Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап)
Бұл қылмыс қайтыс болғандарды еске алу мен олардың жерленген жерлеріне құрмет тұтунушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарға қол сұғушылық болып табылады.
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі - қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объектісі - меншік қатынастары, арагідік азаматтардың денсаулығы, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік болуы мүмкін.
Қылмыстың заты - өлгендердің мәйіттері, жерлеу орындары, құлпытас құрылыстары, жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлері болады.
Жерлеу орындары деп - өлгендердің мәйіттерін көметін этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай бөлінген жерлер.
Құлпытас құрылыстарына жерленген жердің қоршаулары, ескерткіш тақта, сәулеттік құрылыстар, гүл шоқтары және тағы да басқа заттар жатады.
Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған үйлерге шіркеулер, мешіттер, рәсім өткізу залдары және т.б. орындар жатады.
Қылмыс объективтік жағынан өлгендердің мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдерге өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу арқылы жүзеге асырылады.
Өлгендердің мәйіттерін қорлау - әдеп-ғұрып, дәстүрлерге қайшы келетін жағдайда мәйіттерді ерекше қорлайтын әрекеттерді жүзеге асыру. Оған мәйіттерді жерлеген жерден қазып алу, оларды кескілеу, дене мүшесінің тінін алу, мәйітті өртеп жіберу немесе оны ашық далада қалдыру, өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасау (некрофилия) әрекеттері жатады.
Өлгендердің мәйіттерін жерлеу орнынан ашып алып, марқұмның киімдерін, тіс қондырғыларын немесе басқадай бағалы заттарын алу әрекеті екі бірдей қылмыстың (өлгендердің мәйітін қорлау және бөтеннің мүлкін талан таражға салу) жиынтығын құрайды.
Мүрдені медициналық сараптамадан өткізу мақсатында (эксгумация) немесе марқұмның туыстарының я жұртшылықтың ұйғарымымен өзге орынға жерлеу мақсатында қабірін қазып алу әрекеті қорлау болып табылмайды.
Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды жою деп - олардың қоршауларын, ескерткіштерді, сәулеттік құрылыстарды, мүліктерді қиратып, мүлдем жарамсыз етіп тастауды айтамыз. Жерлеу немесе еске алу рәсімдеріне байланысты орындарды, зират үйлерін бүлдіруге - ескерткіштерді, құлыптастарды, жерлеу орындарындағы гүл шоқтарын, веноктарды бүлдіру не жою, оларды талан-таражға салу әрекеттері жатқызылады. Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды аяққа басу деп - зират үйлеріне балағат сөздерді жазу немесе әдепсіз белгілер, суреттер салуды айтамыз.
Талданып отырған қылмыс формальдық материалдық құрамға жатады. Жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын, рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру әрекеттері материалдық, ал өлгендердің мәйітін қорлау формальдық құрамға жатады.
Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады, себептер әр түрлі болуы мүмкін (өш алу, бұзақылық т.б.)
Қылмыстық кодекстің 275-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстың субьектісі - 16 жасқа толған тұлға.
Баптың мақсаты – қоғамдық адамгершілікті, азаматтардың сезімін, қоғамның әлеуметтік зердесін қылмыстық-заңдық құралдармен қорғау.
Қылмыстық кодекстің 15-бабының 2-бөліміне сәйкес қарастырылушы әрекеттің бағаланған түрі үшін қылмыстық жауаптылық 14 жастан бастап орын алады.
Қылмыстық кодекстің 275-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері:
а) әлденеше рет;
ә) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ;
б) ұлттық, нәсілдік немесе діни өштік не араздық тұрғысында;
в) күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған әрекеттер.
Егер өлгендердің мәйіті жерленген жерлер тарихи-мәдениет ескерткіштеріне жататын болса, онда оны қасақана жойған немесе бүлдіргені үшін адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 187-бабының 3-тармағының “б” тармақшасы бойынша сараланады.
Мәйітті қорлау әрекетіне каннибализм, жыныстық фетишизм және басқадай да жағдайлар жатуы ықтимал.
Мәйіттермен жыныстық қатынас жасаудың (никрофилия) азғындық түрін психатриялық және тергеу практикасы мынадай заңдық негізде бағалайды:
а) мәйіттермен жыныстық қатынас жасау Қылмыстық кодекстің 275-бабымен сараланады;
б) мәйітпен жыныстық қатынас жасау немесе мәйіттің жекелеген бөлігін, әдетте жыныстық мүшесін жеу мақсатында адам өлтіру Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-тармағының «м» тармақшасы (Жәбірленушінің органдарын немесе тканьдарын пайдалану мақсатында жасалған адам өлтіру) бойынша сараланады. Қылмыс іс-әрекет жасалған кезден, оның салдарына қарамастан аяқталған деп саналады.
Жануарларға қатыгездік жасау (276-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі - қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект меншік қатынастары болуы мүмкін.
Қылмыстың заты - жануарлар, олар кімнің меншігіне жататындығына қарамастан, қылмыс заты болып табылады. Бұл жерде үй жануарлары немесе жабайы жануарлар туралы да сөз болып отыр.
Жануарлар дүниесін Қазақстан Республикасы жерін тұрақты немесе уақытша қоныстанған, табиғи жерлерде жүретін жабайы жануарлар құрайды. Оларға сүтқоректілер мен құстар жатады. Алайда қосмекенділер (көлбақалар, т.б.), бауырымен жорғалаушылар (жыландар, т,б.), омыртқасыздар (құрттар,т,б.) ережеге сәйкес қылмыс құрамының затына жатқызылмаған.
Қылмыс объективтік жағынан жануарларға қатыгездік жасау әрекеттерімен, одан туындайтын зардап олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соғуымен және олардың арасындағы себепті байланыстармен сипаттайды.
Қылмыстың обьективтік жағы - салдары жануарлардың өлуіне, жарымжан күйге түсуіне әкеп соқтыратын жануарларға қатыгездікпен қарау әрекеті, жануарларға қатыгездікпен қарау және олардың өлімі, не мертігуі арасындағы тізбекті байланыс болып табылады. Жануардарды өлімге соқтыратын немесе мертіктіретін сайыстарға (мысалы, иттерді төбелестіруге) пайдалану да қылмысқа жатады.
Қылмыстың формальдық құрамы – жануарларды қинау. Қылмыс ауылшаруашылық немесе үй жануарларына қамқорлық көрсетуге тиісті адамдардың оларды азықсыз, сусыз, көмексіз қалдыру әрекетсіздігінен де туындайды. Сондай-ақ жабайы жануарларды қамауда ұстап, аштан өлтіру әрекетсіздігі де қылмысқа жатады. Залалды немесе жұқпалы аурулармен ауырған жануарларды белгіленген тәртіпке сәйкес жою қылмыс болып табылмайды.
Қылмыс заңда көрсетілген осы зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп табылады.
Жануарларға қатыгездікпен қарау деп - оларды сусыз, тамақ бермей, ерекше суық немесе ыстық жерлерге ұстау, ұрып соғу, олармен ғылымға негізделмеген тәжірибелер жасау, оларды азаптап өлтіру және т.б. әрекеттерді де айтамыз.
Жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау үшін қылмыстық жауаптылық, егер бұл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әдістерді қолданып немесе жас балалардың көзінше жасалған жағдайда ғана орын алады.
Бұзақылық пиғылға өзін қоғамға қарсы қойып, қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы, көпшілік көзінше жануарларға ерекше қатыгездік көрсетіп, жұртты таңқалдырмақшы болған әрекеттер жатады. Пайдакүнемдік ниет – мүліктік сипаттағы олжа табуға ұмтылу, мысалы, етін, терісін сатып, кіріс табу.
Жауыздық (садистік) әдістерді қолданып жасаған әрекеттерге жануарларға ерекше азап шектіретін әдістерді қолданып, одан рахаттану, ләззат алу сезімдері жатады. Мысалы, жануарлардың терісін тірідей сылу, оны тірідей отқа салып өртеу, тірі жануардың дене мүшесін кесіп алу т.б.
Жасы 14-ке толмаған жас балалардың көзінше жазалаған осы әрекеттердің барлығы жануарларға жасалған қатыгездік деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жануарға қатал қарайтынын, одан оның өлуі немесе мертігуі мүмкін екенін сезеді және осындай зардаптардың орын алуын тілейді.
Қылмыстың субъектісі – 16 жасқа толған тұлға. Қылмыстық кодекстің 276-бабының 2-тармағында осы қылмыстың ауырлататын түрлері: адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, немесе ұйымдасқан топ жасаған, немесе бірнеше рет жасаған әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген [18].
2 Адамгершілікке қарсы қылмыстармен күрес жүргізудің теориялық проблемалары
2.1 Адамгершілікке қарсы қылмыстардың даму ерекшеліктері және динамикасы
Жезөкшеліктің тарихын зерделесек, оның субьективтік жағы қоғамда үстемдік еткен салт, мораль, заң болғанын және бұлардың өзі пайдақорлық мақсатқа негізделгенін аңғарамыз.
Жезөкшелік құбылысын зерттеушілер көне заманнан бері оның З түрі болғандығын анықтаған. Олар - қонақжайлық жезөкшелігі, діни жезөкшелік және ресми жезөкшелік. Жезөкшеліктің алдыңғы екі түрін әйелдер өз еріктерімен тәндерін саудаға салатын жезөкшелікпен теңестіруге болмайды. Өйткені, бұлардың іс-әрекеті көне замандағы діни рәсімдерді, үстемдік еткен моральды жүзеге асыру мақсатынан туындады. Әйтсе де, бұлар да жезөкшеліктің бір-бір түрі саналады.
Қонақжайлық жезөкшелігі қонақты құрметтеп күтіп алу үй иесінің қасиетті борышы саналған көне заманнан бастау алады. Отағасы кез келген жат жұрттық жолаушыға, тіпті өзінің қас жауына да өзінде бардың ең тәуірін беруге міндетті болған. Мұндай қабылдау сауда байланысын өркендетуге, халықтарды жақындастыруға игі әсер еткен. Үй иесі қонағына тіпті қарындасын, әйелін немесе қызын ұсынған. Бұл салттың кең тарап және әбден орныққандығы соншалық, мұндай ұсыныстан қонақтың бас тартуы отағасын да, оның әйелін де масқаралау деп саналған. Осыған ұқсас қонақжайлық салты «Інжілдің» діни аңыздарында да баяндалған. Жат жұрттықтың қанынан туған бала жойқын күшімен, сұлулығымен, ерен денсаулығымен және басқадай асыл қасиеттерімен ерекшеленеді деген ырым әлгі салтты орнықтыра түскен. Осы себепті, ата-аналар тайпаны күшті ұрпақпен күшейте түсуді көздеген. Айта кететін бір жайт, қонақжайлық салтының мұндай түрін Сібірдегі кейбір халықтар күні кешеге дейін қолданды.
Бұл салт кейбір елдерде «отбасы саудасы» сипатын ала бастады. Мұндай кәсіппен тіпті Мысыр перғауындары да (фарондары) айналысқан. Геродоттың жазғанына қарағанда, өз пирамидасын 20 жыл бойы салып, зор шығынға ұшыраған Хеопс перғауын қызын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткен және одан түскен қаржыны құрылысты бітіру үшін жұмсаған. Рамзес перғауын да өз қызын жезөкшелікке салынуға мәжбүрлеген.
Отбасы жезөкшелігі біртіндеп ашық сыйпатқа ие болып, мемлекеттің реттеу тәртібіне бой ұсына бастайды. Мысалы, Африка мен Орта Азияның сауда қалаларында саудагерлер мен саяхатшыларға осы өлкелерде жүрген барлық уақыттарында пайдалану үшін әйелдер ұсынған.
Персияда некенің таза жезөкшелік түрі тіпті діни сыйпатқа ие болды. Мұнда бірнеше айға немесе бірнеше күнге емес, бірнеше минутқа да молла неке қиған.
Шоқан Уәлиханов 1858 жылы Қашқарияға саяхат жасап, онда он ай он төрт күн тұрғанда жергілікті салт бойынша уақытша некеге отырған. Шоқан бұл жөнінде «Неке шариғаттың барлық шартын орындаумен қиылады. Күйеудің шығыны-қалыңдықты киіндіру» деп жазды [19].
Греландияда, Полинизияның аралдарында, Африкада (әсіресе Конго мен Алтын жағалауда), Австралияда, Америкада (үндістерде), Италияда, Кавказда (осетиндерде), Ресейдің солтүстігінде отбасы жезөкшелігі кең көлемде таралған. Мысалы, Ресейдің солтүстігінде қожайын үйін жалға алушыға әйелін немесе қызын ұсынып, бұл үшін төлемақы мөлшерін көбейткен. Мұндай қызмет түрі сұраныстың көбеюіне байланысты отбасы саудасы сыйпатына ие бола бастады да жезөкшеліктің таралуына ықпал етті. Күң есебінде жүрген әйел тірі тауарға айналып, өз тілегіне қарамастан қонаққа ұсынылды. Отбасылық билік тегеуірінімен осы кәсіпке үйренген әйел көп ұзамай онымен не жасырын, не ашық түрде өзі айналыса бастаған.
Діни жезөкшелік қандай да бір құдайдың құрметіне арналған және тұрақты болып екі түрге сараланған. Бірінші түрінде жас қыздар құдайдың құрметі үшін еркектің қолдан жасалған жыныс мүшесін қолдану арқылы өздерінің пәктігінен айрылған. Біршама жағдайда мұндай құдайдың қызметін жрецтер, билеушілер тіпті бейтаныс еркектер де атқара алған.
Көне Вавилонда жрецтердің нұсқауы бойынша қыздар өз өмірінде бір рет белгілі бір уақытын Венера храмында өткізіп, тілек білдірген жат жұрттықтардың әрқайсысына ақша үшін берілуге міндетті болған. Осындай уақытша жезөкшелер тапсырған ақша әуелі әйел құдайға арналған антарьға, одан соң жрецтердің қалтасына түскен. Мұндай жезөкшелік ғибадат Мысырда, Финикияда, Карфагенде, Арменияда, Персияда, Палестинада, бір сөзбен айтқанда, халықаралық қарым-қатынас дамыған, дінбасылар пайдалы кәсіпті өз қолдарына аларлықтай күшке иеленген елдердің бәрінде берік орын алған.
Жрецтер тұрақты кіріс келтіру мақсатында храмдардың жанында әйелдер ұстай бастаған. Олар тұрған үйлер қазіргі зинақорлар үйлерінің алғашқы нұсқалары болып табылады. Дін басылар адамдардың жыныс инстинкттерін өз мүдделері үшін шебер пайдалана отырып, жезөкшеліктің таралуына жағдай жасады, сөйтіп халықты азғындыққа ұшыратты. Ырымға сенушілер еш күдіксіз өздерінің әйелдерін, қыздарын осындай «құдай құлдарының» құзырына ұсынды.
Индостанда мыңдаған күнәсіз қыздар браминдер зорлаған соң, храмдардың жанына қалдырылып, діни қызмет атқарды және жрецтердің жыныс мұқтаждығын қанағаттандырды. Арменияда Венера әйел құдайдың храмы жанындағы құрылыстарда тұрған жрецтер осы дін орнына келген әйелдермен жыныстық қатынасқа түсті. Белгілі бір мерзім өткен соң бұл әйелдер үлкен құрметке ие болып, үйлеріне оралды және әйгілі әрі бай отандастарының арасынан өздеріне тез арада жар таба білді.
Діни шабыттың жыныстық сезімге көшуі діни дұғаның мәресі болса, жыныстық қозу бір мезгілде діни құштарлықтың жалғасы әрі оны күшейту болып табылады. Мұндай белгілер тым көне замандағы пұтқа табынушы халықтардың діни-эротикалық мейрамдарында айқын көрініс берді. Финикиядағы Астарта, Вавилондағы Милитта табыну ғибадаты шын мәнінде жезөкшелік мақсатына қызмет етті. Мұндай діни ғибадат, әсіресе Сирия тайпалары арасында кең өріс алды. Олардың Молоху және Ваалу құдайларына табыну салтын еврейлер қабылдады. Осы құдайларға арналған эротикалық ғибадат балаларды құрбандыққа шалу және діни жезөкшеліктен тұрады. Патшалар кітабында «Ирусалимский храмының дәл жанындағы баспаналарда еврей қыздары ақша үшін жезөкшелікке берілді» деген дерек бар.
Мысырда да діни жезөкшелік кең өріс алды. Онда эротикалық құдайларға арналған діни жоралар жыныстық әрекетпен аяқталған. Исида және Осиристің құрметтеріне арналған діни салтанат айрықша эротикалық қозумен ерекшеленген. Мысырлықтар бұл құдайларды жердің өндіруші және құнарландырушы күші бейнесінде таныды. Сондықтан, олар Венера мен Аданистің жыныс мүшелері кейпінде бейнеленді. Осылайша бастапқы кезде әйелдердің жыныстық әрекеті құдайға құрбандық шалу тәрізді діни-мистикалық сипатта болды және оны әрбір әйел өмірінде тек бір рет орындауға тиісті болды.
Грекияға Азия және Шығыс елдерінен Адонис, Венера, Вакха, Приама діни жоралары жеткен соң, ондағы халықтың моральдық азып-тоза бастауына үлкен ықпал етті. Кейін храмдардың жанына жрецтер мен қыздардың ерекше кастасының құрылуы кәсіби жезөкшелікті дүниеге әкелді. Бірақ жезөкшеліктің бұл түрі ұзақ уақыт бойы өзінің шын мәнін діни ғибадатпен бүркемелеп келді. Егер Шығысты діни, мистикалық жезөкшеліктің бесігі десек, Жерорта теңізі жағалауындағы елдерді қазіргі еуропалық жезөкшеліктің бесігі деп тануымыз керек.
Африкалық тайпалардың кейбірінде еркек пен еркектің (гомосексуалдық) жыныстық қатынасы ырым-сенімге орай орын алған. Ертеде жасөспірімдерді жауынгерлік іске дайындау әдет бойынша тайпа көсемдерінің міндеттеріне жатқан. Олар әскери өнерге баулу барысында өз бойларындағы қуат-күштері дариды деген сеніммен бозбалаларды әйел ретінде де пайдаланған.
Грекияда, Солон б.д.д. ҮІ ғасырда, отбасылық өмірді бұзатын жезөкшелердің ықпалын сақтап қалуды көздеп, Грекияда зинақорлар үйлерін ашуға рұқсат берді де, жезөкшелікті заңдастырды. Бұл заң еркектердің мұқтаждығын қанағаттандыру үшін тұрмыстағы әйелдердің некеден тыс байланысқа түсуін тоқтатудың құралы ретінде де танылды. Зинақорлар үйлері мемлекет иелігіне енді және диктериона деп аталды. Грекияның теңіз жағалауы қалаларынан, Кіші Азиядан, Финикиядан және басқа да елді мекендерден осындай үйлер үшін күңдер сатып алынды Дикториналарға ешкім қол сұқпайтын баспана ретінде жеңілдік белгіленді. Бұл мекен-жайдан әкесі баласын алып кете алмады, борыш берушіге борышкерді қуып келуге рұқсат етілмеді, әйелі күйеуінің адалдығын тексеруге келе алған жоқ. Бұл мекеменің қызметін пайдалану кімге де болсын ұятты іс деп саналмады, керісінше жас адамдардың онда бармауы таңырқау туғызды. Мұндай мекемелерге сұраныс өте көп болды да, оны мемлекет қанағаттандыра алмады. Сондықтан, зинақорлар үйлерін ашуға тілек білдірушілердің бәріне рұқсат берілді. Бұл үшін тек салық төлеу ғана керек еді.
Зинақорлар үйлері үшін жарғылар жазылды. Бұл құжаттарда жезөкшелердің құқықтары шектелген. Шектеу қоюдағы мақсат: оларды тұрмыстағы әйелдерден оқшаулау, жас қыздармен араласуына жол бермеу, сөйтіп жезөкшеліктің зинақорлар үйлерінен тысқары жаққа таралмауын қамтамасыз етіп, қоғамдық адамгершілікті азғындыққа ұшыраудан сақтау. Мекемелердің табысы мемлекеттің қаржысын толықтырды. Ол жезөкшелікке тікелей қатысы бар мақсатқа да жұмсалды. Мәселен, зинақорлар үйлерінен түскен қаражатқа Афинада жезөкшелердің құдайы Афродитаның құрметіне храм салынды. Бұл дін орнының салтанатына жезөкшелер де қатысты. Олар әр айдың төртінші күні осы храмның пайдасына өз кәсіптерімен айналысты. Мұндай храмдар Фивада, Беотонияда, Мегополисте және Аркадияда тұрғызылды. Бұл құрылыстар кезінде сәулет өнерінің ғажайып туындылары ретінде де жоғары бағаланды.
Рим империясында тіркеуге тұрып, салық төлеген жезөкшелерге өз кәсіптерімен айналысуға рұқсат етілгенмен, жезөкшелікпен жасырын айналысушылар қудаланды. Оларға айыппұл салынды. Қайтадан қолға түскендері қаладан қуылды.
Римнің тарихын мифология жезөкшелікпен байланыстырады. Аңызда «Мәңгілік қаланың» негізін салушылар - Рим-Ромул және Ремді емізіп асыраған қаншық қасқыр гетера Акка Ларенция, ол өзінің сараңдығы салдарынан «Lupa» (қаншық қасқыр) деген лақап атқа ие болыпты делінеді. Кейін Римдегі зинақорлар үйлері оны есімімен «Лупариялар» аталған. Жыл сайын Ларенцияның құрметіне мейрам өткізілген. Циркте кернейдің үнімен жалаңаш жезөкшелер эротикалық билерді орындап, жезөкшеліктің салт-жораларының арсыз көріністерін сахналаған. Бұл мейрамды кейін, ондағы адамдық ар-ұжданға қарама-қарсы келер жүгенсіздік үшін сенат болдырмай тастады.
Рим империясында да жезөкшеліктің өсіп-өскендігі соншалық, Тациттің жазуына қарағанда, Римде адал бір қыздың өзін табу қиынға соққан. Венера, Кулидон, Приала, Адонис, Бахус, Исида және Осирис жоралғылары жезөкшелікті асқақтата дәріптеп, оның кең таралуына, қоғамдық адамгершіліктің құлдырауына күшті ықпал еткен. Әйтсе де, жезөкшелік Рим империясының табыс көздерінің бірі ретінде танылды.
Мемлекет зинақорлар үйлеріне, жезөкшелікті ұйымдастырушылардың әйелдер саудасына және жезөкшелердің өздеріне салық салды. Қоғамдық адамгершіліктің қалыпты деңгейден ауытқымауын және салықты жинау жүйелі түрде жүргізілуін адамгершілік полициясы қадағалады. Сол кезеңде жезөкшелер полицияның қадағалауындағы ашық және жасырын болып екі жікке бөлінді. Тіркеуге алынған жезөкшелерге арнайы билет берілді. Римде жезөкшелікті заңдастыру осы кәсіп түрінен табыс табу мақсатынан туындады, бірақ қоғамдық денсаулықты қорғау көзделмеді. Жасырын жезөкшелікке қарсы күрес жүргізілсе де нәтиже бермеді.
Папалардың сарайлары зинақорлар үйлеріне айналды. Римдегі әйелдер мен қыздар шіркеулерге әулие апостолдардың мәйітіне табыну үшін барған жоқ. Сондықтан, папалар оларды осы дін ордасында да зорлады. Папалар тіпті өзінің туған қыздарымен өмір сүруге дейін барды. Жезөкшеліктің таралуына түрлі қоғамдық мекемелер қолайлы жағдай тудырды. Сондай мекемелердің бірі көпшілік монша болды. Онда бір мезгілде 1000 адам сиятын бассейн жұмыс істеді. Еркектер мен әйелдер және балалар да бассейнде жалаңаш шомылды. Мұндай бейресми зинақорлар үйлері жезөкшеліктің ұясына айналды. Ашыналар осы мекен-жайда кездесті, осында ашықтан-ашық дөрекі түрдегі жыныстық қатынастар жасалды. Римнің лесбианкалары құлдар мен балаларға мейірлене еркелеп, өз кәсіптеріне үйретті. Матроналар кәсіби құяңшыларға берілді. Осында спиртті ішімдіктер ішіп, карта ойнады және түрлі жын-ойнақ жасап, азғындыққа түсті. Осыған ұқсас мекемелерде түрлі эротикалық ғибадат пен діни жоралар жасалып, жасырын жезөкшелікпен емін-еркін айналысты. Жерорта теңізі жағалауындағы Еуропаның халықаралық байланысы жүзеге асырылатын, сауда орталықтарына айналған ірі қалаларда ресми жезөкшелік кең өріс алды. Бұл құбылыс әсіресе Коринф сауда қаласында айрықша қанат жайды. Мұндағы жезөкшелер саны Афинадағыдан көп болды.
Францияда корольдердің сарайлары жанында жүздеген жезөкшелер қазына есебінен ұсталды. Оларды басқару үшін І Францисконың тұсында тіпті министр лауазымы белгіленді. Бұл лауазым 16-ғасырдың соңына дейін қолданылды. Екатерина Медичи Француз сарайы жанында әйгілі жезөкшелерден «Королеваның ұшатын салт аттыларын» ұйымдастырды. Оның құрамына енген әйелдер бүкіл елді аралап, шетелдерге де шығып королеваның тапсырмасын жүзеге асыру үшін қызмет етті. Барлау жұмыстарымен айналысып, саяси құпияларды айқындады; елшілерді, ақсүйектерді, мемлекет қайраткерлерін королеваның мүддесі үшін қызмет істеуге азғырды. Сарай жанындағы барлық жезөкшелерге жалақы төленіп, атақ пен сыйлық беріліп тұрды. Олар төсектегі қызметі үшін клиенттерден де төлемақы алды.
Дін басылар да жезөкшеліктің кең етек алуына қолайлы жағдай тудырды. Статистикалық мәліметтерге қарағанда 1581 жылы Францияда дін басылар мен шіркеу қызметшілерінің жалпы саны 1018782 болса, аманат әйелдердің саны 1151754, садомиттердің (гомосексуалистердің) саны 39583 болды. Поптар мен монахтардың кейбірі бесеуден және одан да көп аманат әйелдер ұстады. Әскери жорық кезінде және бейбіт кезде де солдаттар әйелдердің монастырларын зинақорлар үйлеріне айналдырды. Еуропа армиясының әскери лагерлеріндегі зинақор әйелдердің санының көптігі соншалық, кей мезгілде солдаттардың санымен теңесті.
Жұртшылықтың қысымы және жезөкшелікпен күрестегі жазалау шараларының тиімділігінің аздығы Француз үкіметін 1791 жылы тыйым салу жүйесінен бас тартуға мәжбүр етті. Франциядан кейін Еуропа мемлекеттерінің көпшілігі тыйым салу жүйесінен біртіндеп бас тартып, адамгершілік полициясы құруды қолға алды. Жаңа тәртіп жезөкшелерден дәрігерлік-полициялық қадағалауға мойынсұнуды ғана талап етті. Бұл талап орындалған жағдайда жезөкшелікке төзімділік танытты. Соның нәтижесінде полицияда тіркелген әрі дәрігерлік-полициялық қадағалауда жүретін ресми, жария жезөкшелік пайда болды. Бірақ, жасырын жезөкшелік те тірлік ете берді. Бұл құбылыс Еуропаның басқа да елдерінде өріс алды.
Ресейде, император І Екатерина билік құрған 1725-1727 жылдары жезөкшелік кең өріс алды. Патшайымның өзі фовариттермен ашыналық жасады. І Николайдың тұсында, жезөкшелерге қолданылған жазалау шаралары айтарлықтай нәтиже бермейтіндігіне көз жеткізілген соң, Батыс мемлекеттері тәрізді Ресейде жезөкшелікпен айналысушыларға тәртіппен реттелетін деңгейде ерік берілді яғни зинақорлар үйлерін ұстауға рұқсат етілді. Ал 1844 жылы зинақорлар үйлерін ұстаушылар мен жезөкшелерге арналған ереже шығарылды. Осы құжатқа сәйкес бұл мекемелерге жасы 16-ға толған әйелдер қабылданған. Кейін, 1901 жылы империяның медициналық кеңесі әйелдердің зинақорлар үйлеріне қабылдануына мүмкіндік беретін ең төменгі жасы - 21 жас деп белгіледі. Мұндай шектеу іс жүзінде ұдайы сақталынбады да, ондай орындарда 11-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар да «жұмыс» істей берді.
Жезөкшелікпен көпшілік үйлеріндегі әйелдермен қатар жеке әйелдер де айналысты. Ресейде зинақорлар үйлерінен (maison de tolerance) басқа, жезөкшелікпен айналысуға арналған орындар да жұмыс істеді:
1) жасырын притондар (maison de passe);
2) кездесу үйлері (de rendez-vous) Бұл орындарға еркектер мен әйелдер полицияның рұқсатымен жіберілген;.
3) бордель (bordel) - ресми жезөкшелер үй;і
4) «пәтерлер» - жезөкшелер «пәтерші» ретінде тұратын астыртын жезөкшелік үйлері. Олардың иелері жезөкшелерге төсек-орын, киім-кешек т.с.с. беріп, жезөкшеліктен түскен кірісті түгелге жуық өздері алған;
5) сырахана, монша, мейманхана, трактир, кабак және сол секілді мекемелерде өркендеген жасырын жезөкшелік. Әйелдер оркестрлері, хорлары, сондай-ақ ресторандардағы жекелеген әнші әйелдер де жасырын жезөкшеліктің өркендеуіне үлес қосты. Осылайша, ресми зинақорлар үйлері жалпы жезөкшеліктің мардымсыз бөлігін ғана қамти алды [20].
Ресми жезөкшелікке рұқсат етілген ХІХ ғасырда Ресей мен Батыс Еуропа елдерінде көне кәсіппен айналысушылар саны қауырт өскен. Мысалы, 19-ғасырда Петербургте – 600, Венада - 25000, Берлинде - 30000, Нью-Йоркте - 30000, Парижде - 40000, Лондонда - 60000 жезөкше ресми тіркеуге алынған. Бұлардағы көне кәсіп өкілдері алуан түрлі топтардан құрылған.
1890 жылы 105 москвалық зинақорлар үйлерінде 907 жезөкше «қызмет еткен», жалғызілікті 271, «жасырын» 852 жезөкше көне кәсіппен айналысқан. Орташа есеппен алғанда, мұндай әйелдердің 82%-і айналасындағылар үшін қауіпті жұқпалы аурулармен сырқаттанған.
Ресейде халық денсаулығын қорғау Орыс қоғамының екінші бөлімшесі 1903 жылы жезөкшелікке дәрігерлік-полициялық қадағалау орнатуды қолға алды.
Азғындықтың жасырын притондарымен күресте қала әкімшіліктері «белгілі көшелерде» сыраханалар ашуға тыйым салатын қаулылар қабылдады. Бірақ, жабылған сыраханалардың орындарына шай немесе квас сататын дүкендер ашылды. Санитарлық комиссиялардың бірінің тұжырымына қарағанда мұндай орындарда әрдайым 20 % арақ, 30 % сыра және 50 % мерез (сифилис) болған. Сөйтіп, мұндай мекемелермен күресте санитарлық қадағалау қауқарсыздық танытқан.
Зинақорлар үйлері жөніндегі ережені бұзу әрекеттеріне (жезөкшелерге медициналық билет бермеу, оларды тіркеуден өткізбеу, спиртті ішімдіктер сату т.с.с.) жол берген қожайындар қылмыстық жауаптылыққа тартылудан басқа мұндай мекемелерді ұстау құқығынан айыруға жазаланған. Әдетте, қожайынның белгілі бір мөлшерде тәртіп сақшыларына пара берулері - олардың жазалаудың жеңіл түрлерін белгілеуіне, сөйтіп зинақорлар үйлерінің жабылмай қалуына ықпал етті. Жалпы алғанда, көпшілік мекемелері полицияның бақылауында әрі қамқорлығында болды. Олардың ашылуын не жабылуын тек қана полиция жүзеге асырды. Мұндай жағдай полиция мен қала басшылығы арасында талай рет тартыс та тудырды [21].
Жезөкшелердің денсаулығын тексеруде басты тұлғалар дәрігерлер болды. Медициналық бақылауға мойын ұсынбау құқықтық жауаптылыққа әкеп соқтыратыны жөнінде әйелдерге алдын ала ескертіледі. Ережеде дәрігерлер тарапынан жезөкшелерден пара алуға жол берілмейтіндігі туралы арнайы бап белгіленген. Бірақ, бұл ереже медициналық құрам арасындағы парақорлық деңгейін соншалық төмендете алмаған. Жатақхана тәртібін бұзу және әйелдерді саудаға салуға Жарғының 27-бабында жаза қолдану қарастырылған. Шешелердің өз қыздарына «көшеде» жеңгетайлық қызмет көрсету оқиғалары да көрініс берген және ондайларға Жарғы бойынша тиісті шара қолданылған.
Қала басшылығы да көпшілік әйелдердің, зинақорлар үйлерінің есебін жүргізіп, жағдайды бақылауға тырысқан. Полиция қызметкерлерінің қызметке байланысты құқық бұзушылығының алдын алу шаралары жүргізілген. Дегенмен, ұйымдастыру шаралары тамырлары тереңге жайылған бұл құбылысқа қарсы тұра алмады.
Ресейде, ХІХ ғасырда, селолық мекендерден қалаларға қоныс аударған шаруа әйелдердің көпшілігі жұмыссыздық пен тұрғын үйлерінің жоқтығы салдарынан тұрмыс тауқыметіне ұшырады. Сондықтан, олардың едәуір бөлігі жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметі тұсында, 1920 жылдары басталып, 1930 жылдардың ортасына дейін қолданыста болған жезөкшелікпен күрестің ұзақ мерзімді бағдарламасы іс жүзінде тоқырауға ұшырады. Мұның бәрі жезөкшеліктің қайта жандануына мүмкіндік тудырды, әйтсе де ол туралы ресми мәліметтер жарияланбады. Бұл құбылыстың ҚСРО-да бар екендігін халыққа жариялау моральдық адамгершілік ұстанымға зиян келтіру ғана емес, мемлекеттің халықаралық беделін, тіпті қорғаныс қуатын елеулі түрде шайқалтуы мүмкін деген пікір қалыптасты. Әрине, құқық қорғау органдары қызметкерлері жезөкшелікке қатысты нақты жағдаймен жақсы таныс болды. Бірақ, ресми көзқарас қоғамда жоқ деп таныған «жоқ» құбылыстың алдын алу жөніндегі іс-әрекеттерді қандай жолдармен жүзеге асыруды білмеді. Егер ресми көзқарас бойынша жезөкшелік жоқ болса, оған қарсы қолданылатын құқықтық шаралардың болуы мүмкін емес-ті. Сырттай қарағанда Кеңес Одағында жезөкшелікке байланысты ешбір проблема жоқ сияқты болып көрінді. Мемлекеттік ресми идеология да жезөкшеліктің социалистік қоғамда орын алуын жоққа шығарды. Кеңестік өмір салты мінсіз салт ретінде көрсетіліп, асыра дәріптелді. Кеңес Одағы азаматы болып, өмір сүру - әр адамға ұлы бақыт, ал империалистік мемлекеттерде езілуші таптың әлеуметтік өмірі қасіретті деген үгіт-насихат жүргізілді. Бұл құбылысты жасырумен құпиялаудың ресми бүркеуі, сондай-ақ құқықтық шаралардың болмауы және оған ықпал етуге тыйым салу шаралары теріс нәтиже беруі «заңды» еді және солай болды да! Осындай жағдайда диалектиканың «теріске шығаруды, теріске шығару» заңы күшіне енді деуге болады. Елде аталған әлеуметтік құбылыстың бар екендігін жоққа шығарудың зияны қоғамдық сананың көшірмешілікке (стереотипке) ұрынуынан және билік басындағылардың екі жақты мораль ұстауынан көрінді. Халықтың арасында «Егер мемлекет басындағылардың материалдық игіліктің бұлдыр көрінісін жасау үшін моральдың кейбір нормаларынан безуі мүмкін болса, неліктен жезөкшелердің өз денелерін саудаға салуына болмайды?» - деген пікір қалыптасты. Осындай себептерге байланысты Кеңес Одағында жезөкшелікке байланысты қылмыс түрлерін ашу деңгейі төмен болды [22].
Соғыстан кейінгі кезеңдегі тұрғын-жай тапшылығына байланысты қиындықтар, еркектер мен әйелдер саны арасындағы үйлесімсіздік, аналар мен жалғызілікті аналарды материалдық қолдаудың жеткіліксіздігі – некеден тыс және некеге дейінгі жыныстық өмірді, еркектер мен әйелдердің ашыналық байланыстың салдарына жауапсыздықпен қарауын (әкесіздік) т.с.с. туындатып, олардың кең таралуына да ықпал етті. Кәмелет жасына толмағандардың жыныстық дербес құқығына қол сұғушылық, оларды қылмыстық және қоғамға қарсы іс-әрекеттердің басқа түрлеріне тартумен қатар жезөкшелікпен айналысуға тарту оқиғалары көбейе түсті. Әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, оқу-ағарту және денсаулық сақтау салаларында осы әлеуметтік проблеманы шешуге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді.
Қазақстанда бейберекет, талғаусыз жыныстық қатынас жасау құбылысы, тірі куәгерлердің айтуына қарағанда, тың игеру жылдары басталып, кейін комсомолдық екпінді құрылыс жүргізілген қалаларда кең тараған. КСРО Министрлер Советі 1956, 1966 және 1969 жылдары Москва, Ленинград, Севастополь қалаларында және Москва облысында паспорт тәртібін күшейту жөнінде қаулылар қабылдаған. Осы қаулыларға сәйкес ішкі істер бөлімшелеріне аталған қалалардан жезөкшелік іс-әрекеттері үшін бірнеше рет ұсталған әйелдерді жұмыс істеп жүргеніне, не жұмыссыз екеніне қарамастан, басқа елді мекендерге жіберуге құқық берілген. РСФСР Жоғары Советі Президиумының «Қоғамдық пайдалы еңбектен жалтарған және антиқоғамдық арамтамақтық өмір салтын ұстаған тұлғалармен күресті күшейту туралы» (1961 ж.) РСФСР Жоғары Советінің Жарлығын қолдану жөніндегі» қаулысында Жарлықтың 1-бабы күші жезөкшелікпен айналысушы тұлғаларға да жүретіндігі көрсетілген. Олар туралы материалдар аудандық (қалалық) халық соттарында бес күндік мерзім ішінде қаралды. Жезөкшелікпен айналысқаны үшін тұрғылықты мекенінен міндетті түрде 2 жылдан 5 жылға дейін еңбекке тарту оған қоса еңбексіз жолмен тапқан дүние-мүлкін тәркілеу түріндегі жаза белгіленді. Осындай шараларға байланысты жезөкшелердің бір бөлігі Қазақстанға келгендігі күмән тудырмайды.
Тың игеру жылдары маман тың игерушілердің құрамында жезөкшелер мен құқық тәртібін бұзушылар топтары да Қазақстанға қоныс аударғандығы туралы республикалық мерзімді басылымдарда материалдар жарияланды да. Бертін келе қазақ қоғамында бұрын орын алмаған жезөкшелікті қазақ қыздары да кәсіпшілікке айналдыра бастады. Бұл құбылыс кейінгі кезеңде, әсіресе Қазақстан ТМД-ның өзге елдері тәрізді тәуелсіздік алған соңғы он жылдықта дәлелді себептері бар экономикалық қиындықтарға тап болып, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеуі салдарынан кең өріс алды.
Адамгершілікке қарсы қылмыстардың ішінде пайдақорлық-зорлық қылмыстар мен ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар саны соңғы он жылдықта жоғары деңгейге шықты. Өзге де қылмыстар санының өсуі байқалды. Мысалға, қарақшылық соңғы 10 жылда жасалған қылмыстардың орташа көрсеткішімен салыстырғанда 1998 жылы ең ірі деңгейге көтерілсе, (+16,9%), ал одан бір жыл бұрын 15,2% жоғары болған еді. 1999 жылдан бері қарай осы жеткен "шыңынан" төмендеу үрдісі байқалады, 1999 жылы орташа көрсеткіштен 6,4 % өссе, 2000 жылы - 1,8% кеміді, 2001 жылы - 5,7 % қайтадан өссе, 2002 жылы - 2 % , 2003 жылы - 9,7% кеміді [23].
Жезөкшелікпен айналысуға тарту (Қылмыстық Кодекстің 270-бабы), жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (271-бап) тәрізді жезөкшелікке тікелей байланысты қылмыстар соз ауруын жұқтыру (115-бап), жүре пайда болған иммундық жетіспеушілігі синдромын (ЖИТС-СПИД) жұқтыру (116-бап), заңсыз аборт жасау (117-бап), зорлау (120-бап), нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық іс-әрекеттер (121-бап), жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерге мәжбүр ету (123-бап), жас балаларды азғындату (124-бап), тәрізді жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар қылмыстың өзге сипаттағы түрлерінің біреуімен немесе екеуімен т.с.с. кірігіп, күрделене түсуде. Жезөкшелікпен айналысушылардың құрамы жас мөлшері жағынан айтарлықтай деңгейде жасарып, олардың қатары кәмелет жасына толмағандармен, тіпті 14-ке толмаған әйел жынысты жас балалармен толықты [24].
2003 жылдың алғашқы 8 айында республика бойынша әйелдерге қарсы жасалған 2 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Көптеген әйелдер моральдық және қаржыға байланысты проблемаларға, сондай-ақ айналасындағылардың сөзіне ілікпес үшін, бір жағынан жәбір көрсетуші мен оның туыстарынан қорқу салдарынан тергеу органдарына өтініш бермейді. Зорлықтан жәбір көрушілердің нақты саны аталған көрсеткіштен ондаған есе көп. Мемлекеттік қолдау көрсетілмеген әйелдердің қандай күрделі, қиын жағдайда қалатындығын ешкім ескермейді.
Қазақстанда әйелдердің өміріне, денсаулығына, ары мен абыройына қылмыстық қол сұғушылық саны жыл сайын өсе түсуде. Егер 2004 жылы 1550 зорлау фактісі тіркелсе, 2006 жылы мұндай ауыр қылмыс түрі 1590-ға жеткен. Ресми статистика мұндай қылмыс түрінің нақты сипатын аша алмайды. Өйткені, түрлі себептерге байланысты жәбірленушілер құқық қорғау органдарына арызданудан жиі бас тартады [25].
Павлодар облысында тіркелген зорлау қылмысының саны: 2002 жылы - 75, 2003 жылы - 137, 2004 жылы - 117, 2005 жылы - 105, 2006 жылы - 74. Алматы қаласында әйел зорлау соңғы кезде 79 пайызға жеткен. Ал, Ресейде әйел зорлау 2005 жылы 12 мыңға жетсе, қазір бұл көрсеткіш деңгейі едәуір төмендепті [26].
Шетелдерге алданып барған жезөкшелердің «екінші толқыны» пайда бола бастағаны байқалады. Бұлардың өздері енді жеңгетайларға айналып, саналы түрде қылмыстық жолға түскен.
Адамгершілікке қарсы қылмыстарды туындатушы құбылыс -жезөкшелік біздің қоғамда тіршілік етіп қана қоймай, кейінгі кезеңде дами түсуде. Белгілі бір ұйымдастырушылық пішінге ие болған адамгершілікке қарсы қылмыс жасаушы тұлғалардың іс-әрекеті жеңіл жүріске бейім әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға көптеп тарта бастады.
Мәліметке жүгінсек, кейінгі кезде Ресей мен ТМД елдерінен жыл сайын 50 мыңға жуық әйел шетелдерге секскүңдікке жіберіледі екен. Қазақстан қазіргі кезде қыз-келіншектерді шетелдерге сексбизнеске шығару мәселесі бойынша ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр. Таяуда Қазақстан мен Орта Азия елдерінің әйелдер зорлығына қарсы мемлекеттік емес ұйымдар өткізген Халықаралық конференцияда, Қазақстаннан 15 пен 30 жас аралығындағы траффик торына түскен 80 мыңға жуық қыздың шет елге сатылып кеткендігі туралы дерек келтірілген.
ТМД елдерінің азаматшалары қазір Еуропа мен Азияның ашық және құпия рыноктарында тірі «тауарлардың» қомақты бөлігін құрайды.
Жезөкшелік қазір еліміздің барлық облыс, қалаларында етек жайып келеді. Алматы қаласының өзінде 25 мыңнан астам тәнін сататын бикештер тізімделіпті. Құл саудасымен айналысатын топтар барлық облыс орталықтарында бар екенін ескерсек, жыл сайын 3 мың адам ғана шетел ауып жатқанына күмән туады. Шымкент қаласынан алыс мемлекеттерге «жұмыс іздеп» кеткендердің дәл саны анық болмаса да, мыңнан кем емесі белгілі. Ол жерде де «турист» жөнелтетін он екі мекеме бар екен.
Былтырдың өзінде Қазақстанның бірқатар аймақтарында жас қыздарды шет елге жөнелтуді кәсіп еткен траффик ұйымдары бары анықталып, Шымкент пен Тараз әуежайлары арқылы оларды Біріккен Араб Әмірлігіне сатумен айналысатын сутенерлік қылмыстық топтар қолға түскен. Айталық, 1999 жылы Беленко деген азаматшаның Протасова, Нагорная деген сыбайластарымен құрған осындай тобы ұсталып, сотқа тартылған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әйелдерді Араб әлемі мен Таяу Шығыс елдеріне, Оңтүстік Кореяға жезөкшелікке жөнелтіп келген бірқатар халықаралық қылмыстық топтардың жолын кескенімен, бұл сауда бизнесіне белсеніп, бел шешкендердің саны әлі де көп [27].
Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың жазуына қарағанда, Алматыда күн сайын 1000 жезөкше көшеге шығып, өз кәсіпшілігімен айналысатын көрінеді [28].
Кеңес Одағында видеомәдениеттің ене бастауы порнографиялық сипаттағы видеофильмдердің де жас буынның әлеуметтік мәдени өміріне енуіне қолайлы жағдай тудырды. Бұлармен қатар шетелдерден порнографияны, эротиканы суреттеп,бейнелейтін, махабаттың «еркіндігін» насихаттайтын түрлі әдебиет нұсқалары да жеткізілді. Бұл материалдар секс бизнесте аса көрнекті құралдар ретінде пайдаланып, жезөкшеліктің өрістей түсуіне едәуір үлес қосты. Теледидарда көрсетілген зорлық зомбылыққа адамдардың біртіндеп бойы үйреніп, оны шектен тыс әрекет деп санаудан қалып барады. Зорлыққа назарлық сезімін білдіру қабілеті жойыла бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы келеңсіз қылықтар күнделікті өмірге келіп сіңуінде.
Видеоаппаратуралардың тапшылығы мен қымбатшылығы, сондай-ақ шетел өндірісі кассеталарына қол жеткізудің қиындығы ресми және ресми емес ақылы сеанстарды ұйымдастыру жолымен еңбексіз табыс табуға қолайлы жағдай жасап, контрабанданың, алыпсатарлықтың және пәтер радиоаппаратура ұрлығының таралуына себепті болды. Видеомәдениеттің (көлеңкелі және ресми) дамуы видеобизнесті (заңсыз көбейту, көрсету және сату) тудырды.
Соңғы жылдары видеоаппаратуралар көп шығарылып, оларды сатып алушылардың саны артуына байланысты порнографияның таралу ауқымы да кеңейе түсті. Порнографиялық өнімдердің жасырын өндірісі ұйымдастырылды. Порноөнімдерді көбейту үшін бірнеше пәтер жалға алынады. Олардың бірі жазба студиясы, екіншісі дайын өнімдерді сақтау қоймасы тәрізді қызмет атқарады. Видеокассеталарды өткізу орындары да құрылуда. Радиовидеоаппаратураларды сататын комиссиондық немесе фирмалық өндіріс тауарлары дүкендері, сондай-ақ видеосалондар мен видеотехника дүкендері жанында «қара» базарлар жұмыс істеуде.
Әрине, порнографияның жасырын өндірісі фотоателье, дыбысжазба студиясы, полиграфиялық кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктерін де қамтиды. Тіпті Москвадағы орталық телевизияның операторлары, монтаж жасаушылары және видеоинженерлерінен құрылған топ 1985-1986 жылдары мемлекеттік стационарлық видеожүйені пайдалана отырып, порнофильмдерді көбейту ісімен айналысқан [29].
Қазіргі кезде ашық видеосалондарда эротикалық фильмдердің коммерциялық көрсетулері кең түрде тарағандықтан, олардың жасырын видеобизнестегі құндылығы кілт төмендеді. Дегенмен, әлі де бұл саланың басты өнімі - порнография және оны көбейту мен тарату болып табылады.
1780 видеожазбаларда сараптау қорытындысы, олардың 49 %-ін телехабар репертуарларына қосуға келмейтінін көрсетті. Бұлардың 18,5 %-і ашық эротикалық мазмұндағы фильмдер. Әлемдік порноиндустрияда 1980 жылдардың ортасына дейін көбіне психологиялық сюжеттерге құрылған порнофильмдердің «биязы» түрлері пайдаланылған. Кейін, Америкада, жыныстық қатынастың табиғи емес түрлерін ашық көрсететін фильмдер ұдайы шығарылып, бұл саладағы шығармашылықты ығыстыра бастаған. Сөйтіп, жыл сайын 6 мыңдай порнокино өндіру жолға қойылған. Бұрын «биязы» фильмдердің өзіне құштарлық танытқан кеңестік жас көрермендер топтары кейінгі ашық порнофильмдерді тіпті ессіздікпен қабылдаған. Осыншалық тұтынушысы бар ортада порноиндустриямен айналысу мол табыс көзі екенін түсінген ресейлік кинорежиссерлердің бірнешеуі 1990 жылдардың ортасына таман видеофильмдерді өндіретін және сатуға шығаратын жасырын студиялар ашқан [30].
Алматыдағы жасырын видеостудияларда балалар порнографиясының ең азғындық түрлерін, тіпті үй жануарларымен жыныстық қатынасқа түсу көріністерін кассеталарға жазу жүргізілетіндігі жөніндегі ақпараттар жұртшылыққа жетті. Балалар «порносын» жазудың бір минуттық құны АҚШ-тың 100 доллары шамасында. Соңғы кездерде балаларды қасақана ұрлау және олардың хабарсыз жоғалу оқиғаларының жиілеуі жасырын сексиндустриясы саласындағы ұйымдасқан қылмыстық құрылымдар іс-әрекеттерінің нәтижесі деп ойлауға толық негіз бар [31].
2001 жылы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Біріккен араб әмірлігінде сексқызмет көрсету үшін әйелдерді тасымалдап, траффикпен айналысқан қылмыстық топтың іс-әрекетін тоқтатқанын мәлімдеді. Топтың 5 мүшесіне қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін айып тағылды. Құқық қорғау органдары сол елге Қырғызстанда дайындалған жасанды құжаттарды пайдалану арқылы әйелдерді заңсыз тасымалдауды кәсіп еткен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның азаматтарынан тұратын қылмыстық топты әшкереледі. Қазақстандық әйелдерді араб елдеріне, Таяу Шығысқа және Оңтүстік Кореяға өткізіп, саудаға салумен шұғылданған бірнеше халықаралық қылмыстық топтардың жолы кесілді.
2000 жылдың қазан айында өткен «Әйелдер, көші-қон және заң» атты конференцияда сондай 4 қылмыстық топ ұсталынып, 5 қылмыстық іс қозғалғаны атап көрсетілді.
Кейінгі кездері Алматыда Оңтүстік Кореяның сауық кештеріне қыздар іріктеумен айналысатын бірқатар фирмалар мен ұйымдар бары анықталды. Осы орайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша департаменті тыйым салынған қызметпен шұғылданған екі коммерциялық фирманың заңсыз әрекеттерін ашып, бұған тікелей қатысы бар адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғады. Екі жағдайда да алданған қыздар құқық қорғау органдарының араласуымен елге қайтарылып, бұған қатыстылардың істері тергеуге берілген. Тіпті Біріккен Араб Әмірлігінде 1998 жылы 30 жасқа дейінгі әйелдердің күйеусіз келуіне тыйым салынған заң күшіне енгенімен, енді бұл елге біздегі адам саудасымен машықтанғандар қыздардың жасын өсіріп, қолдан жасаған жалған төлқұжаттар арқылы өткізіп жіберген.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлері Петропавл мен Шымкент қалаларының қыздарын сутенерлер әуежайларынан сол елге заңсыз құжаттарымен ұшырғалы тұрған жерінен ұстаған .
Халықаралық деңгейдегі құжаттардың қабылданғанына қарамастан, әйелдерді сыртқа сату іс-әрекеттері және жезөкшелік кәсібін шетелдерден іздеу жойылмай келеді. Жезөкшелікке байланысты мемлекеттер үш түрге бөлінеді:
1) секс бизнестің әлемдік рыногына әйелдерді қоюшы елдер;
2) әйелдер тасымалданып өткізілетін елдер;
3) әйелдер жеткізілетін елдер.
Халықаралық жүйеде ТМД елдері сексбизнестің әлемдік рыногына әйелдерді қоюшы елдер болып табылады. Зерттеушілердің пікірінше, ТМД елдерінде әйелдерді сатудың себептері бірдей. Оның ішкі және сыртқы факторлары бар. Ішкі факторға ең алдымен әйелдердің ауыр экономикалық жағдайын жатқызуға болады. Мысалы, Украинада мемлекеттік статистикалық деректерге қарағанда әйелдер тіркелген жұмыссыздардың 80 %-і шамасын құрайды. Өмір сүрудің төмен деңгейі және жұмыссыздықтың жоғары деңгейде болуы оларды шетелдерден жұмыс іздеуге мәжбүр етеді. Жәбірленуші әйелдердің қорғансыздығы тәрізді құқықтық фактор да оларды түрлі арандатушылық ұсыныстарға келісулеріне итермелейді. Мұндай жағдайдың орын алуына сыртқы факторлардың да әсері аз емес.
Шекаралардың ашылуы мен темір перделердің құлауы, сауық пен жұмыс іздеп шетелдерге саяхаттау мүмкіндігінің мол болуы, көлеңкелі экономиканың өрбуі, халықаралық қылмысты топтардың құрылуы, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды бұзушылығы әлемнің көптеген елдерінде әйелдердің жезөкшелікпен айналысуға мүмкіндігі мол болуы тәрізді сыртқы факторлар бар.
Мұндай факторлар жеңгетайлардың еркін әрекет етуіне жағдай тудырады. Соның салдарынан, көптеген жас әйелдер әлгілердің торына оңай түсіп қалады.
Қазіргі кезеңде тегін жұмыс күші саудасымен айналысушы дүние жүзіндегі қылмысты топтар адамдары құлдыққа салудың түрлі тетіктерін жетілдіріп, пайдалануда. Адамдарды саудаға салу соңғы он жылдықта қарқын алды және бұл кезде әлемдегі ірі жасырын бизнестің бір түрі болып табылады. Халықаралық қылмыскерлер құрамы бұл саладан жыл сайын АҚШ валютасымен есептегенде 7 миллиард доллар кіріс келтіреді. Бұл сома негізгі тұтыну тауарларының дүниежүзілік саудасынан түсетін табыс мөлшерімен бірдей [32].
Алматы қаласында 2000 жылы 48 қазақ қызы шетелдікке тұрмысқа шығып ресми некеге отырған. Қаншасының жат жұрттық азаматтармен ашыналық байланыста екендігі жайында мәлімет жоқ. Олар негізінен Түркия, Ауғаныстан, Пәкістан, Иран, Қытай, ішінара Біріккен Араб Әмірлігі, Үндістан азаматтарымен көңіл қосады екен. Мұндай некелесуден кейін қазақ қыздарының шетелге барып тұруы емес, шетелдік күйеулердің Қазақстанда қалуы қалыпты жағдайға айналған [33].
Бұрынғы КСРО-да 1980 жылдардан бастап шетел телевизиясынан жазылып алынған немесе контрабандалық жолмен жеткізілген шетел видеофильмдерінің видеомәдениет саласында көлеңкелі экономиканы тудырды. Ресми жалға алу жүйесінде бұл өнімдер саны 1000-нан сәл ғана асса, сарапшылар айналымдағы фильм атаулары 15000-нан кем емес деп бағалады.
Шетел өндірісінің видеожазбалары өз сауда мен айырбас жүйелерін құрып, сюжеттері зорлық, қатыгездік және порнографияны мадақтауға құрылған фильмдерді таратуға мүмкіндік туғызды. Бұл құбылыс теріс жағы көлеңкелі экономиканың жаңа түрін өрістетіп қана қоймай, қылмысты жағдайдың өршуіне ықпал етуінде.
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату қылмысының Ресейде, кейінгі жылдары кеми түскені байқалған. Мысалы, 2000 жылы 834 қылмыс тіркелсе, 2001 жылы – 413, 2002 жылы – 341, 2003 жылы – 295, 2004 жылы 361 – қылмыс тіркелген. РФ Қылмыстық Кодексінің аталған қылмысқа жауаптылық белгіленген 242-бабы бойынша сотталғандардың саны 2005 жылы 2000 жылға қарағанда 4 адамға кеміген. Дегенмен, зерттеушілер бұл мәліметтерді порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратумен күрестің қылмыстық-құқықтық шараларының тиімділігімен емес, тергеу және сот органдарының аталған қылмыстық-құқықтық нормасын іс жүзінде қолданбауымен байланыстырады. Қазақстандық қоғамда да осындай жағдай орын алған деп нық сеніммен айта аламыз.
Қазіргі кезде кез келген адамның, жас мөлшеріне қарамастан, порнографиялық мазмұндағы журналдар мен газеттекрді, кино- және видеофильмдерді, компьютерлік дискілер мен өзге де материалдарды алуға мүмкіндігі бар. Бұл проблема құқық қолданушылар ғана емес, оқымыстылар тарапынан да назар аударылуын тілейді. Ал бұл қылмыс түріне талдау жасауға арналған арнайы зерттеу жұмысы Қазақстандағы заң ғылымында жүргізілген емес. Осы қоғамдық қауіпті әрекеттің халықаралық аспектілеріне негізделген жалпы теориялық бағыттағы жұмыстар ғана жүзеге асырылды [34].
Қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату қылмысы өз нәтижесін бере бастады. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың белең алуы әлеуметтік моральдың төмендеуіне, тұтастай қылмыстық жағдайдың күрделеніп, өршуіне әкеліп соқтырады. Өкінішке қарай, соңғы жылдардағы тіркелген қылмыстар құрамында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың үлес салмағы аз емес. Оның сандық және сапалық көрсеткіштерін арнайы зерттеу арқылы жасөспірімдер қылмыстылығының туындауына себеп болған факторларды айқындау ісін жанаша жолға қоятын уақыт жеткенін түсінуіміз керек.
Қатыгездікпен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату қылмысы негізінен қолайсыз отбасылардан немесе толық емес отбасылардан шыққан, я ата-анасыз жетім өскен балалар мен жасөспірімдерге зардабын тигізеді деген түсінік қоғамдық санада әлі де үстемдік етуде. Ал өздерінен жасы кішілер мен өз құрбы-құрдастарына ғана емес, тіпті жасы үлкен адамдарға да қатыгездікпен зорлық-зомбылық көрсету қылмысын жасаушылар көбіне ауқатты тұратын немесе ата-анасы лауазымды қызмет атқаратын отбасылардан шығатыны назарға алынбайды. Осындай әлеуметтік топқа жататын отбасылардың балалары тұрмысы нашар отбасылардың балаларына қарағанда атыс-шабысты, зорлық-зомбылықты дәріптейтін компьютерлік ойындарды, көркем фильмдерді көріп тамашалауға мүмкіндігі мол екені анық.
Қазақстанда, кейінгі кезеңде шетелдердегідей комьютерлік клубтардың көптеп ашылуы, түрлі бағыттағы көптеген телеарналдардың жұмыс істей бастауы қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылардың таралуына қолайлы жағдай тудырды. Телекөрсетілімдердегі немесе тәуелсіз басылымдар беттеріндегі жарияланымдардағы қарсыластарын қанды қырғынға ұшыратып, асқан қатыгездікпен қырып жоятын романтикалық образдағы қаһармандар тұлғасы жасөспірімдердің еліктеушілік сезімін оятып, нақты өмірде солардай «ерлік» жасауға итермелейді. Сондай-ақ жағымды бейнеде сипатталатын қылмыстық топтар басшыларының іс-әрекеттері қоғамдық санада орныққан қалыпты мінез-құлық нормасын жасөспірімдердің санасы қабылдауына тежеу жасап, қылмыстық-заңдық тыйымдарды бұзу ерлік деген ойдың туындауына негіз жасайды.
Қазақ халқы бағзы замандардан бері діни сенімдері бойынша ата-бабаларының рухын құрметтеу, олар жерленген қорымдарды қастерлеу сезімін санасына сіңірген халық. Бейіттерді бұзу, мүрделерді қазып алып қорлау, тек қана елді соғысуға шақырған қанқұйлы жаудың ғана істейтін әрекеті ретінде танылды.
Мұндай қорлыққа төзімділік көрсету, ымырашылдық таныту елдіктен айрылып, дұшпанға толық мойынсұну болып саналған. Сондықтан, әлеуметтік тегіне, жас ерекшелігіне, жыныстық белгісіне қарамай, қолына қару ұстауға жарамды барлық адамдар жауға қарсы жан аямай соғысты.
Рас, ежелгі дәуірлерде батырлар майдан даласында, шайқас үстінде өздері өлтірген жауларының басын кесіп алып, қанжығасына байлап жүруді дәстүрге айналдырған. Бірақ, бұл әрекет дұшпанының мәйітін қорлау ниетімен емес, өзінің ерлігін жұртшылыққа жарнамалау және жауына үрей сезімін тудыру ниетімен жасалған. Мұндай жора қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларында баяндалады және батыс елдерінің тарихи суреттерінде көрініс тапқан [35].
Дегенмен, кеңестік кезеңдегі атеииз ілімі және компартиялық идеология арқылы ұлттық санаға интернационалистік көзқарастарды енгізіп, орнықтыру кеңестік жасанды өмір салттарының қалыптасуына негіз салды. Тарих ғылымын саясаттандырудан халықтың тарихи жады көмескі тартты. Осындай отаршыл саясат салдарынан, ата-баба рухын құрметтеу, олар жерленген қорымдарды қастерлеуге байланысты салт-жоралар қолданыстан шыға бастады. Тіпті қазақ халқына еңбегі сіңген нағыз ұлттық қаһармандар, мемлекет қайраткерлері: хандар, билер, батырлар, жыраулар жерленген орындар елеусіз қалдырылып, революционерлер мен компартия қайраткерлерінің бейіттері әсіре құрмет тұтылды.
Мұндай бейіттердің басына саяси мәнге ие мүсіндер, құлпытастар, ескеркіштер, белгілер орнатылып, сәулетті құрылыстар салынды. Сөйтіп, бұл орындар онда жерленгендерге ғана емес, олар тірісінде ұстанған коммунистік отаршыл идеология мен саясатқа құрмет көрсету орындарына айналдырылды.
Керісінше, халық шын ниетімен тәу етіп, медет тілеп келетін әулиелер мен дін қайраткерлерінің кесенелері қасақана бұзылды. Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы әйгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіптің кесенесі компартия саясатының тегеуірінімен тап солайша аяқасты етілді. Ұлы Абайдың шәкірті әрі немере інісі, философ ақын Шәкәрім қажы Құдайбердіұлын өзі туып, өскен Семей өңірінде чекистер атып тастағанымен тынбай, мәйітін жерлеткізбей, құдыққа тастап, қасақана қорлады. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар Қазақстан тарихында сирек ұшыраспайды және бұлар сол кеңестің кезеңнің өзінде, халық тарапынан салт-дәстүрге, моральға, этикаға қайшы келетін оқиға ретінде саналса да, құқық бұзушылыққа жатқызылмады, сондықтан айыптыларға қылмыстық-құқықтық жауапкершілік жүктелмеді.
Қазақстан халқы тәуелсіздікке қол жеткізіп, Қазақстан Республикасының Коституциясын қабылдаған соң, сол Ата Заңының негізінде шынайы ар-ождан еркіндігіне ие болып, ұлттық, діни құндылықтарын қайта жаңғыртуда.
Осы ең жоғары заңдық құжаттың шеңберінде жасалған ҚР Қылмыстық кодексінде қайтыс болғандарды еске алу мен олардың жерленген жерлеріне құрмет тұтушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар арнайы баппен қорғалған және оларға қол сұғушылық 275-бап (Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау) бойынша сараланып, жазаланады.
Павлодар облысында, 2002-2006 жылдары аралығында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 275-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істерге талдау жасау нәтижесінде, олардың арасында ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік сезімінен туындаған қылмыстық іс жоқ екеніне көз жеткіздік. Бұл фактіні Мемлекет басшысының Қазақстанның “өркениеттердің үндесуін” дамытудағы мәдениетаралық және конфессияаралық орталық ретіндегі тұғырын бекемдеуге бағыттаған сарабдал саясатынан туындаған деп нық сеніммен айта аламыз.
Елбасы Н. Ә. Назарбаев бұл орайдағы өз ұстанымын былайша мәлім еткен болатын:
- Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізде тұрып жатқан және Қазақстанның біртұтас халқы болып табылатын барлық ұлттар өкілдерінің ұстамдылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағытталған сара саясатымыз барынша танылып отыр.
Біріншіден, бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үндесудің маңызды халықаралық орталығы ретінде Қазақстанның рөлін жаңа деңгейге көтеру керек. Қажет болған кезде біздің еліміз тайталас туып кетуі ықтимал жағдайларда өзара келісуге боларлық саяси шешім табу жолында халықаралық дәнекер міндеттерін де атқара алар еді.
Екіншіден, өркениеттердің үндесуін кеңейту мен тереңдетуге дәл осылайша мүдделі болып отырған бірқатар мемлекеттермен бірлесіп, біз осы заманғы дүниенің өзекті мәселелері бойынша Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністікті жақындастыруға бағытталған ірі халықаралық бастамалар жасай алар едік деген ойдамын.
Қазіргі кезеңде, қоршаған ортаны аялауға, жануарларға имандылықпен қарауға кепілдік беретін қоғамдық қатынастарды нығайта түсу мәселесінің мән-маңызы өзектілігін жойған емес.
Соңғы жылдары тұрақтылық сипатына ие болып, жиі қайталана бастаған жануарларға қатыгездікпен қарау қылмысының белең алуын өзге құқықтық реттеу шараларымен тоқтатуға ұмтылу тиісті нәтиже бермейтінін естен шығармауымыз қажет.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіндегі қарастырылған бап та, өзге елдердегі осы тектес заңдық шаралар да жануарларға қатыгездікпен қарау проблемасын шеше алмауда. Қазақстан заңнамасында жануарларға имандылықпен қарауды міндеттейтін құқықтық норма жоқ болуы жануарларға қатыгездік жасаудың көптеген оқиғаларының орын алуына, құқықтық шешімі жоқ түрлі тартысты жағдайлардың туындауына әкеп соқтыруда. [36]
Достарыңызбен бөлісу: |