себебі, күні ертең оның ізін ала басқа да арсыздықтардың бой көтеру мүмкіндігінің орын алуы. Батыс елдерінің бірқатарында қазір гомосексуалистер бір-бірімен заңды түрде некеге тұрып, бала асырап алып дегендей, кәдімгідей отбасын құрып өмір сүреді. Осыдан екі жылдай бұрын Голландияда депутаттар гомосексуалистердің некелерін шіркеуде қию қажет пе, жоқ па деген мөселені талқылағандығы туралы ақпарат құралдарынан оқыдық. Әбүйір болғанда, бұл ұсынысқа қарсы дауыс берушілер саны көп болып, ол өтпей қалды.
Парижде өрбір төртінші ер адам гомосексуалист екен. Париждің мэрі өзінің жаңа нақсүйері - келбетті көркем жігітті қасынан үнемі тастамай алып жүретіндігі жөнінде ақпарат құралдары жазды.
Тәуелсіз басылымдардың деректеріне сенсек, қазір Қазақстанда да гомосексуалист дегендерің біраз бар көрінеді. Бір ғана Ақтөбе қаласында мыңнан астам гомосексуалистің бар екендігін төуелсіз басылмдардың бірі жазды. Қашып-пысып тірлік кешуден мезі болған олар шетелдік "өріптестері" сияқты заңды түрде ашық өмір сүруді аңсайды екен. Жезөкшелікті заңдастырған күнде, іштен тынып жүрген олар бас көтеріп "ау, ағайын, біз де адамның баласымыз, демократиясы дамыған қазіргі Батыс елдеріндей болғың келеді екен, онда солар сияқты гомосексуалистерді, лесбиянка дегендерді және басқаларды заңдастыру керек дейтіні түсінікті жай.
"Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, өдеті надан адамның" деп, Абай айтқандай, "шет елдер сөйтіп жатыр, біз де сөйтейік" деген жөн емес. Жезөкшелікті заңдастырып, басқа да арсыздықтардың бөріне жол ашып қойған шет елдердің жағдайын көріп-естіп отырмыз. Оңып тұрған ештеңесі де жоқ. Төбе шашыңды тік тұрғызатын неше түрлі сұмдықтардың бәрі соларда жасалып жатыр. Ол жөнінде шет елдерге күнде барып-келіп жатқандардан, одан қалды ақпарат қүралдарынан оқып, естіп жүрміз. Сондықтан жезөкшелікті заңдастырсақ, бәрі орнына келе қалады деген сөз берісі білместік, әрісі арандату; басқа түк те емес!
Аранын ашып, күн өткен сайын жақындап келе жатқан жаһандану атты аждаһаның көмейіне жұтылып, халық, ұлт ретінде жойылып кетпес үшін және жезөкшелік сияқты арсыздықтық белең алуына жол бермес үшін, ұлттық салт-санамызды сақтап, дінімізді дамытуымыз керек. Осыдан жүз жылдай бұрын, жезөкшеліктің өзі түгілі, сондай ұғым да болған жоқ. Өйткені ол кезде қазақ, тілін де, салт-дәстүрін де, дінін де берік сақтаған толыққанды ұлт еді. Бүгін біз оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мұны сақ деп, әркімге бір еліктеп, ұлттық бет-бейнемізден айрылуға қарай кетіп барамыз.
Ер адамның бетіне тура қарап сөйлемейтін ұяң мінезді қазақ қыздарының бүгін көшеге шығып, жезөкшелікке салынуы "қызға қырық қырық үйден тыйым" деген ұлттық тәрбиенің жойылуынан екендігі даусыз.
Кеңес заманында, одан кейінгі өтпелі кезеңнің ауыр кездерінде жоғалтып алған ұлттық салт-санамызды, дінімізді қайта жаңғырту, оны сақтау үшіін ең алдымен мемлекеттік деңгейде дайындалған ұлттық идеология қажет. Өйткені, сан түрлі жаңалыққа толы жаһандану дәуірі әлеуметтік өмірімізге сыналап ене бастаған қазіргі кезеңде, біздің қоғамның әлемдік қауымдастықтан оқшаулануы мүмкін болмай қалуы нәтижесінде, жат жұрттық мәдениеттер ағыны ақпараттық кеңестік арқылы қоғамдық санаға, әсіресе жастардың санасына тосқауылсыз ене бастады.
Бөгде елдердің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен біте қайнаған, идеологиясынан нәр алған, заманауи саясатына бейімделіп түрленген сан қатпарлы мәдениеттердің арасында енді ғана рухани өмірімізге нәр беріп, қайта жаңғыра бастаған төл мәдениетімізбен үйлесетіні де бар. Керісінше, жат жұрттық екені бірден танылатын, ұлттық ділімізге кереғар келетін, солай бола тұра ұлттық құндылықтарымызды көкірегімізде тұншықтырып тастауы ықтимал мәдениетер де жоқ емес. Мұндай мәдени басқыншылық күні ертең күшейе түссе, соның ағымымен қоғамдық санаға шетелдік саясат пен идеология да енері анық. Ақпараттық кеңестікке ие елдер ғаламшарға билігін жүргізуге ұмтылған кезеңде, қамсыз отырсақ, солардың мәдени, идеологиялық, саяси, діни жортылуына тосқауыл қоюымыз қиындыққа түседі. Себебі, кеңес халқын коммунизм елесіне еліктіріп, жалған интернацинализмді әспеттейтін бұрынғы кеңестік идеология егемендік кезеңінде толық күйреуге ұшырады да, оның орнын басатын ұлттық идеология әлі де қалыптасқан жоқ. Оның үстіне қазақстандық патриотизмнің іргетасы қаланғанымен, қабырғасы көтерілген жоқ. Солай десек те, қоғамдық санада ұлттық құндылықтарды құрметтеу сезімі берік орнықпайынша, жалаң патриотизм көздеген мақсатқа жеткізбесі бесенеден белгілі.
Ғалымдарымыз "жезөкшелікті заңдастыру қажет пе?" деген мөселемен бастарын ауыртқанша, сондай ұлттық идеологняны дайындауға атсалысса, оның еліміз үшін де, келешек ұрпағымыз үшін де зор пайдасы болар еді.
Сондай ұлттық идеологияны алтын діңгек етіп алып, жас ұрпақты сол бағытта төрбиелейік, солай етсек жезөкшелікті заңдастыру деген мөселенің күн төртібінен өздігінен түсіп қалатындығы талас тудырмайды.
Қазақстанда жезөкшелікті заңдастырып, ресми зинақорлар үйлерін ашудың ұлтымызға тікелей қатысты зиянды жақтары да бар. Бұл шараларды жүзеге асыру сан ғасырлар бойы қазақ халқының әлеуметтік-қоғамдық өміріне жезөкшеліктің енуіне кесе-көлденең тұрып келген ұлттық асыл әдет-ғұрпымыз бен діни рәсімдерді аяққа таптау болып табылады. Ата-бабамыз қабылдамаған бұл құбылысты қазіргі буынның қошеметтеп қарсы алуы ұлттық психология мен қоғамдық моральдың қалыпты деңгейден ауытқушылыққа ұшыруының белгісі болмақ.
Ресейде ерте кезден бастап, Кеңес үкіметі орнағанға дейін заңды жезөкшелік пен ресми зинақорлар үйлері тіршілік еткенімен, яғни бұл құбылыстың тарихи тамырлары болғанымен, қазіргі кезде оларды қайта жандандырып, заңдастыру шаралары қолға алынған жоқ. Ал Қазақстан тарихында бұрын болмаған әлгі әлеуметтік кеселдерді заңдастырып, әлеуметтік-қоғамдық өмірімізге «жаңалық» ретінде енгізу дүние жүзі алдында мемлекетіміздің беделіне көлеңке түсіретін шара болмақ. Сонымен қатар, ол қоғамдық сананың терең ойлауға қабілетсіздігін, көшірмешілікке (стереотипке) бейімділігін және ұлттық намыстың жоғары деңгейге жетпегендігін көрсетпек. Демек, Қазақстанда жезөкшелікті заңдастырып, ресми зинақорлар үйлерін ашуға жол берілмеуі керек.
Жануарларға деген қатыгездік сезімі азаматтардың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың бойында тіршілік иелерінің қиналуына немқұрайдылықпен қарау, тіпті одан ләззаттану, қоршаған ортаны, мәдени материалдық құндылықтарды тағылықпен бүлдіру, адамдарға үстемдік жүргізуге құмарлық тәрізді сезімдердің қалыптасуына ықпал етеді. Мұндай сезімдерден қоғамға қауіпті әрекеттер туындағанда қылмысқа айналатыны белгілі. Осылайша қылмысқа ұласатын әрекеттерге қарсы тұру мемлекеттік маңызды мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |