«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі №193-iv кодексі



жүктеу 3,61 Mb.
бет22/23
Дата07.02.2018
өлшемі3,61 Mb.
#8916
түріКодекс
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Заңымен 6-тармақпен толықтырылды

6. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншiлес ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Университетінде» немесе оның медициналық ұйымдарында медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе кәсiптік медициналық қызметтi жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған біліктiлiк санатын куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын санат берілмей-ақ маман сертификатына теңестіріледі.

 

177-бап. Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты



Жоғары білім беру ұйымдарын медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектер мынадай мазмұндағы Қазақстан Республикасы дәрігерінің антын қабылдайды: «Дәрігердің құрметті атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға бар болмысыммен бағыштап, дәрігерлік ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін ғана басшылыққа аламын деп ант етемін. Жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан, мұқтаж болған әрбір адамға бірдей ынта-жігермен және шыдамдылықпен медициналық көмек көрсетуге ант етемін. Дәрігерлік құпияны сақтауға, оны ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімім мен дағдыларымды ұдайы жетілдіруге, өзіме де, өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашан риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер оны пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның игі дәстүрлерін сақтауға және байытуға, мені дәрігерлік өнерге баулыған адамдарға алғыс білдіре отырып, оларды құрметтеуге ант етемін.».

 

 

30-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет



 

178-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтің субъектілері

1. Денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлар даярлауды негізгі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет ретінде жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрі - ғылыми ұйым) болып табылады.

2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдары (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдары және ғылыми қызметпен айналысатын өзге де ұйымдар болып бөлінеді.

3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметімен айналысуы мүмкін.



 

179-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті үйлестіру

1. Іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын қалыптастыруды, денсаулық сақтау саласында ғылыми қолдауды үйлестіруді, медицина ғылымының тұжырымдамасын әзірлеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.

3. Уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың ғылыми-медициналық сараптамасын жүзеге асырады.

 

180-бап. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу,  диагностиканың,емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану

1. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізудің мақсаты олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау және дәлел дерін ғылыми әдістермен алу болып табылады.

2. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер жануарларға жүргізіледі.

3. Адамның (пациенттің немесе ерік білдірген адамның) қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда, оның жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.

4. Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер кәмелетке толған адамдарға зерттеулер жүргізумен қатар мынадай:

1) балаларды емдеуге арналған медициналық технологиялар немесе дәрілік заттар;

2) кәмелетке толмаған адамдарды емдеуге арналған дәрілік заттың ең оңтайлы мөлшерлемесі туралы деректер алу мақсатында жүргізіледі.



Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен клиникалық зерттеулер жүргізу олардың заңды өкілдерінің жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізіледі.

5. Клиникалық зерттеуге қатысуға келісімі алынған жағдайда, кәмелетке толмаған адамның заңды өкіліне, пациентке немесе ерік білдірген адамға:

1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат, клиникалық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;

2) медициналық технологияның, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы, сондай-ақ денсаулық үшін қолдану қатерінің дәрежесі туралы;

3) медициналық технологияны, фармакологиялық немесе дәрілік затты қолданудың денсаулықтың жай-күйіне күтілмеген әсері жағдайындағы іс-әрекеттер туралы;

4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуге тиіс.

6. Клиникалық зерттеулер кез келген сатыда:

1) зерттеулерге қатысушы кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, пациенттің немесе ерік білдірген адамның талап етуі бойынша;

2) кәмелетке толмаған адамның, пациенттің немесе ерік білдірген адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.

7. Зерттеулерге қатысатын пациенттердің және ерік білдірген адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу, сондай-ақ зерттеулер материалдарын этикалық бағалау клиникалық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.

8. Диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері клиникалық зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда қолданылуы мүмкін.

9. Мыналарға:

1) заңды өкілдері жоқ кәмелетке толмаған адамдарға;

2) егер қажетті ақпарат жүкті әйелдерге клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде ғана алынуы мүмкін болса және жүкті әйел мен оның шаранасына зиян келтіру қатері толық жойылған жағдайда жүкті әйелдерге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдерге;

3) әскери қызметшілерге;

4) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдарға және уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында отырған адамдарға;

5) психикасының бұзылуын (ауруын) емдеуге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулерді қоспағанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға, психикасы бұзылған (ауыратын) науқастарға медициналық технологияларға, фармакологиялық және дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.

10. Клиникалық зерттеулер (тиісті клиникалық және ғылыми практика) жүргізу стандарттарын уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар бекітеді.

11. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібін, сондай-ақ диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

12. Фармакологиялық және дәрілік заттарға клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер, сондай-ақ медициналық технологияларға клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат беруді уәкілетті орган жүзеге асырады.

13. Диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдануға рұқсат беруді, жүргізілген клиникалық зерттеулер дәлелдеу медицинасына негізделген және уәкілетті органдар мен өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар бекітетін стандарттардың талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

181-бап. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар

1. Зерттелушілердің және зерттеушілердің құқықтарын қорғауды, қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайын жасауды, сондай-ақ клиникалық зерттеу материалдарына имандылық-этикалық және құқықтық баға беруді жүзеге асыратын тәуелсіз сарапшы органдар Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар болып табылады.

2. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялар қызметінің мақсаты биология мен медицина жетістіктерінің пайдаланылуына байланысты адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау болып табылады.

3. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың міндеттері:

1) зерттеулердің құжаттарына тәуелсіз сараптама жүргізу;

2) зерттеулерді жоспарлау және жүргізу сатыларында адамның қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын тәуелсіз бағалау;

3) клиникалық зерттеу бағдарламасының тиісті клиникалық және ғылыми практика стандарттарына, сондай-ақ зерттеушілердің біліктілігіне және осы зерттеуді жүргізетін денсаулық сақтау ұйымының техникалық жарақталуына сәйкестігін бағалау;

4) клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде халықаралық және ұлттық этикалық нормалардың сақталуын бағалау;

5) биологиялық және медициналық этика мәселелері бойынша құжаттар әзірлеуге қатысу болып табылады.

4. Этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың құрамына денсаулық сақтау, ғылым, өнер, құқық саласындағы мамандар, діни конфессиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіре алады.

5. Қазақстан Республикасында Этика мәселелері жөніндегі орталық және жергілікті комиссиялар жұмыс істейді.

6. Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссия халықаралық және республикалық деңгейде жүргізілетін зерттеулерді тәуелсіз бағалау үшін уәкілетті органның жанынан құрылады.

Этика мәселелері жөніндегі орталық комиссияның құрамы мен ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.

7. Этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссиялар денсаулық сақтау ұйымдарының базасында жүргізілетін зерттеулерді тәуелсіз бағалау үшін осы ұйымдардың жанынан құрылады.



Этика мәселелері жөніндегі жергілікті комиссияның құрамы мен ол туралы ереже оның жанынан осы комиссия құрылатын денсаулық сақтау ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.

 

 

9-Бөлім. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі, оларды әлеуметтік қорғау



 

31-тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері,

еңбек қатынастары,ар-намыс кодексі

 

182-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері

1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің:

1) кәсіптік қызметін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуге;

2) жеке медициналық практика мен фармацевтикалық қызмет жүргізуге;

3) бес жылда кемінде бір рет бюджет қаражаты есебінен немесе мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторы ұйымдарының қызметкерлері болса, жұмыс берушінің есебінен біліктілік деңгейін арттыруға;

4) штат санының қысқаруына немесе мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының таратылуына байланысты қызметкер босап қалған жағдайда, бюджет қаражаты немесе жұмыс берушінің есебінен қайта даярлаудан өтуге;

5) еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруына байланысты өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;

6) азаматтың өміріне қауіп төнген жағдайларда ұйымдарға немесе азаматтарға тиесілі байланыс құралдарын, сондай-ақ қолда бар көліктің кез келген түрін оны таяу жердегі медициналық ұйымға жеткізу үшін кедергісіз және тегін пайдалануға;

7) қызметтік тұрғын үй берілуге;

8) жүріп-тұру сипатындағы қызметіне байланысты көлік шығыстарын өтетуге;

9) кәсіптік міндеттерін жоғары сапалы деңгейде орындағаны үшін көтермеленуге;

10) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға;

11) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы көзқарас болмаған кезде, азаматтың денсаулығына келтірілген зиян үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға құқығы бар.

2. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау бюджет қаражаты, жұмыс берушінің қаражаты, өз қаражаты есебінен, сондай-ақ тыйым салынбаған басқа көздер есебінен жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала үлгісіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары ұсынылады:

1) жергілікті өкілді органдар айқындайтын мөлшерде лауазымдық айлықақыға қосымша ақы;

2) коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен өтеу;

3) жеке меншігінде малы барлар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімі бойынша жемшөппен, мал жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен қамтамасыз етіледі;

4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңілдіктерден басқа, денсаулық сақтау қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдар жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қосымша жеңілдіктер белгілеуі мүмкін.

4. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары ұсынылады.

5. Қызметтік және кәсіптік міндеттерін атқару кезінде АИТВ жұқтырылған материалмен жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің АИТВ жұқтыруы кәсіптік ауруға жатады.

Осы адамдарға кәсіптік ауруына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

Қызметтік міндеттерін атқаруы ЖИТС кәсіптік ауруына әкеп соқтыруы мүмкін медицина қызметкерлері мен басқа да қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатады.

АИТВ/ЖИТС-пен байланысты профилактикалық, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысымен тікелей айналысатын медицина қызметкерлерінің, қызметшілердің және техникалық қызметкерлердің алты сағаттық қысқартылған жұмыс күніне, ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн қосымша ақы төленетін демалысқа, белгіленген жалақының алпыс проценті мөлшерінде кәсіптік зияндылығы үшін қосымша еңбекақыға құқығы бар.

6. Медицина және фармацевтика қызметкерлері:

1) өздерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындауға, пациенттерге құрметпен және ізгілікпен қарауға, медициналық этика және деонтология принциптерін басшылыққа алуға;

2) аурулардың профилактикасына және азаматтардың денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге, медициналық көмек көрсетуге;

3) шұғыл жағдайларда халыққа кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге;

4) халық арасында медициналық білімді және салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмысты жүргізуге;

5) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін сақтауға, дәрігерлік құпияны сақтауға, азаматтардың аурулары, ішкі және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;

6) өзінің кәсіптік деңгейін үздіксіз дамытуға және арттыруға;

7) қажет болған жағдайларда консультация алу үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға міндетті.

7. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ азаматтардың тарапынан медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынады.

2011.11.10. № 484-IV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды

8. Кәсіптік міндеттерін орындау кезінде медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің өз діни нанымдары бойынша қандай да бір іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасауына, сол сияқты олардың жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғуы мүмкін діни жоралар мен рәсімдерді өткізуіне (жасауына) жол берілмейді

 

183-бап. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары



1. Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

2. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

3. Ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың, оның ішінде білім беру мен ғылыми ұйымдар басшыларын және олардың орынбасарларын қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

184-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі

1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі (бұдан әрі - Ар-намыс кодексі) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің азаматтар мен тұтастай қоғам алдындағы өз қызметі үшін моральдық жауапкершілігін айқындайды.

2. Медицина және фармацевтика қызметкерлері өз қызметінде:

1) осы Кодексті және Ар-намыс кодексін басшылыққа алуға;

2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге;

3) тек қана пациенттің мүдделерінде шешім қабылдауға;

4) Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерінің жоғары атағына кір келтіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;

5) өзінің қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы атқаруға;

6) өзінің кәсіптік білімін үздіксіз жетілдіруге;

7) өзінің жеке пайдасын басшылыққа алып, профилактика мен емдеудің әдістері мен құралдарын жарнамалауға және пайдалануға жол бермеуге;

8) еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауға;

9) денсаулық сақтау ұйымдарының мүлкіне ұқыпты қарауға және оны тиімді пайдалануға;

10) сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға;

11) қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және жеке басының өзге де мақсаттарында пайдалануға жол бермеуге;

12) жеке басының үлгісімен ұжымда тұрақты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай жасауға ықпал етуге;

13) басқа да медицина және фармацевтика қызметкерлері тарапынан Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеуге және олардың жолын кесуге;

14) өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде белгіленген киім нысанын сақтауға тиіс.

3. Пациенттермен қарым-қатынаста медицина және фармацевтика қызметкерлері:

1) жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайларына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;

2) мұқтаж болған әрбір адамға медициналық көмек көрсетуге;

3) адам өмірін сақтау өзінің борышы екенін әрдайым есте ұстауға;

4) азаматтардың мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға жәрдемдесуге;

5) пациенттерге қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеуге, өз әріптестері тарапынан осындай іс-әрекеттердің жолын кесу жөнінде күш-жігер жұмсауға;

6) өз іс-әрекетімен қоғам тарапынан негізделген сын айтылуына жол бермеуге, сынға сабырлылықпен қарауға, сындарлы сынды өзінің кәсіптік қызметіндегі кемшіліктерді жою және оны жақсарту үшін пайдалануға тиіс.

4. Өз әріптестерімен қарым-қатынаста медицина және фармацевтика қызметкерлері:

1) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, сыпайылық пен биязылық танытуға;

2) пациенттің мүддесі талап етсе, риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және әріптестерінен кеңес сұрауға;

3) басқа медицина және фармацевтика қызметкерінің кәсіптік біліктілігіне көпшілік алдында күмән келтірмеуге;

4) қазақстандық медицинаның дәстүрлерін және жетістіктерін байытуға тиіс.

5. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін сақтауы олардың кәсіптік борышы болып табылады.

6. Денсаулық сақтау ұйымының ұжымы оның басшысының шешімі бойынша медицина және фармацевтика қызметкерінің Ар-намыс кодексінің ережелерін сақтамау фактісін қарап, қараудың нәтижесі бойынша қоғамдық мін таға алады.



7. Денсаулық сақтау ұйымының басшылары Ар-намыс кодексі мәтінінің көрнекі үгіт орындарында орналастырылуын қамтамасыз етеді.

 

 


жүктеу 3,61 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау