Физика бағдарламасындағы есептерді шешу кезіндегі қолданылатын әдістер
Қиындығы жоғары есептерді шешу әдісі
Мектептегі физика курсын оқып үйренуде физикалық құбылыстар мен заңдарды түсініп қана қоймай, оларды іс жүзінде қолдана отырып, есеп шығара білу керек. Осындай есептердің бірі – қиындығы жоғары есептер. Мұндай есептер бірнеше формуланы, кейде бір тараудағы формулаларды немесе бірнеше бөлімнің формулаларын қолданып шығаратын есептер мен белгілі бір дағдыны керек ететін эксперименттік есептерді айтады. Мұндай есептерді толық тарауды немесе бөлімді қайталаған кезде, оқушылардың білімін нақтылап тереңдету үшін шығарған дұрыс. Енді бір есептер шығармашылық мақсатта беріледі. Сондықтан мұндай есептер шығармашылық есептер немесе оқушылардың қабілетін шыңдайтын есептер деп аталады. Шығармашылық есептердің өзі іздену (яғни, неге деген сұраққа жауап іздейтін) есептер, конструкторлық (яғни қалай жасау керек) есептер болып бөлінеді. Шығармашылық есептер, есептер жинағында жұздызша арқылы ерекшеленіп тұрады. Оларды сыныптағы физика пәнін жақсы оқитын оқушымен жұмыс істеген кезде пайдалануға болады.
Сапалық есептерді шешу әдісі
Оқушыларды өздігінен және шығармашылық оқуға үйрету үшін, оларды арнайы ұйымдастырылған қызметке тарту керектігін педагогика, психология саласындағы зерттеулер және тәжірибелер көрсетіп отыр. Оқушыларда оқу қызметінің мүддесі мен мақсатын, оларды іске асыру әдістерін қалыптастыру үшін, ең алдымен оларды қызықтыру керек. Физика сабағында сапалық есептерді пайдалану осы қызметті орындауға мүмкіндік береді. Қарапайым сапалық есептер – ойды, зейінді қызықтырып әкететін тартымды есептер. Әсіресе 7-8 сыныптарда физиканы бастағанда сапалық есептерді көбірек шығартса, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтары артады. Сапалық есептер оқушыларды әртүрлі ой әрекетіне: салыстыруға, жалпылауға, талдауға, синтездеуге үйретеді. Сапалық есептер оқушылардың есте сақтауын қалыптастырады, танымдық мүмкіншіліктерін кеңейтеді, физикалық білім деңгейінің жоғарлауына, мектеп курсын саналы қабылдауына жетелейді.Сапалық есеп оқушылардың физика заңдарын, құбылыстарды, постулаттарды тез естеріне түсіріп, білу дағдыларын, тапқырлықты, шығармашылықты, мұқияттылықты, кеңістікте елестету қабілеттерін дамытады, оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуге кең мүмкіншілік береді. Сапалық есептердің білімді тексеретін ( мысалы, ампер деген не? Ом заңы қалай тұжырымдалады?) сұрақтардан айырмашылығы бар. Бұл сұрақтардың мақсаты - оқушылардың білімдерін тексергенде сұраққа оқулықта бар дайын жауаптармен жауап беріледі, оқушылар оларды тек еске түсіру керек. Сапалық есепте сұраққа жауап беру үшін оқушы физикадан алған білімдерін және есептің мазмұнын талдай отырып жауап береді. Сапалық есептерді шығару кезінде есептерулердің болмауы оқкшылардың назарын физикалық мәніне аударуға мүмкіндік береді. Қойылған сұрақтарға жауаптарды негіздеу қажеттігі оқушыларды пайымдауға, физикалық заңдардың мәнін тереңірек ұғынуға үйретеді.
Достарыңызбен бөлісу: |